ЖАС АҚЫНДАР
Қайда, шіркін, баяғы жас ақындар,
Ақ жүрегін айқара ашатындар,
Жас ақындар, шетінен мас ақындар;
Бәрі ертең классик болатындай,
Хальтураға жанымен қас ақындар?
Түсінбеген заманға, замандасқа,
Қасымдайын қайтадан оралмас па?
Жүрегінде маздаған махаббат бар,
(Оларда түк жоқ еді-ау,– одан басқа!).
О да, әрине, заманын ода қылған,
Құтылсақ деп біреудің боданынан;
Қызғыш құстай,–
Қазағын қыздай көріп!..
Қызғанатын Советтер Одағынан!
Сарқылып та, тартылып–ішкі қуат,
«Қаламгердің» ішінде түсті құлап…
Түгел болса егер төрт құбыласы,
Ішпеуші еді….
Құсадан ішті, бірақ!
Цензурасы–қырағы.
Боданда–елі!
(Шіркін, араб ақыны болар ма еді?!)–
Бсисуды* қазақша сөйлетті олар,–
(Орысшасы осалдау– одан гөрі!).
… Заманның да, адамның мәні өзгерді,
Бізден– бөлек, әдемі –әуездері;
Қазір, мүлде, ішпейді жас шәйірлер,
(Елі- жұрты–азат.
Комерцант– һәм өздері…).
Мүшәйраға кенедей болып,– өріп,
Мәз болады жүлде алса жолы болып.
Ішінде оның Алаш жоқ, Абай да- жоқ!
(Ішіп кеткің келеді соны көріп)…
Достарыңызбен бөлісу: |