Қордабаев (күмілжіп). Енді... Өздері келіпті.
Әкім (өңі бұзылып). Сонда бірде-бір әкімнің менің рұқсатымсыз жұмыс орнын, ауданын тастап, ауа жайылып кетуге құқы жоқ деген пәрменім қайда?
Қордабаев. Олар ешқайда лағып жүрген жоқ, өзіңізге келіп тұр ғой.
Әкім. Сонда менің пәрменім орындайтын оларға да, орындаттыратын сізге де түсініксіз бе?
Қордабаев (сасқалақтап). Жо-жоқ, түсінікті.
Әкім. Тараз аудан емес, облыс орталығы, немене, әкімдер соны да білмей ме?
Қордабаев (жеңілдеп). Біледі. Тараздан да, ауданнан да сіз қымбатсыз оларға. Сол үшін де келген сізге.
Әкім. Мынауыңыз қызық екен, менің ашуымды маған деген ілтипатпен сейілтпек боласыз. Жоқ, ол болмайды. Әкім пәрменінің орындалуы оның көңіл-күйіне немесе жеке тірлігіне тәуелді болмаса керек. Қалай да орындалуы тиіс.
Қордабаев (не дерін білмей, тосылып қалып). Ия, әкім пәрмені – заң. Оны аудан әкімдері де, мен де білеміз, бірақ осылай болып қалды.
Әкім (дауысы қатқыл шығып). Мұның аты – қояберсіндік. Біліп қойыңыз, мен оған ешқашан жол бермеймін.
Достарыңызбен бөлісу: |