«Ата баба дәстүрі ұрпаққа аманат!» сайысы



Дата22.02.2018
өлшемі113,01 Kb.
#38158
«Ата – баба дәстүрі – ұрпаққа аманат!» сайысы 
(сыныптан тыс тәрбиелік шара) 
Мақсаты: 
Оқушыларды ізгілікке, адамгершілікке, кішіпейілдікке тәрбиелеу; 
Халқымыздың салт–дәстүрлерін дәріптеуге, қастерлеуге үйрету; 
Сайыскерлердің ойлау, сөйлеу дағдысын дамыту, өз ойын жеткізе білуге, ізденуге қалыптастыру. 
Көрнекілігі: би-шешендердің нақыл сөздері, қоржын, асықтар, интерактивті тақта, флипчарт. 
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, музыка, этнопедагогика. 

Сайыстың өтілу жоспары: 
І. Ұйымдастыру 
Топ оқушылары 2 топқа бөлініп, әр топ 6 оқушыдан құрылады. 
Сайысқа қатысушы топтармен таныстыру. 
Әділ- қазылар алқасын сайлау. 
ІІ.Сайыс кезеңдерімен таныстыру: 
1. «Салт-дәстүрді білесіз бе?» 
2. «Атадан қалған асыл сөз» 
3. «Сандар сыры» 
4. «Мақал- сөздің мәйегі » 
ІІІ.Сайысты қорытындылау. Марапаттау. 

Сайыстың өтілу барысы: 
1 жүргізуші: 
Құрметті ұстаздар, білім алушылар, көрермендер! 
“Өткендi бiлмей, келешектi бiлу мүмкiн емес. Бұрынғының парқын бiлгендер ғана, бүгiнгiнiң парқын ұғады”,- деген болатын Ғабит Мүсiрепов ағамыз. 
2 жүргізуші: Құрметті ұстаздар, білім алушылар көрермендер! 
Ұлттық тәрбие – кешегі өткен қариялардан, ғұлама, ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы. Тәрбие тамыры – халық қазынасында,- дегендей, бүгін екі топ арасында өткелі отырған «Ата-баба дәстүрі - ұрпаққа аманат!» атты сайыс- кешімізге қош келдіңіздер! 

1 жүргізуші:Енді сайысымызды бастамас бұрын, топтарымызға әділ бағасын беретін әділ қазылар алқасымен таныстырып өтелік. (Әділқазыларды таныстыру). 

2 жүргізуші: 
Амандасу салтымыз, 
Есенбісіз жалпыңыз. 
Бағалыны артына, 
Қалдырған-ды халқымыз- дей отырып, «Ата-баба дәстүрі - ұрпаққа 
аманат!» атты сайымызды бастаймыз. 
1 жүргізуші: 
Бүгінгі сайысқа қатысқалы отырған топтарымызды таныстырып өтелік. 
1-топ «Мұрагер», топ басшысы: 
2-топ «Мирас», топ басшысы : 

2 жүргізуші: Сайыс кезеңдері: 
1- кезең «Салт-дәстүрді білесіз бе?»- бұл бөлімде сіздер ұлттық салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтарға жауап бересіздер. 
2- кезең «Атадан қалған асыл сөз»- бұл кезеңде би-шешендердің сөздері оқылып, авторын табу сұралады. 
3- кезең «Сандар сыры» киелі сандарға байланысты тапсырмалар беріледі. 
4- кезең «Мақал- сөздің мәйегі» - бұл кезеңде ұсынылған мақалдың алдыңғы бөлігі бойынша, көрсетілген уақыт аралығында мақалдың екінші бөлігін жалғасын тауып, мәнін түсіндіру қажет. 

1 жүргізуші: 
Мәнге толы қазағымның тірлігі, 
Сан асылдың ашылып тұр тұғыры. 
Кеше ғана керексіз ғып тастаған, 
Ғажап екен әдеті мен ғұрыпы- дей келе, сайымыздың 1-кезеңі 
«Салт-дәстүрді білесіз бе?» деп аталады. 
2 жүргізуші: 
Әр топ басшысы интерактивті тақтада берілген ұяшықтардан белгілі бір санды таңдайды. Әр санның артында сұрақтар жасырылған. 
(Дұрыс жауап- 3 ұпай, жартылай жауап- 1 ұпай) : 
1. Жеті санына байланысты салт-дәстүрді білесіз бе? 
(жеті ата,жеті қазына, жеті нан, жеті күн) 
2. Балаға байланысты салт-дәстүрлерді ретімен атап беріңіз. 
(бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, сүндетке отырғызу) 
3. Батаның қандай түрлерін білесіз? 
(Наурыз бата, жас отауға арналған бата, ас қайыру батасы т.б.) 
4. Ұлттық ойын түрлерін атаңыз. 
(соқыр теке, шертпек, ақсүйек, орамал тастау, сақина салмақ т.б.) 
5. Мүшел жасты атаңыз. 
(ер жете бастау, жігіттік шақ, ақыл тоқтату, орта жас, қарттық, кәрілік, қалжырау, шөпшек сүю, немене сүю) 
6. Қазақ халқының әйел адамдарының ұлттық киімдерін атаңыз. 
(сәукеле, бөрік, кимешек, кәмзол, мәсі т.б.) 
7. Қазақ елінде ертеден келе жатқан мейрамдарды атаңыз? 
(ораза айт, рамазан айт, наурыз тойы, соғым басы, сабан той т.б.) 
1 жүргізуші: 
Әннің де естісі бар, есері бар, 
Тыңдаушының құлағын кесері бар. 
Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі, 
Тыңдағанда көңілдің өсері бар. 
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, 
Әннің тәтті оралған мәні оятар,- дегендей кезек «Қазақы дәстүрлер» әніне беріледі. 

2 жүргізуші:Сөз кезегі әділ қазылар алқасына беріледі. 

1 жүргізуші: 
Қырдан ескен самалы, 
Салтымыз бар бағалы. 
Ақ қағазға аталар, 
Шешен сөздер жазады, -дегендей сайысымыздың 
2- кезеңі «Атадан қалған асыл сөз» деп аталады. 
2 жүргізуші: Құрметті сайыскерлер! Интерактивті тақтада ұяшықтардағы сандардың артына жанды сұрақтар жасырылып берілген, қазір әр топ кезекпен тапсырмаларды таңдайды. (Дұрыс жауап- 5 ұпай, жартылай жауап 2 ұпай) : 
Тапсырмалар: 
1. Өркенім өссін десең, 
Кекшіл болма- 
Кесапаты тиер еліңе. 
Елім өссін десең, 
Өршіл болма- 
Өскеніңді өшерсің. 
Жауабы: (Қазыбек би) 

2. Дау мұраты – біту, 
Сауда мұраты – ұту, 
Қыз мұраты – кету, 
Жол мұраты – жету. 
Жауабы:(Сырым шешен) 

3. Суалмайтын суат жоқ, 
Тартылмайтын бұлақ жоқ, 
Құйрығы суда тұрса да, 
Уақытысы жеткенде, 
Қурамайтын құрақ жоқ. 
Дүние деген пәни бұл, 
Баласы жоқта мият жоқ. 
Бәрінен де қиын сол екен, 
Артында жанған шырақ жоқ... 
Жауабы: (Әйтеке би) 
4. Жаңбыр жаумаса жер жетім, 
Басшысы болмаса ел жетім, 
Ұқпасқа айтқан сөз жетім... 
Атың жақсы болса
Ер жігіттің пырағы. 
Балаң жақсы болса, 
Жан мен тәннің шырағы. 
Әйелің жақсы болса, 
Бірінші – иманың, 
Екінші- жиғаның, 
Үшінші – ырысыңның тұрағы ... 
Жауабы: (Төле би) 
5. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады, онан басқа нәрселермен оздым ғой деген нәрселердің бәрі - ақымақшылдық. 
Жауабы: (Абайдың 18 қара сөзі) 

1 жүргізуші: Әділ қазылар алқасы сайыстың бағасын береді. 

2 жүргізуші: Құрметті сайыскерлер! Сайысымыздың 3-кезеңі «Сандар сыры» деп аталады. Бұл сайыста әр топ қоржыннан асықтарды алып, берілген сандардың нөмірі бойынша тапсырмаларды таңдайсыздар Сұрақ сол сандардың қасиеттеріне байланысты болады. Әр топқа 5 сұрақтан қойылады. (Дұрыс жауап- 5 ұпай, жартылай жауап 2 ұпай) : 

Тапсырмалар: « 3 » санына байланысты 
Үш дананы атаңыз /Абай, Шоқан, Ыбырай/ 
Үш байлық /Денсаулық, ақ жаулық, он саулық/ 
Үш тұл /Қайратсыз ашу, тұрлаусыз ғашық, шәкіртсіз ғалым/ 
Үш алыс /Көк пен жер арасы, кәрі мен жас арасы, жақсы мен жаман арасы/ 
Үш қадірлі /Бақ, ырыс. Дәулет/ 

« 4 » санына байланысты 
Төрт тұлға /от, су, жер, жел/ 
Төрт маусым /Қыс, көктем, жаз, күз/ 
Төрт періште /Жәбірейіл, Әзірейіл, Мекайіл, Исрафил/ 
Төрт мұрат /Дау мұраты- біту, сауда мұраты- ұту, жол мұраты- жету, қыз мұраты- кету/ 
Төрт кітап /Зәбүр, Тәурат, Інжіл, Құран/ 

«5 » санына байланысты 
Бес парыз/Иман, намаз, ораза, зекет, қажылық/ 
Бес қару /Садақ, мылтық, найза, қылыш, айбалта/ 
Бес намаз /Таң, бесін, екінді, ақшам, құптан/ 
Бес жаратылыс /Күн, ай, жұлдыз, күндіз, түн/ 
Бес өсиет /Топасқа сенбе, Жауға иілме, Әрқашан сақ жүр, Аш үйге қонба, Жарлыдан сый алма/ 
«7 » санына байланысты 
Жеті күн /Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі/ 
Жеті ата /Бала, әке. ата, арғы ата, баба. ту ата, тек ата/ 
Жеті қазына /Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, тазы/ 
Жеті жұт /Зілзала, жұт, оба, соғыс, өрт, топан су, құрғақшылық/ 
Жеті жоқ /Аллада бауыр, аспанда тіреуіш, жерде өлшеуіш, таста тамыр, тасбақада талақ, аққуда сүт, жылқыда өт/ 

1 жүргізуші: Әділ қазылар алқасы сайыстың бағасын берсе дейміз. 

2 жүргізуші: 
Тілім барда қазағым бар, халқым бар, 
Дәстүрім бар, ата жолы салтым бар. 
Туған тілде сыры терең жаным бар, 
Туған тілде әнім менен сәнім бар. 
Сайысымыздың 4-кезеңі «Мақал- сөздің мәйегі». 
1. Бала тәрбиесі тақырыбына байланысты мақал-мәтелдердің бірінші жартысы слайд арқылы интерактивті тақтада көрсетіліп тұрады, екінші топ тез жалғасын тауып айтып, мәнін түсіндіру қажет. (Дұрыс жауап- 3 ұпай, жартылай жауап -1 ұпай) : 
2. Айла алтау, 
... Ақыл жетеу. 
Айла мен ақыл қосылса, 
... Алдырмайтын екеу. 
3. Ұлтарақтай болса да 
... Ата қонысы жер қымбат. 
Ат төбеліндей болса да 
... Туып өскен ел қымбат. 
4. Жақсыны арман оздырар
... Жаманды құлқын тоздырар. 
5. Түпкі айылдын батқанын 
... Иесі білмес, ат білер. 
Ер жігіттің қадірін 
... Ағайын білмес, жат білер. 
6. Жақсының жақсылығын айт, 
... Мейірі тасысын, 
Жаманның жамандығын айт, 
... Құты қашсын. 
7. Жеті атасын білмеген .... 
8. Атаның ғана баласы болма, ... баласы бол. 
9. Атаға қарап- ... бала өседі, 
Анаға қарап- ... қыз өседі. 

1 жүргізуші: 
Құлақтан кіріп бойды алар, 
Жақсы ән мен тәтті күй. 
Көңілге түрлі ой салар, 
Әнді сүйсең менше сүй,- дегендей құрметті көрермендер әділ қазылар алқасы сайыстың қорытындысын шығарғанша, сіздерді «Әуенді тап» ойынына шақырамыз. 
Ойын шарты: интерактивті тақтада берілген ұлттық аспаптардың суретінің артына жасырылған шығарманың аты мен авторын табу керек . 
Қылқобыз – Ықыластың күйі «Ерден». 
Шертер – Төлеген Момбековтің күйі «Бозінген». 
Домбыра – Халық әні «Ақдариға». 

2 жүргізуші: 
Бүгінгі бұл сайыста 
Кімдер білгір, кім ұшқыр, 
Салыстырып біз көрдік. 
Қара қылды қақ жарып, 
Әділін айтар қазылар, 
Өздеріңізге сөз бердік 
Әділ қазылар сайысты қорытындылап, топтарды марапаттайды. 

1 жүргізуші: 
Демеңіздер біз өнерді аяп қалды, 
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды. 
Сау болып тұрыңыздар кездескенше, 
Осымен бүгінгі кеш аяқталды. 
Кездескенше сау-саламатта болыңыздар! 

2 жүргізуші: 
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет