ІІ. КЕҢЕС ДӘУІРІНІҢ ҚАЗАҚ ПУБЛИЦИСТЕРІ 1.Қазақтың сыр сандығы (С.Сейфуллин) Егер Сәкен Сейфуллинді өз дәуірінің көзі, құлағы, көш бастаушы серкесі, сарабдал сыншысы дейтін болсақ әр кезде газет-журналда жарияланған материалдарынан осы айтқандарымызға сай келетін қасиеттерді көп кездестіреміз. Ол- бүкіл саналы ғұмырын, ақыл-парасатын, білімін туған халқы үшін сарп етіп, қаламы ұшқыр журналист ретінде де қызмет еткен азамат.
Ойлы да көпшіліктің көкейіндегісін тап басатын мақалаларымен халықтың санасына білім нәрін құйып, жаңалық мәнін түсіндірген, ізгілік сәулесін төгіп, ел-жұртының мүддесін қорғауға, оның болашағын ойлап жақсылық жолына қарай жетелеуді мақсат еткен мақалалары осы сөзімізге дәлел бола алады. Мысалы С.Сейфуллиннің қазақ тілінің мемлекеттік статусы және сол бағытта атқарылып жатқан істерді ұғындыру үшін жазған материалдары ерекше көңіл аударарлық материалдар. Атап айтқанда, ол 1923 жылы мемлекеттік тілге байланысты «Не қылдыңдар», «Қазақстанның заң комиссариаттарына теңеліңдер», «Кеңес істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген сияқты тағы басқа мақалалар жазып баспасөзде жариялаған.
Дарынды ақынның қазақ тілінің проблемаларына байланысты осыдан 74 жыл бұрын жазған мақаласында айтқан ойлары күні бүгін де маңызын жойған жоқ. Бұған көз жеткізу үшін Сәкеннің мақалаларын оқып көрейік.
Оның алғашқы «Не қылдыңдар» атты мақаласында жалпы ресейлік Комунистер партиясының 12-жиылысында «Әрбір аймақта қай халық көп болса, сол аймақтың кеңселерінде іс сол жергілікті көпшілік халықтың тілінде жүрсін» деген қарардың шығарылғандығын, патша заманында кемдікте болып, өгейсірей бастаған халықтар тілінің болашағына жол ашылғандығын қуанышпен айта келіп: «Қазағы көп жерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу ретінде ел аралаған, қала аралаған жұмыскерлердің бәрі де жәрдем қылып, жол көрсетіп, бұл мәселенің орындалуын тексеріп отырулары керек. Міне, сөйтіп, жұмылып жалпы кіріссе ғана бұл істен көңілдегідей жеміс шығады.
Кеңселерде қызмет істері қазақша жүргенде ғана бұл күнге шейін қадірсіз болып келген қазақша хат білетін адамдардың бағалары артады. Жұрт оқуға ынталырақ болып кіріседі.
Бұл Қазақстанның, жалпы еңбекшілердің алдағы бір тығыз керекті ісі», - деп қорытындылайды.
Тағы да осы мәселеге байланысты «Қазақстанның Заң комиссариатына теңеліңдер» деген екінші бір мақаласында: « Бұл әр жерден келіп жатқан хабарларға қарағанда, қазақ тілін іске асыруға көп жерлерде іс басындағы жігіттердің көбі онша ынталы көрінбейді.
Әр түрлі себептер айтады. Ақша жоқ дейді. Қазақша іс жүргізуді білетін кісілер жоқ дейді, әлі толып жатқан сары уайым, қауіп-қатерлерді жаңбырдай жауғызады.
Әрине, ол белгілі. Ынтасыз, іске, көңілсіз іске сансыз бөгет, сансыз уайым табуға болады. Бірақ, біздің айтуымызша, бұл іске бөгеттің көптігі басқа себептерден. Себептің ең алды – іс басындағы адамдардың бұл іске шындап кіріскен ниеттерінің жоқтығы, ынталарының жоқтығы», - деп берекесіздіктің қайдан шығып отырғандығын сынайды. Сәкен журналист бұл пікірді бұдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын емес, біздің қазіргі жағдайымызды көріп-біліп, күні кеше жазды десе болғандай. Қайран азамат-ай!
Ақыры, 1924 жылғы наурыздың 6-сында Қыр ОАК (КирЦИК) Президиумының мәжілісі болып, онда кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жөніндегі комиссиясының жұмысы талқыланады. Мәжіліс біршама тартысты өтіп, 1923 жылғы қаулының толық орындалмай, түрлі тосқауыл-кедергілерге кездесіп отырғандығы айтылып, осыған орай Қыр ОАК Президиумының мәжілісінен кейін С.Сейфуллин Қазақстанның губерниялық және уездік комитеттерінің төрағаларына мына мазмұндас хат жазған:
«Қазақстанда әрбір мекемеде қызмет қылып жүрген азаматтар һәм қызметтен тыс адамдар жалпы жұмыла бұл іске кіріссе, бұрынғы патшалардың замандарынан бері жұмылған ауызда буылып келген қазақ тілі совет мекемесіне кіруі хақ. Жалпы жігер, жалпы ынта керек..»
Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге: «біреу ұлтшыл деп айтады...» - деп бой тартады. Бірақ ол – қулық, бұл – коммунистік қылық емес, ол жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін « жақсы коммунист екен...» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» дер. Бірақ сондай сасық демагогтер коммунист партиясының Орталық Комитетін «ұлтшыл» деп айта алмас», - деп келіп ел арасындағы хат білетін адамдардың тізімін алу, әсіресе, жастарды іске тарту жөнінде төрағаларға кеңес береді.
Қазақ тілінің проблемасы әлі сол күйі, «Біреу анау деп қалады, атыма сөз келеді», деп тайсақтаған сорлы қазақ өз тілінің тынысын тарылтып, өкпесін сығып әлі отыр. Сірә, бүйте берсе тұншықтырып өлтірмей тынбас...
Екіншіден, оқу-білімсіз, ғылымсыз жаңа өркениетті ел қатарына қосылу мүмкін еместігін бар жанымен сезген аяулы азамат өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап жүріп, тынымсыз еңбек еткен. Бұл тұрғыда баспасөз бетінде жарық көрген оның « Зор міндет», «Әр қазақтың жадында оқу болсын», «Қазақстандағы губернялық атқару комитеттеріне, әрі оқу бөлімдеріне», «Қазоркомның 2-ші жалпы жиналысы», «Біздің бағыт», «Қызметкерлер даярлау», «Еңбекші қазақ жастарының есіне», «Оқушы жастарға үлгі», «Оқудағы жастар арасында», «Екі мың Орынборда», «Оқу – білім майданында», «Қазақ арасында сауатсыздықты жою» секілді тағы басқа мақалалары заман арқалатқан ауыр жүкті қабырғасы қайыспай көтерген. Бұл материалдар «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналдарында әр жылдары жарияланса да бір-бірімен сабақтасып, бірін-бірі толықтырып жататын дүниелер.
Сөйтіп, С.Сейфуллиннің публицистикалық материалдарының басым бөлігі оқу, ағарту ісін, мектеп, медресе жайын, оқушы, оқытушы хал-күйін өзекті арқау еткен. Оқымаған адам, оқымаған халық қашанда қараңғы, надан, соқыр болатынын, соқырдың күні қараң екендігін түсінген ол материалдарының бәрінде «Әр қазақтың жадында оқу болсын», « Қазақстан ел қатарына кірсін деген кісі оқу ісіне бар ынтасымен жәрдем, көмек қылуы керек», « Барлық күш оқуға» - деп жалпы халықты білім алуға, сауат ашуға үндеді.
Мәселен, «Барлық күш оқуға», «Қазақстандағы губерниялық атқару комитеттеріне, әрі оқу бөлімдеріне», «Қазкомның 2-ші жалпы жиылысы» атты мақалаларында жас Кеңес өкіметінің шаруашылығы енді-енді оңала бастағанын кезекке қойып, аяғынан тік басып кету шараларын қарастырып жатқандығын айта келіп, «Енді оқу жұмысын ілгері бастырудың жол-жобасы көрсетіледі, ендігі зор міндет оқу оқырмандарының мойнында қалды. Бұл жұмысқа исполкомдар шын көңілмен кіріссе жауымыз – наданшылықтың сөзсіз жеңілуіне жетеді» - деп бір жағынан ел басшыларын қамшылай, екінші жағынан ертеңі бар ел екендігімізге сендіріп, жігерлендіре түсті.
С.Сейфуллиннің публицистикалық еңбектерінің арасынан тағы бір ерекше орын алатын тақырып – баспасөз мәселесі. Оның көптеген мақалалары баспасөзді тарату, алдыру, оған қатысу, баспасөздің мақсаты, маңызы туралы орынды ойлар қозғайды. Бір ғана баспасөз жөнінде 1922-1923 жылдар аралығында оншақты мақала жазып, жариялаған. Олардың қатарында «Қазақ халқының төмен тобының азаматтарына», «Қазақ жұмыскер, кедейлері газет-журнал оқулары керек», «Баспасөз майданында», « Баспасөзді күшейту жұмысы», «Қазақстан баспасөздері», «Оқушы жастарға үлгі», «Екі мейрам», «Газетке не жазу керек» секілді тағы басқа да материалдары бар.
Мәселен, ол «Қазақ халқының төмен тобының азаматтарына» атты мақаласында «Еңбекші қазақ» газетінің шыға бастағанына едәуір уақыт болса да, газет бетінде әлі күнге шейін жалпы бұқараның сөзі көп көрінбей келе жатқанын, оның себеп –салдарын тізбелей келіп: «Енді газет-журналды оқып, ойланып, газет-журналға өз мұң-мұқтажын ерінбей жазып, аянбай іске кірісетін уақыт жетті. Рас, алғашқы уақытта газетке сөз жазғандардың сөздері әдемі, шебер, сұлу болмаса да, бірақ одан ұялмау керек. «Туа мүйіз бітпейді, жүре мүйіз бітеді» деген.... деп, қалың көпшілікті баспасөзге үнемі қатысуға, өздерінің сырласы, мұңдасы, мінбері етуге шақырады.
Үшіншіден, С.Сейфуллиннің көркем туындыларынан, журналистік еңбектерінен басқа қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан әдеби-ғылыми материалдары мен басқа да зерттеулері баршылық. Мәселен, оның әр жылдары жазған: «Әдебиет һәм оның бағыттары», «Асау тұлпар туралы», «Қазақтың көркем әдебиеті туралы», «Әдебиет майданында», «Әдебиетті бағалау және құлық – сананы тексеру», «Көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсе», «Көшпелі дәуірдегі қазақ әдебиетінің күйлерінен», «Әдебиет – тап құралы» , «Қазақ әдебиеті туралы хат», «Шашыранды сөз, даулы мәселелер туралы», «Байсалды жүйрік», «Биыл мен не жазамын», «Өрлеу үстінде» секілді мұралары осыны дәлелдейді.
Бұл еңбектерінің көпшілігінде Сәкен ұстаз ретінде көрініп, әдебиет майданына араласуға талпынған қаламгерлерге демеуші, сүйеуші, бағыт-бағдар беруші болып, әдебиет жөніндегі өз қөзқарастарын, ой-пікірлерін ортаға салып отырады. Мәселен, ол «Көркем әдебиет туралы білуге тиіс үш нәрсе» деген мақаласында:
«Айтайын деген қиялға, яки ойға кез келген жабайы сөздерді жұмсай бермей, әуезді, күйлі сөздерді, адамның сезіміне әсер ететін дыбысты сөздерді жұмсаса, сөз күйлі, әуезді болады. Сөз – құс. Құсты қалай білу керек...
Жазушы қай тілде жазса, сол тілді әбден билеп алған болуы керек. Сөзге бай болуы керек. Халық арасында, ойда,қырда, бір жерде жүргенде, тұрғанда, отырғанда естіген әрбір сөзді жібек жіпке тізген моншақтай тізіп алуы керек», - деп жастарға жазудың қыр-сырын алғы шарттарын айта отырып, бағыт-бағдар сілтейді.
Осыған орай С.Сейфуллин көне мұраларды, жеке ақындардың шығармаларын жинағанда өзіндік әдіс-тәсілдерді айтады. Көпшілігінде қазақтың кең сахарасын өзі аралай жүріп, көнекөз қариялардың айтуы бойынша жазып алып отырған болса, Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан сал ұрпақтарын, балаларын арнайы іздеп барып та біраз деректер жинағанын баяндайды. Сол тұстағы көзі тірі Иманжүсіп, Ғазиз, Әубәкір Диваевтармен, Жамбыл, Кенен сынды дарабоздармен кездесіп, олардан керекті материалдарды ала білген. Сондай-ақ, 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде көпшілікке ашық хат жариялау арқылы да: ҚазПИ студенттерінің көмегімен де көптеген материалдар жинаған.
С.Сейфулиннің бұлардан басқа да ұлттық мәдениет, өнер саласындағы толғақты мәселелерді көтерген ойлы туындылары аз емес. Олардың қатарына «Ұлт театры туралы», «Мәдениет майданында» секілді мақалаларын жатқызуға болады. Бұл шығармалардың қай-қайсысында болмасын жазушының ұлттық өнеріміздің кемшін соғып жатқан тұстарын тап басып, оны өзге ұлттар өнерімен терезесі тең дәрежеге көтеру жолындағы ой-пікір, ұсыныс-талаптары айтылады.
Мәселен, осы орайда, «Мәдениет майданында» деп аталатын мақаласында ұлттық әдебиет, театр, музыка, кино саласындағы кежегемізді кейін тартып, кенжелеп отырған кемшілік,, олқылықтарға нақтылай мысалдармен дәйекті түрде тоқтала келе: «Мәдениет орындарының басындағы адамдар жарамды, іскер, әлеуметшіл адамдар болуы керек. Сол орындардың бәрінің де істерін енді жоғары сатыға қоюға тырысуымыз керек, істі жоғарылату үшін әрқайсысымыз да алдымен әлеуметтік сезімнің жоғары сатысына шығуымыз керек», - деген ой түйіндеп, бұл жекелеген адамдар ғана айналысатын шаруа еместігін, жалпы мәдени істеріміздің әрбір бунағын жедел түрде жоғарылату үшін салақтықтан арылып, ел болып кірісу керектігін түсіндіріп, жұртшылықты соған жұмылуға шақырады.
Сәкен төңкеріс жылдарының алғашқы күндерінен бастап-ақ жаңа өмірдің жаршысы, күндіз-түні бел шешпей сол өмірді қалыптастыруға қызмет еткен қайраткер болғандықтан журналист ретінде де елдің ішкі, сыртқы саясатына, халық шаруашылығына, өндіріс өнеркәсібіне, тұрмыс-салт, ел, халық, заман, планета тіршілігіне ерекше көңіл бөліп, қаламының қажырын да соған жұмсаған. Күнделікті тіршіліктен хабар беріп, елдің сол кездегі саясатына бұқараның көзін ашып, түсінбей жатқан тұстарын түсіндіруді, барлық салада да көкірегінің көзі бар, сауатты азаматтарды тәрбиелеуді өзіне парыз санаған. Журналистік еңбегінің ауқымды бөлігін осыған арнаған.
Оның бұлтартпас айғағы ретінде «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» және тағы да басқа газет-журналдарда жарияланған: «Советтік Руссияның жайы», «Совет үкіметі һәм оның дұспандары», «Бірінші май», «Келешек көрсетер», «Қазақ шаруашылығы», «Октябрь мәселесі», «Ұлт мәселесі һәм Қазақстан құрылысы», «Еуропа түнерді», «Қазақ даласы», «Кедейге не керек», «Англия мен Россияның арасы», «Қазақстанда әуе кемесі болатын болды», «Ұшу бізге қажет», «Аэропланнан құр қалмайық», «Қазақстанда Совет сайлауы мезгілі таянды», «Совет сайлауларына сақ болу керек», «Кооперацияны күшейту керек», «Орал губерниясы», «Орал қаласы», «Қазақ арасында сауатсыздықты жою» сияқты өз дәуіріндегі уақыт тынысын аңғартар, сан алуан мақалаларын атауға болады.
1922 жылғы наурыз айында С.Сейфуллин арнайы тапсырмамен Ташкентке сапар шегеді. Ондағы мақсаты 1921 жылғы Орталық Қазақстан, Орынбор, Торғай жағында көп жылғы соғыс зардабынан, ауыл шаруашылығының құлдырауынан, құрғақшылықтан ашаршылыққа тап болған қарапайым халыққа көмек ұйымдастыру болатын. Осы ойын жүзеге асыру үшін Түркістан республикасы Орталық партия комитетінің органы «Ақ жол» газетін мінбер етіп, аштықтан қырылып жатқан ағайындарға жәрдем қылуға Жетісу, Сырдария жұртшылығын жұмылдырады.
Осы жылдың мамыр айында ол Ташкенттен Орынборға оралады да «Еңбекші қазақ» газетінің редакторлығымен қоса Қазақстан Халық комиссарлары Кеңесінің төрағалығы қызметін қатар атқарады. Газет С.Сейфуллиннің редакторлық етіп тұрған тұсында халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендету, елде жаңа тұрмыс орнату жолында көп іс атқарады.
Осы орайда «Қазақ шаруашылығы» атты мақаласында: «Жалпы Қазақстанды тұтас қарасақ мал он есе азайған. Қазақтың малының қайтуына түрлі себептер болды... Соңғы он жылдың ішінде шаруасы күйзелген, дәулеті шайқалған жалғыз Қазақстан емес, жалпы жер жүзінде талай халықтың-ақ әр түрлі себептен шаруасы күйзелді. Бірақ шаруасы күйзелген өнерлі халықтар лезде-ақ шаруаларын түзетіп алып кетеді. Біздің қазақтың шаруасының түзелуі қиын», - деп келіп, оны туғызып отырған басты себептерге талқылау жасайды.
Ал, «Қазіргі тығыз жұмыс – егінді көп салу» деген мақаласында жоғарыда айтылған ойларын толықтырып, қуаттай отыра: «Бал жемей, ет жемей, қымыз ішпей өмір сүруге, тіршілік қылуға болады. Нансыз ешбір адам тіршілік қыла алмайды. Қалада тұратын малсыз халықты былай қоя тұрып, қырдағы шөлдегі өмірінде өздері егін салмаған көшпелі елді алсаң да наны жоқ болса, шаруасы күйзеле бастайды. Аштық кіре бастайды. Ақырында соның жерінен жұтқа, апатқа ұшырап, харап болады», - деп халық басынан өткізген тарих сабақтарын алға тартады.
Сондай-ақ, С.Сейфуллин шаруашылықтың тек шикізат өндірумен алға баспайтындығын, елдің көркеймейтіндігін, халық өзі өндірген шикізатты өзі ұқсатып дайын өнім күйінде шығарып жатса, одан түсетін пайда да мол болып, ел жұмыс таппай сенделіп жүргендерден де арылатындығын көпшілікке түсіндіріп, Қазақстанда өнеркәсіп ошақтарын салуға, оған қалталы бай азаматтардың пайшы ретінде қатысып, қол ұшын беруі қажеттігін насихаттайды.
Бұл ретте ол баспасөз бетінде «Қазақ кедейіне фабрик керек», «Кедейге не керек» деген мақалалар жазып, жер шаруашылығымен айналысу, қоныс тебу, қала, фабриктер салу жайын тәптіштеп баяндап, біріңғай мал шаруашылығымен мұратқа жетуге болмайтындығын ашық айтады. Әрі: «Берік,мықты, жемісті шаруашылық көшпелі емес, тұрған елдегі қалалы елдікі. Мәселен, түзу кең үлкен терезелі үйлер, сарайлар, бір шеті мен бір шетіне көз жетпейтін машина, соқамен айдап тастаған егіндер. Мая-мая қылып, машинамен шауып, машинамен жинаған пішендер. Темір шенді күшті көк арба, саны аз болса да, ажарлы томардай өгіздер, бұл – поселкеде...», - деп қазақ халқының экономикалық өркендеуіне ерекше назар аударады.
О шеті мен бұ шеті атпен жүрсе әлденеше айшылық жол болатын кеңбайтақ сахарамызда темір жол жоқ, автокөлікпен қамтамасыз етілмеген жиырмасыншы жылдардың басқы кезеңінде хабар алып, хабар тарату қияметтің қиыны болатын. Міне, осыған орай С.Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы бірқатар нөмірлерінде «Қазақстанда әуе кемесі болатын болды», «Ұшу бізге қажет», «Аэропланнан құр қалмайық» атты мақалаларын жариялады.
Онда автор мемлекетті біртұтас денеге теңеп, қатынас, хабар тарату мекемелерін оның қан тамырына балайды: «Қан денеге жылдам, тез уақытында тарап отырса тән саламат болады. Қан біртүрлі әлсіз тарап отырса, бөгеліп отырса, тән саламат болмайды, кеселді ауру болады. Тән зағиф болады, ақырында ауыр тұрмысқа шыдай алмай әлсіз кеселден, аурудан өледі. Бұл уақытқа дейін Қазақстан мемлекеті әлсіз, ауру тән мысалында болып келеді. Елдегі түрлі бассыздық, түрлі тәртіпсіздік сол аурумен, елмен үкіметтің арасының жөнді қатынас, хабарластарының болмай келгенінен», - деп елдегі жағдайдың, халық шаруашылығының түзелмей жатқандығы хабар-ошардың, жарлық-нұсқаулардың елге уақытылы жетпеуінен туындайтындығын айтады.
1923 жылдың күзінде Қазақстанның түпкір-түпкірінде жергілікті кеңестерге сайлау жүргізіле бастайды.Бұрынғы сайлауларға қарағанда мұның маңызы да өзгеше болатын-ды. Өйткені, сан ғасырлар бойы теңдік көрмей зорлық, қорлық бұғауында болып келген енгізілген еңбекші тап құлдық қамытынан босанып, еркін сайлауға қатысатындай күйде еді....
Осыған орай С.Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақстанда совет сайлау мезгілі таянды», «Совет сайлауларында сақ болу керек», «Биылғы совет сайлаулары» деген мақалалар жазып, осы науқанға орай Орал губерниясында өткізілетін сайлауға тексеру коммисиясының төрағасы болады. Сонда жүріп көрген-білгендерін «Орал губерниясы», «Жымпиты уезі», «Алашорда ойнағы», «Орал қаласы» деген материалдар жазады.
Мәселен, ол алғашқы мақаласында өзі көрген көріністерді: «Қара бұлттай жиналып қаптаған қалың ойдан алып қашып, автомобиль жұбатпақ болғанмен, шайқалта тербеп, қоймастан изеп, алдандыра ырғайды. Анда –санда жолмен келе жатқан мыжырайған жүдеу өгіздерге ескі салдырған ағаш арба жеккен жүргінші қазақтар кездеседі. Гүрілдеп құтырып келе жатқан автомобиль алыстан сақтандырып арқырайды. Жүргінші сорлы қутындап, ербендеп өгізін қақпалайды.Өгіздер тұғжындап, қырындап, жолдан шығып, бүлк-бүлк желеді. Ағаш арбаның сынық дөңгелегі қиралаңдап, қыңсылап жылағанын жиілетеді...», - деп суреттесе, ал «Жымпиты уезі» мақаласында Жымпиты тұрғындарының хал-күйін, ауыр тұрмысын: «Қала өте кішкентай. Өзі қазір кедей, әлсіз, нашар. Школа, мектеп жоқ. Жалғыз-ақ балалар жатқан екі үй бар. Сол балалар ғана оқиды. Онан соң татарлар мектеп ашпақ. Театр жоқ. Бір клуб бар. Сонда анда-сан,да қазақша ән, татарша ойындар (спектакьлдер) қойылады. Киномотограф жоқ. Бір мешіт, бір шіркеу бар. Өзге керекті заттары жоқ болса да Орал губерниясында мешіт, шіркеу әр ауылда-ақ бар. Дүкен жоқ, Ұсақ-түйек болғандар бар. Олардың өзі кедей», - деп қынжыла көрсеткен. Көріп отырғанымыздай мақаланың көркемдік дәрежесі бәлендей болмағанымен елдің сол кезеңдегі хал-күйін, тұрмысы мен мәдениетін бажайлауға септігін тигізетін көп мағлұмат табасыз. Әсіресе, халқымыздың мәдени кемелдену тарихын зерттеймін деген кісі үшін бай материал екені даусыз. Бұдан басқа жазушының ХХ ғасыр басындағы сыртта болып жатқан саяси оқиғаларды талдауға арналған «Еуропа түндері», «Англия мен Россия арасы», «Еңбекшіл тап қорықпайды», «Мысықтың табаны жұмсақ, тырнағы қанды», «Түркияның жайы» секілді мақалалар циклі да бар.
Алғашқы мақаласында С.Сейфуллин миллиондардың қанын жүктеген бірінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі Еуропа құрылығында болып жатқан саяси, тарихи оқиғаларға былайша талдау жасап, баға береді.
«Жемтікке таласқан қорқаулар бірін-бірі шайнамай қоймайтыны белгілі. Германия әлсіреген, шала жансар жемтік болғанымен о да қорқаудың бірі. «Борышыңды төлемедің» деп әскерін төгіп Германияның Рур деген жерін алып отырған Францияға бүгін қарсылық қылғанымен, «мал ашуы- жан ашуы» дегендей, Германия ертең-ақ жағаласуы мүмкін.
Келесі «Түркияның жайы» деген мақаласында ол бірінші дүниежүзілік соғыстың зардабы, өмірге жаңа құрылысты Кеңес өкіметінің келуі өзге мемлекеттердегі халықтардың ескі басқару жүйесіне деген қарсылық жүйесін оятып, жаңа өмірге ұмтылдыра бастағанын баян етеді. Сан ғасырлар бойы қаһарлы сұлтандардың, қалифалардың қанды шеңгелінде еңсесін көтере алмай келе жатқан Түркия азаматтарының да оянып, ескі дүниенің тар қапасын бұзып-жара шығып, жігерлі жаңа күшпен, жас қайратпен жаңа құрылысқа кірісе бастағанына қуаныш білдіре отырып: «Мұстафа-Камиль бастаған түрік халқының ұлт әскері Еуропаның жиһангер обыр-жалмауыздарына қарсы соғысып жатты. Ал Руссияның совет үкіметі де Еуропаның жиһангер, обыр-жалмауыздарымен қан майдандарында белдесіп, күресіп, жеңіп һәм жеңген соң да қатты арбасып жатты. Сол себепті, түрік халқының Мұстафа Камиль бастаған жаңа үкіметі Руссияның советті социалшыл үкіметіндей еңбекшіл таптың ғана үкіметі болмаса да, әйтеуір, өзі жиһангершілік ниетімен соғысып жатпаған соң һәм және соның соғысып жатқаны Еуропа жаулары болған соң қандай ретте болса да совет үкіметі түрік халқының бұл жаңа үкіметіне ниеттес болды», - деп жаңа өмірге қадам басқан түрік жұртшылығының іс-әрекетін қолдайтындығын айқын аңғартады.
С.Сейфулиннің журналистік мұраларындағы ең басты ерекшеліктерінің бірі оның жазу шеберлігі. Әсіресе, сөз құдіретіне, тіл табиғатына айырықша мән бергендігі. «Жақсы, шебер домбырашы күй ойнағанда (тартқанда) саусақтарын қалай ойнатса, жазушы да моншаққа тізбелеген сөздерін солай ойнатуы керек», - деп өзі айтқандай, ол мақалаларында да әрбір сөзді тауып, таңдап пайдалануда шеберлік танытып отырады. Сөздерді ретті жерлерде қолдану теориясы мен дәстүрін үнемі жадында ұстаған. Оның артында қалдырған журналистік шығармаларында мақал-мәтелдерді, небір қанатты сөздерді сәтті пайдаланғанының куәсі боламыз. Сонымен қатар ойды астарлап, бейнелі етіп жеткізудің де шебері. Айтар ойын қарабайыр, қарадүрсін баяндай бермей оқырманның санасына мықтап сіңіру үшін тіліміздегі, әдебиетіміздегі қолданылатын әдістерді пайдалануды да артық көрмейді.
Мәселен, «Күшігім-күшігім десе, күшік ауыз жалайды» деген мақаласында: «Қазақстанның әрбір жерлерінен келген хабарларға қарағанда, бұрынғы ел ішінде білгенінің күшіне сеніп, білек күшін арамдыққа жұмсайтын бұзықтар тағы да бастарын көтере бастаған көрінеді. Күшін бұзықтыққа, арамдыққа жұмсайтын қулардың кейбіреулері жігіт жиып топтап, үйірлеп мал айдап ұрлық қыла бастаған көрінеді. Кейбіреулері болыстыққа таласу партиясын қоздырып, тұтатып, бір жағынан шашбауын көтеріп, жем сауын толтыруда көрінеді. «Кейбір болыс болып алғандары әр түрлі елге түскен шығынды пайдаланып, елді борсықша соруда көрінеді. Соңғы неше жылғы жұттан, аштықтан, соғыстардан кедей болған Қазақстанды бұл залымдар құртуға бет алған көрінеді», - деп әр сөйлемнің соңын «көрінеді» деген бір сөзбен аяқтаса, «Баспасөз майданында» атты мақаласында: «Ашық қан майданда қару-жарақпен қарама-қарсы шыққан жаудан да, ішіңе кіріп алып, бір шатырдың астында, өзіңмен бір көрпе, бір тон жамылған жау жүз есе қауіпті, жүз есе сұм, жүз есе жауыз болмақ», - деп әрбір сөздің басын «бір», «жүз» деген сөздермен бастап отыру арқылы жаңаша жазу үлгісін көрсетеді.
Немесе басқаша айтсақ бір сөзге салмақ салып қайталау арқылы айтайын деген ойын бұрынғысынан да гөрі айқындап, нығарлай түседі. Оқырманы қайтып оралмастай шегендеп тастайды.
Қайраткер журналист мұрасының құнын арттырып тұратын тағы бір қасиеті – баспасөзде пікір таласын шебер жүргізуі.
С.Сейфулиннің осы қасиетін тап басып, тани білген профессор Т.Қожекеев: «Әрбір пікір қақтығысында өз дұрыстығын дәлелдеп, жеңіске жетуде, оқырмандарының көзін жеткізіп, өз жағына тартуда Сәкен пікірін баламалап, бейнелеп: уыт, кекесін, мысқылмен тұздықтап әсерлі айтуға төселгендік танытып отырады», - деп баға береді.
Қорытып айтар болсақ қазақ әдебиетінің негізін қалаушыларымыздың бірі Сәкен Сейфуллин журналистика саласында да өнімді еңбек етіп, мол мұра қалдырды. Алуан жанрда қалам тербеп қазақ журналистикасының көптеген жанрларының қалыптасуына жәрдемдесті. Баспасөзде ұлтын қорғап, халықтың тілі, дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті жайлы құнды-құнды пікірлер түйді.