М.Дулатовтың қоғамдық – саяси қызметі
Міржақып Дулатұлы (1885—1935) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері.Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың бірі. М.Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтармен тығыз байланысты. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана-сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында аянбай күресті. Осы мақсатта «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттері арқылы орасан зор жұмыстар атқарды. Жастарды қоғам ісіне тартуда, олардың ой-санасының жетілуіне қажетті мәдени-ағарту саласында жүргізген қызметтері ұшан-теңіз. Міржақып сол кезеңдегі үкіметтің жүргізіп отырған саясатын шенеп, қазақ елінің егемендігі, ел болып жерге, суға иелік ету мәселесі, қазақ шаруаларының мұң-мұқтажы, қоныс аударушылар жайлы газет бетіне мақала, сын, әңгіме, өлеңдер жариялай бастайды. Оның алғашқы үкімет саясатын сынай жазған мақаласы «біздің мақсатымыз» деген атпен 1907 жылы «Серке» газетінде басылып шығады. Ал 1909 жылы Петербургте Міржақып Дулатұлы қазақ халқының көзін ашуға талпынып «Оян, қазақ!» деген кітабын жариялайды Осы өлеңі арқылы халықтың ауыр тұрмысын ойлап, сынға алып жазады.
«Оян, қазақ!» кітабы патша үкіметіне ұнамағандықтан М.Дулатұлы қамауға алынады. 1913 жылы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатұлылардың белсенділігімен «Қазақ» атты бейресми газет шығарыла бастайды. Бұл газетте негізінен қазақ халқының қоғамдық мүдделерін көксеген жер, оқу-ағарту, ұлт, дін сияқты маңызды мақалалар жарияланды. Сөйтіп «Қазақ» газеті қазақ зиялыларының басын біріктірді. «Қазақ» газеті арқылы «Алаш» партиясын дайындауда да елеулі жұмыстар атқарды. «Алаш» автономиясы мен Алашорда үкіметін құруда Міржақып Дулатұлы көп еңбек сіңірді. Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында, Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі. 1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алғанда Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытов осы іске басшылық жасап, бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елге үлестірген.
Достарыңызбен бөлісу: |