Сыртқы саясат - мемлекеттің халықаралық қарым-қатынаста ұстанған бағыты. Ол осы мемлекеттің өз қағидаттары мен мақсаттарына сәйкес басқа мемлекеттермен жасайтын қарым-қатынастарын реттейді. Сыртқы саясаттың негізгі өзегі – ұлттық мүдде. Ол ұлттың еркін және тәуелсіз мемлекет есебінде сақталуын, өмір сүруін, сыртқы қауіптен қорғануын, ұлттық әл – ауқаттың өсуін, халықаралық аренада мемлекеттің экономикалық және саяси позициясын қорғауды қамтиды. Ұлттық мүдде сыртқы саясаттың бағыт – бағдарларынан көрініс табады.