Дүниежүзі қазақтарының басын қосқан тұңғыш құрылтайдың шақырылған кезінен бесінші құрылтайдың арасын уақыт өлшемімен cанасақ 25 жылдың жүзі болады екен. Төрткүл дүниеге тараған қандастарымыздың бірінші құрылтайға жиналған кезінде олардың кіндік қаны тамған атамекені жайлы, ата-баба жеріне оралу туралы қуаныш пен күдікке толы ойларымен, V-ші құрылтайдағы өзгерістерді салыстырып көрсек, өткен 25 жыл уақыт – бірнеше ғасырлық уақытқа тұратындай өзгерістерге ұйтқы болған мерзім екенін байқауға болады.
Тәуелсіздігімізді алып дербес мемлекет болғаннан кейін әлемге тарыдай шашыраған ағайынға көңіл бөлетін жағдай туды. Оған дейін шетелде қазақтың бар екенін білсек те іздеуге, сұрауға мүмкіндік болмай келді. Біздің еліміз шетелдегі қандастарымызға шыңдап назар аудара бастауы тәуелсіздікпен бірге оянды.Қазақстан республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ ұлтына деген ең басты атқарған ісі мен игі әрекеті - Дүниежүзі қазақтар Құрылтайы шақырылды. Міне, осындай ұлт үшін жасалған игі істердің бірі төрткүл дүниеге шашылған қазақтың басын атамекенде қосты.
Сыртқы саясатта көрші елдермен бейбіт дипломатиялық қатынастар орнауының арқасында шет елдермен сауда, мәдениет, достық қарым -қатынастар орнды. Алыс және жақын шет елдегі қазақ диаспорасына деген көзқарас дұрыстала бастады. Елбасымыздың нақты тапсырмасы арқасында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 27 тамыз 1992 ж.№ 709 қаулысы шығып Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әзірлену мен оны өткізу туралы нақты жұмыстар қолға алынды [1,92б.].
Осылайша, тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Президентінің төрағалығымен күллі дүниедегі қазақтардың басын біріктіріп, ата-баба үрдісімен дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өтті.
Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына Түркия, Германия, Швеция,Норвегия, Франция, Монғолия, Ресей, Қырғыстан, Түркменістан, Өзбекістан, тағы басқа алыс және таяу шет мемлекеттерден яғни, 33 елден, сонымен қатар 800-дей Қазақстан облыстарынан келген өкілдер қатысты. Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайының қарарымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Республика Президенті, Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы болып сайланды[2].Төрағаның бірінші орынбасары көрнекті қазақ жазушысы Қалдарбек Найманбаев, төрағаның орынбасары драматург, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев болып бекітілді.Құрылтайдың ашылу салтанатында Елбасы,Н.Ә.Назарбаев: «Қайта оралуға осында өзін күтіп тұрған жазадан қорқып,мыңдаған адам туған жерді бір көруге зар болған күйінде өмірден өксіп өтті. Біз демократиялық мемлекет, адам құқығын қорғайтын қоғам құру жолына түскен ел ретінде тоталитарлық жүйе санамызға сіңірмек болған мұндай тарихи әділетсіздікті, мұндай қатыгез идеологияны түп– тамырымен айыптаймыз» деді
Құрылтайға барлық елдердегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысып, жүздесті. Қазақтар көз жазып қалған ағайындарымен қауышты, ағасы-інісін, інісі-ағасын тауып, көкейдегі армандарын айтты. Құрылтайға қатысқандар халқының өткеніне көз жүгіртті, болашағын болжады, қазақ диаспорасының көкейтесті мәселелеріне тоқталды. Атамекен қазақ диаспорасы өкілдерін қазақ халқының тұңғыш Президентінің сөзімен айтқанда «құшағымыз бауырларға айқара ашық», деп қабыл алды. Құрылтайда қазақ диаспорасының көптеген өзекті мәселелері шешімін тапты.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, бағдарламаның келесі кезеңі аясында шетелден келуге ниетті қазақтарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығы саласына кеңінен тартудың жолдары қаралатын болады. Ол үшін шеттен келген мамандарды қажеттілікке байланысты орналастырып, қайта даярлау мен оқытуды қамтамасыз ету көзделген. Айта кетейік, «Нұрлы көш» шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Атажұртқа қоныс аудару үдерісін реттейтін бағдарлама. Ол алыс-жақын шет елдерде тұрып жатқан қазақтарды және еліміздің қолайсыз аудандарында тұратын Қазақстан азаматтарын тиімді орналастыруды, оларға қолайлы тұрмыстық жағдай туғызуға және шоғырландырға бағытталған. Қазақстаның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оның операторы саналады. "Нұрлы көш" бағдарламасы бастапқы жылдары Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырыла бастаған болатын. 2010 жылы бұл бағдарлама тағы 5 өңірде жүргізіле бастады. Олар: Ақмола облысының Степногор қаласындағы Қарабұлақ ауылы, Ақтөбе облысы Хормтау ауданындағы Көктал ауылы, Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласы, Қостанай облысы Қостанай ауданындағы Заречный кенті, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылы. Биылғы жылдың дерегі бойынша, Қазақстанның 20 жылдық тәуелсіздігі жылдары тарихи отанға 823 196 адам қайтып оралған.
Достарыңызбен бөлісу: |