Жүректен шыққан жүрекке жетеді
Имам Ағзам Куфаның орталық мешітінде уағыз айтады екен. Бірде оған бір құл келіп: «Ұстаз, сіздің уағызыңыз жұртқа әрдайым ерекше әсер етеді. Сондықтан сіз құлды азат етудің артықшылықтары мен сауабы жөнінде әңгімелеңізші. Сонда менің қожамның көңілі жібіп, басыма азаттық берер деп үміттенемін» — дейді. Әбу Ханифа бұл өтінішті орындауға уәде береді.
Бірақ келесі жұмада да, одан кейінгі жұмада да Әбу Ханифа құлды азат ету тақырыбына уағыз оқымайды. Құлдың өтініші тек үшінші жұмада орындалыпты. Және құлдың үміті де орындалып, осы уағыздан кейін басына бостандық алыпты.
Азаттық алған құл Әбу Ханифаға арнайылап келіп рахмет айтады. Содан соң: «Менің өтінішімді неге тек екі аптадан кейін орындадыңыз?» — деп сұрапты. Сонда Әбу Ханифа: «Ол кезде менің құлым жоқ болатын. Ақша жинап, базардан құл сатып алдым. Сосын оны азат еттім. Құлдың азат етудің рухани тұрғыдағы қуанышын, рахатын өз басымнан өткердім. Бұл амалды өзім істемей тұрып, басқаға бұйырғанымда, уағызымның еш әсері болмас еді, ал уағызым сенің қожаңның жүрегіне жетпесе, азаттық ала алатын ба едің?» — деген екен.
Басты байлық — иман
Әбу Ханифа дәулетті әулеттен шыққан. Оның әкесі жібек мата саудасымен айналысқан. Әйтсе де Әбу Ханифа ел арасында дәулеттілігімен емес, кішіпейілдігімен, адамгершілігімен, қай істе де алдымен Алла разылығын іздеген имандылығымен атақты болды. Иман мәселесінде ол өте сақ адам болған деседі. Мынадай әңгіме бар. Куфада бір адамның қойы ұрланып кетеді. Ұрлық ашылмайды. Сонда Имам Ағзам байқамай ұрланған қой етін жеп қоярмын деп сақтанғандықтан, жеті жыл бойы қой етін жемей жүрген екен.
Замандасы Сәһл ибн Мадхим айтыпты дейді: «Әбу Ханифаның үйіне кіріп едік, үйінен бұйрадан (қамыстан жасалған төсеніш) басқа ештеңе көрмедік».
Ал мына оқиға Әбсаттар қажы Дербісәлінің жоғарда айтылған еңбегінде баяндалады: бірде Әбу Ханифаны сынамақ ниетпен бір яһуди оған сапардан қайтып келе жатқан керуені қарақшыларға тоналғанын айтады. «Енді қайттің?» — дейді. Аз уақыт қана үнсіз отырған Әбу Ханифа: «Аллаға шүкір» — деп қана жауап беріпті. Біраздан соң әлгі адам қайта оралады. Бұл жолы: «Сүйінші! Керуенің табылды. Мал-мүлкің дін аман екен» — деп хабарлайды. Әбу Ханифа тағы да аз сәт үнсіз қалады. Содан соң: «Аллаға шүкір» — дейді. Әлгі адам таңғалып: «Неге қайғыда да, қуанышта да бір жауап қайырдың?» — деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: «Керуенің жоғалды дегенде, ауырып-сыздар ма екен деп, жүрегіме үңілдім. Жүрегімнің дүние шығынын елемей, түк болмағандай соғып тұрғанын көріп, шүкірлік айттым. Кейін: «керуенің табылды» — дегенде, қуанар ма екен деп, тағы да жүрегіме үңілдім. Жүрегім түк болмағандай соғып тұрды. Жүрегімде дүниеге деген сүйіспеншіліктің жоқтығын көріп, «Аллаға шүкір» — дедім» — деп жауап беріпті.
Осындай тұлғаны үлгі етіп, мың жылдан астам уақыт бойы дініне берік болған ата-бабаларымыз да Алла разылығын, рухани құндылықтарды бәрінен жоғары қойды. Ежелден қазаққа тән саналатын мәрттік, отансүйгіштік, кеңпейілдік, үлкенге құрмет, достыққа адалдық, кішіпейілдік, қонақжайлық сынды қасиеттер халқымыздың бойына асыл дініміз арқылы сіңді. Ата-бабаларымыз топ-топқа бөлініп, діни амалдар төңірегінде дауласып, бір-бірінің жағасынан алмаған. Олар бір мәзһабты ұстанған. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жанын құрбан ете жүріп қорғаған, ұрпаққа аманат етіп, армандаған Тәуелсіздігімізге қауіп төнбеуі үшін, ұлт, халық ретінде қасіретке ұшырамас үшін, біз сол ата-бабалардың дін жолындағы ынтымақ-бірлігін үлгі-өнеге етуге тиіспіз.
Достарыңызбен бөлісу: |