Әдістемелік нұСҚаулық Талдықорған қаласы



бет1/6
Дата31.12.2019
өлшемі1,21 Mb.
#53989
  1   2   3   4   5   6


Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы

Ономастикалық жұмыс және талдау бөлімі

Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау жұмысы бойынша
ӘДІСТЕМЕЛІК

НҰСҚАУЛЫҚ


Талдықорған қаласы

2018 жыл

Кітапша ауылдық, қалалық, кенттік округ әкімдеріне, жергілікті қоғамдастық жиналыстары мүшелеріне және аудандық, қалалық мәслихаттар мен әкімдіктердің мамандарына әкімшілік-аумақтық бірліктер, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау кезінде әдістемелік көмек ретінде ұсынылады.

Нормативтік-құқықтық күші жоқ.

А Л Ғ Ы С Ө З
Кез келген халықта жалқы есімдердің шығуы, пайда болуы әр түрлі қоғамдық дәуірлерге тән қасиет. «Елу жылда - ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халық даналығы. Ономастикалық атаулар да саяси-әлеуметтік, тұрмыстық өзгерістерге орай өзгеріп отыруы табиғи заңдылық. Жергілікті халықтың жадына сіңген, ұлттың танымына жақын, тарихымен тамырлас, салт дәстүрімен біте қайнасқан, географиялық ерекшеліктеріне негізделген тарихи-жер су атауларына құрметпен қараған абзал. Есімдер ғасырлар көшімен сырғып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатады. Атаулар арқылы еліміздің өткен тарихы, салт-дәстүрі, сенім-нанымы мен ел үшін еңбек еткен тарихи тұлғалар жайлы мәлімет таратылады. Сол себепті нысандарға ономастикалық атаулар беру, қайта атау ісі үлкен жауапкершілікті талап ететін іс.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының 25-5–бабы 5) –тармақшасы бойынша ономастика жұмысының критерийі - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың есімдерін беру болып табылады.

Ономастика саласы бойынша өзекті мәселенің бірі ретінде жергілікті жерлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын ономастикалық атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту, сондай-ақ кісі аттарына мейілінше шектеу қою шаралары қолға алынғаны жайлы өздеріңізге белгілі.

Сондықтан, бүгінгі таңда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 14 наурыздағы № 13-04-19/621-И хатына сәйкес ономастика нысандарына атау беру, қайта атау Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданған, ел тарихына өзіндік орны бар, ұлы тұлғалардың есімдері енгізілген «Тарихи тұлғалар» мен «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдеріне сәйкес жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың облыстық және Республикалық ономастика комиссияларының қарауына ұсынған ұсыныстарын зерделеу барысы ономастика жұмысының негізгі критерийлеріне сәйкес келмейтін кісі есімдерін беру, жергілікті халықтың пікірін дұрыс ескермеу және қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкес келмейтін құжаттарды рәсімдеу фактілері әлі де болса орын алып отырғанын көрсетуде. Осындай келеңсіздіктерді жою және болдырмау, сондай-ақ ономастикалық атау беру, қайта атау жұмысын біріздендіру мақсатында облыстық тілдерді дамыту бөлімінің ономастикалық жұмыс және талдау бөлімімен осы әдістемелік нұсқаулық құрастырылды.

Бұл нұсқаулық әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендерге және олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау жұмысын заңнамалар талаптарына сәйкес жүргізуді қамтамасыз етеді, жергілікті қоғамдастық жиналыстарын өткізуден бастап жергілікті атқарушы органның тиісті қаулысын мемлекеттік тіркеуге алуға дейінгі шараларды дұрыс рәсімдеуді реттейді.



ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛЫҚ

ӘКІМШІЛІК-АУМАҚТЫҚ БІРЛІКТЕРГЕ, ЕЛДІ МЕКЕНДЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ҚҰРАМДАС БӨЛІКТЕРІНЕ АТАУ БЕРУ, ҚАЙТА АТАУ, СОНДАЙ-АҚ ОЛАРДЫҢ АТАУЛАРЫНЫҢ ТРАНСКРИПЦИЯСЫН НАҚТЫЛАУ МЕН ӨЗГЕРТУ БОЙЫНША


  1. Жалпы бастамасы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларының бірі ретінде тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау процесін талқылауға қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесін (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%) ұлғайту қарастырылған.



Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру арқылы, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау процесіне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту көзделеді.

Аталған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2014 жылдың 24 ақпанында «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы Үкіметінің №138 қаулысы қабылданды.

Осы қаулыға сәйкес халықтың пікірін ескеру әкімшілік аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау кезінде атқарылатын шараларды жария түрде және қоғамдық талқылауға салу мен ашық дауыс беру арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Сол себепті, атау беру мәселесін бастамас бұрын, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстарды, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялап, көпшіліктің талқылауына ұсынған жөн.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғындар арасында дәйекті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ұсынылатын атаудың түсінігі, мән-мағынасы, тұлғаның өмірбаяны, сіңірген еңбектері мен жеткен жетістіктері жайлы, объекті атауын өзгертудің қажеттілігі жайлы еңбек ұжымдарында, халық көп шоғырланатын орындарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына, уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырмаларына қайшы келетін атаулар ұсынылған жағдайда білікті мамандармен уәжді және заңға негізделген түсіндірулер берілуі тиіс.

Тұрғындардың арасында туындайтын келіспеушіліктер мен пікір қайшылықтарын, қоғамдық кертартпалықтарды болдырмауға жариялы түрде жүргізілген сапалы түсіндіру жұмыстары арқылы қол жеткізіледі.


  1. Халықтың пікірін ескерудің түсінігі және тәртібі


«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңы бойынша жергілікті халық өзін-өзі басқаруды екі түрлі жолмен жүзеге асырады, олар:

  1. жергілікті қоғамдастықтың жиналысы;

  2. жергілікті қоғамдастықтың жиыны.

Жергілікті қоғамдастық жиналысы дегеніміз – бұл жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің осы Заңда айқындалған шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы. Яғни, жергілікті қоғамдастық жиналысына ауыл тұрғындарының қатысуы міндетті емес, тек олардың өздері сайлаған өкілдері қатысып, шешім қабылдау үшін дауыс береді.

Ал, жергілікті қоғамдастық жиыны деген – бұл тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) осы Заңда айқындалған шекте және тәртіппен жергілікті мәні бар аса маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысуы болып табылады. Яғни, жергілікті қоғамдастық жиынына ауыл, көше тұрғындары тікелей өздері қатысып, дауыс беруі тиіс.

Қағиданың 1-бөлігі 3-тармағында кенттерге, ауылдық округтерге, ауылдарға, аудандық маңызы бар қалаларға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеруді жергілікті атқарушы органдар мен кенттердің, ауылдық округтердің, ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері жергілікті қоғамдастық жиналыстарын өткізу арқылы ұйымдастырады деп көрсетілген.

Сол себепті ономастикалық атау беру кезінде «жиын» емес «жиналыс» деген түсінікті басшылыққа аламыз, яғни, халықтың пікірін ескеру үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы өткізілуі тиіс және оған тұрғындардың өздері емес, олар сайлаған өкілдер қатысып, дауыс береді. Халықтың пікірін ескеру көрсеткішін есептеген кезде тұрғындар сайлаған өкілдердің берген дауыстары ғана саналады.

Жергілікті қоғамдастық жиналыстарын өткізу Қазақстан Республикасын Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы №295 бұйрығымен бекітілген жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентінде көрсетілген тәртіппен жүзеге асырылады (осы регламентке негізделіп қабылданған жергілікті атқарушы органның бөлек жеке регламенті болуы мүмкін).

Жиналысқа тұрғылықты халықтың мүдделерін білдіру үшін тұрғындар арасынан төрт жыл мерзімге сайланған олардың өкілдері қатысады.


  1. Жергілікті қоғамдастық жиналысына шақыру

Жиналысты ауылдық округ әкiмі дербес не ол жергілікті қоғамдастық жиыны (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) өкілеттік берген, жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылуы мүмкін.

Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге ерікті нысанда жазбаша өтінішпен жүгінеді.

Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысқа шақыру туралы шешім қабылдайды.

Қағиданың 8-тармағы бойынша әкім жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу мерзімін анықтайды және оның өткізілетін күніне дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өздерінің интернет-ресурсында орналастырылады (бар болса) және тиісті аумақта таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жиналыстың күн тәртібі, өткізілетін күні, орны және уақыты көрсетілген хабарландыру орналастырады.

Өздерінің интернет-ресурстарында (бар болса) және бұқаралық ақпарат құралдарында қажетті құжаттар мен материалдарды орналастырады.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабының талабына сәйкес хабарландырулар... мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылуы тиіс. Сол себепті, газет және сайт хабарландырулары міндетті түрде екі тілде берілуі тиіс.

Аталған құқықтық актінің мазмұнына сәйкес жиналыс хабарландыру жарияланған күннен бастап 30 күнтізбелік күн өткеннен кейін өткізілуі тиіс және күн тәртібінде қаралатын мәселе, яғни қандай көшенің атауы өзгертілетіні (атау берілетіні), қандай атау ұсынылғаны туралы нақты мәлімет пен ол атаулар жайлы түсіндірмелер (тұлғаның өмірбаяны) хабарландыруда жариялануға жатады.

Берілген осы мерзім жиналысқа мүше болып сайланған өкілдерге өзіне сенім білдірушілердің ұсынылған атауға байланысты көзқарастарын анықтап, жиналыста дауыс беруге дайындалуына мүмкіндік туғызады және пікір қайшылықтарын жоюға өз ықпалын тигізеді.

Сол себепті, қоғамдастық мүшелеріне жиналыстың өтуіне белсенді ат салысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма беру орынды болар еді.

Мүмкіндігінше қоғамдастық жиналыстарының мүшелері, ұйымдастырушылар берілген 30 күннің ішінде ауыл, көше тұрғындарын аралап, ұсыныс бойынша тұрғындардың тізімін жасағаны және қолдарын қойғызғаны тиімді болады. Бұл шара жаңа атау бойынша тұрғындардың пікір қайшылықтары болған жағдайда, көпшілік дауыспен заңды шешім қабылдауға негіз болады және құқық қорғау органдары тарапынан шешімдердің күшін жою фактілеріне жол бермейді.




4. Жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізу
«Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығы бойынша жиналысты шақыру алдында әкім аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижесін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.

Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

Жиналысты шақыруға олардың мәселелері онда қаралатын аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының депутаттары, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Сондай-ақ жиналысты шақыруға бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатыса алады.

Аталған шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдерді қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.

Жиналысты шақыруды жүргізу үшін ашық дауыс беру арқылы жиналыстың төрағасы мен хатшысы сайланады.

Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.

Жиналыс өзінің құзіреті шеңберінде шақырылымға қатысушы жиналыс мүшелерінің көпшілік дауысымен шешім қабылдайды.

Дауыстар тең болған жағдайда, жиналыстың төрағасы шешуші дауыс беру құқығын пайдаланады.

Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

3) өзге де қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;

4) жиналыстың төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);

5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

Хаттамада «қолдап» немесе «қарсы» дауыс бергендердің жалпы саны көрсетіледі. Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысқандардың тізімі қоса тіркеледі (Қағиданың 10-тармағы).

Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және екі жұмыс күн ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.

Жиналыста қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімі бес жұмыс күні мерзімінде қарайды. Әкімдер жергілікті қоғамдастық жиналысының шешіміне келіспеушілігін білдіруге құқылы, осындай келіспеушілік тудырған мәселелер көзделген тәртіпке сәйкес қайта талқылау жолымен шешіледі.

Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені жоғары тұрған әкім тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының отырысында алдын ала талқылаудан соң шешеді.

Ауылдық округ әкімі аппараты ауылдық округ әкімнің жиналыс шешімдерін қарау нәтижелерін бес жұмыс күн ішінде жиналыстың мүшелеріне жеткізеді.

Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.

Қағиданың 11-тармағына сәйкес жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамалары ол өткізілгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында (бар болса) және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс (мемлекеттік және орыс тілдерінде).


5. Жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын орындау

Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін орындау үшін ауылдық, қалалық округ әкімдігі төмендегі құжаттарды үш дана етіп дайындайды:

1. Аудандық жергілікті атқарушы органға тиісті ұсыныс;

2. Енгiзiлетiн ұсыныс тиiмдiлiгiнiң негiздемесi, өзгертiлетiн аумақ, оның халқының саны туралы мәлiметтер, елдi мекендердiң өнеркәсiптiк және басқа да объектiлердiң тiзбесi, сондай-ақ мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн қажеттi барлық басқа мәлiметтерi бар түсiндiрме жазбаша хат;

3. Нысанға атау беру, қайта атау үшін жұмсалатын қаржылық шығындар туралы экономикалық есеп-қисап. Құжатта жобаны қаржыландыру көзі көрсетіледі. Егер жоба демеуші есебінен қаржыландырылатын болса оның жеке куәлігінің көшірмесі мен нотариалды түрде куәландырылған қолхаты тіркеледі;

4. Елдi мекендердiң жаңа шекаралары және мәселенi өз мәнiсiнде шешу үшiн маңызы бар өзге де жағырапиялық деректерi көрсетiлген схемалық карта. Картаға өзгертiлетiн аумақтың өкiлдi және атқарушы органдарының басшылары қол қояды;

5. Ұсынылған атау туралы түсіндірме жазбаша хат;

6. Нысанға адам аты ұсынылған жағдайда оның жетістіктерін куәландыратын құжаттар;

7. Халықтың пікірін ескеру кестесі (үлгісі ұсынылады);

8. Жүргiзiлетiн қайта құрулар мен аттарын өзгерту жөнiндегi ғылыми сараптаманың актiсi.

Тізбедегі құжаттар қоғамдастық жиналысы хаттамасымен бірге аудандық, қалалық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен отырысының қарауына жолданады.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 14-1 – бабының 2-тармағына сәйкес, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімі шыққаннан кейін аудан, қала әкімі облыс әкімінің орынбасары – облыстық ономастика комиссиясының төрағасының атына ұсыныс хат жолдайды. Хатқа жоғарыда көрсетілген құжаттардың бір дана түпнұсқасы тіркеледі.

Ал облыстық маңызы бар қалалар бойынша (Талдықорған, Текелі, Қапшағай) ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады.

Облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған ұсыныстар бойынша ауылдық, қалалық округ әкімдері «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабының 4) тармақшасына сәйкес, осы елдi мекендердің құрамдас бөлiктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі тиісті қаулы шығарады.

Ал, ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының ұсынуы бойынша, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде облыстық өкілді және атқарушы органдар шешеді («Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 11-бабы 4-тармақшасы).

Сондай-ақ, осы Заңның 11-бабының 4-1 тармағына сәйкес облыстық маңызы бар қалалар бойынша елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау туралы қаулыны облыстық өкілді және атқарушы органдар шығарады.

Қаулы «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңында көрсетілген тәртіптермен әділет органдарында тіркелуге жатады.

Тіркелу жүргізілгеннен кейін нысан атауы «Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 783 және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1262 бірлескен бұйрығына сәйкес бірыңғай мәліметтер базасына енгізіледі.



Үлгі
Хабарландыру
2018 жылдың 10 сәуірінде сағат 16.00-де Үштөбе қаласының мәдениет үйінде жергілікті қоғамдастықтың жиналысы өткізіледі.

Күн тәртібінде:



  1. Қаратал ауданы Үштөбе ауылдық округінің Фрунзе ауылына қарасты Мир көшесінің атауын Бейбітшілік көшесі деп қайта атау;

  2. Қаратал ауданы Үштөбе ауылдық округінің Фрунзе ауылына қарасты жаңа көшеге Ескелді би есімін беру мәселелері талқыланады.

Жиналысқа жергілікті қоғамдастық мүшелері мен аталған көшелердің тұрғындары шақырылады.

Ұсынылған атаулар туралы қысқаша мәлімет:

Бейбітшілік – тыныштық, ұйыған, қауіпсіз өмір мағынасын береді.

Ескелді би – XVIII-ғасырда өмір сүрген қазақтың биі, жоңғар шапқыншылығы кезінде босып кеткен қазақтың басын қосып, басқыншыларға қарсы азаттық соғысын ұйымдастырған және ерлігімен ерекше көзге түскен батыр, тарихи тұлға.
Үштөбе ауылдық округінің әкімдігі

Үлгі
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Әйтей ауылдық округі қоғамдастық жиналысының №8 хаттамасы
Үштерек ауылы 10.07.2018 жыл,

сағ. 14.00-17.30



Төрағалық етуші: ___________________________________________

Хатшы: _____________________________________________
Қатысқандар: Жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелері – 9 адам;

Ауыл тұрғындары – 83 адам (барлығы - 92);


Күн тәртібі: Әйтей ауылының солтүстік шығысында орналасқан 1-7 жаңа көшелерге атау беру туралы ұсынысты қарау.
Тыңдалды: 1)

2)

3)



Жиналысқа қатысушылардың ұсынылған атаулар туралы пікірлерін тыңдай келе жиналыс келесідей шешім шығарды:
Жиналыс шешімі.

  1. Қарасай ауданы, Әйтей ауылдық округі, Әйтей ауылының солтүстік шығысында орналасқан 1-жаңа көшеге – Айғайтас, 2-көшеге – Екі Нар, 3-көшеге – Кіші Нар, 4-көшеге – Шөладыр, 5-көшеге – Бесқарағай, 6-көшеге – Емеген, 7-көшеге – Құрөзек, 8-көшеге – Төрткүл атауларын беру туралы ұсыныс қолдау тапсын;

  2. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті құжаттар рәсімделіп, аудандық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен отырысының қарауына тиісті ұсыныс енгізілсін.

Шешімді қолдап дауыс берген қоғамдастық жиналысы мүшелері – 9.

Қарсы дауыс бергендер – жоқ.

Қалыс қалғандар – жоқ.


Шешімді қолдаған ауыл тұрғындарының саны – 83.

Қарсы болғандар – жоқ.

Қалыс қалғандар – жоқ.
Жиналыс төрағасы ___________________________________________

Хатшы ___________________________________________

Үлгі

Облыс әкімінің орынбасары,

облыстық ономастика

комиссиясының төрағасы

А. Әбдуәлиевке
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» № 138 қаулысының 14-бабының 4-тармағына сәйкес, тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Қарасай ауданы, Әйтей ауылдық округі, Әйтей ауылының солтүстік шығысында орналасқан 1-жаңа көшеге – Айғайтас, 2-көшеге – Екі Нар, 3-көшеге – Кіші Нар, 4-көшеге – Шөладыр, 5-көшеге – Бесқарағай, 6-көшеге – Емеген, 7-көшеге – Құрөзек, 8-көшеге – Төрткүл атауларын беру туралы ұсынысты облыстық ономастика комиссиясының отырысында қарастырып, қорытындысын беруіңізді сұраймыз.

Қосымша:


  1. Жиналыс өтетіні жайлы газет хабарландыруы;

  2. Жиналыс өтетіні жайлы сайт хабарландыруы;

  3. Жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасы;

  4. Қоғамдастық жиналысына қатысқан қоғамдастық мүшелерінің тізімі;

  5. Қоғамдастық жиналысына өкілдер сайлау туралы жергілікті қоғамдастық жиынының хаттамасы;

  6. Қоғамдастық жиналысына қатысқан көше (ауыл, қала, ауылдық округ) тұрғындарының тізімі;

  7. Халықтың пікірін ескеру кестесі;

  8. Жиналыс қорытындысы жайлы газет хабарландыруы;

  9. Жиналыс қорытындысы жайлы сайт хабарландыруы;

  10. Ұсынылған атаулар туралы түсіндірме жазбаша хат;

  11. Тұлғаның жетістіктерін куәландыратын құжаттар;

  12. Экономикалық есеп-қисап;

  13. Демеушінің жеке куәлігі көшірмесі;

  14. Демеушінің қолхаты;

  15. Көше (ауыл, қала, кент, ауылдық округ) туралы жалпы мәліметтер;

  16. Нысанның схемалық картасы;

  17. Ғылыми сараптама актісі;

  18. Әйтей ауылдық округі әкімінің аудан әкімдігіне жазған ұсыныс хаты;

  19. Аудан әкімдігінің аудандық мәслихатқа жазған ұсыныс хат;

  20. Аудандық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімі.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет