4. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
66. Студенттің оқу жүктемесінің көлемі оның оқу жылы ішінде әрбір оқу пәні немесе оқу жұмысының түрі бойынша меңгеретін кредит санымен өлшенеді.
ӘАОО-ларда курсанттың өзіндік жұмысы оқытушының жетекшілігімен, оның ішінде аудиториялық сабақтар түрінде жүргізіледі.
67. ОПҚ-ның оқу жүктемесін жоспарлау кредитпен немесе аудиториялық оқу сабақтарының кестесі бойынша немесе оқу жұмысының басқа түрлері үшін жеке бекітілген график бойынша оқытушының студентпен байланыс жұмысының уақытын білдіретін академиялық сағаттармен жүзеге асырылады.
68. Аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең. Студиялық, зертханалық, сондай-ақ дене шынықтыру сабақтары бұдан өзгеше, онда бір академиялық сағат тиісінше студиялық сабақтар үшін – 75 минутқа немесе зертханалық сабақтар мен дене тәрбиесі сабақтары үшін 100 минутқа тең.
Практиканың, студенттерді қорытынды аттестаттаудың барлық түрлері үшін бір академиялық сағат 50 минутқа тең.
ӘАОО-ларда барлық оқу сабақтарының түрлеріне, практикалардың және қорытынды аттестаттаулардың барлық түрлеріне қатысты бір академиялық сағат кемінде 40 минутты құрайды.
69. Оқу жұмысының көлемін жоспарлау кезінде бір кредит:
1) семестр түріндегі академиялық кезең бойында студенттің аудиториялық жұмысының;
2) кәсіптік практика кезеңіндегі студенттің оқытушымен жұмысының;
3) студенттің дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау бойынша жұмысының;
4) студенттің мамандық бойынша мемлекеттік емтиханға дайындық пен оны тапсыру бойынша жұмысының 15 академиялық сағатына тең екенін ескеру қажет.
70. Студенттің оқу жүктемесі академиялық сағаттардың ұзақтығымен және оқу жұмыстарының түрлері үшін академиялық сағатпен ілесе жүретін оқу сағаттарының көлемдерімен (50 минуттық байланыс сағаттары) анықталады.
Аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 40, 50, 75 немесе
100 минутқа тең болуы мүмкін. Студенттің аудиториялық жұмысының академиялық сағаттары тиісті СӨЖ сағаттарының санымен толығады, осылайша бір кредитке студенттің семестр түріндегі академиялық кезеңінің бір аптасындағы жиынтық оқу жүктемесі 3 сағатқа тең болады.
Дәрістермен практикалық (семинар) сабақтар кезіндегі студенттің оқытушымен жұмысының байланыс сағаттары жиынтығында әр байланыс сағаты 2 сағат СӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
Дене шынықтыру сабақтары қосымша СӨЖ сағаттарымен қамтылмайды.
Практиканың әрбір академиялық сағаты (оқу практикасынан басқа) студенттің қосымша жұмысының тиісті оқу сағаттарымен толықтырылады: педагогикалық практика үшін – 1 сағат, өндірістік практика үшін – 4 сағат.
Қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты дипломдық жұмысты (жобаны) жазу және қорғау бойынша студенттің оқытушымен байланыс жұмысының немесе мемлекеттік емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша студенттің оқытушымен жұмысының бір сағаты (50 минут) болып табылады. Студентті қорытынды аттестаттаудың әрбір академиялық сағаты 6 сағаттық СӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
71. Оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңінен, практикалардан, тағылымдамалармен каникулдан тұрады. Соңғы курста оқу жылына қорытынды аттестаттау кезеңі қосылады.
72. Оқу жылының жалпы ұзақтығы 36 аптадан кем болмауы тиіс.
73. ӘАОО-ны қоспағанда, академиялық кезең ұзақтығы 15 апта болатын семестрден, немесе ұзақтығы 10 апта болатын триместрден, немесе ұзақтығы 7-8 апта болатын тоқсаннан тұрады.
Жоғары оқу орны академиялық кезеңнің нысанын және оған қоса оны ұйымдастырудың біріктірілген нысанын да дербес анықтайды.
74. Әрбір академиялық кезең ұзақтығы 1 аптадан кем болмайтын студенттерді аралық аттестаттау кезеңімен аяқталады.
75. Аралық аттестаттау кезеңінде барлық оқытылған пәндер бойынша қорытынды бақылау жүргізіліп, ағымдағы үлгерім бағалары (ағымдағы және межелік бақылаулар нәтижелері бойынша орташа арифметикалық бағалар) ескеріле отырып, пәндер бойынша қорытынды бағалар шығарылады.
Пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерім бағасының үлесі 60 %-дан, ал қорытынды бақылау бағасының үлесі 30 %-дан кем болмауы тиіс.
ӘАОО-ларда пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерімді бағалау үлесі кемінде 60 %-ды, ал қорытынды бақылауды бағалау үлесі кемінде 40 %-ды құрауы тиіс.
76. Бітіруші курсты қоспағанда, студенттерге оқу жылы ішінде кемінде екі рет жалпы ұзақтығы кемінде 7 аптаны құрайтын каникул беріледі.
ӘАОО-ларда курсанттарға каникулдар бітіруші курсты қоспағанда, оқу жылының ішінде кемінде 2 рет беріледі, оның жалпы ұзақтығы кемінде 6 аптаны құрауы тиіс.
77. Кәсіптік практика жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасының міндетті компоненті болып табылады. Ол оқу, педагогикалық, өндірістік, дипломалды және т.б. болып бөлінеді.
Практикалардың ұзақтығы студенттің практика кезіндегі 30 сағатқа тең апта бойғы (5 күндік жұмыс аптасы кезінде күніне 6 сағат) нормативті жұмысын есепке ала отырып, аптамен анықталады. Апта санын шығару үшін практиканың кредитпен есептелген көлемі тиісті практика түрінің оқу сағатымен есептелген еңбек қажетсінуіне көбейтіледі және студенттің апта бойғы жұмысының ұзақтығына, яғни 30 сағатқа бөлінеді.
Практиканың 1 кредитінің еңбекті қажетсінуі оқу практикасы үшін 15 сағатты (50 минуттан), педагогикалық практика үшін 30 сағатты (50 минуттан), өндірістік практика үшін 75 сағатты (50 минуттан) құрайды. 1 кредитке келетін практиканың ұзақтығы аптамен есептегенде оқу практикасы үшін 0,5 аптаны, педагогикалық практика үшін 1 аптаны, өндірістік практика, тағылымдамалар үшін 2,5 аптаны құрайды.
78. Студенттерді қорытынды аттестаттауды аптамен жоспарлау 54 сағатқа тең студенттің апта бойғы жұмысының нормативті уақытына (6 күндік жұмыс аптасы кезінде СӨЖ-ді қоса есептегенде күніне 9 сағат) қарай анықталады.
Қорытынды аттестаттаудың 1 кредиті 105 (15х7) сағатқа тең, яғни 2 апта. Олардың ішінде 15 сағаты студент пен оқытушының байланыстағы жұмысына, ал 90 сағаты СӨЖ-ге арналады.
Мамандық бойынша мемлекеттік емтиханға дайындалуға және оны тапсыруға 1 кредит, яғни 2 апта бөлінеді.
Дипломдық жұмысты (жобаны) жазуға және қорғауға 2 кредит, яғни тиісінше 4 апта бөлінеді. Бұл ретте 2 кредитке дипломдық жұмысты (жобаны) ресімдеу мен қорғау кіреді. Дипломдық жұмысты (жобаны) орындау процесінің өзі алдын ала кәсіптік практика барысында және теориялық оқытудың соңғы кезеңінде жүзеге асырылады.
79. Білім алушылардың (бітіруші курсты қоспағанда) қосымша оқу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, оқу жоспарларындағы академиялық қарызды немесе айырмашылықты жою үшін, игерген кредиттерін өз жоғары оқу орнында міндетті түрде қайта тапсыра отырып басқа жоғары оқу орнында оқу пәндерін оқып-үйрену, үлгерімнің орташа балын (GPA) көтеру үшін, екі дипломды білім беру шеңберінде аралас мамандықты меңгеру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестр енгізілуі мүмкін.
Бұл ретте академиялық қарызды немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықты жою және қосымша оқу ақылы негізде жүзеге асырылады.
ӘАОО-ларда (бітіруші курсты қоспағанда) курсанттардың қосымша оқуға қажеттіліктерін қанағаттандыру, академиялық қарыздарын немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықтарды жою, оқу пәндерін басқа жоғары оқу орнында оқу, үлгерімнің орташа балын жоғарылату үшін ұзақтығы кемінде 4 апта жазғы семестр енгізілуі мүмкін.
80. Бакалавриат бағдарламалары бойынша оқудың аяқталуының негізгі өлшемшарты білім алушының теориялық оқу бойынша кемінде 129 кредитін, сондай-ақ практиканың кемінде 6 кредитін игеруі болып табылады.
Жекелеген мамандықтардың ерекшеліктеріне қарай (жоғары арнаулы білім беру бағдарламаларын қоса алғанда) білім беру процесінің аяқталғандығының негізгі өлшемшарты ретінде студенттің:
1) «Өнер» тобы бойынша – теориялық оқудың 160-180 кредитіне дейін;
2) «Әскери іс және қауіпсіздік» тобы бойынша – теориялық оқудың 170-190 кредитіне дейін;
3) «Ветеринария» тобы бойынша – теориялық оқудың 160 кредитіне дейін;
4) «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина)» тобы бойынша – теориялық оқудың 190-224 кредитіне дейін игеруі болып табылады.
Бұл ретте жоғары оқу орны іске асырылатын білім беру бағдарламаларының ерекшеліктеріне қарай игеруге қажетті кредиттер көлемін арттыра алады.
Бакалавриаттың білім беру бағдарламасын мерзімінен бұрын меңгеріп, оған қойылатын талаптарды орындаған жағдайда, студентке оқу мерзіміне қарамастан «бакалавр» дәрежесі беріледі.
81. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім негізінде жылдамдатылған оқу мерзіміндегі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен білім алушылар үшін кредиттер саны мен білім беру бағдарламасының қажетті көлемін жоғары оқу орны білім туралы құжат иегерінің алдыңғы білім деңгейінің бейінін, негізгі және кәсіби құзыреттерін ескере отырып дербес анықтайды.
82. Техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім базасында жылдамдатылған оқу мерзіміндегі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша білім алушы:
1) жоғары оқу орны есептеп, транскриптіне міндетті түрде енгізетін алдыңғы білімде меңгерген пререквизиттеріне қарай өзінің жеке оқу жоспарын құрастырады;
2) тиісті мамандық бойынша, бірақ алдыңғы білім деңгейін ескере отырып, қолданыстағы білім беру бағдарламасы негізінде жоғары оқу орны дербес анықтайтын жеке оқу мерзіміне және білім беру бағдарламасының көлеміне ие болады.
83. Семестр түрінде ұйымдастырылған бір академиялық кезең ішінде күндізгі оқыту нысанында білім алушы 18-21 кредитті меңгереді. Сырттай немесе кешкі оқыту нысанының білім алушысына жоғары оқу орны ең аз кредит көлемін белгілейді, бұл ретте тиісінше оның оқу мерзімі көбейеді. Сырттай оқу нысаны техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру негізінде ғана жүзеге асырылады.
ӘАОО-ларда семестр түрінде ұйымдастырылған бір академиялық кезең ішінде күндізгі оқу нысанының курсанты бітіруші курсты қоспағанда, кемінде 18 кредитті меңгереді. Кешкі немесе сырттай оқу нысанындағы білім алушыға ӘАОО кредиттердің аз санын белгілейді, бұл ретте оның оқу мерзімі тиісінше көбейеді.
84. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 15.08.2017 № 484 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
85. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 15.08.2017 № 484 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
86. Жоғары оқу орны әрбір студентті мамандығының бейініне сәйкес кәсіптік практикалар базасымен қамтамасыз етеді.
87. Жоғары оқу орнының кадрлық құрамына қойылатын талаптар білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарымен айқындалған.
Жоғары оқу орнының оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының талаптарын сақтай отырып, оқу сабақтарын ұйымдастыру мен өткізудің тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға құқылы.
88. Ақпараттық және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру әрбір студенттің ақпараттық ресурстар мен кітапхана қорына еркін қол жеткізуі, барлық модульдер, пәндер, оқу жұмысының барлық түрлері – практикумдар, курстық және дипломдық жобалау, кәсіптік практика, студенттің өзіндік жұмысы бойынша әдістемелік құралдар мен ұсынымдардың, сондай-ақ көрнекі құралдар мен аудио- және бейнематериалдардың болуы арқылы қамтамасыз етіледі.
Жоғары оқу орны студенттердің электронды кітапханаларда орналастырылған халықаралық дереккөздерін қоса алғанда оқу, ғылыми, ақпараттық базаларға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
89. Білім алушылардың зерттеу қызметіне қойылатын талаптар.
Студенттердің зерттеу жұмыстары оқу процесінің жалғасы және тереңдетілуі болып табылады және тікелей кафедраларда, зертханаларда, ғылыми, конструкторлық және жоғары оқу орындарының жобалық бөлімшелерінде, студенттердің ғылыми-техникалық бірлестіктерінде (конструкторлық және өзге де бюролар, орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары және т.б.) ұйымдастырылады.
Жоғары білім берудің мемлекеттік
жалпыға міндетті стандартына
1-қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |