Төзім!
Абай осы үшінші Тұнғиықта уланып өткен, яғный, дүниенің сырын, түпкі Ақиқатын білген Адам! Ондай Азапты Шарасыздыққа кәдімгі адам төзе алмайды. «Ішің өледі, сыртың – сау!..».
Сонда осынау Шарасыздықтан құтылудың жолы қалмағаны ма? Түйсік, Ақыл, Қайрат, Тән, Рух бесеуі үйлесім тауып, бір амалын таппай ма? Сөйтсем, Даналардың пайымдауынша:
«Үйлесімділік дегеніміз қарама-қайшылықтар мен бірін-бірі жоққа шығаратын күштердің қатар арпалысып өмір сүруі» - екен!
Егер де Ғалам да, Жаратылыс та, Табиғат та, Хайуан да, Адам да біздің ұғымымыздағыдай бір қалыпты үйлесім тапса – Ақыр Заман орнайды екен, яғный, мұқым ғалам апатқа ұшырайтын болғаны ғой. Сонда дүниенің тұтқасы, қозғаушы күші – мәңгілік күрес екен-ау!
От пен Су, Күн мен Түн, Жел мен Жер.
Жақсылық пен Жауыздық...
Тоқта, тоқта, енді ғана түсіндім:
Егер адамның түйсігі, ақылы, қайраты, рухы, тәні келісім тапса – онда өледі екен ғой. Демек, өмір дегеніміз осылардың өзара күресі болып шықты. Әлгі: өмір – күрес дейтініміз сол ма?
Тіфу! Бүйткен ымырасыз ақылыңа, қайратыңа, рухыңа, тәніңе, үмітіңе, бір сөзбен айтқан да, Үйлесіміңе болайын! Әй, Абай-ай, Ақыл, Қайрат, Жүрек үшеуін тегін айтыстырған жоқ екенсің-ау!
Иә, осы Дүниенің жаратылысында бір кілтипан бар.
Сол кілтипанның тілін тапқандарды,
Тұла бойы түгел үйлесім тапқандарды,
Тылсымның өзі дымын шығармай өзіне сорып алған болды ғой!
Бұл да есте ұстайтын мәселе екен!
Адамзат соның қазір екінші сатысында тұр!
Мен осы алты айдың ішінде сол екінші сатыға барып қайттым. Ар жағын! ...Атама. Дымың ішінде болсын.
“Иштиқоқтар”
Шығыстың, оның ішінде қазақтың толғаулары мен жырларындағы дыбыстық, сөздік, ырғақтық, аллетрациялық, ассосанстық қайталаулар басқа тілде сондай жасанды әрі жат болып көрінуі заңды. Бірақ осы қасиеттерінен – бояуынан, ырғағынан, сырлы сарынынан, екпін мен салмағынан, емеуірінінен, көзге көрінбейтін жазушының «менінен» айырылған көркем сөз екі-үш рет жуылып, түсі оңған сәукелелі, жасаулы киім киіп ұзатылған қыздай болып қалады-ау!
Қараңызшы:
1. «Жастығын, шексіз шат жастығын қайта тапты. Сағынып, сүйсініп тапты».
«Сол кеште, жарық Айлы сырқұмар кеште, көп жолдастың қоршауында келе жатып, Әмір мен Үмітей саз қосады. Сол кеште, үлкен өнер, әсерлі әнмен қоштасар кеште... Әйгерім ән шырқап отыр».
Қандай терең мағыналы келісім. Аса сүйсіністі тұсын жиі-жиі қайталайтын қоңыр күйдің қағысы сияқты. Бірақ оқиғаның өзін үстемелетіп дамытып, төніп келе жатқан қауіп бұлтының сарынын естіртеді.
Мұны ғылыми тілде «илтизом» дейді екен. Зады, парсы тілінің атауы болса керек.
2. Тілдегі мағыналас сөздерді қос қабаттап, қосарлап қолданғанда жай оқиғаның өзі жайтаң қағып, шаңдатып шыға келеді ғой. Бейне бір үстіндегі тас кенедей жабысқан жігітті лақтырып тастап қайқаң қағып қунаған асаудай, әлгі, қосарлы Сөз де бүкіл сөйлемнің ішінен, соның ішінде Әуезовтің салмақты сөйлемінің ішінен ойнақтап, ойқастап даралана кетеді.
Мысалы: «сұм-сұрқия, қу заман», «қырмызы қызыл жібек бозбалалар» (пах, шіркін!); «шабан, шардақ, шолақ-шолтырық», «бөгет, аяң», «бейіс-райыс- шафқат», «ақша-пұл», «күміс - қазына».
Жерге киіз қазықты қағып кіргізіп жіберді! – деген осы емес пе! Мақтағанын – жеті қат аспанның, даттағанын - жеті қат жердің астынан бір-ақ шығарады!
Мұны, тілдегі «таносуп» тәсілі дейді екен. Бұл да парсы ұғымы.
3. Түбірлес сөздерді түйдегімен қолданып, не түте-түтеңді шығарып ойыңды жүндей түтеді, не солқылдата жаныңды тәтті тілімен суырып алады.
Мысалы: «Керенау, кердең, бір керім», «Есер, есірік болмасаң» (Абай), «қарт - қариясы», «қырт - қылжыры» (Әуезов).
«Шалықтап, шалқып, шашпай ма» (Абай), «қызықты, қызуды, қыздырманы ғана айтатын», «сүйіп, сүйсініп берілетін...» (Әуезов).
Мұны «иштиқоқ» дейді екен.
4. Ал:
«Қараңғы саңырау қайғы ойды жеген»,
«Жапырағы қуарған ескі үмітпен»,
«Асау жүрек аяғын шалыс басқан»,
«Ызалы жүрек, долы қол»,
«Епке көнер ет жүрек» (Абай);
«Көр кеуде, надан кеуде, ызалы кеуде, бітеу кеуде, жас мәжіліс, жас мұң, үркек жүрек» (Әуезов) - деген «жүректер» мен «кеудені» қалай атаймыз.
Сірә, парсылардың өзіне үлгі ететін тілдік құдірет болса керек.
Тілімізге тиек салған тілші Ербол Жанпейіс мырза мұны «анықтауыштық сөз тіркестері» депті. Дұрыс-ау! Бірақ, «үйірімен үш тоғыз!» - деген тіркесті пайдалана отырып, «үйірлі тіркес», «үштоғыз», «үш тоғыс» десе қайтеді?
Бейнелі сөзді бейнесіз анықтама өлтіреді.
Еңбегіне елжірей отырып, кейде тіл білімі мамандарының жазғанынан ішің пісіп кететіні сол-ау!
Жалпы жазушы мен тілші екеуі әлгі «иштиқоқтар» сияқты-ау деймін. Бірі – сөзді дүниеге әкеледі, мағына береді, түйсігі арқылы жұтындырып, жасаулап ұзатады. Екіншісі: заң шығарып, қалыпқа салып, қисын мен қағида ұсынып, жүнін түтіп жалаңаштап: «Енді Осылай жаз! Ол Осылай! Және осылай болу керек!» – деп ақыл айтады.
Бірі – сөзді тірілтеді, екіншісі – сөзді өлтіреді.
Жасасын, «Иштиқоқтар!».
Есті мен Ессіз
А. Швейцер: «Философия мен дін – бір емшекті еміп өскен апалы-сіңілі егіздер» - депті. Мұнда – шындық қана емес, танымдық сара мен шарасыздық бар. Өйткені, дүниенің түпкі ақиқаты мен әуелгі жаратушының түпкі құпиялы мәнін өзі де толық түсініп, түсіндіріп, дәлелдеп бере алмай отыр. Философияға сүйеніп – ой қанатында ұшады, дін қағидасына сүйеніп жерге қонады, ал осы екі аралықтағы құбылысты түсіндіріп бере алмайды. Сананың сабылысы деген сол. Егер, тұғыры мен тұжырымы болмаса, Сана – сандыраққа айналады.
Есті мен Ессіздің арасындағы айырмашылық – шексіз ой мен рухани сенімнің арасындағы шекараны сақтай білуіне байланысты.
Ойыңа қазық тауып, рухыңа еркіндік беріп, қалам Ақиқатын іздесең – санаң сандалмайды, сөзіңе сандырақ кірмейді, ақылың фәни мен бақидың арасынан тұрақ табады.
Егерде, Ойыңды ұйытатын мәйек таппасаң – санаң мәңгілік Кезбеге айналады. Он сегіз мың ғаламды шарлайды да жүреді. Не қоныс, не өріс, не мағына таппайды. Жердің тартылыс күшінен айырылып, тұңғиық тылсымда қаңғып жүрген жер серіктері сияқты күй кешеді.
Біріншісін – Естілердің ойы, екіншісін – Ессіздердің ойы – дейміз.
Сонда, біздің әлгі «дүниенің сырын білген» хакім - әулиелеріміздің байлаулы ақыл-ойының өзі Ессіздердің байлаусыз қияли ойынан мүмкіндігі – шектеулі, қозғалысы – шартты, жылдамдығы – пәс болғаны ғой.
Демек:
Естілердің ойы Абай айтқандай, «ұлып жұртқа қайтқан ой».
Ессіздердің ойы, тағы да Абай айтқандай, «бос қаңғырған, ессіз ой». «Бос қаңғырды» дегені – қазығын таппаған, желісін үзген, ұйымаған ой – дегені ғой!
Бұдан кейін, мұны түсінгеннен кейін Абайдың «ақылы – ашыған у, ойы кермек» болмағанда қайтеді.
Ей, хакім – Абай! Сен:
ақылы - Дана, жүрегі – қан орнына запыранға толған, «мінезі – қалыбына симаған» Жаратқан Иемнің Азап үшін жаратқан бір сорлы Пендесі болған екенсің-ау!
Фәниден бақиға аттанар сапарыңда Ақылыңа бір сәт еркіндік беріп, мәңгілік «бос қаңғытып» жібермек болғаның да сол екен ғой.
Бірақ сенің - ойың «ұлып жұртына қайтты».
Өйткені ол: «дүниенің бәрі келісіммен жаратылған» (Абай) апалы-сіңілілер сияқты бірде – тату, бірде – қату, бірде – тәтті, бірде – ащы мәңгілік үйлесім мен қайшылықтан тұратынын білді.
Сонда мынау Жалған дүниеден кетерінде – нені медеу тұтып, ақылы мен жүрегі неден жұбаныш тапты екен? Деші! Дей алмаймыз-ау!
Тек Ұлы Мұхтардың: «Дін – жүректі тәрбиелейді, мінезділікке үйретеді және ерік-күшін тәрбиелейді» - деген уәжі ғана санаға бір саңлау түсіреді. Оның өзінде де мұны Абайға қарата айтты ма, өзіне-өзі айтты ма, белгісіз.
Мұхтар – Есті пенде! Өйткені Ойын шекарада ұстауға мәжбүр болды!
Шындықтың бағасы
Ойшыл ғұлама Ғарифу-алла Есім: «Философия – ақылға сүйенеді. Ал діни таным – ақылға нұр құятын ғылым» - дейді. Өте түсінікті, дәл, ақыл ақиқатына бет бұрғызатын пікір. Ойды бұлдырататын мың мақалдан ойды тұндыратын бір сөйлеммен тұратын ұғымды, ұтымды сөз артық. Демек, Ғарифолла - өзінше ойлай білетін, ой қорыта алатын және соны тұжырымды, батыл жеткізетін ақыл-ой иесі болғаны. Білімді оқымысты көп, бірақ өзі ойлай білетін, қорытынды шығаратын ғалым аз! Ғарифолла – сол дәрежеге жетіпті. Зады ол өзінше тұжырым жасаған алғашқы дербес ой иесінің бірі. Шүкір!
Есімде: есерлеу кезімде философиядан емтихан тапсыруға тура келді. Өзімді бауырына тартқан академик философ; «Кеңес тұсындағы философтарды ата!» - деді. Сәл ойланып барып: «Кеңес тұсында философтар болған жоқ. Философия тарихын зерттеген тарихшылар мен философияны түсіндірушілер бар», – дедім. Жүрегі тоқтап қала жаздады, есеңгірегендей бажырайа: «Неге,» - деді. Мен: «Өйткені – дүние жаратылысы туралы өзінше ойлап, ой қорытып, тұжырым айтқан адам ғана – философ. Мысалы Маркс, Энгельс, Ленин – атеистік материализмнің негізін қалады. Сталин – түсіндіріп берді. Өзге кеңес философтары соған орай ғылыми оқулықтың бағдарламасын жасады, философиялық ойдың тарихын жазды. Мысалы: Сіз, «20–30 жылдардағы Қазақстандағы жұмысшы – шаруа табының…»- дей бергенімде: «Тоқта!» - деді де «үш» деген бағаны қойып берді.
Маған үш пен бестің пәлендей айырмашылығы жоқ еді. Бірақ, бұл маған емес, Шындыққа қойылған баға ғой!
Ойлап қарасам, осы Шындық атаулыға үштен артық баға қойылып көрмепті.
Өйткізу үшін шындықты,
Өтірік қостым аздаған, -
деп Қадыр ақын оның дертінің емін тауып айтқан! Ғарифолла да емтиханды солай тапсырды-ау! Сол сүзгіден өтіп барып, «өзі болған кезде ғана» өзінше Пікір айтты. Тыңдады. Тыңдатты. Енді Тыңдата береді.
О, Шындық шырақ! Өтірікке қараған күніңе болайын!
Ойдың жалғасы
Дүниенің арғы-бергі тарихында өзінше Ойлай білетін Аристотельден – Абайға, Анахарсистен – Ғарифоллаға дейінгі философтардың бір де біреуі өз заманында әділ бағасын алмапты.
Бәрінің де қиялының қанаты кесіліп, ақыл-ойы жентектеліп, өздері шеттетілген.
Шеттетілген – ой иелері,
Шеттеткендер – сол ойды түсіндірушілер.
Тұлғаға – сұлба, яғный, Күнді көлеңкелер билеген.
Қазір де солай! Ей, дүние! Бетінді бір рет өзгертсең нең кетеді!
Қоз
«Философия – бар ғылымның қозы», яғный, шоғы, қыздырушысы депті ұлы Мұхтар. Қоз – отынның ең қызулы, қызыл жалыны мен түтіні кетіп, табымен қыздыратын, жалынның көгілдір тартқан кезі. Демек, философия – Ақылдың қозы ғой, шоғы емес, әрине! Егерде, заманы ақылын ауыздықтамаса нағыз «Будда - философ» болатын, Даналыққа жететін тұлға Мұхтар екен-ау: «Сұм заман! Сыбағама сені берді. Талап бақ, жауың болсам, тағы тапқан!» - деуіндегі күйініш те содан туса керек!
Демек, ұлы Мұхтардың ойы жалындағанымен, қоздауына мүмкіндігі болмай кетіпті – ау.
Оны өзі де білген. Қандай өкінішті.
Ақылдың өкініші.
Мүмкіндік
11.08.1999. Бұл ой менiң басымда осыдан екi ай бұрын келсе керек. С.Цвейгтiң Ницше туралы эссесiн оқып отырып, соның бетiне жазыппын. Мен – Ницшенi ақылдың шегiне жеткен шабытты ойшыл ғой-деп түсiнетiнмiн. Екi естi өмiрi мен екi ойлы пәлсафасын бұрыннан бiлсем де, оның Абай, Гете, Толстой, Фрейд, Бишурин, тiптi, менiң өзiм сияқты сорлы күй кешкенiн түсiнгенiм - жаныма жақын тартқаным (әрине, өзiн, шығармасын емес) осы. Ақылмен мойындау – тағзым, адам ретiнде тағдырластығыңды сезiну - адасып қалған, алыстан iздеп жүрген ағаңның, бауырыңның (Сағидолла сияқты) қасыңда жүріп, бiлмегенiң сияқты. Мен Ницшеге ендi ақылмен емес, ағайыншылықпен қарайтын болдым,
С-тр-ан-но! Но!
Мұнда бiр заңдылық бар. Ол – өзiңе деген қанағатсыздық. Өзiңдi өзiң аямай кемiруiң. К.Паустовскийдi исi орыс жұрты - ХХ ғасырдағы ең ұлы суреткер болады (Иә, болады) деп күттi және одан басқа тұлға бола алмайтын едi. Бiрақ Паустовский данышпан бола алған жоқ. Соған исi орыс қауымы үш-төрт жыл қатты өксiп, өкiнумен жүрдi. Шынында да қандай өксiк! Бүкiл империялық көркем ойдың күткен үмiтi өштi. Бұл қазақ әдебиетi үшiн не Әуезовтiң, не Аймауытовтың, әлде Мүсiреповтiң әңгiме жазбай қоюымен бiрдей қасiрет едi. Тiптi соны ойлағанда Паустовскийдiң өзiн аяйсың. Юрий Казаковтың қаламы анық түсе бастағанда жаңағы өксiк тиылды. Өйткенi, орыстың iшiндегi өксiктi – скрипкадағы кiрпияз перненi К.Паустовский дәл Юрий сияқты қыбын тауып баса алмайтын едi. Мүмкiндiк - Паустовскийдiкi, ал жазу - Казаковтiкi. Юрий болмаса да, әйтеуiр, бiр орыстың өзегi скрипка боп сызылта жаныңды жеп шерiн тарқатар едi.
Мiне, империялық мүмкiндiк!-деп осыны айт
Ал бiзде Қалиқан мен Сайынның күйiн жалғастырып әкететiн домбыра жоқ. Әрине, Дидахмет – Қалағаңның, Әлібек – Оралханның көмей сыбызғысы болса да, көшiрме күйiнде қалады. Үндестiк болу үшiн – империя, руханият империясы керек екен! Сонда ғана оркестр – ұлттық үйлесiм шықпақ.
Ал бiзде кiлең жалғыз дауысты даналар өмiр сүредi.
Жоқ бұл даналық емес. Шарасыздық!
Бiзде – Паустовский болса, Казаков жоқ, Казаков болса – Паустовскийдiң кiм екенiн таба алмайсың. Ал Бунин мен Чехов туралы ойламаңыз, ұмытыңыз оны! Әшiмханның ұлы! Сонда Қалағаң қайда, сен қайда, Әлібек қайда?!! Бәрiбiр, Үшеуiмiзді бiрдей қосса да Бейiмбеттiң тонына сыймаймыз. Өйткенi, Бейiмбеттiң тоны шолақ. Себебi, ол тон Мырқымбайдың тоны! Ал, Сайын жалпы алғанда – әдебиетке жалаңаш келiп, өзiн-өзi киiндiрген жазушы.
Қазақ әдебиетi - қанағаттың әдебиеті емес, қанағатсыздардың әдебиетi болуы тиiс. Бiзге тоят дәуiрi әлi келген жоқ Өзгеден жұбаныш таппаған соң Абайға айналып соға беретiнiмiз де сондықтан. Абайдан, кейде Әуезовтен рухыңа қанағат табасың. Содан кейiн мәңгiрiп барып Ницшеге басыңды ұрасың ...
Сөйтсек, оның өзiнiң де «жетiсiп» тұрғаны шамалы екен. Сенiмен туыстығы – тек ойға қанағатсыздығы ғана!
Сонымен, өтеуi кеткен ойдың жаңғырығы мынадай екен.
Сүлдер
«Орынсыз ойы» мен «Құдайға күмән» келтiрген Фредрих Ницше: «болмыстың нысаналы жемiсiн үзу дейтiнiмiз – жантәсiлiм өмiр сүру деген сөз» дептi. Сонда ол бiле тұра Адам ата мен Хауа ананың қателiгiн қайталағаны ма? Абай да:
Атаңды анаң азғырып,
Әкелдi сенi Кейiске,-
деп өкiнбеп пе едi.
Кейiсi - осы дүние емес пе? Ендеше, сол бейiштiң - ақыл-ойдың кейiске бiткен Алмасын Ницше неге үздi? «Ақылың – ашыған у, ойың - кермек»(Абай) татитынын ол бiлмедi ме? Стефан Цвейгтiң жаныма сiңiруiнше:
Ол өз өмiрiнiң сақнасында өзi қаймана ләухи болыпты. Қазақша айтқанда: «құдай жалғыз – мен жалғыз» - дегендi ғана ұстанған.
Мысалы, ... сияқты. Оның жанталаса аласұрған тағдырын көлеңкесi ғана жебеп, көлеңкесi ғана қоршап, көлеңкесi ғана соңынан сүмеңдеп ерiп жүрдi. Сөйте жүрiп өзi де көлеңкеден сулық жамылған сүлдерге, рухсыз құр сүлдерге айналды. Әуелi – көлеңке жамылған сүлдерi, содан кейiн сүлдерiнiң көлеңкесi, сөйтiп ең соңында көлеңкесi ғана қалды. Ақыры ол да құр құрғақ ауаға сiңiп жоқ болды.
Ендi ол да жоқ, сүлдер де жоқ, көлеңке де жоқ.
Тек бос кеңiстiк пен сақна ғана қалды.
Кеңiстiк бос, сақна иен! Сүйiншi!
Сақна бос тұр, қайманаларым!
Сүлдер мен көлеңке керек! Сүлдер, жо...жоқ! Тек қана көлеңке керек!
Көлеңке!
Ал оның өзi сақнаның сыртында қалып едi.
Өйткенi оған сақнадан орын берiлген жоқ.
Себебi: оның сүлдерi мен көлеңкесi, дәлiрек айтсақ, тек көлеңкесi ғана керек болатын!
Дат, тақсыр! Қателесесiз!
Көлеңкеге де көлеңке керек!
Тағдырды өз қолыңмен жасамайсың, керiсiнше сүлдермен емес, көлеңкеңмен емес, тағдырыңның ырқымен өмiр сүресiң.
Сақна – сенiң өмiрдегi орының.
Сүлдер - өлiмнiң белгiсi (сыпаты) емес.
Көлеңке - өмiрдiң белгiсi (сыпаты) емес.
Ендеше тағдырыңа ие бол. Әйтпесе, сақна иен және иесiз қалады.
Тағдырыңмен мағыналысың!
Тағдырды сұрап алмайсың, ол бақталайыңа жазылып берiледi. Ал жоқ тағдырды қайдан iздеп табарсың?!
Ендеше, көлеңкенi – Сүлдерiне, Сүлдерiн – Рухына, Рухын – иесiне қайтарып берiңiз, тағдыр тақсыр!
Сақнаға көлеңке емес, сүлдер емес, тағдыр керек!
Тұрпайы мен сыпайы
«Будьте осторожны с живописными людьми!» - деп ескертiптi Ницше дегдар.
Мұнысы:
Тұрпайының – сырты тұрпайы, iшi тұрпайы емес, көбiне жылы келедi,
Сыпайының - сырты сыпайы, iшi сыпайы емес, көбiне зұлым келедi – дегенi ғой.
Ендеше: тұрпайының тұрысынан сақтанба, сыпайының жымиысынан сақтан!
Тұрпайы – жылап жүрiп жұбатады,
Сыпайы – күлiп жүрiп жылатады.
Сыпайының iшi тар болғандықтан да мiнезiн сыртқа шығара алмайды. Тұрпайының сырты – iшiне, іші сыртына қарай ақтарыла бередi.
Тек тұрпайының топасынан сақтасын де. Ондайлар екi есе қауiптi . Ал сыпайының сұмырайынан сақтасын де, ол үш есе қауiптi.
Тұрпайы топасқа қайрат пен байлық бiтсе, онда олардан күдерiңдi үз, бәрiбiр бет қаратпайды. Ондайдан аулақ жүргенiң тыныш. Арың мен ақылың өзiңе олжа!
Аулақ жүр!
Аулақ!
Үнсіздік
Ол (Ницше, мейлi Абай-ақ болсын) – шындықты, әр адамның құпиясын жалаңаштап, ұятын бетiне шығарды. Олар (кез-келген сауатты топас) тоғышарлардың жалған, жасанды түйсiгiнiң қатпар-қатпарына бұғып қалған, бүгiп қойған ойы мен iстеп жүрген қастаншықпағыр пиғылын бет терiсiмен қаптап, қан-жыны iшiне толған қарын құсаған жан дүниесiн сыртына шығарып, ақтарып тастаған дананың әшкерелеушi Ақылын кешпедi. Дананың қиял құсын жантәсiлiм жатқанда да жалғыз қалдыру арқылы жазаға тартты. Жанын пида етер сәтiнде де ешкiм есiгiнен бас сұқпады. Ешкiм ауызына су тамызбады. Ешкiм басынан сүйемедi. Ешкiм дертiне дауа iздемедi. Тiршiлiгiнде арымен арпалсып, Ақылы азап шектi. Дертi меңдеген шағында тәнi мен жаны жанталасты. Ол дыбысын шығармай үнсiз өлдi.
Өлген кезде оның жансыз денесiнiң басына құзғынша қаптады.
Өйткенi ендi ол әлгi мизаяларға қауiпсiз болатын.
Дананы – Мизая, мизаяны – пенде етiп көрсеткен, о, жалған неткен қатыгез, неткен әдiлетсiз, неткен арсыз едiң!
Еркіндік
Даналар – ажалы арқылы ғана ойына еркiндiк бередi. Сонда ғана тәнi – тыныштық, жаны жай табады.
Шыдам
Оның (Абайдың, мейлi бұл жолы Ницше-ақ бола қойсын): ақылы – арын қинады, ары – жанын қинады, жаны тәнiн қинады. Меңдеген дерт пен асқынған ауру, жұқарған жүйке оның иттiршiлiкпен айналысып, етекбасты боп өмiр сүруге мүмкiндiк бермедi. Ақылымен, дертiмен, жалғыздықпен бетпе-бет қалды. Бәрiне шыдаған жүйке – жалғыздыққа көне алмады. Үздiгiп барып үзiлген жоқ, бiрден жанартаудай атылып, жарылып кеттi. Ақылы, тәнi, жүйкесi шыдаған қысымға рухы шыдамады.
Мәніс
Мәселенiң мәнiсi: мәңгiлiк өмiрде емес, өмiрдiң мәңгiлiк мәнiнде.
Тас
Даналар өмiрдiң әр құбылысына сондай қатыгездiкпен қарап, қатулы пiкiр бiлдiрiп, алғаусыз анықтама бередi.
Ең ұлы және ең соңғы таным - өлiм. Тек тұжырым жасап үлгермейсiң. Өйткенi – тәжiрибеден өзге емес, өзiң өтесiң. Дана мен топастың теңелетiн тұсы осы ара.
Себебi: Өлiмде - өлшем жоқ. Өлiмде мөлшер де жоқ, тек ақиқат қана бар.
Ал ақиқат – теңдiктiң сипаттамасы.
Қабiрiңе үйiлген топырақтың, орнатқан құлпытастың, азалы сөздiң саған түк қатысы жоқ. Ол артыңда қалған тiрiлердiң саған деген көзқарасы.
Байқа! Саған бұйырған бiр уыс топырақтың iшiнде тас боп жүрмесiн!
Аманат
Тоқта!
Жанартаудың көмейiне жаныңды аманат қойып барып сөйлешi!
Сонда өтiрiк айтпайсың. Сонда...
Өмiр өлсе де шындық тiрi қалады. Тек соны тауып, танып, бағалай бiлген адам ғана Даналыққа жетедi. Өлмеске бет бұрады.
Ізет
Даналар ғана дұшпанын сыйлай бiледi.
Олжа
О, Тәубә! «Құдайға күмәнданған» Ницше де мұсылман болуға ұмтылыпты! Менiң алдымда ондай мәселенiң Мәселе ретiнде қойылмағаны қандай олжа десеңшi!
Сәйкессіздік
Даналардың соры – Болмыстан тыс ойлап, болмыстың iшiнде өмiр сүргендiгiнде.
Маусым –шiлде 1999 ж.
Жалпы бұл ой иiрiмiнiң тақырыбын «Стефан арқылы Фридрихпен жалғасу» немесе «Цвеигтiң сүрлеуiмен Ницшенi түсiнiп, Абайға қайтып оралу» деп атасада болады.
Сатқындық философиясы
Дүниенiң мына мазағын қараңызшы: бiз Прежевальскийдi пiр тұтып, өзегімізді үзiп, үздiгiп қаламыз. Көшпелiлер әлемi – ол болмаса замана тылсымына батып кететiндей сезiнемiз. Даламыздың түз тағысына, қаламыздың гүлзарына оның атын бердiк. Ал ол бар болғаны – сырты сұлу, қалың мұртты, тәкәппар, мақтан сүйгiш, құмаршы (картожник), империяның сесiн өз сесiм деп түсiнген әскери барлаушы ғана. Ғылымда Прежевальскийдiң пiкiрi, ойы, ұсынысы, жаңалығы деген атау кездеспейдi. Тек, зеңбiректiң күшiмен, әскери қазынаның ақшасымен, жазалаушы жансыз жасауылдардың күшiмен жаһанды кезiп, жағырапиялық және әскери бекiнiстердi картаға түсiрушi ғана. Өйткенi, ол өзiнiң кәсiбiн, өзi аралаған жердi, өзi көрген елдi сүймеген. Керiсiнше, үнемi жеккөрiнiшпен қараған. Әйтпесе суын iшiп, тұзын татып, нанын жеп, шарапатын көрген жұрт туралы:
«Тумысынан топас, жалқау, барлығына немқұрайлы қарайтын көшпендiлердi, қалай қойды итше үргiзуге болмаса, оларды да толыққанды өркениет адамына айналдыруға болмайды. Тiптi, өзiнiң иен даласында өзiнше «бақытты өмiр сүрiп жатқан соларға, өркениеттi өмiрдiң қажетi де жоқ,» - деп жазбас едi. («Современнное управление Азией», «Русский вестник»,1886 декабрь, стр.476-481)
Мұны Шот-Аман ағамыз да ашына жазыпты («Елiм-ай», «Е.Ә», 1999, 7 мамыр). Осындайда Төлеужан Ысымайылұлының:
«Аға!» - дедiк , туымызды оң ұстар,
«Баран!» - дедi, сонда бiзге орыстар!»-
деген сөзi ойыңа түседi.
Сен құшағыңды аша ұмтылсаң, ол пышағын сұғады!
Ал ендi Прежевальскийдi осыдан кейiн қайтып жақсы көресiң. Керiсiнше, маған ендi ол мұрты едiрейген «есер, есiрiк, мақтаншақтың» (Абай) нақ өзi боп көрiндi. Өйткенi, ойы саяз, танымы таяз, жаны ашымас, атақ қуған әуселесiз, көкiрегi қуыс бiреу екенi байқалып қалды. Ойлы адам болса, тым болмаса, сол өзi көрген адамдардың тағдырына, тiршiлiгiне, көшпелi дүниенiң заңына, көмiлiп қалған тарихына назар салмай ма! Ал оның жетi атасы мойынтырықты мойнына салып, жаяу жер жыртып жүргенде көшпелiлер құланның құлағыңа ойнап, шыбар ала тарпаңды қыздың жасауына жетектетiп берiп жүрген (Шыңғыс хан бөрте құланнан жығылып мерт болған).
Енеңдi ұрайынның ендi соларды өзi будандастырып шығарғандай:
«Прежевальский жылқысы» - деп иемдене кетуiн қарашы. Қайран, Тәңiр тау!
Сен де «Тянь-Шаньский» боп бiр мұртты әккi алаяқтың қанжығасында кеттiң-ау!
Картадан ұтылып қалған ақшасын өтеу үшін саяхатқа шыққан. Келген соң ол ақшаны картаның ойынына салған. Біздің тарихымыз осылай картаның ойынына айналған. Бiле бiлгенге бұл да философия. Сатқындық философиясы! Мұнда саясаттан көрi сананың арандатуы басым. Сана мен ақылдың өзi арандалып тұр!
Оңайгүлдiң өлеңдерiн оқығанда
Шiркiн, өлең! Өлген ойды тiрiлтiп, өшкен арманның отын жағып, ұмыт қалған әлемiңдi жайнатып алдыңа келтiредi-ау!
Тосын тебiренiс пен теңеу өлеңге ғана жарасқан. Оны қарасөзде қолдансаң, сары қарын әйелге немесе қытығы басылған келiншекке ұзатылар қыздың сәукелесiн кигiзгендей сөкет көрiнiп тұрады. Оңайдың өлеңдерiн қарасөзге түсiрейiкшi, қане:
1.Қара түндi қағаз етiп умаждап, отқа жағып жiбергенде, ондағы ойлар күлге айналды.
2.Қараңғы көшенiң әр бұрышынан бiр-бiрiне сезiктене қараған үрей түнгi көлiктердiң адасып жүрген көздерiнен жасырына қалды.
3.Жердiң бетiнде кiлкiп қалған қара май - топыраққа сiңiп қалған түннiң таты.
4.Теңiз - жағалаудағы жартасқа да «арғы тегi құм ғой», - деп сенiмсiздiкпен қарайды.
5. Иiрiм сулар – теңiздiң сынықтары.
6. Тағдыр су мен шудан тұрады.
7. Балықсыз теңiз - баласыз үй.
8. Қара орман шашын жиды.
9. Сүйегi зертең қоғамға - зерлi көйлек кигiздi.
10. Ерте келген көктемнен зәресi ұшқан су жүрек мұзсүңгi шатырдан құлап өлдi.
Қу сүйегi қалған кәрi Жартас күншуаққа арқасын қыздырды.
12. Мүсәпiр қоғамның бiр бұрышына тығылып алған ашаршылықтың күшiгi жоқшылықтың сүйегiн кемiрiп жатыр.
13. Ғұмырының қысқалығына күйiнiп, бүршiк атқанына сүйiнген Бәйшешектер бiресе күлiп, бiресе жылап қардың үстiнде би билеп жүр!
Жә! Тамаша теңеу мен көркем ойды қарасөзге түсiремiз деп өлеңдi Өлтiргенiмiз жетер және Оңайға да обал болар!
Мұны өлеңмен ғана жеткiзуге болады және ақындардың iшiнде Оңай ғана айтқан.
Оңай ақын 25 жыл бойы алыстан орағытып жүрiп, бiр-ақ жинақпен әдебиеттiң төрiне шықты. Бұл талант дегенiңе дауа болсашы. Ал әлгi теңеулердi қызыққан адамның өзi тауып алып оқысын.
Айтарым: талант тас жарады, тас жармаса – сол адамның өзi жарылып өледi. Оңай - тас та, бас та жарған жоқ, бүр жарды. Жемiсiн сарғайып барып берген қоңыр күз сияқты. Ақын миуасының тәттісі мен қышқылы бабымен араласып, ойыңды үйіріп тұратыны сондықтан.
Қайрақ
Достың қадiрiн дұшпаның жасытқанда бiлесiң. Демек, дос - қайрақ.
Бақ
Ашу – дұшпан, ақыл дос,
Ақылыңа ақыл қос – дегендi оқыдым.
Алдыңғы сөз жаттанды болып кеткендiктен селт ете қоймайсың. Оны сергiтiп, мағыналандырып тұрған соңғы тiркес. Демек мезi еткен мәтелдi тiрiлтiп, жан бiтiрiп, қанат бiтiрiп тұр. Мақамды мақалға айналды. Ендi бұл сөздi ұмытпайсың. Айтарын – анықтап, ойын дәлелдеп, шешiмiн Ұсынып тұр. Әсерлi де.
Мiне, шешендiк деген осы.
Бiр сөздiң бағын екiншi сөз көтерiп тұр. Өмiрде де солай-ау. Кiмнiң бағын кiм көтерiп жүр екен?
Қайырын берсiн.
Ала шұбар ту
Алаш – Алаш болғанда,
Керегемiз – ағаш болғанда,
Алаш атқа мiнгенде,
Ала шұбар ту байлап,
Алашқа ұран бергенде!- дейтiн кез келдi-ау.
Осы ала «шұбар ту» - қандай ту?..
Зәки Уәлидидiң «Түркiстан қатираларындағы» бөрi басты сырық пен қырмызы тудың реңкi мен түрiнде сол «ала тудың» бiр жаңғырығы жоқ па?
Тат
Андре Моруа дұрыс айтады: кезiнде бiрiн-бiрi қаншама өлiп-өшiп сүйген ғашықтар араға жылдар салып барып, оңашада кездескенде – сезiмдерi тат басқан пышақ құсап тосырқап қалады.
Байланған тiлдiң түйiнiн нәпсi ғана шешедi. Алақанына алақаныңды не ерiнiне ерiнiңдi тигiзсең, тiптi тамағынан иiскесең бiттi - қаның ойнап шыға келедi!
Демек сезiмнiң татын тәндегi түйiршiктер қайрақтай жанып-жанып жiбередi. Жаныңды жатырқатқан тосаңдықтың тортасын тәннiң құрты - нәпсi ерiтедi. Яғни санадағы сезiм салқындап, жан жылуы суыған. Тек тәннiң құмары басылмаған. Сондықтан ұмытпаған, әлi де дәмесiн үзбеген. Дүлей тоят қанның түйiршiктерiнiң бiрiнде ұлу сияқты қатып жатқан. Сонда, бiр жынысты екiншi жынысқа құмар етiп тұрған құдiрет – мылқау нәпсi. Нәпсi – ләпсiнi оятады. Ал құмары қанбаған тән әлi шөлдеп, қысырақты аңсап күтiп жүрген болды. Бұл - ғашық-машық дегенiңнiң өзi бiрiнiң күйiтiн бiрi қандыратын тәндердiң дүлей нәпсiқұмарлығы деген сөз.
Ендеше, әлгi махаббат дегеннiң өзi нәпсiнiң анайы тоятының тортасын қайырған қылымсыған тәттi сөз ғана болып шықты ғой.
Е, сөйтiп, ғашық-машықтардың да құлқыны белгiлi болды. Тек шындықтың бет-пердесiн әлдебiр дүлей қолдың ашып жiберуi ғана жетпей тұр екен-ау.
Бұдан шығатын қорытынды: махаббат - ең сенiмсiз сезiм. Өйткенi оны ұйытушы мәйек - нәпсi. Ал нәпсiнiң әкесi - хайуани құмарлық, шешесi - күйiт!
Ендеше, жасасын қысырақтар!
Жезтабан
Жезөкшенi – жезтабан ғана сүйсiнте алады.
Ешкiемер
Сыр бойында Ешкiемер деген кесiрткенiң үлкен түрi бар. Ол құмдауыт бұтаның арасында өмiр сүредi. Ал, ешкi байғұстың бұта мен тiкен жапырағына өш келетiнi және желiнiнiң жер сүзiп жүретiнi белгiлi. Әлгi кесiрткi, құдай атқанда, ешкiнiң сүтiне керемет құмар екен. Ешкiнiң емшегiне аузы тисе бiттi, өмiрi айырылмайтын көрінедi. Желiнiн қақтап қана қоймай, қанын қоса сорып алады екен. Жанталасқан ешкi ақыры әлсiреп, ба-бақ деп шалажансар күйiнше құлап түседi. Арашалайтын адам кезiкпесе, сол күйiнше арам қатады екен. Ал бақташы дер кезiнде көрсе де ешкiемердiң аузын емшектен суырып алудың өзi үлкен азап көрiнедi. Өйткенi таяқпен ұрған сайын кесiрлi кесiрткi басын iшiне тығып алып, iсiнiп, үлкейе бередi екен. Тек басынан ұрсаң ғана жазатайым таппақ. Ал ол басын бауырына тығып, таяқ тигiзбейтін көрінеді. Ебiн тауып өлтiруге де болар, бiрақ ешкiсiн тiрiлтiп алудың әуресiмен жүрген бақташының онымен айналысуға мұршасы қайсы?
Сөйтiп «бұқасы құрысын, бұзауымды қоса ала кеттi»-деп менiң Кәден жеңгем айтқандай: «Сонымен әуре боп қайтем. Одан да ешкiмдi тiрiлтiп алайын» - деген бақташының «неғылайынының» арқасында әлгi ешкiемер аман-есен құтылып кететiн көрiнедi.
Ой, Алла, тура сол ешкiемерден айнымайтын бiр жазушы бар! Ол ембеген емшек жоқ! Және емгенде емшек таңдамай емедi. Сорғанда да қан-жынын қалдырмай сорады! Жанының сiрiлiгi сондай, бұған да ұрған жағады. Таяқ жеген сайын торсиып, томпиып, басын бұғып алып, күбие түседi.
Қан-жын сорған соң бетi үнемi қызарып тұрады. Бiлмегендер –оның ұяты бетiнде екен деп түсiнедi. Бiлетiндер:«Ей, соны қойшы!» - деп терiс қарап бiр түкiрiп, сырт бұрылғанда-ақ, әлгi ешкiемердiң сауынына айналады және оған бұтын талтайтып тұрып емiзедi. Емiп жатқанын бiлсе де, әлгiнiң мүттәйiм күйi мен мүләйiм көзiн көріп, мүскiн сөзiне ерiп, бұрынғыдан да бетер мүсiркей қарап, жорта бiлмегенсидi. Сөйтiп, ерiнi көгерiп, көзi аларып, қан сөлiнен айырылып, талып түскенше талтайып тұра бередi. Содан соң ашынады, ашуланады, ұрсады, ұрады, сабайды, тепкiлейдi. Бiрақ ештеңе шығара алмайды. Өйткенi әлгi ешкiемердiң басы бұл кезде өзiнiң бұтының арасына кiрiп кеткен болып шығады. Оны да сорпылдатып емiп жатады. Қымсынғанды, қысылғанды кiм берсiн оған, жаны сүйсiнiп анау тұрады! Саған таңын көрсетiп, құйрығын қылпыңдатып қойып тұрып, сүттi емшектi сорпылдата бередi!
О, жасаған! Мен бiлген он жылдан берi әлгi ешкiемер екi бұтын талтайтып қойып кiмнiң емшегiн сормады дейсiз. Елдесiнен бастап елбасына дейiнгiнiң бәрiн иiттi! Бәрiн емiп шықты. Жердiң жыртығын жамайтын жаңа қазақтар оған өздерi емiздi! Үш-төрт жылдан бері соттар мен банкирлерге де ауыз салыпты деп естiдiм. Олар да тепкiлеп ештеңе шығара алмаған-ау!
Шiркiннiң емгенi - ем болсын-ақ деп тiлер едiм. Тек әркiмнен сорған қан-жынының қанын өзiнiң бойына сiңірiп, жынын - қағаз бетiне құсатыны жиiркенiштi!
Әлгi кесiртке – ешкiемер өзi де тап осындай нас емес шығар! Әй, Абай-ай: «Адам бiр боқ көтерген боқтың қабы» - деуiңе қарағанда, сенiң заманыңда да ешкiемерлердiң болғаны ғой. Сенi де қақтап тұрып сауған-ау шамасы.
Ендеше, бiздiң бұл өкпемiз қай өкпе?! Бiр сауылуын сауылып қойдық. Ендi иiсе – өзгелер иiсiн! Әттең десеңшi! «Мен әлгi ешкiемердiң басын қай жерге тығып жүргенiн бiлушi едiм. Қап!..» - деймiз де жүре беремiз.
Тоқта ... Исiнiп барамын ғой. О, қутаңдай! Тағыда келiп қалған екенсiң ғой. Мә, ендеше!..Ем, ал!
Сақтық
Сүйгенiңе сыр айтпа. Өйткенi ол болашақ дұшпаныңның әйелi. Солай екен-ау!
Үкім
Өзiң туралы өсектi өзiң таратып, шындықты жұрттан естiгеннен артық рахат та, үкiм де жоқ.
Сыйдың сыбағасы
Құрмет соңы – мiндет.
Жесірлік
Тұлғасыз тарих - тұл тарих.
Күлдік
Кейде маған: адамның миы- түзiк ойдың емес, бұзық ойдың күлдiгi сияқты көрiнедi.
Мәтқапы мәселе
Қазақ тiлiнiң байырғы ұғымдық атаулары барған сайын мәнiн жойып, қолданудан шығып барады. Тiптi сөздiң шырынын қанып iшкен Н.О. деген жазушы бауырым «полуостров» дегендi – «Идзу жарты аралы» деп аударыпты. Ал қазақтар мұны «мүйiс», «түбек» демей ме. Мысалы: Маңғыстау түбегi немесе Кетiк мүйiсi. Ал мұхит пен мұхитты, теңiз бен теңiздi, көл мен көлдi қосатын су алабын (құрлық пен түйiскен) - бұғаз, құрлықты – мойнақ дейдi. Әлгi iнiм мұны жақсы бiледi. Алайда ойлау жүйемiз бен бейненi қабылдау түйсiгiмiздiң тамыры ұлттық нысаналардан үзiле бастағанын мойындауымыз қажет. Архаизмге айналатын «самиян», «мойынтұрық» сияқты сөздер бар да, ешқашанда өз атауын жоймайтын:
Бұғаз, мүйiс, шығанақ, мойнақ, ойпат, бiлiк, шат майы, без майы, қуық майы, бұт, қолтық, қима, күнтимес, мықын, бұғау, сан етi, қол етi, шершеу, шемiршек, жарғақ (екi мағынада), сүйретпе, құймышақ т.б. деген атаулар бар. Әсiресе, ғылыми зерттеулер мен оқулықтардағы: «екi аяқтың ортасы» (шат), «жыныстық белгiсi» (күнтимес) «тура iшектiң аузы» (қима), «тура iшектiң жарасы» (көтеу), «жiлiншектiң бұлшық етi» (қол етi), «қолын белiне қойып» (мықынын ұстап), «тамағының асты» (бұғақ), «жауырынның жұмсақ сүйегi» (шемiршек), «құлақ қалқаны» ( жарғақ, жарғақ құлағың жастыққа тимей), «белдiң соңғы сүйегi» (құйымшақ) - дегендi оқығанда ендi жүз жылдан кейiнгi қазақ тiлi қандай болады, ұғымдық атаулардан адаланып кетпей ме деген қауiп туады. Мұны ойласам-ақ бiттi, жүрегiм шым ете қалады.
Сонда көркем сөз қандай күйге түседi екен?!
Бұл да мәтқапы мәселе.
Қыл өмір
10.04.2001. Бүгiн Жазира Шайтанқұлақпен хабарласты. Бiр тосын хабар айтатынын бiлiп, секем алдым. Рас боп шықты. Кәдiрбек Әбдiкәрiмұлы, Керей де Кедей Кәдiрбек... Менiң дос Кәдiрбегiм дүниеден қайтыпты. Суыт та суық, мен қабылдамайтын сөз!.. Тағы бiр қан тамырым үзiлдi. Астанаға кетерде үйге келiп:«Ей, баяғыдай құшақтасып бiр жатайықшы. Өзi алыстап барамыз. Менi ала кет... Әйтпесе екi балам саған аманат! Көзiңнiң қырын салып жүр!..» - деп едi.
Қоштасып келген екен–ау.
Шешiмi дұрыс па, бұрыс па?
Айыптай алмаймын.
Сорлы бағы бiр ашылмай кеттi!
Темiрден жаратылғандай едi. Өмiр қайрағы жасытып жiбердi ғой ерiңдi!
Расында да басына үйiрiлген бұлт айықпады. Қолғанат табылмады. Досының түрi мына мен – топырақ та сала алмадым !
Бiр рет сергiтiп, сiлкiндiрiп алғаның жөн едi ғой, ей, өмiр!
Бетiңдi бiр бұрсаң қайтер едi, жалған!
Ендi Кәдiрбек те қайырылмайтын елеске айналды.
Өлiм мен өмiрдiң арасын қылдырықтай қылдың шешкенiн қарашы!
Жаның жаннатта жай тапсын!
Әумин.
Бір уыс топырақ
11.04.2001. Е, жалған да арсыз тiршiлiк-ай! Мына күйкi де күйбең, бетiңдi табаға қыздырып басатын, рухыңды мыжғылап, салмалаған ит өмiрдiң табалауын қарашы. Ақылым мен намыс, парыз мәжбүрлiгiне құлдық ұрып, «мәңгiлiк ел» туралы пiкiр қорытумен отырмын. Бұрын сондай жақын, өзектi, қажеттi нысана ендi көмескi тартып, өзiнiң қызығын жойып, бояуы оңған сияқты. Ой бiрiкпейдi, сана мен түйсiк сандалыста.
«Мәңгiлiк ел» - деймiз. Мәңгiлiк не бар, жалғанда ?!. Дәп қазiр маңдайының соры ашылмаған досымның сүйегiн үйiнен шығарып, ел-жұрты, ағайын туысы, бала-шағасы, Айымхан мен Сұңқар, Назым, Алма жоқтау айтып, солқылдап жылап тұр-ау! Марзия, Әсел мен Бақыт не күйде?..
Е, ендi өзiң қолыңмен қойып, зиратын көтерген Төкей мен Алмастың, Сәлiмғазының қасынан мәңгiлiк орын аласың ғой. Сен де бiр төмпешiк боп қаласың- ау!
Иманың жолдас болсын.
Бақұл бол, жалаңтөс дос!
Басында сөйлейтiн сөз қатирадан бұйырды. Саған салған бiр уыс топырағым осы болды. Кеш!
Жаға
Раушан Заханқызы коман елiндегi ноғайлардың мақал-мәтелдерiн жариялапты. Сондағы:
Ауызын анасы тимаған,
Мойынын жаға қимаған-
деген сөз тұла бойымды шымырлатып жiбердi.
Қарғысқа бергiсiз неткен ауыр сөз едi! Мұндай әйелдiң iшi қандай нас екен дешi! Ей, Алла! Албастыңнан аулақ қыл.
Жаулығы - байрақ,
Тiлi - қайрақ.
Тауып-ақ айтылған.
Тiрi боп - санда жоқ, өлi боп - көрде жоқ.
Нағыз ынжық осындай-ақ болар.
Баға
Қазақ дәстүрiнде әке мен ананың төрт құбыласы тең екендiгiн, баласының қызығын қалай көрiп отырғанын кенже ұлының бақуаттылығы мен кiсiлiгiне және немерелерiнiң санына қарап бағалайды. Өйткенi алдыңғылары отау құрып, еншi алып, ел iсiне араласып кетедi. Олардың арасын тек немерелері ғана жалғайды. Ата, апа, нағашы ата... Дегендей. Ал менде ұл бiреу және тұңғышым.
Ол үйленсе - отау құрып берем. Алма да қонақ. Сонда ақтоқашым Назым әрi кенже, әрi ұлдың орнында қалмақ. Менi соның кiсiлiгi мен бақуатына қарап бағаламақ. Тек «қызының қолында» - деген сөз қазақ үшiн өлiмнен бетер намыс.
Демек, Сұңқардың етегiнен ұстап, келiндi күтiп, немерелердi бауырыма басып өсiру керек. Алла соған нәсiп етсiн!
Ей, Алла! Үш бұтағымның да жапырағын жайқалтып, тамырын тереңдете көр. Ал қазақтың дәстүрiн ебiн тауып иiнiне келтiремiз. Сол күндерге жеткiзе көр, Алла!
Құт
Орыста «соль земли» деген тiркес бар. Ұлы ұғымды бiлдiредi. Қазақша баламасын табу керек.
«Жер кiндiгi»- дегенді жеке адамға қолдануға болмайды. «Жер құты» - жерiмiздiң құты дегенде ғана әлгі баламаға жақындайды.
Тілек
Жер-су комитетiнiң бас маманы Бақыт Оспанұлының аузынан естiдiм:
Жерге қараған жетi ұл бергенше,
Елге қараған бiр ұл бер, - дептi бiр қария.
Қандай ұлы сөз! Мен де ұлыма соны тiлеймiн.
Қатирадан қатираға көшiрме
Бұл 1998 жылы 13 наурыз күнi Ақтау қаласындағы «Шағала» қонақ үйiнде жазылыпты. Мектепке Мұхтар Әуезов есiмiн беру рәсiмiне орай келгенмiн.
Ақтауға келген күнi Каспидi жалғыз жағалап жүрiп, Өлкетану мұражайына және марқұм Маршаллдың үйiне кiре алмаймын-ау деген күдiк келгенде туған наз.
1. Наз
Түстiк. Түсiндiк халқын да,
Көрдiк - көпес, нарқын да.
Кіргiм келген, кiрмеген, кiргiзбеген,
Үйлер қалып барады артымда.
Сағат кешкі 8.30.- 9.00
«Шағалаға» келсем: «Қайда кеттiңiз, аға, келе сап» - деген бiр ақ келiншектiң (өзiм солай елестеттім) хаты жатыр. Көңiл көтерiлдi. Бiр шөлмек сыра iшiлдi. Темекi тартылды. Ендi көңiлдi көтерген әлгi келiншек еске түстi.
2. Дәме.
Айналайын, Жанбибi,
Кезiкпей саған жан күйдi.
Дейсiң бе қалқам, жiгiттi,
Жетiскеннен қаңғиды?!.
Ақтауда туған ақ жайын,
Ағаңның бiлдiң хал, жайын.
Жұтам десең де – бiз дайын,
Жұтылам десең де - бiз дайын!
Сөйтсем, мектеп директоры, Керiммен бiрге келдім... дегенде көңiл құрығырдың суып сала бергенi.
Сағат 9.15.
3. Бет
Беттер!
Беттер!
Не түрлi.
Бетiм болғанына өкiнем.
Менiң бетiме ол да түкiрдi,
Оның бетiне мен де түкiрдiм.
Сағат 10.40
4.бөлмедегi ой
Желкемде - теңiз.
Қарсы алдымда - тас қабырға. Қабырға - қабiрге ұқсайды.
Ал теңiзден азан-қазан тiршiлiктiң шуылы келедi.
Сағат 11.20.
5. Таңертеңгi ой.
Айдын – екi ұлы қозғалыстың: кеңiстiк пен тылсымның шекарасы. Теңiз – тереңде тыныстап, кеңiстiкте тұншығады
Бiреуi – тереңнен, бiреуi кеңістiктен ажалын табады.
Сонда бұл қозғалыстың мағынасы қайда?
6.Жақсының жаны
Қиятқали ағамыз:
- Мына қыз есебiндегi келiншекпен бiр топта оқыдым - дедi.
«Қыз есебiндегi келiншек!..»
Қандай ғажап сөз! Осыны есту үшiн де Ақтауға арнайы баруға болады!
Мойындау
Ей, шындық! Бiлiп ал: мен сенi тағы бiр рет өлтiрдiм.
Көңіл
Әмина: - Кесте тiгетiн бiз емеспiн, жiгiт қарайтын қыз емеспiн. Маған бәрi бiр емес пе! - деді.
Е, сонда бiздiң жігіт көңiл қайда қалды? Шынымен, келіншек атаулының көзіне ілініп, көңіліне толмайтындай «бәрібір» болып қалғанымыз ба?
ҰЙЫТҚЫ ОЙЛАР
1. Бiлiм – ғылым емес. Кез-келген бiлiмдi адам – ғалым емес. Сондықтан да бiлiмдi адамды - оқымысты, ғалымды – ғұлама деу лайық.
Оқымысты – бiлiмнiң иесi, оқыған, тоқыған, алайда соларды қорытып, өз ойымен жаңа тұжырым жасау дәрежесiне көтерiлмеген.
Ғұлама – тұлға. Ол дербес ойлау жүйесiнiң иесi.
2. Даналық - тумысынан бiткен түйсiк пен зейiннiң мәйегi.
Ұлылық - тумысынан бiткен зейiннiң нәтижесi.
Даналық - тумысынан, ұлылық - зейiн тәрбиесiнен қалыптасады.
Яғни:
Дана – дана болып туады;
Ұлы – ұлылыққа өзiн – өзi тәрбиелеумен жетедi.
Өзiн – өзi ұстамаса, белгiлi бiр мақсат үшiн күреспесе, ойын дамытып, мiнезiн ұштамаса:
Данадан – дәндүрiс,
Ұлыдан - қу шығады.
Абайдың: «егер ақыл – мiнездiң сауытына сыймаса – пайдасы жоқ» - деген емеурiнi соны бiлдiредi.
Абай – дана.
Әуезов – ұлы.
3. Он бес жыл бойы тiл, жаңа атау, терминдердiң жасалу жолы туралы ойланып, iштей мақала жазуға дайындалып жүр едiм. Әр сөз, әр ой, әр пiкiр қағазға түспей бытырап жүр. Кейiн дәлелге жарар. Түсiрiп қояйын. Тiлдiң жасалу жолының бiр парасы.
а)Заттың, табиғаттың, құралдың iс-қимылына қарап атау: мәселенки, оған етiстiк, шылау, одағай сөздер жатады. А.Байтұрсыновтың «Етiстiк» атауының өзi қандай тауып қойылған.
ә)Ескi фольклор, аңыз, ертегiдегi сөздердi бүгiнгi мағынаға сай пайдалану: мысалы, 1982 жылы мен «ракетаны» - «зымыран» - деп алдым. Сол кезде терминкомға ұсынғамын. Қазiр жиi қолданылып жүр.
б)Iс-әрекеттi екiншi нәрсемен салыстыру арқылы табылатын ұғымдар бар. Қазақтың бiраз атауы солай қалыптасқан: мысалы, кемпiрауыз, кемпiрқосақ.
Осыған мысал ретiнде бiр дәйек. Ауруханада менiмен бiрге Владимир Беккер деген банкир жатты. Бiр–ақ күн сөйлесiп қалдық. Мәскеуден. Әйелi – Шолпан, қазақ, дәрiгер. Өзi Көкпектiден. Нәсен Сенбаевтың бажасы. Қу тiлдi, қара өлеңдi де қарша боратады. Немiсшеден, орысшадан көрi қазақ тiлiнде барлық шешендiк қасиетi, iшкi дүниесi толық ашылатын сияқты. Өзi туралы:
Мен жоқта жiгiттер жиналып, боқтық сөздерiн қоймақ болыпты. Бейпiлауыз болып барамыз десiптi. Сонда сырттан әлденеге ширығып келген мен: «Жігiттер, боқтықты қоям деп... айтасыңдар ма?» - деппiн қазақша. Бұл – Мәсеудегi банкирлердiң арасындағы оқиға. Әлгiлер сөздiң ұйқасына қарап аударып бер – дедi. Аударып бергенiмде, күлiсiп, қайтадан «әндерiне басты». Ендi, қазақша еркiн сөйлегенiмдi қоя алмаспын. Зады, менiң бiрiншi қаққан қазығым мықты болса керек. Кеше семiз келiншектi көргенiмде: «Құйрығы мен мықынына бiр пұт тоңмай жиып апты» - деппiн (бұл сөздi маған айтқан). Қу сөздiң өзi ауызыма үйiрiлiп тұрады. Ал, электрокардиограммаңа бар. Бақауыздарын жабыстырғанда денең тiтiркенедi – дедi маған.
Сөйтсем, электрокардиограммаға жазу үшiн денеңе жабыстыратын «присосканы» - бақауыз, бақа ауыз!- деп тұр! Қандай дәл, ұлттық термин. Бәрi – присосканың түрi де, қызметi де терiге жабыса қалайын деп тұрған бақаның аузына ұқсап тұр.
Бұрын естiген сөзiң бе? - деп ем:
Достарыңызбен бөлісу: |