Жаттығу жұмыстары
1-жаттығу. Тіл өнеріне қатысты төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап алыңыз және бір-екі мақалдың мәнін мысалдармен дәлелдеп көріңіз.
Өнер алды – қызыл тіл.
Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
Басқа пәле – тілден.
Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.
Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.
Жақсы сөз – жарым ырыс.
Тіл – қылыштан да өткір.
Тіл тәуелсіз болмай,
Ел тәуелсіз болмайды.
Сөз қадірін білмеген,
Өз қадірін білмейді.
Жүйелі сөз жүйесін табар,
Жүйесіз сөз иесін табар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар.
2-жаттығу. Төменде берілген фразеологиялық тіркестердің антонимдік жұптарын табыңыз.
Бағы тайды, есіне түсті, су жүрек, тас бауыр, ант ішті, ит өлген жер, күдер үзбеу, бауырына тарту, тілі байланды, қабырғасы қайысу, тіс жармау, шөп басын сындырмау, көз ілмеді.
3-жаттығу. Текстен тұрақты тіркестерді тауып, олардың еркін сөз тіркестеріне ұқсас жақтары мен айырмашылықтарын түсіндіріңіздер.
- Балам, ағалық билікті саған бердім, - дейді.
Бала Төле жұлып алғандай:
- «Сары табақтан сарқыт қайтады» деген. Билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын Үйсін, сол жағын Арғын жайласын, - деп билік айтады.
Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді.
Сонда төрдегі би:
Үй баласы ма деп едім,
Ел баласы екенсің.
Ай маңдайлы арысым,
Талабың алдан өтелсін.
Ауылыңның таңы бол,
Мандайдағы бағы бол!-
деп, бала Төлеге бата берген екен.
Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал, келіссөзге араласып, билік айта бастапты.
Достарыңызбен бөлісу: |