Джаркынбаева Меруерт Бейсенбекқызы Семей қаласы «№4 жоббм» кмм



Дата05.11.2016
өлшемі73,14 Kb.
#799
Джаркынбаева Меруерт Бейсенбекқызы

Семей қаласы «№ 4 ЖОББМ» КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қайым Мұхаметханов - абайтанушы ғалым

«Абайды таныту арқылы әлемге қазақ елін танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс» - деген Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Олай болса, Абайды тану – елді тану, халықты тану болып табылады.

Абай шығармаларының тереңіне үңіліп, зерделей зерттеген ұлт мақтаныштарының бірі – Қайым Мұхаметханұлы.

Өмірдің әрбір беті – тарих, ал өткенге көз жіберіп, тарихымызды сараласақ, жарқырап өткен жасындар аз емес. Солардың бірі белгілі абайтану мектебінің негізгі қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насиаттаушылардың бірі,әрі жарыққа шығарушы,мұхтартанушы,ақын,жазушы-драматург, аудармашы, қазақ әдебиеті тарихы мен теориясының терең білетін ғалым, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылықтарының білгір маманы, бір сөзбен айтсақ, нағыз энциклопедист ғалым – Қайым Мұхаметханұлы.

Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда қазіргі Жаңасемейде, бұрынғы «Заречная слободка» аталған жерде дүниеге келді. Кейін Жаңасемейдің бұл бөлігі Алаш қаласы аталғаны белгілі. Қайым Мұхамедханов бала кезінен қа­зақтың біртуар азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Оған себепкер болған ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Мұхамедхан Сейітқұлұлы өз шаңырағына Алаш көсемдерінің басын жиі қосып, олардың ат басын тірейтін үлкен үйлері ретінде, кеңес құратын ордалары ретінде белгілі болған. Осындай үлкен бас­қосулар танымал ақындар мен әншілердің де өз өнерлерін сынайтын, танылатын жері болған. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің мол мұралары күні-түні жырланып, әні шырқалып жатқан қа­сиетті ортадан жас Қайымның алар тәлім-тәрбиесі де мол болды. Мұхамедхан Сейітқұлұлы­ның шаңырағында Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Бай­тұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтан­мах­мұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов жиі келіп, оты­рыс­тың мәнділігін арттыратын. Қайым Мұ­ха­мед­хановтың өмір жолындағы ұлтжандылық, нағыз ұлтшылдық бағыттың қалыптасуына осындай мағыналы басқосулардың да себебі болғандығын ғалым естеліктерінен білеміз. Қайым Мұха­мед­ханов 1924-1928 жылдары Жаңасемей қала­сындағы бастауыш қазақ мектебінде оқиды. 1929-1932 жылдарда Семей қаласы колхоз жастары мектебінде білімін жалғастырады. 1936-1937 жылдары мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. Ал 1938-1941 жылдары Семей педагогикалық институтында оқиды. Ғалымның еңбек жолы да педагогикалық оқу орнымен тығыз байланыста дамыды.


Қайым Мұхаметханұлы үшін Абай шығармаларын жинау, оларды бастырудағы мәтін өзгешеліктерін зерттеу мен анықтаудың мәні үлкен болды. Ақынның 1909 жылы басылып шыққан алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, 1921 жылы, 1922 жылы, 1933 жылы, 1948 – 1954 жылдардағы жарияланған өлеңдер тым асығыс, тым үстірт жасалғандықтан берілген түсініктерде қайшылық, қателіктер көп кездеседі. Ақын шығармаларының жазылу тарихы, қате басылып жүрген жеке сөздерді түпнұсқасына келтіру жұмысы Қайым Мұхаметханов үшін аса жауапты жылдарға созылды. 1909 жылы жарық көрген Абай жинағынан бастау алған Абай өлеңдерінің мың сексен алты сөзіне түзету енгізілді.

Қайымның алғашқы жұмысы Көкбайдың он шақты өлеңін, «Сабалақ» атты Абылайхан туралы дастанының, Әріптің өлеңдерін жинаудан басталады. Шынайы мейірлі қалпымен Абайтану ғылымын зерттеуге бет түзеген зерттеуші ғалым Әуезов аманатын ақтады. Ұлы жазушы тапсырған бұл міндетті барлық ынта жігерін сала отырып, нағыз ғалым ретінде атқара білді.

Алайда, Абайтану саласының осы бір өзекті жағы қызыл империяның жалынына шарпыла берді. Сол кездегі советтендірілген орта Абайдың өзін тануға құлқысыз болады. Абайдың әдебиет мектебін оның ақындық мектебін тұншықтыруға бағыт алды. Қандай да бір қарсылыққа қарамастан қара нардай қайыспас тұлға Қайым Мұхаметханов 1939 жылы «Абайдың ақындық мектебі» деген еңбегін жариялады. Дәл осы аталған тақырыпта Әуезовтың жетекшелігімен 1951 жылы кандидаттық диссертация қорғады.

