1. ҚАЗІРГІ МИКРОЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
1. Қысқаша теориялық материалдар
Микроэкономикалық талдау нақты бір методологиялық негіздерге сүйенеді. Методология - ғылыми тану мен зерттеудің құралдары мен принциптері, талдау мен түсінудің әдістері. Методологияға ғылыми зерттеудің мақсаты, танудың теориялық сатылары, модельдеу, зерттеу барысында жасалған тұжырымдардың шындығын тексеру кіреді.
Микроэкономикалық теория мынадай методологиялық қағидаларға сүйенеді:
шектелген экономикалық ресурстар тандау немесе тапшылық проблемасын туғызады;
микроэкономикалық құбылыстар себеп-салдарлы байланыстардан тұрады;
адамдардың іс-әрекеттерін, қабылдайтын шешімдерін алдын ала анықтау мүмкін емес, бірақ олар туралы болжау жасауға болады;
логиканың көмегімен болжауларға сүйене отырып, әр түрлі тұжырымдар жасалады;
жасалған тұжырымдар практиканың көмегімен тексеріледі.
Осы методологиялық қағидаларға сүйене отырып экономистер микроэкономикалық теориялар немесе модельдер құрастырады.
Теория тапшылық мәселесін шешу барысындағы тандауға әсер ететін факторларды (өзгермелерді) түсіндіреді. Бірақ теорияның толығымен фактілерге сәйкес келуін талап етудің қажеті жоқ. Себебі, теорияда барлық факторлар емес, олардың ішіндегі ең негізгілері, жеке байланыстар емес, жалпы байланыстар қарастырылады. Теория мәселені мазмұнды түсінуге мүмкіндік береді.
Микроэкономикалық теориядан туындайтын тұжырымдарды алу үшін модельдер қолданылады. Экономикалык модель ол, жеңілдетілген теория. Микроэкономикалық модельдерде күрделі себеп-салдарлы байланыстардың жеке бөліктері қарапайым түрде зерттелінеді. Экономикалық модельдердің көмегімен экономикалық субъектілердің шешіміне әсер ететін өзгермелер анықталынады.
Модельдерді құрастыруға дейін мәні белгілі өзгермелерді «экзогенді» өзгермелер дейді. Модельдің көмегімен анықталған өзгермелерді «эндогенді» өзгермелер дейді. Модельдің негізгі мақсаты экзогенді өзгермелердің эндогенді өзгермелерге қалай әсер ететінін анықтай отырып, зерттелген себеп-салдарлы байланыстардан нақты қорытынды жасау.
Микроэкономикалық модельдерді құрастыру барысында модельге енгізілмеген өзгермелерді тұрақты деп жорамал жасалынады. Сондықтан микроэкономикалық модельдерді талдау барысында «басқа факторлар тұрақты болса» деген сөздерді жиі кездестіреміз.
Микроэкономикалық модельдерде зерттелінетін экономикалық құбылыстар ауызша, графиктің көмегімен, аналитикалық және математикалық әдістермен түсіндіріледі. Микроэкономикалық зерттеулерде қолданылатын модельдер де ақиқатқа сәйкес келе бермейді. Себебі модельдерге күрделі экономикалық құбылыстарды толығымен енгізу мүмкін емес. Экономикалық модельдерде адамдардың іс-әрекеттері, қабылдайтын шешімдері және себеп-салдарлы байланыстары туралы пайымдар болжамдалып жасалынады. Сондықтан, модельдегі тұжырымдар фактілермен дәлелденуі немесе жоққа шығарылуы мүмкін. Егер теория ақиқатқа сай келмесе, онда теорияны қайта қарауға тура келеді. Жақсы теорияның көмегімен болашақтағы нәтижені алдын ала болжауға болады.
Микроэкономикалық теорияны жете меңгерудің нәтижесінде ғана күрделі экономикалық процестердің мәнін түсінуге және дұрыс шешім қабылдауға болады.
Микроэкономикалық құбылыстар мен процестерді талдау барысында әр түрлі әдістер қолданылады. Экономикалық теорияның жалпы және нақты талдау әдістері студенттерге белгілі. Оларға позитивті, нормативті, диалектикалық, құрылымдық, жүйелі талдау және модельдеу әдістері жатады.
Микроэкономика пәнін, зерттеу объектісін талдау мынадай методологиялық негізге сүйенеді: шексіз тұтыну қажеттіліктерді шектелген экономикалық ресурстардың көмегімен барынша толық қанағаттандыру үшін ресурстардың тиімді қолдану жолдарын іздеу қажет. Осы іздеу барысында жеке экономикалық субъектілер бір-бірімен экономикалық қатынастарға түседі, шешім қабылдайды және рациональды тандау жасайды. Бұл қатынастар нарықтық механизмдердің көмегімен реттелінеді. Осы методологиялық негіз микроэкономикаға тән ерекше зерттеу әдістерін қолдануды талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |