Тәрбие – жеке тұлғаны қалыптастырудың ең маңызды факторы. Тұқым қуалаушылық, орта және тәрбие жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының негiзгi объективтi факторлары болып табылады. Бұл орайда тұқымқуалаушылыққа (биологиялық факторға) жалпы адамзаттықпен қатар тұлғалық гендік қордыда қамтиды. Іс-әрекеттiң кез-келген түрiне деген анатомиялық-физиологиялық нышандар жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуында ерекше рөл атқарады.(мысалы, есту мүшелерiнiң құрылысы, ойлау қабiлетiндегi ерекшелiктер, т.б.). Олар баланың қабiлеттiлiгi, дарындылығы және дарыны дамуының алғышарттары болып табылады. Кейбiр жағдайларда бұл нышандар өте ерте (сәби кезiнде және мектепке дейiнгi жасында), кейбiр жағдайларда кешiрек, ал ендi бiрде, ер жеткен кезде ғана көрiнiс бере бастайды.
Биологиялық нышандар мен қасиеттердiң дамуы адамның функционалды пісіп жетiлуі мен қалыптасу процесiн сипаттайды, содан кейiн оның сүйектерi, бұлшық еттерi, сонымен қатар iшкi мүшелерi мен жүйелерi дамиды. Адамның биологиялық пісіп жетiлуі мен өзгеру процесi оның дамуы мен мiнез-құлығының жас кезеңдерiнде көрініс табады. Адамға табиғи берілген белгілерді дамытуда ең маңыздысы, жанұяда болсын, қоғамдық тәрбиелiк-бiлiм беру орындарында болсын, оларға дер кезiнде сауатты диагностика беру болып табылады. Қазiргi уақытта баланың іс-әрекеттiң қандай түрiне бейiмдiлiгi бар екенiн анықтайтын алуан түрлi әдiстер бар. Олардың iшiнде тест әдiстерi кеңiнен қолданылады.
Тәрбие мен бiлiм беруде адамның табиғи қасиеттерiн ескеру қажет, оның нышандары мен қабiлеттiлiгiн анықтай отырып, олардың ары қарай дамуының амал-тәсiлдерiн, формалары мен әдiстерiн айқындау керек.
Қызметтiң қандай да бiр түрiне деген анатомиялық-физиологиялық нышандарының одан ары жемiстi дамуы үшiн баланың оған деген ықыласын арттырып, оны сол іс-әрекетке араластыра отырып, сол салада тәжiрибе жинастыруға жағдай жасау қажет.
“Жеке тұлға” деген ұғымда адамның қоғамдық мәнi ашылады. К.Маркстiң айтуынша, адамның мәні жеке индивидке тән абстрактiлiк емес, өз болмысында ол барлық қоғамдық қатынастар жиынтығы. Сондықтан ортаның жеке тұлғаның дамуына әсерi туралы сөз болғанда, ең алдымен, кең мағынада қолданылған әлеуметтiк орта деп түсiну керек, өйткенi адамның жеке тұлғалық қасиеттерi әртүрлi орталық қатынастар әсерiнен, яғни, адамдармен және түрлi қоғамдық институттармен өзара-қатынасы арқасында қалыптасады.
Қоршаған ортаның адамның дамуына әсерiн қарастыра отырып, философиялық және педагогикалық ағымдардың көбiсi адамның жеке тұлға боп қалыптасуы үшiн, сөйлеу, ойлау, тiк жүру секiлдi адамға ғана тән нышандар дамуы үшiн адами қоғам, әлеуметтiк орта қажет дейдi. Сәби жасынан жануарлар ортасына тап болған балалар туралы оқиғалар олардың бойында осы адами нышандардың дамымағаны дәлел бола алады, ол қасиеттердiң қалыптасуына деген қабiлеттерiнiң табандалып қалғаны соншалықты, олар адамдармен қарым-қатынас жасаудың ең қарапайым формаларын үлкен қиыншылықпен үйренiп, заманына сай адамның тұрмыс қалпын қабылдай алмады.
“Әлеуметтiк орта” деген ұғым, кең мағынасында, қоғамдық өмiрдiң материалдық жағдайлары, әлеуметтiк және мемлекеттiк құрылыс, өндiрiстiк, қоғамдық қатынастар жүйесi және олар анықтап отырған әлуметтiк жүйе сипаты мен қоғамда пайда болған әртүрлi мекемелер қызметiн қамтиды. Шынында да, жеке тұлғаның әлеуметтiк бейнесi, белгiлi бiр мөлшерде, оның қай мемлекетке жататыны арқылы көрiнедi, адам дүниеге келгеннен соң қандай да бiр қоғамның азаматы болады. Адамның дамуына барынша әсер ететiн әлеуметтiк орта, әсiресе қазiргi уақытта, ең алдымен, экономикадағы өзгерiстер, идеологияның өзгеруi, қала мен ауылдағы өмiр жағдайлары, миграциялық процестер (яғни, адамдардың белгiлi бiр мемлекет территориясы аясында көшiп-қонуы, сонымен қатар, одан көшiп кетуi), демографиялық процестер, сәбилердiң дүниеге келуiндегi, өмiр ұзақтығындағы өзгерiстер, т.с.с. жатады. Жеке тұлғаның қалыптасуында географиялық орта белгілі рөл атқарады. Баланың айналасы- үйдегі ортаға көп көңіл бөлінеді.
Қоғамдық мекемелердегі оқу-тәрбие процесін ұйымдастырғанда мұғалiмдер мен тәрбиешiлер балаға кең әлеуметтiк ортамен қатар, мектептен тыс ең жақын айналасының әсерiн ескерулерi тиiс, өйткенi кейде аулада, көшеде, оқушыларға, әсiресе жасөспiрiмдерге белгiлi бiр мөлшерде әсер ететiн жағымсыз (қоғамға қарсы) топтар пайда болуы мүмкiн.
Бұл орайда, оқушыларды жақын айналасының қоғамдық-экономикалық өмiрiнiң әртүрлi саласына белсендi әлеуметтiк іс-әрекетке араластыру қажеттiлiгi туындайтынын ескеру керек. Тұқымқуалаушылықпен, ортамен қатар тәрбие үшiншi шешушi фактор болып табылады, тәрбие – педагогтардың басшылығымен әлеуметтiк тәжiрибенi меңгерудегi баланың саналы мақсатты басқарылатын іс-әрекетi. Тәрбиенiң зор күшiн көптеген өткен кезеңнің прогрессивтi педагогтары мойындаған. Мысалы, ұлы славян педагогы Ян Амос Коменский табиғат адамға дүниеге келген сәтiнде бiлiм игеруге мүмкіндік бередi, бiрақ бұл тек тәрбие мен бiлiм арқасында ғана дами алады деп оқытқан. Белгiлi педагог А. С. Макаренко педагогикалық теория мен тәжiрибеде “қиын”, тiптi “т?рбиесі ?иын” балалармен жұмыста тәрбиенiң игiлiктi күшiн дәлелдеген болатын.
Тәрбие – бұл тұлғаның қалыптасуына мақсатты бағытталған процесс, сонымен қатар тәрбие туа біткен нышандарды түзетеді және микро-ортаны өзгертеді.. Барлық балалар тәрбиелiк-бiлiм беру мекемелерiнен өтедi, ол мекемелер педагогикалық процестi сауатты құрастырып, оқушылардың жан-жақты іс-әрекетiн нәтижелі ұйымдастырады, өйткенi ол жеке тұлғаның дамуының шешушi шарты болып табылады.
Тәрбие жеке тұлғаның тәрбиелiлiгi нәтижесiнiң белгiлi бiр эталонының болуын талап етедi. Тәрбие мен оқыту адамның қоғамдық қажеттi бiлiм, бiлiк, дағдылардың белгiлi бiр жиынтығымен қарулануын, оның қоғам өмiрi мен еңбегiне дайындығын, осы қоғамдағы нормалар мен мiнез-құлық ережелерiн сақтауын, адамдармен қарым-қатынасын, оның әлеуметтiк институттармен ара қатынасын алдын-ала болжайды Тек тәрбие ғана жеке тұлғаның дамуының әлеуметтiк бағдарламасын жүзеге асыратын, оның нышандары мен қабiлеттiлiгiн жетiлдiретiн шешушi құрал.
Тәрбиенiң оның мақсаттылығынан басқа ерекше өзгешелiктерiнiң бiрi оның осы бiр әлеуметтiк қызметтi орындау үшiн қоғамның арнайы дайындаған адамдары арқылы жүзеге асырылуы. Педагогиканың ұлы классигi К. Д. Ушинский жеке тұлғаның қалыптасуындағы тәрбиешiнiң ерекше орны туралы былай деген: “Тәрбиешi тұлғасының жас жанға әсерi оқулықтармен де, моральдық нұсқаулармен де, жазалау мен мадақтау жүйесiмен де алмастыруға болмайтын тәрбиелiк күштi құрайды”.
Осылайша жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуының жемiстi болуының шарты тарихи анықталған және әрдайым өзгерiп отыратын үш фактор: тума қасиеттері, орта және тәрбие болып табылады.
Жеке тұлғаның қалыптасуында тәрбиеге шешушi мән бере отырып, өзара күрделi
байланыста болып отырған мақсатты тәрбие мен баланың дамуының ара қатынасының мәнiн дұрыс түсiне бiлу керек.
Психологиялық-педагогикалық теорияда бұл мәселеге қатысты әр түрлi көзқарастар бар. Олардың бiрi баланың дамуы, тәрбие мен оқытудың тәуелсiз, яғни тез түрде жүзеге асады дейдi (Э.Мейман. А.Ф.Лазурский, Ж.Пиаже). Бұл орайда тәрбие мен оқыту дамуға бейiмделедi, “баланың дамуының соңында бірге жүредi” (Л.С.Выготский). Келесi бiр көзқарас бойынша даму іс-әрекеттiң тарихи қалыптасқан формаларын меңгеруi арқылы жүзеге асырылады (яғни, оқыту мен тәрбие көмегiмен), бұл орайда оқыту мен тәрбие баланың дамуының қол жеткiзген деңгейiнде ғана
тоқтап қоймай, сонымен қатар алдағы міндетін шешу (К.Д.Ушинский, П.П.Блонский, Л.С.Выготский). Л.С.Выготский оқыту мен дамудың ара қатынасын зерттей отырып, оқытуды ұйымдастыруда баланың “дамудың ең жақын аймағына” сүйену керектiгiн айтқан. Ол былай деп жазған: “Дамудың алдында болған оқыту ғана жақсы болып табылады”. Сондықтан, тәрбиенiң ең маңызды құралы – табиғи нышандар жиынтығын мұқият айқындау, сол арқылы оларға және қоршаған орта жағдайларына сүйене отырып, баланың соған сай іс-әрекетін арнайы ұйымдастыру.
“Бала дамуының ең жақын аймағы” туралы сөз ете отырып, Л.С.Выготский оқушының тапсырманы өздігінен орындауға әзiрлiгiнiң дәрежесiн айтқан болатын. Осылайша ол бұл әзiрлiктi екi деңгейге бөлген болатын: оқушы тапсырманы мұғалiмнiң көмегiнсiз орындайды (ол осы кезеңдегi өз дамуының деңгейiне жеттi), ары қарай оған мұғалiмнiң көмегiн қажет ететiн қиынырақ тапсырма беру керек, яғни жаңа танымдық мәселе қойылады (қиындық, қарама-қайшылық), бұл оқушының ақыл-ойының дамуын ынталандырады.