Дістемелік кешені



бет13/30
Дата06.02.2022
өлшемі312,5 Kb.
#54322
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   30
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Д.Баялиева Қазіргі қазақ баспасөзінің тілі мен стилі. Қарағанды, 2000
Семинар сұрақтары:
1. Қазіргі ақпарат құралдарындағы метафораның орны мен рөлі
2. Электронды БАҚ-ның тілдік ерекшеліктері


9-Дәріс. Журналистика мен публицистиканың өзгешеліктері
Әр түрлі ғылым салаларының өзіне тән негізгі ұғымдары болады. Мәселен, әдебиет теориясында – «образ», экономикалық теорияда – «тауар», психологияда – «жан», зоологияда – «жануар», ботаникада – «өсімдік», астрономияда – «жұлдыз», т. б. негізгі ұғымдардың алатын орны орасан зор. Журналистика теориясындағы сондай негізгі ұғым «бұқаралық ақпарат ұғымы». «Informatio» - латын сөзі, қазақша мағынасы – «мағлұмат беру; мазмұндау, хабарлау» болып келеді.
Шын мәнінде журналистиканың әлеуметтік қызметтің ерекше саласы ретіндегі мәні бұқаралық ақпаратты жинақтауымен, өңдеуімен, дайындауымен және таратуымен айқындалады. Журналистиканың негізгі күші – оның ақпаратты иемденетіндігінде. Ақпарат журналистика мен аудитория арасындағы дәнекерлік рөлді де атқарады. Сондай-ақ журналистика жүйесінің алдындағы сан-салалы міндеттер шешуге қолданылатын қуатты құрал да – осы ақпарат. Ал, оның қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызы өз алдына бөлек әңгіме. Радио мен теледидардың, газет-журналдардың тарататын ақпарат, мағлұматтары бұқараға, қалың көпшілікке арналады. Журналистиканың «БАҚ» деп аталуының себебі де содан шығады. БА журналистер мен оқырманды, көрерменді, тыңдаушыны байланыстыратын алтын көпір іспеттес.
Ақпаратқа деген қажеттілік адамзатпен бірге туып, бірге жасасып келеді. Қоғамдық дамудың әр түрлі сатысында хабар таратудың әдісі мен тәсілдері, құралы әртүрлі болады. Алаңға кемесі биік мінбеге шығып, халықтың алдында патшаның әмірін оқыған жаршылар, көрші мемлекеттерге көш түзеген елшілер мен жорық жайлы, қорғаныс, біріккен шабуыл жоспарының мән-жайын жеткізген жаушылар, жартастарға қашалып жазылған жазулар, үңгірлер қабырғасындағы суреттер мен белгілер, қазақ ішіндегі «ұзынқұлақ», т.б. бәрі-бәрі ақпаратты жаһанға жария етудің қарапайым жолдары, өмірдің өзі тудырған көріністері еді. Көне түркілерден қалған, «Қашық жердің хабарын керуен келтірер» деген мәтелдің өзегінде де ақпарат таратудың қарабайыр түрі көрініс береді.
Уақыт өте келе, қоғам өмірінде тың өзгерістер бола бастады. Ақпарат таратудың жаңа түрлері дүние есігін қақты. Адамзат өркениеті түрлі техникалық жетістіктер жемісін пайдалана отырып, хабар жеткізудің озық тәсілдеріне қол жеткізді. Дамыған, алдыңғы елдердің тәжірибесіне енген жаңалықтар ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ сахарасына жетті.
Қазақ журналистикасының қалыптасып, дамуына іс жүзінде де, сөз жүйесімен де үлкен үлес қосқан тұлға Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы шыққан алғашқы нөмірінде: «Әуелі газета – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт, басқа жұрттың қасында көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру, есту жоқ, өз пікірін айту жоқ» /1, - деп ашына жазыпты. Сондағы Ахаң айиқан ой – ақпаратты иемденген жұртшылық қана білімді, парасатты, көзі ашық, білікті бола алмақ.
Кезінде қоғамдық қызметі теріс бағаланған, елі үшін еркіндікті аңсаған, ұлтжанды ойшыл қаламгер Ғұмар Қараш болса, ақпараттың бұқараға қажеттігін былайша түсіндіреді: «Мәдениеті, салты озық елдерге ақыл иесі адамдардың бір ауыз сөзі газет арқылы екі-үш күнде елінің басынан аяғына оқылып, тыңдалып қалады. Пайдалы істі ынтымақпен істей қойысады. Залалды істің зардабын күн ілгері біліп, сақтанысады. Бізде олай емес, елдің бір шетінде бүліншілік болып, жау орнап жатса, екінші шетінің одан хабары жоқ, ойын-күлкімен болады. Қайғыны, шаттықты бірге көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ, ынтымақ болмаған соң күш-қуат жоқ.» Мұның өзі қазақ зиялыларының халық ішіне ақпаратты жедел, дер кезінде жеткізудің маңыздылығына мән бергендігінің өзінде публицистикаға деген зор қажеттілік көрініс тапқан.
Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы Заңындағы» «Жалпы ережелер деп аталатын 1-тарауда біз сөз етіп отырған мәселе жайлы мынадай түсінік бар: «Бұқаралық ақпарат – тұлғалардың шектеусіз аумағына арналған баспа, аудиовизуальды және басқадай хабарламалар мен материалдар». /3. Яғни, «БА» ұғымын журналистік қызметтің негізгі жемісі деп қарауға болады.
«Бұқаралық ақпарат» ұғымының мағынасын былайша таратып айтқанымыз жөн:
1.Ақпарат бұқараға бағытталады. (яғни қоғамға, халыққа, аймаққа, кәсіп иелеріне, т.б.)
2.Ақпарат қоғамдық өмірдің әр түрлі саласындағы көпшілікке қажетті олардың ойларындағы көкейкесті мәселелерге сәйкес келетін ақпарат болуы керек.
3.Жалпыадамзаттық биік мұраттарға ұмтылдыратын мәселелер бойынша жұртшылықтың біртұтас көзқарасын қалыптастыру қажет.
4.Бұқаралық ақпаратқа қол жеткізуіне тиімді жағдай жасалуы (яғни тегін немесе аз ғана төлемақыға ақпарат тарату, жаңалықтарды жеткізудің қарапайым түрлерін пайдалану).
5.Аудиторияның бір мезгілде ақпарат алуын қамтамасыз ету мүмкіндігі. Яғни ақпаратты үздіксіз, тұрақты және мерзімді түрде жеткізу. Теледидар мен радиода тұрақты уақытта хабарлар беріп отыру, ал газетте айдарлар мен циклдардың, беттердің реттілігін қадағалау.
6.Бұқаралық ақпарат құралдарына барлық қатысқысы келген азаматтарға ашық мүмкіндік беру.
Журналистік ақпарат – адамзат қалыптастырған жалпы ақпараттың құрамдас бір бөлігі болып саналады. Журналистикадағы ақпарат ұғымының басты екі мағынасы бар. Ақпараттың кең мағынасы – журналистика аудиторияға жеткізетін барлық мәліметтердің жиынтығы. Яғни көпшіліктің дүниетаным шеңберін ұлғайтатын хабарлар мен жарияланымдардың бәрі де журналистік ақпарат болып табылады. Мақалалар мен очерктер, телефильмдер мен сазды хабарлар, радиоспектакльдер мен бейнеклиптер, жарнамалар мен телекөпірлер, баспасөз конференциялары мен боифингтер, сөз жұмбақтар мен хабарландырулар т.б. БАҚ жүйесінде қолданылатын материалдардың кең спектрі түгел қамтылады.
Журналистикадағы ақпарат тар мағынасында үш түрлі ұғымды білдіреді:
а) бұл – ішкі және сыртқы, халықаралық жаңалықтардың жиынтығы;
ә) публицистиканың ақпараттық жанрлары: заметка, есеп, репортаж, сұхбат;
б) ең шағын жанр заметканы кейде хабар, ақпар деп атаймыз.
Жалпы журналистикадағы ақпаратты мән-маңызына қарай бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады.
Олар:
а) оқиғалы ақпарат
ә) көркем ақпарат
б) публицистикалық ақпарат
в) анықтамалық ақпарат
г) жарнамалық ақпарат
ғ) көңіл көтеретін ақпарат
д) түсініктемелі ақпарат
е) түсініктемесіз ақпарат
Журналистиканың ақпараттық қызметі «Журналист – Текст – Аудитория» тізбегімен айқындалады. Журналист өмірдегі көрініс, құбылыс, оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып, материал жазады. Сол материал қағаз бетіне түсіп немесе эфир арқылы аудиторияға жетеді. Аудитория – тыңдаушы, көрермен, оқырман. Бұл қарапайым формула (Ж-Т-А) ақпарат теориясындағы тіке байланыс және кері байланыс ұғымдарынан туындап отыр. Оны кез келген газет, радио, теледидар тәжірибесінен мысалға келтіріп көрсетуге болады.
1948 жылы Шеннон Ақпараттық материалдық теориясын жасады. Оны Виннер басқару теориясымен ұштастырған. Кейбір теоретиктердің айтуынша: «Ақпарат дегеніміз хабардың ғана сипаты емес, хабар мен оны тұтынушының арасындағы қарым-қатынас сипаты. Өйткені тұтынушыға жеткен соң ғана хабар ақпаратты бөліп шығарады». Шындығында да текстің өзі тауар дейтін болсақ, журналист ақыл-ойының жемісі тұтынушыға жеткенде ғана оның ақпараттық сипаты айқындалады. Журналистикадағы бұқаралық-ақпараттық процесс негізгі үш сатыдан тұрады:
1. Болмыстың бейнеленуі, өмірдегі оқиға, құбылыстың кескінделуі.
2. Шығарма тексінің жазылуы.
3. Аудиторияның тексті меңгеруі.
Осыдан келіп шығатын журналистік текстің үш қырын сипаттауға болады:
1.Текстің семантикасы «семантика – грек сөзі semantiros – «маңызды», «көрсететін» деген мағынаны білдіреді.) Бұл оның болмыспен қарым-қатынасының сипатын білдіреді.
2.Текстің синтактикасы. (синтактика – грек сөзі «sintartiros» - «құрылған» деген ұғымды білдіреді.)Бұл текстің ішкі құрылымының сипаты.
3.Текстің прагматикасы. (прагматика – грек сөзі «pragma» - «пайда, іс» деген ұғымды білдіреді.) Бұл текстің аудиториямен қатынасының сипаты. Әрбір журналист тексті дайындағанда мынадай шарттарды ескергені абзал:
а) Ақпаратта хабарланатын жайттар тың да, тосын болуы қажет.
ә) Хабардың аудиторияға түсініктілігі, көпшілікке жетімді болуы.
б) Ақпараттың құндылығы, маңыздылығы ескерілуі керек.
Бұқаралық ақпарат құралдары болмысты неғұрлым тұтас күйінде көрсетуге және дәл, әр қырынан бейнелеуге тырысады. Сондықтан да журналист шығармаларындағы ақпарат та мән-маңызына, қамтылған тақырыбына қарай төрт топқа бөлінеді.
Бірінші – дескрипті (descriptio – латын сөзі «баяндау, бейнелеу») баяндаушы ақпарат. Мұнда негізінен нақты деректерге сүйене отырып баяндау тәсілі қолданылады.
Екінші – прескриптивті ( preskriptio – латын сөзі «алдын-ала көре білу») көзқарастық ақпарат. Мұнда белгілі бір жайт туралы журналист көзқарасы, болжамы қоса беріледі.
Үшінші – валюативті (лат. Valeo. Итальян. Valuta – «баға, құн») бағалаушы ақпарат. Мұнда тексте журналистің белгілі бір жайтқа берген бағасы байқалады немесе деректерді беру әдісінен-ақ бағалаушылық білдіріледі.
Төртінші – нормативті (лат. Norma) іскерлік ақпарат. Яғни тексте «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап беріледі.
Жалған ақпарат таратушылық та кейбір газет-журнал беттерінде, радио, телехабарларда кездеседі. Оны «дезинформация» деп те атап жүр. Дезинформация – информация жоқ деген сөз емес, дезинформация, жалған ақпар тарату-ақпараттың ерекше бір түрі болып табылады. Мұндай жалған ақпар тарату-аудиторияны шатастыруды, өмірде болмаған жайттарды, бурмаланған мақсаттар мен құндылықтарды көрсетуге бастайды.
Қазақстан Республикасының «БАҚ Заңның» 26-бабында көрсетілгендей мәліметтерді таратқаны (дезинформация) үшін еліміздің заң актілерінен жауапқа тартылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет