7. Қаламды қару еткен қайраткер.
(Н.Манаев)
Нұғман Манаев 1895 жылдың ақпан айында Атырау облысының Теңіз ауданындағы Жанбай ауылының тұрғыны Сәрсен сиыршының қарақұрым күркесінде дүниеге келген. Жастайынан зерек, оқу-жазуға бейім болады. Сөйтіп, 12 жасынан бастап нақты білім алу жолына түседі. Өфеге келіп, Батыраш, Заки деген ұстаздардың көмегімен «Шығыс баспаханасына» жұмысқа орналасып, «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Бірақ ойы тез орындала қоймайды. Тек, 1912 жылы ғана, яғни жасы 18-ге толғанда Нұғман жоғары оқу орнының табалдырығын аттайды.
Сөйтіп, «Ғалия» медресесінде арнайы курсынан өтіп, жұмысшы ортасында сана-сезімі оянып, есейіп келген Нұғман басқа шәкірттерден оқу жағынан да, естиярлығы жағынан да көп алда болады. Б. Майлин, Ж. Тілепбергеновтермен бірге «Садақ» қолжазба журналын ұйымдастыруға қатысады. Мәселен, Нұғманның бұл журналдың 1915 жылғы сандарының бірінде «Аяқталмаған романнан үзінді» - деген қазақ қыздарының аянышты тағдырын баяндап, оларды қалың малға сатылудан азат ету, оқыту жайын әңгімелейтін шағын туындысы жарияланған.
Нұғман Манаев «Ғалияны» 1916 жылы бітіріп, ел ішінде мұғалімдік жұмысқа аттанады. 1917 жылдың сәуір айында Орда қаласында Бөкей қазақтарының губерниялық съезі шақырылады. Онда басқа мәселелермен қатар «Ұран» газетін шығару туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, халық қаражатымен шығарылатын бұл басылымның редакторы Мұсағалиев, орынбасары Манаев тағайындалады.
1919 жылы ол Астраханьдағы революциялық комитеттің жұмысына шақырылып, сондағы үгіт-насихат жұмысын атқарады. 1920-1922 жылдары Бөкей губерниясына қарасты уездерде ағарту бөлімін басқарады да 1923 жылы Ордаға шақырылып, губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып, губерниялық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін меңгереді. Сонымен қатар оған «Кедей туы» газетінін редакторлық міндеті қоса жүктеледі.
1925 жылы Бөкей мен Орда губернияларының бірігуіне орай Манаев енді Орал губерниялық комитеттің үгіт-насихат бөлімін басқаруға одан көп ұзамай жоғарылап Жетісу губерниялық партия комитетінің бірінші хатшылығына жіберіледі. Ол кезде қазіргі Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Семей облыстарының тең жарымына жуығын түгел қамтитын шетсіз, шексіз аймақты басқару кімге болсын оңай емес еді.
1926 жылдың күзінде БКП Орталық Комитететінің Птуха басқарған арнаулы бригадасы Жетісу губерниясындағы партия-совет мекемелерінің жұмыстарымен 2 ай бойы танысады. Содан соң Орталық Комитетте Н. Манаевтың баяндамасы тыңдалады. Ол өз баяндамасында орталықтан шалғай жатқан қияндағы губерниясының сол кездегісімен болашағын терең зерттей келіп, халық шаруашылығын жедел өркендетудің төмендегі жолдарын ұсынған:
1. Жетісу губерниясы арқылы республикамыздың шығысына темір жол тарту.
2. Шаруалардың сататын малдарымен азық – түліктерін қабылдайтын орталық базар ашу. Алып сатар саудагерлердің еңбекші халықты тонау жолдарын жою.
3. Пішпек пен Меркенің бірінде ірі ет комбинатын салу.
Осы баяндама бойынша БКП Орталық Комитетінде арнаулы қаулы қабылданып, сол қаулының орындалуы жөнінде 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 3 нөміріне қатарынан Нұғманның «Жетісу шаруашылығы» деген көлемді мақаласын жарияланады.
1928 жылы ол Ақтөбеде губерниялық партия комитетін басқарады да 1929 жылы қазақ республикасының халық ағарту комиссары қызметіне тағайындалады. «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жұмысының 5 жылдығы» деген мақаласында: «Біз халық ағарту майданында революция жүргізгелі отырмыз. Мұның өзі шаруашылық майданындағы адамдарды да қайтадан баулу, адамдарға жалпы білім беріп қойып қана емес, оларға белгілі мамандық беру тұрмысқа да жаңалық енгізу. Сол адамдардың қызмет әдістерінде, жұмыс істейтін шаруашылықтарына да жаңалық енгізу деген ұғым... Түйіп айтқанда, мәдениет революциясын шаруашылық саласы, тұрмыс жүйесіндегі мәдени мақсаттарымызбен тығыз байланыстыра жүргізуіміз керек...» деп жазды.
Денсулығының нашарлығына қарамастан Н.Манаев бұдан да жауапты қызметтер атқарды. 1938 жылы 43 жасында реприсияға ұшырап, 1958 жылы ғана ақталды. Осындай мемлекеттік ауқымдағы қызметтерді атқара жүріп ол журналитикамен көркем әдебиетке жақын болған. 1915 жылы «Айқап» журналында жарияланған «Аяқталмаған романнан үзінді» деген туындысы, «Еңбекші қазақ» газетіндегі «16 жыл туралы естелік», 1926 жылы «Жетісу шаруашылығы», 1926 жылы «Оқу жұмысының 5 жылдығы 1929» сияқты мақалаларымен қатар басқа ұлт жазушыларының шығармаларын аудармалау, өз заманында өмір сүрген ақын, жазушылардың өлеңдері, роман-әңгімелеріне ғылыми тұрғыдан жазған зерттеу еңбектері айғақ бола алады.
Оның алғашқы мақаласынан Шәңгерей ақынның 1847-1920 жылдар аралығында өмір сүргенін, хан ордасында туып, тәлім-тәрбие алғандықтан, төре-мырза болып екі жыл Орынбордағы кадет корпусында білім алса да, өз заманына риза болмағанын білеміз. Шәңгерейдің мініп шапқан аты- қиялы болды. Көңілімен дүниені кезді. Аспанға ұшты. Тарихты ақтарып, талайлардың шаңын қақты.
Бұл тұрғыда автор Шәңгірейдің өз творчествосында кез-келген сөзді малданбайтынын, теріп алатынын маржандарын жалтыратып тізіп-тізіп қана қоймай, шебер оймен оюластырып, өлеңі көңілді тербететін, біреуі болмаса, біреуі құрметтеп сыйлайтын, қол жетпес еді, көңілі тоқыйтын «Ұлы» тілектерді айтып, шебер әдіс қолданатынын көре білген.
Н. Манаев Шәңгерей ақынның сөзі санаулы, өлең жазғанда кейбір ақындарша бос әурешілікке салынбайтын, ұйқас іздеп азап шекпейтін, әр шумағының өз орнында жымдасып жатқанын дәлелдеп, «Артығы, кемі болмайды, сүтке су қоспайды», - деген теңеумен келтіреді. Ол Шәңгерейді «өте сыршыл», сыршылдығы жөнінде өз тұсында, өз жолында Шәңгерейден үздік шыққан ақын қазақ әдебиетінде жоқ. Шәңгерей өз заманында айналысына өз үлгісін таратқан ордалы ақын болды. Атақты Омар ақын осы Шәңгерейдін бел шәкірті. Омар өлеңінің түрін, сөзді тыңдап алып, шебер тізіп, оқушысын көңілін өзіне тарта білетін әдісін осы Шәңгерейден үйренді.-деп жоғары бағалап, одан үлгі алған бір ғана Омар емес, Өтеміс баласы Махамбет те, белгілі Күсіп те, Әзірбайұлы Абдолла да, бұлардан басқа атағы көп шықпаған бөкейдегі толып жатқан ұсақ ақындар да болғанын тілге тиек етеді.
Н.Манаев зерттеуінде Шәңгерейдін тек поэзия жанырына ғана емес, сонымен қатар прозаға да қалам тартқанын атап көрсетеді. Кезінде Шәңгерейдің «Қара мұрт» деген қара сөзбен жазылған шығармасы болған. Бірақ, бұл әнгіме-роман уақытында бастыруға берілмегендіктен, қолдан-қолға көшіп жүріп, ақыры жоғалып кеткенін өкіне баяндай отырып, «Қара мұрт» кім, қоғам ішінде қатыстың оған несі ұнайды... «Қара мұртта» одан басқа қандай кейіпкерлер бар. Шәңгерейдің мінеп сынағаны кім, еді » (41),- деген өз ойын ортаға салады.
Н.Манаевтың тағы бір зерттеуі «Қалың малдың» оқушыларына бірнеше сөз» (42) деп аталады. Бұл романға ол «Төңкерістен бұрынғы 1905 жылдар шамасындағы қазақ ауылынын өмірінен бір көрініс» , -деп баға береді.
Итбай молданың өзі қызы Қайшаны, 60-70 –ке келген Тұрлығұлдың үйіне алып қашады. Сөйтіп, Тұрлығыл Ғайшадан айырылып, оп-оңай жеңіліп қалады.
Ал, шын мәнінде бұлай болуы мүмкін бе еді... Міне, автор зерттеуінде осы мәселе төңірегінде өз ойын ашық білдіреді. Ол заманда Тұрлығұлдың тізесі тимеген ел аз. Ауылына түскенде қонақасын бермедің деп те талайларды қақсатқан, біреудін маңдайына біткен атын, біреудің жесірін дегендей тартып ала берген деп автор романдағы Қожашты Ғайшаны оп-оңай алып қашып кеткеніне таңданыс білдіреді.
Екіншідін, «екі елді сергелдеңге түсіріп, талай уақытқа созылған жесір дауы, жер дауының қалаға соқпай кетуі шындыққа сия ала ма? » Қалада Салқамбайлар, Дүйсембай қажылар қалайша жоқ болады? Егер олар сияқтылар болған болса, олар бұл сияқты жемнен қалайша құр қалады?
Осылайшы Н.Манаев «Қалың малды» оқығандағы көз көріп, көңіл сезген кемшіліктерін көрсетеді. Бұл кемшіліктер бұдан кейінгі басылымында түзетілсе, «Қалың мал» тым жақсы роман-әңгіме болғалы тұр деген пікір білдіреді.
Н.Манаевтың шығармашылық қызметінің екінші бір қыры – аудармашылық қасиеті дер едік. Себебі кезінде ол Ф.Березовскийдің «Дегеніміз болмады» және Л.Соболывтың «Кішкене Төлегеннің бақыты» шығармаларын қазақ тілінде еркін сөйлете білген. Алдымен Н.Манаевтың аударуындағы Ф.Березовскийдің «Дегеніміз болмады» романына барлау жасап көрелік. Аударма оқуға жеңіл, мазмұны оқушысын еліктіріп, жетелеп отырады. Мұндағы негізгі басты кейіпкер – қазақ ауылындағы Мұса есімді қария. Шығарма осы қарияның түннің бір уағына дейін көз ілмей, дөңбекшіп, ұйықтай алмауынан басталады.
Мұса қарттың ойына «Қадиша кемпір өледі ғой», - деген сөздер орала береді. «Кемпіріме обал болады-ау. Кейінгі рахат өмірді көре алмай кетеді» (43).
Бұл Мұсаның рақат өмір деп отырған Қазан төнкерісіне арнап, қазақ ауылдарына оның шарпуы жетіп, кедей-кепшіктерге жәрдем беру арқылы өз жақтарына тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан кез еді.
Мұса қарттың ойлауынша тастан салынған алыстағы қалада Ленин деген дырау бар. Патшаның төрелерінің барлығын даладан қуыңдар. Колчакты да қуындар деп, жаужүрек большевиктерге бұйрық берген де сол болатын. Қазақтарға бостандық берген сол. Кедейлерге мал береді. Жұрттың бәріне жақсылық болады, бәрі де бақытты болады.
Осы арада тағы найзағай ойнап, күн күркірейді. Шатырлаған найзағай дыбысы, шалдың зәре – құтын қашырады. Жүрегі қанға толып, сырқаттанып жатқан Қадиша кешікпей өліп қалады-ау, рақат тұрмысты көрмей кетеді-ау. Бұдан әрі Ақбай есімді баласының Ленин, совет үкіметі туралы айтқан әнгімелері есіне оралып, алдағы күндерге деген үмітін одан әрі жандандыра түседі. Алайда, елде соңғы кезде «Тағы соғыс болады - мыс» деген үрейлі хабар жайлап кетеді.
Одан әр күн ішінде ауыл иттерін абалатып, екі ат жеккен, қаланың тарантасын мінген екі адам шеттегі Жорабайдың ауылына келуімен жалғасады. Ауыл адамдары ұйқылы көздерін ашып уқалай жүріп, Жорабай үйінің манына жинала бастайды. Мұса қарт та Жорабайдың үйіне таман жақындап, шапан киген ақсақалдардан аулақтау, үйге таяп келіп, тізесін бүгеді. Осы жерде үрейленген ауыл адамдарын, бейсауыт уақыттағы Жорабай ауылын дүрілеткен Абылайхан мен оның қасындағы орыс шалдың образдарын нанымды түрде суреттеп, аша түскен.
«Бір минуттен кейін үйден ала шапанын желбегей жамылған Абылайхан шықты, аздап еңкейейін деген, қиған бурыл шаштың басында түбетейі бар. Оның артында орыс шалы, мұртына шейін түк қалдырмай қиған, үстіне жұқа сұр гимнастеркасы, сұр галифесі бар, аяғында биік өкшелі етік. Оның артында қалмақтай Жорабай шықты, жұрт өре түре келді». (44)
Абылайханның не мақсатпен келгенін суреттей келе, оны былай деп сөйлатаді. ... Жігіттер! Елдің ішіне қызылдар келгенде сіздер біздің сөзімізді тыңдамасаңдар...сіздер бізді қолдамасаңыздар... Сарыарқаны талқандайды... малдарыңды тонайды... қатын-балаңды, қыз-келініңді зорлайды.. құдай бұйрығы, қақ дініңді аяғына басады»! Сондықтан Алла тағала бізге аштық пәлесін жібереді.
«Жігіттер! Қызыл коммиссалар елге таяуда тағы да келеді. Қалған малдарыңды тағы да алады. Жазғытұрым олар байлардың малдарын алатын болса, енді байыңды да, жарлыңды да қоса талайды. Өздерінің орыстары әбден тақыршыққа отырады, орыстар күздікүні шыбынша, аштан-аш қырылып жатыр». (45)
Абылайхан ұзақ сөйледі. Абылай дегендер кімдер. Енді осыған тоқталайық.
Абылайхан алашорда өкіметінен келген өкіл. Ол халықты большевиктерге қарсы көтеріліске шақыра келген. Ендігі қалған осы ауыл. Міне, Абылайхан осы ауылдағы адамдарға Алашорда хабар берсе, большевиктерге қарсы көтеріліске шығамыз- деген жауабын алмаққа болған.
Бірақ, осы жерде Мұса қарттың ... «Абылайхан неге өтірік айтады, жазғытұрым мал алған қызылдар емес ақтар.... Бізді талаған ақтар... Большевиктер ешкімді ренжіткен жоқ... Абылайхан өтірік айтады?... Ондай құрметті адамдарға өтірік айтуға ұят емес пе?...», -дегенді естуі мұң екен Абылайханның дауысы шықпай үнсіз қалды. Осыны күтіп отырғандай көпшілік қауым да «Сөйле, Мұса, сөйле? »,-деп шулап қоя береді.
Бұдан біз сол кезде елді сүліктей сорып, қанаған шенеуініктер мен бай –феодалдардың ісіне түңілген халықтың, «Патша құлады », «Большевиктерге құдай көмектеседі» деген Ақбайдың сөзіне сенген елдің бар үмітін қызылдардан күтетінің көреміз.
Автор осы жайларды ашып көрсетуде көп еңбектенген. Қазақ халқының ежелден зорлық – зомбылық көріп келгенін айтып, оларға енді бостандық берілгенін де осы туындысында жан-жақты суреттеуге тырысқан. Романның үзіндісі Абылайхан мен орыс шалының «дегеніміз болмады ау, қап, бесінші ауылда дегеніміз болмай қалды-ау» деген диологымен анықталады.
Н.Манаевтың бұл саладағы екінші бір үлкен еңбегі Л.Соболевтен «Кішкене Төлегеннің бақыты деген» аудармасы. Мұнда автор, Қазақстанның байтақ та кең даласындағы табиғи байлықтың қайнар көзін – Алтайдың құшағында адам айтқысыз үлкен күш жасты, адамдарды зор қылып езу үшін құрал болатын, соғыстардың болуына себеп болатын жеке біреулерді жарық етіп, миллиондаған адамдарға тажал болатын нәрсе – байлық жатыр деп суреттеген.
Қан жылатып жаратылған қорғасын жатқан орнынан жарыққа шығарылғанда адам баласына қауіп төндіріп, қайғы –қасіретке батырып, қан төгу үшін шығарылады. Ашаршылықта жаратылған алтын әлемге аштық туғызды. Ал, бұлт басқан қайғы, көзді қарайтқан аштық, еттен өтіп, сүйекке жеткен зорлық, адам баласының тамшылаған жасы, төгілген қанымен жуылғанша бұл байлық сол мекенде мыңдаған жылдар бойы жата берген.
Ақ патшаның кристияндары, Демидовтың крепостнойлары, баста неміс консессиясының, бері келе ағылшын консессиясының жұмысшылары – орыстар, қазақтар 200 жыл бойына рудадан шығарған қорғасын, алтын, күміс өз қолдарына кісен болып салынған. Өздері тапқан байлық өздерін бұрынғысынан бетер тіленшілікке түсірген. Күкірт түтінінен булығып жүріп, рудадан шығарған қорғасындары өздеріне оқ болып атылған. Алтындары – штраф төлеу үшін бір парақ қағаз – квитанция, күмістері - күн сайын істейтін он сағат ауыр жұмыстарына төленетін 10 тиын болып келген.
«Кендірлік колхозында жас жарымға келген баланы кездестірдім. Төбесіне үкі қадаған төбетеймен ойнап, шешесінің алдында отыр. Көңілі шат, қап-қара көзімен менің сағатыма қарап қалды. Аты Төлеген екен, әкесі диірменге бару үшін арбаға астық тиіп жатыр. Шешесі біздің сауалдарымызға жауап беріп отыр. Солай, олардың тұрмысы бүгінде түзелді. Тамақтары тоқ. Әнекей, қойлары үшеу басы – байлы өздерінікі, көктемеде беріпті. Мінеки – астықтары бұл да басы байлы өздерінікі – еңбек күндеріне тиген. Үйін қарашы: тап – таза. Аштықтан көзіміз қарайып келген адамдар алғашқы жылдары тек жылаумен болдық. Киімдерімізді бүтіндеуге де үлгере алмадық.
Оның есесіне Төлегенге қарашы! Қандай топ-толық! Көтеріп қарашы, ап – ауыр.
Құртақандай Төлегеннің салмағы қорғасындай болып, қолымды басып жүре берді». (46)
Құлағыңды жарып бара жатқан у-шу жоқ кең дала, мұнартқан аспан, көкорай шалғынды шөп, жайылып жатқан мал, бауырын төсеп, көсіліп жатқан Қазақстан, міне, осыларды аралай жүріп келе жатқанда өз алдында бір дүние болып Риддер кенеттен инустрия болып тұра қалады.
Риддер құшағына алып жатқан таулар да, кеңес елінде ізделіп табылған қорғасынның тең жартысы, бір жарым миллион тоннадан артық жез, бүкіл Алтай прискілеріндегіден екі есі артық, жүз мыңдаған тонна бақыр мен алтын жатыр. Сонда олар бұйымға айналып, басыбайлы ұлттың болашағына жұмсалады. Кішкене Төлегеннің денсаулығына асады.(47) Қазақстанның Алтай қоймаларында жатқан 15 миллион тонна полиметалл рудасы – шығарманың негізгі мазмұнына арқау болған.
Н.Манаевтың бұл туындасында сол кезде-ақ Қазақстан деген елдің табиғи байлығын игерудің, оны халықтың пайдасына жарату қажеттігін айтады. Нұғман екі аударманы да қандай әдемі, көсіле аударған десеңізші.
Оның бұл аудармаларын оқыған адам аудармашының ана тілінің бар байлығын жете пайдаланғанына көз жеткізеді.
Сондықтан да болар бұл автордың қандай да бір аудармаларын, не басқа еңбектерін алып қарасаңыз да, оларда өмірдің бар шындығы бүкпесіз, әсірелеусіз суреттелетінін байқайсыз.
Айтары анық, тұжырымы дәлелді. Тілі жатық. Және өмірдің ең өзекті де көкейкесті мәселелерін көтеріп отырған. Н.Манаевтың осы ерекшеліктеріне қарағанда оны заманының озық ойлы, қаламы жүйрік журналистерінің бірі болған деп айтуымызға толық негіз бар. Рас, Н.Манаевтың мұрасы әлі зерттелінбеген.
Ендеше, осы бір бөлекше жазатын белсенді журналистің еңбегі толық зерттеліп өзінің әділ бағасын алар күні алда деп үміттенеміз. Өйткені, қазақ журналистикасының тарихында шығармашылығы мүлдем зерттелінбеген, анда – санда аты аталып қалғаны болмаса өткен еңбегі жөнінде мардымды ештеме айтылмаған азаматтар баршылық. Солардың бірі Нұғман Манаев.
8.Үлкен жүректі кішкентай адам.
(А. Лекеров)
Белгілі сатирик, жазушы Илья Эренбургтың « Красная звезда» газетінде 1942 жылы 18 шілдеде жарияланған «Өлімнен де күшті» деген – екінші очеркі кезінде майдангерлерді қатты тебіренткен патриоттық шығарма болды. Мұнда қызыл әскердің табандылығына, қайсарлығына, өлімнен қорқу дегенді білмейтініне қарсы қайран қалған фашистердің «Шварце кор», «Дал рейх» газеттеріне тұжырымды жауап беріледі.
Автор біздің адамдарды ұрысқа ұмтылдыратын нәрсе – сүю – отбасын сүю. Отанды сүю, өмірді сүю екенін очеркіне арқау етіп алған. Мұны И.Эренбург қазақ жауынгері Асқар Лекеровтың өзіне жазған хаты арқылы дәлелдейді. И.Эренбургтың «Июнь» деген мақаласын оқыған А.Лекеров жазушыға өмір туралы өз ойларын білдіреді, өзінің туған өлкесін, туған жерін сүйетінін, өмір сүргісі келетінін, сол үшін фашистерді қыра беретінін айтады.
А.Лекровтен келтіре отырып И.Эренбург – бұл хатты Совет жауынгерлерінің күші неде екенін дәл тауып айтатын, қарапайым да, адамгершілікке толы хат деп бағалайды. Осы тұста түйдек-түйдек ой тастап ерлік пен елдіктің сырын ашады.
И.Эренбург былай дейді; «Қазақ Асқар Лекеровті бастап жүрген нендей керемет» - дейсіз ғой? Ол өзінің туған өлкесін, ұлан байтақ мал өрісін, таудан аққан мөлдір бұлақты, Октябьрден соң Отанымыздағы барлық халық кенелген бақытты өмірді сүйген қасиетті махаббат. Жауынгер А.Лекеровті қан майданға бастап отырған – оның тұла бойын кернеген кек, жауға деген өшпенділік туған жерінен, жақын адамнан айырып отырған кім екенін ол жақсы біледі, фашистерді ол жендеттер деп атайды; Иә бұлар – біздің Отанымызды жаулап келген жәндеттер...әрбір совет адамы өмірді қалай сүйсе, Асқар Лекеров те сондай сүйеді. Оның өлгісі келмейді. Ол өлімге емес, өмірге, жеңіске құштар. Сондықтан өмірге деген осы құштарлық біздің жауынгерлерді қан майданда қайыспай қарсы тұруға бастайды.
Илья Эренбургтің бұл очеркі кешегі сұрапыл күндерде қолына қару ұстап, ел намысын қорғаған қайсар солдат, талантты журналист, дарынды жазушы марқұм Асқар Лекеровтің абзал бейнесін, кіршіксіз адамгершілік қасиетін көз алдыңа келтіреді.
Асқар майдан жолымен Ленинград түбінен Берлинге дейін барады. Ол содан кейін Шығыс майданына қатысты. Хинган тауларынан Порт-Артурға дейінгі жолынан өтті. Онда да қаламын қарумен бірге ұстады. Орыстың белгілі жазушыларының бірі Борис Горбатов өзінің «Үлкен жүректі кішкентай адам» деген мақаласында А.Лекеров туралы.
.... Мен танк десантшыларының ортасынан кішкентай қазақты кездестірдім. Оның еш шырайынан шаршағандықты емес, құдыретті күштілікті көрдім. Оның құдыретті күші – айналасындағы достарында. Өйткені ол адамды сүйе біледі, қадірлей біледі, құрметтей біледі. Өйткені ол – қазақтың ғана емес, қаһарман халықтың баласы, жауынгер партияның баласы» ,-деп жазды.
Міне, осы «Үлкен жүректі кішкентай адам» майданнан жеңіспен оралған соң соғыста ерлікпен қаза тапқан жолдастарының он екі баласын қолына алып, тәрбиелеп өсірген. Оның өмірінің бұл оқиғалары кейіннен «Айналайын» деген кітабына арқау болған.
Сондай-ақ, Асқардың «Айналайын» деген жан жүйесінің елжіретер жақсы сөзін, адамға деген игі тілегін оның «Сөнбейтін жұлдыз» «Түз гүлі», «Ең қымбатты» атты шығармаларының да негізгі желісінен кездестіреміз. Оның бұл еңбектерін оқырман кезінде жылы қарсы алып, сүйсініп оқыған.
Сөйтіп, Ұлы отан соғысының алғашқы күндерінен бастап майданға аттанған А.Лекеров сол қаһарлы жылдарда қолына автомат алып, алдыңғы шепте жүрді.Неміс фашизіміне қарсы қаруды қаламымен қатар жұмсады.
Ол майдандық және орталық газеттерге қазақ жауынгерлерінің жауға қарсы көрсеткен қаһармандық қимылын үзбей жазып тұрды. Оның очерктері майдан шебінде қан кешкен, жаумен жолбарыстай шайқасқан қазақ жауынгерлерінің рухын көтерді.
Басқаша айтқанда ол әрі қиян-кескі майданның толарсақтан қан кешкен қаһарманы болса, әрі майдан даласынан жазылған жалынды туындылардың кейіпкері. Олай деуімізге себеп, мәселен сол кездегі Солтүстік Батыс майданы газетінде істеген қазақ жазушыларының бірі – Сағынғали Сейітов өзінің «Қаламымен де, қаруымен де» деп аталатын мақаласында:
«Жауынгер жазушы Асқар Лекеров қанды майдан үстінде қаламымен де, қаруымен де, от-жалынның ортасында жан аямай күресуде. Оның қазақ жауынгерлерінің ерліктерін көрсете жазған жалынды очерктері газетімізде үздіксіз басылып тұрды...» деп жазды.
Осының айғағы ретінде А.Лекеровтың «Қарындас» деген очеркін алсақ,онда қарапайым қазақ қызының теңдесі жоқ ерлігі былай суреттеледі: Мәншүк пулеметті оң жағындағы томаршаның түбіне әкеліп орнатып, таянып қалған жауға жапыра оқ боратты. Селдіреген фашист топтары біртіндеп серпілді, жаудың алдыңғы қатары шалғымен шапқан шөптей жайрады. Бір кезде «Максимка» жаудың оң қанатынан қиғаштай соқты. Қаптаған жау беті тағы тойтарылды. Осы кезде бізге көмекке әскер бөлімі де жетті. Полковник бастаған төрт офицер «Максимканың» соңғы үні естілген жерге қарай қарды омбылап, бірінен-бірі озып жүгіріп келеді. Пулеметті құшақтай құлап, кеудесінен өзінін туған баласындай қолына көтеріп алып, бетінен сүйіп, оның құлағына «Мәншүк, Мәншүк»,-деп айқайлайды.
Енді әскери публицистің «Әке сыры» деген очеркін оқып көрелік. «9-май. Соғыстан кейінгі жылдардың бірі. Өзіміздің Алматы. Көгілдір аспанда жүзген күннің шұғыласында бүгін ерекше бір жылылық бар. Көшедегі адамдардың жүзінен де, күн нұрынан да күшті бір ыстық сезесің .
Келе жатқан қалың топтың ортасынан «Әскен!» деп санқ ете шыққан дауысты естідім. Жалт қарасам екі аяғы тізесінен жоқ: астында қолдан жасалған төрт кең дөңгелекті арбасы бар бір жас жігіт құшағын кең жайып, маған қарай ұмытыла түсті. Ол шын жүрегімен күлімдеп отырғандай сезілді маған. Мен де ыстық сезіммен келіп, еңкейіп оң қолымды ұсына бергенде ол қолымды алмай, шап беріп мойнымнан құшақтап, жас баладай аймалап сүйіп жатты. Мен де сүйдім. Сол минутта күлкі аралас көзімізден шыққан жасты өзіміз де сезбей қалыппыз. Тек құшағымыз жазылған кезде айналамызды қоршап, жиналып қалған халықтың арасынан:
Майданда бірге болған достар болар!...
Шын досты таныттыратын ауыр күндер ғой!...
Осы кездесулерінің өзі ұнап тұр... деген сөздер шыққанда, біз өз
жанымыздың сырын ұқтық.
Көз алдымызда өмір белестері біртіндеп өтіп жатты...
6-Наурыз, 1942 жыл. Алдымыздағы жау жайлап жатқан Красная Горка деревнясын басып алу керек. Бірақ қыстан бері бекіген жау оңайлықпен бермейді. Бірақ алуымыз керек. Шабуыл таңғы сағат алтыда басталды. Алдымыздан оқ боратып жатқан жар қабақтағы жау доты тыным табар емес. Осы кезде мен алып денелі жас солдатты көрдім. Ол доттың оң бүйірінен келді. Оның бұл қимылын көзі шалған өзіміздің арттилерияның барлаушылары сол доттың желкесінен асыра оқ атты. Әлгі еңгезердей солдат осы минутты күткендей, орынан атып тұрып, фашистердің дотына кірді. Одан әрі не болғанын білгеніміз жоқ, әйтеуір алдымыздан оқ боратып, бас көтертпеген жау пулеметінің үні өшті...
Біз Красная Горка деревнясына кіргенде, баяғы еңгезердей солдат бір фашист офицерін айдап келе жатты. Міне, мен Николай Григорьевичпен тұңғыш рет осылай танысқанмын. Оның қазіргі көз қарасында да сол жеңістердің ізі жатыр. Оған қайта-қайта қараған сайын үнсіз тілдеседі... Міне, Ригаға келіп кірдік. Шаумейден асып барамыз. Шығыс Пруссия... Берлиннің түбінде...
9-мамыр. Таң мезгілі. Жараланған солдаттардың ортасында отырмын. Николай Григорьевичті де осылардың ортасынан кездестідім, Оның қуанышы мен ренішін дәл қазір айыру қиын. Өңінде әлсірегендік бар. Бірақ жан түршігерлік даусымен әлденені айтып жатыр:
- Міне, соғыс деген осы! Бұл алаңда не болып жатыр? Бұл тек бір-ақ көрініс, Үш мың километрге созылған соғыс алаңын оймен бір шолып өткізіңдерші. Мүмкін көз алдыңыздағыдан да қиын жағдайда кездестіресіз! Өмір үшін күрес деп осыны айтамыз. Бақыт үшін күрес деп осыны айтамыз!
... 1945 жылы, мамыр айының 3-күні осындай күрсінген көңілсіз ортада-«Жеңіс!» – деген бір сөзді естігенде екі аяғының бірдей жоқтығын ұмытып, тұруға ұмтылған Николай Григорьевичті мен әзер басып жатқызғанмын. Сол минутта ол мені құшақтап сүйіп: Барлығын ұмытармыз, тек осы минут ұмытылмас- деген еді.
А.Лекеровтің бұл очеркі ә, - дегеннен-ақ оқушысын өзіне баулап алатын туынды. Очерк қызғылықты, өте тартымды жазылған. Өйткені, шығармадағы батыр жауынгер Николай Григорьевич те жеңіс күнін асыға күткен жандардың бірі. Берлинді аларда ауыр жараланып, екі аяғынан айырылды. Бірақ, ол ешқандай күйректікке салынбай, өзін-өзі асқақ ұстады. Қиын жағдайда жүріп-ақ оның жүрегі жеңіс деп соғып жатты. Жеңіс сағаты соққаның естігенде «барлығын ұмытармыз, тек осы минут ұмытылмас!»-дейді.. Бұл майдангерлердің жүрегін жарып шыққан сөз болатын.
Сюжет жемісі- адамдардың характерін ашуға көптеген көмегін тигізген. Автор очерктің композициясын бір оқиғаның төңірегінде өрбіткенімен, сол оқиғаның өзін үлкен шиеленіске құрған. Кейіпкерлердің көрген қиыншылықтарын, соғысқа деген жиеркенішті сезімдерін, жеңіске деген нық сенімдерін очерктің өн бойынан кездестіруге болады.
Ал, жауынгер жазушы А.Лекеровтың екінші бір «Кездесу» атты очеркінде соғыс ғаламаты, арпалыс, аттаныс сәттері шынайы қалпында көрсетілген. Онда автор әдемі ой-кестесін жасап, оқушылармен сырласып отырады. Мәселен, оның Лобать өзенінің жағасында болған ұрыста қаза тапқан Рашид Файзрахмановты, кейін елге оралған соң батырдың баласы жеңіспен кездесуін суреттеген жерлері ерекше.
«Бұл Жеңіс атты бала баяғы майданда оққа ұшқан Рашидтың баласы екен.Бала жүгіріп барып қайта комбайынға мінді. Шанаққа толған бидайды келген машинаға құя бастады. Баланың бұл қимылдары Лобать өзенінің жағасында қалған Рашидты есіне түсіреді. Оның ақтық минутта баласының қалтадағы суретін қолымен басып жатқан көрінісі көзге елестетеді.»
Жалпы А.Лекровтың қай бір шығармасы болмасын өмір мен өлімнің күресіне, әділеттік пен озбырлықтың қақтығысына құрылған.
Осы орайда жазушы өзінің «Ортақ ой» атты очеркін «Өмір жолы әрі қызықты, әрі қиын. Өмір қызығының өзі – сол қиындығында», - деп бастайды. Бұл очерк тәлім-тәрбие тақырыбына және жас ұрпақтарды еңбекке, қажырлылыққа баулуға арналған. Екі көзі су қараңғы адамның тамаша мүсінші болып шыққаны, ешбір нәрсеге мойымайтын табандылығы, өмір үшін күресте қиындықтың бәрін де көтеріп, барған сайын жігерлене түсетіні жазушы әсерлі суреттейді.
А.Лекеровтың оқушысын өзіне тартып, селк еткізер тағы бір очеркі «Қарапайым адам» деп аталады. Бұл шығарма автордың алғашқы ұстаздарының бірі, белгілі журналист Саттар Ерубаевқа арналғпн.
Бұл орайда «Қазір менің алдымда орыс халқының ойшыл суретшілерінің бірі Левитанның «Күз» деген суреті тұр. Оған үңіле қараған сайын жанданып көрінеді. Ол, Саттар ойының терең тамырындай әсер етеді маған»,-дей отырып, «Осы суретке қайта қарасаң тағы бір ой келеді. Жас кезімізде өмірдің осы үлкен өткеліне барлығымыз да келеміз, барлығымыздың көкейімізде де сонау көрінген биік шынардай бір арман – мақсат болады. Оған мына шытырманды қақ жарып әрқайсымыз өз жолымызды өзіміз салып жетуіміз керек. Бұл өте қиын жол, ойланған адам үшін оның қызығының өзі – осы қиындығында»-деген сыр түйеді жазушы.
Ал «Эстетика және химия» деген очеркінде болса автор айналасындағы ортаның табиғат құбылыстарын, минут сайын оның нәзік сезім тілдерін басып, көңіл күйін тербейді. Кейде шалқыта қуантады, кейде егілдіре күйіндіреді, кейде тежеп, кейде алға ұмтылдырады. Бұл очеркін ол «Қалалық архитекторлар галериясының пікір алысу кеңесіне тап болдым. Қатысушылары: жұмысшы, композитор, химик-инженер, ақын, архитектор, жазушы, дәрігер, философ, биолог – барлық мамандықтың өкілдері. Сырттай қарағанда симфония оркестрінің құрамы сияқты. Әр аспаптың өзіндік үні бар, - деп топшылаймын іштей, - иә, бұлар көпшілік аңсаған бір ғажап. «Күйдің» нотасын жазбақ» – деп бастап. «Біз тек адамды алға ұмтылдыратын дәуірде өмір сүріп отырмыз. Тек сұлулық – көркемдікті ғана көргіміз келеді. Оны қолымызбан жасауға құштар халықпыз. Тек музыка ғана емес, көркем өнердің қай түрі болсын ойсыз болса – жансыз, өлі дүние болып шығады. Ал өлі дүние сезімді тербей алмайды», - деп аяқтайды.
Сотқар балалар қайдан шығады?
Олар сабақты неге нашар оқиды?
Мұндай балалар мектепте ұстаздарын, үйде ата-аналарын неге
сыйламайды, неге тыңдамайды?
Міне, А.Лекеровтың ендігі бір « Ән мен күй» және «Өнеге шамшырақтары жоқ па?» деп аталатын очерктері осы сауалдар төңірегінде өрбиді.
Жоғарыда аталған шығармаларында автор көршісі, медицина ғылымының кандидаты Естөре Оразақов пен оның әйелі дәрігер Рашида Оразақова мен осы мәселелер төңігегінде пікір алысады.
« - Баланың сотқарлығы биологиялық емес, психологиялық «ауру», олардың барлығына бірдей біріңғай рецепті қолдануға болмайды. Ең алдымен әрбір ата-ана өз балаларына жастайынан дұрыс тәрбие беруі керек. Өйткені, кейбір жағдайларда «етпен бірге біткен мінез, сүйекпен бірге кетеді». «Жасынан ата-ананы тыңдап, сыйлай білген бала екінші үйі-мектеп коллективін де, оқытушылары, оқушы жолдастарын да сыйлап, құрметтей біледі. Міне, бала жүрегіндегі саналылық туған үйінің отының басынан басталады екен. Бұл – толассыз, қағида.
Екінші бір жағдай, баланың ой-санасы кеңейген сайын әр неге әуесқойлығы артады, өзінше іздене бастайды. Осы кезде балаңнын жолдастары кім екеніне, нені қызық көріп, неге еліктейді...тіпті , мінез-құлықтарына дейін зер сала үңілуге тура келеді. Бұл жерде өскен ортаның баланың келешегіне үлкен ықпал жасайтынын естен шығармау керек.
Үшінші бір жағдай, -уақыт. Балалар жастар түгіл уақыттарын дұрыс пайдалана білмеген үлкендердің де өмірдің қатал күйзелісіне ұшырауы мүмкін.
Міне, осы тұрғыдан қарағанда, әсіресе, мектеп жасындағы балалардың уақыты ата-ана бақылауында болуға тиіс. Ол үшін үйде әр баланың мектептен тыс уақытының өлшеулі ережесі болса, балалар сол қағидаға бара-бара өздері қалыптасады. Бұл өлшем үстінде балалардың ойын сағаттарын ұмытуға болмайды. Өйткені, өскелең, жас дене үшін ойын керек.
Егер осының барлығы үйдегі уақыт өлшемінен орын алса, балалардың жан-жақты болып өсуіне, оқуды жақсы оқуына себепкер болар еді, балалар уақыттың бағасын жасынан түсінер еді.
Төртінші бір жағдай, жас балалардың қатал сыншы екенін ешқашан да ұмытпау керек. Балалардың алдында өрескел қылықтар қылып, не орынсыз балағат сөздер айтып отыратын ата-аналар да бар. Олар өздерінің осы қылықтарымен баланың таза жүрегін кірлетіп, ыстық сезімін суынтып, өздерінің бала алдындағы беделін төмендетіп алғанын да сезбейді.
Балаларды ұрып-соғу, ащы тілмен күйіндіру емес, ата-аналардың өзара шын – мағынасындағы адамгершілік қарым-қатынастарымен, адал жанды мейірімділігімен, қылықтарымен тәрбиелеу керек,» – дей отырып автор – жақсы оқитын саналы оқушылардың үлгісін, олардың ата-аналарының тәжірбиесін кең пайдалануымыз керек деп түйеді ойын. Иә, сөйтіп байыптап қарасақ А.Лекеровтің публицистикалық мақалаларының көпшілігі негізінен педагогика, тәрбие мәселелеріне арналған екен. Оның бұл тақырыпқа жазған қай шығармасын оқысаң да, өмір талабына сәйкес уақыт тынысын сезініп, жүрегімен үн қатып отырғанын байқайсың.
Міне, осы тұрғыдан автор өзінің «Өмірге жол» деген публицистикалық мақаласында: «Он жылдықты бітіретін жастардың барлығы жоғарғы білім алуға ұмтылады. Ол заңды, қуанарлық талап.
Бірақ, олардың барлығы бірдей талпынумен талғаудың мағынасын жете түсінбейді. Сырттай қызығу мен іштей бейімділігін ажырата алмайды. Әйтеуір жоғары дәрежелі білім алсам деп талпынады.
Талпыну жақсы! Бірақ жастардың жол табуы өскен ортасында, семьялық өміріне, мектептегі мұғалімдердің тәрбиесіне байланысты. Әр баланың көңілінде жастайынан бейімдеушілік сезімі оянады. Баланың бойындағы бейімдікті ең алдымен оқытушылары аңғаруы тиіс. Совет мұғалімдері жай оқытушы ғана емес, жастардың жақын достары, олардың алдағы өміріне жолдама берушілер.
Сондықтан біздің оқытушылыр қарамағындағы балаларды тек өздерінің оқытқан пәндерінен ғана емес, оларды өмірге бейімділік жағынан да сыннан өткізіп, әр пәннің оқушылары өзара пікір алысып, әр балаға дұрыс баға беруі тиіс»,- деген көзқарасын білдіріп, ұстаздар мен шәкірт арасындағы қарым-қатынас мәселесін сөз етеді.
Осы тақырыпты одан әрі жалғастыра отырып, жазушы: Біздің әке мен бала арасында ешқандай үзіліс жоқ. Өйткені, олардың өмірге көзқарасы, ниет – тілдері бір. Бұдан бала әкесінің көшірмесі ғана деген ұғым тумайды. Қазіргі балалар біздің бала күнімізден көп біледі.Сондықтан оларға қойылатын талап та күшті. Өмір сұлулығы тек көріністе ғана емес дегенді ескерткіміз келеді. Бір кезде біз: Ұлы Отанымызды көзіміздің қарашығындай сақтаймыз деп ант бергенбіз. Қиын күндерде біз бұл антымызды орындадық, Ұлы Отанымызды сендерді, сендердің келешектерінді қорғап қалдық. Енді әке эстафетасын алға алып баратын күш – жастар, сендерсіңдер»,-деген талап-тілек білдіреді. Ол өзінің «Ерлік ізі» деген мақаласында.
Ал, «Уақыт – қатал сыншы» атты мақаласында болса, осы ойын былай деп тереңдетіп, сабақтай түседі: «Қарапайым совет адамдарының барлығына ортақ бір ой бар. Ол- жарқын келешек үшін ең болмағанда бір кірпіш қалап, бір дән егу. Осы ниет-тілектің үстінде ол аққан терімен, тіпті кейде шаршағанмен де есептеспейді. Қалаған үйі бой көтерген сайын, еккен дәні өнген сайын нәр алады, жаңа күш- қуатпен, ертеңіне үлкен сеніммен аттайды.
Қарапайым совет адамдарының басып өткен жолы қандай қиын, қандай қызықты. Үңіле қараған адамға өмір жолының қызығының өзі сол қиындығында. Біз балаларымыздың бүгінгі қызығы үшін, ертеңгі сәулетті келешегі үшін тер төктік, қан төктік. Өмір мен өлім күресі алаңында ерлікпен қаза тапқан замандастарымызды көрдік. Біздің тұрған сәулетті үйдің әр кірпішінде әкесінің ащы тері барын, қызыға қол созған гүлдің де еңбекпен өскенін ойламайды. Өзіміз оларды ойландыра білмейміз. Ойсыздық өмірден орын тапқызбайды. Балаларға өмірдің осы шындық қағидасын жеткізе түсіндіруіміз керек.
Адамға тән асыл қасиеттердің ұрығын бала жүрегіне жасынан еге білуіміз керек. Ол ерекше уақыт тілемейді, бала жүрегіне үздіксіз, арқашанда үңіліп, назар аударып отыруымыз керек. Ең алдымен балаларымызға өз жүрегімізді оқыта білейік. Кітапты оқи білу, жақсы, ал адамды оқи білу онан да қасиетті. Олар ертең бұдан да қызықты өмірді өз қолдарымен жасаушылар. Біздің қоғамда бүгін мен ертеңнің арасында ешқандай үзіліс жоқ».
Иә, өмірге осылай ой көзімен қараған публицист А.Лекеров «Кешірімділік» деген мақаласында: «Өмірдің ауыр күрсіндіретін трагедиясы да, ашындыра күлдіретін комедиясы да, шексіз қуантатын келелі жағдайлары да адам мінезінің алалығынан туады.
«Тек осындай мінезден аума», - деп мінездің нақтылы бір рецептісін беруге тіпті болмайды. Барлық адамдарға ортақ асыл қасиеттердің болуы таңғажайып нәрсе емес, ол сыртқы мінездің біркелкілігі жоқ болуы мүмкін де емес. Шын мағынасындағы адамгершілік асыл қасиеттер адалдық пен әділеттілік. Адамның мінез-құлқының өзгеріп, қалыптасуы, өмірге көзқарасының жаңғыруы, оның сана-сезімінің кеңейіп, шын мағынасындағы адамгершілікке тән қасиеттерді бойына сіңіруі қабылетінің даму шапшаңдығына байланысты».
Міне осы тұрғыдан қарағанда адамдар мінез-құлықтарының қалыптасуының негізгі түйіні – кешірімділік, - деп жазды.
Характер - өмір шындығын көтерудің басты құралы, адамның психологиялық, мінездік ерекшеліктерінің жиынтығы. Көркем очеркте кездесетін осы ерекшелік әртүрлі жағдайда, адамның табиғатпен қарым-қатынасында, қоғамдық және жеке өмір өткелдері үстінде көрінеді.
Осы орайда А.Лекеровтің шығармаларында адам характері қалай жасалады деген сауалға жауап беру үшін оның – «Ән мен күй» очеркінен үзінді оқып көрелік:
...Көз алдымызда казполктің ауласы, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып жатқан ала-құла киімді адамдардың бет-бейнесі.Бүгін бұлар Совет Армиясының қатарына аттанады.
Бұрынғы ауыл мұғалімі, мәдениетті, қу тілді Махмұт Жұбанов біздің қасымазға келіп:
Етіктерің кемедей болып келісе қалған екенсіңдер,
шалбарларыңды шешіп қолдарыңа алыңдар. Сендерге жалғыз гимнастерка да жетеді, - дегенде барлығы ду күлді. Біз Телғараев екеуміз бір-бірімізге қарап, не күлерімізді, не күлмесімізді білмей тұрып қалдық.
Сен де жүнін қырықтырғын серкедей бола қалыпсың,- деп ол
Үмбетаевқа тиісіп қойды. Өйткені ол толқынды қара бұйра шашын алғызып, кең балақ шалбарын тастағаннан кейін, көзі бақырайып сыдия қалған екен.
Қатарға тұрыңдар!-деген бұйрықты тағы естідік. Сапқа тұрдық.
Енді әскери киімін киген соң қадамымызды да нық басқымыз келеді. Тек, Жаңғылбаев қана серендей басып, аяғы түгіл қолын қатардың ырғағына көндіре алмай келеді.
Бұл журналистің суреттеуіндегі әскерге енді ғана шақырылған ауыл жігіттерінің бейнесі. Әрқайсысының бойында қандайлық мінез барлығы азғана нәрседен-ақ шым-шымдап көрініп тұр.
Мына бір мысалдан да жазушының адам характерін ашуға ұтымды сәттерді шебер пайдалана алатындығын көреміз:
.... Өмір осылай да кездестіреді екен ғой. Бармысың, саумысың! – деп қайта құшақтап, мені сілкіп алып,- білесін бе, алдағы демалыстарда әр бөлім өнерпаздарының кездесуі болады. Соған дайындалуымыз керек.
Сонымен сен өзің осындасың ғой, - деді ол.
Иә, осындамын.
Айналаңда «Әу» деуге жарайтын жастарың бар ма?
Иә, бір шегір көзім бар.
Оның орыс па?
Жоқ. Көзі шегір болғанымен, өзі қазақ.
Кәне, тағы кімің бар? – деп ол блокнотын ыңғайлай берді.
Автор бұл очеркінде адамдардың характерін ашуға,міне, осындай детальдарды таба білген.
Сонымен, қорыта айтар болсақ, Асқар Лекеров қашан да болмасын өз кейіпкерімен қоян-қолтық араласып, өз өмірінің ыстық-суық күндерін солармен бірге өткізеді. Әрі оның шығармаларының кейіпкерлері де өмірде бар, болған адамдар. Олар ержүрек командир Илья Чипицин, суретші Кенбаев, әртістер Әбжанов, Үмбетбаев, Телғараев, ақын Әбділдә Тәжібаев, дәрігер Естөре Оразақов және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |