Әлеуметтану


ҚОҒАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК СТРАТИФИКАЦИЯ



бет33/82
Дата07.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#87528
түріОқулық
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   82
Байланысты:
ӘЛЕУМЕТТАНУ. ОҚУЛЫҚ (1) (2)

ҚОҒАМНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК СТРАТИФИКАЦИЯ


Әлеуметтік стартификация – әлеуметтанудың орталық тақырыбы. Ол қоғамның түрліше әлеуметтік жіктелісін түсіндіреді. Қоғамдық құрылымды біз мәртебелердің жиынтығы арқылы, қоғамдық еңбек бөлінісі арқылы, және т.б. арқылы құрылатынын көрсетуге талпындық. Қарапайым қоғамда мәртебелер саны аз және еңбек бөлінісі деңгейі төмен болады, ал қазіргі замандағы қоғамда – мәртебелер көптеп саналады және еңбек бөлінісін ұйымдастыру деңгейі де әлдеқайда жоғары.
Әлеуметтік құрам әлеуметтік стратификацияға айналады – вертикальды тәртіппен орналасқан әлеуметтік жіктердің жиынтығы, дәлірек айтқанда кедейлердің , ауқаттылардың, байлардың жиынтығы.
Адамдар әрдайым қозғалыста болып, өздерінің мәртебесін өзгертіп отырады. Қаржы буржуазиясы жер аристократиясының орнына келіп, оны алмастырды, қазіргі өндірісте біліктілігі шамалы мамандықтарды «ақ жағалылар» деп аталатындардың өкілдері – инженерлер, программистер, роботталған кешендердің операторлары ығыстырып шығарды. Соғыстар мен революциялар қоғамның әлеуметтік құрылымын қайта жасап, пирамиданың шыңына кейбіреулерді көтерсе, басқаларын төмендетті. Олар қазір де жүріп жатыр, партиялық элитаны бизнес-элита келіп алмастырды.
Өрлеу мен құлдыраудың арасында белгілі бір ассимметрия бар: бәрінің де көтерілгісі келеді және ешкімнің әлеуметтік сатыда төмендегісі келмейді. 1. Әлеуметтік құрылым және стратификация ұғымдары, олардың негізгі элементтері мен формалары
Қоғамның әлеуметтік құрылымын түсіну үшін ең алдымен топ, әлеуметтік топ ұғымдарын білу қажеттігі туындайды. Себебі, қоғам алуан түрлі, атап айтқанда үлкен және кіші, бірінші және екінші, реальды және номинальді топтардың жиынтығы. Топтар адамзат қоғамының ірге тасын құрайды, өйткені қоғамның өзіде сондай топтардың бірі, бірақ олардың ең үлкені болып саналады. Жер бетіндегі топтардың саны индивидтердің санынан әлдеқайда артық. Бұның осындай болуын бір адамның бір мезетте бірнеше топтарда тұру қабілетіне байланысты түсіндіруге болады. Топтар ұғымы өз алдына ұғым ретінде, тұлға (индивид) және қоғам ұғымдарымен қатар Аристотельдің еңбектерінде кездеседі. Жаңа заманда Т.Гоббс алғаш рет топқа «ортақ мүдделерге немесе ортақ іске біріккен адамдардың белгілі бір саны» деген анықтама берген17.
Топ қоғамының әлеуметтік құрылымының басты элементтерінің бірі. Бұл ұғым кез келген белгілермен біріккен адамдардың жиынтығын білдіреді. Мұндай жиынтықты құруда ортақ қызмет, экономикалық, демографиялық, этнографиялық, психологиялық белгілер маңызды рөл атқарады. Бұл ұғым құқықтану, экономика, тарих, этнография, демография, психология ғылымдарнда да кеңінен қолданылады. Әлеуметтану ғылымында «әлеуметтік топ» ұғымы көбірек қолданылады.
Алайда адамдардың кез келген қауымдастығын әлеуметтік топ деп атауға болмайды. Егерде адамдар белгілі бір жерде айталық, автобуста, көше қиылысында жәй тұрса, онда мұндай уақытша қауымдастық «агрегация» деп аталады. Әлеуметтік қауымдастық, айталық адамдарды бір немесе бірнеше ұқсас белгілері мен біріктірген, сондай-ақ топ деп аталмайды, бұл жерде «категория» термині қолданылады. Мысалы, әлеуметтанушы 14 пен 18 жас аралығындағы адамдарды жастар категориясына жатқыза алады; егде адамдар, мемлекет коммуналдық қызметке төлеуде жеңілдіктер жасайтын – зейнеткерлер категориясына жатады және т.б.
Ғылымда әлеуметтік топ деп әлеуметтік маңызды критерилерге орай бөлінген кез келген адамдардың жиынтығын түсіну қабылданған. Оны анықтайтын әлеуметтік маңызды критерилерге жынысын, жасын, ұлтын, нәсілін, мамандығын, тұратын жерін, табысын, білімін және т.б. жатқызуға болады.
Әлеуметтік топ – бұл жеке адам мен қоғам арасын байланыстырушы делдал іспетті. Десекте, әлеуметтік топ – бұл ұжымдық процесстердің пайда болып, дамитын да ортасы. Бұл жерде ұжымдық жүріс тұрыстың мынандай формалалары: тобыр, көпшілік, дұрбелең, сыбыс, бүлік т.б.қалыптасады.
Әлеуметтік топ – бұл бірнеше белгілердің негізінде белгілі бір өзара әрекетке түсетін, атап айтқанда, басқаларға қатысты топтың әрбір мүшесінің күтілісін бөлісетін индивидттердің жиынтығы.
