Қолданбалы өнер. Көркем шығармашылықтың ең ежелгі және қазіргі күні де дамып отырған түрлерінің бірі - қолданбалы өнер. Ол сұлулық заңдарына сәйкес құрылған тұрмыс жабдықтарында іске асады. Бұл тек пайдалы заттар ғана емес, оның қолданылуын білдіретін көркемдік бейнесі (образы) бар әдемі заттар болып та есептеледі. Бізді қоршаған заттар, біздің тұрмысымызды, күнделікті өмірімізде қажеттіліктерімізді өтейтін заттар өнердің шыңына дейін көтерілуі мүмкін. Қолданбалы өнер өзінің табиғаты жағынан ұлтжанды, ол халықтың әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, наным-сенімдерінен туындап, оның өндірістік әрекетіне, тұрмысына жақын болады. Қолданбалы өнердің туындылары өзінің қайталанбас индивидуалдылығымен ерекше көзге түседі. Бұл оны жаратушы – суретшінің, қолөнершінің бүкіл тұлғасы мен талантын сақтап қалатын уникалды туындылар. Жаңа заманда өндірістің дамуы заводтық тәсілдің енуіне орай туындаған жаратушының индивидуалдылығының белгісін өшіре бастады. Бірақ өнеркәсіпке суретшінің келуімен дизайн дамуы басталды.