5. Трансмиссия.Трансмиссия деп двигательдің білігіндегі қуатты қозғағыш доңғалақтарға жеткізетін механизмді атайды. Осы механизмнің негізгі қызметі иінді біліктегі айналдырғыш моментті бірнеше есе көбейтіп, қозғағыш доңғалаққа жеткізу болып табылады. Себебі, тракторды жүргізу үшін оның доңғалағына үлкен күш түседі, ал сол күшті айналдырғыш момент тудырады. Двигатель білігінен ондай қажет мөлшердегі момент алынбайды, ал оны тракторды жүргізуге пайдалану үшін бірнеше есе трансмиссияның көмегімен арттырады.
Трансмиссияның көрсетілген қызметін атқару үшін әр түрлі механизмдер қолданылады. Оларды жұмыс істеу принциптеріне қарай механикалық, гидравликалық және электрлік трансмиссия деп бөледі.
Механикалық трансмиссия деп двигатель қуатын қозғаушы доңғалаққа механикалық энергия түрінде жеткізетін механизмді айтады. Ол үшін әр түрлі механикалық берілістер (тісті, белдікті, үйкелісті) қолданылады.
Гидравликалық трансмиссия трактор двигателінен берілетін қуатты сұйық қысымына айналдырады, ол доңғалақтағы гидравликалық моторға жеткізіліп, қайтадан механикалық қозғалысқа айналады. Бұл трансмиссия жұмыс істеу принциптеріне қарай гидравликалық және гидрокөлемді трансмиссиялар болып бөлінеді. Гидравликалық трансмиссияда берілетін қуат сұйықтықтың үлкен жылдамдығына айналдырылады да жұмысшы доңғалақтың қалақшаларына ұрылады. Сөйтіп өзінің энергиясын гидромоторға жеткізеді. Гидрокөлемдік трансмиссияда берілетін қуат сұйықтық қысымы арқылы жеткізіледі.
Электрлік трансмиссияда трактор двигателінің механикалық энергиясы генератордың көмегімен электр энергиясына айналдырылады да, қозғағыш доңғалақтарға орнатылған электр двигателіне жеткізіледі.
Гидравликалық және электрлік трансмиссиялар тек жеке түрінде қолданылмайды. Себебі, олардың пайдалы әсер коэффициенті, айналдыру моментін арттыру дәрежесі төмендеу болады. Сондықтан оларды механикалық трансмиссиямен қосып пайдаланады. Оларды гидромеханикалың немесе электромеханикалың трансмиссиялар деп атайды.