Е. Түркебаев атындағы Жобаларды басқару институты «Қоғамдық пәндер» кафедрасы ДӘрістер қазақстан тарихы



бет1/62
Дата09.09.2023
өлшемі0,79 Mb.
#180559
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62
Байланысты:
Дәрістер


«Қ.И.СӘТБАЕВ атындағы ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ТЕХНИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ» КЕАҚ



Е.Түркебаев атындағы Жобаларды басқару институты
«Қоғамдық пәндер» кафедрасы


ДӘРІСТЕР
Қазақстан тарихы

Дайындаған: Тумабаев Тұрлыбек Сәлімұлы


Алматы 2023
1-дәріс.
Тақырыбы: «Қазақстан тарихы» курсына кіріспе.

Тарих тағылымын терең зерделеген халықтың ғана болашағы жарқын болады. Өйткені, бүгініміз бен болашағымыз өткеннің негізінде жасалады. Тарих қазіргі уақытта болып жатқан өзгерістердің мәнін ұғынуға, болашақты бағдарлап, болжам жасауға көмектеседі. Тарихи тәжірибені зерделеу барысында тарихи сана, дәстүр мен мәдениет, ұрпақ сабақтастығы қалыптасады.


Тарих мынадай негізгі міндеттерді шешеді: гносеологиялық – Отанымыз бен халқымыздың өткені туралы білім береді; аксеологиялық – әр адамның бойында тарихи оқиғаларға қатыстылық сезімін қалыптастырады. Сондықтан ол азаматтық қасиеттердің негізі болып табылады; праксеологиялық – күрделі де көп қырлы тарихи құбылыстарға өзіндік баға беру және талдау қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік туғызады; прогностикалық – тарих, ол болашақтың негізі қаланған өткен заман, тарих аяқталмайды, тарихта үлкен мүмкіншіліктер бар, өйткені, онда бұрын ашылмаған шындықтар айқындалады.
Тарих қай халықтың болмасын қайталанбас ерекшелігін, нақтылығын дербес қарастыра отырып, олардың бүкіл адамзат қауымдастығының құрамдас бөлігі екенін көрсетеді, соған сәйкес әлемдік тарих жүйесіндегі орнын анықтайды.
Тарих халықты топтастырушы әрі біріктіруші қызметін атқарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан нақты мысал бола алады. Өйткені, қазақстандық қоғам – жүздеген ұлыстардың, сан алуан діндер мен өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар мәдениеттердің тоғысқан қоғамы. Сол себепті де, Отан тарихы қоғамды біріктіруші рөлге ие болып, оның бастауында тұрады.
Қазақстан тарихы, яғни Отанымыздың тарихы күллі қазақстандықтардың дүниетанымының негізі болып табылады. Халқымыз тарихи оқиғалар зердесі арқылы өзінің дүниетанымын, менталитетін қалыптастырады, әрі өзінің қоғамда және ғаламда алатын орнын айқындайды.
Карпат пен Хинган тауларының аралығындағы Еуразиялық кеңістікте, 40-50 ендікте созылып жатқан Ұлы даланы мекендеген, әлемдік өркениетті дамытуға өзіндік сүбелі үлесін қосқан түркі тілдес халықтардың ең іргелісі қазақ халқы болып саналады. Оның тарихы да, тағдыры да осы Ұлы даламен тығыз байланысты, сабақтас.
Егемен еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «...кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» дей келе, Ұлы даланың жеті қырына тоқталған еді. Олар: 1) Атқа міну мәдениеті; 2)Ұлы даладағы ежелгі металлургия; 3) Аң стилі; 4) Алтын адам; 5) Түркі әлемінің бесігі; 6) Ұлы жібек жолы; 7) Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны (Назарбаев Н. Ұлы даланың жеті қыры. «Айқын» газеті. 2018 ж. 21 қараша)
Қазақстан тарихы – Қазақстан Республикасы аумағында өмір сүрген, қазір де өмір сүріп жатқан қазақ және басқа да ұлт өкілдері құрайтын Қазақстан халқының тарихы, Отан тарихы, бүкіл адамзат тарихының бір бөлімі. Ол Еуразия және Орталық Азия елдері тарихымен тығыз байланыста ұштасып жатыр.
Қазақстан тарихы курсы – Ұлы далада көне замандардан бастап бүгінгі күнге дейін орын алған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, процестерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, оларды тұтас қарастыратын курс.
Қазақстан тарихы курсы – қазақстандық біртұтастықты орнықтырушы, Мәңгілік ел құруды ғасырлар бойы армандаған халқымыздың өршіл рухының идеялық негізі. Осыған байланысты ол мемлекеттік маңызы бар білім курсы болып табылады және барлық мамандықтар бойынша еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізілген.
Курс шеңберінде студент тарих тағылымын, тәжірибесін қолдануды, тарих саласының негізгі білімі мен дағдыларын, сонымен қатар тарих ғылымының әдістерін меңгереді.
Курстың мақсаты:
– Ұлы дала аумағында ежелгі адамдар және көшпелі өркениет пен мемлекеттіліктің қалыптасуы тарихын қарастыру (б.з.д. III ғ. – б.з. V ғ.);
– VІ–XІІ ғғ. Орталық Азиядағы түркі тілдес халықтардың мемлекеттік және мәдени дәстүрлерінің дамуы кезеңдерін талдау;
– Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи даму ерекшеліктерін ашу (XІІІ–XVІІІ ғғ.);
– Қазақстанның жаңа дәуір кезеңіндегі отарлаудың салдарын айқындау (XVIII–ХХ ғғ. бас кезі);
– Кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе құрамындағы Қазақстанның рөліне объективті баға беру;
– Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік даму стратегиясына, қазақстандық қоғамды демократияландыру ерекшеліктеріне талдау жасау.
Жалпы алғанда, білім алушыларды Қазақстан тарихы туралы обьективті ұстаныммен қамтамасыз ету.
Курстың міндеті:
– Қазақстан халқының тарихи жадын жаңғырту;
– ұлттық сана мен азаматтық бірлікті насихаттау;
– жастарды отансүйгіштік, патриоттық және толеранттық рухта тәрбиелеу;
– мемлекеттің біртұтас сипатын көрсету;
– қоғамдық сананы қалыптастыру;
– ұлттық идеологияны негіздеу;
– азаматтардың жасампаздық белсенділігін дамыту;
– елдің зияткерлік әлеуетін көтеру.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет