Джон Фиджеральд Кеннеди 1971 ж 29 мамырда Массачусетс штатынын Бостон аласы Бруклин ауданында дџниеге келді


Джон Ф. Кеннеди. Конгрестен Ақ үйге дейін



бет4/9
Дата05.12.2022
өлшемі464,5 Kb.
#161195
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Дип.-Джон-Ф.Кеннеди-саясаткер-және-дипломат

1.2. Джон Ф. Кеннеди. Конгрестен Ақ үйге дейін.
Джон Кеннедидің саясатпен араласуына тікелей ықпал еткен фактордың бірі әкесі Джозеф Кеннеди. Президент Рузвельт уақытында АҚШ-тың Ұлыбританиядағы елшісі болған Джозеф Кеннеди өз ұлдарын саясатқа баулып отырды. Джонның інісі Роберттің айтуы бойынша Джозеф дастарқан басында өз ұлдарымен Рузвельттің қандай саясат ұстанып отырғанын және әлемдегі халықаралық жағдайды талдап, бағандап отыратын. Сонымен қатар, Кеннедилер отбасының саясатқа араласуына ынтасын Джонның мына сөздерінен білеміз: « Егер мен өлсем, інім Роберт сенатор болар еді, ал Роберт бақытсыз жағдайға ұшыраса, ініміз Тэдди біздің орнымызға Конгресске ұмтылар еді». Кеннедидің саясатқа ерте араласуына ағасы Джоның соғыста қазаға ұшырауы болатын. Джон бір сөзінде: «Егер Джо тірі болғанда, саясатқа араласудың ешқандай мәні жоқ еді», - дейді.
1946 жылы Джон Кеннеди саясатпен араласу үшін Бостанға оралады. Джон Кеннедидің саяси карьерасы АҚШ Конгресіне сайлау бойынша Бостан қаласындағы №11 сайлау округінен басталады. Бірақ Кеннеди біраз уақыт бойы Массачусетс штатының саяси өмірінің көлеңке жақтарына үйрене алмады. 1947 жылы АҚШ Конгресінің өкілдер палатасының мүшесі болып сайланғанда Джон Кеннеди 24 жаста еді. Басында ол өзін палатаның 435 мүшесінің арасында қаңғып қалған адамша сезінді. Бірақ біртіндеп Кеннеди саяси карьерасын дамыту үшін алдымен өзінің танымалдылығын кеңейту қажет деп білді. Ол Массачусетс штатында үгіт – насихат жұмыстарын жүргізеді. Кеннеди өз көңілін негізінен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешуге бөледі. АҚШ үкіметінің әлеуметтік саладағы жұмыстарына американдық еңбекшілердің наразылығы, Кеннедидің бәрінен бұрын американдық кәсіподақ сайлаушыларының сенімінен шығуға тырысты. Ол конгресмен – демократқа республикандық қарсыластарымен күресте табысқа жету үшін оңшыл кәсіподақ басшыларының қолдауы керек деп ойлады. Кеннедидің өкілдер палатасындағы негізгі қызметі тұрғын үй заң жобасы еді. Бірақ, тұрғын үй заң жобасы 1948 жылы бірнеше конгресмендердің соның ішінде Кеннедиден қолдау тапқанымен, өкілдер палатасындағы республикандықтар мен оңтүстік демократтар тарапынан сәтсіздікке ұшырады. Кеннеди сонымен қатар АҚШ – тағы «еңбек жағдайларының жақсаруының» жақтаушысы болды./8/
Тафт – Хартли заң жобасы айналасында көптеген айтыс – тартыстар болды. Бұл жерде Джон Кеннедиге айқын позиция мен қатаң пікір ұстануы міндетті болды. Ол корнгрестің екі тобының арасында бұлтарып қалып, өз жақтасы Гофтты да және американдық кәсіподақ басшыларында мақұлдаудан бас тартты. Осылай Кеннеди еңбек заң жобасының мәселелеріне келгенде екі қарама – қарсы ойды ымыраластыруға ұмтылады. Конгресс комиссиясының отырысында Кеннеди: «Кәсіпкерлер де, кәсіподақ та тек өздерінің пайдасын көздеп отыр», - деп мәләмдеді. Ол барлық ереуіл түрлерін, сондай – ақ жұмысшылардың жұмысты тастап кетуін «жауапсыз мінез-құлық» деп дәлелсіз кінәлауды айыптады. Кеннеди қабылданған Тафт-Хартли заң жобасын кәсіподақтарды қатігез әрі қауіпті соғысқа жетелейді және таптық күрес доктринасын уағыздайтын, радикалды кәсіподақтардың ашса алақанында, жұмса жұдырығында болады, - деп мәлімдеді.
Тафт – Хартли конгресс мүшелерінің көпшілігінің дауысымен қабылданғаны белгілі. Кеннеди бұл заңға қарсы дауыс берген өкілдер палатасының 79 мүшесінің бірі болды. Бірақ, Тафт – Хартли заңы Конгресте қабылданғаннан кейін оны өзгертуді талап еткен кәсіподақтарға да қолдау білдірмеді.
Конгресстегі екі жылдан кейін Кеннеди сыртқы саясатпен айналысуды жөн көрді. Бастапқыда, ол бұл салада да өзінің дербестігін көрсете алмады. Кеннеди «экономикалық көмек» арқылы АҚШ-тың Батыс Европадағы ықпалын күшейтетін атышулы «Трумэн доктринасын» және «Маршалл жоспарын» қолдады. Ол АҚШ үкіметінің Азияда жүргізген американ саясатының сәтсіздікке ұшырағанын сынға алды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін Кеннеди АҚШ әкімшілігін коммунизмнің бүкіл Азияны жаулап алуына жол бермеуді қамтамасыз етуге шақырды. Азиядағы оқиғаның күшеюін түсінбеген Кеннеди, Қытайдағы американ империализмінің сәтсіздігін тек американ дипломатиясының және президент Трумэннің қателігі деп түсіндірді.
АҚШ-тың Кеңес Одағына және басқа да социалистік елдерге жүргізіп отырған «қырғи қабақ соғысы» Кеннеди көзқарасына кері әсерін тигізді. Бірақ, ол Конгресте «қырғи қабақ соғыстың» тұтануын қолдайтындардың ішінде болды. Кеннеди қарулану жарысын қолдайтынын білдірді.
1951 жылы Джон Кеннеди НАТО-ның елдеріне сапар жасауды қабыл алып, Англия, Италия, Францияда болады. Содан соң ол Испания, Батыс Германияға сонымен қатар, Югославияға сапарын жалғастырады. Кеннеди АҚШ-қа келгеннен кейін сыртқы істер және қарулы күштер жөніндегі сенат комиссиясының бірлескен отырысында мәлімдеме жасап, конгресс мүшелеріне Батыс Европадағы американ империализмінің стратегиялық маңызы зор екенін айтып, ол жаққа қосымша американ әскерін жіберуді талап етті. Сонымен қатар, ол Батыс Европалық серіктестерінің НАТО-дағы әрекетке белсенді түрде қатысуын күшейтуге шақырды./9/
Содан соң Кеннеди Таяу Шығыс елдерінде және Пакистан, Үндістан, Малай, Оңтүстік Кореяда болып, бұл жердегі Батыс державаларының отарлаушыларына қарсы ұлт-азаттық күрестің өскеніне көз жеткізді. Кеннеди Вашингтонға келгеннен кейін «АҚШ өз назарын Батыс Европа елдерінен бөліп жібергенін» мәлімдеп, АҚШ көмегінің Азияға және Орта Таяу Шығысқа бөлінуін талап етті. Кеннеди американ көмегін алған дамушы елдер АҚШ-қа тәуелді болып қалады, - деп есептеді.
Джон Кеннеди өкілдер палатасындағы бірнеше жыл қызметінен кейін саясатта тағы бір сатыға көтерілуді ойлады. Ол Массачусетс штатынан сенатор болуды мақсат етті және сол мақсатқа ондаған қалада үгіт-насихат жүргізу арқылы жетеді. 1952 жылы Кеннеди штаттың жүздеген қала мен елді мекендерінде митингілер жасады.
Кеннеди Массачусетс штатының сенаторының орнына белгілі республикандық сенатор Лоджбен күресуді шешеді.
Кеннедидің тәжірибелі Лоджбен күреске түсуі көпшіліктің түсінбеушілігін туғызды. Өйткені, Лодж штат бойынша жақсы байланысқа ие болатын. Бірақ Кеннеди өзінің сайлау компаниясына және қаржылай жағдайына сенді. Дегенмен, Лодждың байлығы да Кеннедиден кем болған жоқ.
Джон Кеннедидің Массачусетс штатындағы сайлау науқанына оның барлық серіктері, сондай-ақ шешесі Роза да қатысты.
Кеннедидің серіктерінің бірі өз сөзінде: «Байқұс Лодждың жеңіске жетуіне еш мүмкіндігі жоқ. Кеннеди бүкіл штатты жаулап бара жатқан танкілі дивизияға ұқсайды », - деді.
Сайлау қарсаңында Кеннеди штаттағы ең соңғы үгіт-насихаттарын жүргізсе, Лодждың беделін көтеру үшін президент Д. Эйзенхауердің өзі Бостанға келіп үгіт насихат жүргізді. Бірақ республикалық партияның соңғы күші де Лоджға көмектеспеді. Кеннеди оны оңай жеңді. Сөйтіп, Джон Кеннеди Массачусетс штатына сенатор болып сайланады. Кеннеди Сенатта еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту комиссиясының мүшесі болады.
Ол өзінің Сенаттағы екі жылын – Массачусетс штатының мәселелерін шешуге бөледі. Ол текстильді, кеме жасайтын өндірістердің дамуын реттейтін заң жобаларын ұсынды. Сонымен қатар Кеннеди Бостон портын модернизациялау туралы заңның қабылдануына қол жеткізеді. Штаттың халқы оған өз ырзашылығын білдіреді.
Кеннеди Сенатта болған кезінде оның лидерлеріне айрықша жақындауға ұмтылмады. Оны көптеген маңызды сұрақтар бойынша «саясат жасаған» сенатта тар шеңберлі сенаторлар мүшесі болу идеясы қызықтырмаған сияқты болып көрінетін. Алайда, Кеннеди сенат лидерлерімен тең қатынас ұстауға тырысты. Кеннедидің Американың саяси өмірі жайлы бірқатар анық пікірлері оның сенаттағы іс-әрекетін айқындады. Кеннеди кез-келген буржуазиялық саяси қызметкердің белгілі бір принциптерді қорғаудағы ымырасыз ұсталымы өзіне зиян келтіреді және саяси сахнада жоғалады деп есептеді. Кеннедидің замандастары, оның ішінде буржуазиялық ғалымдар оның осындай көзқарастарын болашақ президентте «өзін-өзі қорғаудың саяси инстинкті» жедел дамығандығымен түсіндіреді. Олар Кеннедидің «жаратылысында радикал екеніне» атүсті қарады. Алайда, Кеннедидің «өзін-өзі қорғаудың саяси инстинкті» әрқашан бірінші орында, ал «радикализм» оның бүкіл саяси карьерасы кезеңінде екінші орында болғандығына күман тудыра алмаймыз.
Осылайша Кеннедиде прогматизм, консерватизм және барынша радикалдық көзқарастар үйлесіп жатты. Сондықтан, көптеген буржуазиялық, саяси қайраткерлер, консерваторлар болсын, либералдар болсын, оны «өз адамы» деп есептеді. Кеннедиде осыған ұмтылған еді. Ол америкалық қайраткер табысқа жету үшін қулыққа бару және жалтаруды білді және келісімдерге баруы керек екенін тамаша түсінді. Ол жәй жетістікке емес, сенсациялық жетістікке ие болғысы келді. Кеннеди АҚШ президенті болуға ұмтылу үшін ойлана бастады.
Кеннеди мен конгрестегі либералдық топтардың өзара қатынасы қызық болып көрінді. Джон Кеннедидің сенаттағы қызметі уақытында либералдардың оған арақатынасы қырағы болды. Джонның әкесі президент Рузвельттің «жаңа бағыт» саясатының жақтастары болғанына қарамастан, либералдар Джон Кеннедиге толық сенім білдірмеді. Бұл күмандану Кеннедидің сенатор Джозеф Маккартиге деген көзқарасына байланысты ерекше күшейе түсті.
Кеннеди 1950 жылы өзінің бір сөзінде АҚШ үкіметі коммунистерге қарсы күресті белсенді түрде жүргізіп жатқан жоқтығын және сенатор Маккартиді өте жақсы сыйлайтынын мәлімдеді. Кеннеди өз саяси карьерасын қауіпсіздендіруге сенатқа сайлануды жеңілдетуге тырысты.
1952 жылы қарашада Кеннеди Сенатқа сайланған кезде АҚШ-та Маккармизм дәуірі орнады. Сенатор Маккарти Трумэн үкіметінің өзі де коммунистерге аздап бүйрек бұратанын дәлелдеді. Оған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, белгілі генерал Маршаллды «өтірікке малынған адам» деп айыптауы дәлел болады. Генерал Маршаллдың жақын досы республикалық партиядан президенттікке үміткер Дуайт Эйзенхауер де өз жолдасын қорғауға ұмтылмады. Өйткені, ол Маккартимен күреске түскісі келмеді.
Сондықтан Кеннеди Маккартизмнен қауіптенген адамдармен тіл табысуға тырысты. Кеннеди оларға елде қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет екенін дәлелдеді. 1954 жылы сенатор Ральф Фландерс Маккартиді айыптайтын резолюцияны Сенат талқысына ұсынды. Бұл резолюция конгресте өте даулы пікірталас туғызды. Кеннеди Маккартиді айыптайтын резолюцияны жақтап дауыс берді, бірақ Фландерстің ұсынған себебі бойынша емес.
Сенаттағы республикандық Ноуленд басшылығындағы маккартистер Маккарти әрекетін айыптайтын резолюцияның қабылдануына кедергі жасауға тырысты. Солардың қысымымен Фландерстің айыптау резолюциясын кейінге қалдыру жөніндегі Ноулендтің ұсынысын 75 сенатор қолдады. Олардың ішінде Кеннеди де болды. Тек 12 сенатор ғана қарсы дауыс берді. Дегенмен, Маккартидің әрекетін айыптау резолюциясының кейінге қалдыруына қарамастан, сенаторлар арасындағы шешуші күрес шиеленісе түсті. Бірақ Кеннеди кейінгі мәселелерге қатыса алмады. Оның омыртқадағы ауруы сыр берді. 1954 жылы 2 желтоқсанында Маккартиді айыптау резолюциясы бойынша шешуші дауыс беру кезінде Кеннеди операция күтіп, хирургиялық ауруханада жатты./10/
Денсаулығына байланысты бірнеше жыл үлкен саясаттан тыс болған Джон Кеннеди 1956 жылы АҚШ президенттігіне үміткер демократиялық партияның көрнекті өкілі Эдлай Стивенсонның кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді. Кеннеди інісі Робертке елде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде Стивенсонға көмек беруін тапсырады. Роберт Кеннеди әрдайым Стивенсонның жанында болды және өзінің демократ күштерінен еш көмегін алған жоқ. Бірақ, Стивенсонның сайлау компаниясын ұйымдастырушылар Роберт көмегінен бас тартты. Сонда да ол Стивенсонның сайлау компаниясының жұмыстарын бақылап отырды. Ол осы жұмыстан көп тәжірибе жинақтап, оны 1960 жылы Джон Кеннедидің сайлау компаниясында іске асырды.
1956 жылы демократиялық партиядағы сайлау науқаны Джон Кеннеди мен Эдлай Стивенсонның өзара қатынасына өз әсерін тигізбей қоймады.Олардың бір-біріне деген жек көрушілігі осы уақытта туындаған болатын. Кеннеди осы жылдың өзінде-ақ Стивенсон оған вице-президенттікке сайлауға түсуді ұсынады,- деп ойлаған. Бірақ, бұл орындалмас үміт болды. Көптеген демократтар Кеннедидің кандидатурасын қолдады. Демократиялық партия өкілі Фарли Стивенсон Кеннеди туралы «Америка католикті сайлауға дайын емес» деп мәлімдеді.
Стивенсон демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер ретінде бірінші турдың өзінде-ақ сайланды. Стивенсон вице-президенттікті ешқандай демократқа сонымен қатар, Джон Кеннедиге де бермеуді шешті. Кеннеди мұндай шешімді күтпеген еді. Стивенсонның келісімімен съезде вице-президенттікке сайлануға құқық беретін ашық түрде дауыс беру өткізді. Бұл сайлауда сенатор Кефовер жеңіске жетті. Кеннеди өз жақтастарын Кефоверге дауыс беруге шақыруға мәжбүр болды. Дәстүр бойынша съезд соңында жеңіске жеткен кандидат бірауыздан сайлануға тиіс болатын.
1957-1958 жылдары Кеннеди саяси күресті жалғастыра отырып, білім беруге және төменгі жалақыны өсіруге, жұмыссыздарға жеңілдіктерді көбейтуге және имигранттық квоталарды жеңілдетуге үкімет тарапынан бөлінетін қаржыны көбейту керектігін мәлімдеді.
1958 жылы Кеннеди өзінің дауыс жинауда көп жетістікке жететінін тағы дәлелдеді. Сенатқа Массачусетс штатынан қайта сайлауда ол 73% дауыс жинады.
1958-1959 жылдары президент постына болған күрес қарсаңында Кеннеди конгрестегі демократтардың либерал қанатының ұсынған әлеуметтік іс-шаралар өткізу және азаматтық құқық туралы мәселелеріне қолдау білдірді. Сонымен қатар, ол уақыттық жұмыс ақысының өсуіне көп назарын аударды. Кеннеди бұл жұмыстар оның американдықтар арасындағы танымалдылығын арттыратынын түсінді.
Кеннедидің президенттік пост үшін күресі 1956 жылы Эдлай Стивенсонның сайлауда Эйзенхауерден екінші мәрте жеңілуі себеп болды. Кеннедидің Массачусетс штатынан сенатқа сайлауда жеңіске оңай жетуі Жаңа Орлеан штаттарындағы саяси топтар арасындағы беделінің өсуі, оның ұлттық масштабта сайлауға түсуіне жол ашты. Ағайынды Кеннедилер және олардың жақын саяси серіктері егер де Кеннеди өз кандидатурасын АҚШ президенттігіне ұсынатын болса, қандай кедергілерге тап болатынын талқылады және келесі негізгі кедергілерге тоқтады.
Біріншіден, АҚШ президенті болып әлі ешқашан католик сайланбаған, екіншіден Америка әлі өте жас президентті сайламаған.
АҚШ-та жоғары президент постына сайлану үшін буржуазиялық партияның бірінің қолдауына және кең көлемді қаржыға ие болу керек.
50-жылдар аяғында АҚШ-та демократиялық партияда да, республикалық партияда да ішкі саяси күрес шиеленісе түсті. Бұл саяси аренаға Дуайт Эйзенхауэр келуімен байланысты болды.
Эйзенхауэрдің америкалықтар арасындағы танымалдылығы 1952 жылы республикалық партияның үгіт-насихат аппаратындағы дауда ғана емес, генерал Эйзенхауэрдің танымалдылығы АҚШ және ағылшын қарулы күштерінің бас қолбасшылығымен және фашистік Германияны жеңуге үлес қосқанына, сонымен қатар, Эйзенхауэр Кореямен де бітімге келгеніне байланысты еді.
1960 жылы 2 қаңтарда салыстырмалы түрде атағы аз сенатор Джон Фитцджеральд Кеннеди АҚШ президенттігіне өз кандидатурасын ұсынды.
Демократиялық партиядан Кеннедидің қарсыластары кімдер еді? Президенттікке үміткер ретінде алға жылжуына кімдер кедергі келтірді? Олар бірнешеу еді.
Алдымен Кеннедидің мықты қарсыласы сенатор Хуберт Горацио Хэмфри болатын. Ол кезінде қала мэрі болған. 1952 жылы Хэмфри президент постына Эдлай Стивенсонның кандидатурасын ұсынған болатын. Сондай-ақ, Хэмфри көмегімді бағалап, мені вице-президент тағына үміткерлер қатарына қосады,- деп үміттенген еді. Бірақ оның бұл арманы орындалмады.
Бірақ, Хэмфри өзі көздеген мақсатына жету үшін қажымай еңбек етті. 1956-1960 жылдар аралығында сенатор өз белсенділігін көрсетті. Америкалықтар арасында оның беделі тез өсті. Сөйтіп, 1958 жылы оның суреті белгілі американ газеті «Таймның» бірінші бетінде жарияланды. Ол демократтардың лидері болатынын қайта сезінді және Эдлай Стивенсон және Линдан Джонсонмен ақылдасты. Екі қарсыласы да оның президенттікке кандидатурасын алға жылжытуына қарсы болмайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Хэмфри Кеннедиден қауіптенетінін мойындады. Газет-журналдардағы Кеннеди жарнамалары тәжірибелі сенатордың назарынан тыс қалмады. Хэмфриге үлкен қауіп төніп, бұл кезекте оның қарсыласын жеңу қиынға түседі. Оның қауіптенуінің себебі, өзінің айтуы бойынша: мен тек Миниссота штатында ғана бақылау жасаймын. Менде ешқандай ақша да, бұқаралық ақпарат құралдары да, жарнамамен айналысатын адамдар да жоқ. Біраз уақыт өткеннен кейін Кеннеди оны өзі қауіптенген ақшаның және жарнаманың күшімен жеңді. Америка саяси өмірінде жарнаманың маңызы зор екендігі жақсы белгілі.
Үлкен ақшасыз қазіргі Американың саяси өміріне араласудың еш мәні жоқ. Оның көмегінсіз ешқандай саяси қайраткердің табысқа жетуіне мүмкіндік жоқ.
Кеннедидің келесі бір қарсыласы сенатор Стюарт Саймингтон болды. Саймингтонның жұлдызы АҚШ саяси шыңында 1958 жылдың қарашасында жарқырады. АҚШ сенатына сайлауда ол өз қарсыласын 66,4% дауыс алу нәтижесінде оңай жеңген болатын. Бұл оның қомақты табысы болатын. Саймингтонның кемшілігі Кеннеди мен Хэмфри сияқты өз штаттарынан басқа штаттарда танымалдылығының аздығы еді. Бірақ алдыңғы екеуінен ерекшелігі Саймингтон тәуекелге бел бууды қаламады. Ол алдын-ала сайлауға түссе, өзінің мүмкіндіктерінен айырылатынын ойлады. Оның негізгі тактикасы демократиялық партия басшыларының қалдауына ие болу болды. Ол демократиялық партияның съезінде ешқандай қарсыласы, оның ішінде Кеннеди де жеңіске жету үшін жеткілікті дауыс жинай алмайды,- деп ойлады. Саймингтон қолдауды штаттардағы демократиялық партиядан алғысы келді. Бұл тактиканы АҚШ-тың бұрынғы президенті Трумэн де қолдады. Трумэн мен Саймингтон ірі қалалар мен негізгі штаттардың партия басшылары Саймингтонды президенттікке негізгі үміткер ретінде көреді деп есептеді./11/
Саймингтон өзін өте сенімді сезінді, өйткені ол АҚШ милитаризациялық экономикасының жігерлі қорғаушыларының бірі болатын. Саймингтон қарулану жарысын, әсіресе АҚШ әскери әуе өндірісінің жылдам дамуын қызу қолдады. Ол Пентагонның талаптарын әрқашан қолдап отырды.
1960 жылы наурызда Саймингтон АҚШ президенттігіне өз кандидатурасын ұсынатындығын мәлімдеді.
Кеннедидің үшінші қарсыласы Линдан Джонсон болды. Ол да өз кандидатурасын ұсынуды көптен бері мақсат еткен еді. 50-жылдардың соңында Джонсон оңтүстік штаттардың мүддесін конгресте қорғай отырып, олардың беделді жетекшілерінің бірі болды. Оңтүстік штаттар демократиялық партияның съезінде пайызды ықпалға ие болып дауыс берушілердің 25% дауысын иемденді.
Л. Джонсонның беделі тек мұнымен түсіндірілмеді. Ол ұзақ уақыт бойы демократтардың сенаттағы жетекшісі болды және АҚШ конгресінің жоғарғы палатасында үкіметке қажетті заң жобаларын қарауды қамтамасыз етті.
Джонсонды АҚШ конгресіне түсуге талпынған саяси қайраткерлер қызу қолдады. Олар егер конгрестегі өкілдер палатасының мүшесі немесе сенат депутаты бола қалған жағдайда конгрестің тұрақты комиссиясын тағайындауда партия басшылары Джонсон мен Рейберннің көмегіне сүйенетінін жасырмады.
1960 жылы демократиялық партияның съезінің қарсаңында Кеннедидің ең атақты қарсыласы Стивенсон болды. Бірақ, ол 1952 және 1956жж. Демократиялық партиядан кандидат ретінде преиденттік сайлауда екі рет жеңіліске ұшыраған еді. Стивенсон съезге дейін өзінің президенттік кандидатурасын ұсынудың қажет еместігін ұқты. Ол басқа, өзіне ыңғайлы жол тапты. Демократиялық партияның съезінің өзі Стивенсон үшінші рет өз кандидатурасын ұсынуы керек деп шешті.
Сөйтіп, Стивенсон 1960 жылы Лос-Анжелесте өткен демократтардың съезіне дейін болған сайлау компаниясының көлеңкесінде қалуды дұрыс көрді.
Демократиялық партияның әртүрлі топтарының мүддесін қорғап, АҚШ президенттігіне өз кандидатурасын ұсынған Кеннедидің төрт негізгі қарсыластары осылар еді.
Ең алдымен көзге түсетін олардың саяси карьерадағы қызметтері еді.
Біріншіден, олар – Кеннеди де, Хэмфри де, Саймингтон да, Джонсон мен Стивенсон да демократиялық партияның өте тәжірибелі саясаткерлері еді.
Екіншіден, АҚШ президенттігіне үміткер кандидаттардың негізгі атрибуты американ іскер топтары мен партия басшылары тарапынан келетін қаржылай көмек еді.
Көп көлемдегі капитализм және қаржылай қолдаусыз радио, телевидение, пресса сияқты БАҚ қамтамасыз ететін жарнамасыз АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жету мүмкін емес.
Бұл кезде демократиялық партиядан президенттікке кандидаттар өзінің республикандық қарсыластарын жеңуді ойлауға мұршасы келмеді. Олардың қарсыластары – республикандықтар да өзара күресте еді.
Демократтардың, соның ішінде Кеннедидің билік басындағы республикандықтар арасындағы қарсыластары кімдер еді. Олар вице-президент Ричард Никсон мен Нью-Иорк штатының губернаторы Нельсон Рокфеллер.
Никсонның қауіпті қарсыласы Нельсон Рокфеллер еді. Нью-Иорк штатына губернаторлыққа болған сайлауда ол өзінің демократ қарсыласынан жарты миллионға жуық дауыспен басым түсті. Американдық миллиардердің бұл жетістігі тоқтап қалмай, жоғары билікке ұмтылатыны баршаға аян еді.
Никсон мен Рокфеллер арасындағы саяси күрес 1960 жылы басталды. Бұл күресте Никсон өз қарсыласынан басым түсті. Сөйтіп, Рокфеллерге Никсонды жеңу сәті тумады. Алайда, Никсон Рокфеллер ұсынған бағдарламаға келісті. Бұл жағдай Никсонға республикалық партиядан президенттікке үміткер болуға жағдай жасады.
Кеннеди мен Хэмфри арасындағы күрес 1960 жылы 5 сәуірде Висконсин штатында өтуі керек еді. Кеннедидің бұл штатта жеңіске жетуінің негізгі құралы – осы штатта жүргізген ұқыпты ұйымдастырылған сайлау компаниясы болды.
Кеннеди өзінің ірі сайлау алды компаниясын өте белсенді түрде өткізді. Ол жергілікті партия басшыларының қарсылық көрсеткеніне қарамастан жеңіске жете білді. Кеннеди штат сайлауларына президент қандай болу керек екенін ойланып шешуге шақырды. Ол митингілерде сөйлеген сөзінде: «Президент – американ саяси өмірінің негізгі тұлғасы және ол елді қорғауы тиіс», - деді. Бұл насихат өз жемісін бере бастады. /12/
Висконсин штатындағы көрсеткіштерге қарағанда Кеннедидің сайлау науқанындағы негізгі қаруы өз кандидатурасын жариялайтын ұйымдардың әсерлі жұмысы еді. Бұл жұмыста оның барлық жақын және алыс туыстары сайлау науқанына қатысты.
Алайда, Кеннедидің тәжірибелі Хэмфриді жеңуі оңайға соқпады. Алдын-ала сайлау нәтижесінде Кеннеди Висконсин штатынан 55% сайлаушылар дауысын иеленді. Бірақ, бұл басымдылық демократиялық партия басшыларына президенттікке бірден-бір үміткер Кеннеди екенін дәлелдеуге жеткіліксіз еді. Ол үшін қомақты, сенімді түрде жеңіске жету керек болды.
Сондай-ақ, Кеннеди көптеген сайлау округтерінде жеңіске жеткенімен, халқының негізгі бөлігі протестанттар болған төрт штатта жеңіліс тапты.
Бұл жағдайды пайымдай келе, Кеннеди алдын-ала сайлау нәтижелеріне көңілі толмады. Оның қарсыласы Хэмфри болса, керісінше, ол штаттың төртеуінде жеңіске жеткенін үлкен табыс деп есептеді.
Келесі алдын-ала сайлау науқаны 95% протестанттар, ал 5% католиктер тұратын Вест-Вирджиния штатында болатындықтан Кеннедидің көңіл-күйі өте абыржулы болды. Оның ары қарай тағдыры осы жерде шешілетін еді.
Кеннеди де Хэмфридің қаражатының жетіспеушілігіне байланысты алдын-ала сайлаудан бас тартады деген үміт оты ұялаған болатын. Бірақ Хэмфри келесі сайлаулар үшін қаржы жинауға кірісті. Бұл жұмысы текке жатпеді. Хэмфри жақтастары оған қаржылай көмек көрсетті. Оның бұл жақтастары Эдлай Стивенсонның адамдары еді. Стивенсонның жақтастары Хэмфри Кеннедиге мардымды бақталастық көрсетіп, сайлаушылардың үлкен бөлігінің даусын жинап, демократтардың съезінде Кеннедидің жолын байлайды,- деп есептеді.
Кеннедидің сайлау компаниясы жаңа күшпен жұмысқа кірісті. Хэмфридің әлі күресті жалғастырып жатқанына ызаланған Кеннеди Хэмфридің демократтар съезінде жеңіске жетуіне еш мүмкіндігі жоқ деп мәлімдеді.
Кеннеди жақтастары Висконсинге қарағанда Вест-Вирджинияда жарнамалау жұмысы бойынша көп еңбектенді. Еріктілер сайлау компаниясының жұмысын кеңейте түсті. Олар әрбір үйге Кеннеди туралы парақтар таратты. Кеннедиді қолдаушы беделді қайраткерлердің біріге жұмылуы бүкіл елді қамтыды. Кеннедидің сыныптастары, әскердегі қызметтестері, өнер адамдары, бірқатар қалалардың бұрынғы мэрлері, Массачусетс штатының демократиялық партиясының әкімшілік комиссиясы, радио және телевидение қызметкерлері, бәрі де Кеннедидің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге көмектесті. Бұл жағдай басқа кандидаттарды ойландырды.
Осы кезде Вест-Вирджиния штатында сайлаушыларды парамен сатып алып жатыр,- деген сөздер шыға бастады. Бұл туралы жергілікті баспасөзде кейінірек «Нью-Иорк Таймс» газетінде жарияланды.
Кеннедидің сайлау компаниясындағы сыбайлас жемқорлық туралы күдік вице-президент Ричард Никсонды толғандырды. Ол бас прокурор Уильям Роджерге Кеннедидің сайлау компаниясын ұқыпты түрде тексеруді тапсырды. Роджер тексеруге федеральды бюроны араластырды. Бірақ, Никсонның жағымды нәтижеге қол жеткізуіне сәті түспеді./13/
Кеннеди Вест-Вирджиния штатында Хэмфриді жеңуге өзінің католик болуы кедергі келтіреді,- деп ойлады. Кеннеди телевидение арқылы сөйлеген сөзінде оны президент құқығынан айыратын тек католик екендігіне сенбейтінін мәлімдеді.