Ғалым Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ», «Қансонарда», «Сап-сап көңі­лім», т. б. көптеген өлеңдерінің текстологиясымен қатар кімге арналғаны, қайда шыққанының тарихын да нақтылы, тың тұжырымдар арқылы дәлелдейді.

« Егер Абай ақындар арасында алғашқы болса,Қайым Мұхамедханов абайтанушылар арасында алғашқы ғалым»,-деп Алла Белякина айтқандай Қайым Мұхамедхановты жай ғана абайтанушы дегеннен гөрі абайтану ілімінің іргесін қалаған ғұламалардың бірі деген орынды.Қайым Мұхамедханұлы М.О.Әуезовтың қолдауымен 1939 жылдан бастап бүкіл ғұмырын Абай мұрасын ,Абай мектебін,Абай шығармаларының текстологиясын зерттеуге арнаған ғалым.Оны келесі еңбектерден көруге болады: Қазақ әдебиеті тарихындағы абайтану ғылымының келесі мәселесі, Абайдың әдеби мектебі,Абайдың ұлы Ақылбайдың « Дағыстан », « Зұлыс»: Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік – Кебек», Әубәкір мен Әріптің шығармашылық өміріне арналған шығармалары,Абай ақын шығармаларының текстологиясы,Абай шығармаларына ғылыми түсініктер,Абайдың жаңадан табылған өлеңдері, Абайдың ақын шәкірттерінің қатарына әдебиетші тұңғыш рет Ақылбай Абайұлы Құнанбаев Мағауия Абайұлы Құнанбаев,Әсет Найманбаев,Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатаевтарды , ал дисертацияға қосымша ретінде Халиолла Өскенбаев,Кәкітай Ысқақұлы,Мұқамеджан Майбасаров,Бейсембай Жәнібеков,Баймағамбет Мырзаханов, Мұқа Әділхановтарды енгізді.Қайым Мұхамедханов Абайдың бұрын белгісіз болып келген 6 өлеңін тауып, 1945 жылғы жинаққа енгізді.

1951 жылы Қайым Мұхаметханов « Абайдың ақын шәкірттері» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми жетекшісі М.О Әуезов болды. Зерттеушінің бұл еңбектері кесерлі саясаттың құрбаны болды .Қазақ ССР ғылым академиясы мен Қазақстан жазушылар одағы Призидумдарының « Қазақ әдебиетінің класигі Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығын ғылыми жолмен зерттеу жөнінде айтыстың қортындысы туралы» біріккен қаулысында ұлтшылдық сипатта жазылған деген тұжырымға келеді.Қайым Мұхаметханов Абай мұражай директорлығы қызметінен босайды.

1951 жылы алғы сөзін М.О.Әуезов жазған Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың шәкірттері » кітабы баспадан шықпай жатып жойылады. НКВД-нің Семей облыстық басқармасы Қ. Мұхамедхановты 1951 жылы 1 желтоқсанда « антисоветтік ұлтшылдық қызметі » үшін кітабына «ұлтшыл ақындарды» енгізгені үшін тұтқынға алып ,25жылға соттады. Кейін Сталиннің өліміне байланысты 1954 жылдың 29-31 мамырындағы КСРО жоғарғы соты үкімі күшін жойды. Бірақ «тұтқынды» босатуға асыға қоймады. Ол тек 1955 жылы ғана түрмеден шығып еліне қайтады.

1958 жылы екінші рет «Абай төңірегіндегі ақындар» деген диссертациясын қорғайды.1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі күні бүгінге дейін абайтанудағы сирек кітаптардың бірі болып саналады.Текстолог 1954 жылғы жинақ пен 1909 жылғы жарық көрген жинақты Мүрсейіт, О .Уақбаев Р. Жандыбаевтардың қолжазбаларымен салыстыра отырып, Абай өлеңдеріндегі бұрмаланған сөздерді нақты деректер арқылы дәлелдейді.

1995 жылы шыққан Абайдың 2 томдық шығармалардың жинағындағы ақындардың өлеңдеріне қатысты түсініктерді Қ. Мұхамедханов жазды деген дерек бар.

Қ.Мұхаметхановтың Абай жайлы зерттеулері мен еңбектер жинағы:

- «Абайдың бір өлеңі» Қазақ әдебиеті – 1986 жыл, 17 қаңтар, 10 бет

- «Абайдың аманатын ақтадық па?» Ертіс өңірі – 2003 жыл, 10 қаңтар, 28 бет

- «Абайды тұңғыш баспасөзде танытқан Әлихан Бөкейханов» Түркістан – 1995 жыл, 9 тамыз

- «Абай мұрасына абай болғанымыз жөн» Қазақ әдебиеті – 1991 жыл, 9 тамыз, 6 - 7 бет

- «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай аталып, келді» Абай – 1995 жыл, №1-2, 17 – 20 бет

- «Абайға өмірімнің ақырына дейін қызмет етемін» Үш анық – 2001 жыл, 29 қаңтар, 2 бет

- «Абайдың қосқан үлесі: Абайдың 160 жылдығына» Ертіс өңірі – 2005 жыл, 11 тамыз, 12 бет

- «Абай шығармаларының текстологиялық жайында» Жұлдыз – 1957 жыл, №10

- «Түзетілгені қане?» «Түсініктері қайсы?» Қазақ әдебиеті – 1986 жыл, 10 қаңтар

- «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» Алматы – 1959 жыл, 144 бет

- Абайтану жолындағы қилы кезеңдері: Абайдың туғанына 143 жыл» Семей таңы – 1988 жыл, 23 тамыз

- «Мұхтар және абайтану» Біздің Отан – 1983 жыл, №3

- «Крылов және Абай» Екпінді – 1949 жыл, 16 ақпан

- «Абай мен Лермонтов» Семей таңы – 1983 жыл, 10 тамыз

- «Абайға байланысты кейбір деректер» Қазақ әдебиеті – 1955 жыл, 7 қараша

- «Абайдың кітабын тұңғыш басқан кім?» Қазақ әдебиеті – 1971 жыл, 2 маусым

- «Бәріміздің Абайымыз» Семей таңы – 1985 жыл, 10 тамыз

- «Абайдың жарияланбаған өлеңдері» Қазақ әдебиеті – 1991 жыл, 10 желтоқсан

- «Жаңадан табылған сегіз өлең жайында» Семей таңы – 1991 жыл, 3 желтоқсан.

XX ғасыр-қазақ халқы үшін , бір жағынан шер мен мұңның да ғасыры болды.

Елім жерім дегендер қамалған , « Абай » дегендер Қарлаг түрмесіне түскен

Бастылар атылған , тектілер тентіреген заман болды. Мұхтар Әуезовтың де басынан бұлт арылмағандығын жақсы білеміз.Сондай ұлы тұлғаны қажет кезінде жанымен де арымен де қорғай білген адамдар болған. Солардың бірі –Қайым Мұхамедханов.

« Кешегі күннен алыс жоқ , ертеңгі күннен жақын жоқ » деген бабаларымыздың сөзінің өтірігі жоқ .Жыл артынан жыл қуып ,күн артынан күн өтіп ,өмір өте берді.Келешек ұрпақ тарихын ,әдебиетін ұрпаққа аманат ету,жеткізу парыз емес пе?

Халқымыздың аяулы перзенті, абайтанушы ғалым ,аудармашы, жазушы Қайым Мұхамедхановтың есімін есте сақтау аз. Қазақтың қайсар Қасымының өмірі- болашақ ұрпаққа үлгі , өнеге.

«Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы.Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды.Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге ,асқар тауларға, асуларға шақыра береді»,-деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, Абаймен мақтануға ,Абаймен қуануға тиіспіз,ұлы ақын өз халқын басқа халықтармен терезесі тең,өркендеген, еркін халық ретінде көруді арман еткен еді.

«Абай » журналының 70 жылдан соң қайта жарық көруіне, Семейдегі «Алаш арыстары » мұражайының ашылуына Қайым Мұхаметханов көп үлес еңбек сіңірді.

Абайдың мерейтойы кезінде ғалымның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып (1996 жылы) Халық­аралық Абай академиясының «Алтын медалы», Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы беріліп, ең бастысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды

Ұрпақ өзінің ұлттық мәдениетін жандандыру тұсында, Қайымның асыл шығармаларын оқып, оқып қана қоймай, терең сырлы құпиясын ашып, оның адалдық, азаматтық жайында жазған шығармаларында терең бойлау,өзіндік талдау жасау, іздену біздің міндетіміз.


Пайдаланылған әдебиеттер:

Қ.Мұхаметханов. Көп томдық шығармалар жинағы І том Алматы: Алаш, 2005 ж.[343 б.]

Смағұлов А.Т. Қайым Мұхаметхановтың шығармашылық өмірбаяны дисертацияның авторефераты 2007ж. [ 24 б.]



Смағұлова А. Т. Мұхаметханов және Абай мұражайы// Семей таңы – 2009 ж. 18 маусым [3б.]

Сейсенұлы, Дәулет. Алаш арыстарының соңғы тұяғы.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет