Байланысты: Адам баласы осынау жарық дүниеге шыр етіп келіп
Адам баласы осынау жарық дүниеге шыр етіп келіп, көзін ашқаннан соң - ақ «өмір» атты алып әлемнің титтей бір бөлшегі болып саналады.
Алғаш тәй - тәй басқан бүлдіршін уақыт өте келе мектеп табалдырығын аттайды, ұстаздары мен аяулы мектебінен ізгілік пен жақсылықтың алғашқы әліпбиін үйренеді.
Есейе келе үлкен өмірге араласып, оңы мен солын айыруға талаптанады. Осы уақыттар ішінде көкірек көзі бар адамның «Мен кіммін?» деген сауал қоятыны анық.
Бізді қоршаған әлем біздің өзімізден, өмірге деген көзқарасымыздан басталады деп ойлаймын.
Әлем дегеніміз не?
Әлемді өзгерту дегенді қалай түсінуге болады?
Мен әлемді өзгерте аламын ба?
Менің өз ойымша, әр адамның өзінің ішкі әлемі болады. Ішкі әлем дегеніміз - ішкі жан дүниең, ішкі пайымдауың, ішкі өзіндік көзқарасың.
Ақ пен қараның, күн мен түннің қарама - қарсылығы сияқты адамның ішкі дүниесінде де нәпсі мен қанағат, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандықтың күресі, тайталасы жүріп тұратын сияқты.
Өзіңнің ішкі жан дүниеңді жақсылыққа бағыттасаң, адамдарға жақсылық ойласаң, дүниетанымыңды ізгілікке қарай бойлатсаң, міне, сонда ғана, өзіңмен - өзің тепе - теңдікте боласың деп ойлаймын.
Бүкіл әлемдегі адамдарды, бүкіл әлемді бірден өзгерту мүмкін болмас та. Бірақ өзіңді өзгерту арқылы әлемге деген көзқарасыңды өзгерте аласың.
Кей адамдар өмірге өкпелі, кейбірі туыстарына, достарына, ата - аналарына, тағдырына өкпелі.
Менің ойымша, адам өз өмірінің қожасы. Алдыңа мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолына ұмтыла білсең, әр нәрсені ақылға салып, берік ұстанымың қалыптасса - бұл өмірде жоғалып кетпегенің.
Әртүрлі болып жатқан жағдайға ой көзімен қарап, өз - өзіңе есеп бере алсаң, өзіңді қоршаған дүниемен тепе - теңдікте болсаң, басқа адамдарды түсінуге әрекет жасай білсең - сен босқа өмір сүрмегенің.
«Әлем» сөзінің мағынасы кең. Менің ішкі дүнием - менің әлемім. Әлем - мынау жалпақ дүние. Сол үлкен әлемді өзгерту - өзіңнің ішкі дүниеңді ретке келтіру, кемшілігіңді саралап, түзетуге тырысу, ой - өрісіңді реттеу - міне, бұл әр адамның қолынан келетін дүние.
Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» - деп тегін айтпаған болар.
Ең әуелі, әлемді өзгерткің келсе, өзіңді өзгерт. Ойыңды түзе, бойыңды түзе. Осынау орасан зор әлемде өзіңмен – өзің келісіммен өмір сүрсең, жақсы – жаманыңды саралай білсең, адамзат баласына ақ ниетіңмен қарай алсаң, сен бұл өмірде босқа жүрмегенің...
Адамның бақытты болуы - болмауы да адамның өз қолында. Себебі адам өз өмірін өзі жасайды.