Кеннеди мұнымен тоқталып қалған жоқ. Ол президент бола қалған жағдайда саясатты діни қағидалардан тәуелсіз жүргізетіндігіне өз сайлаушыларын сендіре білді. Кеннеди: «Егер мен антымды бұрсам, тек американ конституциясына ғана емес, құдайға қарсы қылмыс жасағаным», -деп мәлімдеді.
Кеннедидің Вест-Вирджинияның протестантты халқына қолданған психологиялық шабуылы осылай болды. Кеннеди жақтастарының сайлау науқаны барысындағы еңбегі күшейе түсті. Егер алғашқы қоғамдық пікір бойынша Вест-Вирджиния штатында сайлаушылардың 64% Хэмфриді қолдаса, ал тек 36% Кеннедиді қолдады, алайда алдын-ала сайлау қарсаңында екі үміткердің де мүмкіндіктері теңесті.
Барлық нәтиже Кеннедидің үгіт-насихат жұмыстарында емес, маңызды мәселе Хэмфридің қаржысы Кеннедиден аз болды. Вест-Вирджиния штатындағы сайлау науқаны кезінде Хамфри 25 мың доллар жұмсады. Бұл Америка көлемінде көп ақша емес. Ал Кеннеди тек телевидение арқылы жарнамаға 34 мың доллар жұмсады.
Міне, 10 мамыр алдын-ала дауыс беру басталды. Кеннеди өзінің қажырлы еңбегіне қарамастан, өзінің жеңіске жететініне сене қойған жоқ.
Ол өз сайлау штаб-пәтеріне келе салып, інісі Робартке қоңырау соғады. Ол інісі Роберттің аузынан жеңіске жеткенін естіп, қуанышын жасыра алмады. Ол Хэмфриден басым дауыспен жеңіске жетті. Барлық қауіп-қатер артта қалды. Оның бұл жеңісі демократтар съезінде де жеңіске жететінін шындыққа айналдырды.
Кеннедидің Вест-Вирджиния штатында жеңіске жетуінің маңызы зор болды. Оның жақтастарының беделіне нұқсан келді. Ол: «Діни мәселе» Кеннеди мен Хэмфридің алдын-ала сайлау науқанына кедергі келтіреді және демократиялық партия жетекшілері бірауыздан президенттікке кандидат деп Саймингтонды атайды, - деп ойлады. Бірақ, бұл ұсыныс өзін ақтамады. Вест-Вирджинияда Кеннеди ашық жеңіске қол жеткізді. Ал Саймингтон негізгі үміткерлер қатарынан шығып қалды.
Кеннедидің қарсыластары Стивенсон мен Джонсон Кеннедидің протестанттық штатта мұндай жетістікке жетуін күтпеген еді. Бірақ екеуі де Кеннедиге қарсы күресте жеңіске жететін жолдамыз,- деп есептеді.
Джонсон Кеннедиге қарсы бағытталған сайлау компаниясын қарқынды түрде кеңейте түсті. Джонсон өзінің әр сөзінде Кеннедиді АҚШ президенті болуға әлі жас және тәжірибесіз деп айтудан жалықпады.
Кеннеди болса өз қарсыластарының сынаған сөздеріне көңіл аудармады. Ол негізгі назарын өзінің сайлау компаниясының ұйымдастырылу жұмысына аударды. 1960 жылы ол демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне бірден-бір үміткер екенін дәлелдеді.
Кеннеди өзінің басқа қарсыластарына қарағанда штаттарда ең көп үгіт-насихат жүргізген, митингілер ұйымдастырған кандидат болды. 1960 жылға қарай Кеннеди болмаған штат қалмады.
Кеннеди жақтастары жергілікті демократиялық партия ұйымдарының алауыздылығын тиімді пайдаланды.
Кеннеди жақтастары кейбір штаттардың партия жетекшілеріне мынадай әдіс қолданды. Олар партия жетекшілерімен өзара «бейтараптық» туралы келісімдерге барды. Бұл әдіс Огайо және Калифорния штаттарының губернаторларын бейтарап қалуына ықпал жасады./14/
Маусымның соңына қарай Кеннедидің табыстарын былай суреттеуге болады. Ол Жаңа Англияның 114 даусына сенді және АҚШ солтүстік-шығыс штаттары – Мичиган, Нью-Иорк, Делавер, Индиана, Мэриленд, және Огайо оған 265 дауыс беруі керек болды. Сөйтіп, Кеннеди Лос-Анжелестегі демократтардың съезінің ашылуына дейін сайлаушылардың 550 даусына сене алды. Мұндай жетістікке басқа кандидаттар жетпек түгілі, мұндай сандар туралы армандай да алмады.
Кеннеди жеңіске жетуіне мынандай бірнеше факторлар өз әсерін тигізді.
Біріншіден, Кеннеди әулеті Уолл-Стритпен тығыз байланыста болған Бостан монополис топтарының қатарында болды және аймақтық монополистік топтардың талаптарын толық қанағаттандырды. Джон Кеннеди АҚШ-тың солтүстік-шығыс монополистерінің көңілінен толық шыға білді. Кеннеди билікке келуге ұсыныс жасаған кезде монополистер демократтармен күресте еш кедергі жасаған жоқ.
Екіншіден, Кеннеди сайлау науқаны барысында басқа кандидаттардан анағұрлым көп қаражат жұмсады. Стивенсон, Хэмфри және Джонсонның әрқайсысы сайлау компаниясына 250 мың доллар жұмсаса, Саймингтон 350 мың доллар жұмсады. Ал Кеннеди болса 1 миллионға жуық қаржысын жұмсады. Баласына белсене көмектескен Джозеф Кеннедидің байлығы 400 млн. долларға жетті.
Үшіншіден, Кеннеди өзіне шын ниетпен берілген және өте қабілетті жасақталған сайлау компаниясын құра білді. Кеннеди өзінің қарсыластарына қарағанда әлдеқайда көп адамның көмегімен пайдаланды.
Төртіншіден, маңызды ролді Кеннедидің өзінің белсенділігі ойнады. 1956-1960 жылдар аралығында демократиялық партияның ешбір өкілі Кеннеди сияқты көптеген штаттарда болған жоқ. Осылай ол көптеген адамдарды өз жағына қарата алды.
Бесіншіден, Кеннеди Эйзенхауэр үкіметінің сыртқы және ішкі саясатын сынау сияқты өткір қаруды кеңінен қолданды. Ол «жаңа көкжиектер» бағдарламасын ұсына отырып, егер президент болған жағдайда АҚШ саясатына түзетулер енгізетінін мәлімдеді.
Осылайша, Джон Кеннеди Нью-Иорк монополистік таптарын, үлкен қаражатты, нәтижелі сайлау компаниясын, өз белсенділігін, шебер әдісті және республикандықтардың сыртқы саясатына қарсы өткір сынды қолдану арқылы жақындап келе жатқан демократиялық партияның съезіндегі жеңіске жақындай түсті. /15/
Шешуші күрес уақыты таянды. 1960 жылы шілдеде Лос-Анжелесте демократиялық партияның ұлттық съезі ашылды.
Лос-Анжелеске Кеннедидің барлық қарсыластары жиналды. Демократиялық партияның ұлттық комитеті, сонымен қатар Кеннеди, Джонсон, Стивенсон, Саймингтон барлығы «Балтимор» отеліне орналасты. Американдық телерадио компанияларының өкілдері де осында орналасты.
Джон Кеннеди демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер болу үшін барлық мүмкіндікті жасады. Ол шешуші сағатты күтті.
Дауыс беру басталды. Ол Алабама штатынан басталды. Алабама штаты Джонсонға 20 дауыс, Кеннедиге 3,5 дауыс, Саймингтонға 3,5 дауыс және Стивенсонға 0,5 дауыс береді. Иллинойс штаты Кеннедиге 100 дауыс береді. Бұл сан ары қарай өсе береді. Айова штаты – 200 дауыс, Массачусетс штаты – 300 дауыс, Нью-Иорк штаты – 500 дауыс, ал Пенсильвания штаты Кеннедиге – 650 дауыс береді.
Дауыс беру кезегі Вашингтон штатына келгенде Кеннедиге 748 дауыс беріледі. Кеннеди 763 дауыс жинады. Бұл демократиялық партиядан президенттікке үміткер атану үшін талап етілетін нәтижеден әлдеқайда асып түсті. Бұл көптен күткен жеңіс еді.
Дауыс беру аяқталған кезде Кеннедиге 896 дауыс, Джонсонға 409 дауыс, Саймингтонға 86 дауыс, Стивенсонға 74,5 дауыс және басқа кандидаттарға 140,5 дауыс берілді. Кеннедидің келесі және соңғы қарсыласы Никсон еді.
Джон Кеннеди бұл күресте де шығыс және солтүстік-шығыс штаттарының партиялық жетекшілерімен қатар оңтүстік штаттарының демократиялық партия ұйымдарының қолдауына сүйену керек екенін түсінді. Ол өзінің қарсыласы Джонсонды вице-президент постына лайықты деп шешіп, оның кандидатурасын ұсынды. Джонсон Техастың іскер топтарымен кеңесе келе бұл ұсынысты қабылдады.
Бұл күні Кеннеди жақсы көңіл-күйде болмады. Оның жүзінен шаршағандық байқалып тұрды. Ал Никсон президент байқауында өзіне әлсіз қарсылас табылды деп ойлады.
Джон Кеннедидің АҚШ президенті қызметі үшін күресі шешуші кезеңге де келіп жетті. Кеннедидің қарсыласы – вице- президент Никсонның жағдайы Кеннедиге қарағанда тәуірірек еді. Никсон америкалық сайлаушыларға жақсы танымал еді. Оны президент Эйзенхауэр белсенді түрде қолдады. Никсонды барлық республикалық партияларда және монополистік БАҚ-тың көптеген газеттерінде мақтап жариялады. Көптеген жетекші саяси шолушылар Никсонның президент пост қызметіне лайық екенін сенімді түрде мәлімдеді. Президенттік сайлау компаниясының алғашқы кезеңінде қоғамдық пікір сұрауларына сәйкес Никсон Кеннедидің алдында еді.
Кеннедидің жақтастарына бір нәрсе анық еді: өз қарсыласын тек «қатыгез күресте» ғана жеңуге болатын еді. Сонымен қатар оған аздаған сәттілік керек еді. Айта кету керек, сәттілік бұл жерде Джон Кеннеди жағында болды. Сайлау компаниясы барысында Никсон Кеннедидің Ақ үйге жолын жеңілдететін көптеген қателік жасады.
Лос-Анжелестегі съездегі Кеннедидің жеңісінен кейін де демократиялық партияның ахуалы шиеленіскен жағдайда қалды. Партияның либерал қанаты Кеннедидің вице-президенттікке үміткер ретінде Линдан Джонсонды таңдау туралы шешіміне өз наразылығын білдірді.
Кеннедидің маңызды мәселелері болып демократиялық партияның аға буын өкілдері – Гарри Трумэн, Рузвельт ханым және Эдлай Стивенсонды өз жағына тарту еді.
Оларды өз жағына тарту үшін Кеннедиге көп еңбек етуге тура келді. өйткені, Лос-Анжелестегі съезге дейін Трумэн, Рузвельт ханым және Стивенсон Кеннедидің президент қызметіне үміткерлігіне қарсылығын білдірген еді. Кеннеди олармен кездеседі. Ол Стивенсонмен әңгімелеседі, Элеонора Рузвельт үшін оның Райд-парктегі үйіне барады. Гарри Трумэнмен кездеседі. Кеннеди олардың барлығынан көмек сұрайды. Бұл қолдау оған уәде етіледі. өйткені әңгіме республикандықтарды жеңу жөнінде және Эйзенхауэрдің кетуінен тек Кеннедиге ғана емес, сонымен бірге жүздеген демократтарының жақтастарының мемлекеттік билікті иелену мүмкіндігін қамтамасыз ету жөнінде еді./16/
Кеннеди Никсонмен күрестің бағыты мен әдістері қарастырылған бірнеше кеңес өткізеді. Бұрынғыдай-ақ негізгі назар сайлау компаниясының ұйымдастырылуына бөлінеді. Енді бұл жерде Кеннеди өз қызметіне демократиялық партияның бүкіл аппаратын қояды.
Ұйымның негізіне Лос-Анжелестегі жеңіске дейін де Кеннеди тобын қолдаған ескі жақтастары алынды. Алайда, оларға мыңдаған ұйымдастырушылар қосылды. өз ұйымының демократиялық партияның ұлттық комитет ұйымымен бірігу жөніндегі нақты шешімді қабылдай отырып, Кеннеди бұдан кейін ұйымдастыру мәселелерімен айналыспаймын деп шешті. Демократтардың бүкіл сайлау ұйымдарының басшысы ретінде Джон Кеннеди өз інісі Роберт Кеннедиді қояды. Оның негізгі көмекшілері болып сол бұрынғы адамдар – О’ Брайн, О’ Доннель, Джон Бэйли, Стефан Смит және Пьер Селинджерлер қалады. Американдщықтардың басым көпшілігіне өзінің жеткілікті түрде танымал емес екендігін түсіне отырып, Кеннеди өзінің бүкіл қуатын қоғамдық үндеулер мен теледидар бойынша үгіт-насихат жүргізуге бағыттау керек деп шешті.
Бүкіл елде «Азаматтар Кеннеди үшін» ұйымы құрылады. Басты назар Кеннеди ұстанымы күшті емес батыс штаттарға аударылды. Бұл аудандарға президент үміткерінің екінші інісі Тэд Кеннеди жауап берді. Гарри Трумэн Кеннеди үшін баптистер арасында үгіт-насихат жүргізуді қолға алды. Эдлай Стивенсон Каллифорния бойынша көмектесуге уәде берді. Сенатор Хэмфри Минисота штаты бойынша өз қызметін ұсынды. Джозеф Кеннедидің айтқаны дұрыс келді. Демократтар арасындағы барлық келіспеушіліктер уақытша тоқтай тұрды. Олар тек қана бір нәрсені – Никсонды қалай жеңуді ойлады?.
Алайда, бүтіндей алғандағы жағдай күрделі болды.
Президенттік сайлау компаниясын ұстап тұру үшін Кеннеди әулетінің жеке байлығы ендігі жерде жеткіліксіз бола бастады.
Никсонның жеңісін күткен көптеген ықпалды іскер адамдар үлкен көлемдегі қаржыларын республикандық партияның адресіне бағыттады. Никсонға бағытталған қаржы 1952-1956 жылдары Эйзенхауэрге бағытталған қаржыдан асып түсті. Монополиялар, әрине, демократиялық партиядан президенттікке үміткер туралы да ұмытпады. Олардың көпшілігі өз қаржыларын Никсонның да, Кеннедидің де сайлау қорларына құюды жөн көрді.
Кеннеди өзінің сайлау компаниясында Эйзенхауэр үкіметінің сыртқы саясатындағы сәтсіздігін пайдаланды.
Кеннеди сайлау митингілерінде республикалық үкіметтің қызметін қатты сынға алды. Ол американдықтардың назарын әлемде АҚШ-тың ролі төмендеп бара жатқанына аудартты. Кеннеди американдықтарға «бір жерде отыра бермей», Американы алға сүйреуге уәде берді. Кеннедидің Американың ішкі және сыртқы саясатына деген қанағаттанбаушылығы туралы мәлімдемелері халық арасында көп қолдау тапты. Американдықтардың басым көпшілігі АҚШ саясатына наразылық білдірді.
Көп жағдайда Никсонды өзіне деген сенімділік сәтсіздікке ұшыратты. өзін жақсы шешен деп санаған Никсон Кеннедимен бірге телевизиондық бағдарламалар сериясына түсуді ұсынған кезде қатты қуанды. Бұл бағдарламалар екі үміткер арасындағы күресті тудыруы керек болды. Кеннеди басымдылықты осы пікір-сайыс арқылы алуды көздеді.
Кеннеди вице-президентпен пікір-сайысқа түсе отырып, өзінің жеке беделін көтере білді және өзіне деген «жас әрі тәжірибесіз үміткер» пікірінен арыла алды. Никсон пікір-сайыс арқылы Кеннедиді жеңу оңай деп ойлады.
Барлық республикандықтар, соның ішінде Дуайт Эйзенхауэр Никсонға Кеннедимен телевизиялық пікір-сайысқа түспеу жөнінде кеңес берді. Бірақ, Никсон бұл кеңестен бас тартты.
Телесұхбат ұйымдастыру жөніндегі екі жақты келіссөздер 1960 жылы жазда басталды. Келіссөз барысында төрт сұхбат ұйымдастыру келіссөзге қол жеткізілді және олардың әрқайсысы бір сағатқа созылатын болды.
Кеннеди мен Никсон арасында бірінші телевизиялық пікір-сайыс 26 қыркүйекте Чикагода өтті. Бұл бағдарлама бүкіл елге таратылды. Американ үкіметінің ішкі саясаты талқыланды. Телебағдарлама 8.30 да басталды.
Кеннеди бірінші сөзінде Эйзенхауэр үкіметін қатты сынға алды. Ол АҚШ-тың экономикалық жағдайына және даму қарқынына көңілі толмайтынын білдірді.
Никсон Кеннедиден республикалық үкіметке бағытталған сынды күтпеді. Бірақ, ол Кеннедидің пікірімен келісе отырып, үкіметтің қызметін қорғауға талпыныс білдірмеді.
Кеннеди Никсонға қарағанда БАҚ өкілдерінің сұрақтарына сәтті жауап беріп отырды. Бірінші сұхбат аяқтала салысымен американ баспасөзі «Никсон олардан жеңілді» деген мақалалар жариялай бастады.
Никсон мен Кеннеди арасындағы телесұхбаттар 7,13 және 21 қазан күндері өтті. Қорытынды бағдарлама Нью-Иоркте болды.
Америка сыртқы саясатын талқылау кезінде Кеннеди АҚШ мәртебесінің жаппай құлдырап жатқанын атап көрсетті. Никсон, керісінше, АҚШ мәртебесінің даму шыңына жеткендігін айтты.
Кеннеди мен Никсон арасында өткен телевизиялық пікір-сайыстардың америка сайлаушыларына қаншалықты әсер еткенін айту қиын. әр бағдарламаны 50 ден 75 млн-ға дейін көрермен тамашалады. Кейбір есептеулер бойынша 3 млн-ға жуық сайлаушы, осы бағдарламадан кейін ғана қай үміткерге дауыс беру туралы шешім қабылдаған. Көрнекті саяси шолушылардың барлығына дерлігі американдықтардың көпшілігі Кеннедиге дауыс беруді дұрыс көретінін мәлімдеді./17/
1960 жылы 8 қарашасында АҚШ-та президенттік сайлау өтті. Кеннедиге барлық сайлаушылардың 49,7%дауыс берсе, Никсонға 49,6% дауыс берді.
Кеннеди Никсонды Жаңа Англия және шығыс штаттарда жеңді. Сонымен қатар, Линдан Джонсонның ықпалы басым оңтүстік штаттарда да басым болды. Орта Батыс штаттарында Кеннеди мен Никсон тең нәтижеге қол жеткізді. Республикандықтардың батыстағы дәстүрлі ықпалы Никсонға жеңіс әкелді. Кеннеди Нью-Иорк, Нью-Джерси, Массачусетс, Пенсильвания, Мичиган, Техас сияқты штаттарда басым түссе, Никсон тек негізгі екі штат – Огайо мен Калифорнияда ғана жеңіске жетті.
Кеннедидің сайлауда жеңіске жетуі барлық сайлау науқаны барысында белгісіз болды. Бірақ бұл шешуші нәтижені өзгерте алмады. Джон Кеннедидің Ақ үйге деген жолы аяқталды. Оған тек АҚШ президенті қызметіне ресми түрде кірісетін ұлықтау рәсімін күту ғана қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет