Қайтар сәттеге қоштасу: Еренгүл Шүкірәлиқызы (Салихлы)
28 науырыз. Түркияға келіп, әлемдік сәулеттің озық үлгісі Топқапы сарайын, Айя София мен сұлтан Ахмет мешітін көрмей кету сауаттылыққа жатпайды. Бұрын да бір армансыз аралағанымыз бар еді. Осы жолы жеделтете шолып шықтым. Бұл өркениеттер тоғысының орталығының саяси, діни, ұлттық, тарихи, сәулеттік маңызы туралы энциклопедия құрастыруға болады. Менің бұл жолғы назарым, Айя Софияның қайта өңделуі болды. Хрестиян мен мұсылман, оның ішінде түрік дүниесіндегі бір үлкен талас осы Айя Софияны жаңғыртып, әу басындағы шіркеулік сипатқа қайта келтіру мәселесі қозғалған. Түріктердің де өзі екіге бөлінген. Ақыры дүбаралық-дөлмалық шешім қабылдапты. Иса пайғамбарға, Мариям анаға арналған қабырғаларда қырылмай қалған суреттер қалпына келтіріліпті. Бірақ ішіндегі өрнектер, негізгі ұстындар аят пен хадис мәтіндері жазылған, мешіттік қалпын сақтайтын, сөйтіп, мұсылман үшін де, христиан үшін де қасиетті орын болыпты. Ал Топқапыдағы сұлтан тағына отырғаным бар еді. Сол әсерім де жеткілікті болатын.
Базарлықсыз жолаушы болмайды. Еуропа мен Азияны асырап отырған Станболдың қара базарына Рамазан ертіп барды. Күн жүріп тауыса алмайтын көлемді және біз кіретін жер емес екен. Жаннан өзгенің бәрі бар – дейді. Бізге сол жанымыздың өзі олжа болғандықтан да, жоқты іздеп сабылғымыз келмеді.
Ғалия апайдың қою қызыл және тегін шайын қанып іштік. Ғалия апай мен Сыдықан ағамыздың үйіндегі Шатқар жеңгеміз бала-шағаға сәлем сауқытын берді. Бас тартуға болмайды. Бұл да дәстүр, Мен үшін немерелеріме арнап қазақтардың шеберханасына Рамазан тіккізіп берген тоннан артық құнды базарлық жоқ еді. Қимай қиналып қоштастым. Ғали апайдың мұңлылау жанарына көзім түскенде анам мен апайымның көз қиығы есіме түсті.
Қош, Зәйтұнбұрын! Аман бол, Ғалия апай! Сау болыңдар аз күн дәмдес боп, қалған ғұмырға қимастық сезімін силаған ағайындар! Амандықпен көрісецік, осы сапарға мұрындық болған «жаман жиендікті» жақсылығымен қайырған Мюнхендегі, Хасен аға! – деп арабаға отырдым.
Ой, Алла тағала! Шетте жүрген қазақтардың қашан Қазақстанның топырағын басқанша тілі де орыс, өздері де орыс бола қалатынын түсінбеймін. Қазақша жөн сұрасаң да түсінбегенсиді. Сауатыңа, мәдениетіңе болайын сол! Адам сүйсінерліктей келісті екі қазақ жігіті жолығып, жүгімді бөлісті. Екпінді екен. «Осындағы казиноға кеп үш күн ұйықтамай ойнадық. Бір жылдық рахат алып, айызымыз қанды. Костюм шақ келмей жүр еді, он-оннан алдық», – десті. Бажаларға сүйініп Алматыға да жеттім.
Үш сағат болса да мұндағы Алма мен Назымды иіскеп, Астанаға аттандым. Сұңқар қарсы алды. Немерлерімді иіскеп, шөлімді қандырып, «жолы болған жолаушының» жазбасын осымен тәмәмдаймын.
Сәуірдің жаңбыры қарсаңында аяқталған наурыз құт-берекенің басы болғай.
P.S. Астанаға келген соң сымсыз білгісаяр арқылы жіберген осы сапардың мақсатына қатысты анкаралық доктор Мариям Қырымлының хатын да келтіре кетемін.
«Аса құрметті Тұрсын аға ЖұртбайІ
Телефонда айтқаныңыздай, (1) Томас Лайырдың «Тибеттен бет алғанда» деген кітабына қосымша, профессор Линда Бенсонның (2) «Іле көтерілісі», (3) «Қытайдың соңғы көшпенділері» және Жамес Милвардтың (4) «Тоғыз жолдың торабындағы Еуразия» сияқты кітаптарында атам жөнінде (Қалибек хакім) бірсыпыра мәліметтер баршылық. Бірақ, әрине, одан да басқа ағылшын тілінде бұрыннан жазылған кітаптар, диссертациялар, мақалаллар да көп. Бірақ батыста «COPYRIGHT» деген бір пәле заң бар болғандықтан (және мен жоғарыда тізімделген кітаптардың авторларын тікелей танымағандықтан) сол кісілерден аударма үшін ұлықсат ала білемін деп ойлаймын. Енді олармен хабарласу керек. Сол себепті өзіңізден ресми хат күтемін. Аудару онша қиын болмаса да заңды түрде жұмыс істеу үшін батыстық авторлардан ұлықсат алмаса сотқа беріп үлкен проблема шығарады.
Өзіңізге телефон арқылы айтқанымдай, менде «Қазақ» газетінің бір қанша саны баршылық. Әрине, және өкінішке орай, бәрі емес. Осы хатқа қосымша сізге бір данасының фотокөшірмесін жолдап отырмын (Басқаларын жіберуге mail-дің көлемі ыңғайлы емес екен).
Сізге зор денсаулық пен жұмыстарыңызға сәттілік тілеп, қарындасыңыз Мариям Хакім».
Қарындасымыз да сәлмәт болсын. Осы мазмұндағы хатты станболдық ғалым Әбууақап Қарадан да алдым. Алла жазса бұл ғылыми жобаның басы қайырылса, онда қазақ руханиятының жел соғып тұрған бір көбесі бүтінделеді деп ойлаймын.
Станбол –– Анкара – Недия – Алтай ауылы – Кония – Афина – Салихлы – Ізмір – Селжүк – Эфес–Шанаққала – Троя – Станбол – Астана.
Түркістан газеті.-2007 жыл.- 30 тамыз. № 65. – 7 б., 6 қыркүйек.- №36.-7 б., 13 қыркүйек № 37. – 6 б.
Алматы. Бағанашыл. 03.01.2013
Рух рауаяттары
Танымдық дүниелерді, соның ішінде діни рауаяттарды емеуірін түйсікпен түсініп, астарын аңғарып, санада салыстырып талдай алатындай саңылау бітіпті.Сондықтан да еш риясыз және емеуірінсіз мына рауаяттар мен тәмсілдерді, рәсімдерді жад қатирасына жазып қойғым келді. Ақида – сенім, таным, яғни, Алланы ақ ниетпен тану.
Расул – елші, яғни, Мухаммед.
Нәби – пайғамбар. Пайғамбарлар сенімнің, нанымның рухы. «Шура» сүресінде: «(Мухаммед) саған біз өз әмірімізбен бір «рух» уахи еттік.Сен: кітап деген не, иман деген не екенін білмейтін едің. Құранның нұрымен жаратқандарымның алдында тура жол көрсетемін»,-деп жазылған. Демек, Мухаммед пайғамбардың рухына бағыштағанымыз Жасаған иемізге де құлшылық еткеніміз ғой. Мен жоғарыдағы сүредегі «құлдарымызды» деген сөзді – «жаратқанымызды» деп алдым. Құлдық – өз еркімен қабылдайтын сөз емес. Ал рухың құл болса – тірі өліксің. Аллаға құлшылық – құлдық емес.Азат рухтың ләззатты мойынсынуы. Ессіз, еш тоқтаусыз, алаңсыз сүюі. Еркіңнен тыс емірену. Демек, «құл» деген сөзді қазақтың «құл» деген ұғымымен жеткізуде – бір түрлі астамшылық пен менсінбеу бар. Ал Алла мен пайғамбардың адамға сүйіспеншілігі шексіз және мейірімді болса керек. «Алланың хикметін ақылмен сезген» «шын мүһмин» Абай: «Көптің қамын әуелден тәңір ойлаған» демей ме. Сондықтан да: «Махаббатпен жаратқан адамзатты,Сен ден сүй ол Алланы «жаннан тәтті» деп рауаят етпей ме. Демек, Аллаға мінәжат – ерікті мінәжат. Онда құлдық та, қорлық та жоқ.Уәйіс пайғамбардың кеудесін кернеген ұлы да зарлы сағыныш пен ессіз сүю бар. Демек, «құл» деген сөздің «қазақша» ұғымында бір жатсыну бар, сондықтан да оны араб тіліндегі түбірімен қолданса, не «жаратқандарымыз» деген сыңайдағы өзімсіне өзіне тартатын балама тапса. Бәріміз де Алланың құлымыз, пайғамбардың үмбетіміз. Жасаған ием күпірлік ете көрмесін.Дегенмен қасиетті сөзде күдіктің көлеңкесін үйіретін саңлау болмауы тиісті.
«Мен сүйгенді сүйді» - деп иең сүйсін»,-депті Абай. Жаратқан иемізге жабар жаламыз жоқ. Мәселе, сол жасағанның аян сөзінің «жүрекке жылы тиіп», иненің жасуындай кәдік қалдырмай ана тілімізде жетуінде. Күпіршіліктен Алла өзі сақтасын, мен «Құранның» аят, хадистің аудармасын
2
оқыған сайын: «Алладан қорық» деген тіркесті де мәжбүрлікпен қабылдаймын. «Алладан қорық» деп Алланың өзі аян арқылы жеткізіп тұр
ма, жоқ, Мұхаммед пайғамбарымыз бұл сөзді жіберілген аянның құдіретін сездіруі үшін аяттың ішіне қосты ма? Егер, «адамзатты махаббатпен жаратса», онда неге қорқытады, қорық дейді, неге құп көреді?!!
Абай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті»,-дейді. Дейді де: «Адамзаттың бәрін сүй «Бауырым!» - деп,Және һақ жолы осы»,-деп ... етеді.
Күпіршіліктен сақтасын! Алланың қасиетті аянына кәдік пен күдігім жоқ. Тек сол асыл аянның ана тілімізде жасусыз жетуін аңсаған аңсарымыз ғана бұл. Тағы сол Абай мүһмин айтқандай:
«Ақыл мен һауас (сезім) барлығын,
Білмей-дүр, жүрек сезе-дүр.»
Алланың рахымы аяны мен пайғамбарымыздың шапағатына бөленген пенде – жасаған иесі мен рух киесінен қорықпаса, үрікпесе, тітіркенбесе, тіксінбесе керек, керісінше, дінің жаратқан иесі мен рух иесін өзінің туған ата-анасының құшағына кіріп, мейіріне бөленгендей ләззаттанса, көңіл қошы қанса, жан жылуына оранса, неге қорқады, үрейленеді? Қайта «Алла ішің айтқызбай білетінін» білетін пенденің тұла бойын мейір билемей ме?!! Демек, мысы басым, дидар ғайып Алланың қаһарынан сескену керек шығар.
«Менің ием – Жасаған, «менікінің» иесі – топырақ! Абай мұны: «мені» мен «менікінің» мағынасы екі», деп түсіндіреді. Иә, біз пайғамбарға мұқтажбыз. Алла мен адамның, яғни, Алла мен «менің» арамдағы жалғыз елші, жалғыз дәнекер, жалғыз рух киесі – Мұхаммед пайғамбар.
-//-
Дағуат – иландыру, тарту, үндеу.
Таухид – Алланы ғана тану.
Тағут – жалған жаратқанға, қолдан жасалған құдайға сену. Мысалы, пұт танымында қолдан жасалған ійел мен мүсінге сенеді, сонымен қатар өзін құдаймен теңестірген не адамды Алладан жоғары қойған пәндәуи дәндүрістерді айтады. Соңғы екі міскін де дәл қазір қазақта бар.
3
Обал-сауабы өзімен кетсін, лепіре-көпіре келіп Маралтай дәндүріс «қолдан құдай» жасағанға да көңілі толмай: «Сен Алладан да жоғарысың, құдайдан да құдіреттісің!» - деп шалыққа ұшырады. Соның «шалығымен» жазушылар одағына хатшы боп сайланған жоқ, тағайындалды. Міне, осы не марал емес, дүрешатысты – «тағут» - дейді. Алладан бас тартқан «тағутты», діннен безгенді пенде, азған ақын дейміз. Өткен дәуірде дін мүддесін жақтаған әдеби бағытты «зар заман» әдебиеті деп атап едік, ал енді мына «тағуттың туындысымағын «заманақыр» әдебиеті дейміз бе? Әй, Абай-ай: «Шіркінде ес болсайшы сезед»-деген деп қайдан ғана айтқансың. Міне, біздің де алдымыздан шықты-ау!Әкем марқұм намаз бен құран аятын: «Жиырма төрт мың пайғамбар, отыз төрт мың сақабаға» бағыттаумен аяқтайтын. «Шұғара» сүресінде (105) соның барлығының атын білсек те, білмесек те иман тілеу уәжіп етіліпті. Сонда арнайы діни сауат алмаған менің марқұм әкем Құдакелді бұл аяттың мазмұнын білген болды ғой. Ал оның оқыған оқымысты ұлы алпыс екіге қараған жасында бұл уәжіпті қаперіне алып отыр. Сонда қайсымыз сауаттымыз, қайсымыз ғылым докторы, профессор, құрметті профессор, білім (!) академиясының академигіміз ?! Соған қарағанда оқымысты дегенің өзі де шартты ұғым болды ғой.
(Құранда) сол пайғамбарлардың жиырма бесінің есімі аталған. Ал менің өзім оқымыстылығы үшін ерекше ден қойып, мысқылдап мағлұмат жиып жүрген Данияп пайғамбардың аты аталмайды екен.
-//-
Данияп пайғамбар – оқымысты, ғылым мен білім арқылы Алла жасырған дүниенің құпиясын тауып, адамзатты каммал деңгейге жеткізуді аңсар еткен. Дүниенің бар құпиясы жазылған білім кітабын сипаттауы көпірімен бергі дүниеге әкеле жатқанда, Жәбірейіл қағып жіберіп, мәңгілік жылымға батырып жіберген. Оның қолында бір беттің жарты беті ғана қалыпты. Адамзаттың жаратылыс туралы білімі сол тамтымдап қалған жыртылған беттің екі жағындағы мағлұмат қана екен. Адамзат қашан сол жарты беттің екі жағындағы жыртынды жазуды жалғастыра оқып, мағынасын тапқанда, бізге Алланың бір мағынасы ашылып, иаһудилерге берген қарғысын қайырып алмақ екен. Иаһудилердің ғылым мен білімді дін дәрежесінде қабылдап, білмекке құштарлығы сондықтан екен-міс – деп рауаят етіледі. Даниял пайғамбардың бұл аманатына иаһудилер адал ұйылып келеді. Орта ғасырға дейінгі арабтардың осы ұйылысын Иерусалимнен қуылған иаһудилер мұрат етіп алып, Иерусалмге қайта оралды.
«Таурат пен Заборда және Інжілде» мен «пайғамбарлар кітабындағы, Бабыл патшасы Навуходоносордың сына жазбасындағы рауаяттарға жүгінсек: Даниял туа сымбатты, тұла бойы мінсіз, оқымысты. Жаратқанның жолына берік, Абай айтқандай «айнымас көңіл, босамас буын, қорықпас жүректің» иесі екен. Жыл қайыруымыздан бұрынғы 605 жылы Бабыл (Вавилон) патшасы Навуходоносор иудилердің патшасы Иоаһим таққа отырған соң үш жылдан соң Иерусалимді қоршауға алыпты. Жасағанның жарлығымен Иоаһим патша мен Жасағанның мінәжат ханасындағы асыл бұйымдарда Бабыл патшасы Навуходоносордың қолына өтіпті. Патша өзінің уәзірі арқылы Исраил жұртының ханзадаларының ішінен тәні мен жан дүниесінде еш міні жоқ, білімге ынталы, ақыл-ойы сергек, ғылымға жақсы, ділмар, ғұсни хатқа шебер бозбалаларды таңдап, сарай ісін жүргізуге тәрбиелеуді бұйырады. Солардың қатарына Даниял да ілігеді.Даниял ерекше күтімнен бас тартып, су мен көкөніспен күнелтеді. Жаратұан ием жар болып Даниял мен оның төрт отандасы тіл біткеннің білгірі, сөз атаулының ділмары, өткен мен бүгінді, келешекті болжағыш көріпкел, аян мен түс жоритын көреген, қиыннан қиыстыратын амалшы, жол табатын данагөй боп, теңдессіз кеңесші болыпты. Ал Кир патша таққа отырғаннан бір жылдан кейін қызметтен қол үзіпті. Ал Дарий патша тұсында арыстанмен бір торға тәулік бойы қамалып, Жасағанның жарлығымен аман шығыпты. Сонда Дарий патша:
«Да умножиться Ваше блогополучие!
Я издаю указ, чтобы в каждой части моего царства люди трепетали перед Богом Данияла и боялись Его.
Ведь Он – Бог живой, вечно сущий:
Царство Его не погибнет, владычество не прекратится.
Он избавляет и спасает; творит знамения и чудеса на небесах и на земле. Он избавил Данияла от пастей Львиных», - депті. (Пайғамбарлар кітабы, 1-28). Сөйтіп, Даниял Дарий мен Кир патшаның тұсында пайғамбарлық уаһибке ие болыпты. Бұл – Тұмар (Томирис) пен Шырақтың өмір сүрген заманы. Ол Ескендір Зұлқарнайынның дүниені жаулап алатыны туралы сәуегейлік жасапты. Сонда дүниенің сыры мен құпиясы жазылған мәңгілік мағынаға ие кітапты «мәңгілік жылымға» түсіріп алғаны туралы мен Иманғазы әпендіден естігем, он жыл бойы сабылып дәлел іздеп, діни кітаптарды ақтарып жүргенім –жай сана сандалысы болды ма?
Даниялды пайғамбар дәрежесіне көтерген білімі ме, Бабыл патшасы Дарий ме, жоқ жасағанның жарлығы ма? Бес ұлы пайғамбардың – Нұқ, Ибрахим, Мұса, Иса,Мұхаммедтің уахилігінен Даниялдың уәкілдігі тыс жатыр.
Маған Даниялдың қолында қалған мәңгілік мағынаға ие кітаптың жарты беті туралы рауаят ұнайды. Сол уәкілдікте пайғамбарлық сипат бар.
--ІІ—ІІ—
Ал пайғамбарлықтың басты сипаты – олар да қарапайым адам, туады, өледі «тәңірдің бір-ақ екені уахи етілген» (Каһф, 110), Пайғамбарлар қиссасы, ауд.А.Қадыров, Ж.Жақыпов, Қ.Қыдыралыұлы, А. Каусар – Саяхат, 2011, 9-бет).
Лакин, күпірлік болмаса, қасиетті аянды аударушыларға қояр бір сұрағым бар. Осы – Алла, Тәңір, Құдай деген Жаратушының, Жаратұанның, Жасағанның сипаттас аттары ма, әлде әрқайсысы әр тілдегі – араб, парсы, түркі тілдеріндегі Жаратушының есімі ме? Осы үш ұғымды балама ретінде ауыстырып қолдана беру уәжіппе пе, жоқ па? Менің түсінігімде осы үш есім үш түрлі елес, үш түрлі әсер береді.
Алла – жалғыз, Алла – нақ, Алланың аяны – «Құран». Елшісі – Мұхаммед. Біз оның үмметіміз. Құдай – парсы сөзі. Жаратушы. Алайда парсылар Алла мен Құдай сөзін балама ретінде қолдана ма? Бұл Исламнан бұрын қолданылған Жаратушы деген ұғым емес пе? Ендеше Алладан өзге, «Құраннан» тыс таным жолының жасағанын білдіретін ұғымды Алла атымен шендестіріп, «Құран-каримнің» сүресі мен аятына пайдалагуға бола ма?
Ал Тәңір – түркі қауымының Исламға иланғанға дейінгі сенген Жаратушы иесінің есімі. Оның таным тарихаты мүлдем басқа. Күн, көк, аспан мен ай, жұлдыз, мынан ағашы, көк бөрі – Тәңірлік танымның баспалдақтары. Діни рәсім, ғибадат, тағам-тату рәсімдері мүлдем кереғар.
Үшеуінің де Алла – Құдай – Тәңір – Жаратқан иемнің жарлығына ие екені нақ. Алайда шариғаты, мағрипаты, тарихаты, ақиқаты басқа. Демек, сауабы мен салауаты басқа. Ендеше, маған таныс «Құран-кәрімнің» барлық аудармасында неге: «Тәңірлерің бір-ақ Тәңір», «Құдайға құлшылық ет»,-деп тәржімаланып жүр. Ауызекі сөзде: «Құдай атсын», «Тәңір атсын», «Тәңір жарылқасын», «Құдай ұрсын», «Тәңір қарғасын», «Құдайға құлшылыұ ет» -дегенді қасиетті кітапта пайдалануға бола ма?
Бұл тура жолға бастайтын балама ма? Әрине, бәрі де бір Алланың өзіне аян. Біздікі тек күпіршілік ой ғана.
-ІІ-ІІ- 09.01.13.
«Әрбір елші – Пайғамбар, ал әрбір пайғамбар – елші емес... Пайғамбар – өзінен алдыңғы елшінің шариғатын жалғастырушы. Елші – расуы, пайғамбар – нәби». (Пайғамбарлар қиссасы, 11-бет). Мұхаммед Расул Алла. Пайғамбарлар туралы қиссалар – хабар, ақиқат, насихат, ғибырат үшін аян етілген. Ол – растаушы, түсіндіруші, тура жолды нұсқаушы әрі шапағат.
Жаратылысты Жаратушы да, оның кепілі де - де бір Алланың өзі. Періштелер – нұрдан жаратылған. Жын – оттан жаратылған. Адам – топырақтан жаратылған. Сондықтан да періште – таза, жын – жүрген жерін өртеп, ылаңдатып жүреді. Адам – мың түрлі затқа – ауаға, суға, отқа мұқтаж, тағам арқылы тәбетін тояттандырады. Қарын іші қуыс болғандықтан да Ібіліс оған тәжім етпеген. Сол үшін де бейіштен қуылған.
Осы Ібілістің сол кәдігі мен күдігінің астарында бір азғырушы болса да шындық бар. Өйткені Алла уаһиб еткендей Адам ата Хауа ананың қылымсуына қарсы тұруға дәті жетпеген.
Абай айтқандай: Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбады бейішке –
Сөйтіп, Бейіс дүниеден –
Кейіс дүниеге әкелді.
--ІІ—ІІ-
«Адамның бойын – алпыс кез, енін – жетпіс кез етіп жаратыпты (Ахмад). Бойы бұдан не ұзын, не қысқа адам қай өлшемге жатады? Артық не кем түсу кінәға жата ма, жоқ па? Әрине, бұл шайтан түрткілеп қойғызып отырған сұрақ. Алайда: Алланың Бір және нақ екенін ғылыммен тауып ойған сенген адам – нағыз Мұхминнун», -деп Абайдың айтқаны дәлел болса, сұрақ қоймай, оған жауап іздемей ғылым қууға бола ма?
-ІІ-ІІ-
Алла адамның мұрнынан дем салып, жан кіргізген. Сонда ол: «Әлһамдуллаһ!»- деп түшкірініпті. Қазақтар адам түшкіргенде – «Әлһамдуллаһ»- дейді де оған: «Әтпіш, бер тәңір»- деп қосып қояды. Соңғы, «әтпіш» пен «бер тәңір» қайдан, қашан, неге қосылған және оның мағынасы не?
Бір Алла біледі.
-ІІ-ІІ-
«Мен таным таяздығынан болса керек, «тағдыр», «жазмыш», «маңдайыңа не жазылса – соны көресің» деген ұғымдардың кімге тиесілі екені әлмисақта белгіленіп, «Ағраф» (172-173), «Мәлік» сүрелерінде: бір қауым адамды – жұмақ үшін жаратыпғ оларға жұмаққа жетудің амалын; ал енді бір қауымды – тозақ ұшін жаратып, оларға тозақтың амалын қарастыруды уаһиб еткенін осы уақытқа дейін білмеппін. Демек, «маңдайына жазылған жазмышына» орай бір адам туа – бейістің, екінші адам туа – тозақтың қамын қарастыратыны болды ғой. Бұл әділеттілік пе? Әлде өзге бір: «Не де болса көрешегіңде көре-көре көрге жетесің» дегендей, адамды сынаудың бір жасырын амалы ма? Алла тура жолдан өзің адастыра көрме, әйтеуір.
-ІІ-ІІ-
Хауа – хай – тірі еттен – Адам атаның қабырғасынан жаратылды деген мағына береді. Күнәнің үлкені – такаппарлыұ, менменсу, текке бөліну. Кіші кінә – мойындаумен, үлкен кінә – кешірім сұраумен жеңілдейді. Сәждеге жығылу – жаннаттың есігінің тұтқасын ұстатады.
-ІІ-ІІ-
Ыдырыс – қалам иесі, жазуды шығарған сол. Екінші, Әбіл мен Шис .. дала тұрғындарының тұқымын құртуға айналған Қабылдың тұқымдарына – таулықтарға қарсы соғыс ашып, ақиқат пен жалғандықтың арасындағы күресті бастаған да осы Ыдырыс пайғамбар. Ыдырыстың орыны миғраж кешінде төртінші хат аспанда.
-ІІ-ІІ-
Аллаға серік (ширк) қосу – Нұқ пайғамбардың тұсында пайда болды. Алланы ұмытып, Тасқұдайға – құлпытастарға табынды. Қайшылық туды. Топан су жіберді.
Сонда: «Адам мен Нұқтың арасы – барлығы ислами жолды ұстаған мерзім – он ғасыр» (Әл-Бұқари). Бұл – бірінші ықылымның уақыты.
-ІІ-ІІ-
Топан суы – от жаққан тандырдың орынынан шыққан. Қазақта : «Отырған орныңнан су шықты ма», «Отыңды өшірме», «Отқа су құйма» деген тіркестердің түп кіндігі – әсіре әрсаналық рауаяттан таралмасына кім кепіл. Анығын Алла біледі.
-ІІ-ІІ-
Нұқ пайғамбардың кемесінің ізі Түркияның Арарат тауынан табылған-мыс. Сонда біздің Қазығұрт қайда қалады? Анығы – тек Аллаға аян.
-ІІ-ІІ-
Нұқтың Ям атты кәпір ұлы кемеге отырмай, Алланың әміріне мойынсынбай, әкесінің қасында тұрғанда толқын шайып әкетіпті. Осыған орай «Һуд» (51) сүресінде: Білмегенді сұрамасаң – рахымшылықтан айырыласың – деген мазмұндағы аян бар. Мұның астарын қазақтың: «Ең үлкен қарғыс. Өзің білме, білгеннің тілін алма» - деген тәмсілі дәл ме дәл береді.
-ІІ-ІІ-
Көгершін – бейбітшілік құсы – дейміз. Бұл біз үшін коммунистік қоғамның ғайып құсы сияқты ұғым. Сөйтсек, «Коммунистік монифестің» құраннан алынғаны сияқты, когаршын да «құраннан» ұшып келіпті. Нұқ пайғамбар топан судың басылғанын, не басылмағанын білу үшін көгаршынды ұшырып жіберді. Ол зәйтүн ағашының жапырағын тұмсығымен шымшып әкеледі. Келесі жолы көгаршынның аяғы лай болып қайтады. Сонда топан суының тартыла бастағанын біледі. Көгаршынның нысаналы құсқа айналуы осы рауаяттан бастау алады.
«Ақ көгаршын» деген қазақта ән бар. Мен де өлең жазғанмын. Оның түпкі төркінін қырық жылдан соң біліп отырмын. «Ақсақ француз» атты қиссада оқиғаның бәріне терезенің алдында отырып куә болған көгаршын Әбілөая, - суын таңдайына тығып әкеп, ғарисат майданының байырының жарасына тамызып, тірілтіп алатын әрі өзі куәлік беретін. Бала кезімізде жылап отырып тыңдаушы едік. Күмісбек ақсақал да сол арасын өксік араластырып айтушы еді. Бұл қиссаны – Әсет жазды дейді. Күмәнім де, күдігім де бар. Әріп пе, жоқ, Жүсіпбек қожа ма? Анығы Аллаға аян.
-ІІ-ІІ-
Нұқ пайғамбарға қиямет-қайым күні «Алланың таухидін пенделер – сендерге жеткізе ме»,- деп сұрағанда, олар:»Жоқ!Бізге пайғамбар келген емес!»- деп бас тартады екен. Сонда Нұқ: « Маған Мұхаммед пайғамбар мен оның үмметі куәлік етеді»,-дейді екен. Мұхаммед пайғамбардың: «Пайғамбарларың сендерге куәлік етеді, ал сендер пайғамбарға куәлік етіңдер»,- деген аманатындағы біздің куәлік ететін пайғамбарымыз – Нұқ пайғамбар екен.
Бұл әр мүһминун білуге тиісті рауаят екен. Балаларыма айтпасам менің де мойынымда қарыз кетер. Алла сәтін берсін.
//-//- 10.01.13
Осы біз қазақтың қарапайым атауын қмытып барамыз-ау! «Пайғамбарлар қиссасында» «Араб жарты аралы» деген сөз жүр. Бүтін не жарты арал бола ма? Аралдың аты – арал! Ал полуостров» дегеніміз – түбек. Араб түбегі, Маңғыстау түбегі!
//-// 11.01.13 Алматы-Астана
Мен халық ауыз әдебиетіндегі, әсіресе көркем сипатталған жиынтық кейіпкерлердің атының тауып қойылғанына бала жасымнан сондай таң қалатынмын. Олардың: Аналық, Аталық, Қыз Жібек, Баян Сұлу, Қыз Құртқа, Кенжекей, Назым, Қозы Көрпеш, Төлеген, Қаршыға, Алдар Көсе, Ер Төстік, Күнікей, Ер Тарғын, Ақжүніс, Мұңлық-Зарлық, Зарқұм, Кербала деген тағы да басқа тартымды аттарының өзі олардың сүйкімін арттырып, қиялыңды түрлі-түсті ғажайып елеске жетелеп, елжірете еліктіреді. Жырдың өзі солардың аты аталған тұста еселене екпін алып: Жібек десе Жібек-ау, Баян десе Баян-ау, Назым десе – Назым екен, Күн астындағы Күнікей қандай десеңші, Ақжүніс десе Ақжүніс екен, еті қардай аппақ, бетінің ұшы қарға тамған қандай қып-қызыл деп тамсанасың. Ал Ер Төстік, Ер Тарғын, Қобыланды деген сөздің осы қолтығыңнан демеп, аспанға алып ұша жөнеледі. Ал: Шығайбай, Бекежан, Қарабай, Жантық, Қодар, Сұлтанқұл, Көбікті, Қарлыға, Көкілаң, Хорен, Жиенқұлдың аты аталғанда олардың сондай сұмпайы кеспірі мен кейпін түршіге елестетесің. Жыр да, ертегі де суық тарта бастайды. Қозы Көрпеш – Қодар, Төлеген мен Бекежан, Ер Тарғын мен Сұлтанқұл деген кейіпкер аттарының өзі бір-бірімен қарама-қарсы шекісе кеткісі келіп тұрғандай көрінетін. Ал Қозы Көрпешті өлімнен арашалайтынын, Төлегеннің барлық орындалмаған махаббаттың төлеуі ретіндегі емеуірінмен қойылғанын есейе келе түсіндім. Соның ішінде Қодар, Қорлыға (Қарлыға), Зарқұм сияқты есімдердің түпкі мағыналық тегі мен мәнін ажырата алмай жүрген едім. Әрине Қарлығаның тете – Қорлыға, Қорлығайын – Қорланғайын – Хор қызы дегенді, ал Қарлыға қар қызы сияқты келбеті келіскен келбеті келіскенмен нәзіктік бермеген ер мінезді әйел заты болғандықтан да дүбара есім бұйыртылсын. Зарқұм – Зарцин – рауаят қиссаның кейіпкері. Ал Қодар ше? Соншама жеккөрінішті естілетін бқл есімнің түпкі мағынасы не? Сөйтсем, мұның тарихи жиынтық сипаттамасы Салық (Солих) пайғамбар туралы рауаятта жинақтала беріліпті. Салыққа түскен – уахиттың құдіретін мұғтиза (көрсету) үшін алып ақ буаз аруана жартасты жарып шығады. Құдық суын – бір ауылы, бір күн – аруана ішеді. Бошалаған соң мұқым халықты қымыранға қарық қылады. Салыққа бұйырылған уахибке таухид уәжіп еткісі келмеген тоғыз адам уағдаласып, қастандық жасауға келіседі. Оларға Құдар ибн Салиф ибн Жундғ деген Самуд тайпасының «абыройлы, көсем, беделді» ер жігіті басшылық етеді. Алып та қасиетті аруанадан үрейленген тоғызы шошып кетеді де, құдық басына су ішуге келген аруананы Құдар ұрып өлтіреді. Ал боздай қашқан бота қыр асып барып сағымға айналып кетеді. Сөйтіп құдықтың суы қыстақтағыларға еркін бұйырады. Бірақ үш күннен соң зауалға ұшырап, найзағайлы апаттан апат болады. «Мадаин салих» атты бұл жердің орыны қазір де сақталыпты. Мадина қаласының солтүстік батысында, 380 шақырым қашықтықта екен. Самуд тайпасының құдығынан Табун жорығына аттанып бара жатқан сахабалар да су алып, қамыр илеп, қазан көтерген. Мұны көрген Мұхаммед пайғамбар «қарғыс атқан Қодардың құдығынан» алынған суды төгіп: « Егер олардың басына келген апат, мына қарғыс атқан құдықтағы суды ішсеңдер, сендердің де бастарыңа төнеді. Қарғысқа ұшыраған Самуд тайпасының жер астынан шыққан зарын естісеңдер сендер де зардап етесіңдер сендер де зарлап өтесіңдер. Сол зауалдан сақтандырамын.Самуд елінің жоқтауы ассын.Жоламаңдар бұл араға!» деген екен. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»дастанындағы Қодар есімінің түпкі тегі Самуд ьелі қоныстанған шөлдегі тереңдігі қырық құлаш «қарғыс атқан құдықты» қарғаған Қодармен, яғни жырдағы Қодар сияқты ел-жұртынан бөлініп кеткен ,қырық құл емес – тоғыз құл ерткен, өзі дүрегей күш иесі, көсемдігі де бар, өркөкірек Қодарибн салих ибн Жундуғтың рауаяттық жиынтық бейнесі өмірбаяндас. Дастанды әу баста жазған адамның «ноғайлы», «қазақ». «құл», «мырза» Қодар мен Нұқ пайғамбардан тараған Самуд тайпасынан шыққан Құдар-Қодардың қазақ жыры мен пайғамбарлық рауаяттағы кейіпкерлік «сипаты» мен оқиғаға желі тартқан көркем себепкерлігі біреу.
12.01.03.
Ол – ауыз суға мұқтаж халық, мал және жалғыз құдық. Сол құдықтың иесі – Құдар мен Қодар. Садық Салих пайғамбаржаратқан иемнен уахиб етілген жарға деген махаббаты үшін аруананы аялайды. Құлшылық етпегендерді ауыз судан күнара шектейді. Құдар құдықтың суын қырық үй еркін пайдалансын дейді.Ал көшпенді елдің Қодары Қарабайдың қырық мың жылқысы мен ауылы үшін қырық құлаш құдық қазады. Қозы мен Баянның махаббаты да сол құдықты бір ауыл жан мен мал еркін сусындауына шек қояды. Аруананың орнына Қодар сол шектеудің себепкері Қозыны өлтіреді. Ботаның тірі қалғаны сияқты ботакөз қыз да тірі қалады. Бота сағымға айналса, Баян да шейіт болады. Құмдағы Мадани салих ауылының жұртынан аңырап жылаған азалы дауыс әлі күнге дейін естіліп тұрады-мыс. Ал, Қозы мен Баян бақилық болған шоқтеректің бұтағында бозторғайлар «шоқ-шоқ» деп шықылықтап, махаббаттың сазын сайрап тұрады. Иә, бозторғай осы күнге дейін сайрайтыны рас.
12.01.13.
Екі оқиғаның әу бастағы басты себепкері – Жарға, яғни, жалғанның жаратушы иесі Алла жар мен адамның сүйген жарына деген махаббат.Ал өзге оқиғалардың желісі сол сезімді әсерлі жеткізу мен сендірудің амалы, яғни, әдемі әдіс-тәсілдер. Менің ойымша, қиссаның әуелгі нұсқасының авторы «пайғамбарлар» қиссасындағы құмды кезіп жүріп самуд еліне жолыққан салық-салих пайғамбар мен Құдар күтімге алған құдық туралы рауаятпен таныс болған. Кейін Қозы Көрпеш-Баян сұлудың тарихи оқиғасын естіген соң «құдық қазған» жауапсыз махаббат иесіне Қодар деп ат қойған. Бұл рауаяттан хабары бар мүминдер Қодардың атын естігенде Құдардың аруанаға жасаған зұлымдығы көз алдында қосарланып, Қодардың аты аталған сайын жеккөрінішті әсер үстемелене беріп, жырдың ішкі қақтығысын шиеленістіре береді. Бұл оқиғаға араласуға тиісті кейіпкерлерді таныстыруға кететін уақытты қысқартып, тартыстың тез дамуына ықпал етілді.
Бұл, яғни, Құдар мен Қодардың құдық төңірегіндегі қақтығысы шынынды да, өзара сабақтас па, жоқпа кесіп-пішіп айтудың еш қисыны жоқ. Ол үшін «бір өлеңнің тарихына» қолданылатын әдеби зерттеудің әдіс-тәсілінің кестесіне сала отырып, салыстырма жасау қажет. Сонда бұл болжамның толымды-толымсыздығы мен болымды-болымсыздығы, сәйкестігі мен сәйкессіздігі анықталады.
Ол ауыз әдебиетіндегі мотивтің (сарынның) көркем нысанаға (идеяға) тікелей бейімделе қызмет ететіні – қиюсыз қисын (аксиома) екенін ескерсек, онда Құдар мен Қодардың аруана мен арудың, бота мен Баянның арасындағы қақтығыстың тікелей себепкері – құдық болып табылады. Ал әсіресе әфсаналар мен рауаяттардағы ағып жатқан өзен – тіршіліктің белгісі, қозғалыстағы су – әбілһаят суы – өмір-өзен, ал құдықтағы су – тылсымдағы тіршілік, өлі-тірісі белгісіз тағдырлардың тылсымы, құдықтағы су – таза, демек өмірлік нәр бар, ақпайды – демек қозғалыс, яғни тіршілік шектеулі,яғни, тіршілік шектеулі, Құдар рауаятында құдықтың маңы жалаңаш, демек құдықтан сусындаған жұрттың аңыраған зары ғана естіледі, олар қияметқайымда бір-ақ жер бетіне жылап шықпақ. Ал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» туралы жырдағы Қодардың құдығының басында шоқтерек бар. Шоқтеректің жапырағы жасыл. Сол жапырақтың саясындаҚозы мен Баянныңжаны бозторғай боп сайрап, мажаббат жырын жырлайды. Демек, Құдардың рухы – мәңгілік азап зынданында жоқтау айтып зарласа, ғашықтардың рухы – бозторғай боп сайрап , өмір жырын осы күнге дейін жырлап келеді-мыс.
Міне, көркем идея дегеніміз, ауыз әдебиетіндегі мотив дегеніміз осы. Ал сол көркем мақсатқа қалай жетті, жүн шекпенді – шапанға, сәлдені – тазкепешке, аруананы – аруға, сахараны – сарыарқаға, Құдарды – Қодарға, ботаны – Баянға қалай айналдыруды, ал – көркем ой иесінің қиял еншісіндегі шеберлік мәселесіне қатысты мүлдем басқа «мәселе».
Ең бастысы – жыр мен рауаяттың аңсары ортақ. Бүкіл адамзаттық әдеби сюжеттің саны, Ян Чарандовскийдің есептеуінше – 34, соған қазақтың жесір дауын және барымтасы мен сырымтасын,жетә атаға толмаған ғашықтардың (Қаоқаман мен Мамыр, Сырым мен Қаракөз т.б.) машақатын қоссаңыз, әлемдегі сюжеттің саны 38-ге жетеді. Әлмисақтан бергі адамдар арасындағы қастандықтар мен қақтығыстар, жақсылық пен жамандық, сағыныш пен сатқындық туралы мыңдаған әсіре әфсаналар мен рауаяттар, аңыз-ертегілер, дастан-қиссалар, эпос пен драма, роман-хикаятттар, өлең-поэмалар осы 35-38 желәге байланып қалғанын ескерсек, «құдыққа көгенделген» мотиві сарындас Құдар мен Қодар шынымен де «құдық құда» болып шығады. Әрине, анығы бір Аллаға аян.
-//- Астана
Қазақтың еі киелі тілеуі мен тиымының бірі – (отқа қатысты. Олар: «ошағының оты сөнбесін», «өз отыңды өшірме», ең қатал тиымының бірі – отқа тас лақтырма, отты су құйып өшірме, отқа симе, жанған отты үрлеме, жалынның көмейін көсеме – деген мағынада айтылады. Мұның сонау ықылым заманнан отқа табынудан , шаңырақты қастерлеуден, от-анасын құрметтеуден туған әсіре әфсаналық сенім-нанымның сарқыты екенін де түйсікпен топшылаймыз. Ал, соның ішіндегі «жанған отты үрлеме», «отқа тас лақтырма», «оттың көмейін көсеме» деген тиым мен «кесіртке көрсең құйрығын кес» немесе « кесіртке көрсең құйрығын үзбей жіберме» деген тәмсілдердің арасында бір байланыс барына тағы да сол «Пайғамбарлар қиссасынан» байқап қалдым. Жоғарыдағы от жөніндегі қазақы тиымдар алты алаштың баласына аян. Ал көзге түскен кесірткенің құйрығын қамшының ұшымен үзіп түсірген қарияларды өз басым жиі көрдім. Балалық басылмағанша біз де талай кесірткені құйрығынсыз қалдырдық. «Кесірткенің кесірі құйрығында»-деген сөздің шындығына көз жеткізу үшін шоршып жатқан құйрыққа қызықтай қарайтынбыз. «Бұл дененің шоршып» жатқанының өзін кесірткенің құйрығының «кесірлігі» деп түсінетінбіз. Кейңн сөздің түбірін талдайтын деңгейге жеткенде « Е,құйрығын үзіп, яғни кесіп тастап кететін болғандықтан да «кесірткі» атанған екен ғой»- дестік. Сөйтсек бір кесірткенің құйрығы расында да кесңрлң екен. Сонау Ибраһим пайғамбардың тұсында оның құйрығы мен қоса өзі де қарғысқа ұшырапты.
Әлқисса, Ибраһим пайғамбар Бабыл шаһарының жамағаттарын Аллаға илануға көндіре алмағасын ол олар табынып жүрген пұт құлпытастарды сындырады. Сол үшін оны жазаға тартып, «Сенген жаратушың шын жарылқаушы болса, енді құтқарып алсыншы!»- деп, үлкен апан қазып, оны отынмен толтырады. Ағаш, бұта тасуға әйелдер мен балаларға дейін қатысады. От лаулап жанған кезде топтың оқпанына Ибраһимді байлап, жалын шарпыған оттың ортасына атып жібереді. Үлкендер оттың көмейін көсейді, балалар мен әйелдер жанған отты үрлейді. Тек жер бетіндегі жан-жануарлар мен жәндіктердің барлығы оттың жалынын демін іштеріне тартып,өшірмек болыпты. Тек кесіртке құйрығымен от көсеп, демімен отты үрлеген екен. Сондықтан да пайғамбарымыз: «Ол Ибраһимге от үрлеген» - (Әл-Бұхари) деп кесірткені өлтіруге бұйырған екен-міс.
Міне, «кеселді кесірткенің кеселді құйрығын кесу» туралы қазақы дәстүр қайдан шыққан. Пайғамбар – өлтіруге, қазақтар – құйрығын кесуге үкім еткен. Зады, иен құмның ішінде көзге ілінбейтін жәндікті «көзайым» жасап жүргісі келді ме екен. Оған монғолдың құбы шөлінде кезген кезде екінші күні «ізге түскен кесірткені», «Ух, бір тіршілік белгісін көрдік қой»- деп үлкен-кішіміз жабыла қуғанымыз есімде.
Сонда қазақтың «кесірткенің құйрығын үзіп тастау» туралы болымсыз ырымы Ибраһим пайғамбар қақындағы рауаяттан ауысып кеп, толымсыз рәсімге айналған болып тұр ғой. Әйтпесе дала заңына қатысты кесірткенің құйрығының өте бір «кесірі» бар ма? Ол жағы бізге беймәлім. Анығын Алла біледі.
-//- 12.01.13 .10 –
Жаным қас дүниенің бірі өтірік еді. Абайдың: «Қылыш үстінде серт жүрмейді» - деп сертінен тайған адамды антұрғанның қатарына жатқызғанын жасымнан қаперімде ұстап өскендіктен бе, жақсылық үшін жалғандыққа бой алдырған адамнан бойымды барынша аулақ салғым келіп тұратын. Қадырдың:
Өткізу үшін шындықты,
Өтірік қостым ішіне,-деген жолдардың астарын түсінсем де қабылдай алмағам. Жеке адамның арына, тағдырына қылау түсіретін құпияларды ішімде сақтағанмен, «ар қялар істің» өзін ашық және табан астында айтып қалуға ғадеттеніп алғанымда рас. Алайда сан сатқындыққа тосқауыл қоя отырып, ол туралы сол оқиғаға қатысы бар адамдарға әлгі адам туралы айтпаған жайларым да болды.Ұзақ жыл сын бөлімінде істеп, алашорда қайраткерлерінің тергеудегі ісін асықпай қарастырғандықтан да, оларды сатқан не «домалақ арыз» жазған не тыңшылық еткен жансыздардың атын жасырып қалған жағдаяттар кездесті. Алғашқысы тікелей қызмет бабының басты талабы болды, кейінгісі ұрпақтарының бетіне шіркеу түспеуін ойлаған әдебтен туып еді. Бұған өзімді кәдімгідей кінәлі санаған да сәттерім болды. Сөйтсем, ИбраҺим пайғамбардың өзі Алланың атымен үш рет өтірік айтып, үш ретінде де Алланың кешіріміне ие болыпты. Ал Абайдың әлгі «қылыш үстінен серт жүрмейді» деген адамды күнаға жатқызған жағдайымен ұқсас. Соның бірі Ибраһим әйелі Сараға қатысты. Пайғамбарымыздың сипаттауынша: «Жер бетінде Хауаны есептемегенде, Сарадан әдемі әйел жаратылмапты». Мысырға барғанда оларды жасақтар ұстап, тергейді. Сонда Ибраһим Сараны «қарындасым» - дейді әрі Сараға патшаға да солай жауап беруді тапсырады. Жасағанның құдіретімен Сара «кәпірдің тұзағынан» да, өлім жазасынан да құтылады. Егер ерлі-зайыпты екенін білсе,Сараны өлім жазасына кеспек екен-мыс. Мысыр патшасы Сараға өзінің Ажар есімді сқлу күңін сыйға тартады. Өзінің бала көтермейтінін білген Сара Ибраһимге Ажарды қосады.Одан Ысмайыл дүниеге келеді. Өзінің бойындағы әйелдік қызғанышын жеңе алмаған Сара Ибраһимге Ажар екеуін бір жерге ұстамау туралы өтініш етеді. Алланың әмірімен Ажар мен Ысмайылды Меккенің қу медиен шөл даласына тастап кетеді. Азық пен сусын таусылып, омырауының сүті суалады. Су іздеген Ажар Сара мен Маратөбесінің арасына жеті рет жүгіріп барып, ұзап кете алмай жетінші рет қайтып келгенде Ысмайылдың жанынан Жәбірейіл қанатының ұшымен «зәм-зәм» бұлағын ашыпты. Журһум атты саудагерлер тайпасы иен шөлде ұшып жүрген құстарды көріп, солай бет бұрады. Келсе бір қолымен баласын құшақтап, екінші қолымен бұлақтың көзін шайқап, «зәм-зәм,зәм-зәм!»- деп сөйлеп отырған әйелді көреді. Бұл әйел – Ажар күң, ал бала – Ысмайыл еді, ал бұлақтың аты сол күннен бастап «Зәмзәм» аталып кетеді. «Зәм-зәм» «жинал-жинал» декген сөз екен. Егер Ажар бұлақтың суын қолымен тоспаса, ол үлкен дарияға айналмақ екен. Сөйтіп, Журһум тайпасы Меккені қоныстанған алғашқы араб тайпасы екен. Ысмайыл да арабтанып (мустағибтанып) пайғамбарлық араб қауымына ауысыпты. Бұл Мұхамед пайғамбардың ұлы бабасы. Бұл рауаяттан мынандай тәмсіл тарайды: Сара – сара, саф сұлу, Ажар – ажарлы әйел деген ұғымды білдіреді. Бұл екі есім де қазақ арасына кең тараған.Сақ ханшасы Заринаның түбірі де осы Сара, Зара дегенге саяды. Зәмзәм Жәбірейілдің қанатының ұшымен көзі ашылған кәдімгі бұлақ.
Мекке – иесіз шөл зәмзәм бұлағының нәтижесінде елді мекнге айналды. Журһумдар – Меккені мекен еткен алғашқы арабтар.
Ысмайыл – алғашқы арабтанған пайғамбар. Мұның барлығы Ибраһимнің Сараны аман сақтау үшін Мысыр патшасына айтқан өтірігі мен Ажар мен Ысмайылды иенге тастап кеткен соңғы Аллаға келтірген дұғасының себепкерлігінен жүзеге асыпты.
Ибраһимнің үш өтірігіне кешірім берілуінің себебі де сондықтан екен, яғни, ол өтірік зәмзәм бұлағын ашуға, Меккені мекен етуге, арабтан пайғамбар шығуға дәнекер болған.
Бұдан мынадай күпірлік сұрақтар туады. Демек: «қылыш үстінде серт жүрмесе керек». Шындықты өткізу үшін өтірікті малдануға болады.Сонда «Жүргенге жөргем (Журһам) кезігуі» мүмкін.
Ендеше, біз қай тәмсілді ұстанамыз? Зиянсыз өтіріктің күнаға жатпағаны ма? Тек үш рет қана «жан жалдауға» рұқсат па? «Зиянсыз өтіріктің» зиянын кім өлшепті?
Мұндай күпірлік сұрақтарға жауап іздеп күдікшіл атанғым келмейді. Сонда да «зиянсыз өтіріктің» зиянсыздығына күмәнім бар. Осы арада бір күдік пен бір кәдіктің сығалап, бас қылтитып тұрғаны анық. Жауабы бір Аллаға аян.
-//- 14.01.13.
Табалдырық – қазақта қасиетті ұғым. Ол үйдің сырты мен ішінің шекарасы, босағаның мықты болуының кепілі ғана емес, құт пен кедейліктің де шекарасы.Табалдырығың бақ пен сордың қарауылы екен. «Табалдырықты баспа, құт қашады», «табалдырықта тұрма, ырысыңды бөгейсің», «табалдырықты керіп, кедейлікті шақырма» деген мәтелдер таза қазақы ұғым сияқты көрінетін. Сөйтсем мұның да төркіні пайғамбарлардың рауаяты болып шықты.
Табалдырық – құттың белгісі. Табалдырығыңнан құтсыз адам аттаса – жұтайсың, құтты адам аттаса – құтаясың. Ал табалдырықты аттағанда, не құт, не жұт әкелетін, кім, әрине, әйел. Келін табалдырығыңнан аттағанда шашу шашып, құт шақырып, оң аяғымен «Бісмілла!»- деп кіргізетін қазақы ырымның алғашқы жорасы Ибраһим пайғамбардың тұсында ишара етіліпті.
Қартайған шағында Ибраһим ұлы Ысмайыл жоқта үйіне келіп, келінінен жөн сұрайды. Келіні: таршылықта, қиыншылықта өмір сүріп жатырмыз деп шындығын айтады. Ысмайыл үйге келген қарияның: «Табалдырығын ауыстырсын» деген сәлемін естіп, келіншегін төркініне қайырады.Ол екінші рет үйленеді. Ысмайыл жоқ кезде Ибраһим келіп келінінен жөн сұрайды. Келіні жай суды талғажау етіп отырса да, жақсы - деп жауап қайырады. Ибраһим: «күйеуіңе: есігінің табалдырығын бекітсін» -деп сәлем айт деп кетіп қалады.
Бұл қария – әкей Ибраһим екенін, алдыңғы әйелі барды ұқсата алмайтын, табалдырықтан жұт боп аттаған, ал екіншісі құт боп аттаған әйел екенін меңзегенін Ысмайыл біліп, тиісті шешім шығарған.
Үрім-бұтағымыздың табалдырығынан құт аттауды нәсіп еткей, Алла тағалам. Әумин!
ІІ - ІІ
Ғайыптың құсы туралы рауаятты бала кезімнен естіп едім. Кейін ұлым Алмас суға кеткенде «Ғайыптың құсы» атты рауаяттық әфсана жазғым келді. Өйткені шейіт кеткен сәбилер әке-шешесінің терезесінің алдында қонақтап, ұшып келіп, ұшып кетіп жүреді екен-мыс. Алмастың да көгершін ғайыптың құсы боп терезенің алдында қонақтап отырғандай көрініп, әйнектен түскен күн сәулесінің жылуына алақанымды тосып, мұңайып ұзақ тұрып қалушы ем. Сөйтсем ол да Ибраһим туралы өлілерді құс боп тірілткені жайлы рауаятты мысал ретінде келтіріпті. Мысалын келтірмеймін. Өйткені сол құспен бірге менің де жүрегім тілгіленіп кететін сияқты.
Алла, ғайыптың шапағат құстарын өзіңнің рахметіне бөлей гөр! Қамқорыңа ала гөр! Ойлай гөр оларды. Әке-шешесінен мына фәни дүниеде көрмеген жан жылуын бақи дүниеде өзіңнің мейіріміңмен жылыта гөр, Алла! 16.01.13. Абайдың:
«Шыдайсың риза болып жар (Алла) ісіне,
Қорлық пен мазағына табылса да» - деген иман мен ар төзіміне ие Пайғамбар екен. Тегі – Лұт пайғамбарлардың ішіндегі иман мен «ар-намысы» қорланған Лұт – ибн һаран ибн Тарих. Ал Тарих Ибраһимнің әкесі. Оның аты «Құранның» он төрт сүресінде жиырма төрт рет аталыпты. ИбраҺим оттан аман шыққанда ол тілін калимаға келтіреді. Палестинада жүргенде Ибраһим оны Әл-Мутафинаға (Садум еліне) жібереді. Бұл жұрттың азғындығын атауға ауызың бармайды. Алланың кәріне ұшыраған бұл жұрт астан-кестені шығып, аттары тасқа қарғыс таңбасы ретінде басылған қиыршықты төбелерінен жаудырып, жаңбырмен төпеп, жермен жексен етіпті.
Қарғыс таңбасын басу рәсімі содан қалса керек-ті.
Сауапты қарғыс және әділ жаза.
Бұл рауаятты оқыған соң (күпірліктен Алла сақтасын, тек себебін түсіну үшін) мынадацй екі сауал ойға оралды.
Бірінші: қазақ ұғымындағы – бәдбақыт, бетбақ, қызталақ ретінде қарғысқа ұшырағандарды білдіретін қызталақ жұрттың жойылып, Лұт (тұзды теңіз, өлі теңіз) теңізінің түбіне кеткеніне қарамастан, ағылшын мен француздарға біртекті жыныстылардың ресми түрде үйленуіне,тіпті мұнымен хрестиан діні тақуаларының тақым тақыстығына айналуына жол берген қандай арсыз күш. Лұттың тұсындағы Садум елі сияқты азғын жұрттың тағы қылаң бергені ме? Сонда тағы да зобалаң болмақ па? Әлде бұл заманақырдың белгісі ме? Өте нас, жиіркенішті, бәдбақыт, бетпақ көрініс. Екінші сауал осыдан келіп туындайды. Лұттың кәпір әйелі қызталақтарға «өмірі көрмеген көрікті еркектерді» күйеуі төсек астына тығып отырғанын ( олар Садум елін жазалауға Алланың әмірімен жіберілген Жәбірейіл, Макаил, Исраил періштелер болатын) хабарлайды. (Хамар,37). Иман жазасына жақындық жүрмейді. Сондықтан да Лұқ пен Лұт пайғамбарлардың әйелдері де жазасын тартты.
Бұл да әділ жаза.
Мәселе, осы екі имансыз әйелдің жазасын түсіндірген тәпсіршілер және пайғам қиссасын жазушы (имам ибн Кәсир деп көрсетілген): бұл екі әйелдің қиянаты - «ар-намыс қиянаты емес, иман қиянаты... Пайғамбардың жұбайлары кәпірлік істегенімен, ар-намыс мәселесіне опасыздық жасамаған. Бұл – пайғамбарлар әулетінің артықшылығы... Лұттың әйелі де күйеуіне ар-намыс тұрғысынан опасыздық жасамаған»,- (116-бет) дейді.
Егер аудармадан кеткен ағаттық болмаса (онда сауалымыз соларға қаратылады), имансыздықтан асқан қандай «ар-намыс» болуы мүмкін. Иман – ар. Ол ар-ұждан – барлық дінге ортақ. Ендеше адамның жан тазалығын ар-намыстан қалай бөліп алып қарауға болады? Ар мен намыс не үшін керек және «ар-намысқа опасыздық жасамаған» (сонда) дегеннің мағынасы не?
Иә, Лұттың әйелі кәпір. Туыстарының «бүлінбеген еркекті» аман жібермейтінін біле тұра, күйеуі үйіне жасырған «көрікті еркек келді!»-деп жар салған күйеуін, қонағын туған қызының көзінше «ит базарына» сатуға беті шыдамаған салдақы (Алла кешірсін) кімнің және қандай «ар-намысын» қорғап отыр? Құдайы қонағының, күйеуінің, екі қызының абыройын ашып, таңын айыруға шақыруы «ар-намысқа опасыздық жасамау» болып табыла ма? Бұдан асқан опасыздық, бұдан асқан ар-намыстың төгілуі бола ма? Егер «иман мен күпірлікте» туыстық жоқ болса, онда «Лұттың әйелі күйеуіне ар-намыс тұрғысында опасыздық жасамаған» деп ақтаудың қажеті қанша? Тек Пайғамбардың әйелі болғандықтан ғана ма? Алла сазайын тартқызған салдақыны «ар-намыстың кепілі» деп түсіндіргенде тәпсіршілер қандай уәжге жүгінді екен? Бұл маған өлі теңіздің – Лұт теңізінің астына түскендердің жер бетіне қайтып шығатынын меңзеу және оларды жанай жебеу сияқты көрінеді.
Алла – әділ. Әділі үкім де соның қолында. Өйткені «иман» мен «ар-намыстың» опалы-опасыз болып бөлінетінін таразылайтын да бір өзі.
Мен бұған сенемін.
//-//
Шұғайып Аба»й айтқан: «саудасы - ар мен иманы» болғандарды иман келтіріп, ар таразысын өлшем етуге жіберілген Наби. Ол пайғамбарлардың ішіндегі шешені» (Ибн Исхақ) екен. Қаншама бір ділмарлық танытса да Шұғайыптың:«Табысты (пайда түсірдім) бір Алланың ықыласына байланысты» сондықтан да тәуекел еттім әрі оның «ырқына бойсынамын»- деген уағызына ешкім құлақ аспады. Керісінше, тапқан нәпақасына масаттанған көпестер: «Егер Алланың сөзін жеткізуші екенің рас болса, онда үстімізге аспанды ойып түсірсеңші»-деп (Шұғара, 185-187) кекетеді». Ақыры Алла олардың азап аңсаған «тілегін» қабыл етіп, жаза ретінде «бірнеше күн бойы ауаны алмастырмай қояды. Күн ысып, тымырсық тартады. Сонда Алла тағала қаланың сыртына бір шөкім қара бұлт жібереді. Адамдар бұлттың көлеңкесін саялап отырғанда жер сілкініп, барлығы түгелдей жер жастанады». Сөйтіп, Алла аспанды бір шөкім бұлт етіп ойып алып, төбелерінен түсіріп, жандарын жаһанамға жібереді.
Тура осындай мағынадағы: «Мықты болсаң тіреп тұрған аспаның болса тастап жібер» ,- тұрақты сөз тіркесі қазақта да бар. Сонда бұл сөз Шұғайып пайғамбар туралы рауаяттың жаңғырығы ма? Әлде, менменсіген паңкеуденің иесіне өз күшіне сеніп, мықтылығын көрсеткен мығымның сөзі ме? Әлде, бұл да астамшылықтан айтылған күпір сөз бе?
Қалай дегенмен де екеуінің мағынасы бір.
Юсуп-Жүсіп нәби туралы рауаят – жұбаныш жыры. Сондай бір сүйінішпен баяндалған.
Кемелдікке жеткен төрт қана әйел заты бар екен. Олар: перғауынның әйелі Әсия, Мария Имранқызы,Хадиша Хуайлидқызы және Фатима Мұхаммедқызы» (Ибн Исхақ).
ІІ - ІІ
17.01.13.
Айюб-Алла тағала: «Тура жол көрсеткен (Анғам,84). «ең ауыр сынаққа түсуші» Алланы тәуба мен төзім арқылы сүйген ерекше ойлау жүйесінің нәбиі. Алла өзінің сүйген құлына айрықша қасірет пен қиыншылық арқылы сынап, тезден өткен соң жомарттықпен жарылқайтын көрінеді. Пенденің басына түскен ауыртпашылықтың бәрі де сынақ. Оны түсініп, Алла жіберген азаптың өзін ризашылықпен қабылдап, тәубесінен жазбағандар – шын мүһмин, Алланың сүйікті құлы. Ал: «Не жаздым құдай-ау» деп шағынғандар Алланың үкіміне мойынсынбағандар. Олар сөзсіз жазаға ұшырауы, не тәуба арқылы кешірім алуы мүмкін.
Айюб – тәубенің үлгісі ретінде тән азабымен сыналып, шексіз мойынсынуының нәтижесінде Алланың рахымына бөленген.Бұл дүниеден өткенше көрерін көріп кететін пенде үшін үлкен ғибратты әрі жұбанышты рауаят. Алла әуелі өлшеусіз бақ, дәулет, есепсіз мал, мол қазына, сансыз қызметші, ... сауда, жеті ұл, жеті қыз беріпті. Бақ-дәулетті тәубамен көтере білген Айюбтың Аллаға разылық тәубесін енді қайрат арқылы сынайды. Әуелі жерінен, мал-мүлкінен, қазынасынан айрылып кембағалдық күй кешеді. Жеті ұл, жеті қызынан айырылып қасірет шегеді. Сонымен қатар басына ауыртпашылық пен қатар айықпас дерт жібереді. Денесін шілде қотыр басып, тәні шіріп, еті жидіп, шіри бастайды. Достары жиіркеніп, екі жолдасы ғана алыстан жөн сұрасады. Тек әйелі ғана күтіп-бағады. Ол сырқат он сегіз жылға созылыпты-мыс.Сонда да Алланы аузына алып шағымданбапты. Жұрт оның әйелін қызметшілікке де алмай, әбден ашығады. Жетпіс жыл бойы бақ-дәулетті ғұмыр кешкен Айюб, енді жетпіс жыл аурудың азабын тартқан соң ғана, Алладан рахым сұрамақ екен. Содан бір күні әйелі мол тамақ алып келеді, бірақ жөнін айтпайды. Әлгі азық-түлік таусылған соң тағы да мол тағам әкеледі. Әйелі айтпайды. Айтпаса тамақты жемеуге ант ететін болған соң, әйелі басындағы орамалын сыпырады.Қараса екі бұрымы да жоқ. Сөйтсе, бір жолы бір бұрымын, екінші жолы екінші бұрымын сатып, тағам әкеліпті. Сонда ғана Айюб нәби Алладан рақым сұрайды. Алладан аяғыңмен жерді теп, әрі шомылатын, әрі ішетін су жібердік - деген аян түседі. Суға шомылғанда – сыртқы, ішкен кезде – ішкі ағзасындағы дерттен сауығады. Тән дертін алтын шегірткелерді жіберу арқылы айықтырған. Үйіне қайтып келген әйелі күйеуін танымай қалады. Алла тағала, осыншама бақ-дәулет пен азап-қасірет беріп, сынаған кезде де Аллаға деген тәубесімен оның ырқына ризашылығынан жазбаған Айюб пен оның әйеліне екінші ғұмыр беріп, жасартып, асқан бақ-дәулет, жиырма алты ұл-қыз сыйлапты-мыс.
Өте жұбанышты рауаят. Алла күпірліктен сақтасын, бірақ, алдыңғы рауаяттарда: бір қауым жамағатты - пейішке, бір қауым жамағатты – тозаққа бет қаратып қойдық - деген мазмұндағы тәмсіл бар. Иә, бақты да, сорды да жіберуші, Абайша айтқанда, бақты, сорды, байлықты, кедейлікті, ауруды жаратқан Алла, бірақ, сорлатқан, ауыртқан, кедейлендірген Алла емес, сенің өзіңнің пиғылың мен жүріс-тұрысың, ұқсатуың мен тәубең. Бұл да саңлауды ашатын тәмсіл. Сонда: мен өмір сүргелі көзім көрген мынадай қарама-қайшы тағдырлардың себепшісі де Алла жіберген сынақ па, жоқ, әлгі Абай айтқан «өзінің пейіл-пиғылы мен жүріс-тұрысынан, ұқсатуынан, тәубесінен бе? Бесінші ұрпағын мәпелеп, алтыншы ұрпағының-зәузатының іште қимылдағанын көріп кеткен, өмірде де бақ пен дәулетті басынан кешкен әулетті білемін. Қазақтар оны « Басына бақ қонған адам»-дейді. Ол туа жалғыз, туа жетім, туа кедей, өмірде де сордан арылмаған, өлім-жітімнен көз ашпаған, жоқшылықтың емшегін емумен өткен, ең соңында өлімді де жалғыз, үйінің бұрышында шөке түсіп қарсы алған кейуаналар мен мүсәпір қарттар да бар. Олар ешқашан қолқусырып отырған пенделер емес еді. Барын жұртқа, әсіресе, балаларға беретін, елге көмектесуге ұшып тұратын елгезек жандар еді. Сонда бұлар да «сынақтан өтушілер ме, Аллам оларға неге соншалақ қатал болды? Рухы өліп, оты өшіп, қуаты таусылып, жаны жапа шегіп кеткен жоқ па? Әлгі құдайдан тілейтін « ақ өлім» оларға неге бұйырмады?
Қай тілеуінен жаратқанға жазып қалды екен? Енді солардың о дүниеде, яки, бақида көретін, не көріп жатқан қызығын бізге көру жазылмағаны өкінішті. Өмірімнің өкпесіне тікендей боп қадалып жүрген сол бір аяулы әрі аянышты ғұмыр иелерінің бақыттан маңдай жарылып тұрған бейуайым бейнелерін бір көрсем-ау, шіркін.
Мен көрмейтін ғайып дүниедегі сол тілегімді Алла қабыл етіп, бейкүнә жанкешу иелерінің рухының мейманасын тасыта көр, Жаратқан ием! Алланың аяны – «Құран кәрімдегі» рауаяттың тәмсілі Әл-Мағридің «Ақ жол» дастанынан бастап, «Мың бір түн», «Демомерон», «Құдіретті комедия», сияқты адамзаттың көркем ойлау жүйесін өзгерткен ұлы туындыларға ұйытқысы болды. Әрине, олар оқиғаның желісін пайдалана отырып, өзінің көркем нысанасы мен танымына бейімдеді. Тіпті, Карл Маркстың өзі «Капитал» мен «Коммунистік манифестің» идеясын «Құраннан» алғаны туралы ескертпесі бар. Демек, ол кісі де «дін – апиынмен» уланған болып шықты ғой. Осы Айюб нәби туралы рауаяттағы Айюбтың әйелінің аштықтан құтылу үшін күйеуінен жасырып қос бұрымын кесіп сату оқиғасы американың әңгіме жанрының шебері атанған О Генридің бір әңгімесінде жаңғырта пайдаланылған. Онда да әйел шашын қиып сатып, сүйгеніне сыйлық алады. Ал күйеуі өзінің қымбатын сатып әйелінің шашына қадайтын қымбат түйреуіш алады. Кезінде О Генридің тапқырлығы мен шеберлігіне таң қалғанбыз.Сөйтсек ол да өзіміздің пайғамбарымыздан қалған рауаят екен. Мұндай көркем үлгі қисса-дастандарда да бар. Назира үлгісінде де жырланған, бірақ проза саласында Ғабеңнен – Ғабит Мүсіреповтен өзге жазушы (Адам ата-Хауа ана туралы шағын әңгімесі бар) рауаяттардың желісін шығармаларына желі етіп ала қойған жоқ.
Діл мен дін тамырының жіңішкеріп кеткенін осыдан-ақ көруге болады. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың өзі көне тәңірлік және христандық әсіре әфсаналар мен рауаяттарды «Боранды бекет» пен «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяттарында желі етіп ұстағанымен, мұсылман аяттарына жуи қоймаған. Неге? Мұны бір Алланың өзі мен марқұм ағамыздың өзі ғана біледі. Мен бұл арада Дүкенбай Досжанның Айша туралы қиянат қисынды еске түсіргім де келмейді.
Айюб нәбиге және оның әйелі мен үрім-бұтағына еселеп берген есепсіз несібеден иманы игі әр адамның ризық дәмін татуға уәжіп еткей, Алла тағалам! Өйткені, Айюб нәби айтқандай, «өзіңнің берекетіңе біз мұқтажбыз! (Әл-Бұхари-Ахмад).
Зулкифил Бишр ибн Айюб – пайғамбарлығы анық дәлелденбеген. Әнбия (85-86), «Сад» (48) сүрелерінде аты аталған Айюбтың ұлы ашуын ақыл мен сабырға жеңдіріп, уәдесінен еш айнымаған тұрақтылығы мен төзімі үшін оны «Зулкифил» деп атапты. Зулкифил өткірліктің, Зулкифиы – төзімнің баламасы болатыны да сондықтан. Қазақтар мұндай адамдарды «Тау қозғалса да қозғалмайтын, қылыш үстінде сертінен таймайтын, діні берік адам»,- дейді. Мен, бұл қасиеттің Зулкифилі нәбимен шендестірілетініне бұрын назар салмаппын. Әйтпесе, «мінезі ақылының сауытына симай» (Абай) жүрген біз сияқты пақырды сабырға шақырып, кәлпінде (қалпында емес, кәліп- жүрек, жүрек ұясы, иманның жүрек қабы) ұстайтын-ақ рауаят екен.
ІІ - ІІ
Расс – Расс атты құдықтан су ішіп отырған шағын жамағат, Алланың олардың өз ішінен таңдаған Ханзала атты нәбиін қорлап, қинап өлтіріп, денесін «Расс құдығына» тастаған. Сондықтан да Алланың «уәдесі шынға айналып» (Каф,12-14) жаратқан иемнің қаһарына ұшыраған.
Мәселен, Айюб нәби жер астынан бұлақ атқылап шыққанда он жеті жыл бойы өлім һалінде жатқан тірі өлік күйінен түлеп, жігітке айналып шыға келеді. Жалпы, пайғамбар рауаяттарындағы зұлматтар мен «жермен жексен ету» жазасының барлығы да тоспа судың, яғни, құдықтың басында жүзеге асқан. Бұл – араб түбегі сияқты шөлейт, өзен-бұлағы аз құрылықтағы өмір нәрі болғандықтан да шығар. Дегенмен де, барлық әлем халықтарының, соның ішінде түркі дүниесінің жаратқан мен жаратылыс, мәңгілік өмір мен өлім, фәни мен бақи арасындағы күрес Мықан ағашының – Бәйтеректің түбінде, өзен не бұлақтың жағасында өтеді. Тоқтаған тоспаға, өлі құдыққа кездессе – сөзсіз кейіпкер бір зобалаңға ұшырайды. Мысалы, Сафық-Салих Пасс құдығы туралы рауаятты еске алыңыз. Бұл – мифтік көркем жүйенің айнымас заңдылығы. Сонда дүниенің жаратылысы туралы әсіре әфсаналар мен жаратқанның рауаяттарының арасында санасыз байланыс болғаны ма? Егер солай болса, онда он сегіз мың ғалам мен адамзаттың жаратылуы туралы түйсіктің ортақ елеске ие болғаны ғой.
Анығы ең алғашқы қозғаушы күш иесіне ғана мәлім.
-ІІ-ІІ-
Киелі, құдіретті қасиетке ие, тіршіліктің белгісі болып табылатын «Әулие ағаш», «киелі ағаш», «мықан ағашы», «өмір ағашы» - Бәйтерек те Жаратқан иемнің құдіреті қақындағы рауаяттарда да молынан төмсілденеді екен. Егер әңгіме ауаны тірілуге бет алса – ағаштар да жапырақ тартып, жасаңданып, мәуелене береді. Ал өлімге бет алса – жапырағынан, дінінен қурап, тамырынан суала бастайды. Өмір ағашын Алла тағалам, рауаят бойынша дүйсенбі күні жаратыпты.(Мүслим, Ахмед)
Алла тағала жаннаттағы Адам мен Хауанаға «Мына ағашқа жоламаңдар»-деп тиым салған, (Бақара, 35) «ашықпайтын», «жалаңаш қоймайтын», «шөлдемейтін», «ыстық, суық» өтпейтін жаннатты тастап, бейіш бақидан, пейіс дүниеге әкелген» (Абай)жеміс ағашы (мүмкін алма ғашы) фәнидің ырыздығы. Алла тағала «Сендерге жер бетінде (белгілі) бір мерзімге дейін өмір мен өнім көзі сырзың) бар. Сол жерде тіршілік етесіңдер...», - деп (Ағраф. 24-25) беріп, ырыздығын ағаштың мәуесінен, киімін – ағаштың жапырағынан, баспанасын – ағаштың саясынан, сусынын – зәмзәм бұлағынан бұйыртқан. Сөйтіп Адам ата мен Хауа ана ашық қалған абыройларын «жаннат ағаштарының жапырағымен» жапқан (Ағраф, 22).
Жер жүзін басқан топан суының қайтқан - қайтпағанын бәлі үшін жіберген көгершін тұмсығына зәйтүн ағашының жапырағын іліп келген. Демек, жер бетіндегі тіршіліктің алғашқы белгісі де ағаш болған. Ағаш болған жерде тіршілік бар. Ағашты паналаған адамға өмір бар, ырзық бар. Өмір ағашының яғни, Мықан ағашының мұқтизасы – белгісі екені Юнус-Жүніс пайғамбар туралы рауаятта анық баяндалған. Алланың әмірімен жайын балық өзі жұтып қойған Жүністі –Юнусті: «тақыр жерге шығарып тастады» (Саффат,14) Оның терісі сыпырылып қалған еді. Сол кезде Жүніс-Юнус ес-түссіз жатқан Жағалауға бір ағаш өсіп шықты. Яғни, Алла тағалам «оның үстіне жапырағы үлкен бір ағаш өсірді» (Саффат,46) Ағаштың жапырағы оған көлеңке түсірді. Тас тигізбес үшін денесіне жауып, хош иісімен желпіп, шыбын-шіркейді жолатпады. Бір ұрғашы бұғыны жіберіп, соның сүтімен емдейді. Сөйтіп иман келтірген еліне қайтып оралады.
Ал өмір ағашының – киелі ағаш екені Мұса пайғамбарға шариғат үкімдері жазылған «Тауратты» түсірер кезде оны Тур тауының түбіндегі қасиетті ағаштың саясына келіп, Алланың аянын естіп, тауратты қабылдай бастайды Алланың нұры түскен жердің тас-талқаны шығып кететіндіктен Мұса пайғамбар қасиетті өмір ағашының саясында «Калимул – аллаһ» келген. Яғни, Алламен тілдескен. (Нисл)
Демек өмір ағашы Алланың әмірімен қажетіне қарай зәйтүн, тұт, алма, сандап, бәйтерек болып өзгеріп отырады екен. Бұл рауаят мықан ағашы туралы. Әсіре әфсаналармен мағыналас. Ал оның құрылымы, жүйесі, түр-түсі туралы Машһүр Жүсіп өзінің рауаяттарында барынша қанық суреттеген.
-ІІ-ІІ-
Бұл жолдарды өзімнің түсінігімді жүйеге келтіру үшін жаздым. Сондықтан да ешқандай түсіндірме жасалмайды, сауал қойылмайды. Абай айтқандай, «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла!».
«Алла - барлық нәрсенің жаратушысы әрі ол нәрсенің кепілі» (Зумір, 62).
«Алла тағаланың ең әуелі жаратқаны – өзінің аршысы. Әбу-Разин ибн Амир Әл-уқайым: «Уа алланың елшісі, көк пен жерді жаратудың алдында Раббымыз қайда болды?» - деп сұрағанда Пайғамбар «Ол асты-үстінде ауа жоқ бос кеңістікте болды. Сосын ол су үстінде өз аршысын жаратты деп жауап берген (Ахмад).
Пайғамбар: «Алланың ең алғаш жаратқан нәрсесі – қалам. Сосын оған «Жазу»- деді. Ол сол уақытта Қиямет күніне дейін болатын нәрселерді жазды» - деген (Ахмад, Әбу Дауд және Ат-Тармизи).
Ол (Алла) көк пен жерді және ол екеуінің арасындағыларды алты күнде жаратты, содан кейін аршыға шықты. Ол жерге кірген нәрсе мен одан шыққан нәрсені және көктен түскен нәрсе мен оған көмілген нәрсені біледі..» (Хадид,11).
«Адамды жұма күнінің ... соңғы сағаттарының бірінде аср мен түннің арасында жаратқан ең соңғы жаратылысы» (Муслим, Ахмад).
Пайғамбарымыз: «Періштелер нұрдан жаратылған. Жын оттан жаратылды, ал адам – топырақтан жаратылды. Сонымен қатар «жын - оттың жалынынан», «түтінсіз оттан жаратқан» делінеді.
Қазақтың балаларды күл төбе мен ескі қонысқа ойнатпайтыны сондықтан болса керек. Өйткені, күл – оттың қалдығы, яғни, жынның күйігі емес пе? «Ібіліс періште емес».
Жын мен адамзатты өзіме құлшылық еті үшін ғана жараттым» (Зарият, 56). Әбу, Забур: «Пайғамбар Алла жүз төрт жазба түсірді. Содан елу жазбаны пейіске түсірген»- депті (Ибн Хиббан). Ол жазбаларда адамзаттың өмірін ретке келтіретін қағида мен шариғаттың заңдары қамтылды, (Пайғамбарлар қиссасы, 42 бет)
Сонда, Даниалдың қолынан қағып түсірілген қай жазба екен? «Мұса: «Раббым маған өзіңді қарат, сені көрейін»-деді.
Мені әсте көре алмайсың, бірақ тауға қара, егер ол орнында тұра алса, сен де менң көресің»- деді. «Сонда Раббы тауға көрініс берген сәтте, оны быт-шыт қылды». Алла тағаланың нұрынан тау шашылып, күл-парша болып топыраққа айналды. «Мұса талып түсті».(Ағраф,143)
Бірде Айша Пайғамбарымыздан «Раббыңды миғражда көруің бе?» - деп сұрағанда: «Нұр ғой қайдан көрейін»,-деп жауап берген (Муслим, әт-тирмизи, Ахмад).
Бір Хадисте: Алланың пердесі – нұр, бір рауаяттар – от делінеді екен. Ол перде ысырылса, салынса дүниені өртеп жібермек екен (Әл-Бухари, Муслим). Мен ертеде бір оқыған тәпсірлерде: ғарыш, одан-арыш, одан – арсы, одан – түрсі делінген сияқты еді. Анығын Алланың өзі біледі. Пайғамбарымыз: «Мені Мұсадан жоғары қоймайдар. Расында, Қиямет күні адамдар есінен танады, ал алғаш есін жинайтын мен боламын. Қарасам, Мұсаның Арыштың діңгегінен ұстап тұрғанын көремін. Білмеймін... Есінен танып менен бұрын есін жиды ма, жоқ. Тұр стауындағы ейен тануы жеткілікті саналуы ма?», - деген екен. (Әл-Бұхари, Мүслим). Демек, арыштың діңгегі болғаны ма? Әлде кемпір-қосақ сияқты нұрлы шұғыла ма?
Мен бұрын «арсы-түрсіні» асыл нұрдың, адамдардың бойынан бөлініп шығатын 0,03 грамм рухтың жиынтығы ма екен – деп елестетуші едім. Алланың жұпарын Алланың өзінен басқа кім білсін. Мұхаммед Пайғамбар: Нұр ғой ол»- дегенінің аяттарында үлкен емеуін жатыр-ау! Мен соған толық иланамын.
-ІІ-ІІ-
Пайғамбарларды ұрып-соғып, қорлауға араша түскен, дін үшін ең ауыр қорлықты көрген адам – Ясин елінің ізгі адамы Хабиб ән-Нәттәр екен. Оны өз руластары тепкітеп, жаншып өлтіріпті. Ибн Аббастың айтуынша: Олар оны жаныштап, кеңірдегін сыртқа шығарып жіберіпті». Алла оны шұғыл, жаннатқа кір!»-деп бұйырыпты. Сондағы бақытты өмірді көріп Хабиб: «Әттең! Раббымның мені кешіріп, ардақтыларының қатарына қосқанын елім білсе ғой!»-депті. Бұл масаттану ма, әлде, ілінің де осындай жаннатқа бөленуін тілеу ме? Маған, Хабибтің соңғы тілеуі тілеу сияқты. Алла разылығын берсін.
18.01.13.
Қыдыр пайғамбардан Мұса пайғамбардың мысы да, білімі де басым-мыс. Бірақ: «Адамдардың ең білімдісі кім?»,-дегенде: «Менмін»-деп жауап беріп, «Алла біледі»- демей, менменсігені үшін Алла тағала: одан да білімді пенде бар екенін, оның екі теңіздің қосылған жерінде тұратындығын, азыққа алған себеттегі балығы жоғалған жерден табылатынын уахи етіпті. Екі теңіздің қосылған жері – Қызыл теңіздің қос қапталы екен. Қызыл теңіздің арасы ашылып, сол арадан Қыдырды жолықтырып, даналық үйрену ниетін айтады. Қыдыр оған: «Сен маған серік бола алмайсың. Өйткені өзің ішкі сырың – шындықтың астарын толық білмейтін не түсінбейтін нәрсенің мағынасын сұрамай, сабыр сақтап, артын күтуге төзімің жете ме»,-жейді. Мұса сабырлы болуға уәде етеді. Қыдыр: «Ендеше өзім сырын айтайыншы, менен еш нәрсе сұрама дейді. Содан екеуі балықшылардың кемесіне түседі. Ашық теңізге шыққанда Қыдыр кемені аса таяғымен тесе бастайды. Балықшылар тесікті бітеп әбігерге түседі. Мұса шыдамай: кемедегілерді суға батыратындай қандай жазығы бар-екенін сұрайды. Қыдыр. Мұсаның берген уәдесін есіне түсіреді. Ол қатесін мойындайды. Содан жағажайға түсіп қалып, құмда ойнап жүрген балалардың біреуін ұстап алып, бауыздап өлтіреді. Жазықсызды өлімге қидың деп уәж айтқан Мұсаға оның өзіне берген уәдесін есіне түсіреді. Бұған кейін сұрақ қоймасқа соңғы сөзін береді.Содан, әбден арып, аршып аштықтан бұратылып бір ауылға келеді. Ешкім бұларды қабылдамай, дәм татырмай, қақажау етеді. Айылдың шетінде құлайын деп тұрған бір дауылды көріп, Қыдыр осы дауылды түзетіп қояды. Сонда Мұса: «Қаласаң осы еңбегіңе ақы алар едің. Қайырсыз елге неге көмектестің?»,-дейді. Сонда Қыдыр:
Міне, екеуміздің жолымыз осы арадан екі айырылады. Сен сабырсыздық танытқан оқиғалардың сырын айтайын. Кешегі кембағалдың кемесі. Оларға қарсы Жәбір патшасы келе жатыр. Егер кемесінің жарамды екенін білсе, оны тартып алар еді. Тегін кемені керек етпеді, сондықтан кедейдің кемесі өзінде қалсын – дедім. Ал ана бала әке-шешесін иманнан бас тартқызатын, талайдың сорын қайнататын Қостаншық па біреу болайын деп тұр. Әке-шешесін, елін қан қақсататын баланың орынына құдайға қараған бір тәубешіл перзент беруін Алладан тіледім. Ал құлағалы тұрған дауыл – екі жетім баланың әке-шешесінің қазынасы сақталған үйі еді. Сол қазынаны жетімдердің ризығына ұстайды Раббым бұйырды. Бәрі де Раббымның қолдауымен істелді.Сенің айтарын білуге сабырың жетпеген оқиғалардың арғы себебі осындай,-деді.
Мұның қазақша мағынасы, Абай айтқандай білім, «телміріп, тереңіне үңілген» сабырлыға қонады - деген тәлім. Расында да, ғылым – етенбасты, ішпыстырарлық төзім, ерінуге, ерінбейтін сабыр тағы да сол Абай айтқандай, мінез ақылының сауатына сиған, ішті, ауызы берік адамға қонса керек-ті. Ал біз сол сабырды салғырттыққа алмастырып алып жүргеміз жоқ па? Бұл мінез, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламаларға жарасады. Ал бізге ше? Ішің пыспау үшін де – ішіңді жайлаған мазасызды, етекбасты болмау үшін де мақсат жолындағы жұмысбастылық, ішпыстырмас төзімге ие болу үшін ісіңнің нәтижесіне деген сенім, сабыр сақтау үшін – қайырын көретіндей амандық пен саулық. Ойың мен мінезіңді миыңның сауатында сақтау үшін – қауымның қолдауы мен қорғауы қажет. Ал мұның барлығы кімнің басында, қай қоғамда, қандай мақсатта орын алған. Зары, атомның қуатын ашқан Кьюрилер, Резерфорд, Энштейн сияқты зиялы, сабырлы оқымыстылар өзінің ашқан жаңалықтарын ұзақ уақыт жұрттан жасырып жүрген.Тіпті Энштейн өзінің формуласын өзінің ми сауытында сақтап, таңертең теңіз жағалап серуендеп жүргенде құмға жазып шығарып, іле өзі, не көтерілген теңіз суы өшіріп отырған. Бұл Абай айтқан «бақа ғылым». Ал қырқыншы жылдары жанталасып бірінен бірі «жансыз арқылы» формула ұрлатып, адамзатқа апат әкелетін атом бомбасын жасағандар – «бақас ғалымдар». Ал, оларды «телміріп түпкі кесірін ойлатпаған» - жаһандық жаһ... мемлекеттік үстемдік пен өктемдік.
Қыдыр пайғамбардың Мұса пайғамбарға түпкі себебі мен кесірін білмей, сабырсыздықпен, төзімсіздікпен алған білімінің адамзатқа зиянкестік әкелетінін ескерту арқылы кейінгі ұрпақты сақтандыру болса керек.
Біз ол тәмсілден тағылым алмадық. Ал, Қыдыр пайғамбардың бойындағы уахибтік қасиетті – қазақтың әсіре-әфсаналық және рауаяттың көркем қабылдауындағы қыдыр пайғамбардың, «Қызыр пайғамбардың», «Қыдыр мен қызыр әулиденің» бойындағы киелі бақ-дәулет иесінен көрі терең мағыналы, әрекетінде алдағы күндердің астарлы емеуріні бар, бақ-дәулет болып адамға қонатын жомарттық әулиеліктен көрі тылсымды қабілетке ие, жазалау да, жарылқау да қолынан келетін, құпия ғылымды меңгерген, үкім кесетін жақсылық пен жамандықтың пиғылына орай үкім кесетін сот нәтижесі лайық. Ал қазақ әсіре әрсалалары мен аңыздарындағы, ертегілер мен мысалдарындағы қызыр әулие – «қырық шілген қыдыр әулие», Баба түкті шашты азиз, сақалы беліне түскен ақ шапанды абыз сияқты далалық сипатқа ие. Қыдыр пайғамбарда – Раббының уахибіне бойсыну, ал «Баба түкті шашаты әзиз де» әулиелік аян басым, зады, осы әулие бейнесіндегі Қыдыр мен Баба түкті шашаты әзіздің түпкі тегі Раббым мен тәңірлік танымда жатқанымен де кейңн ұзақ кезең бойы екі діни жолды текшей ұстаған .... «текті әулиенің» сыртқы сипаты мен ақ шапанын Қыдыр, Нәбиге жапқан сияқты. Әйтеуір осы қазақы Қыдыр әулиеде даланың бір мінезі бар. Жаратқан иемнің жаратылысы туралы тылсым ұғымдар сәбилік түйсікте, табиғи түрде жарасым тапқан. ХІХ ғасырдың сәбилері түгіл, данышпандарының өзі Аяз ата деген ұғымнан мүлдем бейхабар. Күпірліктен жаратқан иемнің өзі сақтасын, бірақ қазіргі орта буыннан төменгі толқандарға қыдыр әулиені аяз ата деп түсіндірсең, еш күдіксіз қабылдары анық.
Демек көркем бейненің тегін тектеп түсіндірмесең, сәби сананың мүлдем тегі жат ұғымдар мен бейнелерді, түбі бір тұлға деп қабылдауы әбден мүмкін. Әдебиеттің керегі де осында.
-ІІ-ІІ-
Юшағ-Юсуфтің ұрпағы таза исраил жұртының көсемі. Оны көсемдікке жеткізген оқиға – Құддыстан қарғыспен қуылған исраил дықтарды қайтадан Құдысқа Иерусилимге бастап келуі. Жұма кұні кеш батып бара жатқада исраилдықтар үшін сенбі күні кешкі ай туғанда басталады, ал ол күні олар бар харакетті тастап, құдайға құлшылық етуі тиіс, күнге қарап: «Сен де бұйрықты орындаушысың, мен де бұйрықты орындаушымын! Уа аллам, оны мен үшін біраз (аспада) ұста!»-деп жалбарынады.
Қашан исраилдіктер Құдісті жаулап алғанша, Раббым Алла, күнді аспанда ұстап тұрыпты-мыс. (Сім,Бұхыри, Муслим, Ахмад).
Алланың құдіретіне күмән жүрмейді. Бұл рауаятта эпостық сарын басым. Юшағқа сол үшін мәңгілік қонған. Бұл православия шіркеуіндегі ар-намыс, дін үшін азап шеккен тақуалар мен тұлғаларға «әулиет», «қасиетті әулие» атағын беру рәсімін еске салады.
- ІІ-ІІ-
Ілия пайғамбардың бойындағы қасиетті және оның жердегі міндетін – сауданың, табыстың, ырыс-құттың жебеушісі деп, кейде оны «Қызыр-Ілияс» деп қатар қолданып, жаңылыстау түсініп келген сияқтымын. Бәрі де зер салмаудың зияны шығар. «Пайғамбарлар қиссасындағы» оған берілген сипаттамада: Ілияс елші және «Ілиясқа сәлем!» деп ілтипат көрсету сауап екен. Ол жауыз патшадан қашып, үңгірде он жыл мекендейді. Патша өлген соң қайтып оралып, жамағатты иманға келтірген.
«Пайғамбарлар қиссасында»: Кейбір тәпсір және тарих кітаптарында: Илияс әлі тірі, сол сияқты Қыдыр да тірі деген сөз бар. Негізінде бұл өрескел қате. Тіпті қайбіреулер «Төрт пайғамбар әлі күнге дейін тірі. Екеуі – жерже, екеуі – көкте: Көктегі – Ыдырыс пен Иса, Жердегі – Қыдыр мен Илияс»-дейді. Мұның бәрі негізсіз, жалған нәрсеге (дәлелге) құрылған қате пікір. Алла тағала тек Исаны ғана көкке көтеріп әкеткен. Ал қалғандары .... өз өлімімен дүние салған» «211 бет)-деп сендіре түсіндіреді.
Алланың құдіретіне де, тіпсіршіге де, аудармашыға да күпірлі күдігіміз жоқ. Иншалла, Жаратқан иемнің құзырына бойсынамын. Тек, біз бала жастан естіген қиссалар мен .... рауаяттарда: Көктен – Иса, жерден – Мәді (Мағди) шыққанда, ақырзаман болады-мыс деп айтылушы еді. Демек, бұл жай болжам-болса болды ғой. Екінші: Ілияс пен Қыдыр жер бетінде тірі жүр-мыс – делінген рауаят, Оларды «Қыдыр қонды», Қызыр-Ілияс бата беріпті» деген аңыз-әфсанаға (мифке) айналған сияқты. Ырыс, бақ, дәулет, құдіретті киенің иелеріне, оның үстіне Раббын сүйген сәбилерді өлімге қимау – халықтық аңсар.
Осы тұрғыдан алғанда Қызыр-Ілияс пайғамбардың жер бетінде жүріп, сиынған не сүйінген құлына жарылқауы туралы рауаят әрсанаға түсіністікпен қараған лазым көрінеді. Әйтпесе, «өлгендердің қайтып келмейтіні» анық қой. Анығы Аллаға аян.
Бала жастан күймен бірге есімі жадымызда жатталып қалған, Шамкен Қажығалиевтің «Шамғон» деген есімі бір түрлі жат әрі тосын естілетін. Түбірлеп тектегенде десептеуге келмейтін. Сөйтсек, ол Мұхамедтің үмбетінің арасында бейтаныстау Шамуны пайғамбардың «Шамғун» деген екінші лақап есіміекен. Бұл Яхуди тіліндегі Хумануи (Исмаил) деген есімнің баламасы екен. Сонда, Шамғон ағамыздың әкесі Қажығали: Жау қолында кеткен Мұсаға түскен «Таураттың» сүрелері жазылған тақта жазуды, оның жыланға айналған асатаяғын, киімдерін және һаруаннан қалған заттарды, көктен түскен жеміс шырынын Раббыма құлшылық ету арқылы оны алаяқтардан яхудилерге қайтарып бергені туралы рауаятты білетін болғаны ғой!
Шамған нәби қасиетті заттарды жұртына қайырғаны үшін пайғамбар атанады. Ал оның есімінің құрметіне орай қойылған қазақ Шамғон туған ұлтының рух қуаты - күйді қайта тірілтіп, дүниені дүр сілкіндірді. Құрманғазы атындағы ұлттық академиялық оркестреден көп шетелде өнер көрсеткен ұжым елімізде жоқ шығар! Топырағы торқа болсын.
-ІІ-ІІ-
Дәуіт – Давид Раббының ерекше ықыласына ие болған төрт кітаптың бірі – «Забурды» аян еткен пайғамбар – Дауысы ерекше әуезді, ол «Забурді» оқығанда құстар да ұйып тыңдайды-мыс. Жүрегі мен жаны таза елші екен. Ол темірден түйін түіп, шығыршық сауыт соғуды үйретіпті-мыс.
Әділ қазы болыпты.
Әйел жынысына ерекше ынтық болыпты.
«Дәуіт өте қызғаншақ еді» (Ахмад)
Ол өлім періштесін «Алланың әміріне құлдық, қош келіпсің!» - деп сабырмен қарсы алыпты. Дәуіт пайғамбар туралы рауаят та, қисса да, тәміл де, адам аттары да қазақта көп. Досымыз Дәуітәлі ақынның есімі де осы Дәуіт пайғамбардың құрметіне қойылған. Топырағы торқа болсын, Марқұмның! Алла тағаланың:
«Адам баласын бірін-бірі арқылы қорғамаса жер жүзі бұзылар еді», яғни, адам баласының біреуі екіншісінен қорғанбаса, дүние бұзылар еді. Шын мәнінде, Аллаға қиямет күні адамдардың (ішіндегі) ең сүйіктісі әрі жақыны – әділ басшы. Ал Аллаға қиямет күні адамдардың (ішіндегі) ең жеккөрініштісі және қатты азапталатыны залым(зұлым) басшы»,-(Ахмад) деген аянаттарының түсуіне себепші болған Дәуіт пайғамбар.
-!!-!!-
Пайғамбарлар соңына мирас қалдырмайды, садақа қалдырады екен. Дәуіттен соң пайғамбарлық Сүлейменге қонады. Оған пайғамбарлықтың белгісі (мұғжиза( ретінде дүниедегі барлық мақұлұқтардың тілін меңгеру нәсіп етіледі. Желді – көлік етті, жындарды қызметшісіне айналдырды, бұлтты көшіріп қалаған жеріне жаңбыр жаудырды, ұшқыш кілемі болды, мыс қорытуды игерді, әділ қазы болды.
Сүлеймен туралы тәмсілдер қазаққа да кең тараған. Баығыз, құмырсқа, әйел патшайым туралы рауаяттар, аңыз, ертегі деңгейіне, көтерілген. Соның ішінде қазақ ішінде кеңінен тараған, біреу –Шоң биге, біреу – Отыншы биге, енді біреулер – Төле биге теліп жүрген, жоғалып кеткен баласын таныған әйел мен асыраушы әйелдің дауы туралы көркем шығармаға арқау болған. Тіпті жазушы ағайындар өзара таласып, қызылшеке болып жүрген дауды шешкен де осы Сүлеймен пайғамбар екен. Дәл қазақы ауызекі әңгімедегі сияқты, бір аласапыранда (қасқыр шапқанда делінеді) бір жас әйел баласын жоғалтып алады. Орайы келгенде жас әйел баласын таниды, ал егде әйел шындықтан танады. Дәуіт пайғамбар дауды егде әйелдің пайдасына шешеді. Сонда Сүлеймен: «Маған қанжар әкеліңдер баланы қақ жарып екеуіне бөліп берейін!»,-деп тұра ұмтылады. Сонда кіші әйел баланы өлімге қимай: «Алланың рахымы жауғыр, баланы өлтіре көрмеңіз»,-деп шырқырай жөнеледі. Ал егде әйел біз бақпайды. Баланы өлімге қимаған кіші әйелдің айтқаны шын екеніне көзі жетіп, сәбиін өзіне қайтарады.
Міне, сіз бұл рауаятты қазақы әңгіме ретінде жақсы білесіз. Ал әлгі билердің қайсысы .... төрелікті жасаған. Жасағанына нежазушының болса қиялы екеніне, ендігі билік айтуды сіздерге қалдырдық. Бұған да ләж табатындар табылып қалуы мүмкін-ау. «Бір түнде жетпіс әйеліме аяқ сап, Алла үшін атқа мінетін жетпіс – жауынгер таптырамын»,- деген күпірлік сөзі үшін, «Алла қаласа» демеген үшін, жетпіс әйелінің де бойына бала бітірмепті. Тек бір ғана жарым жан бала силапты.
Әр ісімізге Алла жар болсын де. Сол жалғыз жар болмаса, бар тілек-батамыз босқа кетеді-деп біздің Төгіс атамыз айтқан екен. Соны еске алып, батаның реті келгенде , оны әр игі ісімізге «Алла жар болсын!»,-деп қайырамын. Алла жар болсын! Де
-ІІ-ІІ-
Ғұзайырды ғайыптың пайғамбары десе де, болатын сияқты. Палестиналық Исраил қауымы тағы да Раббының жолынан айниды. Елсіз иенге жіберілген Ғизайыр Гирани шыққан жұртты көріп.. «Алла мұны қалай және игерілтпек?»-дегені үшін оның жанын ұйықтап жатқанда алады да, жүз жылдан соң қайта тірілтеді. Қураған сүйектерді жиып, оларға да жан бітіреді. Әлгі төбедегілер ізім-қайым жғалған Ғұзайырдың атын білгенімен өзін танымайды. Ақыры жүз жасаған кемпір Ғұзайыр кеніне кепілдік береді. Яғудилер Ғұзайырды қазір де: «Алланығң ұлы»-деп қатты қадірлейді екен.
Әрине жаратқан Ием жалғыз. Ол ешкімнен туған жоқ. Одан ешкім тумайды. Тұрағы – ғайып, яғни, ла-мақан.
Ендеше, Ғұзайыр Раббының құзырымен ғайыптан қайта жаратылған нәби дәрежесіндегі кәдімгі пенде.
Анығын Алла біледі.
-ІІ-ІІ-
Мариям Имранқызы – Иса пайғамбардың анасы. Туа сала Раббының жолына аталған «Абырайым сақтаған» азат, гение әдепті тақуа қызға: Алла тағала: «Рухымен дем үрлеп, ол Раббының аянын және (түсірген) кітаптарын растады(мойындады). (Бахри, ...) Алла тағала өзі жаратқан пенделерді төрт дәрежеге бөліпті.
Бірінші дәрежедегілер – пайғамбарлар (Әл-Әнбиялар);
Екінші дәрежедегілер – шыншылдар (Әс-сиффитун);
Үшінші дәрежедегілер – шаһидтер (Әм-муһада);
Төртінші дәрежедегілер – ізгі адамдар (Әл-самухин)
Мариям Мранқызы – үшінші дәрежедегі шыншылдар жамағатына жатады. Мариям мен Исаның ерекше белгісі жоқ, Яғни, бұл екеуін туған кезде, оларды шайтан түртпеген». Мұның мағынасы былай: Әрбір сәби дүниеге келгенде оны шайтан саусағымен түртеді екен. Саусақтығ ізі нәрестенің денесінде қала ма, жоқ па, ол жағы Рауаятта ашып айтылмаған. Алайда, ір мұсылман нәрестенің құймышағының үсті көгеріп туады. Перзентханадағы медбикелер қазақтардың нәрестесін корейлер мен монғол-якуттардың сәбиінен осы белгі арқылы ажыратып алады екен. Демек, сол «көк қал» шайтанның түрткендіктен де «кейіске келгеніне» өкініп, сәбилер жылап тумасын. Ал Мариям мен Иса Алланың рухымен үрленгендіктен де «кейіс дүниеге келгеніне» өкінбеген шығар, шайтан түртпеген шығар. Бұл олардың дәрежелік ерекшелігі.
Мариямның ұстазы Закарияның ұлы Яхияға «кітап бұйырылды». Сол елдің патшасы өзінің туған ағасының қызына ғашық боп, қыз да құмартады. Яхия бұл некені «һарам» деп жариялайды. Ақыры күйітке шыдамаған қыз: «Маған Яхияның басын кесіп әкел. Менің қалың малым сол болсын!»-дейді. Яхия ғибадатханада отырған жерінде патша әскері оның басын кесіп, табаққа салып, әлгі салдақыға сый ретінде тартады. Осы кезде Яхия отыз жаста еді. Сол жылы Исаға пайғамбарлық қонады.
19.01.13.
Имраның қызы Мария он бес жасқа ьолғанда Алланың әмірімен Жәбірейіл оның омырауына дем үрлейді. «Кеуде қуысынан кірген дем жатырға еніп, Мариям бала көтереді».Айы-күні толып, толғағы басталғанда, толғақ азабы жетелеп айдаладағы қурап қалған құрма ағашының түбіне алып келеді. Мариям: «Бала бойыма бітпей жатып өліп кеткенімде, атым өшіп тынар едім ғой»-деп жатып Исаны дүниеге әкеледі. Сол кезде оның төмен жағынан:
Қайғырма! Раббың сенің астыңнан ағын су шығарды,-деген дауыс естіледі. (Әсіре афсана мен ертегінің заңы бойынша ағын су бар жерде өмір бар. Бұл рауаятта да өлімге бел буған Мариямның астынан ағын су пайда болды, яғни, өмір, нәрестенің өмірі басталды) Мариям су ішіп, әл жиғанда:
Құрманың дінін сілкі. Одан жаңа піскен құрма түседі,- деген әлгі үн қайта естіледі.
(Мұнда да әсіре әфсаналық, мифтік) мотив қайталанады. Әуеліде өлімнің белгісі болған қурап қалған құрма ағашына ағын су, яғни, өмір нәрі тамыр арқылы тарап, ол да тіріліп, жеміс береді. Құрманың да, Мариямның да сол арқылы оның нәрестесінің де бойына тіршілік қана жүгіреді.Демек, Иса пайғамбар да қасиетті Мықан ағашының киелі жемісі арқылы өмір риздығын татқан. Бұл ағаштың қурауы оның өліміне де нысана, Яғни, ол керілген кергі де қураған ағаш). Бұл тегін гәміл емес).
Сонымен, Мариям Имранқызы құрмадан дәм татып, күш-қуат жияды. Иса өмірге келген қураған құрма тұрған жер – Байту-ул-Лахм-деп аталатын. Жаңағы беймәлім үн – Алланың мұғжизасымен сөйлеген нәресте Иса ма, жоқ, аян ба, оны ажыратпастан Мариям Имранқызы Байт-ул Лағмнан – Байт-ул Мағдиске баласын құшақтап келеді. Пірадар Мариямның жасырын босанып келуі таңданысып, жөн сұрағанда, тіл-жағын ашпай, нәрестені меңзей берді. Сонда сәбиге тіл бітіп:
Мен – Алланың құлымын. Маған қасиетті кітап бұйырылды. (Інжіл). Мені пайғамбарлыққа уақиб етті. Құт дарытты. Намаз бен зекетті тастамаймын. Менің туған, өлген, қайта тірілген күніме Алла амандық берсін,-деп ақида, иман, ғибадат, әдеп рәсімдерін атап өтеді.
Содан бастап қашан кәдімгі сөйлеу жасына жеткенше нәрестеге тіл бітпеген. Әрине, Яхудилер Раббының мұғжизасына сенбей, Мариямды «салдақы», Исаны – салдақының баласы деп атайды. Сондықтан да олар «жайлы, телсең жердегі бір бұлақтың басында» өмір сүрді.
Иса отыз жасқа келгенде, отыз жастағы Яхия Закария ұлының басы кесіліп, табаққа тартынған соң, Мариямның ұстазы Закарияның тірі кезінде «Тауратты» толықтыратын «Інжілді» Раббым Исаға түсіреді.(Мәнда, 46). «Тауратта» һарам етілген кей нәрселерді халал етті. Исаның соңынан он екі хауари (ізбасар) ерді.
Ол үш жыл пайғамбарлық етті. Исраилдік дін басылар Римдіктерге сүйеніп, оны дар ағашына кергіге асты.
Рауаят бойынша: Исаның көкке көтерілуі туралы Алладан жарлық түсісімен ол өзінің он екі хауариін жинап, оларға: «Сендер маған келтірген имандарыңнан он екі рет танасыңдар. Қайсың менің бейнеме ұқсап, менің орыныма дарға асылса, сол менің пайғамбарлық міртебеме ортақ болады,- дейді. Хауарилардың ішіндегі ең жасы ол міндетті мойнан алды. Содан кейін Иса пайғамбар үйдің төбедегі тесігінен ептеп көкке көтеріле бастайды. Исаға ұқсас жас хауариді алып кетіп, дарға асады.
Міне, Иса пайғамбардың өлімі мен тірідей көкке көтеріліп кетуіне, не өлген соң тірілуіне байланысты наным алшақтығының оның жолын ұстанушылар Хауарилер үшке бөлініп кетті.
Бір топ хауарилер: Алла өзі қалаған мерзім аралығында біздің арамызда болды, содан кейін өзі қалаған тұста көкке көтеріліп кетті – десті. Яғни, Иса – Алланың өзі, Ол – адам емес – дейшілер, олар – Яғқубиялар.
Екінші топтағы хауарилер: Алланың ішінде арамызда болды. Өзі қалаған кезінде ұлын көкке көтеріп алып кетті, - десті, бұлар – мастурилер.
Үшінші топтағы хауарилер: - Біздің арамызда Алланың құлы әрі елшісі өзінің қалағанын мерзіміне дейін болды, содан кейін Алла оны діне көтеріп алып кетті – десті, бұлар – мұсылмандар еді.
Алғашқы екі топтағы кәпір хауарилар мұсылман хауарилерді өлтіріп, Алла тағала Мұхаммед пайғамбарды елші етіп жіберіп, құранды түсіргенше, исламның ізгі ілімін жоғалтты. (Мүслим, ән-Нәсән).
Біз хауарилардың бұл үш табының көзқарас айырмашылықтарын тәпсір етпейміз. Анығы Алланың өзіне ғана аян мұғжиза бұл.
-ІІ-ІІ-
«Мүслимнің хадис-тәпсірінде: Қиямет-қайым болады: «Алла Шам жақтан суық жел жібереді-міс-деп түсіндіріліпті. Бұл, осы атом бомбасының, не жаппай жылынудың зардабы емес пе екен?
-ІІ-ІІ-
Жаннаттың сегіз қақпасы бар көрінеді. (Әл-Бухари, Мүслим).
Осы мамлүктер мен қараханилдер арқылы кең таралған сегіз бұрыш - ?? – осы жаннаттық сегіз қақпасының мекзеуі емес пе?
Біздікі болжам, сауал ғана. Алла күпірлігінен сақтасын.
-ІІ-ІІ-
Мұхаммед – кәдімгі пенде, оған Алла тағаланың ерекше уаһибімен елшілікке таңдап алған ерекше пайғамбар. Оған алдыңғы түскен үш кітапты мансұқ (күшін, үкімін) етіліп, шариғаты кемел «Құран-Кәрім» аян етілді.
Алла – қаһ, ол жалғыз.
«Құран» - шын.
Не істеймін десе де Алланың әміріне құлдық.
Тек: Алланың әмірімен істеліп отырған уахибті пенденің ісінен ажыра білдір, Алла!
-ІІ-ІІ-
Адамзатқа, Адам ата – Хауа анадан бастап 24 мың пайғамбар, 34 мың сахаба жіберіліпті. Сол пайғамбардың дені исраил жұртынан шыққан және солардың қолынан азапталып өлген. Сол үшін де исраил жұртына: қиямет-қайымға дейін бастарың бірікпесін – деп қарғыс айтылып, Құдыстан қуылыпты-мыс. Қашан олар ғылым, білім арқылы Алланың құпиясын біліп, кешірімін алғанша, олар ғылымды – дін ретінде ұстанбақ-мыс.
Бұл да рауаятқа берілген бөгде түсініктердің тәпсірі.
Анығы - ғылымының тілін білген адам, жамағат, ұлт, халық – мұратына жетеді. Жеке таным мағлұматын жүйеге келтіру үшін біз де осы жолдарды қағазға түсірдік. Бұл – пайымдау емес, анығында тоқып, есте ұстау үшін жазылған баяндау. Сондықтан асылық етуге болмас. Ал, жария етілсе, онда тиісті тәпсір берілетін шығар. Алла ризығынан нәсіп етсін!
19.01.13. сағ.10.00
23.01.13 ж.
Сәрсенбек Бекмұратұлы дайындаған «Миссионерлер дегеніміз кімдер?» атты «Алматы ақшамында» (10.01.2013) жарияланған топтаманың «Миссионерлік және империализм» деген тақырыпшасында яһудилар мен англо-саксандардың протестанттары АҚШ-ты шымылдық сыртынан билеп отырғаны мысалға келтірілген. Хрестяндардың миссионерлік саясаты туралы Кенияның премьер-министрі Камао Бкениятта: «Миссионерлер жерімізге келген кезімізде «Інжіл» олардың қолында, жер африкалықтардың қолында еді. Бізге көзімізді жұмып дұға қылуды үйретті. Көзімізді ашқан кезде «Інжіл» - біздікі, жер – олардыкі болып кеткенін көрдік», - депті.
Біз де соның кебенегін басымызға киіп алған жоқпыз ба? Қандай күйінішті сөз. Мен 1991 жылы: Оңтүстік Африка халқының 85%- зәңгілер, 15% - ақ нәсілдер. Ал ұлттық байлықтың 85% – ақ нәсілдердің, 15% – зәңгілердің үлесінде. Жерді сатсақ біз солардың кебін киеміз – деп жазып едім.
Қайдан ғана аузыма түсіп еді. Сол кебенекті кидік. Соған миссионерлер ерекше ықпалды қарқын берді.
Осыны білмейтін адам жоқ, бірақ, қарсылық көрсеткен жанды, тағы да көрмедік.
Можантопайлар қайдан ғана пайда болады? Түсінбеймін.
Достарыңызбен бөлісу: |