Дістемелік кешені


-дәріс. Торайғыров шығармаларының текстологиясы. 1- сағат



бет11/28
Дата22.12.2021
өлшемі0,62 Mb.
#606
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28
10-дәріс. Торайғыров шығармаларының текстологиясы. 1- сағат

«Б.Кенжебаев – С.Торайғыров шығармаларының текстологы» деп аталатын бірінші тарауда ғалым Б.Кенжебаевтың ақын әдеби мұрасын текстологиялық зерттеулер жүргізу арқылы тануы, яғни оның мәтінтанушылық қырлары талданды.


Б.Кенжебаев ақын өлеңдерінің түрлі қолжазбаларда сақталған нұсқаларын, ақынның замандастары, тұрғыластары, ағайын-туысының жатқа білетін, көпшілікке беймәлім, белгілі бір ортаға, белгілі бір адамға арналған арнау өлең сияқты нұсқаларын жинаудан бастады. Зерттеу ісіне қажетті дерек көздерді іздестірді. Бұл істі, яғни дереккөздерді жинастыру мен текстологиялық зерттеулер ісін бірлікте атқарды. Бұл бірінсіз-бірі іске аспайтын күрделі процесс. Әрбір өлең ақынның өзіне тән, бұрынғы, басы ашық өлеңдерімен салыстыру үстінде анықталды: «...жалпы сарыны – идеясы мен көркемдігі жағынан, жеке сөз, атаулары, сөз ұйқастары, сөйлем құрылыстары, стиль жағынан да салыстырылып анықталды»

Б.Кенжебаев С.Торайғыров шығармаларының мәтінін зерттеушілердің ішіндегі белсендісі деуге болады. Бұл позициясы С.Торайғыровтың жаңа өлеңдерін шығармашылығына енгізу ісінде көп байқалады. Ол бұл істе көп таласқа да түскен. Өткен ғасырдың 55-ші жылдары көп қолға алынып, біраз мақала, зерттеулер жүргізілді. Т.Әбдірахмановтың «Сұлтанмахмұт шығармаларының текстологиясы жөнінде» М.Сәрсекеевтің «Сөз текстологиясы жайында» атты мақалаларында жазылған жайттарға пікір таластыруы ретінде жазылған Б.Кенжебаевтың «Сұлтанмахмұттың жаңа өлеңдері жөнінде» деген мақаласы жарық көрді.


Әрбір ақынның тұтас шығармашылығына ортақ идеялық бірлік, тақырып ерекшелігі, ақынның творчествосындағы мінез бірлігі, ақынның өзіне ғана тән тіл ерекшелігі болатынын ескерсек, Б.Кенжебаевтың текстологиялық зерттеу әдістерін дұрыс бағалауымыз керек. Бастысы, теориялық еңбектерде айтылатын «...әрбір жазушының бүкіл творчествосының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің (идея – тақырып – мінез - тіл) тек сол жазушыға ғана тән ерекшелік екенін аңғарамыз» деп анықталатын творчестволық ерекшеліктің, яғни ақынның өзіндік стилі арқылы тану әдісін қолданған.

Б.Кенжебаев текстологиялық зерттеулер жүргізгенде, ең алдымен, көшірме қолжазбаларды тірек-негіз етіп пайдаланды. Біріншіден, С.Торайғыровтың өз қолымен жазылған түпнұсқа жоқ, бар болса да табылмаған немесе сақталмаған. Екіншіден, табылған, қолда бар қолжазбалардың өзі көшірме қолжазба, әрі әркімнің өз естігенін, есте сақтағанын қағаз бетіне түсірген қолжазбалар болды. Мұндай көшірме қолжазбалар түрлі сұрыптау, елеп-екшеулерді, жіті қадағалауларды қажет етті. Бұл істе Б.Кенжебаев осы себептерді нысанаға ала отырып зерттеушілік әрекет жасады.

Текстологиялық зерттеу жүргізу ісіне Б.Кенжебаевпен бірге ғалымдар Ы.Дүйсенбаев, М.Жармұхамедов, Б.Ақмұқанова, Т.Әбдірахманов, М.Сәрсекеевтердің атсалысқаны әрі қыруар істер атқарғаны белгілі.

Қорыта келгенде, ғалым Б.Кенжебаев текстологиялық зерттеулер жүргізу барысында ақын шығармаларында қолданылған сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарын ақынның жүріп өткен жолдары мен қолына түсуі мүмкін өзге ақын-жазушылардың, соның ішінде орыс қаламгерлерінің еңбектеріндегі ойлар өзегімен салыстыру арқылы көптеген жаңаша текстологиялық әдістерге иек артып отырғандығы көрінеді. Автордың алғашқы айтпақ болып отырған ойы мен оның берілу тәсілін жіті қадағалай бағамдаған. Канондық мәтін жасауға мүмкіндік беретін тәсілдерді толық пайдаланған. Сөздер мен сөз тіркестерінің қолданылу мақсатына түсінік беріп отырған. Кең, ауқымды істің бір арнаға тоғысып, ғылыми тұрғыда бірізге түскен ақын шығармашылығының мәтінін жасаған.






  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет