Әгп кафедрасының сениор-лекторы Махмутов Б. Л



Дата16.11.2023
өлшемі1,02 Mb.
#191572
Байланысты:
f88678078dffddab5c96047c4afe18a5 1


«АЛМАТЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ»
https://atu.kz/
«Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультеті
«Әлеуметтік –гуманитарлық пәндер» кафедрасы
«Әлеуметтік-саясаттану білім модулі
(әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану, психология)
№1 ДӘРІС Әлеуметтік әлемді түсінудегі әлеуметтану
ӘГП кафедрасының сениор-лекторы Махмутов Б.Л.
Раб.тел.:8 (727) 296-71-52 (вн. 107)
Эл.адрес: bekenti_84@mail.ru
Дәріс жоспары:
  • Әлеуметтану- әлеуметтік гуманитарлық білім жүйесінде.
  • Әлеуметтанудың зерттеу объектісі, пәні.
  • Категориялары, заңдары, атқаратын қызметтері.

«Әлеуметтану» ұғымы латын тілінің «Societas» қоғам және гректің logos – ілім, ұғым деген сөзінен шығады.Социология, яғни әлеуметтану қоғамның пайда болуының, ондағы әлеуметтік байланыс, қатынастардың, алуан түрлі әлеуметтік адам бірліктерінің, ұйым, мекемелерінің, институттардың, құбылыстардың, процестердің дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым. «Әлеуметтану» түсінігі алғаш рет француз философы әрі социологы Огюст Контпен (1798-1857) қолданылды. Қоғам мен әлеуметтік өмір жөнінде ғылым ретінде түсіндірілді.
Әлеуметтану - әлеуметтік әлемді, қоғамды, оның өмір сүруі мен дамуын әлеуметтік құбылыстар, үрдістер мен қатынастар тұрғысынан қарастырады. Оның зерттеу объектісі - социум деп аталатын әлеуметтік шындық.
Әлеуметтану өз алдына жеке-дара дамымайды, басқа қоғамдық ғылымдармен үздіксіз тығыз байланыста дамып отырады. Социологияның осы байланысын түсіну үшін оның әлеуметтік философиямен, әлеуметтік психологиямен, тарихпен, саясаттанумен, экономикалық ғылымдармен арақатынасын қысқаша қарастыруға болады.
http://ru.wikipedia.org/wiki/Конт,_Огюст
Әлеуметтану мен тарих қоғамды зерттегенде тарихи үрдістің субъективтік, іс-әрекеттік жағына ерекше көңіл бөледі, қоғамдык өмірдің нақты фактілерін зерттеуге көп көңіл бөледі. Әлеуметтану мен саясаттану тығыз байланысты. Өйткені әлеуметтік қауымдастықтар әлеуметтік ұйымдар саясаттын субъектісі болып табылады. Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге тікелей әсер ететіндер -жеке тұлғалар және олардың бірлестіктерінің саяси қызметі. Саясат кең де күрделі жан-жақты құбылыс. Ол қоғамның барлық салаларын қамтиды. Сондықтан экономикалық саясат, әлеуметтік саясат, мәдени саясаты т.б қоғамдық дамуға зор әсерін тигізеді
Экономика қоғамның жеке экономикалық саласын зерттейді. Ал әлеуметтану қоғамды біртұтас әлеуметтік жүйе ретінде зерттейді. Экономикалық ғылым материалдық өндірісті, адамдардың экономикалық қатынастарын зерттейді. Ал бұлардың өзгерісі әлеуметтік процестерге әсер етпей қоймайды. Сондықтан социология экономикалық теорияға сүйенеді. Сонымен қатар экономикалық процестер де әлеуметтік жағдайлар мен факторлардан тәуелді. Бұл тәуелдік экономика мен социология ғылымдарынын өзара әсерін күшейте түсуді талап етеді. Экономикалық ғылым қоғам өмірінің аса маңызды саласынын ішкі айрықша заңдарын зерттесе, ал социология осы салада әлдекайда жалпы социологиялық заңдардын ерекше бой көрсетуін зерттейді. \
Әлеуметтанудың басты зерттеу объектісі адам, оның әлеуметтік өмірі, қарым- қатынастары. Сондықтан да әлеуметтану әлеуметтік психология пәнімен тығыз байланысты.
Түптеп келгенде, қазіргі әлеуметтану - тұтас әлеуметтік жуйе күйіндегі, қоғам жөніндегі, оның жүйешелері (подсистема) мен жекелеген элементтері туралы өз алдына дербес ғылым. Кез келген қоғамдық құбылыс қоғамның әлеуметтік жүйесінің элементі болып саналады. Осы жуйенің шеңберінде бүкіл әлеуметтік құбылыстар мен процестер, олар-дың өзара бір-бірімен әрекеті ғылыми сараптаудан өтеді. Қоғам жүйесі түзілім ретінде өзінің элементтерімен және сол элементтердің кез келген жиынтығымен салыстырғанда ғана ерекше сапаға ие болады.
Ең алдымен қоғамнын өмір суру механизмдерін зерттейтін, түрлі субьектілердің өзара әрекетін зерделейтін, ұйымдар мен әлеуметтік институттарды қарастыратын 8 әлеуметтану ғылымы баяндалған жағдайды ерекше белгілеп, делеллейді. Әлеуметтану сондай-ақ, қоғам дамуының заңдарын да ашады және оларды зерттейді. Әлеуметтану - қоғамдық құбыластардың беймәлім жақтарын зерделеп, социумда қалыптасқан алеуметтік заңдылықтарды ашып көрсететі.
Әлеуметтанудың негізгі категориясы – әлеуметтік құбылыс. Ол — әлеуметтік байланыс пен қатынастарды ұйымдастырудың негізгі бастамасы ретінде болса, ал, әлеуметтік заңдылықтар бұлардың мәні мен мазмұнын түсінудің негізі болып есептеледі. Социологияның ең негізгі, мазмұны жағынан көлемді категориясы әлеуметтік ұғымы. Бұл ұғым «әлеуметтік жүйе», «әлеуметтік құрылым». «әлеуметтік институт», «әлеуметтік ұйымдастыру», «әлеуметтік топ»,«әлеуметтік әрекет». «әлеуметтік мінез-құлқы» т.б. көлемді категорияларды камтиды. Бұлардың әркайсысы өз алдына бірнеше маңызды категориаларға бөлінеді. Мәселен, «әлеуметтік топ» категориясы «тап». «әлеуметтік қабат». «халық», «ұлт», «жанұя» ұғымдарымен тікелей байланысты.
Әлеуметтанудың объектісі деп қазіргі қоғамды айтамыз. Тек жай қоғам емес, таным үрдісі бағытталған әлеуметтік шындық саласы: әлеуметтік институттар, әлеуметтік қатынастар мен үрдістер, әлеуметтік құрылым, әлеуметтік қоғам, әлеуметтік роль, әлеуметтік бақылау және т.б. жатады. Әлеуметтік зерттеу объектісіне әлеуметтік қарама-қайшылықтарды жатқызуға болады. Социологиялық зерттеудің пәні объект қасиеті мен мәселе сипатымен айқындалады. Әлеуметтік танымның пәнін белгілеу үрдісіне әлеуметтік құбылыстар, әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік қауым мен үрдістер және т.б. жатады. Белгілі қатынастар қандай да бір әлеуметтік құбылыспен белгіленген, белгілі заңдылықтардың немесе тенденциялардың әрекетіне тәуелді. Олар әлеуметтанудың негізгі пәнін құрайды.
Қазіргі уақытта әлеуметтанудың ғылым ретінде пәнін белгілеу, жетілдіру, білімді тереңдету үрдісі жүріп жатыр. Бұл әлеуметтік ғылымдардың жіктелуімен, бірігуімен, гуманизациясымен байланысты.
Біздің елімізде әлеуметтік зерттеулерді экономикалық, саяси, құқық ғылымдарына, философияға жақындату талпыныстары жүргізілді. Әлеуметтануға идеологиялық – апологетикалық роль берілді.
Әлеуметтану пәнінің тарихында екі негізгі тенденция қалыптасты: макросоциологиялық және микросоциологиялық. Макросоциология қоғамдық дүние жүзілік жүйелермен және олардың әртүрлі мәдениет түрлерімен өзара әрекетімен, әлеуметтік институттармен, ауқымды үрдістермен байланысты. Макросоциология қоғамды, оның құрылымын, әлеуметтік институттарды тұтас әлеуметтік ағза ретінде қарастырады.
Микросоциология әлеуметтік тәртіпке, тұлғааралық қатынасқа, тұлғаның әлеуметтенуі мен жекелендіруіне көңіл аударады.
Социологияның әлеуметтік-қоғамдық қызметі алуан түрлі. Солардың негізігі үшеуін арнайы қарастыру қажет сияқты. Олар теориялық-танымдық, саяси-практикалық және идеялық-тәрбиелік қызметі.
Теориялық-танымдық қызметін іске асыру арқылы социология қоғамның мәні, оның құрылысы, заңдылықтары мен оның қызметі жайлы, дамуынын негізгі бағыттары мен тенденциялары, жолдары жөніндегі білімді тереңдете нақтылай түседі. Теориялық социологияның дамуында эмпирикалық социологияның және онымен байланысты арнаулы социологиялық зерттеулердін ролі ерекше.
Социологияның практикалық-саяси қызметінін маңызы жайлы сөз еткенде бұл ғылым әлеуметтік болмысты танып білумен шектеліп қалмайтынын, ол өз зерттеулерінің нәтижесіне сәйкес әлеуметтік өмірді жетілдіруге бағытталған саяси және практикалық ұсыныстар тұжырымдайтынын атап көрсету қажет.
Социологияның идеялық-тәрбиелік қызметі - оның зерттеулерінің тәрбие жұмысында қандай нәтижелер беретінінен көрінеді. Социология әлеуметтік болмысты объективті бейнелейтін ғылым ретінде таптар мен әлеуметтік топтардың мақсат- мүддесіне бейтарап қарайды. Бірақ осы таптар, әлеуметтік таптар өздерінің таптық, әлеуметтік топтық мүддесі мен мақсатын белгілеу және қорғау үшін өздерінің саясаты мен практикалық іс-әрекеттерін ақтау, негіздеу үшін социологиялық зерттеулердің нәтижелерін кеңінен пайдаланады.\
Егер әлеуметтану категориялары объектінің мәнді жақтарын, белгілерін, қасиеттерін анықтайтын болса, әлеуметтанудың зандары солардан туындайтын тұрақты қарым-қатынастар мен байланыстарды ашып көрсетеді.
Әлеуметтік заңдар адам қызметінің барлық саласын қамтиды және таралу аясына сәйкес өзіндік өзгешеліктері де болады. 
Жалпы әлеуметтану заңдары — өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде бүкіл коғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке әлеуметтану заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметгік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.
Әлеуметтік заңдарды түрліше белгілері бойыншы классификалауға болады. Жалпылылығы жағынан олар жалпы заңдар (қоғам дамуын, біртұтас әлеуметтік жүйе дамуын анықтайтын) және ерекше заңдар (әлеуметтік жүйенің жекелеген элементтерін, қоғам бөлшектерін сипаттайтын) болып бөлінеді. Олардың сипатына, көрініс беру ерекшелігіне қарай динамикалық және статистикалық заңдарға бөлінеді . Динамикалык зандар нақты жағдайда өз ретімен болатын оқиғалар арасындағы бір мәнді, қатаң байланысты көрсетеді, олардың бағытын, түрлері мен факторларын анықтап береді Статистикалық заңдар әлеуметтік құбылыстарды қатан қажеттілік түрде айқындамай, белгілі бір ықтималдыққа жол береді, сөйтіп әлеуметтік өзгерістердің негізгі бағыты мен тенденциясын ғана керсетеді.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  • С. М. Аралбай, С.А.Никифорова. ӘЛЕУМЕТТАНУ. Оқу құалы, Қарағанды 2012 жыл.
  • Қалдыбаева, Т.Ж. Әлеуметтану. - Қайта басып шығарылған. - Өскемен, 2014. - 100 б.
  • https://engime.org\

НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА РАХМЕТ!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет