Дөңгелек үстел
Тақырыбы: «Қазақ топонимдерінің шежіресі»
Күні: 28.04.2016 ж.
Мақсаты: географиялық атаулардың шығу тегін және мағынасын ашу арқылы оқушылардың географиялық танымдылық білім шеңберін кеңейту.
Алғы сөз:
Бүгінгі дөңгелек үстел 2015-2016 оқу жылындағы тарих және география пәндерінің апталығының аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл дөңгелек үстелдің өткізілуіне ұйытқы болған қазіргі таңдағы елді-мекендер мен жер-су аттарының өз төл атауларынан бұрмаланып, қазақи тілге ыңғайласуы.
Қай атаудың айтылуы дұрыс? қай атау қазақша айтылуы керек? Негізі осы сұрақтарға жауап табу үшін көптеген жұмыстар атқарылуы керек.
Сол жұмыстарға бастама ретінде біз оқушыларымыздың тікелей атсалысуымен осы төңіректе сөз қозғайық деп шешім қабылдадық. Оқушыларымыз қазақ топонимдерінің тарихын білсің, біле тұра білімдерін орынды пайдалансын, білімдеріне білім қоссын деген мақсатта ұйымдастырып отырмын.
Дөңгелек үстел барысы:
Жоспар:
Ақтоты: Топонимика және география.
Камиля: Топонимиядағы ұғымның дамуы.
Нұрмұқан: Орта Азия мен Қазақстан аймағының географиялық атауларының этимологиясын зерттеу.
Ыбырай: Орыс ғалымдарының Қазақстан топонимдерінің монғол, араб, парсы және де басқа халықтардың лексикасымен байланыстылығын зерттеулері.
Аяжан: Жергілікті гидронимдер, оронимдер, ойконимдер және олардың этимологиясы.
Данияр: Қазақстан топонимикасының даму тарихы.
ТОПОНИМИКА ЖӘНЕ ГЕОГРАФИЯ.
Географтар әрқашан географиялық атауларды оқуға көп көңіл бөлді. Топонимика арқылы кейбір территориялардың физико-географиялық ерекшеліктерін, тұрғындардың мінездерін, елді мекендердің құрылу спецификасын және т.б. білуге болады.
Осылай халықтық этимология пайда болды, ереже бойынша шындықпен сәйкес келмейтін және басқа жаңа әлемге апаратын ассоциациялар туындады.
Мысалы, Обь өзені - «апа немесе тәте өзені», Катунь өзені - «ханым», Бия өзені – «мырза, бастық» және т.б.
Географиялық атаулардың алғашқы этимологиясы нигилизмге әкелді, яғни олардың семантикасын түсіндіруіне мүмкіндікті жоққа шығарды. Көптеген ерте топонимдердің, әсіресе өзен атауларының мәнін ашу қате болса да, кейіннен ол қызықты ғылыми ашылуларға әкеледі.
Географиялық атаулардың тілдік қатыстылық пен жұрнағы әрқашан сәйкес келе бермейді. ТМД территориясында шетелдік атаулар орыс грамматикалық жалғаулар, жұрнақтармен өңделеді. Мысалы, Е.М. Поспеловтың анықтауы бойынша, «атаулар арасында орыс жұрнағы «ово» сияқты фин (Токсово, Кавголово, Мухтолово), чуваш (Янтуково, Аблязово), және мордва (Пичкасово, Пургасово, Мечасово), және басқалардан табуға болады». Орыс «қалалық» жұрнақ «ск» сонымен қатар славян емес қалалардың атауларында да кездеседі екен: Уральск, Томск, Ачинск, Мурманск және т.б.
Славяндық топонимдер түріктер сияқты тек бір ғана етістіктен жасалмауы мүмкін. Орта және Орталық Азияда сөйлем құрайтын мынадай атаулар бар: Барсакелмес – «барсаң-қайтып келмейсің»; Кулан олди – «құлан өлді», Джульбарс аткан кол – «барысты аулаған алқап» және т.б.
Топонимиканың табысты дамуы үшін география мәнінің зор екенін тек географтар ғана емес, сонымен қатар топонимикалық зерттеулермен айналысатын лингвистер де мойындайды. Осыған қатысты филологиялық ғылымдардың докторы Ю.А. Карпенконың еңбегінен көруге болады. Оның аты автордың позициясын көрсетеді: «Лингвистика – география – тарих, яғни топонимикалық этимологияның мәселелері)».
Географиялық атаулардың этимологиясы автордың айтуы бойынша № 1 мәселе болып табылады. Егер географиялық тарихына мән аудармасақ, этимологиялық әдістің тұрақсыздығы мен таластары бола бермек.
ТОПОНИМИЯДАҒЫ ҰҒЫМНЫҢ ДАМУЫ.
Топонимика - географиялық атаулардың пайда болуын, мағынасын, дамуын, қазігі жағдайын, оларды белгілеуді зерттейді. Топонимия - қандай болмасын аумақ атауларының жиынтығы.
Н.А.Баскаковтың классификациясы бойынша, топонимдер — морфологиялык, семантикалық болып бөлінеді. Осының ішіндегі топонимдер жасалуының морфологиялық жағын алатын болсақ, сөз таптары карастырылады. Яғни топонимдердің жасалуына сөз таптары — зат есім, сын есім, сан есім, етістік,есімдік, үстеу қатысады.
Зат есімнен жасалған күрделі топонимдер бірнеше сөзден құралуы мүмкін, мысалы, Шалқартеңіз, Бетпакдала, Құрқамыс, т.б. Көбінесе, топонимдер негізгі сын есімдерге ак, қара, қызыл, сары, шұбар,ащы, жалпақ, жуан, жаңа, сұлу, суық, терең, төмен, ұзын сиякты, т.б. географиялык жалпы атаулар қосылуы арқылы жасалады. Мысалы, Сарыесік, Қарабұлақ, Қызылқүм, Сарысу, Шұбартау, Ащысай, Жалпактөбе, Жамансор, Жаңақорған, Сұлутөбе, Тереңөзен, Ұзынкөл, т.б. Сын есімдерге өсімдік аттары қосылуы арқылы да жасалатын топонимдер: Қаратал, Көктал, Сарыағаш, Ұзынағаш, т.б.Сын есімге жануар аттары қосылу арқылы жасалатын топонимдер: Алаайғыр, Арықбалык, Жиренайғыр, т.б. Сын есімнің — лы, лі, ды, ді, ты, ті жұрнағы арқылы жасалган топонимдер: Алматы, Жусалы, Жыңғылды, Шиелі, Шідерті, Жымпиты, Сексеуілді, Темекілі, т.б.
Сын есімдерге сан есім қосылу арқылы жасалған топонимдер: бір, екі, үш, бес, жүз, мың, т.б. Біршоғыр, Бесшоқы, Қосқұдық, Үштөбе, Бесарық, Жүзағаш, Мыңарал, Жалғызтөбе, Төрткүл, т.б.
Бір ғана есім сөзден жасалған топонимдер (кісі атына байланысты): Наурызбай, Байқадам, Байқабыл, т.б. Ру атына байланысты: Кыпшақ, Қоңы рат, Айдабол, т.б. Халық атына байланысты : Қырғыз, Ұйғыр, т.б.Ілік септік пен тәуелді жалғаулы сөз тізбегі арқылы жасалған топонимдер:Алматы каласы, Бұланды ауданы, Ескене кенті, Шу стансасы, т.б. Есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен түрлеріне аяқталатын топонимдер: Қаракеткен, Көшкентау, Шамалған, Итқырылған, Тайсойылған, Атқырылған, Қалғантау, т.б.
Есімшенің -ар, -ер, -с формаларына аяқталған топонимдер: Отырар, Тұрар, Далақайнар, Қайнар, Қойбағар, Барсакелмес, Тастұрмас, Оқжетпес, Козжетпес, Құсжетпес. Жедел өткен шақты етістіктің -ды, -ді формаларына аяқталатын топонимдер:Қарауылкелді, Байқоңды, Қожакелді, т.б.
Сан есім арқылы жасалған топонимдер: бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, жалғыз, қос, жүз, мың сан есімдерімен жасалады. Мысалы,Бірсуат, Екішек, Екісор, Үшқамыс, Үшбидайық, Төрткұлақ, Төртқұдық, Бесқонақ, Алтыайғыр, Алтыбас, Жетікөл, Тоғызкен, Тоғызкүн, Қосқұдық, Қосқарағай, Жалғызқайың, Жүзағаш, Мыңадыр, т.б.
Етістік тұлғалардың қатысуы арқылы жасалған топонимдер: дара, біріккен және күрделі тұлғада кездеседі. Дара тұлғалы етістіктен жасалған топонимдер:Қозған-кол, Кепкен-тау. Біріккен тұлғадағы (зат есім+сын есімнен тұратын) етістік: Бурылбайтал, Бөрлітөбе жерлері, Тасарал, Қарақұм шөлдері, т.б. Үш сөзден тұратын , оның бірі етістік болып келетін топонимдер: Айтуғансай — село, Көкатсойған — бұлақ (Қарағанды обл).
Етістіктің өзі есімше, көсемшеге және түрлі шақтарға (өткен, осы, келер шак) бөлінетін болатындықган, есімшенің -ган, -ген, -қан, -кен формаларына аяқталатын топонимдерге жатады: Жезқазған, Қаракеткен, Шамалған, Иткырылған, Тайсойған, Атқырылған,Қалғантау, т.б.
Ал топонимдер жасалуының семантикалық жағы болса, түрлі атаулардың мағынасына сай койылуы болып табылады. Оған төмендегідей мысалдарды келтіруге болады.
1. Адам атынан қойылған: Жәнібек. Ескендір, Өтеген, Шоқай, т.б.
2. Жер бедерін білдіретін: Ескентау, Жуантөбе, т.б.
3. Су көздерінің аттарынан: Тұзкөл, Тассуат, т.б.
4. Ағаш атауларынан: Қарағайлы, Қайынды, Тіктоғай, т.б.
5. Ру, тайпа аттарынан қойылған атаулар: Қаңжығалы көлі, Калмаққырған жері.
6.Өсімдік атауларынан: Талды — аудан, Құрқамыс-разъезд.
7. Адамдардың қызмет, кәсібін көрсететін: Темірші — жер, Балуанкөл — көл.
ОРТА АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН АЙМАҒЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ АТАУЛАРЫНЫҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫН ЗЕРТТЕУ.
Орта Азияның топонимикалық сюжеттерін зерттеп айналысуда А.Вамбер, В. Радлов және В. Бартольдтың еңбектері өте зор. Соның ішінен алматылық топонимист Г.Қ. Қоңқашбаев көптеген еңбектер жазып, қазақ географиялық халықтық терминология байлығын көрсетіп, Қазақстандағы монғол топонимикалық элементтерін, түрік тілдес терминологияны сөздіккке жүйелендіріп, топонимдердің этимологиясын ашты. Г.Қ. Қоңқашбаевтан кейін А.Абдрахманов Қазақстанның топонимдеріне лингвистикалық анализ жасады. Жетісу топонимиясын Е.Қойшыбаев зерттеді.
Қырғызстандағы республиканың географиялық атауларының сөздігі негізінен өзендер мен көлдер бассейндері бойынша құрылды. С.Умурзақов Қырғызстанның кейбір атауларының этимологиясымен таныстырып, тау асуларын білдіретін терминдерді атап өтті.
Өзбекстанда 1945 жылға дейін ташкент ғалымдарының географиялық атауларға байланысты еңбектері өте аз болды, тек содан кейін ғана он шақты пайда болды. Олардың ішінен Х.Хасанов, С.Караевтың еңбектерін атап кетуге болады.
Түркменстандағы топонимикалық зерттеулердің дамуы С. Атаниязовпен байланысты.
Тәжікстан топонимикасын оқуында А.И.Смирнов, А.З. Розенфельд, А.Л.Хромов басты кейіпкерлері болып табылады. Әзірге Тәжікстанның өзіндік топонимикалық сөздігі жоқ.
Орта Азия мен Қазақстан географиялық атауларын айтарда, олардың республика астаналарының атауларының шығу тегіне қысқаша тоқталайық.
Алма-Ата. Қарапайым аудармасы— «алмалардың атасы», бірақ қазақша негізі Алматы — «алмалық». 1854 жылы мұнда осындай атпен Іле қорғанысы қаланды. Келесі жылы ол Верный қаласына ауысты. 1921 жылы Қазан төнкерісінен кейін қазақша топоним Алма-Ата формасы қалыптасты. Негізінен Алматы өз атын Үлкен және Кіші Алматинка өзендерінен алды. Тарихи деректерге сүйенсек, мұнда орта ғасырда Алматы қаласы болған, кейбір шығыс авторларында ол Алмалык деп аталды.
Қонкашбаевтың ескертуінше, Алматы формасы ежелгі түрік Алмалық нұсқасын ауыстырған. ( Алмалық —Ташкент облысындағы қала), яғни «алманың көп болуы». Түркілік формант «лық» монғол форманты «ты» жалғауымен орын ауысты. Номинханов Алма-Ата қаласына арналған мақаласында монғол форманттарын -ту, -тай, -тэй, -той, -та қолданған. Сондықтан Қазақстандағы –ті жалғауымен аяқталатын атаулар - Өлеңті, Яманты, Ар-шаты, Тарбағатай және т.б. монғол тегінен алынған.
Ашхабад, түркмендік негізі— Ашгабат — «сүйікті, жағымды жер».
Ертеде ол Ахалтеке оазисінде ауыл, кейін Каспий маңы облысында орталық болған. Армян лингвисті Гр. Капанцян 1940 ж. Аштарак армянша «мұнара», жүк, агарак сөзін семиттік аштар, Иштар құдайы, Астарт сөздерімен сәйкестендірді. Ең алғаш топоним этимологиясын А. Вамбери 1891жылы : «Каспий маңындағы Ашхабад деген қала «Махаббат орны» деген мағынаны береді. Арабша ашх—«махаббат» және парсыша абад—«орын, тұрақ, орналасқан жері» деп ұсынған
Ашхабад 1881 жылы құрылған. 1919 жылы дейін Асхабад, 1927 жылға дейін—Полторацк деп айтылды.
Душанбе.1925 жылға дейін Дюшамбе қыстағы деп аталды. 1929 жылы қыстақ сақталған 1925 жылы қала болып өзгерді. 1929 жылдан1961жылға дейін Сталинабад, кейін бұрынғы атауы қайта аталды. Топонимнің этимологиясы қызықты. Дюшамбе қыстағында базар күні дүйсенбі болып саналды, яғни «аптаның екінші күні». Сешамбе топонимі — «аптаның үшінші күні, сәрсенбі», Якшам-бе — «аптаның бірінші күні, жексенбі» және т.б.
Нукус, қарақалпақша түпнұсқа— Нoкис, Әмудария дельтасында орналасқан, Қарақалпақстанның орталығы. Б. В. Андрианов есептеуінше, атаудың негізі этноним, тайпа аты Чимбай, Кунград, Қыпшақ, Ходжейли, Манғыт, Қытай топонимдеріне сәйкес келеді. К. Әбдімұратов иран тіліндегі ұғымды ұсынды: ну — «тоғыз», кэс— «адам» арбакеш — «арбаның адамы, тасымалдаушы». Э. М. Мурзаев Орта Азия мен Иран елді мекендерінде «тұрақ, үй, орын» деген мағынасын берген.Сондықтан, Нукус, Нoкис, Нукеш— «тоғыз үй, тоғыз қоныс» деп айтқан қисынды.
Ташкент, өзбек негізі — Тошканд. Негізінен Таш + кент — «тас қала» деп аударылады. Араб географтарында Ташкент Бинкет есімімен белгілі.
Е. Д. Поливановтың ойынша, атаудың бастапқы бөлігі таж немесе тажи деген негізден құралған — қазіргі таджик. Бұл этникалық термин үлкен эволюцияға ұшырады. Е. Д. Поливанов мынадай гипотезаға келеді: Ташкент – араб жаулаушылары қаласы, мұсылмандар қаласы, таджиктер қаласы. Бірнеше ғасырдай бұрын Ташкентте тәжік тілі ресми тіл болған.
Өзбектер өз астанасының атауын тәжік қаласы немесе Шаш қаласы емес, «тас қала, тастан жасалынған қала.
Фрунзе (Бішкек). Қырғызстанның астанасы өз атауын Коммунистік партияның өкілі және кеңестік атаман М. В. Фрунзенің атымен 1926 жылы аталды. Оған дейін— Пішпек болды. Қала 1878 жылы әскери бекініс орнында қаланды. Пішпек топонимінің шығуы осы уақытқа дейін жұмбақ болып келеді.
ОРЫС ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ТОПОНИМДЕРІНІҢ МОНҒОЛ, АРАБ, ПАРСЫ ЖӘНЕ ДЕ БАСҚА ХАЛЫҚТАРДЫҢ ЛЕКСИКАСЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫЛЫҒЫН ЗЕРТТЕУЛЕРІ.
ХІХ ғ. дейін ежелгі қазақ жерінде әр тарихи кезеңдерде орын алған өзге мемлекеттер мен елдер тарапынан жасалып отырған басқыншылық саясаты төлтума топонимдік жүйенің ұлттық болмысына, тұтастығына айтарлықтай ықпал ете алмады.
Қазақстан топонимдері құрамы жағынан екі бөлімнен тұрады:
1) ана тілінің негізінде; 2) басқа тілдер негізінде жасалған топонимдер.
Ана тілінің негізінде жасалған топонимдер деп шартты түрде атап отырған жер-су аттарын стратиграфиялық тұрғыдан біз:
а) алтай дәуіріндегі; ә) көне түркі дәуіріндегі; б) көне қазақ тіліндегі және
г) жаңа қазақ тіліндегі атаулар деп топқа бөлеміз. Мұның ішіндегі алтай дәуіріндегі атаулар түркі- монғол тіл бірлестігі заманын қамтиды. Ал осы топқа жататын кейбір атаулардың құпиясы ностратикалық тілдер тұрғысынан ашылады.
Ал басқа тілдер негізінде жасалды деген атаулар тобын екіге бөлуге болады:
А) сол халықтың Қазақстан территориясында тікелей болуы нәтижесінде жасалған атаулар; б) түрлі тарихи және мәдени қарым-қатынастың нәтижесінде енген кірме атаулар.
Республикамыздың картасындағы көне түркі тіліне тән топонимдер тарихының тым тереңде жатқаны байқалады. Бұған Жезқазған облысының Ұлытау маңайындағы, сондай-ақ Көкшетау, Қарағанды, Торғай, Павлодар өңірлеріндегі көне топонимдер тобы толық дәлел бола алады.
Қарлұқ қағанаты кезінде араб- парсы деректеріндегі жер-су аттары біршама дұрыс түрде кездеседі. Мәселен, бір кездегі жазбаларда Құлан, Мерке, Отырар, Шаш, Тараз, Суяб, Баласағұн, Ыстықкөл, Тон, Талхиз, Қаялық сияқты атаулар кездеседі. Бұл атаулардың көпшілігі түркі тілдерінің негізінде жасалған.
Бұл атаулардың соғды, араб атаулары да болуы мүмкін, өйткені VI-VIII ғасырларда Жетісуға соғдылар қоныс аударып көшіп келсе, VIII-IX ғасырларда арабтар Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіне бірнеше рет шабуыл жасады. Ал араб тілі мен мәдениеті осы өлкелерде X-XII ғасырларда тарады.
Ақ Орда монғол дәуірінен кейін Қазақстан жерінде түркі тайпаларының негізінде құрылған ірі мемлекеттік құрылым болды. Осы тарихи кезеңге байланысты монғол тілінен енген топонимдер Қазақстанның барлық аудандарында ұшырайды.
Әл- Идриси еңбегінде Шария деген өзен аты кездеседі. Оның картасында бұл өзен Гаган (Алакөл) көліне құятыны көрсетілген. Б. Көмеков бұл қазіргі Тентек өзеніне сай келеді деп көрсетеді. Әл–Идрисидің тағы бір еңбегінде Гамаш өзені жөнінде толық мағлұмат бар. Мұнда қимақтардың он екі қаласы Гиргир тауының солтүстік- шығыс жағында орналасқан, ол оның сегізі Гамаш өзенінің бойында дейді. Б. Көмеков Гамаш Ертіс өзені дейді. Ертістің орта ағысы орта ғасырда арб нұсқаларында Гамаш аталғанын байқаймыз.
Ерте орта ғасырлардағы араб-парсы нұсқаларындағы атаулардың қазіргі территориясын анықтау, салыстыру, оларды археологиялық жағынан зерттеу мәселесімен академик Ә.Х. Марғұлан да шұғылданды.
Ал XVII ғасырдың басынан бастап, орыс халқымен қарым–қатынастың және Қазақстанның Орыс мемлекетінің құрамына өз еркімен енуінің нәтижесінде орыс топонимдері де ене бастады. Қазақстан жерінде ең ертеден орнаған қалалардың қатарына Гурьев қаласы жатады. Кейбір зерттеушілердің пікіріне қарағанда, қала патшаның бұйрығымен 1940 жылы салынған. Қаланың аты өзінің ұлдарымен келіп, қаланы салуға тікелей көмегі тиген Гурий деген кісінің атына қойылған. Қазақстанға орыс топонимдерінің енуі XIX ғасырда кеңінен өріс алды. Қазақстанның қазіргі үлкен қалаларының көпшілігі XIX ғасырда салынды және олардың салынуы орыстардың көшіп келіп, қоныстануына тікелей байланысты болды. Орыс топонимдері тек бір қала аттарына ғана емес, деревня, поселке және селолардың аттарына енді.
ЖЕРГІЛІКТІ ГИДРОНИМДЕР, ОРОНИМДЕР, ОЙКОНИМДЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ.
Ор өзенінің этимологиясы туралы орыс ғалымы П.И.Рычков 1762 жылы былай деген болатын: «Ор деген- түркі сөзі, оның екі мағынасы бар. Бірінші мағынасы «перекоп, линия», ал екінші мағынасы «устье, отверстие, ворота». Біз П.Рычковтың «Ор-түркі сөзі» деген пікіріне қосыла отырып, бұл сөз түркі тілдеріндегі «ой», «шұңқыр» деген мағынамен орайлас па деп ойлаймыз.
Ал Ырғыз өзенінің этимологиясы чулым татарларының тіліндегі эргизу деген сөзбен түбірлес сияқты. Бұл туралы профессор А.П.Дульзон былай деп жазды: «Чулым өзенінің орта шенінде сайда орналасқан Эргоза деген елді мекен кездеседі. Оның Ызырга, Иргаза деген орысша диалектілік формалары бар. Ырғыз өзенінің аты Геродотта екі жерде кездеседі: біріншісі, IV томның 57 параграфында «Гиргис» деп аталатын өзен «Танаидқа құяды» дейді. Екіншісі, жоғарыда көрсетілгендей «Сиргис» түрінде жазылып, бұл Лик, Оар, Танаид өзендері сияқты Меотида көліне құяды дейді. Сонымен Геродоттағы Гиргис өзенінің аты Ырғыз сөзімен түбірлес деп қараймыз.
Ертіс өзенінің атауы осы формада VIII ғасырда қойылған Күлтегін мен Тоныкөк ескерткіштерінде кездеседі. Күлтегін ескерткіштерінде түркілер Алтай тауына көтеріліп, Ертіс арқылы өтіп, түркеш тайпасын жеңгендері туралы баяндалады. XI ғасырдағы М.Қашқари еңбегінде бұл атау Эртіш түрінде жазылып, оған мынадай түсінік беріледі: «Эртіш- йәмак даласында ағатын бір өзен аты. Бірнеше тармақ өзеншелерден құралған бұл өзен осы жердегі бір көлге құйылады. «Эртіш сувы» дейді. Бұл сөз судан өтерде «кім тез өтер» мағынасында қолданылатын эртіш сөзінен алынған.
Кең ұғымдағы Сарыарқа атауының шығу тегін, оның бұлайша аталуын А.Сейдімбеков «Сарыарқаның алып суайрығы екенін, ағын су атаулы сол қоянжон дөңестің қос қапталынан төгіле ағатынын көреміз. Мұндай байтақ жонды Арқа демеске болмайтын да секілді. Басқаша атау көкейге қонбайтындай, көңілге орнықпайтындай», - деп пайымдайды. Сары сөзімен құрамдасып келген атаулар, сөз тіркестері тілімізде тек түсті ғана білдірмейді, «кең», «мол», «үлкен» деген мағыналарда да қолданылады. Қазақ топонимисі Е.Қойшыбаев та Сарыдала, Сарытау, Сарыбел, Сарыжота деген атаулардың құрамындағы сары сөзі «кең, үлкен» мағынасын білдіреді деп қарайды.
Қазан төңкерісінен кейін социалистік құрылыстың орнауы нәтижесінде жаңа объектілер пайда болды. Республика аумағында облыс, аудан, ауыл, село, колхоз, совхоз, жұмысшы поселкелер, кәсіпшіліктер т.б. ұйымдастырылды. Кеңестік қоғам өміріндегі өзгерістерді кеңінен қамтитын атаулар – ауылдық аттар. Мұнда халықтың ең ардақты адамдарының аттары, фамилиялары қамтылған: Ленин, К.Маркс, Энгельс- көсемдердің фамилиялары, Амангелді, Жандосов, Калинин, Киров, Куйбышев, Чапаев – революция ардагерлері мен әскери қолбасшыларының аттары мен фамилиялары; Абай, Алтынсарин, Жамбыл, Шевченко, Сейфулллин- ақын, жазушылардың аттары, Ломоносов, Мичурин, Уәлиханов – ғалымдар фамилиялары т.б.
Мұндай атаулардың тағы бір үлкен бөлігі қоғамда болған өзгерістерді көрсетеді, жаңалықтарды атайды: Бірінші Май, Большевик, Жеңіс, Еңбекші, Еңбекшілер, Кеңес, Қызылтаң, Мәдениет, Ортақ, Өндіріс, Теңдік т.б. Партияның халықты шақырған үндеу, ұрандарына, халықтың қойған мақсатына, тілек-талабына байланысты болып келеді: Алғабас, Бірлік, Жаңатілек, Еңбек, Мереке, Ұйымшыл, Ынтымақ т.б.
ҚАЗАҚСТАН ТОПОНИМИКАСЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ.
Географиялық атаулар қазақтың бірінші ғалымы Шоқан Уәлихановтың қызметінде ерекше орын алды. Ол Орталық Қазақстан, Жетісу, Ыстықкөл, Шығыс Түркістан және Орта Азияның тарихи-географиялық жазбасы мен географиялық атауларының шығу тарихына көп көңіл бөлді. Халық аңыздары, ауыздан-ауызға тараған әңгімелер мен сөздерге сілтеме жасай отырып көптеген географиялық атаулардың мағынасын ғылыми тұрғыдан түсіндірді және этимологиясын ашты.
Көрнекті қазақ ғалымы, академик Қ.Сәтбаев пайдалы қазбалардың кен орындарын іздестіруде топонимдерді сенімді белгілердің бірі есебінде кездейсоқ енгізген жоқ. Топонимдерде аумақтарды қоныстанудың тарихи кезеңдері, адамдардың шаруашылық іс-қимылдары, байырғы көші-қондар мен ұлтаралық қарым-қатынастар, этностардың ареалдары, елде ғасырлар бойы болған тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер көрсетілген.
Географиялық атаулары жоқ кез келген картография көзі «тілсіз» болып есептеледі. Географиялық атаулар – карта тілі, ал топонимдер халықтың рухани байлығы мен даналығының орасан қоймасы болып табылады.
Географиялық атаулар мәселесі көптеген жағдайларда мемлекетішілік, ұлттық мүдделер шеңберінен шығып, халықаралық маңызға ие болып кетеді.
Біздің республикамызда географиялық атаулар саласындағы жұмыстар 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және 2002 жылғы 3 шілдедегі «Геодезия және картография туралы» заңдарына, сондай-ақ Үкіметтің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, темір жол станцияларын, әуежайларды, сондай-ақ, физикалық-географиялық объектілерді атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертудің тәртібіне» сәйкес жүргізіледі.
Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып және Президенттің «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығын негізге ала отырып Жер ресурстарын басқару агенттігі 2001 жылы Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогын жасау жұмыстарын бастап кетті. Ол жұмыстың негізгі мақсаты – Қазақстандағы географиялық атаулар туралы ақпараттарды жинау, сақтау, жаңарту, енгізу, өңдеу және түрлі тұтынушыларды мәліметтермен қамтамасыз ету. Каталог жасау қажеттілігі, сонымен қатар түрлі көздерден алынған географиялық бір нысанның атауларының түрлі нұсқада жазылуынан, сондай-ақ оларға географиялық терминдерді жазғандағы айырмашылықтардан туындады.
Осы күнге дейін кітап және электронды нұсқасындағы мемлекеттік және орыс тілінде Қазақстанның барлық облыстарында географиялық нысандардың атаулары мәліметтерінің базасы жасалды.
Кітап нұсқасындағы каталогтағы географиялық нысандардың жазбасында географиялық нысанның жеке атауы, нысанның бұрмаланған атауы, аты өзгерген нысандардың бұрынғы атауы, нысан түрі, нысан бойынша қосымша мәліметтер, осы облыс шеңберіндегі географиялық байламдар, аудандар бойынша әкімшілік байламдар, географиялық атаулардың этимологиясы мен нақты мазмұны, бұрмаланған атауларға сілтемелер бар.
Қорытынды сөз:
Қорытындылай айтып кететін болсам, Қазақстандағы жер-су атауларының шығу тарихы әр түрлі. Пайда болу кезеңі де әр түрлі, тілдік атауы да әр қилы. Оған белгілі бір тарихи оқиғалар өз септігін тигізді. Бірақ осы атаулардың бәрі бір Қазақстан деген кең мағыналы ұғымға ұштасады. Құрметті дөңгелек үстелге қатысушылар біз өз еліміз бен жеріміздің тарихын біліп жүрейік, сол еліміздегі жер-су атауларының қалай пайда болғанын біліп ғана қоймай, сонымен қатар ұмытпай, есте сақтап, өскелең ұрпаққа дарытайық!
Тақырыбы: «Қазақ топонимдерінің шежіресі»
Өткізген: Кожабеков М.Д.
Тарих және география пәндерінің мұғалімі
2016 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |