Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары



бет24/28
Дата25.12.2016
өлшемі16,14 Mb.
#5087
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

«Біз де көкбөрінің тұқымымыз!». Салихлының уәлиі Қазақстан елшісі Бағдат Әміреев пен «Түріксойдың» бас директоры Дүйсен Қасейінов бастатқан қазақстандықтарды ресми қабылдады.

Еруліге қарулы қайрып, батасын алды. Аз уақытқа созылған, бірақ ұмытылмайтын сәт болды. Асықтай үйіріліп ығына жығылып, идіріп-тартып: «Қай партияға дауыс бересіз? Қай сайын башқанды жақсы көресіз», – дегенімде оң қолын көтеріп, бас бармақ пен ортан теректі, шылдыр шүмекті бүге қойып, сұқ саусақ пен кішкентай бөбекті шошайта қойды да: «Башқандардың ішінде Мендерес пен Тұрғыт Өзалға жететіні жоқ. Мендерес жазықсыз атылды. Нағыз түрікшіл сол еді. Ал партияға келетін болсақ, өз басым бөріліктен жаңылмаймын. Ағарған мыналар ағара берсін», – деді. Бәріміз күлдік. Сөйтсек, бір үйдегі бірнеше адам әр партияның өкілі екен. Мысалы, Хадиша апайдың төркіндері «Ақ партияға», балалары «Бозқұртқа», тағы бір туысы демократтарға мүше екен. Бауыры Шүкірәли осы Салихлы қаласының Веледиесіне (мәслихатына) «Ақ партияның» атынан сайлауға түсіп жатыр. Соны мекзегені. Сонымен, қазақтар да демократияланып-ақ тұр екен. Мәслихатқа қазақ ілінбеген кез жоқ көрінеді. Бұл да амал! Сайлау қарсаңы болғандықтан ба, жоқ, жөн білгендері ме, қазақтың наурызына қаланың әкімдері, барлық партияның басшылары, «Түріксой» мен «Түрік дүниесінің» өкілдері, көпестер, Ізмірдегі қазақтар мен қазақ студенттері келіпті. Барлық «веледиелер» қазақтармен құшақтасып көрісіп, қал сұрасып жаты. Демек бір-бірін жақсы біледі, қазақтардың қадірі бар деген сөз. Мұнда да маған таныс өренжілер – өрендер кезікті. Кейде дәріс бергеннің де пайдасы бар екен. Әкімдер де, біз де сөйледік. «Аққудың» концерті де көңілден шықты. Әсіресе, Алтайдың әнін Меруеш тамылжыта жөнелгенде қарттардың жігіт шағы, әжелердің қыз кезі есіне түсіп, аһыласып-уһілесіп қалды. Еркін сөйлесіп, арқамыз жазылды. Анда-санда Көксеген ақсақалға тауды нұсқап: «Бесағаш осы жақта ма еді?», – деп қоямын қуланып. Көңілді тарқастық та біз қалалық зиратқа бет алдық.

Салихлы – жиырмасыншы жылдардағы еуропалық басқыншыларға қарсы майдан өткен жер. Жалпы теңіз жағалауының бәрі де майдан даласы болған. Сонда Салихлы деген жас жігіт ерлікпен қаза тауып, қала соның есімімен аталыпты. Мұнда ұлт үшін құрбан болған шаһиттер жерленеді екен. Сондықтан күтімі де ерекше. Бас қақпаның сол қапталындағы Қалибек хакімнің зиратына құран оқып, орынымнан тұра бергенімде ... төбе құйқам шымырлап кетті. Қара таста жылы көрсетілмеген «Хасен Оралтай» деп жазулы тұр. Бұл қалай? Көзінің тірісінде өзінің жер бесігін дайындатып қойған ба? Сонау Мюнхенде жүрген адамның бұл харакетіне қалай қарасақ екен? Түсінемін. Түсінемін. Қайбір еріккеннен дейсің. Оның себептерін тереңдеп сезінген сайын түнде ғана сөйлескен Хасекеңнің кеудесіне толған шердің ащылығын ұғып: «Осы мен орынсыз шымшымалап жүрген жоқпын ба?», – деген ой да келді. Бірақ бір сәтке де жымиыспен жұбаныш сыйласам, соның өзі дертіне дауа емес пе? Енді мүләйімсігенім болмас. Кейін шешесінің үйінде телефон шалдырып, әріден орағытып отырып сөз арасында: «Көрдім... көрдім» – дедім. Одан артық сөз айта алмадым. Тамағыма жас тығылып қалды. Сонда да сөздің артын әкесі марқұмға аударып, жаймашуақтатып жібердім. Қамза Ұшардың басына да бардық. Бұл кісінің хаттарын кезінде кітапқа жариялап едім. Содан шығып Қалибек хакімнің үйіне келіп, шешем аттас Хадиша апаймен қайта көрісіп, дастарханынан дәм таттым. Айқын есімді «Бозғұрт» баласы бір уыс белгіше әкеп берді. Хадиша апай екеуміз тәп-тәуір ақтарылдық. Ол әңгіменің көлемін «Күнделік» көтермейді. Жеке желінің арқауы. Тек: «Гималайдың ыс тауынан асқаннан кейін әйелдердің барлағы да бала көтере алмай қалды. Мен де алты жылдан кейін ана атандым», – деді. Осының өзі-ақ осынау аналардың жан қасіретін көрсетеді емес пе. Ақыры шешесі мен ұлының қоштасқанындай көңіл-күйде, «Көкбөрінің» белгісімен саусағымызды шошайтып тұрып қоштастық. Балалары: «Тоқсан екідегі шешемізді ұшықтап кеттіңіз. Сіз келіп едіңіз мейрамға да барды, дастарханға да отырды, қонақ шақыртып та үлгерді. Бір сергіді», – десті. Оған біз де марқайып қалдық. «Қызбала қаншыл келеді. Мәселе іздеп келген бауырға байланысты», – дедім.

Әрине, ол жай сөз. Бәрі де көңілден. Одан шығып Көксеген ақсақалдың қоржасына бардық. Шүкірәлидің тон тігетін шеберханасы бірінші қабатта, ал қалған ұлдарының үйі екінші, үшінші қабатта екен. Өз шаңырағы өзге үйде. Әдепті келін, тәрбиелі қыз, өнегелі ұлдың ортасында отырып ұзақ әрі қанып шай іштік. Көксеген ақсақалдың әңгімесін тыңдадық. Айтқандарының барлығын қағазға түсіріп үлгере алмайтын болғандықтан да, үш айдың ішінде қағазға түсіріп жіберуді аманаттадым. Оған уағда берді. Ажал ауызынан өткен тағдырдың таңдаулылары ғой – дегеннен басқа теңеу табыла қояр ма екен. Екінтіде Салихлының әкімі Бесағаштың басындағы мейрамханада дәм берді. Бағдат Әміреев пен Дүйсен Қасейінов Анкараға барып, келгені осы. Ендігі тізгін өздерінде. Биіктен қаланы тамашаладық. Көк көл мен шоқының арасындағы қыратты жерге орналасыпты. Мұндағы қазақтардың әкімі жалтақ емес, өзгелермен тең сөйлеседі. Бәріміз де сөйледік. Көксеген ақсақалдың сөзі көңілге қонды. Кешкі концерттің де уақыты болып қалды.

Алтай мен Салихлы ауылына өнерпаздарды еліміздің елшісі Бағдат мырза мен Дүйсен мырзаның бастап жүруі, олардың тілек-ниеттерімен танысуы мерекенің ғана емес, аймақтық, қалалық, аудандық әкімдердің алдында жергілікті әкімшіліктің тізгінін ұстаған, мәслихатқа сайлауға түсіп жатқан Мұстафа мен Шүкірәли сияқты азаматтардың да мерейін өсірді. Арқа сүйер елің болғанға не жетсін! Елші мырза бастауыш класқа дәріс беретін мұғалім жіберуді, оқулықпен қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Сөйтіп, бұл наурыз мейрамы тойлай жүріп ойлай білген, орайлы істің ұйытқысы болды. Кешкі концерт «аққулатып», «гаккулатып» өтті. Станболдан келген Салихлының бір серісі бір сағат концерттің соңынан концерт қойды. Ол да жарасымын тапты. Маниса уәлаятының әкімі келесі бір шоқыдағы мейрамханада дәм татырды. Жанболат Әуіпбаев: «Станболда бір кафеге шәй ішуге кірсек, Станболдың әкімі көптің бірі боп сонда отыр екен», – деп таң қалып келгені бар. Мұнда да «пәледиелер» көпшілікпен араласып жүре береді екен. Ал біздің әкімдердің ғана емес, жай шенеуніктердің алқымы ісініп, иіле алмай жүретіні бар. Үйренетін үлгі. Кеш қайтып, арасанға түсіп, сүйегіміз балқып, көңілден шыққан күнге деген ризалықпен жастыққа бас қойдым.


26 науырыз. Салихлы – Ізмір – Селжүк – Эфес – Шанаққала (Троя) – Станбол. Бұл күнді аңызбен аралас өткен күн десе де болады. Мың шақырымға жуық жол жүрдік және қандай жол десеңші. Кеше Ізмір арқылы Трояға соғатынымды естіген талдықорғандық қыз бала: «Ізмірге Эфес, Селжүк қалалары жақын. Мария Магдалинаның құжырасы бар», – дегенді естіген соң қалайда баруға тырысып, Рамазанға жолдың жөнін біліп алу туралы тапсырма бергем. Адамзаттың бүкіл тарихын көз алдыңнан өткізіп шығатын мұндай сапардың сәті түсе бермейді.

Енді, міне, ертелетіп аттанып барамыз. Ізмірге дейінгі аралық Кония мен Салихлының арасы сияқты ауа райы құбылмалы жер. Көріністі шоқылар, орман-тоғайлы. Асудан асқанда әуелі көк теңіз, содан кейін Эгей теңізін жағалай орналасқан Түркияның қонысты қаласының бірі Ізмір иегіміздің астынан шыға келді. Халқы төрт миллион төңірегінде. Мүйіс-мүйісті, қолтық-қойнауды, бұғазды, түбекті қуа қанат жайған қала. Көне шаһардың күмбезді мешітінің мұнарасы мұнартады. Көкжиектен кемелер ғана көз тоқтатады. Басы қайсы, орталығы қайсы, аяғы қайсы, белгісіз. Бір жақ шеті тау, бір жақ шеті теңіз, ортасы ой. Биік шоқыны асып түссең алдыңдағы сәулетті қала тағы да Ізмір болып шығады. Сөйтіп, Қаратұмсық, Алтынтүбек деп кемерлеп кете беретін, етегін кең жайып бара жатқан шаһар екен. Жарды, жағалауды жағалап, бірде жаңбыр, бірде бұршақтатып, кемпірқосақты жетелеп жүре бердік.

Қалайда «Одиссей» мен «Илиаданың» оқиғасының ізі бар, жыл қайыруымыздан мың жыл бұрын іргетасы қаланған Эфес қаласы өркениеттің басы болып есептеледі. Ұмытпасам жыл қайыруымыздан жеті жүз жыл бұрын Мәди бастатқан скифтер ат басын тіреген, жеті кереметтің бірі – Артемис храмы да осы бұғазда болуы тиіс. Ол сонымен қатар ХІІ ғасырда Селжүктер ат басын тіреген жер. Рамазан бауырым жүйткітіп-ақ келеді. Теңізге тірелген мүйістер қандай сұлу. Таңдайымды қаға-қаға құрғап кетті. Бір кезде көздің ұшындағы ұшар биіктен сымбатты қорған көрінді. Бұл – жай қорған ғана емес, теңіздің бағдар шырағы (маяк). Қолтыққа кіре бергенде төбенің үстін тұтас жауып, қонған құстай қомданған тартымды көне ғимарат көз бен қоса қолқамызды қоса тартты. Аңғарды екіге бөліп тұрған бәйгетөбенің бауырындағы Селжүк қаласының үстінен төніп тұр. Қабырғалары да құсқанатты, бағаналары да жеңіл топшылы, текшені тұтас бауырына басқан алып самұрық сияқты. Тура кіретін жол жоқ, айналып артынан кіресің. Жөн көрсеткендер – Селжүк қорғаны деді. Түркияның үлкенді-кішілі шаһарларына тән тар көшені сыналап Айдыноғлы әулетінен шыққан Исабей 1375 жылы салдырған мешітке тірелдік. Еңселі қақпасы мен кірер бетнің қабырғасыы ысқыланған мәрмәрдан өрілген. Төрт бұрышты ауланың ортасындағы қауызды бойлай қойылған ұстындар Эфестен әкелініпті. Қабырғаларды жағалай тізілген ғұсни жазулы құлпытастар. Сәлделерінің өзі өнер туындысы. Тиянақтап оқыса адам аттарын анықтауға болады. Мешіттің іші кең. Көне заттай мұралар қойылыпты. Тізерлеп отырып құран оқыдық та, қол созым жерде тұрған бағанағы төбедегі қорған мен Селжүк сұлтандарының құтты қонысына қарай-қарай Эфеске беттедік. Алда мың шақырымдық жол бар, Троя қаласына ерте жетуіміз керек. Сондықтан қарбаласпыз.

Жолдың екі кемеріндегі бәйтеректермен жарысып, үш шақырымға созыла қаз-қатар тізілген, ежелгі үлгіде мүсінделген арыстан айкелдердің жол көрсетуімен маң төбенің – Айасұлық шоқысының бауырына бауырын баса салынған көне Эфестің қақпасына тірелдік. Енді бұл әсерді қалай жеткізуге болады? Неге осыншама қиғаш жол жүріп келдік? Ол үшін монография да аздық етеді. Мектеп қабырғасындағы ежелгі тарихтан бастап бүгінгі күнге дейінгі адамзаттың өркениетіне шолу жасауға тура келеді. Сондықтан да мені осында алып келген Геродоттың «Тарихында», оның ішінде біздің «Дулыға» атты еңбегімізде қамтылған скифтерге, «ерапаларға» – амазонкаларға және Геростратқа қатысты есімде сақталған, көрген кезде ойға оралған екі-үш оқиғаға ғана тоқталамын.

Жыл қайыруымыздан үш мың жыл бұрын жан-жағын теңіз қоршап жатқан Айасұлық – Айсұлу бұғазындағы аралға арзауандар Апас деген атпен астаналарының негізін қалайды. Геродоттың мәліметінше, элладалықтардың Кіші Азияны отарлауы осы Эфестен басталған. Афин ханзадасы Андроклосқа көріпкел: «Сіздің астанаңыздың қайда салынатынын балық пен қабан көрсетеді», – дейді. Афиныдан неғұрлым алыс кетуді көздеген ханзада оған мән берместен кемеге отырып ашық теңізге шығады. Телегейде теңселіп жүріп бір бұғазды аралға тіреледі. Жағалауда балық пісіріп отырғанда өрт кетеді де тоғайдың тасасына қашқан қабанды қуып жүріп олжалайды. Сол кезде көріпкелдің айтқаны есіне түсіп, өзінің астанасын осы арада салуға пәрмен береді. Міне, осы арада ханзада көшпелілер әлемімен, ер апалармен – амазонкалармен тоғысады. Эфестің іргетасын олардан бұрын скифтердің жауынгер қыздары «ерапалар» қалаған екен. Амазонкалардың Эфесті өз астанасы ретінде өте аялай қорғағанын Страбон да, Паусаниас та жазып қалдырған. Сөйтіп, ер жүрек жауынгерлер мен қыз жүректі жауынгерлер армиясы осы арада махаббат армиясына айналған-мыс. Сол махаббаттың белгісі ретінде «ер апалар» – амазонкалар Артемис храмын тұрғызуға бәйге жариялайды, сөйтіп, аралтөбеде әлемнің жеті кереметінің бірін тұрғызады. Міне, біздің кіндігіміздің Эфеске байланған бірінші түйіні. Әрине, бұл арқылы: «Эгей теңізі» – «ағай теңізі» дегеннен шыққан, демек, бұл аға баласы арғынның атына қойылған», – деген ағаларымыздың сандырағын қайталағымыз келіп тұрған жоқ. Бірақ та «ерпалардың» махаббатымен бекітілген тағдырлы тарих тоғысын сыртқа да теппейміз. Ал амазонкаларды көшпелі қыздар армиясы екенін, оларды скифтер «ер апалар» деп атайтынын Геродот дегдар да, Страбон да жазып кеткен. «Ер апалардан» бас тарта қоятындай біздің қандай құқымыз бар?

Араға ғасырлар өткізіп барып біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ ғасырда скифтер ақинақтарын беліне байлап, садақтарын қарына іліп, жиендерін «іздеп барады». «Жиендерінің елдіктен кеткеніне» ыза болған қара теңіздік кемерлер мен скифтер «ер апаларының» отауы – Артемисті жермен жексен етеді. Бұл туралы «Дулығада» жазған едім.

(Осы арада жанр шартын бұза отырып, атақты ғалым және ақын Каллимахтың «Артемидаға» арнаған мадақ жырындағы скифтердің кіші Азияда жиырма сегіз жыл үстемдік құруының қарсаңын бейнелейтін:

«... Содан кейін сен қасиеттейтін жерге (Эфеске) кең сарай салынды; таң шапағына бөленетін одан асқан сұлу, одан асқан салтанатты сарай жоқ; ол Пифоннан да керемет. Сондықтан да томырық Лигдамис (скифтердің патшасы – Т.Ж.) оны жермен жексен еткісі келіп, бие сауатын кемерліктердің қаптаған қолын әкелді, олар Инақ бұғазында өзгелерден оқшау тұрады. О, бишара патша, қалай қателесті десеңші! Оның өзіне де, басқаларға да, Кайстр өзегін арбамен қоршағандардың барлығына да Скифияға қайтып оралу жазылмапты, себебі, сенің жебеңді Эфестің өзі жебейтін еді», – деген жолдарды жақша ішіне алып кіріктіре кетуді жөн көрдім).



Каллимахтың жазғанындай, скифтер кері қайтпады, «қымызын ішіп жүріп» осы өлкені жиырма сегіз жыл биледі (Айтпақшы, Түркиядағы бірден-бір қымызхана да осы Ізмірде, Хасен ағамыздың Шеризад атты қарындасы қазір де бие бау ұстап отыр екен). «Махаббат майданының» белгісі болған Артемис храмын тас-талқан етеді. Заман ауысқан тұста тағдыры скифтерге жанаса қалыптасқан Ликияның Кроисос патшасы б.д.д. 560 жылы қаланы басып алып, аралтөбедегі әлемнің жеті кереметінің бірі – Артемисс храмын қайта жаңғыртады. Сәулет өнерін дамытады. Бұдан кейін бұл бұғазға қазіргі қазақ даласына бірі басын қалдырып, бірі абыройдан айырылып қайтқан парсы патшалары Дарий мен Кир де ат басын тірейді. Тура Ескендір Зұлхарнайын туған күні түнде «атымды жер өртеп қалдырамын» деп Герострат Артемисс храмын өртеп жібереді. Сөйтіп, ол өзінің атын тарихта мәңгі қалдырды. Ескендір Зұлхарнайын Артемиданы қалпына келтіруге ұмтылғанда тұрғындар: «Бір құдай бұзған храмды, екінші құдай қалпына келтіруге болмайды», – деп ризашылықтарын бермейді. Оның есесіне Эфес шаһарын көркейтті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет