ЕЛЕК ОРТА МЕКТЕБІ
Ата аналар үшін жадынама
Кибербуллинг: балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?
Кибербуллинг дегеніміз не?
Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез-келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені, қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.
Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суреттерін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқан-лоққы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі, Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес.
Ата-аналар білуі тиіс сақтық шаралары
Ғаламтордағы қауіп-қатермен күресте ата-ананың рөлі маңызды. Олар баланың қауіпсіздігіне ең бірінші кезекте жауапты адамдар болуы тиіс дейді мамандар. Сондықтан, ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіп туралы айтып, мінезіндегі кез-келген өзгерісті бақылау ұсынылды.
Егер қамқоршылар өз ұл-қыздарының күмәнді желілерге кіріп, қаскөйлердің құрбаны болғанын анықтаса, оларға ұрыспай, барынша қолдау көрсеткені жөн. Балаға оны түсінетінін жеткізе отырып, оны жұбату қажет. Кейін проблемамен бірге күресіп, баланы психологқа да көрсетіп алған дұрыс дейді зерттеушілер.
Кибербуллингке не үшін бірден назар аудару керек?
Қорлап, кемсіту баланы психолигиялық күйзеліске ұшыратады;
Жанын ауыртып, суицидке итермелейді;
Мінезінің өзгеруіне әкеледі;
Ешкім қорлықтың құрбаны болмауы керек;
Әркім өзінің ар-намысын аяққа таптатпауға құқылы;
Ата-ана мен мұғалімдер мұндай қорлықты байқаса, бірден балаға көмектесуі керек.
Мектеп психологы: Ғазиз Адинай Ғабитқызы
Достарыңызбен бөлісу: |