Сәбит. Көкөніс пісіп қалған екен ғой.
Шаншар атай. Иә пісіп тұр.
Сәбит. Ендеше, ертеңнен бастап үзейік оны. Ертең бір машина бөлеміз.
Шаншар атай. Соның жөні қалай болар екен өзі? Желідегі қауын мен көгендегі қозы бір. Қауынды үзуге кәнігі бағбанның қолы керек...
Сәбит. Оған сөз бар ма? Көкөністің тілін білетін біреуді табармыз, ақсақал. Ал, сіздің шөпке шығатын адамдармен бірге болғаныңыз мақұл, меніңше.
Шаншар атай. Е, жөн ендеше. Сендер істің оң-терісін өздерің ескерсеңдер, бізге не жоқ қапталдасып.
Сәбит. О-о, қойыңыз, ақсақал. Мұныңызды біз қапталдасқандық емес, көмектескендік деп білеміз.
Шаншар атай. Жөн білген баланікі осы ғой, бәсе. Әмісе осылай ет, айналайын. Жұрт екі айтқызбай тіл алады сонда. Ал, жақсы, кетейін мен...
Сәбит. Ақсақал, жаңа сіз өзіңізді «еріккен тентек шал» дедіңіз. Оны қалай түсінеміз?
Шаншар атай. Сәбит, шырағым, ол бір ұзақ әңгіме. Жиын-терін бітіп, ел аяғы кеңіген соң айтармын. Сонда өзіңе ерулік беріп отырып, әңгімелесерміз бір, аспай-саспай. Жоқ, әлде сендер шал-кемпірдікіне бас сұққанға арланасыңдар ма?
Сәбит. О, не дегеніңіз, ақсақал. Қайта әлі күнге дейін ерулік бермегеніңізге дау айтпақ едім...
Достарыңызбен бөлісу: |