Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары



бет7/28
Дата25.12.2016
өлшемі16,14 Mb.
#5087
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28

Х Х Х

«Философия – бар ғылымның қозы», яғный, шоғы, қыздырушысы депті ұлы Мұхтар. Қоз – отынның ең қызулы, қызыл жалыны мен түтіні кетіп, табымен қыздыратын, жалынның көгілдір тартқан кезі. Демек, философия – Ақылдың қозы ғой, шоғы емес әрине! Егерде, заманы ақылын ауыздықтамаса нағыз «Будда - философ» болатын, Даналыққа жететін (тұлға Мұхтар екен – ау: «Сұм заман! Сыбағама сені берді. Талап бақ, жауың болсам, тағы тапқан!» - деуіндегі күйініште содан туса керек!

Демек, ұлы Мұхтардың ойы жалындағанымен, қоздауына мүмкіндігі алмай кетіпті – ау.

Оны өзі де білген. Қандай өкінішті.

Ақылдың өкініші.

ІІІ БӨЛІМ


Арғы Алтай, Өр Қаңғай мен Орхон, Байкал...

(Ғылыми экспедицияның күнделік - есебі)


Тарихымыздың тамырын қайта түлетіп, ескірген көзқарастар мен тұжырымдарды, қасаң тартқан қағидаларды ғылыми ой-пікір тұрғысынан қайыра саралайтын уақыт жетті. Ұлтымыздың тарихына қатысты деректерді қайтадан салыстыра қарап, жаңадан аударып, заттық және бейзаттық мұраларды тағы да бір екшейтін кез келді. Өйткені бұрынғы тарихымыз империя тарихшыларының көзқарасымен жазылып, солар мәжбүрлеп орнықтырған пайымдаулардан әлі де шыға алмай отырмыз. Сол олқылықты толтыру мақсатында биыл жазда Қазақстанның бір топ ғалымдары, соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түркітану орталығының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қаржаубай Сартқожаұлы, осы университетке қарасты «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Тұрсын Жұртбай, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, атақты археолог Зейнолла Самашев, көне мұраларды қайтадан жаңғыртып жүрген белгілі реставратор Қырым Алтынбек, Монғолия ҒА-ның археология институтының орта ғасыр археологиясы секторының меңгерушісі, профессор Баяр Дөвгой қатысқан, арнайы мамандармен жасақталғанн халықаралық ғылыми экспедиция ежелгі көк түрктердің мекені – Монғол Алтайы мен Өр Қаңғай үстіртіне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологиялық қазба мен реставрациялау, көне түркі мәтіндерін қалыптау, аудару жұмыстары одан әрі жалғасып жатыр. Біз сол сапардан қайтқан жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың пікірге толы күнделігін ұсына отырып, осы экспедицияның ғылыми табыстарын алдағы уақытта газет бетінде жариялауды жоспарлап отығанымызды ескертеміз.
20.07. 2007 ж.

Алматыдан Өскеменге ұштық. Жол бойы жер бедерін қызықтадым. Алыста Жоңғар Алатауы. Басы қарлы, бауыры жасыл. Лепсінің тұсында сұғына мүйістенеді екен. Мұзды шыңдар Шығыс Түркістанға тиесілі. Боротола, Талқы, Сайрам сайрап тұр...Таңдандыратыны Лепсі Балқашқа құярда батысқа қарай жарыса жағалап барып жантаяды екен.

Өскеменге келгенде Ертістің арғы бетінің жасылдығы, шығымды егіні, сайы, бұлағы, табиғаты қызықтырды. Әттең... соның барлығы шекарадан тыс. Бір заманда Ертіс өзені исламның шекарасы болып, оның арғы бетіндегілер пұтқа табынған күйінде қалып қойған. Қазіргі алтайлықтар деп аталатын найман, меркіт, қоңырат, керейт, көктіңұлы, теле, алшын, кісі, шор, шекті тайпалары қоныстанған ата жұрт еді. Енді Қатынсуды өңештеп, Мұзтаудың алқымын сыға сызылған қызыл сызықтың ар жағында - Ресейде қалып қойыпты.Менің ұлы аянды арманым – Алтайдың төрт құбыласын түгел көріп, көңіл картасына түсіру болғандықтан да, қасиетті таудың әр шақырымында өткен тарихи оқиғаларды бүгінгі күннің картасымен салыстырып, төртке бөлінген тауды біртұтас қарастырып, құрақ көрпе сияқты құрастырып жүргендіктен де, тарихи жер жағдайы жақсы таныс. Әр шаршыны шарыштап отырғаным да сондықтан.

Сол Алтайдың төртке бөлінген алқымын көріп, өткен-кеткенді ойға алсам деген аңсарым бар еді. Бұл сапардың да басты мақсаты сол. Алтайдың Қазақстандағы, Ресейдегі, Қытайдағы телімін көргем. Бүгіндері құбының құмына тұтасқан сонау Хуанхэнің Саржызығынан сіңірленетін сілемінен бастап Тарбағатайдың тұмсығына тірелетін Алтайдың теріскей бетін былтыр сүзіп шыққамын. Ендігі ой: Монғолияның әр бетегесінің түбін түптеп, көне жазуларды адақтап шыққан Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеттің Қаржаубай Сартқожа бастатқан түркологтардың, атақты археолог Зейнолла Самашевтің, әйгілі реставратор Қырым Алтынбектің, монғолдық профессор Баяр Довдойдың экспедицияларына ілесіп сол Алтайдың күншығыс бетін түре (кері бағытпен) сырып шығу. Бес экспедиция монғолияның әр тұсынан андағайлап барып Ұланбатырда бас қосуға уәделескеміз. Жөн сұрағандарға қалжыңдап: «Төрт топ көр қазады, мен сөз қазамын» - деймін. Сөйтіп, он бес мың шақырымға созылған түркінің ұлы Тәңіртауының шың-шатқалын, сілем-сыпатын, тарихи тамырын, ХІХ ғасырға дейінгі мекен еткен халық пен бүгінгі қоныстанушылардың аражігін ажырата жүру ойымда болды. Не жазыларын, одан не шығарын кім білсін, әйтеуір бір нәрсе жазсам-ау деген есекдәме отыз жылдан бері мазалап жүргені анық. Бүгінгі мекендеген халықтардың пердесін ашып, тарих шымылдығының ішіне кіргім келеді.

Сол бір көкемарал дәмемен сапарға шығып, Өскеменнен - Өлгейге ұшқанда ұшақтың шығыс қанатына отырдым. Ойым: барарда Орыс Алтайын – Таулы Алтайды, қайтарда – Қазақ Алтайын биіктен тамашалау еді...Ормандалып басталған Алтай биіктеп, ішке кіргенде тақырлана береді екен. Әуелде шың басындағы аппақ болып көрінген алаңқайларды сүрі қар, сеңгір мұздақ екен десем, олай емес, ақ керішті су орған жарқабақтар екен. Баянөлгей жақ беті тап-тақыр, орманды ұстарамен қырып тастағандай. Бұлақтар байқалмайды. Биыл жаңбыр да болмапты. Таудың қолтық, текшесіндегі қыстаудың, тасқораның орыны – теміреткінің орыны сияқты таңдақ-таңдақ. Ел - жайлауда, Мұзтаудың қойнауында көрінеді...

Сағат 2-де Баянөлгейге қондық. Аэропорты бетонсыз. Қарауыл, Бестамақ аэропорты сияқты тастақты тақыр. Бәрі қазақ. Шетелге өткендей болмадым. Еш айырма сезбедім. Аэропортта монғолша анкета толтырған кезде ғана жаттығым білінді. Осындағы жазушылар одағының жауапты адамы, ақпарат саласының бастығы, бұрынғы әскери-саясаткер, жауапты (әкімшілікте) қызмет істеген, қазақ руханиятының тарихын жатқа білетін Сұраған Рахметов пен Жантегін Қаржаубайұлы және Айдос (Жәлейдің бауыры) қарсы алды.

Өлгейге қонғанда анық көз жетті. Жердің түте-түтесі шығып, Қобда өзенінің қолтық шилерінің түбі қопсып жатыр. Қоралы қой, кебенекті ешкі, үйірлі жылқы, өркешті қоспақтар тасты жалап өзек жалғайтын сияқты. Сұрағанның айтуынша, жердің жұмағы Алтайдың ішкі бауырында көрінеді.

Қобда өзені өзегін жара ағып жатыр. Тозыңқырып барып, жан кіре бастаған Ұржардың деңгейіндегі қала екен. Бұрын қияқты, шилі, тоғайлы жер болыпты. Қазір түтесі шығып жатыр. Өзенді жағалай тігілген ақ киіз үйлер. Тіпті әр аулада бір киіз үй бар. Бұл бізді қатты таңқалдырса да, бүкіл моңғолдың қаласы осындай екенін көріп, көз үйреніп кетті. Жазда үйлер қаңғырап бос қалады екен. Киіз үй тігіп екі – үш шақырым ауаша қонып, қаланың сыртына шығып кетеді екен (Біздің саяжайға барғанымыз сияқты).

Адамдарын жел қаққан. Есендіктен соң ескеретіні жөн-жоба, есеп түгендесетін қазақы әңгіме. Саяхатшыларды көп күтіп, ақы алып қыдыртып, түгірікке төселіп қалған сияқты. Сұраған - білікті, инабат пен жол жөнін білетін жосықты жігіт екен. Мағауинге Монғолияны аралатыпты. Дұрыс қабақ танытты. «Думан» қонақ үйіне орналастық. Өзімізге жәйлі көрінді. Асты түрік дәмханасынан, екінші асты монғол асханасынан іштік. Қалың қазақ айрандай ұйып, қоықтай қайнап отырған елдің дәм татарлық дәмхана ұстамағаны ойда жүрді.

Ұшақтан Жантегін қарсы алғанда және Ұланбатырда жүрген Қаржаубаймен «шайтанқұлақ» арқылы сөйлескен соң, біз өтініп, Қаржаубай ойластырып, Сұраған тиянақтап қойған, Алтайдың бауырына бауырымызды басып апталап жатамыз деген бұрынғы жоспар өзгерді. Қырым да сол күні Ұланбатырға ұшыпты, ал Зекеңдер – Зейнолла Самашевтар да ертең ұшып келмек екен.

Жантегін көлікпен оңтүстік Монғолия арқылы – Қобда – Монғол Алтайы – Гоби Алтайы – оңтүстік Хаңгай (ежелгі Өтүкен, қазіргі Тарбағатай) жотасы арқылы Ұланбаторға барады екен. Мұндай шөл-шөлейтті, дала жолы ауыр болса да, ондай мүмкіндік (ең аңсарлы мақсатым Алтайдың төрт құбыласын түгел көру ғой) туа бермейтіні анық. Ал мұнда етектен түріп Алтайдың бастау бетін көрудің сәті түскелі тұр. Солай шештік... Баянөлгейді қайтарда аралап, жайлауға бармақ болдық. Бұл жоспарда жолай өзгерді. Қаржаубай бізге жер көрсін деп Ұланбатор – Дархан – Сухэбатыр – Ұлан-Уде – Қолтық (Байкал) - Иркутск – Красноярск – Новосибирск- Омбы маршурутына тапсырыс беріпті. Байкалды көреміз. Бұл дегеніңіз бүкіл Азияны аралап шығу.... Ойланып барып келістім. Баянөлгейге кез-келген уақытта келуге болады.

Сұраған жүрер жолдың жобасын көне түркі ескерткіштерін көре жүретіндей жақындата сызып, алдын-ала киіз үй тіктіріп, сойыс малын, мінер атты дайындап, баратын жайлауға тапсырыс беріпті. Аралатып барып Қобдадан ұшаққа салмақ екен. Жоғарыдағы ебеп пен себепке орай қыдырыс келер күндер мен жылдардың еншісіне қалды.



21.07.2007 ж.

Бұл күні Қызылқайың – Ұланхұс сумының (ауданының) құрылғанына сексен жыл толуына орай мерей тойы өтеді екен. Ол Алтай тарихындағы арманды күндерді халқына көрсетіп барып, арманда кеткен аяулы генерал Дәлелхан Сүгірбаевтың, ақиық ақын Имашханның ауылы. Сүгірбай мен Дәлелханның атының өзі екі романның арқауы болатын тарихқа ие. ХІХ-ХХ ғасырдағы Шығыс және Ішкі Түркістанның, Батыс Монғолияның тағдыр түйіні шиеленісіп, шешілген Сақсай жазығы көне ескерткіштерге де бай. Тойды тойлай жүріп, Сақсайды аралап, былтыр неміс ғалымдары жыл санауымыздан бұрынғы 7-8 ғасырда салынған мәңгі мұздақтағы ағаш үйді жасауымен қоса тапқан өңір.

Ұланқұста Дәлелханның қарындасының (жиені Аманкелдінің) үйіне түстік. Жалпы Алтайдың төрт құбыласын аралағанда менің дәмімді ылғи да Сүгірбайдың тұқымының үйінен бұйыртып қойса керек Тәңірім. Былтыр Дәлелханның туған інісі Бәтханның үйінен бұйырып, күйеу баласы Азат 5 күн бойы Шығыс Түркістандағы Өр Алтайды басынан аяғына дейін құлдилатып шыққан. Міне, Шығыс Алтайда тағы да сол шаңырақтың құртын талғап, ірімшігін таңдайыма басуға жазыпты. Жиені сергек, Алтайға келген саяхатшыларды қыдыртып, тау-тасты аралатып, қаражатын айыратын жігіт екен. «Алтайда мен білмейтін көне ескерткіш жоқ. Ел көзі шалмаған балбалдарды көрсетімін» - деді. Ол ырыздықты келер күндердің қанжығасына байладық.

Қызылқайың – Ұланқұс ұланғайыр аңғарлы жазыққа орналасқан, ескінің иісі шығып тұрған жер екен. Бұрын шилі, көк қияқты, түбірлі, томарлы, талды өзек болса керек. Ойпаңды жоғарылы-төменді қойындаса тігілген ақ шаңқан киіз үйлер өлкенің сәнін келтіреді. Төрт түлік мыңғырып жатып, маңырап өрістенеді екен. Ең көне шаруашылық, ең көне кеңсе, ең көне мектеп, ілгерлі оқығандар шыққан құтты қоныс. Той - төрт бұрышты майдан ішінде өтті. Адамдар жағалай отырып, бар қызықты тамашалайды екен. Аттылар қорғаннан басын көтере қарап қарап тұр. Аймақ әкімі Баян (төре) мен аймақ құрылтайының төрағасы Ержан Қабышайұлымен мінбеде қатар отыру құрметі бұйырды. Бұл енді Сұрағанның қонақшыл әдебі екені анық. Монғолдардың, соның желеуіндегі қазақтардың дәстүрі бойынша алқалы тойда 120 палуан ортаға шығады екен. Мұнда да 120 палуан шықты десті. Бір-бірлеп күресіп, жеңілгені шығып, жеңгендер өзара белдеседі. Ортаға палуандар билеп келіп, билеп кетеді. Мұның өзі таңсық әрі жарасымды көрініс болды.

Менің аңғарғаным, мұнда ең арзан және өткізіп болмайтын, оған асықпайтын да нәрсе – уақыт сияқты көрінді. 120 палуан бір-бірімен алпыс рет белдесіп, одан 60 палуан қайтадан күресіп, одан қалған 30 палуан екеуара күш сынасқанша екінті болды. Палуандар да, көрермендер де аспайды, саспайды. Өзге дүние ұмытылды. Уақыт тоқтап қалған. Бар қызықты бір күнде тауысып алмауға тырысып, неғұрлым соза түсуге ұмтылатын сияқты. Палуандар қашан іріктелгенше бұл күрес – алыптар мен жатағандардың күресі болды. Өйткені салмақ дәрежесіне орай күреспейді. Күш атасын танымастың кері. Неше түрлі жалпақ жауырын бар екен, әттең шынашақтай ғана. Қарсыласы бір сағаттың ішінде демалып ап күресіп, жұртты бір айналып келіп күш жиып, ақырында әукесімен басатын көрінеді. Монғолдың бас палуаны шыққан Ұланқұс екен. Соңғы он үш адам іріктелгенде күрес ертеңге қалдырылды. Бәйге де ертең. Зады бұл ел тойдың қызығы бітпесін дегендей демалып ап, тойлағанды дәстүр көретіндей. Бір тәубасы, ел қанша сақтандырғанымен де, қызып жүріп қызықтаған адам көзге түспеді. Оған қабағым көтеріліп қалды.

Бесін ауа астан ауыз тие сап, Сақсайға бет алдық. Ұланхұс – Сақсай – тау арасындағы кең ойпат. Шымдауыт. Шилі. Батыс беткейі тастақ, оңтүстік қапталы құмдауыт. Бір жақтан Қобда, екінші жағынан Сақсай өзені құяды. Өрлей берсең Мұзтау асып Берелге жетесің. Сақсай деген тарихи атына сай ойпат. Қазірдің өзін де ертегілік қалпын сақтаған. Үйрек ұшып, сары ала қаз қонып, қу қиқулап жүр. Әрине, аз. Оның орының ақтылы қой, сары түбітті текелі ешкі, аласы аралас жылқы басқан. 1.Әуелі жотаның тамақтау тұсынан қорғанға қойылған сым тасты көрдік. Біз білгенде, көргенде мұндай сымтастар бірнеше шақырымға тізіліп кетуші еді. Жалғыз тұр. Ғасырын анықтап болмас. Бірақ Х ғасырдан арғы дәуірдің мұрасы. Оның сыңары осы сайдың басында міндетті түрде болуға тиісті. Егер сақталса. Қазақстандағы мұндай сынтастар егістіктің астында, қой қораларының бұрышында, тас жолдардың тауанында қалған. 2.Сақсайдың орта тұсына жеткенде кішкене жылғалы өзеншенің жанындағы төбеден балбал тас көрінді. Жарықтық нығыздала қашалған, кемер белдікке ілінген қынаптағы қылышын қыса ұстаған, қасы-көзі, мұрыны қырналып-қырланған, мұртты ескерткіш, сөз жоқ, түркі дәуірінің көзі. Бұрынғы орнынан жылжытылыпты. Біздің арашық-шашық тастайтын әдеті. Ғылымға белгілі мүсін тас. Қазір тек ешкі-лақтың ермегіне айналыпты. 3. Сақсай өзенінің тұны келіп, Қобданың тұнығы бұзылатын құйғандағы ондаған көне қорғанның орыны ойыңды әр дәуірге, әр ғасырға бір жетелеп, ысытып-суындырады екен. Бәрі де қазылған. Қорған тастарын көпірге салыпты. Осы Сақсайдың басынан табылған Мұзқорғаннан табылған ағаш үй т.б. жиһаздар мен заттарды Ұланбатордағы тарих институтының музейіне әкетіпті. Немістер қазыпты. Оның біразы Күлтегін ескерткішінің басымен бірге Германиядағы көрмеге алыныпты. Бұл аңғар әрі салқын, әрі тоғайлы, алды ашық, арты тау, төскей екен. Соншама қорғаннан қолына зерлі торсық ұстаған жалғыз ғана әйелдің (ол мүмкін емес екенін білсек те, бізге солай көрінді) мүсінтасы қалыпты. Зады тарихи заттай мұрағаттарға өте бай ордалы қорым болса керек. Олардың алды Өлгийдің, Ұланбатырдың, арты Германия мен Ресейдің музейлерінен орын алса керек. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, бұл арадан көне жазу да, ою-өрнектер де, келбеті керекңмет мүсінтастар да табылыпты. Көне жазуы бар бір балбал тасты жаудан қайырғандай етіп Қаржаубай Сартқожаұлы Өлгийдің мұражайына алып қалыпты. Таңқалдырғаны – моңғолдардың күреңінің – пұтқа табынушылардың ескі ғибадатханасының орыны. Шақпақ-шақпақ шаршы тастанып жатқан күреңнің тастарын тасып әкетіпті. ХҮІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтар Сақсайға орналасып, кісі көміп, зират тұрғыза бастағанда әруақтардан үрейленіп тастап кетіпті. Сол арада 3-сыныптан кейін оқымай, мал соңында кеткен уақ баласын көрдік. Жүрек шым ете қалды. Болашағы не болады? Бұл «жабайылық» көпшілікке жайылып кетсе, қайран ел сауатсыз қалады-ау. Сол арада Баян-Өлгий аймағының әкімі Баян бастықтың айтқаны есіме түсті:

- Қазақстан бір үшкіріп жіберсе, деңгейіміз көтеріліп-ақ қалар еді.Бәрінен де жол қиын. Әсіресе, Қазақстанмен екі араны қосатын 58 шақырым жерді Ресейдің бөліп тұруы қинап жіберді. Қосағашпен айналу қаншама азапты десеңізші. Ол тарихи отанына оралған 35 мың адамның ғана емес, мұндағы тілеуін тілеп отырған біздің де мерейімізді көтеріп кетер еді. Кейінгі жылдың өсімі Қазақстанға кеткендердің орынын басты. Біз төлдетіп, сіздер түлетіп отырсаңыздар, қандай жарасымды. Биыл 500 адам - Ұлан Батырға, 200 адам - Қазақстанға оқуға кетті. Кен ашылса - жұмыс көбейеді. Оған Қазақстан атсалысса, біздің жігттер көтермеге дайын тұр. Адам аздығы – сауда айналымына қиын- деді (Таяуда Баян сұлтан Нұрсұлтанмен кездесіп, сәлемдесіпті, қос сұлтанның қабағы жарасты - деген ресми хабар естідім. Ырыстарың үзілмесін).

Сақсайдың кезеңінде үйір-үйір ұялы, андыздап тұрған балбал тастарды, қорымдарды, сынтастарды көрдік. Батып бара жатқан кешкі күннің сағымымен төскейден Сақсай ойпатына қарағанда, баған бір көрген сынтасым есіме түсіп, күндік салдым. Ойым дәл шығыпты. Біз жағалап жүрген ескерткішпен мына төскейдегі сынтастар бір сызықтың бойында болып шықты. Демек, көне түркі заманында мынау Сақсайдың жазығының шығысы мен батысын сынтастар тізбесі қосып тұрған (Бұл ойымның дұрыстығын кейін көрген Орхон жазығындағы тура осындай сынтастар растап берді). Бұл – ескерткіш тастың мағынасын іздеп шыққан, олардың сансыз таңбаларындағы мазмұнын білуге құштар мен үшін үлкен жаңалық болды. Осы үшін де сапарға шығуға болар еді.

Сұраған бауырымыз «жолай көре кету үшін» әдейі орайластырып қойған, Дәлелхан генералдың жиені уәде берген Алтайдың ішіндегі ескерткіштерді бір көруді армандап (кейін Ұланбатырға келгенде ол ескерткіштердің суретін көріп, таң қалдық. Жалпы Баян-Өлгийді бір ай араласақ та таңданудан жалықпайтынымыз аян болды), ертеңгі ұзақ та ауыр, шөлейтті жолға дайындалу үшін қоналқаға түнделете жеттік. Олжалы күн болды.

22.07.2007 ж.

Бүгін Ұланбаторға түстен кейін шықтық. Жол ойдым-ойдым (Жалпы жол – бүкіл Монғолияның бағын байлап тұрған мәселе екен. Оған кейін көз жетті). Жолдың екі жақ шеті тақыр, тіпті, таз таулар десе де артық емес. Кеше күйіп, төбені тесіп тұрған күн бүгін салқын. Кең арналы аңғармен Қобдаға бет алдық. Толба өзені бойында бұғытастар бар екен. Көзбен қоштасып, көңілмен көрдік. Жол бастаушы Жантегін жастығына қарамай бастығып қалған, әкесінен бір тоны артық түрколог болатын анық байқалады. Монғолияның алып жоталарындағы, шөлі мен көлдеріндегі көне түркі ескерткіштерінің бәрін аралап, қалыпқа түсірген жас ғалым. Қазақша жөн-әдебін былай қойғанда, монғолшасы, орысшасы, ағылшыншасы, немісшесі қандай, бір жыл қытай тілін оқып шығыпты. Енді қытай жеріндегі көне түркі ескерткішіндегі жазулардағы тарихи оқиғаларды зерттемек екен. Бұл,енді, сүйсіндіретін жағдай. Оның үстіне аяқтанып, Салтанатымен салтанат құрып сапарға шыққан жігіттің көңілі неге пәс болсын. Сергек жүрдік.

Кешке Қобдаға ілігер тұста Жантегін жөні де, жобасы да бөлек бұғытасқа және ғұн ескерткішін көрсетті. Ескерткішке екі монғол-ұраңқай (өлгийліктер көкмоншақ дейді) атының шылбырын байлап қойып, өздері қрғаннның үстінде шынтақтап жатыр екен. Бізді көре сап жылып берді.

Ұзындығы 3 метрден астам ескерткіштің бетіне бұғы, арқар, тау ешкі, ат бейнесі бедерленген, сондай-ақ арқа тұсы мен қырларына неше түрлі ою, өрнек салынған. Көк әлемі, жер, жер асты дүниесін бейнелеген таңбалар бар. Ол – Мәңгілік өмірдің, осы өмірдің, азапты өмірдің нышандары.Дәл тқасында хұн дәуіріндегі моланың орыны тұр. Қақпақтастармен төртбұрыщталып қоршалған. Бұрын қазылыпты, қайтадан көмілмепті. Мазмұнын алып, формасын ғана қалдырған. Жалпы, ғалымдардың осынысы дұрыс па, бұрыс па? Екіұшты мәселе. Кейде пайдасынан зияны зорайып кететін сиқты.

Монғол Алтайына іліктік. Жаңбыр жауды. Қарлы шоқыларды бұлт басты. Сонау шыңның арғы бетінде былтыр дәл осы уақытта тура осылай сүзіле қарап өткенім есіме түсті. Өр Алтайдың басы Шіңгілге тұспа-тұс келетін аймақ орталығы Қобда – батысында тік шаншылған шоқысы бар қалашық екен. Батыс Монғолиядағы түйінді мекен. Осы арадан Қытайға жол бар.

Бұдан әрі түнделетіп жүрдік. Таулы жоталардан құлдилап, Құбының шөліне бойлай кіріп барамыз.Түнгі сағат үште Қарасу көлінің өкпе тұсындағы бір елді мекенге тоқтап, сәл самалдайық деп едік. Құрысын. Мұндай шіркейді өмірімде көргенім жоқ. Көрер таңды көзбен көріп қарсы алды. Таң сыз бергенде тап-тақып қызыл шағылды осып өткен, сұрланған сұр шоқысы бар өзеннің жағасына келіп бой жаздық. Алдыдан таңғы салқынның орнына ескен аңызақтың табы күндізгі аптаптың қандай болатынын елестетті.



23.07.2007 ж.

Қобда аймағының құмы. Мұны сұр шағыл десе де болады. Шығысқа қарай жүргенде: Монғол Алтайы оң жағыңда мұнартып, басындағы ақ шаңқан қар анда-санда жалт-жұлт етіп көрініп қалады. Онда қырық градус аяз, ал, бауырында қырық екі градус аптап. Мұндай шөлді, мұндай ыстықты, мұндай жолсыздықты мен өмірі көргенім жоқ. Түнімен ұйықтамай жол жүріп таңертең бір өзенге келіп тоқтап, жуынып, сергіп алдық. Оң жағында – Монғол Алтайы, сол жағыңда – Батыс Қаңғай жотасы сағыммен қоса тербеледі. Ортасы – аңызақ. Бейне көмейі 150-250 шақырымдық пештің ішінде келе жатқан сияқтысың. Жайлы, жүрісті Селіңді Жантегін ауыстырғанда, Алламызды анда, Әкпарымызды мұнда айтып, қысып отырдық. Сөйтсек, монғолдың құмы мен құба даласын оңды-солды кесіп үйренген Жантегіннің айтуынша мұның үш түрлі пайдасы бар екен. Бірінші, жер көреміз. Екі жағыңда – бесіктің екі басы сияқты иілген тау шымылдықтай желбірейді (қайтсын, жаңа үйленген адамның тіліне шымылдықтан басқа қандай теңеу түсе қойсын), алдың да, артың да көзге көрінбейтін шымылдықтай желбіреген шексіз сағым (айтты-ақ), астыңда ...дала (жоқ, Жантегінжан, жайылған төсектей де!-деп біз де қосылдық іштей). Екінші, Монғол Алтайының Боғда шыңының төсінде көне хұндардың қорымы бар. Қаңғайдың батыс жотасында көне түркі ескерткіштерінің ансамбілі бар (шындығында да солай, күнделікке ғылыми топшылауларды асығыс түсіргім келмеді. Оған кейін көзім жетті). Оны көңілмен көру үшін сергек отыру керек екен (Мұның дұрыс, Жантегін дедік тағы да іштей). Үшінші: үш күн, үш түнгі мына шөлейттегі жүріске шыдау үшін, дауысыңды құм жұтып қоймас үшін, адам екеніңді ұмытпас үшін бір-бірімізге ес болып, дабырласып отыру керек екен. Дұрыс!-дедік бұл жолы бәріміз дауыстап. Үш күн, үш түндік жолда Жантегіннің осы сөзі ес қатты.

Аңызақ пен аптапты тіліп келеміз. Жолдың жоқ екені естен шықты. Тек анда-санда монғолдадың ауылы көрінеді. Негігі ұстаған малы – қодас. Әрі қою сүтті, қыста суыққа, жазда ыстыққа төзімді. Қалың жүні ыстық пен суықты реттеп отыратын тәрізді. Қой, ешкі, жылқы сирей берді. Картаға түскен үлкен елді мекен Сумын дегені – он үй, 15-20 киіз үйден тұрады. Бара-бара киіз үйлер де сиреді. Биыл құрғақ екен. Әй, мынау бұрында емініп тұрған жер емес.

Түсте бір бұлақ басындағы үйге (дәмханаға) келдік. Иесінің (еркектің) әкесі орыс екен. Көзі көк, беті сары. Саз кірпіштен көтерген екі бөлмелі үйі бар. Ауыз үйінде тамақ істейді. Ортасы тақтай. Төргі бөлмесіне тамақ дайындалғанша көз шырымын алдым. Түнгі жүрісте Сеңгілді ұйықтатпау үшін «ән айтып, тегін концерт қойғамын». Қуырдағы қақпыш, кептірілген кеспе. Ұнамады (бізше вермишель қосылып қуырылған ет – олар ұн қуырдақ дейді екен). Шәйді қанып ішіп жолға атандық.

Шоқалақ жолда есеңгіреп, Жантегін жүргізгенде «қысқызып» отырып, түн ішінде Гоби Алтай аймағының орталығы – Алтайға келдік. Шөлейттің көмейінде тұрса да қала аты бар емес пе. Жуынып, асханадан жақсы тамақтандық. Ең бастысы шөлді қандыра термостап шай іштік. Алматымен, Астанамен, Ұланбатырмен шайтанқұлақ арқылы сөйлесіп, көңілді орнына түсірдік. Түнделетіп тағы да жүріп кеттік.

Жолай бір-екі көне ескерткіштің тұсынан өттік. Ол - біздің жыл қайыруымыздан пәленбай жүз жыл бұрынғы хұндардың қорымы мен қорғандары. Жердің астына жиырма метр төмендеп қазылған қорғандар бар. Енді Сеңгіл мен Жантегін көлікті алмастыра жүргізді.

Алда – Гоби Алтайы, артта – Монғол Алтайы, ортасында Алтай аймағы. Шөлейттің көмейіндегі тығын сияқты. Құдық кездесті. Түйемен қосылып су іштік. Бір қызығы екі тәулік жәндік көрмегендер кесірткені көріп қуанып, суретке түсіріп, қуанысып қалды. Оңтүстікте алыста Гоби Алтайының Боғда қарлы шыңы қалып барады. Біз Қанғайға қарай қайқайдық. О, Алла! Жол үстінде шөлдің ақсұңқары отыр. Үш қадам жерде! Тоқтадық. Фотоапаратты сайлағанша ұшып кетті. Әттең, шіркін!...

Әрі қарай тірі жәндік, торғай кездесе берді. Жол сәл тегіс тартты. Ендігі бетіміз шөл Алтайдың оңтүстігіндегі Баянхонгор – Байқоңыр қаласы (қала дейміз ғой, біздің шағын аудан орталығы сияқты). Жолда бір дүңнен қымыз, шұбат іштік. Екеуі де бапты екен. Ешкілі, түйелі байлар көрінеді.Тамағына көңіл соқпады. Шөлейтті кесіп өтетін тақыр әрі лай өзеннің жағасындағы киіз үйге түстендік. Үй иесі әйелмен аздап сөлестік. Ауыл мұғалімі сияқты таза көрінді. Жазда шөлейтті жайлап, қыста құбы Алтайының аңғарындағы қыстауларын мекендейді екен. Балалары оқиды.

Содан Қаңғай жотасын сағалап, шөл Алтаймен жарысып, Байқоңырға жақындағанда ...Алдымыздан өзен кездесті. Жол да бір сәт түзелді. Қарсы алдымыздағы қыратқа шыға келгенде...айтса адам сенгісіз көріністі көрдік. Қарсы беттің бауырынан басына дейін тәртіпсіз тігілген мыңға тарта ақ шаңқан боз үй жамырап шыға келді! Бұл неғылған көп киіз үй. Жолдың шеті қалың күрке. Сөйтсек бұл алтын жуатын төбе екен. Ой, Алла! Алтынды мұндай оңай алатынын кім білген. Жантегін айтқанда қалжыңға сайғам. Монғол үкіметі өзі игере алмайтынын білген соң, жер - халықтың меншігі, сондықтан игілігін халық көрсін деп еркіндік беріп қойыпты. Жантегін тоқтай қалып, шеткі тұрған адамға жолықты. Ол қазып қойған жүлгенің шетіндегі шағын топырақты арнайы мосыда екшеді, електің түбіндегі азғана жұмсақ топырақты әйелі шылапшындағы сумен шәйді. Түбінен болар болмас жұғынды жылтырап шыға келді. Шайма алтын деген сол екен. Оны кішкене шақшасына салып алды. Алтынды келіп алып кететін арнайы адамдар бар. Күніне он грамдай алтын шайқайды екен. Грамын жетпіс сегіз тугриктен береді. Монғолдра үшін ол да үлкен байлық. Өздері қара қайыс болып, күнге тотығыпақ кетіпті.

Зады, алтын да адамды нұрландыра алмайтын болғаны-ау!

Байқоңырға келіп, Алтай өзеніне түсіп, шайға жақсы қанып, Қаңғай жотасына іліктік.

Гоби Алтайы, яғни, қасиетті Алтайдың баста тұмсығы алыста мұнартып қалды. Барлық Алтайдың - қасиетті таудың баста алатын Бас шыңын да көрдік. Алтай Боғдасы – Алтай Тәңірі деп аталады екен. Оның арғы беті ішкі Монғолия, ұлы қытай қорғаны. Қасиетті Ордос – Саржазық. Түркілердің түлеген ұлы отаны. Осының өзі екі күн, екі түнгі көрген бар азапқа татиды емеспе. Алыста қалған Алтайды, Тәңір-Алтайды суретке түсіріп алдым. Армысың және Қош, Алтай! Қимай қыр басында біраз тұрдым. Алдымызда Арбайхээр аймағы. Сол қалаға жеткен соң ұлы Қаңғай үстіртіне шығамы. Арбайхээр – Арпакер деген сөз екен. Ежелде арпа егетін аңыз болса керек. Түн ортасында Қанғай үстіртінің алқымындағы Арпкерге келдік. Қаз-қатар тігілген қалың киіз үйді аралап барып, ояу жүрген бір үйден дәмге тапсырыс бердік. Әрине, ең алдымен қою, қызыл, ыстық шәй, қалғаны содан...содан...содан кейін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет