Ежелгі грек философиясы: Милет мектебі, Гераклит пен Демокриттің философиясы



бет5/7
Дата27.02.2022
өлшемі45,85 Kb.
#133611
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Ежелгі грек философиясы реферат

Гераклит философиясы
Эфестік Гераклит (Ἡράκλειτος, б.з.д.535 – c. 475ж.) антикалық филсофияның бірегей өкілдерінің бірі, Эфес мектебінің ұстазы, Сократқа дейінгі философияның көшбасшыларының бірі. Ол диалектикалық ойлау дәстүрінің негізін салған ойшыл. Табиғат философиясы дәстүрін жалғастырушы. «Логос», «От», «Ағын», «Қайшылық» ұғымдары арқылы өзінің онтологиялық философиясын қалыптастырған. Сонымен қатар, Гераклит тарихта Қараңғы деген қосымша атпен белгілі. Мұндай теңеу оның шығармаларының ерекшелігіне: ойлау машығының сипатына, тіліне, стиліне қарай айтылады. Гераклиттің ойлары өте қысқа әрі жинақты келеді. Ол түсініксіз сөздер арқылы терең ой жүйесін ширатып, әрбір құбылыс пен заттың мәнін ашуға тырысады. Оның мағынасы терең нақыл сөздері бүгінге дейін айтылады. Ақсүйек болса да, бірақ мінезі тұйық, мұңлы жүзді болғандықтан, әсіресе жазған, айтқан сөздері астарлы, күрделі, сырлы болып келетіндіктен замандастары оны Тұңғиық әулие деп атаған екен.
Гераклит философиясы грек философиясының алғашқы қалыптасу кезеңіне тұспа тұс келеді. Оның идеялары кейінгі ғасырдағы көптеген ойшылдарға, философиялық бағыттарға әсер етті. Гегель тапқырлаған «диалектиканың үш заңы» Гераклиттен алған шабыттың жемісі екені байқалып тұр және мұны Гегельдің өзі де мойындайды. Ол қалыптастырған логоцентризм жосыны постмодернизм бойынша еуропаның 2500 жыл бойғы негіздік ойлау ерекшелігі болған делінді.
Гераклитті гносеология мәселесін тұңғыш көтерген ойшыл деуге де болады. Ол сезімдік танымға мән берді, сезімдік танымның рас-өтірігін алғаш рет қарастырды, адамзаттың ортақ парасатқа (логосқа) ие екенін түсіндірді. Ол философияны адам танымы мен таным субъектін тану ретінде қарастырған алғашқы ойшыл деуге болады.
Гераклит қарама-қарсылықтардың бірінсіз-бірі өмір сүрмейтіндігін дәлелдеп шықты. Ол дүниенің тұрақсыздығын, оның үнемі қозғалыс пен өзгерісте, жалпы дамуда болатынын айқындап берді. «Өзендегі суға екі рет түсе алмайсың, өйткені ол ағып жатыр» дейді. Мұның өзі барлығы ағып, үнемі дамуда болады деген пікірді білдіреді. Гераклит қарама-қарсылықтардың бір — бірінен ажыраспайтынын, бір — біріне өтетінін, алмасатынын, бірін-бірі толықтыратынын, бірі жойылса, екіншісі де жоғалатынын айқындап берді.
Гераклит сол кездегі басқа ойшылдар сияқты жаратылыстану саласымен айналысып, дүниенің негізін материалдық біртұтастықтан іздеді. Сондықтан да ол дүниенің негізін отта деп есептеді.
Гераклит – көрнекті диалектик, теориялық ойлаудың шым-шытырман тұңғиығына, оның қайшылықтары мен бұрылысы көп жолдарына батыл көз жүгірткен ғұлама философ. Гераклиттің диалектикасы көптеген келелі мәселелерді көтерді. Сондай проблемалардың бірі таным процесін, әсіресе, диалектикалық танымның салыстыру әдісімен қалыптасатынын атап көрсетті. Салыстыру арқылы жақсылық пен жамандықтың, әсемдік пен көріксіздіктің т.б, жігін ашып, мәнін негіздеуге тырысты.
Гераклит әлемді Құдайы рухани күш жаратты дегенге келіспейді, ол әлем өз-өзін әрқашан, әрсәт, мәңгібақи табиғи бола беретін ағынды өзен секілді үрдіс, өзгерістен өткен Құдайы жоқ ағын, ол өзін өзі жаратты деп есептейді. Әрине, өз-өзін қалай жаратады, бұл енді күрделі мәселе. Дегенмен ол оттың дүниені жаратуында Логос шешуші рөл ойнаған деген қисынды көлденең тартады. Оның дүниесі басталуы да, ақыры да жоқ оттың шексіз жану барысы мен сөну барысының өзара ауысуы болды.
Логос
Логос сөзі: «сөз», «түсінік», «ереже», «жоспар», «қағида», «өлшем», «салыстырма», «есеп», «қисын», «заң», «тәртіп деген секілді көп мағынаға ие.
«Мені тыңдама, логосты тыңда. Сонда «барша дегеніміз бір» деген ақиқатты түсінесің.»
Гераклит: «Логос мәңгілік өмір сүрсе де адамдар мән бермейді, оны естісе де бірінші рет естіп тұрғандай түсінбестік танытады. Ғаламдағы барша нәрсе логосқа сай басталуда, ақырласуда; мен де оны заттардың қасиетіне сай ажыратып, бұл өзі қалай болатынына дейін көрсетіп бердім; адамдардың өздері де мен түсіндірген сөз бен шындыққа күнделік мың мәрте ұшырасып жатады, бірақ олар бәрібір оған ежелден ешқашан ұшыраспағандай, еш тәжірибесі болмағандай аңтарылады. Адамзат баласы ұйқыда ештеңені есіне сақтамағандай оянған соң не істерін білмей есеңгірейді» - дейді.
Гераклит логосты «ақиқаттың арғы өлшемі» ретінде қарастырып, адамзат санасынан асып кеткен «көктен құйылатын» объективті ақиқат, «қасиетті ереже», «ғажайып үн», «пайғамбарлық сөз» ретінде түсінгені байқалады. Оның замандасы Сиракуздық Epicharmus деген кісі былай деген екен: «Логос адамзатты басқаруда, дұрыс әдіспен қорғауда. Адамның ойлауға(logismos) ие болуы логостың арқасы. Адамзат ақылы қасиетті логостан шабыт алады, ол әркімді өмір бұлағымен суарады.» Демек Гераклит заманында логос біршама терең мағынада түсінілгені, адамзат логосқа қол созғанда барып надандықтан арылады деп қарағаны байқалады. Мысалы Гераклит былай дейді:
Көп білу ешкімді парасатты етпейді, егер ол парасатты етер болса, онда Гесиод пен Пифагорді, Ксенофан мен Гекатейді тәрбиелер еді.
Яғни, олар бәрін біледі, бірақ Логосты білмейді, демек олар шындығында ештеңе білмейді дейді, Гераклит.
Логос әдетте «сөз», «айту», «ақиқат үні» қатарлы көп мағыналы сөз. Гераклит те, кейінгі Парменид те өздерін пайғамбарлық сөз айтушымыз деп сезінгені байқалып тұр. Яғни, болмыс, ой, сөз қабаттарына бірдей ортақ арғы түпнегіздік шындықтың рухани айтылу қисыны логос сөзінде көрінс табады.
Гераклиттің ойынша, ғарыш мәңгілік қозғалып, өзгеру күйінде. Тіпті соны бірден айтуға болады, тек «Қозғалыс қана мәңгілік!» Қозғалыс пен өзгеріс белгілі өлшем мен заңға бағынып орындалады. Дүниенің қозғалысы бағынатын заң Логос деп аталады. «Мәңгілік оттың жануы логосқа бағынады.» Логос бәрінен үстем. Тіпті «Логос Зевстің өзін әрі мойындайды, әрі мойындамайды». Оттың жанып-сөнуі болсын, қарама-қарсы жақтардың өзара бір-біріне айналуы болсын, бәрі түгелдей логосқа бағынған күйде орындалатын қозғалыс. Логос дегеніміз өлшем, шама, шек. Ол сондай-ақ санға ғана емес, сапаға дейін әсер ететін ішкі заң. Логос заң ретінде адами өлшем-пікірлерден биік тұрады. Адам осы заңды білгенде барып парасатты бола алады.
Бәрі де ағын
Гераклиттің әйгілі бір сөзі қазіргі әлемде өте кең тараған:
«Адам бір өзеннен екі рет өте алмайды.»
Бұл нақылдың мағынасы «өзен қашанда ағыс күйінде болған соң екінші рет келгенде алдыңғы түскен өзенің ағып кеткен болып шығады» деген мағына береді. Әрине, сөздің артында сөз бар, яғни өмір ағысына, ғаламның байыздамай жаңаланған мәңгілік үрдіске қаратылғаны, уақыттың кері қайытпастығы меңзелгені байқалады. Бәрі де ағыс күйінде, бейне өзен секілді толассыз өзгеріс күйінде деген пікір қозғалыс пен өзгеріс арқылы дүние-өмір шындығын тану жосынына негіз салды.
Гераклиттің шәкірті Кратило (Κρατύλος) ұстазына тойтарыс беріп, өзгерісті тіпті де күрделі мағынада игеру дәстүрін жасады. Оның әйгілі нақылы:
«Бір өзеннен бір рет те өте алмайсың.»
Сен өзенге түскенде ағын қымғуыт, өзгерістер қаурыт, ештеңені шамалап, нақты солай деп айтып үлгірмейсің, өмірді танып үлгірмейсің, өзенді жүзіп үлігрмейсің, өмірдің ақжал толқындары арасында есің шығып, біліп-бімей қарсы жағаға жетіп барасың. Өмір өзеніне түсесің, бірақ оны түсіне алмай, игере алмай есің шығып, түс секілді өте шыққанын байқайсың, артыңа қарасың бейне бұл өмірді сүрмеген секілді мүлде жат, мүлде бейтаныс өмір-өзенін көресің дейді. Гераклиттің сөзі уақыттың кері қайтпастығына қаратылса, ал шәкірті Кратилоның сөзі адамның өмірі түсіндіргісіз екенін, өмір сүре тұрып өмірді толық сүріп үлгірмейтініңді, тіпті не істеп, не қойғаныңды да дұрыс шамалай алмайтыныңды көрсетеді. Кейінгісі қазіргі заман батыс философиясында экзистенциализм бағытына әсер еткені белгілі. Абайдың «Өткен өмір бейне түс, Мәңгілік болар барма дос» деген сөзі де, қазақтың «дүние – жалған» деген пессимизм идеясы да осы пікірмен астасып жатыр.

Гераклит «бәрі өмір сүреді, әрі өмір сүрмейді, зат әрі бар, әрі жоқ» дегендей біртүрлі сөздерді де айтқан. Бұл бар болудың өзгеріспен орындалатын шындық екенін баса дәріптеу екені анық. Сондай-ақ «қарама-қайшы нәрселер қарсы жағына өзгереді, ыстық суиды, суық ысиды, дымқыл құрғайды, құрғақ су болады» дейді. «Біз бір өзенге әрі түсеміз, әрі түспейміз. Біз әрі өмір сүреміз, әрі өмір сүрмейміз» деген жұмбақ мағыналы сөздердің бойында бар мен жоқ диалектикасы айқын көрінеді.


Дүниені соғыс билеуде. «Соғыс барлығының әкесі, барлығының билеушісі. Ол біреулерді құдай етеді, біреулерді адам етеді, біреулерді құл, келесі іреулерді еркін азамат етеді» - дейді Гераклит. Соғыс болмаса, қайшылық болмаса дүние тоқтайды және күйрейді. Қарсылықтар күресінің бірлігі (яғни бірлікке ие нәрселер ортасындағы күрес пен қайшылық) жақсылықтың басы. Гераклит: «өмір-өлім, өң мен түс, жас пен кәрі бірдей нәрсе. Кейінгісі өзгерсе алдыңғысына ауысады, алдыңғысы кейінгісіне қайтады» дейді. Әрине, қайшылық барысында мүдделілер бірігеді, тағдырластар бір-бірін табады, жақындар бір-бірін қолдайды. Өзара сүйену, өзгеру, бөліну дегендердің бәрі соғыстан болады.
Гераклиттің көптеген идеялары Пифагоршылдарға қарсы мағынада айтылғаны байқалады. Әсіресе соғысты дәріптеу, қайшылықты жақсылық ретінде түсіндіру Пифагорға ұнамағайтыны анық. Өйткені, Пифагордың өзекті тақырыбы екеу: Сан және Гармония. Логосты қайшылық күресінің бірлігі заңы бойынша түсіндіру арқылы Гераклит дүниенің оттай лаулаған қиян-кескі арпалысты шындығын елестетеді.
Діни көзқарасы
Дін жөнінде арнайы пікір айтпағанымен, оның идеяларынан Ксенофан секілді дәстүрлі діни түсінікке сын айтуды, астыртын мазақтауды байқаймыз. Ол діни құрбандық шалуды, тасаттық беруді, мүсінге табынушылықты соқырсенім ретінде бағалады. Гераклит Құдай бар деп сенгені анық, бірақ оның сенген құдайы «Логосқа бағынатын Мәңгілік От» болды. Ол құдайды салт-жосын мағынасында емес, ақылдық мағынада түсінуге тырысқан ойшыл. Дегенмен кейінгі грек-рим философиясындағы Стоик ағымы Логос пен Мәңгілік отты Құдай ретінде танып, философияны дінилестіруге тырысқанын көреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет