Әдебиеттану ғылымындағы бүкілтүркілік арналар ж. Қ. Смағұлов Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ф.ғ. д, профессор, Қарағанды Қ. Қ. Бажикеев



Дата10.10.2023
өлшемі36,67 Kb.
#184466
Байланысты:
Әдеби мұраны зерттеудің алғашқы қадамдары


ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ БҮКІЛТҮРКІЛІК АРНАЛАР

Ж. Қ. Смағұлов
Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ, ф.ғ.д, профессор, Қарағанды
Қ. Қ. Бажикеев
магистрант

В статье древнетюркские письменные памятники рассматриваются как первоначальные истоки литературоведческой науки тюркоязычных народов. Первые попытки освоения литературного наследия имели решающее влияние на развитие и распространение знаний, в том числе и научных. В древнетюркских письменных памятниках появились первые попытки их осмысления, применения критических оценок.

Қазақ халқының өнері, мәдениеті, әдебиетінің тарихы, дүниета­нымдық ой-көзқарасы бүкіл түркі тілдес халықтардың тарихымен тығыз байланысты. Демек, қазақ әдебиетінің тарихын, сыншылдық-эстетикалық, әдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің туу, қалыптасу кезеңдерін туысқан елдер әдебиеттануының өткен жолымен бірге алып тексерудің маңызы зор. Өйткені, әдебиет туралы ұлттық ғылым белгілі бір білімдер жиынтығы және таным құралы ретінде ғылым саласына сай өзіндік ұғым-түсініктері, теориясы, методологиясы, зерттеу әдістерімен бірден пайда бола қалған жоқ. Басқа да қоғамдық ғылымдар секілді қиын да ұзақ жолға толы туу, қалыптасу тарихын бастан кешірді.


Әрбір халықтың әдебиет туралы ғылымы сол елдің тарихи өмір жолы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, философиялық-эстетикалық танымы және көркем әдебиетінің өркендеу деңгейіне сай туып дамиды. Әрине, бұл айтылғандардың ішінде көркем әдебиет басты роль атқаратыны сөзсіз. Себебі, әдебиеттану ғылымының негізгі зерттеу нысанасы сол ұлттық әдебиеті екені белгілі. Бұл өте күрделі мәселе болып табылатын әдеби мұраны игеру үдерісіне әкеледі.
Әдеби мұраны игерудің алғашқы баспалдағы белгілі бір шығарманы эстетикалық талғаммен қабылдаудан, өнер туындысы ретінде танудан, рухани азық ретінде қажетсінуден, көркем сөз құдіретін түcінуден, танымдық-тағылымдық мәнін ұғынудан басталады. Белорустық әдебиетші ғалым И.В.Гутаров: «Истоки литературоведения относятся к глубокой древности, когда зародились первоначальные формы устно-поэтического народного творчества и появились первые попытки их осмысления, примерения, оценки», - деп жазады [1, 6 б.].
Әдебиетті сөз өнері ретінде тану әдеби мұраны бағалау мен жинау, жариялау жұмыстарына басты себеп болады. Бұл жерде ғасырлар бойы халықтық эстетиканың талап-таразысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген фольклорлық үлгілердің ел аузында сақталып келуі, яғни халықтың ауызша тарихнамасы ғана емес, олардың тарихи жазба ескерткіштер түрінде алғаш рет хатқа түсуі, әдебиет нұсқалары деп танылып кітап болып шығуының тарихи маңызы зор. Көне дәуірден бергі әдебиет нұсқалары көркем туынды дәрежесінде ғана емес, өткеннің шежіресі, кешегі тарих ретінде де халықтың рухани өмірінде жоғарғы мән атқарған.
Сол себептен де оны хатқа түсіру, әдеби-тарихи мұра деп бағалап әр түрлі тарихи жазба ескерткіштерге, сөздіктер мен шежірелерге енгізу, алғашқы ғылыми сипаттағы еңбектер мен трактаттарда қарастыруды әдеби-теориялық ой-пікірдің тұңғыш рет көрініс табуы, әдебиеттану ғылымының ертедегі сілемдері, белгілері деп санау керек. Негізінен кітап бастыру ісі мен әдеби мұраны хатқа түсіру әдебиеттану ғылымының туа бастауына жетекші роль атқарып, сол ұлттың әдеби-теориялық, сыншылдық-эстетикалық ой-пікірінің ояна бастауына қозғаушы күш болатыны белгілі. Мысалы, орыс әдебиеттануын зерттеуші ғалымдар ұлттық әдебиет туралы зерттеушілік ой-пікірдің ояна бастауына филологиялық білімдер жүйесінің тарала бастауы мен кітап шығару ісі бастама болғанын атап айтады. Бұл турасында: «Другим важным моментом, ускорившим этот процесс, явилось введение книгопечатания. Надо отметить, что вообще введение в европейских странах книгопечатания повсеместно оказало огромное, если не сказать решающее, влияние на развитие и распространение знаний, в том числе и научных», - деп оларды осы ғылымның бастаулары болды деп таниды [2, 23 б.].
Әдеби мұраға бағалаушылық және ғылыми танымдық бағыттағы көзқарастың пайда болуы қоғамның мәдени-әдеби тұрғыдан жетілуінің объективті заңдылығы болып табылатын көркемдік дамудың тарихи сабақтастығы мәселесін туғызады. Әдеби мұраны игеруде алғашқы қадам болып табылатын жинау, жариялау және насихаттау саласындағы жұмыстарды жүргізгенде өнердегі көркемдік дамудың тарихи сабақтастығы принципі қатаң ұсталмайтын болса, өткен дәуірдегі халық мұраларынан бас тартып, оны жоққа шығаруға дейін баратын өрескел қателіктерге жол беріледі. Сондықтан да «әдеби мұра және оны игеру жайын әңгімелеген уақытта, ең күрделі проблемаға, яғни көркемдік дамудағы тарихи сабақтастық (историческая преемственность) мәселесіне айырықша көңіл аударған жөн» [ 3, 54 б.]. Себебі, әдебиет туралы ұлттық ғылымның тарихи тамыры сол кезеңдегі көркемдік дамудың дәрежесіне сай бастау алатыны сөзсіз. Әдебиетте көркемдік дамудың тарихи сабақтастығы мәселесінде бұрынғы қалыптасқан дәстүрдің кейінгі дамуға ықпал жасауындағы, яғни өткен дәуірдің рухани мұрасынан шығармашылық үйрену, үлгі-өнеге алу процесінде әдеби мұраны бағалау, жинау-жариялау, пайдалану, кітап етіп басып шығару бағытындағы жұмыстар жетекші себеп-салдар атқаратыны анық. Бұлар әдебиетті өнер саласы деп тану жолындағы ізденістерге кең жол ашады да, филологиялық білімдер жүйесінің мол жинақталуын туғызады.
Ендеше бұл саладағы зерттеу жұмыстарын, яғни ұлттық әдебиеттану ғылымының қайнар көздері туралы ізденістерді, бұрынғыша ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ даласын зерттеген орыстың ориенталист-фольклорист ғалымдарының еңбектерінен бастап қана қарастыру тарихи ақиқатты жоққа шығарып, еуропоцентристік көзқарас ықпалында қалу болып табылады. Біздің ойымызша, қазақ әдебиеттану ғылымының тууына негізгі фактордың бірі болып саналатын ұлттық әдеби мұраны игерудің алғашқы қадамдары ұлт әдебиетінің арғы бастаулары болып саналатын көне түркі жазбалары мен ескерткіштерінен басталады. Оны ұлттық әдебиеттану ғылымының туу процесіне әкелетін тарихи алғы шарттарға толы кезеңінің ең басы санаған орынды. Бұл кезең қоғамдық дамудың сатыларына сай өте ұзаққа созылды және Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі ұлттық әдебиеттің негізін салған мәнді арнаны қалыптастырған дәуір ретінде бағаланып жүр. Сондықтан VІ-ХV ғасырларда жасалған әдеби мұраны түркі тілдес халықтарға ортақ рухани қазынадан бөлек алып қарамай, әр халыққа тікелей қатысы бар нұсқаларды тарихи шындық тұрғысынан зерттеп білудің сол ұлт әдебиеттануының арғы кезеңдерін таныту үшін маңызы зор.
Орыс әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихын зерттеушілер ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің арғы негізін түрлі жылнамалардағы (летопись), шіркеу кітаптарындағы алғашқы айтылған ойлардан: «В России первые суждения теоретико и историко литературного характера встречаются уже в ХІІ в. «Слове о полку Игореве», а первые библиографические работы - списки книг - восходят к ХІІІ в.», - деп «Игорь жасағы туралы сөздің» алғашқы хатқа түсумен байланыстыруының ғылыми негізі жоқ емес. «В «Слове о полку Игореве» к теоретико-литературным относятся рассуждения автора о двух художественных манерах: «по былям нашего времени» и «по замышлению Бояна». Эти рассуждения являются первым опытом национальной русской теоретико-литературной мысли, опирающейся на национальную художественную практику. Они имеют самобытный, оригинальный, а не заимствованный характер. Упоминание о Бояне - первый дошедший до нас факт истории древнерусской литературы, важное свидетельство существования самобытной русской поэзии, представителем которой и выступал этот поэт. Историко-литературное значение этого факта невозможно переоценить», - деп жазады [4, 12 б.]. Сол сияқты француз әдебиетшілері де өз әдебиеттану ғылымының алғашқы бастауын ең көне жазба мұрасы «Роланд туралы жырдың» хатқа түсуімен байланыстыра қарайды.
Әдеби мұраға осы көзқарас тұрғысынан келсек, көне жазба ескерткіштердің әдебиеттанудың арғы бастаулары ретінде осылайша танылуы бізді де ежелгі дәуір әдебиетіне жетелейді. «Күлтегін» тарихи-әдеби жазба ескерткішін тас кітапқа түсіруші Иолығ тегін - өз заманының ірі идеологі, мемлекет қайраткері, тарихшы ғана емес, үлкен ақыны. Оның өз дәуіріндегі әдебиеттің үлгілерін танымдық тұрғыдан бағалап, жазуға түсіруші ретінде «Игорь полкі туралы сөздің» авторы секілді тарихтағы орны да үлкен, ол да ежелгі дәуір әдебиетінің басы саналатын әдеби нұсқа бар екенін дәлелдеп берді. Ал Боян туралы айтылуын «Қорқыт ата кітабындағы» Қорқыттың өнерпаздық тұлғасының сөз болуымен байланыстырса да болады. Осы көне жазба ескерткіштерді әдебиет тарихы үшін ғана емес, әрбір түркі тілдес халықтың ұлттық эстетикалық таным-білік бастаулары санауымыз керек.
Өйткені, әдеби туындының рухани қазына ретінде қажеттілікке айналуы әдебиетті өнер деп тануға әкелетін сыншылдық-эстетикалық талап-талғамды, бағалаушылық мәндегі көзқарасты тудырады. Міне, әдебиетті өнер деп тануға деген ұмтылыс, халықтың өткен тарихтағы оқиғалары туралы шығармалар мен фольклорлық үлгілерге деген қызығушылығы мен талап-талғамы әдебиеттану ғылымының алғашқы қадамы болып табылатын әдеби мұраны жинау, жариялау жұмыстарын туғызады. Ендеше біздің ұлттық әдебиеттану ғылымының арғы бастаулары қайда деген уақытта, ертедегі поэзиялық дастандар мен фольклорлық үлгілердің көне түркі жазба ескерткіштерден орын алуын тарихи құбылыс деген орынды.
Әдеби мұраны игеруге деген қадамның тұңғыш ізашарын Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен көреміз. Бұл ескерткіштер осы күнде тарихы белгілі ең көне шығарма үлгілері болып табылады. Ғалым И.В. Стеблева өзінің «Поэзия тюрков VІ-VІІІ веков» атты еңбегінде осы кезеңнің жазбаларын тұтас күйінде «поэзиялық дастандар» деп бағалайды. Әрине, бүгінгі таңдағы талғаммен салыстырғанда кейбір тілші ғалымдар айтып жүргендей, қара сөз түріне жақын болып көрінуі мүмкін. Алайда «өлең тілі халықтарда тіл әлі толық жетілмеген кездің өзінде-ақ жасала бастауы мүмкін» екені тарихтан белгілі [5, 200 б.]. Ғалым Қ. Өмірәлиев Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің ұлттық әдебиеттегі орны туралы айта келіп: «Тоныкөк», «Күлтегін», «Могилян хан» сияқты ескерткіштер - жазба әдеби нұсқалар. Олар - хан жарлықтары мен шежірелік үлгі-нұсқалар негізінде жазылған көркем шығармалар», - деп жазады [6, 31 б.].
Ежелгі дәуірдегі түркі тілдес халықтар тарихындағы көрнекті оқиғалар туралы поэзиялық дастандар, шежірелер, аңыздар мен өлең-жырлардың сақталуының екі түрлі жолы болған деп ойлаймыз. Біріншіден, фольклорлық үлгі дәрежесінде халық ауызында сақталды, екіншіден, жазба ескерткіш ретіндегі бітіг тастарда, яғни тас кітаптарда хатқа түсу арқылы сақталып қалды. Әдеби мұраның, оның ішінде фольклорлық нұсқалардың, тас кітапқа жазылуының орасан зор мәні бар. Жазба әдеби ескерткіштер арқылы алфавит жасау сияқты аса зор мәдени, тарихи құбылыс жүзеге асты. Бұл құбылысты сол дәуірдегі өнер мен мәдениеттің, тіл мен әдебиеттің тарихи даму сатысына сай өркендегенінің айқын дәлелі деуге болады. Мысал үшін бір ғана «Күлтегін» жазба ескерткішін алалық. Оны ертедегі түркілердің ғасырға созылған мәдени-әдеби өмірінің тұтас тарихы деп қараса да болады. Онда сол кездегі тілдің айшықты сөз тіркестері, өлең-жырлары, мақал-мәтелдері, шешендік сөздері, образды сөз өрнектері, эпостық жырға тән суреттер, тарихи-шежірелік баяндаулар көрініс тапқан.
Қорыта айтсақ, тас кітапқа түскен көне жазба ескерткіштер Түркі қағанатының тарих сахнасына шығуы мен ұлттық тұрғыда өзін танытудың тарихи куәсі екені анық. Халық тарихындағы екі ғасырда өткен заманауи оқиғалар туралы поэзиялық дастандардың әдеби көркем туынды ретінде бағаланып хатқа түскенін әдеби мұраны игеру саласындағы жұмыстардың алғашқы соқпағы, яғни ғылыми-зертеушілік, сыншылдық-эстетикалық ой-пікірдің арғы сілемдері деп тану қажет. Тас кітапқа түскендер - Білге қаған, Тоныкөк қаған, Күл Тегін батыр туралы тарихи дастандар ғана. Ал оған осы түрік қағанаты дәуірінде жырланған, тек ХІІ не ХІІІ ғасырда ғана «Оғызнаме» деген атпен хатқа түскен Оғыз қаған туралы эпостық жырды қоссақ, бұл дәуірдегі әдеби мұраны көпшілігі тарих қойнауларында ұмытылып қалғанын байқаймыз.
Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің табылуы ұлттық әдебиеттану ғылымына тікелей қатысты үш түрлі мәселенің басын ашып берді.
Біріншіден, бүкіл түркі халықтарының жазба әдебиетінің түп-тамыры осы түрік қағанаты дәуірінен басталатынын дәлелдейді.
Екіншіден, өз дәуірінің кескін-келбетіне сай дамыған мәдениеті мен өнерінің болғанын айғақтады.
Үшіншіден, бұл жазба жәдігерлер поэтикалық қуатымен, тарихи-шежірелік сипатымен және ой тереңдігі, мазмұн байлығы, көркемдік қасиеті жағынан көне түркі тайпаларында сөз өнерінің жоғары дәрежеге жеткенін көрсетеді.
Жазба әдебиеті қалыптаса бастаған, мәдениеті мен өнері дамыған, сөз өнері жоғары сипатта танылған рухани дамудың мұндай сатысында сыншылдық-эстетикалық, танымдық-зерттеушілік ой-пікірдің тасада қалуы немесе бағалаушылық мәнде болса да айтылмай қалуы мүмкін емес. Ендеше профессор Т.Кәкішевтің: «Қазақ әдебиеті сынының қайнар көзі, мәнді бір арнасы ретінде сонау көне заман ескерткіштерінен бастау алғаны жөн» , - дей келіп, көркемдік танымның алғашқы белгілері мен сыншылдық көзқарасқа жататын пікірлер мен ойларды Орхон-Енисей, Талас-Шу ескерткіштерінен бастап іздеуі заңды [7, 19 б.]. Себебі, халықтардың тарихы қай кезеңнен басталса, олар туралы зерттеу еңбектердің де сол дәуірден басталатыны - дау тудырмас шындық. Оған ертедегі гректердің әдебиеті мен өнері айқын дәлел. Сондықтан ұлттық әдебиеттану ғылымының тарих алдындағы кезеңінде (предистория науки) көне түркі жазба ескерткіштердің алатын орны ерекше. Себебі, солар әдебиеттану ғылымының негізгі пәні болып табылатын көркем әдебиетті тудырды.
Түрік қағанаты құлағаннан кейін түркі тілдес тайпалардың мәдениеті, өнері, әдебиетінің тарихи дамуы мен өркендеуінің негізгі орталығы болған Қазақстан мен Орта Азияда Ислам дінінің тарала бастауы ғасырларға созылған далалық мәдениетке отырықшылық қала мәдениетін енгізеді. Ірі қалалар пайда болып, олар ел басқару, сауда орталықтары болуымен қатар, мәдени, діни, өнер-білім, ғылым орталықтары ретінде да таныла бастады. Ислам дінінің толық қанат жая бастауы кең қолданылып келген руна жазуын, яғни көне түрік жазуын тарих сахнасынан ығыстыра бастады. Мешіттердің салынуы, медреселер мен мектептердің ашылуы, қалаларда діндар ғұламаларды, өнер адамдарын, оқымысты адамдарды топтастырды. Алғашқыда арабтар ислам дінін күшпен тарату мақсатында өздері басып алған елдердің мәдени және ғылыми мұраларын тас-талқан етіп қиратып, жаңа дінді таратуға кедергі келтіретін ештеңе қалдырмауды мақсат тұтты. Әрине, бұл көркем әдебиеттің дамуына да әсерін тигізбей қалмады. Ұлы ғалым Әбу Райхан Бируни «Өткен ұрпақтар ескерткіштері» аталатын еңбегінде: «Араб қолбасшысы Кұтайба озбырлықпен бұрынғының бәрін талқындады, жойды. Хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеді, өнер адамдары мен білімпаздарды, ғалымдарды түгел құртты. Хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім білмейді», - деп жазады.
ІХ ғасырдың соңына қарай Қазақстан жері мен Орта Азияда араб мәдениеті мен ғылымының ықпалы артты. Оқу, білім, өнер, әдебиет - барлығы да араб тілі, араб мәдениеті ықпалында дами бастады. Ежелгі грек ғалымдарының ілімдері тарала бастауы ғылымды дамытса, араб поэзиясы әдеби байланыс дәстүріне сай жаңаша өсіп-жетілуіне әсер етті. Кешегі түрік тілдес тайпалардан шыққан Әбунасыр әл-Фараби, М.Хорезми, Әбу Райхан Бируни, Әбуғали Ибн Сина, Ә.Фирдауси, Рабғузи, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи, О.Хайям, Ж.Баласағұни, А.Жаухари, Ысқақ әл Фараби, Жанақ әл Қимаки сияқты даналардың, өнер иелерінің, ғылым қайраткерлерінің көркем шығармалары мен ғылыми зерттеу еңбектерінің әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихына тікелей қатысы бар. Бұл ғұлама ғалымдардың еңбектерінен Х-ХІІ ғасырлардағы түркі халықтарына тән ортақ мұра болып саналатын көркем әдебиеттің өркендеуіне орай туындаған сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің ғылыми ояну дәуірін көреміз. Бұл кезеңде мәдениет, ғылым, әдебиет, сәулет өнері өркендеді. Оның ішінде сөз өнеріне деген құрмет ауыз әдебиетінің, жазба әдебиеттің дамуына ықпал жасады, филологиялық білімдер жүйесімен айналысу тек қана көркем әдебиет өкілдері ғана емес, барша зиялы қауымға тән құбылыс болды. Шешендік өнерді меңгеру, нақышты сөйлей білу, өлең шығару қабілетіне ие болу - білімді деп саналатын адамдардың міндетті түрде игеруге тиісті қасиеттері еді. Ғылыми еңбектердің көркем үлгіде келуі басты сапаларының бірі ретінде танылды. Сондықтан ғылыми трактаттардың өлең түрінде жазылуы таң қаларлық іс-әрекеттен көрі, солай болуға тиіс дәрежесінде қабылданды. Тіпті жаратылыстанушылар да филология, поэтика, риторика мәселелері туралы трактаттар жазды. Мысалға Ә.Р.Бируни мен Ибн Синаның еңбектері оған айқын дәлел.
Әдебиеттану ғылымының алғашқы қадамы саналатын әдеби мұраны жинау-жариялау, хатқа түсіру жұмыстары VІІІ-ІX ғасырларда өз жалғасын тапты. Осы дәуірде жырланған «Қорқыт ата кітабын» құрайтын он екі жыр мен «Оғызнаменің» көне түркі жазуымен немесе арабша жарияланбағанын дәлелдеу қиын. Біздің ойымызша жарияланған, яғни хатқа түскен де, түпнұсқасы бізге жетпеген. Бұл жерде біз: «Қорқытқа байланысты аңыз-әңгімелер, эпостық жырлар «Қорқыт ата кітабы» деген шығармада жинақталған. Оның авторы, жазылған уақыты, қайда жазылғаны туралы мәлімет жоқ. Шығарманың екі түрлі қолжазбасы бар. Олар кейін XV ғасырда жазылған», - деген тілші-ғалым Ә.Құрышжановтың, «Қорқыт ата кітабы» сол кездегі оғыз-қыпшақ тайпаларының бәріне бірдей түсінікті ортақ тілде жазылған», - деген әзербайжан ғалымы Ә.М.Дәмирчизаденің, «Тегінде Оғыз батыр жайындағы хикаяның осы алғашқы түпнұсқасы сақталмаған», - деген Н.Келімбетовтің және тағы да басқа пікірлерге сүйенеміз. Сонда «Қорқыт ата кітабының» XV ғасырда, «Оғызнаменің» XІІ-XІІІ ғасырда хатқа түскен нұсқалары түпнұсқаның қайтадан жариялануы немесе көшірмесі болып шығады. Өйткені «қандай да болсын халық өзінің тарихын жасауға бейім тұрады. Жазуы дамыған халықтарда бұл тарихи жылнама не ұлы қолбасшылар мен патшалардың жорық жолын баяндау түрінде хатқа түскен. Ал жазуы жоқ халықта бұл тарих ата-бабалар және атақты қолбасшылар туралы ауызша туған аңыз-әңгімелер түрінде, не басы осы аңыз-әңгімелерге барып тірелетін шежірелер түрінде жасалып отырған. Ертедегі түркілер осы тарихтың екі түрін де иеленген еді». Олай болса Орхон-Енисей көне жазба ескерткіштерінен бастап келе жатқан әдеби мұраны хатқа түсіру үрдісінің жалғасын таппауы мүмкін емес. Түпнұсқа көне түркі жазуымен жазылып, оның тағдырына жергілікті халықтың тілін, жазуын, мәдениеті мен әдебиетін жұтып жіберуге ұмтылған, араб тілін мемлекеттік тілге айналдырып, ежелгі түркі жазуының қолдануына тыйым салған арабтардың әсер етуі мүмкін. Немесе араб жазуымен хатқа түсіп, Қарахан мемлекеті тұсында жоғалуы да мүмкін. Қалай дегенмен де «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғызнамедегі» тарихи оқиғалардың деректілігі мен шежірелік сипаты кейінгі ғасырларға фольклорлық туынды емес, жазба әдеби мұра ретінде жетпеді ме екен деген ойға жетелейді.
Көне кезең әдебиетін зерттеуші ғалымдар бұл екі мұраны Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен басталатын ежелгі дәуір әдебиетінің алтын арқауы ретінде қарастырып жүргені мәлім. Сол себептен де қазақ әдебиеттану ғылымының арғы бастаулары саналатын кезеңнің де салмағы арта түсетіні сөзсіз. «Қорқыт ата кітабындағы» он екі жырдың, Оғыз батыр туралы жырдың хатқа түсуі әдеби шығарманы өнер туындысы деп танудағы танымдық-бағалаушылық көзқарас, сыншылдық-эстетикалық талғамның өсе түскенін байқатады. Әрине, ол мақсатты түрде жүзеге асудан көрі, әдеби мұраны рухани қажеттілікке айналдыруға деген талап-тілектің нәтижесінде көрінді. Яғни, айтылып жүрген фольклорлық жырлардың ең үздігі, таңдаулысы болғандықтан, халықтың эстетикалық талғамына сай келгендіктен жазуға түсті деп ойлау керек. Фольклорлық шығарманың хатқа түсу барысында толықтырылмауы мүмкін емес. Мысалы, «Қорқыт ата кітабы» эпос тіліне өте жақын. Онда фольклордың шешендік сөз, мақал, өсиет-нақыл, бата секілді түрлері де кеңінен орын алған. Дрезден нұсқасының неміс тіліне аударылған басылымында 400-ден астам мақал-мәтелдің бар екені осыған дәлел. Біздің ойымызша, «Қорқыт ата кітабын» құрайтын он екі жыр фольклорда жеке-жеке жер болып айтылып, хатқа түсу барысында Қорқыт тұлғасына байланысты біріктірілген. Оғыз қаған туралы өлең-жырлар тұтастанып, жүйеленіп қағазға түсуі де ықтимал.
Қорыта келгенде, көне әдеби мұралар саналатын Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін, «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғызнаменің» әдеби тілде хатқа түсуін, түркі тайпаларынан шыққан халықтардың әдебиеттану ғылымының бастауы, сөз өнерін ғылыми тұрғыда танудағы жұмыстардың ең алғашқы баспалдақтары деп санаған дұрыс.

  1. Гутаров В.И. Основы литературоведения. – Минск, Вышэйшая школа, 1967. – 352 с.

  2. Возникновение русской науки о литературе. – М.: Наука, 1975. – 427 с.

  3. Кәкішев Т. Оңаша отау . – Алматы: Жазушы, 1982. – 224 б.

  4. История русского литературоведения. – М.: Высшая школа, 1980. – 349 с.

  5. Гегель. Сочинения. Т. ХІҮ. – М.: Наука, 1968. – 307 с.

  6. . Өміралиев Қ. VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері. – Алматы: Мектеп, 1985. –112 б.

  7. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. – Алматы: Санат, 1994. – 448 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет