1. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әлеуметтанудағы эмпиризм мен әлеуметтік теориялар және олардың дамуының негізгі бағыттары
ХХ ғасырдың әлеуметтануы 20 – 30 жылдардан бастап 2000 жылға дейінгі уақытты қамтиды, яғни қоғамның дамыған индустриализм дәуіріне аяқ басқан кезеңінен басталады. Сонымен қатар осы уақыттан бастап әлеуметтанудың теориялық және әдістемелік табыстары олардың одан әрі даму процесінде өздерінің өзектілігін жоймады. 20 – 30 жылдар тоғысында қазіргі әлеуметтанудың қарқынды дамуының маңызды кезеңдерінің бірі басталды. Атап айтқанда, эмпириялық әлеуметтанудың әдістері мен техникалары, өлшем реттері мен сандық эквиваленттері жасақталды. 50жылдардан бастап, қысқа мерзім ішінде қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер мен процестерге жауап беретін әлеуметтану теориясында үлкен эволюция болды.
Әлеуметтану ғылымында әр түрлі ілімдер дүниеге келді, оның бірін позитивтік-сциентикалық теориялар толтырса, екіншілерін позитивтік танымға балама тенденцияны көрсететін сапалы стиль ілімдері байытты. Олардың арасында қиыстырылған және аралас түсіндірме шеңберінде синтез орын алған.
Теориялық-методологиялық көп пікірлік батыс әлеуметтануында әр түрлі бағыттардың қалыптасуына себепші болды, олардың әрқайсысы әлеуметтанудың пәні жөнінде өз мағлұматын берді және керекті мәлімет пен нәтиже алу үшін қолданылатын зерттеу әдістерін жасақтады.
Әлеуметтанудың даму кезеңдеріне сәйкес сол кезеңдерді сипаттайтын және кеңінен танымал болған бағыттар қалыптасты, атап айтқанда, эмпиризм бағыты (20-40 жж.); теориялық әдістемелік құрылымдарды күшейту бағыты (40 ж. екінші жартысы – 60 ж.); теориялық пен эмпириялық зерттеулерді біріктіру, теорияны жаңа деңгейге көтеріп, әлеуметтану дамуында түбірлі жаңа тенденцияларды табуға ұмтылған бағыт (қазіргі кезең, 1970–2000жж.). теориялық-метадологиялық көп пікірлік жағдай, сонымен қатар әлеуметтанушылардың кәсіби қызметінің ұлғаюымен қабаттаса жүрді және әлеуметтану зерттеулерінде жаңа тұрғыдағы әдістер мен техникалар көптеп пайда болды.
Осы тұрғыдан қарағанда ХХ ғасырдағы негізгі әлеуметтанымдық тенденциялардың бірі – ол эмпириялық әлеуметтанудың дамуы болып табылады. Бұл тенденцияның мәні – нақтылы әлеуметтік фактілерді жинауға және талдауға байланысты сауалнама, әлеуметтанымдық байқаулар, тәжірибелер жасау сияқты арнаулы әдістерді арнайы зерттеулерде қолдану. Мұндай зерттеулер 20–30 жылдарда әуелі АҚШ-та, содан кейін басқа да елдерде белсенді түрде жүргізіле бастады. Экономикалық жағынан дамып, тез әлеуметтік прогреске бағыт алған қоғам көптеген нақтылы проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін эмпириялық әлеуметтанымның жетістіктеріне көңіл аударудан бас тарта алмады. Қоғамдық өмірдің нақтылы проблемалары жөніндегі әлеуметтанушылардың еңбектері қоғамның да және ғылым ретінде әлеуметтанудың да ашылғалы тұрған мүмкіндіктерін жаңа қырынан көрсетіп отырды. Сонымен бірге ХХ ғасырдың басында жүргізілген эмпириялық зерттеулер көп ретте жетілмеген, бытыраңқы болды, оларды дайындау мен өткізудің жасақталған методологиясы мен әдістемесінің болмағандығы да рас. Сол кездегі қалыптасқан әлеуметтанымдық теориялар мұндай зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік бере алмады, себебі олар кең көлемдегі тарихи-эволюциялық схема сипатында ғана болған еді. Ал бұларды шағын деңгейде тексеру шын мәнінде мүмкін болмады. Дегенмен де эмпириялық тенденцияның дамуына кедергі жасауға болмайтын еді. Ал, мұның негізгі себебі – әлеуметтану принципті түрде басқа қызметке – өндіріс аясына шығып, сол саланы да қамтитын ғылымға айналды. Ірі өнеркәсіптік әлеуметтанудың іргетасы қаланды. АҚШ оның орталығына айналды.
Басқа елдермен салыстырғанда әлеуметтану зерттеулерінің көбірек дамыған елі – АҚШ болды. Егер де ХІХ ғасырда әлеуметтанымдық ойдың орталығы Батыс еуропа болды десек, ал ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап дүниежүзілік әлеуметтанудың орталығы АҚШ-қа ауысты. Ғылымтану ілімінің тұрғысынан қарастырсақ, кез-келген ғылымның пайда болып, аяғынан нық басып кетуі, ең алдымен, оның ішкі және сыртқы институттандырылуына, яғни әлеуметтік институттардың барлық қасиеттеріне ие болуына байланысты.
Бұл процесте әрқайсысы дәйекті түрде институттандыру ісін тереңдететін бірнеше сәттерді атап көрсетуге болады.
белгілі бір ғылым саласы бойынша маманданатын ғалымдардың сана-сезімінің қалыптасуы, яғни ғалымдар бұл тұрғыдағы зерттеу жұмысында өзінің ерекше объектісі мен ерекше әдістері барлығын түсінеді;
Арнаулы мерзімдік басылымдардың болуы;
Ғылыми пәндердің мәліметтерін түрлі оқу орындарының оқу жоспарларына еңгізу;
Сөз болып отырған білім салалары бойынша арнаулы оқу орындарын ашу;
Осы білім пәндері бойынша жұмыс жасайтын ғылымдар бірлестігінің ұйымдық түрлерін, яғни ұлттық және халықаралық ассоциациялар құру. Мінеки, бұл аталған процесс сатыларын әлеуметтану ғылымы Еуропа елдері мен АҚШ-та ХІХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап бастан өткерді.
АҚШ-тағы әлеуметтанудың біркелкі жақсы дамуына бір-бірімен байланысқан екі жағдай:
Жоғарыда келтірілген институттандырудың бес сатысынан АҚШ-тағы әлеуметтанудың тез өтуі;
Нақтылы эмпириялық әлеуметтік зерттеулердің үлкен аумағының болу жағдайлары шешуші ықпалын тигізді.
Бұл елдегі әлеуметтану әуел бастан-ақ беделді университеттік ғылым ретінде қалыптаса бастады. 1901 жылы әлеуметтану оқу курсы ретінде 169 университет пен колледждерде оқытылды, ал 80-жылдардың аяғында бұлардың саны 250-ге жетті. АҚШ-тағы әлеуметтану әуел бастан қолданбалы эмпириялық ғылым ретінде орнықты. 1910 жылдың өзінде бұл елде 3 мыңнан аса эмпириялық зерттеулер жүргізілсе, ал қазір бұл көрсеткіш екі еседен асты15 ХХ ғасырдың басынан бастап ірі өнеркәсіптік әлеуметтану АҚШ-та да пайда бола бастады. Бұл елдегі өнеркәсіптік (индустриялық) әлеуметтанудың негізін қалаушылардың бірі – американ әлеуметтанушысы және психологы Элтон Мэйо (1880-1949). Оның тәжірибесі Чикаго маңында орналасқан қаланың атына байланысты Хоторн эксперименті деп аталды. Мэйо өзінің тәжірибелік зерттеулерін 1927-1932 жылдарда сол қала маңындағы «Вестерн Электрик Компани» кәсіпорнында жүргізді. Мэйо экспериментіне дейін сол кездердегі өндіріс саласында Фредфик Тэйлор тұжырымдамасы үстемдік етті. Ол өндірісті тыңғылықты саралап, өндіріс «жеткілікті тиімді емес» деген тұжырымға келді. Өйткені жұмысшылар енжарлық танытып, жеңіл жұмыс істегілері келеді. Жағдайды өзгерту үшін зерттеуші алғашқы болып Еңбекті Ғылыми Ұйымдастыру (ЕҒҰ) және Өндірісті Парасатты Басқару (Менеджмент) жүйесін ойлап тапты. ЕҒҰ жүйесі әдетте еңбектік операциялардың толық сараптамасын, артық және икемсіз қозғалыстарды аластату, еңбектің оңтайлы әдістерін анықтап, оларды автоматтандыруға дұрыс жеткізу, жұмыс айналымының қатаң тәртібін, еңбек және демалыс элементтерінің ауысуын, т.с.с. қарастырады. Өндірісті ұтымды басқару өз кезегінде мына шараларды жүзеге асыруды:
өндірісте қатаң тәртіп орнату мен қадағалауды;
кадрларды дұрыс таңдау мен орналастыруды;
жұмысшылардың біліктіліктерін арттыру және қызмет бабында көтерілуін;
олардың өндірістегі материалдық мұқтаждықтарын жіктеу негізінде (яғни әр түрлі деңгейде белгілеу), еңбек нәтижесіне байланысты жалақы беруді және т.б. жүзеге асыруды қарастырады.
Тэйлор өндірісті басқаруда ешқандай филантропия, яғни адамдарды сүюшілік, қайырымдылық, көмекке мұқтаждарға көмектесу болмауы тиіс деп санады. Әр адам өзінің сәттілігіне өзі жауап беруі тиіс. Еңбек процесі қажетті түрде тиімді, ал өнім шығару нормалары жоғары болуы керек. Кім нормаларды орындамаса, басқалардан жалақыны кем алады. Жұмысшының жалақысы оның жеке басының өндіріске қосқан үлесіне сәйкес болуы керек деп есептейді. Бұл тұжырымдама бойынша адам механизмнің тек қосағына айналды.
Конвейірлі тасымалдық деген қисын осыған негізделген. Адам мен оның өндірістегі орны жөніндегі мұндай ұғымды Э. Мэйо жоюға тырысты. Мұның өзі адамға деген басқаша көзқарастың – «адамдық» деп Мэйо атаған жаңа әлеуметтік қатынастардың пайда болып, қалыптасуына негіз қалап қойған жоқ, сонымен бірге еңбек өнімділігінің өсуіне мүмкіндік тудырады, Мэйо осыны дәлелдеп бақты. Өндіріс процесіндегі адамдар арасындағы қатынастарды Мэйо «бригада» деп атады да, бригадалардың өз ішіндегі қатынастарды ол «адамдық қатынастар» деп бағалады, себебі бұл қатынастар адамдардың бірін-бірі ұғынуға деген ұмтылыстарына негізделген.
Хоторн қаласында қолданылған тәжірибесінің басты міндеті - өндірістің тиімділігін арттыру бағытындағы қосымша факторларды іздестіру болды. Еңбек өнімділігіне ықпал жасайтын көптеген факторлардың ішіндегі ең бастысы – еңбек процесінің психологиялық және әлеуметтік-психологиялық алғышарттары екендігін Мэйо тәжірибесі дәлелдеді. Өндірістің өнімділігін арттыру үшін тек материалдық қана емес, сонымен қатар психоәлеуметтік ынталандыру қажет, олар:
жағымды моральдық ахуал; - жұмысшының мүдделерімен санасу; - оның жұмыспен қанағаттануы, т.б.
Осы тәжірибенің негізінде пайда болған «адамдар арасындағы қарымқатынастар» теориясының методологиялық негізін мынандай принциптер құрайды:
Адам басқа адамдарға бағытталған және топтық жүріс-тұрыс тәртібі байланысына енгізілген әлеуметтік жан болып табылады;
Адам табиғаты қатал басқарушылық және бағынушылықтың бюрократтық тұрғыда ұйымдастырылуына сәйкес келмейді;
өнеркәсіп басшылары өз қызметін, көбінесе, адамдардың қажеттерін қанағаттандыруға, я болмаса, еңбек өнімділігін арттырудың таза техникалық факторлары арқылы ең жоғары пайдаға жетуге бағыттауы тиіс;
егер жеке адамдарды көтермелеуді топты, ұжымды көтермелеумен қатар жүргізсе, бұған қоса экономикалық тартымдарды әлеуметтікпсихологиялық тартымдармен қосарлап отырса, сонда ғана еңбек өнімділігі негұрлым тиімдірек болады.
Мэйоның зерттеулері бригада мүшелерінің топқа бірігуге тілек білдіретіндігін, солай ете тұра олар өздерін ерікті ұстағысы да келетіндігін көрсетті. Мэйо адамдардың белгілі бір қауымдастықа бірігуге деген ұмтылысын «социабильность» («әлеуметтік орын ауысу») сезімі деп атады. Демек, өндірісте мұндай орын ауысушылық құрылымдарды жасауға, яғни қызметкерлердің маңызды шешімдерге өздерінің де қатысы барлығын сезіне білуіне ұмтылдырады. Мінеки, таза пайдалылық сипаты бар және біраз экономикалық әрі әлеуметтік тиімділік әкелген Мэйо қорытындыларының бірі осындай. Сонымен, өнеркәсіптегі эмпириялық зертеулер – әлеуметтікпсихологиялық факторлардың үлкен рөл атқаратынын және олар әлеуметтанудың кең мүмкіндіктерін ашып, бұл ілімнің өндіріс орындарының қызметіне белсенді түрде енгізілуіне түрткі болғандығын көрсетті. Бірыңғай тәжірибелік зерттеулердің артуы теориялық әлеуметтануға бір жағынан зиянын да тигізді. Дегенмен, бұлай болу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін емес еді.
Қоғамдағы зерттеу жұмысының ішінде методология мен теория проблемалары өздерінің лайықты орнын таба бастаған уақыт туды. Әлеуметтанудағы эмпириялық зерттеуді теориялық зерттеумен біріктіру идеясын Р. Мертон өзінің «Әлеуметтік теория және әлеуметтік құрылым» деген еңбегінде өзекті мәселелердің бірі етіп қойды. Оның пікірінше, бұларды біріктірудің «алтын ғасыры» басталды. Р.Мертонның идеялары эмпиризмнің баса-көктеуіне қарсы, зерттеушілерді теориялық ізденістерге қатыстыруға бағытталды. Теориялық зерттеулерге П.Сорокиннің (18891968жж.) методологиялық және теориялық тұжырымдамалары да ықпал етті.
Бұл белгілі әлеуметтанушы ғалым алғашқы маңызды еңбектерін Ресейде, кейін АҚШ-та жазды. Оның көптеген ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде мойындалған еді. Солардың арасында «Революция әлеуметтануы», «Қазіргі әлеуметтанулық теориялар», «Әлеуметтік және мобильдік», төрт томдық іргелі шығарма «Әлеуметтік және мәдени динамика» және т.б. бар.
«Әлеуметтану жүйесі» атты туындысында П. Сорокин әлеуметтанудың ғылыми принциптерін жан-жақты, толық етіп баяндайды. Оның пікірінше, әлеуметтану ғылым ретінде жаратылыстану ғылымдарының типі сияқты құрылуы тиіс. «Табиғат туралы ғылым» мен «мәдениет жөніндегі ғылымды» бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды. Өйткені басқа ғылымдардың зерттеу объктілері әр түрлі болғанымен, олардың бұл объектілерді зерттеу әдістері бірдей. Әлеуметтану дүниені зерттегенде өзгеріссіз, сол қалпында қарастыру қажет. Кез-келген норматизм, яғни ғылымға адамгершілік және басқа да субъективтік нормалар тұрғысынан қол сұғулар әлеуметтанудан біржолата аластатылуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда шындық, қайырымдылық әділеттілік және т.б. сол сияқты принциптермен мен нормалардан бөлінуі тиіс. Әлеуметтану «объективтік пән» болуы керек, яғни адамдардың объективтік өлшеуге және зерттеуіне қолайлы нақты өзара әрекеттерін қарастыруы қажет. Әлеуметтану тәжірибелік және нақты ғылым болғысы келетіндіктен кез-келген философиялық, құрғақ ой түріндегі пайымдаулардан, ғылымда дәлелденбеген құрулардан бас тартуы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда жақсы жасалған статистикалық диаграмма қандай да болсын әлеуметтік-философиялық трактатқа тұрарлық. Философиялық пайымдаудан алшақтау – монизм идеясынан да, яғни кез-келген құбылысты қайсыбір бастауға апарып қоса салудан да бас тарту болып табылады. Монизмнің орнына П.Сорокин табанды әлеуметтанулық плюрализмді ұсынды.
П.Сорокин әлеуметтануды теориялық және практикалық деп бөледі. Теориялық әлеуметтануды ол үш бөлімге: әлеуметтік аналитикаға, әлеуметтік механикаға, әлеуметтік генетикаға бөлді16. Әлеуметтік аналитика әлеуметтік құбылыстың құрылымын және оның негізгі формаларын зерттейді. Әлеуметтік механиканың (немесе әлеуметтік физиологияның) пәні – адамдардың өзара әрекет ету процестері, басқаша сөзбен айтқанда, адамдардың басқа да күштердің мінез-құлығын анықтауы, тигізер әсері. Әлеуметтік генетика әлеуметтік өмірдің дамуын, оның жекелеген жақтары мен институттарын зерттейді. Әлеуметтік құбылыстың дамуы оның құрылымымен және өзге құбылыстармен өзара әрекет етуі арқылы анықталады, сондықтан да әлеуметтік саясатты бағыттайды және дәлелдейді.
«Әлеуметтану жүйесі» еңбегінде П.Сорокин, ең алдымен, әлеуметтік мінез-құлықты және адамдармен қызметін, әлеуметтік топтарды және қоғам құрылымын, сонымен қатар оларда жүріп жатқан әлеуметтік процестерді неопозитивтік әлеуметтанудың зерттеу объектілері етіп алады. Бүкіл қоғамдық өмір және барлық әлеуметтік процестер құбылыстарға және екі немесе одан да көп индивидтердің өзара әрекет процесіне ажырайды. Міне, осы адамдардың өзара әрекеттері әлеуметтанудың тікелей зерттеу пәні болуы тиіс. Бұл жерде әңгіме индивидтердің мінез-құлқы мен қызметінен сырттай байқалатын «психорефлекторлық» өзара әрекет туралы болып отыр. Конттың позитивизмінен Сорокиннің неопозитивизмінің мәнді ерекшелігі осында. Конттың позитивтік әлеуметтануы қоғамды тұтас әлеуметтік организм ретінде зерттесе, Сорокиннің неопозитивтік әлеуметтануының тікелей зерттеу пәні болып екі немесе шағын топтар деп аталатындарды құрайтын бірнеше адамдардың өзара әрекеттері қарастырылады. Осындай қарапайым өзара әрекеттерден әр түрлі әлеуметтік процестер қалыптасады.
Екі индивидтің өзара әрекетін П.Сорокин қарапайым әлеуметтік құбылыс ретінде сипаттайды. Бір индивидтің психикалық әсерленушілігі және сыртқы әсерлердегі өзгерістер келесі бір индивидтің әсерленушілігі және сыртқы әсерлер арқылы пайда болады. Мұндай өзара әрекетті Сорокин «әлеуметтік клеткалар» деп атаған, сол клеткалардан барлық қалған жеңіл және күрделі қоғамдық құбылыстар қалыптасады. П.Сорокин жоғарыда аталған шығармаларында «күрделі әлеуметтік агрегаттарды», алуан түрлі әлеуметтік топтарды топтастырудың біржақты және көпжақты критерийлерін ұсынды. Осы критерийлерге сәйкес әлеуметтік топтар бір ғана белгісімен, айталық, тіл, аумақ, жынысы немесе көптеген белгілеріне қарай бөлінеді. Көптеген белгілеріне орай таптар, ұлттар, және тағы басқа да күрделі, әсіресе әлеуметтік біртекті топтар бөлінді.
Қоғамның біртекті еместігі, оның түрлі әлеуметтік топтарға объективтік бөлінуі П.Сорокиннің әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильдік теорияларынан көрініс тапты. Бұл теориялар бойынша бүкіл қоғам әр түрлі қабаттарға – страттарға бөлінеді, олар өз арасында табыс деңгейлеріне, қызмет түрлеріне, саяси көзқарастарға, мәдени бағдарларына және т.б. қарай өзгешеленеді. Әлеуметтік стратификацияның негізгі формаларына П.Сорокин экономикалық, саяси жағдайды және кәсібилікті жатқызған. Оның пікіріне қарағанда, әлеуметтік стратификация қоғамның табиғи және әдеттегі жағдайы. Ол қоғамда орын алып отырған қоғамдық еңбек бөлінісі, мүлік теңсіздігі, түрлі саяси бағдарлар және тағы басқаларымен объективті түрде қамтамасыз етіледі.
Өзінің мамандығын немесе қызмет түрін, экономикалық жағдайын немесе саяси көзқарастарын өзгерткен кезде адам әлеуметтік топтың бірінен екіншісіне өтеді. Бұл процесс әлеуметтік мобильдік деген атқа ие болды. П.Сорокин әлеуметтік мобильдікті горизонтальды және вертикальды деп ажыратады.
Горизонтальды мобильдік адамның әлеуметтік топтың бірінен келесісіне өтуін білдіреді, әлеуметтік стратификацияның өзгеріссіз деңгейінде қалған адам, айталық, село тұрғыны қала тұрғынына ауысса да, бірақ оның мамандығы және табыс деңгейі бұрынғы қалпында қалады. Вертикальды мобильдік деп адамдардың әлеуметтік жіктің бірінен екіншісіне иерархиялық тәртіппен өтуін, мысалы, қоғамның төменгі жігінен жоғарғысына немесе керісінше, жоғарғы жіктен төменгі жікке өтуін айтады. Вертикальды мобильдіктің болуының объективті негізі – көбінесе адамдардың экономикалық теңсіздігінде. Дәлірек айтқанда, халық ішіндегі жіктердің табыстарының әр түрлі болуы, байлар мен кедейлердің өмір сүру деңгейлерінің әр түрлі болуы. Осыған орай адамдар қайсыбір қатынаста жоғарғы жікке жатады, әдетте, басқа да параметрлер бойынша да сол жікте немесе керісінше болады. Жоғары экономикалық жіктің өкілдері бірден жоғары саяси және кәсіби жіктердің қатарына жатады. Мүліксіздер, әдетте, азаматтық құқығынан айырылады және кәсіби иерархияның төменгі жігіне орналасады. Әлеуметтік мобильдіктің жалпы ережесі осындай.
П.Сорокин әлеуметтік мобильдікті де әлеуметтік стратификация сияқты табиғи және сөзсіз болатын құбылыс деп қарайды. Әлеуметтік мобильдік әлеуметтік стратификация негізінде өмір сүреді.
П.Сорокин АҚШ-та жұмыс істей жүріп, эмпириялық әлеуметтануды тақырыбының ұсақтығы үшін және оның кең әлеуметтік проблемаларды қамтудағы орашолақтығы үшін сынады. Сонымен бірге «әлеуметтік орын ауысу», әлеуметтік құрылымдар мен жіктер жөнінде эмпириялық зерттеулер жүргізе отырып, П.Сорокин оларды кең әлеуметтік құрылымдарға жатқызуға және қоғамдағы қозғалысты бұл құрылымдардың қызмет жасауымен байланысты қарауға ұмтылды. П.Сорокин әлеуметтік мекемелерді әлеуметтік құрылымдардың бірі деп есептейді, сондықтан да әлеуметтік жұмысқа мектептің, бюрократияның, армияның, шіркеудің және т.б. ұйымдардың қалай әсер ететіндігіне оның көңіл аударуы кездейсоқ емес еді. П.Сорокин – ірі әлеуметтанымдық тұжырымдамалардың авторы ретінде белгілі болған ғалым. Осы тұжырымдамалардың көмегімен ол дүниедегі өзгерістерді түсіндіруге талпынды. Бұлардың бірі - әлеуметтік-мәдени динамика тұжырымдамасы. Екіншісі – қоғамның интегралдық (тұтастыққа) жақындау түрінің тұжырымдамасы. Біріншісінің шеңберінде ол тарихи процесті мәдениеттер типтерінің қозғалысы ретінде қарастырады да, олардың әрқайсысын белгілі бір тұтастық деп есептейді. П.Сорокин мұндай негізгі типтердің үшеуін атап көрсетеді. Олар: сезімділік, ақылға қонымды пайымдылық, идеалистік. Бұлардың біріншісі шындықты тікелей сезімділікпен қабылдаудың басымдылығымен сипатталады, екіншісі ақылға қонымды, пайдалы ойлардың үстемділігімен, ал үшіншісі – сезімталдықтың (интуицияның) басымдығымен сипатталады. Мәдениеттің бұл түрлерінің әрқайсысы дамуда болады да, дамудың әр түрлі кезеңінде адамзат қоғамымен бірге жасасады.
П.Сорокиннің әлеуметтік-мәдени, динамикалық тұжырымдамасы - әлеуметтік өзгерістердің болу кезеңдері мен қозғаушы күштерін және олардың қоғамдағы диалектикасын талдауға арналған алғашқы әрекеттерінің бірі болды. Ал енді, қоғамның тұтастығы туралы теориясына келетін болсақ, мұнда ол келешектің өзіндік нұсқасын ұсынуға ұмтылды. Бұл теория қоғамдық өмірдің әр түрлі ұйымдары мен жүйелерінің өзара байланысын түсінуге және бұлардың әрқайсысының жақсы жетістіктерін адамзат мүддесіне пайдалануға деген нақтылы шындық түріндегі көзқарастар арасындағы неғұрлым алдыңғы қатарлы теория болды. Адамзат қоғамының шынайы жетістіктері жөніндегі бұдан басқа да айтқандарының бірқатары П.Сорокиннің көзқарасының дұрыстығын көрсетті. Атап айтсақ, бұл – меншік пен саяси құрылымның көп түрлілігі, еңбек пен экономикалық тәртіпті ынталандыру, жоспарлау тәсілдері және т.б. жөніндегі мәселелер. Қалай дегенмен де, адамзат көптеген қиыншылықтарға ұшыраса да, баяу болса да интеграция жолымен алға жылжуда.
Әлеуметтанымдық тұжырымдамалардың бірі – шиеленіс теориясы. Бұл теорияны неміс әлеуметтанушысы Г.Зиммель (1858-1918) негіздеген болатын. Мұнда ол қақтығыстарды әлеуметтік процестерді талдаудың өзекті мәселесі ретіндегі адам қоғамының табиғатына тән құбылыс деп қарайды.
Соңғы жиырма жылдың ішінде шиеленіс теориясы Д.Беллдың,
К.Боулдингтің, М.Крозьенің, А.Туреннің, т.б. ғалымдардың еңбектерінде одан әрі дамытылды. Бұл теорияның қолдаушылары әлеуметтік жүйелердің тұралауын болдырмайтын және олардың дамуын ынталандыратын қақтығыстардың объективтік құндылығын атап көрсетеді. Сонымен бірге олар қоғамдық процестің дамуына кедергі келтіретін қақтығыстарға да назар аударады. Бұлардың қатарына әлеуметтанушылар тап күресін де жатқызады. Олар әлеуметтік қақтығыстардың себептері қоғамдағы, ондағы таптар арасындағы қатынастардағы әрекет жасайтын психологиялық механизмнің жетілмеуінде жатыр деп санайды. Бұл әлеуметтанушылардың пікірінше, ең бастысы әлеуметтік шиеленіске ұласып кетуі мүмкін әлеуметтік қақтығыстардың кеңеюіне жол бермеу керек.
Әлеуметтану дамуының соғыстан кейінгі дәуірі (40-жылдардың екінші жартысы мен 60-жылдар) өте жемісті және көпқырлы болды. Осы уақытта әлеуметтанудың маңызы зор көптеген бағыттары мен тұжырымдамалары пайда болып дамыды. Әлеуметтанымдық теориялардағы тұғырлы орынды көрнекті американ теоретигі Т.Парсонстың (1902-1979) еңбектері иеленді. Оның ұсынған көптеген тұжырымдамаларының ішіндегі ең елеулілері екеу: 1) әлеуметтік әрекет теориясы; 2) құрылымдық функционалдық сараптау тұжырымдамасы. Методологиялық жағынан бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ біріншісі негізгі болып табылады. Әлеуметтік әрекет теориясын Парсонс 30-жылдардың өзінде-ақ Вебер мен Дюркгеймнің, т.б. идеялары ықпалымен қалыптастыра бастады. 1937 жылы оның «Әлеуметтік әрекет құрылымы» деген кітабы шықты. Соғыстан кейінгі жылдары Парсонс бұл теориялық идеяларын дамытуды жалғастырды. Бұл теорияның мәні мен мазмұны мынаған саяды: кез-келген әлеуметтік әрекет, біріншіден, әрекет жасайтын адамдардың болуын талап етеді, екіншіден, әрекетті тудыратын нақтылы жағдайдың, үшіншіден, әрекеттің мақсаттары мен алдын ала белгіленген өлшемдерден тұратын шарттарының болуын көздейді. Әрекеттің өзі, Парсонстың пікірінше, өздігінен ұйымдастырылатын жүйе. Ал бұл жүйе реттеудің символдық механизмдерімен (тіл, құндылықтар, т.б.), өлшемдікпен (яғни әрекеттің қоғамда орныққан ережелері мен құндылықтарына тәуелділігімен), валюнтаристікпен (ортаның жағдайларынан тәуелсіздігімен), сипатталады. Әлеуметтік әрекет теориясында басты орынды «әрекеттер жүйесі» деген ұғым алады. Бұл жүйе туралы айтқанда оның астарынан Парсонс өзара бір-бірімен байланыстағы әлеуметтік нақтылықтың әр түрлі деңгейлерін түсіндіреді. Парсонс негізгі төрт жүйені: әлеуметтік жүйені, мәдениет, тұлға және организм жүйелерін көрсетеді. Әрекеттің әрбір жүйесінің дұрыс қызмет етуі үшін оның төрт шартты орындауы талап етіледі: а) жүйенің құндылық үлгісін қолдау; б) интеграция; в) мақсатқа жетушілік; г) бейімделушілік шарттары. Парсонстың теориялық құрылымдарының соншалықты күрделігіне қарамастан, оның зерттеулерінде әлеуметтанудың басты міндетіне сай келетін, әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететіндей құрылымдар мен механизмдерді зерттеу ісі өзекті мәселе етіп қойылды. Бұл міндетті шешуге құрылымдық-функционалдық талдау қолданылып, соған сәйкес қоғам мен оның қосалқы жүйелерінің өздері белгілі бір функциялар жиынтығын орындау тұрғысынан қаралады. Алайда, 60-жылдарда әлеуметтік процестерге осылай түсінік беруде өмірдегі қайшылықтарды, қақтығыстарды, тұрақсыздықты және т.б. ауытқушылық құбылыстарды түсіндіру оңайға соқпайтыны белгілі болды. Бұдан құрылымдық-функционалдық талдауды тереңдету қажеттігі туды. Парсонс өз тұжырымдамасының нығаю жолын өзгелердікінен басқа бағыттан іздеді. Сөйтіп, қоғамды құрылымдық бөліктерге бөлуге байланысты туған оның неоэволюционизм (жаңа эволюционизм) теориясы пайда болды.
Әлеуметтік нақтылықтың жергілікті жердегі көріністерін, оның проблемаларын, процестерін, мекемелері мен ұйымдарын білуге деген қоғамдық қажеттілік нәтижесінде, сондай-ақ Мертон идеяларының ықпалымен «орта деңгей» әлеуметтанымдық теорияларының белсенді дамуы басталғанда, әлеуметтанудың көптеген салалары қалыптаса бастады. Бұлардың тек кейбіреулері: еңбек, қала, ауыл, жастар, демалыс, білім беру, мәдениет, ғылым, отбасы, саясат, дін, тіл, құқық, қылмыс, пікір, дәрігерлік, т.б. әлеуметтанулары пайда болды. Бұлардың әрқайсысында эмпириялық зерттеулер деректерінде талдау жасауға, жергілікті проблемалар мен процестерді түсіндіруге міндетті арнаулы әлеуметтанымдық теориялар пайда болып, көбейді.
Әлеуметтану ілімі дамуының екінші кезеңін (40-60-жылдар) қарауды аяқтай отырып, бұл кезеңнің академиялық та, қолданбалық та әлеуметтанудың даму жолдарын және оларды біріктіру мүмкіндіктерін іздестірумен көзге түскендігін атап өту керек. Тұтас алғанда әлеуметтану ғылымы елеулі табыстарға жетіп, жаңа белестерге көтерілуде. Бұл ғылымның беделі артып, ғылым мен пән ретінде жоғарғы оқу орындарында берілетін кәсіби мамандық санатында біржола орнығуда. Оның беделі дүниежүзілік көлемде де өсіп, халықаралық әлеуметтанымдық ынтымақтастық күшеюде. Бүкіл дүниежүзілік әлеуметтанымдық. конгрестер жиі ұйымдастырылатын болды. Халықаралық әлеуметтанымдық ассоциация (ХӘА) өз қызметін белсендіре түсті.