Екінші бөлім
Жетінші көрініс
Қасқабай Төреқұлович Дүйсебаев кабинетінде отыр. Біреумен телефонмен сөйлесіп болып қалған.
Әкім. Мейлі, көреміз. Жарайды-жарайды. Сау болыңыз! Жақсы-жақсы!
Сапар қария кіреді.
Сапар. Қасқабай, аман ба?
Әкім (орнынан атып тұрып, қарсы жүріп). Сәлеметсіз, аға! Келіңіз. (Орындықты нұсқап). Отырыңыз.
Сапар (сыздап). Жаңағың кім, сонша елпілдедің.
Әкім. Президент аппаратынан. Тәуірбеков.
Сапар. Оған не жоқ, осындай майда-шүйдеге де араласа ма?
Әкім. Аға, бұл – майда-шүйде емес, үлкен кеселмен күрес.
Сапар (сабырмен). Сен қызбаланба. Парақорлықтың кесел екені бесенеден белгілі, онымен күресу керек, бірақ сен құсап бас-көзге қарамай, бас салудың қажеті жоқ. Мен сенен ит жейдені бұрын тоздырған ағаңмын, андағы орныңда бұрын отырған адаммын, бір ауыз ақылдассаң қайтеді?
Әкім (ширығып). Мен Мұсылманқұлов емеспін, шалдарды жинап алып, әдеп кеп, ақыл сұрайтын. «Өз ақылым ақыл-ақ, кісі ақылы – шоқырақ» деген атам қазақ. Мен өз ақылыммен жүремін.
Сапар. Мен саған жаным ашып келсем, сен шатқаяқтайсың ғой-ей!
Достарыңызбен бөлісу: |