Егемен Қазақстан, 31 наурыз 2010



Дата15.09.2017
өлшемі138,96 Kb.
#33097

Егемен Қазақстан, 31 наурыз 2010 | Замана
  1. ТІЛІ НАҚ, РУХЫ ҰЛТҚА ЖАҚ


заңнамаға қалай, қайтіп қол жеткізуге болады?

Ғимараттың мық­тылығы оның кірпішінің мықты­лы­ғына байланысты. Үйдің мықтылығы оның ең осал кірпішінің мықтылығына тең. Қан­ша шебер болсаң да, осал, қисық кір­піш­тен мықты, түзу үй қаланбайды. Қазақ үй тіккенде уығының мықты болуына қатты көңіл бөлген. Керегенің мықтылығы өз алдына, уық мықты болса, шаңырақ шайқалмайды, киіз үй құламайды.

Заңгерлер үй салмайды. Олардың қо­лы­нан келетіні заңнамалық актілерді жа­сау, түсіндіру, қолдану. Заңдар мемлекеттің уығы іспеттес. Ал сөздерді заңдардың іргесі қаланатын кірпішпен салыстыруға болады. Сөзі тұрлаусыз заң қауқарсыз. Қазіргі кезде мәселе заңдардың санында, оларды білу, не білмеуде емес, сапасында, олардың әр сөзінің орнында тұруында, санаға тікелей әсер етуінде. Олай болуы үшін заң сөзі жасық, жалаң емес, өзегінде ұлттың рухын, өзіндік төлтума келбетін беретін деңгейде болуы керек. Заңда әр сөз өз орнында тұруы, бір мағынада қолданылуы, сол мағынада түсінілуі бұлжымас шарт.

Өткендегі ғұламалар тілді діннен де жоғары қойған. Тіл болмаса, дін қалай тарал­мақ, адамдар қалай түсініспек?! Қа­зақ әдеби тілінде белсенді қол­данылып жүрген жүз елу мыңның ол жақ бұл жағында сөз болса, ал терминдер қай тілдің болмасын әдеби қо­ры­нан көп болады екен. Ті­лі­міздегі терминдер қазір жарты миллион маңайында. Яғни болашақ мамандарды күтіп тұрған жұмыс көлемі орасан. Сондықтан термин­дер туралы біздің таным-түсінігіміз үнемі кеңейіп отыруы тиіс.

“Өнер алды – қызыл тіл”. Бұл – Абай. Негізі баба сөз. Махмұт Қашқари сөз­ді­гінде: “Ардам баши тил” – “Вершина доб­ро­детели – в языке (тот, кто постиг кра­соту речи, обретает достоинство благодаря ей)”. “Басқа бәле – тілден”, деген де бар. Яғни, аңдамай сөйлесең, ауырмай өлесің. Сонымен қатар, “тілі алғырдың жолы – даңғыл” деп те айтуға болады.

Қазақ елінің қазіргі жер байлығы, қа­зына байлығы, рухани байлығы ата-бабадан қалған тіл мәдениетімен тікелей байла­ныс­ты. Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін меңгеру, сол тілде сөйлеу, жазу, іс жүргізу, еларалық қатынастарды орнату, заңнама мәтіндерін жасаудың өмірлік қажеттігін әрбір болашақ заңгер терең сезінуі қажет.

Ендеше, ұлт пен мемлекет мүддесін, адам мен азамат құқықтарын қорғайтын заңдардың тілі мен рухы жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Заңгер мамандарды түрлі әдістемелік негізде, оқытудың заманауи технологияларын қолдана отырып дай­ындадық десек те, олардың тілді меңгеруі көңіл толтырмайды. Болашақ заңгерлердің тілдік даярлығы кәсіби талаптардың бірі емес, бірегейі болып табылады. Қазір бұл мәселеде ойланатын, көңілге күдік кел­ті­ретін жәйттер көп. Болашақ заңгерлердің көбі сөйлеу, жазу мәдениетін жетік меңгеруге қажетті деңгейде көңіл бөлмейді.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қабылданған нормативтік құқықтық актілер мен кейінгі жылдары қолданысқа түскен заңнама актілерінің тілі бір-бірінен ерекшеленеді. Оларда бірталай тілдік, терминдік оң өзгерістер бар. Бүгінгі күні көптеген сөздер баяу болса да, құқықтық термин ретінде орнығып, тілдік айналымға түсті. Тіліміздегі сөздердің күнделікті қолданыстағы мағынасымен қатар термин­дік мәні-мазмұны, әр алуан қырлары ашылуда. Кәсіби заңгерлер ғана емес, қалың жұртшылық та оларды жатырқамай, жатсынбай дұрыс қабылдайтын дәрежеге жеттік. Ұлт рухы сергектеніп, ұлт тілінің қоры батыл қолданыла бастады. Қазір сол үрдіс баяулап, тоқмейілсу пайда болғандай.

Қазіргі кезде қазақшаға жетік заңгер­лер­дің өзі қазақша заңнама актілерін оқымайды. Оларға бұл үшін кінә қоюға болмайды. Өйт­кені, қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің біразы тү­сініксіз жазылған. Орысша оқысақ түсінік­тірек, қолдануға жеңіл. Заңнаманың қазақша мәтіндерінің осындай халі ұлттық намысқа тиеді, мем­лекеттік мәдениетімізге нұқсан келтіреді. Сондықтан болашақ заңгерлерді даярлауда тілдік дайындықты, әдебиетті білуді, ұлттық рухты жануды алдыңғы ор­ын­ға қою керек. Заңи білім беруде осы мә­се­ленің ерекше өзектілігі дау тудырмаса керек.

Шындығында біздің заңдардың көп­шілігінің сапасы да, олардың қоғамдық қатынастарды реттеудегі пәрменділігі де сыни талдауларға төтеп бере алмайтын халде деуге болады. Олар күнделікті ути­литарлық міндеттерді шешуге жараға­нымен, өздерінің негізгі миссиясы рухқа қызмет етуді, құқықтық сана мен мәде­ниетті, заңшыл қылықты қалыптастыруды нашар атқаруда. Ішкі қайшылықтарымен қатар сыртқы кемшіліктері көзге анық байқалады. Көбіміз қазақ тілін жетік біле тұра, заң мәтіндерінің қазақшасына емес, орысша­сына жүгіретініміз өтірік емес. Бұдан кейін мемлекеттің, оның құқықтық жүйесінің беделінің деңгейі, идеологиялық ықпа­лының әсері туралы айтпаса да түсінікті.

Тіл – заңнама актілерінің сапасының айшықты көрсеткіші. Заң сапасы туралы сөз қозғағанда сол заң жазылатын тіл, оны қолдану мәдениеті, оған деген оң ықылас, қарымды қарекет мәселесі бірінші орында тұруы керек. Заңнамалық актілердің тілі түзелмесе, небір абзал құқықтық идеялар мен қағидаттар іске асырылмақ түгілі, жөргегінде тұншыққан сәбидей, тұсауы алынбаған тұлпардай күн кешеді.

Заң тілінің нақты, тиянақты, бір мағы­налы болуы, оның қоғамдық қатынастарды нә­ти­желі реттеуінің, толыққанды жүзеге асыры­луының маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады. Заңи техника тұр­ғы­сынан келгенде әр сөз бір ғана мағынаны арқалауы қажет. Рес­публиканың бүкіл заң­нама жүйе­сінде тер­миндердің бір мағынада түсініліп, бірізділікпен қолданылуына қол жеткізу өте өзекті мәселе болып тұр. Ал­ғашқыда тәуел­сіздікті баянды ететін заң­дардың дүниеге келуін жетістік көріп, санына масаттансақ, бүгінгі күні олардың сапасын көтеру міндеті алға шықты.

Қазақ тілі­нің байлығы, мағыналық көп­нұс­қа­лылығы, синонимдік қа­тарларының кеңдігі көр­кем әдебиетте мол мүмкіндіктер ашқаны­мен, өзіндік ерекше талаптарға сай жасақ­талатын заң актілерінде белгілі бір қиын­дықтар туғызады. Қазақ тіліндегі нормативтік құқықтық актілерде заңи техниканың тілге қатысты талаптары сақтала бермейді. Мысалы, бір сөздің құбылуы, бір терминнің орнына әр түрлі сөз (немесе қос сөз) қолданылуы, шұба­лаңқылық, яғни ор­ыс­ша мәтіндегі бір сөздің екі, үш, тіпті төрт сөзбен аударылуы, көп нұсқалық, сөздердің қазіргі жазылу емлесін ескермеу, құқықтық мағынасынан гөрі көркем әдебиеттік сипаты басым сөздерді қолдану, стильдік оралым­сыздық және т. с. с. орын алған. Осы жерде қа­зақ тілінің еш кінәсі жоқ.

Мұның бір себебі – заңдардың қазақша мәтіні бөгде тілдің заңдылықтарына жы­ғылған аударма өнім ретінде қолданысқа түсіп жатқанынан. Заңдар қазақы төлтума туынды болып дүниеге келмегендіктен ұлттық ырық пен мүддені өз мәнінде көрсете бермейді. Бұл да – отар ел болғандықтың зардабы, енді отарсыздану үдерісі қарқын алуы керек. Екінші себебі – тілді шала-шарпы біле­тін­дердің, жүрдім-бардым қолданатындардың, тіл тағ­дырына, мемлекет мүддесіне үстірт қарай­тындардың, өз ісін шалағай атқаратындардың, санасын салғырттық басқандардың кінәсі.

Осы жағдайларды ескере отырып біз 2008 жылы ҚР Конституциясының кейбір бап­та­рының, Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлі­мінің, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің Жалпы бөлімінің қазақша бейресми нұсқаларын дайындадық. Олар екі кітап болып: (“Билер соты мен ұлттық дәстүрлердің жан­дануы: заңшығармашылық және әлеу­меттік тәжірибе”, Дулат­бе­ков Н.О., Биебаева А.Ә., Сыз­дық Б.К., Бож­қараұлы А., Қызы­лов М.А. және Дулат­бе­ков Н.О., Сыз­дық Б. К., Биебаева А. Ә. “Қылмыстық заң­­­­на­­маны мә­тін­дік сараптау тәжірибесі”. Оқу құралы) жарыққа шықты. Бұл кітаптар оқыту үдерісінде тұ­рақ­ты пай­даланылады. Оқыту үдерісінде сту­денттердің ресми мәтін мен бейресми мәтін­дерді салыстыру мүмкіндіктері туды.

Енді авторлық топтың аталмыш жұмы­сының бағыттары мен нақты нәтижелері және қазіргі кезде жүріп жатқан ізденістік жұ­мыстарының барысы туралы мәлімет берсек. Ең алдымен, Конституцияның өзінде заңи техниканың тілге қатысты талаптары сақ­талмағаны назарға ілікті. Мысалы, Конс­ти­туцияда бір сөзді құбылту (“құқы”, “құқығы”, “құқысы”, “хақы”, “хақылы”, “хақысы”), бір терминнің орнына әр түрлі сөз қолдану (“еркіндігі”, “бостандығы”) кездеседі. 15-бапта өлім жазасын орысшада “исключи­тельная мера” десе, қазақшада “ең ауыр” делінген. Дұрысы – “айрықша жаза”. 17-бап орысша “честь” сөзін “қадір-қасиет” дейді. Бұл күн­делікті ауызекі қолданыста, әдеби контексте бірін-бірі күшейтіп, әсер беру үшін дұрыс-ау, бірақ, заң мәтінінде қос сөздің орнына тер­миндік нақ мағыналы бір сөзді орнықтырған жөн болар дейміз. Осы баптың екінші бөлігін “2. Ешкім қинауға, күштеуге, басқадай қатыгез немесе адами қадірін қорлайтындай қатынасқа немесе жазаға ұшырауға тиіс емес” деп аударған жөн. 19-бапта орысшадан “немесе” деп аударылатын сөзді “және” деп қате аударған. 25-бапта “доступные цены” “шама-шарқы көтеретін ақы” делінген, дұрысы – “қол­жетерлік ақы”. 26-бапта “недобросовест­ная конкуренция” “жосықсыз бәсеке” деп аударылған. Дұрысы – “арамза бәсеке”. Бұл да әлі көңілді көншітпейді, бірақ, “недо­бросовестная” – арамдық, қараулық, адал емес дегенді білдіреді емес пе? Жосықсыз десек, мүлде өзге нәрсеге меңзейміз. 27-бапта “естественные права родителей” “ата-ананың етене құқығы” делінген. “Ете­не” жақын деген сөз тіркесі бар да, бұл жер­де құқықтың “табиғилығы” жөнінде сөз бо­лып тұрғаны даусыз және “естественное” сө­зін “табиғи” деп аудару қазақ тілінде орныққан.

Мәселенің өзге бір қыры Конституцияға бағынышты заң актілерін талдағанда бай­қа­лады. Конституция мәтініне өрілген термин­дер басқа заңдарда бастапқы ма­ғынасынан айрылып, ала-құла қолданылып жүр. Конс­титуция барлық заңдардың құ­қықтық негізі болып қана қоймай, сонымен бірге термин­дік үлгі, стандарт қызметін атқаруға тиіc. Сондықтан Конституция мәтініне қойы­ла­тын талаптар ерекше. Құ­қықтық мемлекетте жоғары деңгейдегі құқықтық сана мен мәдениет қалыптастыру үшін Консти­туциядан бастап бүкіл заң актілерінің тілі мүлтіксіз болуы шарт.

Құқық сөздіктерінде, заңнама мәтін­де­рінде әлі күнге дейін түбегейлі дұрыс ше­ші­мін таппаған, сондықтан әрі қарай ізде­нуді қажет ететін терминдер баршылық. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте Қылмыстық кодекске де ортақ “невменяемость” терминін “есі дұрыс еместік” деп аударудың орнына “ақыл-естің кемдігі” деп аударған. Ақыл-естің кемдігі (кемақылдық – слабоумие (орысша) – олигофрения (латынша)) есі дұрыс еместік­тің медициналық белгілерінің бірі ғана екені назардан тыс қалған. Сөйтіп, заңнама мәтіні қате түзілген. “Обоснованный риск” деген ортақ термин бір кодексте “орынды тәуекел ету”, екіншісінде “негізді тәуекел” деп аударылған. Дұрысы – “негізді тәуекел”.

Республика заңдарының бәрінде “лише­ние свободы” – “бас бостандығынан айыру” деп берілген. Бостандық болған соң, бас бос­тандығы да, басқа қандай бостандық болуы мүмкін? Кезінде, патша за­манында қазақта “бас еркі” деген сөз болған, содан қалған жұр­нақ болуы керек “бас бостандығы” де­ген. “Сөз бостандығы” туралы болса, онда нақ­тылауға тұрады. Сондықтан “лишение свободы” – “бостандығынан айыру” бол­мақ. “Участник” – “қатысушы” десек, “соу­час­тник” – “сыбайлас” бол­мақ. “Соучастие – сы­байластық”. Сыбайласы кім(дер) екен дейміз.

“Коррупцияны” “сыбайлас жемқорлық” деп жүрміз, ол онша орынды емес. “Сы­байластық” – бірлесіп жасалатын қылмыс­тардың бәріне тән сипат, белгі. “Жемқор­лық” меншік құқығына қатысты пайда­кү­нем­дік, пайдақорлық деген сөздерге мәндес (синоним). Жемқорлық – коррупцияның зардаптарының, оның жүзеге асу нысан­да­ры­ның бір түрі ғана. Негізгісі лауазымды тұл­ғаның, саяси және қоғам қайраткер­ле­рі­нің мемлекет пен қоғам ісіне адал болмауы.

“Коррупция” латынша “corruptіo” – па­ра­ға жығу (подкуп). Одан бұрынғы гректік тү­бі­рінде “katalysіs” – бұзу, ыдырату, тоздыру, жою мағынасы жатыр. Коррупция – тұлғаның лауазымдық өкілеттіктері мен қызметіне бай­ланысты құқықтарын мемле­кеттің, қоғамның, сондай-ақ жеке адамдар­дың мүдделеріне қарсы өзінің жеке баю мақсаты үшін пай­да­ла­нуынан тұратын қылмыстардың жиынтық аты.

“Сыбайлас жемқорлық” – коррупция­ның мемлекеттік билік пен қоғамдық саяси жүйені ыдыратуға, әлсіретуге, қиратуға, бұ­зуға алып келетін аса қауіпті сипатын ашып бере алмай­тын, оны өзге пайдақорлық сы­байлас қыл­мыстармен орынсыз шендесті­руге, шатасты­руға алып келетін, қате ұсы­нылған, бұрыс қол­данылып жүрген термин. Біздің ойымызша, “сыбайлас жемқорлық” “корруп­цияның” баламасы бола алмайды. Корруп­циялы қоғам дегеніміз лауазымды тұлғасы сатылған, ниеті бұзылған, адалды­ғынан айныған, антынан аттаған, иман­дылық қалыбы тозған қоғам болса керек. Осы сипаттарға сай келетін термин табылуы тиіс. Әзірге дұрысы – сол күйінде, яғни “коррупция” деген халықаралық нұсқа­сында қалдыру керек. Осы бір терминге неше түрлі орынсыз балама таңу, осы сөздің өзегінде жат­қан ұғымның мағынасын бұлыңғыр қы­луда. Соның бір мысалы, беделді деген рес­пуб­­ли­калық әрі заңгерлік кәсіби газеттің кор­руп­циямен күрес туралы бір бетте жария­ланған екі мақаласында коррупция ұғымы екі бөлек сөзбен, бірінде “жемқор­лық”, екіншісі – “сы­байластық” деп беріл­ген. Осыны сөз ауанына қарамай басқа тілге аударсаңыз, алғашқысы біреу “талан-тараж”, яғни – “хищение”, екіншісі – “қылмысқа қаты­сушылық”, яғни “соучас­тие” болып шығады.

Бұл “Қазаншының еркі бар…” дегеннің керіне әкеледі. Бұлай кете берсе, бара-бара қазақша сөйлеп тұрып, бір бірімізді түсінбейтін боламыз.

Хулиган” – “бұзақы”, “хулиганство” – “бұзақылық”. Ал “мелкое хулиганство” ше? “Ұсақ бұзақылық” қой. Ал енді осы ұсақ бұзақылықты қылмыс емес “проступок” санатына жатқызамыз. “Преступление” – “қылмыс”, ал “проступок” дегеніміз не? “Әбестік” деп аударамыз ба, “теріс қылық”, “тентек қылық” дейміз бе? Осы тұрғыдан келгенде “проступок”, “деликт” сөздерін “қиястық” деген жөн тәрізді.

Қолданыстағы заңнамада “вменяемый” – “есі дұрыс”, “вменяемость” – “есі дұрыстық”, “невменяемый” – “есі дұрыс емес”, “невменяемость” – “есі дұрыс емес­тік” деп аударылған. Бір сөз қос сөзбен тіпті үш сөзбен берілген. Бұл бір. Екіншіден, “дұ­рыс ес”, “бұрыс ес” деген құбылыс бола ма табиғатта? Егер болады десек, қылмыстың жасалуы бұрыс естің, яғни есі дұрыс емес­тіктің салдары болуы керек. Ал заңға сәйкес есі дұрыс еместік үшін жауапкерлік туын­дамайды. Ендеше, осы терминдердің аудар­масы есті, естілік, ессіз, ессіздік болуы керек. Америка қылмыстық құқығында “разумный адам” деген ұғым бар. Біздіңше, есті, санасы бар адам деген сөз.

“Юридический” дегенді “заңи” деген дұ­рыс. “Мәдени”, “әдеби” деген сөздер сияқты қол­данысқа өте әдемі түсер еді. Сонда “юри­дическая литература” дегеніміз “заңи әдебиет”. “Заңгер” – “юрист”, сонда “заңгерлік кеңес” емес, “заңи кеңес”. Заңгер кеңесті заңға сүйе­ніп береді. Өз жанынан шығармайды. Заң­гер­лік кәсіби қызметтің әдебі туралы сөз болса “заң­герлік әдеп” деу керек. “Заңды” – “за­конный”. “Заңдық” – “относящийся к за­ко­ну”. “Заңдылық” – “законность”. “Заң­на­ма” – “законодатель­ство”, “заңдар” – “законы”.

Мүмкіндігінше орынды-орынсыз жұр­нақ, жалғау тіркелген, шұбатылған сөздерден аулақ болу керек. Мысалы, “потребность” – “қажеттік” деп көрдік, бірақ сөйлем құрас­тыр­ғанда “қажеттілік” деген нұсқасы дұрыс-ау деп шештік. “Способность” – “қабілет­тілік” болады, яғни “қабілеттік” емес. Деген­мен “справедливость” – “әділ­дік”, “юсти­ция” – “әділет”, “ответствен­ность” – “жа­уап­керлік”. Жауаптылық, жау­ап­кершілік, жа­уапқа тарту деген балама­ла­рынан осы дұрыс. Сол сияқты “правонару­ше­ние” – “құқықбұзу” болуы керек. “На­ру­шение” – “бұзу”. “Разрушение” – “қи­рату”. “Шы”, “ші” жұрнақтары тым орын­сыз қолданыла бер­ген. Қазақша-орысша сөздіктерде осылардың екі және одан да көп нұсқасы жүр. Ол көркем стиль үшін жарайды және қажет те. Ал заңнамада, заңи әдебиетте, ғылыми стильде бір ғана нұс­қа­сымен бекуі керек. Сондықтан “совершение преступ­ле­ние” тіркесін – “қылмысты істеу” деп ау­дар­ған негізі дұрыс болғанымен, заңи әде­биет­те “жасау” деп көбірек қолданылған соң, осы нұсқасына тоқтадық. Лаңкестік (терроризм), содырлық (экстремизм) деген сөздерге баспасөзде, сосын заңнамалық қолданыста жаңаша терминдік мағына бе­рілгені сияқты “вымогательство” – “оз­бырлық” болғаны дұрыс. “Озбыр”, “озбыр­лық” сөздері осы қылмыстың құқықтық та­би­ғатына сай келеді. Шындығында қолда­ныс­тағы “қорқытып алу” деген аударма бұрыс. Өйткені қорқытып алу тонауға да, қарақ­шы­лыққа да және тағы басқа кейбір қыл­мыс­тарға тән құбылыс. Және тонау, қа­рақшылық қылмыстық құқық теория­сына және еліміздің сот-тергеу тәжіри­бе­сіне сәйкес талан-таражға жатса, “вымо­га­тельство” талан-тараж болып саналмайды.

Екі мәселеге көңіл аударсақ дейміз. Бі­рінші, қазақша термин қалыптастырудың алғашқы кезеңіне тән калькалық аударма кезінде кейбір ұғымдардың мағынасы ауысып кеткендігі. Мысалы, қылмыстық құқықта кінәнің ерікті сәтін орысша “же­лание” деген соң қазақ­ша “тілек” деп беріп жүрміз. Алайда, бұл сөздер адамның еркінен гөрі оның ние­тін, пейілін (желание — намерение) сипат­тауға жақын ұғымдар екені айқын. Адам еркі оның әре­кетінен көрінетін психологиялық құ­былыс. Бұл сәй­кессіздік танымның алғашқы кезең­дерінде байқал­майды да, тиісті ғылым мен тәжірибе сала­сына неғұрлым тереңдеген сайын бірте-бірте айқын біліне бастайды. Сөйтіп, ізденушінің аяғына тұсау болып шыр­ма­тыла береді. Ерікті (воляны), пейілді (наме­рениені) ұғындыратын сөзбен таңба­лауда кеткен мағыналық ауы­су жөнінде орыс тілді ар­найы заң әдебиетінде де ай­тыл­ған. “Желание” — “мо­тив” арасындағы бай­ла­ныс­ты, керісінше “воля” мен “же­­ла­ние” ара­сын­дағы ал­шақ­тықты, сәйкес­пеуші­лікті ресейлік профессор В. В. Лу­неев ай­қын көрсеткен. Яғни, бұл қазақ термино­ло­гия­сына ғана қатысты мәселе емес. Сон­дай-ақ умыселді – қа­са­қаналық, қылмыс мотивін ниет, пейіл, пиғыл деп таң­ба­лау заңи әде­биетте, нор­ма­тивтік актілерде қалыптасып қал­ған. Сөйте тұра жаңадан шығып жатқан заңи әдебиет­те умыселді ниет, пейіл, пиғыл деп тану, ұғындыру орын алып келеді

Заңнаманың да, жекеле­ген тер­мин­дердің де қолда­ныстағы нұс­қаларын қалдыра берейік, үйре­нісіп қалдық деген бойкүйездік пен ке­лі­сім­паздық жарамайды. Бүйте берсек, бара-бара ша­тасамыз, бат­пақ­қа бата­мыз. Қазір кө­зімізге түс­кен, сана­мыз бай­қаған келең­сіз­діктерді белсен­ді түзететін кез кел­ді. Бірақ бұ­рыннан бар тер­мин­нің ор­нына қисынсыз “әде­мі” жаңа сөз ұсыну жөн емес. Соның бір мы­са­лы, “Неке және отба­сы туралы к­о­­дек­сте” еш бұл­та­лақсыз “отба­сы” де­лінсе де, “жанұя” деп АХАЖ қыз­­мет­кер­лерінің қол­дануы сөкет әрі заңға қайшы. Мәдениет белгісі емес.

Мемлекеттілік пен тіл – бір бірінен ажырағысыз қос босаға. Ал біздің заманауи экономикамыз, саяси-құқық­тық жүйеміз­дің мұраты осы құндылықтарға қызмет ету бол­мақ. Бұлай болмаса, отарлықтан құ­тыл­дық, егемендік алдық деуіміз жалған.

“Ғалымдардың басым тобы ұлт пен ұлттық мемлекеттің тарих сахнасынан ығысады деген пікірдің айтылуының өзі қате деп есептейді. Жаһандану Азия мен Африка елдерінде ұлттық мәселелердің маңызы одан әрі өткір екенін көрсетіп отыр. XX ғасырдың екінші жартысында ондаған ұлттық мем­лекеттер пайда болып, олар өз тәуелсіздігін қорғауға бел шешіп кірісіп отыр. Тіпті Еуропаның өзінде 15-тен астам Хорватия, Словакия, Македония сияқты мемлекеттер пайда болды. Мем­лекеттік идея көптеген ұлттардың аңсаған арманы мен мұратына айналды. Де­мо­кратия берік орнаған Еуропада шотландық, валлон, фламан, баск, ката­лондықтар мемлекеттілік идея үшін күресуде. Косово тәуелсіздігін жариялап жіберді. Ұлттың өмірде терең негізі барлығына, біртекті қандастарды біріктіретініне бүгінгі күні дәлел көп”, – дейді Амангелді Айталы.

Бұл шегініс арқылы қазақ мемлекет­ті­гінің негізі қазақ тілінде екенін баса айт­қымыз келеді. Оптимистік сценарийге жү­гінсек, жаһандану әлемде жүріп жатқан күрделі үдерістердің тек бір қыры және уақыт пен кеңістіктегі бір көрінісі ғана. Жаһанданудың қуаты ұлттық мемлекет­ті­лік­ті жоюға қандай қауқарсыз болса, ұлттың діңі болар тілді де жоя алмайды. Тек оған өзіміз септеспесек болды.

Адамзат әралуандыққа ұмтылады, тап­тау­рын мен сұрқайлықтан қашады. Олай бол­са, Жер шарындағы ірілі-ұсақты ұлт­тардың тілдерін жерлеуге, оның ішінде ана тілімізбен қоштасуға мүлде асықпайық. Тіп­ті ондай ой ойлаудың өзін күнә деп білейік.

Ежелгі жазба мәдениеті бір кезде үзіліп, халықтың басым көпшілігі жазу-сызу білмеген күндердің өзінде ауызекі сөйлеу мәдениеті, ақпаратты жеткізу, сақтау қабілеті өте жоғары болған, елдің бірлігін, жердің бүтіндігін, тілдің тұтастығын сақтай білген, ел басқару жүйесінде ру-тайпаларға бөлінсе де “қазақ тілі” деген қасиетті қадірлеген бабаларымыз, “ана тілі” деген ардақты атты иеленткен аналарымыз біздің бүгінгі тірлігімізге не дер еді?

Ұлттық, елдік, мемлекетшілдік намысқа негізделген құқықтық мәдениет қалыптас­тыруымыз керек. Сана құқықтық болғанда ғана, мемлекет құқықтық болуына үміт туады. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру жоғары деңгейдегі құқықтық сана мен мәдениет қалыптасса ғана мүмкін болмақ.

Конституциядан бастап бүкіл заңнама актілерінің тілі мүлтіксіз болуы шарт. Тіпті “Бір ел – бір заң” деген қағидатты өмірге енгізсек. Ондағы ой: ең әуелі “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” Қазақстан Республикасының заңын еліміздің барлық мемлекеттік органдары мен ұйымдар, беймемлекеттік құрылымдары мен азаматы оқысақ, білсек, түзесек, мүлтіксіз орын­дасақ, жүзеге асырсақ.

Тілді сақтау, дамыту, өзге тілдермен бай­ла­нысын қалыптастыру тек тіл ма­мандарының ісі емес. Өйткені, әр саланың өзі­не тән білім жүйесі, соған сәйкес ке­ле­тін терминологиялық қоры бар, соны игер­ген маманы бар. Осы маманның ықпа­лын­сыз, оның белсенді қатысуынсыз тіл сол салаға енбейді. Бұл жерде сөз қазақ тілі жөнінде болып отырғаны мәлім. Сон­дықтан түрлі салаға казақ тілін ана сүтімен бойына сіңірген әрі орыс тілін жете меңгерген, қазіргі терминологиялық қордың ағыл­шындық, латындық, гректік түбірін тани алатын мамандар тартылуы тиіс.

Қолданыстағы заңнаманың қазақша нұс­қа­ларының біз дайындаған бейресми мәтін­дері заңнама жүйесінде әлі де орын алып отырған тілдік кемшіліктердің аз ғана бөлігін қамтығанымен, кемшіліктер жай­ында сын айтумен шектелмей, соларды жо­юдың нақты үлгісін көрсетті. Со­нысымен маңызды. Осы үлгіні әлі де болса пысықтау, жетілдіру керек.

Ендігі міндет осы бір жеке бастама аясында дүниеге келген бейресми нұсқа­ларды қалың жұртшылықтың талқысынан өткізу, заңгер мамандардың, тілші қауым­ның, депутаттардың пікірін тыңдау, керек ұсыныстарды ескеру, өзге де заңнамалық актілердің қазақша мәтінін тілдік тұрғыдан бір жүйеге келтіру болмақ. Бұл бір ғана авторлық топтың күшімен және жеке бастама аясында жүзеге асатын оңай шаруа емес. Мемлекеттік көзқарасты талап ететін шаруа. Мемлекеттің өзі мемлекеттік тілдің бүгінгі халін түзеймін десе осы жеке бастаманы қолдауы, ұйымдық-қаржылай көмек беруі, білікті мамандарды бір жерге арнайы жинақтап, жағдай жасап, жұмыс жасатуы керек.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,  заң ғылымдарының докторы, профессор,



Болат СЫЗДЫҚ,  заң ғылымдарының кандидаты, профессор. Қарағанды.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет