Күләнда.Дайынбоп қалды, тамаққа қараңыз, ата.
Шаншар атай(орнынан көтеріліп жатып). Рақмет. Көп жаса, балам. Шаруа бар. Қауынның басына барып түнемекші едім, қайтайын.
Күләнда(жымиып). Ата, онда мына балаңыздан жаңағы елу шертпекті алмайсыз ба?
Шаншар атай балаша мәз болып күледі.
Мұсатай ашулы, Күләндаға ала көзімен ата қарайды.
Шаншар атай(күлкісін басып).Ашуым басылып қалды, болмайды енді. Сол елу шертпекті байладым, балам, саған. Мұсатай сені паналаған екен, қалай тақақтайын? Кештім. Ал, жақсы.
Күләнда. Жақсы, ата. Сау болыңыз.
Шаншар атай кетеді.
Мұсатай (Күләндаға кіжініп). Әй, сенікі не жаңағы? Сонша ақ жүрек бола қалғаның неменемнің ақысы ол? Жоса-жосаңды шығарайын ба осы отырған жеріңде! Ертең бастыққа айтып, шөптің не екенін көрсетемін мен ол сыңар езу, еріккен есер шалға. Шертпекті менің басымнан алар ма екен, жоқ әлде, өзінің қаңқасынан алар ма екен, қайтер екен? Көреміз сонда!
Күләнда. Өзеуреп өңмеңдемей, ешкімге тиіспей жүр деп айта-айта шаршадық қой, осы саған. Ана атам қанша шертпек алса да әлі піспеген сенің басың. Тағы да ала түссе екен!
Мұсатай(ашуланып). Мынау қайтеді-ей, тақылдап? Шертпекті өз басыңнан алса, көрер ем, өстіп тіл мен жағыңа сүйенгеніңді.
Күләнда(кекесінмен). Сөз-ақ қой. Менен не деп алады атам шертпекті? Сен құсап кім көрінгенге жөн-жосықсыз әкіреңдемесем, біреудің ала жібін аттамасам, жан адамға қиянат жасамасам, несі бар менде атамның?
Мұсатай(ашу шақырып). Әй, не деп тантып тұрсың өзің? Шөп пе тағы айтпағың? Мейлі, апарып түсірсін. Мұсатайдың оған башпайы да қисаймайды. Бригадирге шөп табылады қашан да. Біле білсең, колхоз шаруасын тіреп тұрған бригадир, вот!
Күләнда. Тәк-тәк, арындама. Дүниенің тұтқасы бір өзіңде тұрса да.
Мұсатай. Жалпақ дүниеде нем бар менің? Ал, осы колхозды колхоз қып отырған мына біз – бригадир көкелерің боламыз.