Өз басым ұлтымыздың ұлы ғалымы Ақжан Машаниға шәкірт болғанымды мақтаныш тұтамын. Сонау 50-жылдардың басында Қазақ тау-кен институтынан (кейін политехника институты аталды) шақырылған Ақаң біз оқитын ҚазПИ-дің география факультетінде геологиядан сабақ берді. Студенттерге көп уақыт бөліп, лекциясын өз институтының бағдарламасымен жүргізді. Ақаңның геологиядан оқыған дәрісі оның толып жатқан салаларымен танысуымызға ықпал етті. Ол кісінің жетекшілігімен экспедицияға шығуым геология ғылымына деген құштарлығымды оятып, жердің қалыптасу заңдылығын білуіме кең жол ашты. Ақаң осындай экспедиция сәтінде әйгілі Е.Д.Шлыгинмен таныстырды. Н.Г.Кассиннің еңбектерін көп оқытты. Бұлар геологияның үлкен ұстаздары еді. Георгий Медоев бізге «Табиғи динамика» атты пәннен сабақ берді.
Бізге «Кристаллография» атты пәннен де алғашқы мәлімет берген Ақаң еді. Ол – бүкіл геохимияның, физиканың, қазіргі кен орындарынан алынатын қазба байлықтардың негізгі физикалық құрылымын түсіндіретін пән. Өкінішке қарай, қазір педагогикалық институттарда мұндай пәндердің аты да аталмайды. Сол кезде Ақаң ғылым салаларын жеке-жеке бермей, ғылым табиғатының тұтастығын сақтап, бірімен-бірін ұштастырып, кубиктің әрбір қырында қандай мағына барын математикалық жолмен түсіндіретін. Ол кісімен замандас, саяси көзқарасы үшін Алматыға жер ауып келген атақты астроном, қазіргі Астрофизика институтының негізін салуға көп еңбек сіңірген Бухман деген астроном болды. Сол екеуі берген білім санамызға ғылымның негізгі жүйесін салып берді.
Институттан соң аспирантурада оқып жүрген кезімде Ақаң кездесіп қалып: «Ей, қыз, сен қолың бос болса, бізге келіп практикалық сабақ өткізші, менің уақытым жетпей жүр», деді. Ұстазымның сөзін жерге тастамай, политехника институтына келіп, аз уақыт Г.Ц.Медоев екеуінің практикалық сабағын жүргізгенім бар. Менің бастапқы ғылыми жұмысыма кеңес берген, жеке мақалаларымды оқып баспаға ұсынған да – Ақаң еді.
Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін А.Машани ұстазымызбен көршілес болуды да тағдыр жазды. Бірде ол кісі ұшырасып қалып: «Ей, қызым, осы Сирияға барсақ қайтеді? Сен ана күйеуіңді үгіттесеңші, Сирияға бір сапар жасап қайтайық», деді. «Жарайды, сапар қашан, оны кім ұйымдастырады?» десем, ол кісі: «Мен ұйымдастырайын», дейді. Содан сол кездегі жас жазушы, кейін мемлекет қайраткері марқұм Әбіш Кекілбаев бар, Серік Қирабаев бар, барлығы 15 шақты адам Сирияға баратын болдық. Ақаң қазақша да, орысша да әдемі сөйлейді. Қыпшақ, араб, парсы тілдерін білетінін сол Шам (Дамаск) шаһарында ғана білдік. Осы жолы ол әл-Фарабидің зиратын іздеп тапты. Ақаңның айтуы бойынша, Шам шаһарын айналдыра салған қорғанның кіші қақпа, үлкен қақпа деп аталатын қақпалары болған екен. Әл-Фараби кіші қақпа алдындағы қорымда жерленіпті. Бұл мәліметтерді Ақаңның өзі жергілікті адамдарға айтып, қорымды тапты. Зиратты аралап, білікті арабисті көмекке алып, Ақаң зиратты бірінші болып ашты. Біз оған куә болдық. Басына белгі қойып қайттық.
Сол күні арабтар қонақасы үстінде біздің тегімізді сұрастырды. «Әл-Фараби – қыпшақ қой, оған қандай қатыстарың бар?», деді. Ақаң оларға қыпшақтар туралы, олардың бізбен байланысы жөнінде айтты. Кеңес өкіметінің уақыты еді, әрқайсымыздың соңымызда тыңшыларымыз бар, бірақ сонда да Ақаң банкетте қыпшақтың тарихы жайлы 10 минуттай сөйледі. Сонда Шам шаһарының бір үлкен ғұламасы: «Сіздердің екінші қыпшағыңыз бар бізде, мүмкіндіктеріңіз болса алып барайық», деді. Ол Бейбарыс сұлтан еді. Ақаң бізге айтпай жүріп, Әл-Фарабимен қатар Бейбарысты да іздеген екен. Біз Арабия шөлін аралап өтіп, «Краке-де-Шевелье» деген сонау көне дәуірден күні бүгінге дейін архитектуралық ансамблі жақсы сақталған зәулім сарайда болдық. Таудың басына салынған зәулім сарай алыстан қарлығаштың ұясындай көрінеді. Бір жағы – Жерорта теңізі, бір жағы Арабия шөлі, еш жағынан жау көрінбей келіп басып алатын емес. Зәулім сарайды кезінде крест жорықшылары салған екен. Соны Бейбарыс сұлтан ғана алыпты. Маңдайшасында оның аты алтынмен жазылыпты. Бұл да біздің абыройымызды көтеріп тастады. Сол сапарда біз 12 күндей болдық. Сириядағы Кеңес одағының елшісі Н.Мухитдинов еді. Оған Ақаң келгенде-ақ жолыққан. Қайтарда Мухитдиновке барып, бірқатар жазбалар алды. Әл-Фарабиді біз батыс елдерінің аудармасы арқылы оқып жүрміз ғой. Ақаң әл-Фарабидің еңбегін араб тілінде, парсы тіліндегі жазбалары арқылы таныған еді.