Әрбір тұлға қоғамда белгілі бір оынды иемденеді және нақты міндеттерді атқарады, ол үшін соған сәйкес оның құқықтары мен міндеттері, яғни белгілі бір әлеуметтік мәртебесі болады. Жалпы мәртебені әлеуметтік және жеке статус деп бөледі. Әлеуметтік мәртебе адамның үлкен әлеуметтік топтың өкілі ретінде (мамандық, тап, ұлт, жыныс, жас мөлшері, дін) қоғамдағы орны. Жеке мәртебе деп индивидтің шағын топтағы орнын айтады, бұл индивидті осы топ мүшелерінің (таныстары, туыстары) бағалауы мен қабылдауына байланысты болады. Таныстары мен туыстарының оны қабылдауы индивидтің жеке сапаларына орай болады. Әлеуметтік мәртебе индивидтің жағдайын жан-жақты сипаттайды: мамандығын, кәсібін, біліктілігін, нақты атқаратын жұмысының сипатын, қызмет-лауазымын, материалдық жай-күйін, саяси ықпалын, партия мен кәсіподаққа мүшелігін, іскерлік байланысын, ұлтын, дінін, жас мөлшерін, отбасылық жағдайын, туыстық байланыстарын және т.б. қамтиды. Әлеуметтік мәртебе өз кезегінде адамның дүниеге келген сәтінен белгіленген, яғни субъектіден тәуелсіз, туғаннан сақталатын мәртебе: нәсілі, жынысы, ұлты және қолжеткен, яғни индивидтің өз күшімен жеткен мәртебесі болып бөлінеді. Кейде индивидтің аралас мәртебесі де болады. Ол жоғарыда аталған мәртебелердің екі белгісінен тұрады. Әдетте бір тұлғаның өзінде бірнеше мәртебе болады. Тұлға екі немесе одан да көп әлеуметтік топтардың, институттардың, қауымдастықтардың. Ұйымдардың, т.б. субъектісі болып табылады. Мысалы, тұлға: еркек, әке, күйеу, бала, оқытушы, профессор, ғылым докторы, редколлегия мүшесі, т.б. бір адам әр түрлі адамдарға қатынасына сйәкес қарама-қарсы мәртебені де иеленеді, айталық, тұлға өзінің балалары үшін – әке, ал өзінің анасы үшін ол – ұлы болады. Бірақ сол мәртебелердің бірі адамның қоғамдағы ахуалын анықтайтын негізгі, басты мәртебе болып саналады. Мұндай мәртебе көьіне-көп негізгі жұмыс орнындағы қызметпен байланысты болады. Мысалы, ер адам үшін негізгі жұмыс орнымен анықталады: банк директоры, заңгер, жұмысшы, ал әйел адам үшін – тұрғылықты жерімен (бибі) айқындалады. Бұдан да басқа варианттары болуы мүмкін. Бұл басты мәртебенің салыстырмалы екенін көрсетеді, оның жынысқа, нәсілге немесе мамандыққа байланысты емес екендігін анық көрсетеді.
Жоғарыда аталған мәртебелермен адамзат қоғамындағы мәртебелер бітпейді. Маңдайға жазылған, өзі жететін, аралас, әлеуметтік, жеке мәртебелер, солармен қатар кәсіптік, экономикалық, саяси демографиялық, діни және қандас-туыстық негізгі мәртебелердің бір түріне жатады. Бұлардан басқа көптеп саналатын эпизодтық негізі емес мәртебелер де бар. Мұндай мәртебелерге жаяу жүрушінің, куәгердің, демонстрацияға қатысушының, оқырманның, тыңдаушының, теледидар көрерменінің, баспана кезегінде тұрушының және т.б. жатқызуға болады. Әдетте, бұлар уақытша жағдайлар. Мұндай мәртебені алып жүрушілердің құқықтары мен міндеттері көбінесе тіркелмейді. Оларды анықтау да өте қиын, айталық жаяу жүрушінің мәртебесі. Бірақ мұндай мәртебелер бар, ол адамның бастысына болмаса да, екінші қатардағы жүріс-тұрыс, ойлау мен сезім белгілеріне ықпал етеді. Мысалы, профессор мәретебесі осы адамның өмірінде көп нәрсені анықтайды, ал оның уақытша мәртебесі – жаяу жүруші екенін анықтамайды. Сөйтіп, адамның негізгі және негізгі емес мәртебелері болады, бірақ оның біріншісінің екіншісінен мәнді өзгешелігі бар. Бірде-бір адам мәртебеден немесе мәртебелерден тыс өмір сүре алмайды. Егерде ол бір мәртебеден кететін болса, міндетті түрде екінші бір мәртебені иемденеді.
Индивидтің қоғамдағы немес топтағы сыртқы жағдайы үйлесімді бола бермейді. Мұны мәртебелердің сәйкессіздігі (немесе алшақтауы) деп атайды. Индивид көптеген мәртебені иеленеді және көптеген әлеуметтік топтарға жатады, ал олардың қоғамдағы беделі бірдей емес: коммерсанттар сантехниктерден немесе әр түрлі жұмыскерлерден жоғары бағаланады; еркектердің өндіріс саласында әйелдерге қарағанда үлкен әлеуметтік салмағы бар; негізгі ұлтқа жатумен аз ұлттарға жату бірдей емес.
Ешбір құжатта тіркелмеген, бірақ қоғамдық пікірде қалыптасып, ауыздан-ауызға беріліп, мойындалған мәртебелер мен әлеуметтік топтардың иерархиясы бар. Бұл иерархия бойынша біреулердің басқаларға қарағанда көбірек құрметтеу мен бағалау орын алған. Мұндай иерархиядағы орынды ранг деп атайды. Ол жоғарғы, ортанғы немесе төменгі рангқа бөлінеді. Иерархия бір қоғам шеңберінде топтар арасында (мұндайда иерархияны топаралық деп атайды) және бір топтың шеңберінде индивидтер арасында (топ ішінде) өмір сүре алады. Бұл жерде де адамның орнын «ранг» термині білдіреді. Мәртебелердің сәйкессізділігі топтар арасындағы және топтар ішіндегі иерархиядағы қарама-қайшылықты көрсетеді. Осы қарама – қайшылық екі жағдаймен байланысты пайда болады:
Индивид бір топта жоғары рангте, ал екінші топта төменгі рангте болғанда;
Бір мәртебені құқы мен екінші бір мәртебенің құқығы мен мәндеттеріне қарама-қарсы немесе кедергі келтіргенде.
Жоғары жалақылы банк қызметкері (жоғарғы кәсіптік ранг) отбасын материалдық игілікпен қамтамасыз етуші адам ретінде отбасында да жоғарғы рангны иеленеді. Бірақ бұдан оның өзге топтарда, айталық, достарының, туыстарының, қызметтестерінің ортасында рангы жоғары болмайды. Әйелдің дәстүрлі экономикалық мәртебесі – бибі болу, ал индустриялық дәуір оған тағы бірін – жұмысшы әйел мәртебесін қосты. Бірақ оның бұрынғы ескі және жаңа мәртебелері келе-келе бір-бірімен қарама-қайшылыққа түсті. Бірдей тиімді және бір мезгілде екі рөлді атқару тіптен мүмкін емес. Олардың әрқайсысы көп уақытты және біліктілікті талап етті. Сөйтіп, екі рөлді қатар атқару жүзеге асырылды. Жалпы ана мен тиімді қызметкер, сонымен қатар жақсы әйел мен тиімді қызметкер мәртебесін – рөлдерін қатар алып жүру өте қиын. Қалжыраған әйел сезімтал, аяулы жар бола алмайды. Ал өндіріске кеткен қажетті уақыт лебінен бала тәрбиесі ақсайды. Сонымен, жаңа мәртебе – «жұмысшы» бұрынғы үш мәртебемен – бибі, ана жер – қарама-қайшылыққа түсті. Демек, адамның кейбір мәртебесі үйлесімін тапса, ал басқалары қарама-қайшылықта болады. Оны мәртебелердің сәйкессіздігі деп атайды: ол индивидтің бір әлеуметтік топта жоғарғы, ал екінші бір топта төменгі рангде болатынын көрсетеді. Солардың бірі – әлеуметтік рөлдердің жиынтығы ретіндегі адам бейнесі (образ).
Тұлғаның рөлдік тұжырымдамасы XX ғасырдың 30-жылдарында Американың әлеуметтік психологиясында пайда болды. Оның негізін Дж. Мид салды. Бұл тұжырымдама әр түрлі әлеуметтану ағымдарында, әсіресе құрылымдық-функциялық сараптау ағымында кеңінен тарады. Т.Парсонс және оның ізбасарлары әлеуметтік рөлдердің көптігіне орай тұлғаны функция ретінде қарайды29, бұл рөлдер қайсыбір қоғамдағы кез келген индивидттерге тән.
Әлеуметтік рөл – бұл мінез-құлықтың нұсқасы, қоғамдық жүйедегі және тұлғааралық қатынастағы тұлғаның объективті берілген әлеуметтік ұстанымы. Рөлдердің жиынтығын рөлдік жүйе дейді. «Рөлдік жиынтық» ұғымын Р.Мертон анықтады. Әлеуметтік рөлдер адамға заң немесе басқа да құқықтық актілер арқылы формальды бекітілуі мүмкін, және ол көптеген моральдық тәртіп нормалары арқылы формальды емес болуы да мүмкін. Әлеуметтік рөл рөлдік күтіліс пен рөлдік мінез-құлыққа бөлінеді. Рөлдік күтіліс «ойын ережесіне» сәйкес рөлді күтеді, ал рөлдік мінез-құлықты адам өз рөлінің шеңберінде нақты орындайды. Адам кез келген уақытта қайсыбір рөлді өзіне алғанда онымен байланысты құқықтары мен міндеттерін нақты түсінетін болады, әрекеттердің нобайын және бір ізділігін біледі, сөйтіп өзінің төңірегіндегі адамдардың күткеніндей өз жүріс-тұрысын құрады. Осыған орай қоғам бәрінің дұрыс орындалуын қадағалап отырады. Сол үшін әлеуметтік бақылаудың тұтас жүйесі – қоғамдық пікірден заң қорғау органдарына дейінгі және соған сәйкес әлеуметтік тыйым жүйесі – бетіне басудан, айыптаушылықтан күштеп тоқтатуға дейінгі қамтыған.
Рөлдік мінез-құлық өте қатаң шектелген, өйткені әр түрлі қызметтерді араластыру немесе олардың бәрін бірдей орындамау бүкіл әлеуметтік жүйе тепе-теңдігінің бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бірақ бұл шектер абсолютті емес; рөл іс-әрекетке жалпы бағыт береді және оның мақсатын айқындайды, ал оларды орындау стилі варианттық фактор болады. Мысалы, фирма директорының рөлі басшылық жасау қызметін жүзеге асыруды талап етеді және оны басқа біреудің қарамағына қызметістеу міндеттімен алмастыруға болмайды. Бірақ басшылық жасау әр түрлі әдістермен жүзеге асырылуы мүмкін: беделге сүйену, демократиялық, бетімен жіберушілік, ал бұл тұрғыдан алғанда фирма директорының рөліне ешқандай шектеу қойылмайды.
Бір адам көптеген рөлдерді орындайды, олар бір-бірімен қарама-қайшы келуі де мүмкін, мұндай жағдай рөлдік қайшылықтарға әкеп соқтырады. Бұған әлеуметтануда жиі жазылып жүрген әйелдердің кәсіби және отбасындағы рөлінің арасындағы қайшылық мысал бола алады.
Рөлдермен қатар, қоғамдық жұмысты тікелей алып жүруші, жалпы әлеуметтік жүйе үшін мәнді де маңызды, адамдардың бір-бірімен өзіндік қатынастары бар, мұнда да адам белгілі бір орын алады және соған сәйкес қайсыбір міндеттерді орындайды. Осы қарым-қатынастардың астары «тұлғааралық рөл» ұғымымен бейнеленеді әлеуметтік рөл сияқты тұлғааралық рөлдер де әр түрлі болуы мүмкін және әр түрлі шағын топтарда тіптен қарама-қарсы болуы да мүмкін, айталық, дос, дұшпан, сенімді адам, т.б. Көбіне-көп адам өз мінез-құлқында осы әр түрлі күтілістерді еріксіз ескеруіне тура келеді, мұндайда адам бір емес, бірнеше топтардың күткеніне бағыт-бағдар ұстайды.
Рөл өзінің қоғамдық маңыздылығы тұрғысынан алғанда, объективті құбылыс ретінде танылса, ал ол индивид санасында өзіндік ұйғарым тауып, өзінше оған түсініктеме берсе, субъективті де болады. Т. Парсонстың көзқарасы бойынша, қайсыбір рөлдің негіздерін тұлғалық мәннен емес, әлеуметтік қажеттіліктерден іздеу қажет. Айталық, қазіргі әйелдердің индивидуалдық ұстанымдарында әйел (ана) рөлі аса елеулі маңызға және құндылықтарға ие бола алмайды, бірақ қоғам алдында бұл рөл әйелге үлкен міндет жүктейді. Социум тұрғысынан алғанда, рөлдік қалыптардан ауытқу, оларды мойындамау жөнсіздікке әкеп соқтырады. Сондықтан рөлге қатысты мінез-құлық ережелерін мейлінше ұстану тұлғаның қоғамда өмір сүруін жеңілдетеді, оның қайшылықты жағын азайтады, өзін-өзі сезіну сеніміне және оның баянды болуына негіз қалайды. Әлеуметтік рөлдер бүкіл қоғамдық организмнің қалыпты өмір сүруі үшін қаншалықты маңызды екендігіне қарай маңыздылығына да бөлінеді. Бұл қайсыбір топтардың қоғамдағы орнына және тиісінше әлеуметтік құрылымдағы оның мүшелеріне, олардың құрылым тұрақтылығын қолдау үшін маңыздылығына байланысты. Әлеуметтік мәртебе қоғамдық қатынастардағы әлеуметтік топтар мен жекелеген тұлғалар жағдайының интегративтік көрсеткіші болып табылады. Кез келген қоғамда және қоғамдық өмірдің кез келген саласында, айталық, өндірістік, құқықтық, тұтыну және басқа да саласында әлеуметтік теңсіздікті айқындайтын және нықтайтын мәртебелер сатысы, пирамидасы бар.
Рөлдер теориясы тұлғаның әлеуметтену процесінде оған бейімделу жағдайын жақсы бейнелейді. Бірақ бұл схеманы бірден-бір және соңғы схема деп қарауға болмайды, өйткені мұнда тұлғаның белсенділігі, шығармашылық бастаулары есепке алынбайды.
Тұлғаның келесі бір бейнесі З. Фрейд идеяларының ықпалымен пайда болды. Бұл адамдық мұқтаждықтардың жүйесі ретінде, ал қоғамды тыйым салулардың жүйесі ретінде қарастырады. Тұлғаның санасыз (ең алдымен сексуалды) іс-әркеті оның белсенді күш-қуатын және негізгі қайнар көзін құрайды, оның әрекетін қисынды етеді. Адам әлеуметтік нормалық шектеулерге байланысты табиғи формадағы түйсіктің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтын болғандықтан, бойын билеген құштарлығы мен оның қоғамда қабылданған формада жүзеге асуы арасынан ұдайы келістік іздеуге мәжбүр болады. Фрейд жасаған тұлға үлгісі үш деңгейлі түзілім болып табылады; төменгі деңгей (Ол немесе Гед), бұл санадан тыс имплусьтермен және «тектік естеліктермен» берілген, ортанғы қабат (Мен немесе Эго) және жоғарғы деңгей (Акқан-Мен немесе Супер-Эго) – адам қабылдаған қоғамдық нормалар. Аса қатал шамшыл және жауынгер деңгей – Ол және Асқан-Мен. Олар адам психиикасына екі жақтан «шабуыл» жасап, жүйкелік, мінез-құлық халін қалыптастырады. Бұл тұлға үлгісі қоғамдық қысымнан әрдайым қорғанып жүреді және әлеуметтік ортамен шиеленіске түсіп отырады. Қоғам дамуының деңгейіне қарай жоғары деңгей (Супер-Эго) сөзсіз ұлғаяды, салмағы да артады. Фрейд бүкіл адамзат тарихын психоздың өрістеу тарихы ретінде қарастырады.
Тұлғаның тағы бір бейнесі – әр түрлі ынталандыруларға көзқарас жүйесі ретіндегі тұлға. Осы көзқарасты ұстанғандар Б. Скиннер, Дж. Хоманс, К.-Д Опп болды. Бұл тұжырымдама бойынша, әрбір адамның мінез-құлқын әлеуметтік орта тіл, дәстүр, әлеуметтік құрылымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б. арқылы қамтамасыз етеді және бақылайды. Басқа адамдармен өзара әркетте, кез келген әлеуметтік топта адам өз мүддесін қорғайды: егерде оның мінез-құлқы қолдау тауып, жағымды ынталандырылатын болса, онда адам өзін қоршаған ортаға және жалпы әлеуметтік жүйеге ниеті түзу, тілектес болады; егерде қоғам тарапынан ол қолдау таппаса, онда ол шамшыл келеді, тәртіп бұзады. Бірақ әрбір адам жазаланудан аулақ болуға және қолдау табуға тырысады және осыған байланысты ол сыртқы ынталандырулар мен әлеуметтік бұйрықтардан біржақты әсер алады. Басақаша айтқанда, тұлға проблемасын қарастырғанда мінез-құлық әлеуметтануы басты рөлді ынталандыру жүйесіне береді. Осыдан тұлға мінез-құлқындағы өзгерістер жақсыға, әрекетке үйрету процесінен туындайды.
Кез келген «жақсылық» атаулыны ынталандырушы ретінде пайданалнуға болады. Олар: білім, билік, құрмет көрсету, даңқ, ақша, билік етушілердің оң қатынастары және т.б., бірақ өзінің қайнар көзі жағынан міндетті түрде әлеуметтік болуы керек. Ол қайнар көз қоғамның қолында болуы шарт және оны қоғам басқаруы керек. Сыйлық алу адам үшін қаншалықты құнды болса, онда ол соған сәйкес мінез-құлықты ұстанатын болады. Сонымен қатар, адам бір сәт басқалардың тарапынан қолдау тапқанын сезінсе, онда тиісінше оның кейінгі әрбір әркеттері де құнды болады. Бұл принципті тұлғааралық қатынастар деңгейінде қарастырғанда қарсыластар арасындағы еркін әрекеттер, олардың әрқайсысы өзін ұтысқа қол жеткіздім деп, яғни келетін пайдаға немесе сыйлыққа қарағанда өзінің жағдайға қосқан «үлесі» аз деп санағанға дейін сақталады.
Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи мектебі қалыптастырған тұжырым бойынша, адам өзінің міндеттерін орындауға, мақсатына жетуге ұмтылдыратын мінез-құлқы мен қылықтарын ұтымдылық көзқарасымен ғана түсіну мүмкін болмайтын қызметтік тірі организм болып табылады. Тұлғаның негізіне адамның қызметі, қарым-қатынасы, танымы арқылы көрініс табатын оның дүниемен сан қырлы байланыстары алынған. Тұлғаны танып-білу кілті ретінде басты бағалау категориясы – «қызмет» категориясы қарастырылған. Қызмет бұл жерде құрылымдық және функциялық аспектіде пайымдалған. Құрылымдық аспект қызметтің өз құрлысын анықтауды және қызметті құрайтын элементтерді анықтауды талап етеді. Функциялық аспект сол қызметтің қалайша жүзеге асатынана баса назар аударады. Сонымен, тұлғаны танып-білу оның қызметін тікелей зерттеумен байланысты және ол мынаған саяды:
жүйені құрайтын буынды, қызметтің негізгі түрін «кәсіби, танымдық т.б.) анықтау;
қызметтің жүзеге асу принципін – еріксіз немесе еркін, қол үзген немесе қол үзбененін анықтау;
әр түрлі қызметтер арасындағы байланыстардың сипатын (сәйкестілік немесе сәйкессіздік), олардың иерархиялық орналасу деңгейін зерттеу; - әрбір қызмет түрінің жүзеге асу деңгейін зерттеу.
Тұлғаны танып-білуге келтірілген варианттардың бірде-бір бұл құбылысты толық көрсете алмайды, олардың әрқайсысы оның жекелеген көріністерін қарастырады, бұл варианттар тек аса маңызды, негізі ретінде беріліп отыр. Әлеуметтік тұрғыдан тұлғаны танып-білудің моделін жасау – болашақтың ісі.
Бүгінгі әлеуметтануда тұлға ұғымы екі мағынада: а) индивидті қарымқатынастардың және б) саналы қызметтің субъектісі ретінде көрсету үшін қолданылып келеді. Оның мәртебесі мен рөлін тұлғаның әлеуметтену деңгейі анықтайды.