Бұл белгілі бір орынды иеленген және қоғамдық өндірісте өзіне тән рөл атқаратын, объективті өмір сүретін адамдардың тұрақты қауымдастығы.
Бүгінде әлеуметтік топтарды үлкен және кіші топтар деп ажыратады. Үлкен топтардың арасынан интелигенция, қызметкер, ой және дене еңбегі адамдары, қала және ауыл халқы сияқты әлеуметтік топтарды бөліп көрсету қабылданған.
Біз әлеуметтік топтардың классификациясын макродеңгейде яғни қоғам масштабында қарастырдық. Ал топтарды микродеңгейде зерттейтін болсақ, онда біз тұрақты бірлестік құратын адамдардың жекелеген топтарының тұрақты түрде өзара әрекетке түсетініне бірден көңіл аударған болар едік. Осылайша микродеңгейде топ адамдардың жиынтығы ретінде көрінеді, олар белгілі бір деңгейде бір бірімен әрекетке түседі, өздерінің осы топқа жататынын (өзін ұқсату) мойындайды, басқа адамдардың көзі тұрғысынан (ұқсастыру) оның мүшесі болып есептеледі. Мысалы, діни сектаның мүшелері діни жораларды орындау үшін дұға қылуға бәрі жиналады, бірлесе ететін әрекеттерін жоспарлайды, мысалы мерекелерді өткізу. Олар топтың өмірі мен қызметіне қатысты нәрсенің бәрін құпия сақтауға міндетті, мұқтаж топ мүшелеріне моральдік және материалдық көмек көрсетеді. Екі ғашық жас, карта ойнап отырған төрт адам, демалыс күндері қармақпен табиғатқа шығатын бірнеше балықшы, үйлерінің алдында отырған қарттар – бұлардың бәрі бірнеше топтар деп аталатындарды құрайды, өйткені олар аз ғана адамдардан тұратын топ , олардың арасында осы топтың мәнін айқындайтын жеке тығыз қатынас қалыптасады.
Бұл жерде индивид өзін бірегей және қайталанбас адам ретінде сезінеді. Топ мүшелерінің жеке бастық, тұлғалық сапаларды маңызды рөл атқарады, әрқайсысын басқа ешкіммен айырбастауға болмайды.
Екінші қатардағы топ та адамдардан құралады, бірақ олардың арасында эмоционалдық қатынастар болмайды, олардың өзара әрекеті белгілі бір мүдделерді қанағаттандыруға тырысумен анықталған. Әркімнің индивидуалдық ерекшеліктері, осы мүдделерімен тікелей байланысы жок, бұл жерде түкке де тұрмайды. Негізгі – өндірістік қатынастар, рөлдер нақты бөлінген, әркім туралы ұжым мүшелері аз ғана біледі. Қарым-қатынас формальді сипат алады және ол жазба құжаттардың, телефон қоңыруаларының, компьютерлердің көмегімен іске асады.
Әлеуметтік ғылымыдардың теоретиктерді соңғы жүз жылдық барысында бірінші топтардың қоғамдағы рөлінің әлсірегенін атап айтады. Шындығында да қазіргі қоғам екінші топтардың үстемдігімен байланысқан, алайда бірінші топ әйтсе де адам мен өмірдің формальді жағын байланыстыратын маңызды буын болып қалуын сақтауда.
Қоғамның әлеуметтік құрылымын талдау бұрынғысынша зерттелетін бірлік ретінде қоғамның қарапайым бөлігі болуын талап етеді, өйткені ол әлеуметтік байланыстардың барлық түрлерін өзіне шоғырландырған. Бірлікті талдаудың осындай түрі ретінде кіші топ деп аталатын топ таңдап алынған, сөйтіп ол әлеуметтанулық барлық зерттеулер түрлерінің әрдайым қажетті атрибутына айналды. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде шағын топтарды зерттеу кең етек алды. Кіші топ, осылайша, әлеуметтанушы үшін әлеуметтік құрылымының қарапайым бөлшегі ретінде қызығушылық тудырады, өйткені онда әлеуметтік үрдістер пайда болады, көшбасшылардың топтасуы, бәсекелесуі механизмдері өмір сүреді, тұлғааралық жанжалдар пайда болуы және өшетін болады.
Адамдар неге топтарды құрады деген заңды сауал туындайды. Топтардың құрылуын олардың психологиялық биологиялық, әлеуметтік сынды маңызды функциялар атқаруымен түсіндіріледі.
Топ адамның тірі қалуына ықпал ететін негізгі фактор болып табылады, өйткені жеке адамдардың әрекет еткеннен гөрі топ мүшелері күн көріске қажетті азық-түлікті табуы және жаулардан қорғануы аса тиімді. Ол халықтың ұайы өндірілуі үшін де аса қажетті. Сәбилер ұзақ уақыт бойы отбасының ересек мүшелерінің қамқорлығын қажетсінеді. Тек топта ғана алғашқы әлеуметтену үрдісі жүреді, балалар топтағы өмір үшін қажетті дағдылар мен талаптарды қабылдайды. Топтарда ( бала-бақшада, мектепте) балалар білімді, ұғымды, құындылықтар мен ережелерді игереді. Әлеуметтендірумен қатар, топтар қатаң инструментальдік функцияны да атқарады, бұл әсіресі адамның белгілі бір істі орындауы мүмкін еместігі. (мысалы, үй салу, кітап жазу және оны шығару және т.б.) болғанда атқарылады. Кейбір топтардың түрлерін экспрессивті топтар деп те атайды, өйткені олар топ мүшелерінің әлеуметтік құрметке және сенімге тырысуын сонымен қатар жағымсыз сезімді бәсеңдетуді өздеріне мақсат етіп қояды.
Осылайша қоғам өз ішінде әр түрлі әлеуметтік топтарға, жіктерге және ұлттық қауымдастықтарға бөлінеді. Олардың бәрі өзара бір-біріне объективті түрде дәнекер болатын әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани байланыстар мен қатынастардан құралады. Сонымен бірге, олар тек осы байланыстар мен қатынастар шеңберінде ғана өмір сүреді және қоғамда өздерін көрсете алады. Бұл болса қоғамның тұтастығына, оның біртұтас әлеуметтік организм ретінде өмір сүруіне себепші болады. Мұның мәнін өздерінің теорияларында О. Конт, Г. Спенсер, К. Маркс, М. Вебер, Т. Парсонс және т.б. әлеуметтанушылар ашып берген еді. Сонымен қатар олар қоғамның әлеуметті құрылымына әртүрлі түсініктеме береді. Ол түсініктемелерді жинақтайтын болсақ, онда қоғамның әлеуметтік құрылымы - адамдар қауымдастықтарының және әлеуметтік топтарының арасындағы экономикалык, әлеуметтік, саяси және рухани өмір жағдайларының байланыстары мен қатынастарының жиынтығы болады.
Қазіргі әртүрлі ғылыми әдебиеттерде «қоғамның әлеуметтік құрылымы» терминіне әртүрлі түсініктемелер беріліп жүр. Солардың арасында кең тарап, көпшіліктің мойындағандары да бар. Соның біріншісінде, қоғамның әлеуметтік құрылымы – бұл әлеуметтік топтардың, әлеуметтік қауымдастықтың, әлеуметтік институттардың және олардың арасындағы әлеуметтік қатынастардың өзара байланысы мен өзара әрекетінің жиынтығы деген анықтама берілген. Ал екінші анықтама да қоғамның әлеуметтік құрылымы – бұл әлеуметтік жүйенің ретке келтіріліп, иерархиялық пен ұйымдасқан әртүрлі элементтердің (индивидтер, әлеуметтік топтар, әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік институттар) жиынтығы.
Қоғамның әлеуметтік құрылымы әлеуметтік субъектілердің әлеуметтік өмірге қатысу шеңбері мен мүмкіндігін анықтайды. Ол әлеуметтік өзара әркетке мақсатты бағыттылық пен ұйымдасушылық береді, топ мүшелері арасына немесе қоғамға тұрақты өзара байланыс орнатады. Индивидтің немесе топтың қоғамның әлеуметтік құрылымында алатын орнын, олардың қоғамдық өндіріс жүйесінде атқаратын рөлін және олардың белгілі бір функцияларды орындау арқылы алатын мәртебесін анықтайды.
Әлеуеттік құрылым – қоғамның анатомиялық қаңқасы іспетті. Ғылымда құрылым деп объектінің ішкі құрылысын құрайтын функциональді түрде бірбірімен өзара байланысқа түскен элементтердің жиынтығын түсіну қабылданған. Оның элементтеріне әлеуметтік мәртебелер мен рөлдер жатады. Бұлардың саны, орналасу тәртібі және бір-біріне тәуелділік сипаты нақты қоғамның нақты құрылымының мазмұнын анықтайды. Осыдан шыға отырып ежелгі қоғам мен қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымының өте қатты ерекшеленетінін байқау қиын емес.
Құрылым қоғам құрылысының тұрақты болуын көрсетумен қатар оның қозғалысқа түсетін моменттерін де бейнелейді. Индивидтердің өзара әркетке түсу үрдісі барысында іске асатын әлеуметтік рөлдер оны қозғалысқа түсіреді. Осылайша олар тарихи тұрғыда өзгереді.
Қоғамның әлеуметтік құрылымының даму негізіне: 1) қоғамның еңбек бөлінісі; 2) өндіріс құрал-жабдықтарына және оның өніміне меншік қатынастары жатады. Қоғамдық еңбек бөлінісі - әлеуметтік топтардың, таптардың, кәсіби топтардың, сонымен бірге қала мен ауыл адамдарынан, ой еңбегі мен дене енбегі өкілдерінен тұратын үлкен топтардың пайда болып, одан әрі өмір сүрулеріне себепші болды.
Өндіріс құрал-жабдықтарына деген жеке меншіктік қатынастар қоғамның осы ішкі бөліністеріндегі оның экономикасын және ішінара қалыптаса бастаған құрылымды нығайтады. Қоғамдық еңбек бөлінісі де, меншік қатынастары да қоғамның әлеуметтік құрылымы дамуының объективті әлеуметтік-экономикалық алғышарттары болып табылады.
Қоғам өмірінде әр түрлі қызмет түрлерінің пайда болуына, материалдық өндірістің және рухани мәдениеттің дамуларына еңбек бөлінісінің белгілі дәрежеде елеулі ықпал ететінін кезінде Огюст Конт, Эмиль Дюркгейм, Питрим Сорокин және т.б. дәлелдеген болатын. Тарихи процестегі қоғамдық еңбек бөлінісінің рөлі жөніндегі кең ауқымды ілім, сонымен бірге коғамның әлеуметтік құрылымының дамуы жөніңдегі тұжырымдама ретінде марксизмнің әлеуметтік-экономикалық теорияларында да орын алған еді.
Марксизм теориясы жеке меншіктің осы процестегі рөлін де ашып берді.
Қоғамның әлеуметтік құрылымының негізгі элементтеріне:

  1. қоғамдық еңбек бөлінісі, өндіріс құралдарына деген жеке меншіктік қатынастар және қоғамдық өнімді бөлуде соған ортақтасатын әр түрлі таптар жатады. Оларды осылайша түсіндірудің қажеттілігін әр түрлі бағыттың әлеуметтанушылары мойындап отыр;

  2. қала мен ауыл адамдары; Қала мен ауыл халқы қоғамның әлеуметтік құрылымының элементтері ретінде және әлеуметтік топтар ретінде тұратын мекен-жайы бойынша айырмашылығы бар, өйткені қала мен ауыл адамдары қоныстарының бұрынғысынша басты түрлері болып қалып отыр. Олардың айырмашылығы мекен–жайдың көлемінен, халықтың шоғырлануынан, өндірістің даму деңгейінен, мәдени – тұрмыстық қызмет көрсету объектілерінің санынан, көліктің, байланыс құралдарының санынан көрінеді. Кеңесттік уақытта бұл айырмашылықтар ең алдымен селолық жерлердің, жалпы шеткі аймақтардың материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейінің төмендігімен байланысты болды.

  3. ой және дене еңбегінің өкілдері; Ой және дене еңбегі адамдары, қоғамның әлеуметтік құрылымының элементі әрі топ ретінде қарастырылатын, бір-бірінен:

  • еңбектің мазмұны мен жағдайы бойынша; - білім, біліктілік деңгейі бойынша;

  • мәдениет-тұрмыстың сұраныстары бойынша ерекшеленеді. Ой еңбегімен интеллигенция айналысады.

Интеллигенция арнайы білімді талап ететін, білікті ой еңбегімен кәсіби айналысатын адамдардың әлеуметтік тобы болып саналады. Кейде әдебиеттерде интеллигенцияға ой еңбегімен айналысатын барлық қызметкерлерді қосқан, соның ішінде қызметкер – маман еместерді де (мысалы, есеп шотшылар, машенист-хатшылар, жинақ банкінің бақылаушылары және т.б.) қосқан кең көлемде түсініктеме беру кездеседі.
Интеллигенцияның қоғамдағы рөлі оның келесі негізігі міндеттерді атқаруымен анықталады:

  • материалдық өндірісті ғылыми – техникалық және экономикалық жағынан қамтамасыз ету,

  • өндірісті, жалпы қоғамды және оның жекелеген құрылымдарын кәсіби басқару,

  • рухани мәдениетті дамыту,

  • адамдарды тәрбиелеу,

  • халықтың ақыл-ой және физикалық саулығын қамтамсыз ету. Әдетте, интеллигенциянны ғылыми, өндірістік, педагогикалық, мәдени-көркем, медициналық, басқару, әскери және т.б. бөліп көрсетеді.

  1. сословие;

  2. әлеуметтік-демографиялық топтар. Оны жастар, әйелдер мен еркектер, аға ұрпақ құрайды. Оларды жас, жыныс, мүдде, мәртебе және т.б. көрсеткіштер ерекшеленеді.

  3. ұлттық қауымдастықтар. Аталмыш қауымдастық ұлттар, ұлыстар, этникалық топтардан тұрады. Жоғарыда аталған әлеуметтік топтар мен ұлттық қауымдастықтар құрамдары бойынша біртектес болғанымен, олар осы әрекет барысында жеке жіктер мен топтарға бөлінеді, бұлар әлеуметтік құрылымның өз алдына әрекет ететін элементтері болып саналады, өйткені басқа субъектілермен өзара қарым-қатынас орнату негізінде әлеуметтік жіктер мен топтар өздеріне тән мүдделерді жүзеге асырады. Сондықтан кез-

келген қоғамның әлеуметтік құрылымы аса күрделі және тек әлеуметтанушылардың көңіл аударатын тақырыбы ғана емес, оған әлеуметтік басқару ғылымының өкілдері, сонымен бірге саясаткерлер мен мемлекеттік қайраткерлер де назар аударатын мәселе. Қоғамның әлеуметтік құрылымын анықтап алмайынша, оның ішінде қандай әлеуметтік топтардың өмір сүретіндігін және олардың мүдделерінің қандай екендігін, яғни олардың қай бағытта әрекет ететіндігін нақты білмейінше, қоғамдық істерді басқаруда, соның ішінде экономика, әлеуметтік, саясат және рухани өмір салаларында бір қадам да алға басуға болмайтынын ұғынудың маңызы өте зор. Қоғамның әлеуметтік құрылымына қатысты мәселенің маңыздылығы, міне, осында.
Оны шешуді әлеуметтік диалектиканы, тарихи және қазіргі қоғамның даму тәжірибесінің деректерін терең түсіну негізінде іске асыру қажет.
Қоғамда өмір сүріп отырған әлеуметтік топтар мен адамдар қауымдастықтарының өзара байланысы статикалық емес, керісінше, динамикалық болып саналады, ол адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мен мүдделерін іске асыру мақсатында туындайтын әрекеттерінен көрінеді. Бұл өзара әрекеттер екі негізі факторлармен: біріншіден, қоғамның әрбір субъектісінің белгілі бір талабын қанағаттандыруға негізделген қызметтің түрімен; екіншіден, әлеуметтік субъектілердің өз қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру мақсатында пайдаланатын коғамдық қатынастармен сипатталады.
Бұл жерде қоғамдық қатынастардың әлеуметтік құрылымның өміршеңдігі қанша уақытқа жалғасатыңдығы әңгіме арқауы болып отыр және бұл қатынастардың түрлері де өте көп. Кең мағынада алатын болсақ, барлық қоғамдық қатынастарды әлеуметтік, яғни қоғамдық деп ажыратамыз. Тар мағынада қарастырсақ, әлеуметтік қатынастар жүзеге асырып отырған экономикалық, саяси және т.б. қатынастармен бірге ерекшелікті қатынастар да маңызды орын алады. Әлеуметтік ерекшелікті қатынастар субъектілер арасында қалыптасады, сонымен бірге адамдардың қажеттіліктеріне сәйкес енбек жағдайына, материалдық игіліктерге, тұрмыс пен демалуды жақсартуға, білім алуға және рухани-мәдени байлықтарды игеру барысында еркіндікке жетуге, сонымен қатар медициналық қызмет көрсетуге оңды ықпал етіп, оны дамытады және әлеуметтік қамсыздандыруға байланысты жоғарыда аталған әлеуметтік топтар арасында да осы әлеуметтік ерекшелікті қатынастар орнайды. Бұл жерде адамдардың өміршең әлеуметтік саласы деп аталатын саладағы қажеттіліктерді қанағаттандыру - ұдайы өндіруге деген қажеттіліктер және олардың өмірлік күштерінің дамуы, олардың әлеуметтік өзін-өзі көрсетуі, қоғамда олардың өмір сүруі мен дамуының негізгі жағдайларын қамтамасыз ету.
Осы талаптар тұрғысында сол жерде пайда болатын адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды одан әрі жетілдіру - қоғам өмірінің әлеуметтік саласының тоқтаусыз алға басуының аса маңызды алғышарты болып саналады.
Әлеуметтік құрылымда адамның алатын орнын әлеуметтік теңсіздік те анықтайды.
Айырбас теориясының тұжырымдамасы бойынша адамның атқарған қызметінің нәтижесін әділ бөлмеу процесінен барып тенсіздік пайда болады. "Теңсіздік" және "әділетсіздік" ұғымдарын бір-бірінен ажырата білу қажет. Теңсіздікке ең алдымен әлеуметтің тікелей өзі себепші болған және ол қажетті құбылыс; екіншісі - әділетсіздік болса, бұл эгоистік мүдделердің көрінісі. Әділетсіздік — тұрақсыздық арқылы сипатталады. Ол қоғам үшін де, қабаттарға енген нақты адамдар мен топтар үшін де зиянды, өйткені әлеуметтік қатынастарды қалыптасқан нормалардың шегінен асырып жібереді, соның нәтижесінде бүкіл қоғам дүрлігеді. Сондықтан кез-келген әділетсіздікке қарсы күрестің өріс алып, күштің қолданылатыны табиғи нәрсе. Эгалитаризмге келсек, бұл - иерархияның антиподы, түптеп келгенде, бұл - миф, себебі табиғатта адамдардың толық, абсолютті теңдігі болған емес және болмайды да. Соған қарамастан экономикалық дағдарыстарды, әлеуметтік тұрақсыздықтардың әрқилы кезеңдерін және әсіресе билік үшін күресте теңдік, әділдік, жеңілдік секілді елді алдауратар мәселелерді бетперде ретінде саяси күштер белсенді пайдалана біледі, сөйтіп, өздерінің мақсаты үшін халықты қанайды. Бұл әрдайым осылай болған, бола да бермек.
Стратификация ұғымыда адамдар арасындағы теңсіздікті көрсетеді. Страта - стратификацияның төрт шкаласы бойынша бір-біріне ұқсас объективтік көрсеткіштері бар адамдардың әлеуметтік қабаты (жігі). Стратификация түсінігі латынның stratum - қабат, жік, fасіо — жасаймын, істеймін деген ұғымдарын білдіреді. Стратификация ұғымы әлеуметтануға геологиядан ауысқан. Геологияда страта түсінігі - тігінен әр түрлі топырақ жыныстарының орналасу қабатын білдіреді. Страта табысы, білімі, билігі және бет-беделі, мәртебесі бірдей адамдарды бір ортаға, өз төңірегіне біріктіреді. Әлеуметтанудың бірқатар классиктері стратификация проблемасын кең көлемде қарастырады. Мысалы, М. Вебер экономикалық белгілермен қатар бұл орайда (адамның жеке меншікке қатынасы және табыс деңгейі) әлеуметтік мәртебе (адам туған кезден бастап қалыптасқан немесе өзі қолдан жасаған статус) мен белгілі бір саяси топтың (партияның) мүшесі болуы белгілерін қолдануды ұсынады. П. Сорокин адамды қандай тапқа (жікке) жатқызуды анықтайтын бірыңғай өлшемдер жиынтығын ұсыну мүмкін емес дей келіп, қоғамда үш: саяси, кәсіптік әрі экономикалық стратификациялық құрылымдардың бар екенін анықтады. Т. Парсонс та адамдарды жіктерге бөлетін белгілердің үш тобын атап көрсетті, оның бірінші тобын адамдар дүниеге келген кезде пайда болатын сипаттар (этникалық тегі, жыныс-жас ерекшеліктері, туыстық байланыстары, т.б.) қалыптастырады; екінші белгілерге — адам түйсініп, қабылдайтын, сол арқылы меңгерген әлеуметтік статусы мен соған орай адамның атқаратын рөлі де енеді (әр түрлі кәсіби-еңбек қызметі); үшінші топты «меңгеру» элементтері (жеке меншік, материалдық және рухани құндылықтар, жеңілдіктер, біреудің екінші бір адамнан құқықтық артықшылығы, адамдарды басқару мүмкіндігі және т.б.) құрайды .
Бұл мәселеге баға берер болсақ, оның көп өлшемділікпен ерекшеленетініне қарамастан, ол жөнінде қалыптаскан ортақ ұстанымдарды бір-бірінен бөліп қарастыруға да болады. Әлеуметтік стратификация — адамдар арасындағы табиғи және әлеуметтік теңсіздік, бұл олардың иерархиялық сипаттағы әлеуметтік өмірінен байқалады, аталмыш теңсіздікке әр түрлі институттық механизмдер қолдау көрсетеді және оны реттейді, бұған қоса ол әрдайым ұдайы жаңаланып, дамиды және модификацияланады, бұлар кез-келген қоғамның өмірін реттейтін жағдай ретінде сипатталады және оның дамуының қайнар көзі болып табылады.
Осы анықтаманың дұрыс екендігіне кез-келген қоғамның тіршілік ету тұрғысындағы күнделікті әрекетіне жасалған талдау көз жеткізеді және адамзаттың ықылым заманнан бергі басынан кешірген стратификациясының тарихи тұрғыда қалыптасқан түрлері (құлдық, каста, сословие, таптар) оны нақты дәлелдейді.
Қоғамның әлеуметтік тұрғыда жіктелуін қарастырған кезде ең алдымен бірдей әлеуметтік белгісіне қарап, адамдардың топтары мен қауымдастықтарының бөлінуін жүзеге асыратын бір өлшемді стратификацияны және көптеген ортақ белгілері бар адамдардың тұрақты топтарын, қауымдастықтарын бөле-жаруға мүмкіндік беретін көп өлшемді стратификацияны бір-бірінен ажырата білу керек. Әлеуметтануда осы екі тәсіл де қолданылады, соның нәтижесінде маңыздылығы әрқилы аса мол жіктердің арасынан әлдебір тұрақты әлеуметтік топтар дараланып, анық көзге түсе бастайды, сол әлеуметтік топтарға жататындар бүкіл стратификация жүйесінде ерекше рөл атқарады.
Жалпы адамзаттың стратификация картасын жасауда бір өлшемді және көпөлшемді стратификация тәсілдерін үйлесімді пайдаланудың үлгісін П.Сорокин көрсетіп берді. Ол социомәдениет дүниесінде ұйымдасқан түрде өзара әрекет ететін диад пен триадтан басталып, империялар мен миллиондаған мүшелері бар бүкіл дүниежүзілік діни бірлестіктермен аяқталатын миллиондаған әр түрлі үйымдасқан топтардың немесе әлеуметтік жүйелердің өмір сүретіндігін атап көрсетті. Әлеуметтік жүйелердің осы саналуан түрлерінің көпшілігін классификацияның мақсаттарына орай әр түрлі топтастарға бөлуге, топтастыруға болады. Әлеуметтанушыларды ең алдымен уақыт пен кеңістікте алмасып және құжынап жатқан индивидтер, тарихи дамудың барысына ерекше ықпал жасайтын аса маңызды басқа да әлеуметтік топтар қызықтырады.
П. Сорокиннің көзқарасына сүйенсек, мұндай әлеуметтік топтарға мыналарды жатқызуға болады:

  1. Сыңаржақты маңызды (бір қатардағы негізгі құндылықтардың маңында құрылған және топтаскан) топтар:

а) биоәлеуметтік: 1 – нәсілдік, 2 – жыныстық, 3 – жас мөлшеріне орай;
б) социомәдени: 4 – ру, 5 – аумақтық-көршілестік, 6- тілдік, этникалық және ұлттық топтар, 7 – мемлекет, 8 – кәсіби, 9 – экономикалық, 10 – діни, 11- саяси, 12 – идеологиялық топтар (ғылыми, философиялық, этникалық, білімділік, эстетикалық, демалу және сауық-сайран топтары), 13 – элитаның нормалды топтары (көсемдер, данышпандар және тарихи тұлғалар).

  1. Көпжақты маңызды топтар (екі немесе одан да көп құндылықтар қатарларының комбинация төңірегіне біріккендер): 1 – отбасы, 2 – клан, 3 – тайпа, 4 – ұлт, 5 – әлеуметтік жүріс-тұрыс немесе сословие (орта ғасырлық ақсүйектер қатарына жататындар; дін басылары; буржуазия, жұмысшылар мен шаруалар), 6 – әлеуметтік тап.

П. Сорокиннің бұл схемасы әлеуметтануда дау тудырмайды және дүниежүзінің стратификация картасының теориялық моделі болып қызмет атқара алады.
Әлеуметтік стратификация нақты бір елдің шеңберін, қоғамның әлеуметтік өлшемін және нақты уакыт шеңберін қарастырғанда көбірек байқалады.
Еңбек бөлінісінің қалыптасуына және әлеуметтік-экономикалық қатынастардың даму деңгейлеріне байланысты әлеуметтік құрылымдардың тарихи типтері қалыптасты.
Стратификацияның тарихи типтері – құлдық дәуірі, касталар, сословие жабық қоғамды сипаттайды, ал таптар болса, ашық қоғамды айқындайды. Жабық қоғамда төменгі сатыдан жоғарғы сатыға әлеуметтік тұрғыда көтерілуге толық тыйым салынған немесе оған қатаң шектеу қойылған. Ашық қоғамда бір сатыдан екіншісіне өтуте ресми түрде ешқандай шек қойылмаған.
Құлдық – теңсіздігі мүлде шектелген адамдарды құлдықка салудың экономикалық, әлеуметтік және заңды түрі. Құлдық – тарихи эволюция сатысынан өткен көрініс. Оның екі түрін ажыратып көрсетеді: 1) патриархалдық құлдык. Бұл – құлдықтың ең қарапайым түрі. Құл отбасының ең кіші мүшесінің бүкіл құқығын пайдаланады: қожайынмен бір үйде тұрады, қоғамдық өмірге қатысады, еріктілермен некеге отырады, қожайынның мүлік-дүниесіне мұрагер бола алады. Құлды өлтіруге тыйым салынды; 2) ал классикалық құлдықта құлды толық басыбайлылыққа салды: ол жеке тұрды, ештеңеге қатыстырылмады, ештеңеге мұрагер бола алмады, некеге отырмады, отбасы болмады. Оны өлтіруге рұқсат етілді. Құлдың жеке меншігі болмады, бірақ ол қожайынның жеке меншігі деп саналды.
Құлдық кемелденген сатыға жеткенде құл иеленушілік қалыптасты. Құлдықты стратификацияның тарихи бір типі ретінде қарастырған кезде оның жоғарғы сатысын тілге тиек етіп, алға тартады. Құл иеленушілік – құлдардың ең төменгі сатыда тұрған, кез-келген құқық пен еріктіліктен айырылған, бір адамның екінші біреудің меншігі болған кезеңді сипаттайтын әлеуметтік қатынастардың бірден-бір тарихи түрі. Қоғамдық касталарда, сословиеде, таптарда мұндай жағдай болған емес.
Құл иеленушілік қоғамның әлеуметтік құрылымын құлдар мен құл иеленуші таптардың, сонымен қатар қолөнершілер, саудагерлер, жер иелері, еркін шаруалар, ой еңбегінің өкілдері – ғалымдар, философтар, ақындар, абыздар, мұғалімдер, дәрігерлер және т.б. құрағаны белгілі. Ежелгі Греция мен Ежелгі Римдегі, Шығыстың бірнеше елдеріндегі ғылыми ой мен рухани мәдениеттің дамуының жарқын жақтарын еске түсірсек, онда бұл елдердегі халықтардың дамуында интеллигенцияның қаншалықты маңызды рөл атқарғанына көз жеткіземіз. Мұны антикалық дүниенің саяси дамуының жоғары деңгейі және Римнің әйгілі жеке ұстанған құқығы нығайта түсті.
Сонымен қатар, құлдық шаруашылықта әр түрлі мамандықтар мен қызмет түрлерінің болғаны белгілі. Олар: басқарушылар, қазынашылар, баубақша өсірушілер, аспазшылар, наубайшылар, кондитерлер, салтанатты шерулерге арналған және жәй аспаптар, киімдер сақталатын қоймаларды меңгерушілер, бекзадалар ұйықтайтын бөлмелердің күтушілері, шаштараздар, жүк тасушылар, монша жағушылар, массажистер, шұға өндірушілер, бояушылар, тоқымашылар, тігіншілер, етікшілер, балташылар, ұсталар, музыканттар, мәнерлеп мәтін оқушылар, әншілер, кеңсе хатшылары, дәрігерлер, құрылысшылар, балгерлер, суретшілер, ерекше мамандығы жоқ басқа да көптеген қызметшілер. Бұл құлдық қоғамға тән жағдай ежелгі құлдық қоғамдағы еңбек бөлінісі мен оның мамандандырылуының денгейі жөнінде, олардың кәсіби және әлеуметтік құрылымдары хақында жан-жақты әрі нақты мәліметтер береді.
Касталық құрылыс құл иеленушілік құрылысқа қарағанда бертінде ғана пайда болды және де ол бүкіл әлемге тараған жоқ. Егерде құлдықты әлемнің бүкіл елдері басынан өткізсе (әрине, әр түрлі деңгейде), ал касталық тек Үндістан мен Африканың кейбір елдерінде ғана кездесті. Үндістан касталық қоғамның классикалық үлгісі бола білді. Ол құл иеленушіліктің жойылған кезінде жаңа заманның бірінші ғасырында пайда болды.
Каста деп адамның туғанынан бастап, кейін өзі мүшесі болатын әлдебір әлеуметтік топты (қабатты) айтады. Адам өз тіршілігінде бір кастадан екіншісіне өте алмаған. Ол үшін тағы да бір рет дүниеге қайта келуі керек еді. Касталық жағдайды үнділіктердің діні бекітті. Оның канондарына сайсақ, адамдар бір өмір емес, бірнеше өмір кешетін көрінеді. Әрбір адам өткен өміріндегі өзінің тұрмыс-тіршілігі, тәртібі қандай болса, соған байланысты дәл соған сай кастаға енеді. Егерде оның жүріс-тұрыс тәртібі жаман болса, екінші рет дүниеге келгенінде адам төменгі кастаға өтуі тиіс және бәрі кейде керісінше болады. Үндістанда төрт негізгі касталар бар: брахмандар (діни адамдар), кшатрилер (жауынгерлер), вайшилер (көпестер), шудралар (жұмысшылар, шаруалар) және шамамен алғанда 5 мындай негізгі емес касталар бар. Индустрияландыру барысында касталар енді таптармен ауыстырылды. Үндістанның қалаларында таптар басым болса, деревняларында касталық сипат сакталған.
Феодалдық қоғамның әлеуметтік құрылымы капитализмге дейінгі дәуірдегі Еуропа елдерінің дамуынан жақсы керінеді. Ол негізгі таптардың – феодалдар мен басыбайлы шаруалардың өзара байланысынан, сонымен қатар сословиелер мен интеллигенцияның әр түрлі топтарынан құралды. Аталмыш таптар қай жерде пайда болмасын қоғамдық еңбек бөлінісінде және әлеуметтік-экономикалық қатынастарда алатын орындарына қарай өзара ерекшеленді. Сонымен, топтардың, таптардың анықтамалары белгілі болды. Ал сословие дегеніміз — бұл да әлеуметтік топтар, олардың қоғамдағы орны әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесіндегі жағдайларымен қатар, қалыптасқан дәстүрлерімен және құқықтық актілермен де анықталады. Осылар арқылы мұндай ақсүйек феодалдар және дін басылары сияқты сословиелердің құқықтары, міндеттері және жеңілдіктері анықталды. Феодалдық қоғамның сословиелерге бөлінуінің классикалық үлгісін қалыптастырып, дүниеге әкелген Францияда билік етуші аталған екі тап сословиелермен қатар жеңілдікті пайдалана алмайтын үшінші сословие өмір сүрді, бұған шаруалар, қолөнершілер, көпестер, аяғынан тік басып, енді ғана қалыптасу үстіндегі буржуазия мен пролетариаттың өкілдері енеді. Мұндай сословиелер әлемнің басқа елдерінде де болды.
Ресейдегі дворяндар, дін басылар, шаруалар, көпестер, мещандар сословиелерін атап өткен жөн. Бұлардың арасында дворяндар жетекші орын алды. Бастапқыда дворяндар (XII—XIII ғғ.) орыс княздарына әскери қызмет көрсететін феодалдық әскери-қызметтік сословиенің бір бөлігі ретінде қалыптасса, XIV ғасырда олар сарай адамдары (дворяндар) ретінде өз қызметтері үшін жеке иелік жерлер ала бастады. Ал XVII ғасырда дворяндар Ресей феодалдарының бұқарасының негізін құрағандықтан олардың мүдделері үшін басыбайлық құқығын енгізген болатын. 1861 жылғы реформадан кейін дворяндардың ұстанымдары қатты әлсіреді, бірақ олар патша өкіметінің басты тірегі болып қала берді. Дворяндық және оның жерге иелік ету құқықтары 1917 жылғы Қазан төңкерісі барысында жойылды.
Дін басылар, шаруалар мен көпестер сословиелерінің мәні түсінікті. Ал мещан сословиесі 1775 жылы патша жарғысымен пайда болған еді. Оны бұрынғы қала сыртындағы сауда-қолөнер өнеркәсібі орындарының адамдары — қолөнершілер, ұсақ саудагерлер және меншік иелері құрады. Аталмыш жарғы сауда мен өнеркәсіптегі халықты көпестер мен мещандар сословиесі деп екіге бөлді. Мещандар өзін-өзі басқару құқығын алып, іргелес орналасқан мекен-жайларына орай қауымдастықтарға бірікті.
Феодалдық қоғам дамуының соңғы кезеңдерінде буржуазия мен пролетариат пайда болып, қалыптасты. Бұлар жаңа қоғамның әлеуметтік құрылымын, таптық қатынастарды өзгертті.
Тап ұғымы екі мағынада — кең және тар мағынада түсіндіріледі. Өндіріс құралдарын қол астына, меншігіне алған, қоғамдық еңбек бөлінісі жүйесінде белгілі бір орынға ие болған және табысқа етудің ерекше тәсілдері арқылы сипатталатын адамдардың әлеуметтік тобы кең мағынадағы тап деп аталады. Жеке меншіктің пайда болуымен байланысты бір-біріне қарама-қарсы тұрған таптар пайда болды, құлдық қоғамда құлдар мен құл иеленушілер, феодалдық қоғамда – басыбайлы шаруалар мен феодалдар (помещиктер), капиталистік қоғамда – жұмысшы табы мен буржуазия қалыптасты. Бұл
1. қоғамдарда антагонистік таптар: қанаушы және қаналушы таптар болды

1 Маркс К., Энгельс Ф. Сочинения. 2-е изд. М: политиздат, 1955. Т. 4. С. 425.
Бұл көзқарасты К. Маркс қағида етіп ұстанды, оны бүгінгі таңдағы көптеген шет елдік әлеуметтанушылар да колдайды.
Қазіргі қоғамдағы бірінен-бірі өзінің табысы, білім деңгейі, мөлшері және престижі арқылы ерекшеленетін кез-келген қабатты (жікті) тар мағынада тап деп атайды. Бұл көзқарас әсіресе бірқатар шет елдік әлеуметтану ғылымында кең етек алған. Қазіргі қоғамда жоғарыда баяндалған өлшемдер мен белгілерге байланысты қарама-қарсы тұрған бар болғаны екі ғана қабат (жік) бар деуге болмайды, керісінше бірінің орнын екіншісі басатын бірнеше қабаттар бар, оларды таптар дейді. Тар мағынаға сәйкес қарастырсақ, құл иеленушілік, феодалдық қоғамдарда таптар болған емес. Таптар тек капиталистік қоғамда, яғни жабық қоғамнан ашық қоғамға өту кезінде пайда болды. Қазіргі қоғамда өндіріс құралдарына деген жекеменшілік аса зор рөл атқарғанымен, оның маңыздылығы бірте-бірте төмендеп келеді. Индивидуалдық жәке отбасылық капитализм дәуірі келмеске кетіп барады. XX ғасырда ұжымдық капитал үстемдік етті. Бір кәсіпорынның акциясын жүздеген, мыңдаған адам иеленеді. АҚШ-та 50 млн. аса акционерлер бар. Жеке меншіктілік: сондай қаптаған акционерлер арасында бөліске түскенімен, түйінді әрі маңызды шешімді қабылдау мүмкіндігіне акциялардың бақылау пакеттерін ұстағандар ғана ие бола алады. Ал бұларға көбінесе жоғарғы сатыда тұрған менеджерлер, яғни компаниялардың президенттері мен директорлары, басқару кеңестерінің төрағалары жатады. Менеджерлер жігі дәстүрлі жеке меншікке ие таптарды ығыстырып, біртіндеп алдыңғы қатарға шықты.
Алайда, тап ұғымының анахронизм деп санала қоймаған кезеңі болған еді. Керісінше, таптың пайда болуы жаңа тарихи дәуірдің өзгеше екендігін дәлелдеп көрсетті. Бұл XVIII ғасырдың соңында пайда болды да, жаңа тарихи күш — буржуазияның үні басымырақ шыға бастады. Ол дворян сословиесін екінші қатарға ығыстырып тастады. Буржуазияның тарих аренасына шығуы бүгінгі менеджерлердің сахнаға шығуындай қоғамға революциялық тұрғыда ықпал етті.
Капиталистік қоғам, әсіресе оның қазіргі түрі, өзіндік күрделі әлеуметтік құрылымнан тұрады. Оның әлеуметтік құрылымының шеңберінде ең алдымен әр түрлі буржуазия топтары, орта тап және жұмысшылар деп аталатындар өзара әрекетке түседі. Бұл таптардың қоғамда бар екендігін капиталистік елдердің жалпы әлеуметтанушылары, саясаткерлері және мемлекет қайраткерлері мойындайды, бірақ олардың кейбіреулері таптарды түсінуде, олардың арасындағы шекараларды болдырмауға, оны алып тастауға, т.б. әр түрлі әрекеттер жасауды ұсынады.
Әсіресе буржуазиялық қоғамның орта табы жөнінде ерекше көп әңгімелер қозғалды. Оны өзіндік ұқсастықтар арқылы сипаттайды. Оның құрамына өздерінің табыс деңгейлері бойынша ұсақ және орташа кәсіпкерлер, фермерлер, саудагерлер, жоғары жалақылы жұмысшылар мен қызметкерлер, кәсіпорын, фирма, офис иелері, жеке істермен айналысатындар, ғалымдар, дін адамдары, дәрігерлер, адвокаттар, орта менеджерлер, ұсақ буржуазия өкілдері енгізілген. Индустриялды тұрғыда дамыған капиталистік елдерде халықтың орташа табыс деңгейін есепке ала отырып, олардың көпшілігін ортаңғы тапқа жатқызады. Мұндай тұрғыдан қараудың құқысы да, оның өзіндік логикасы да бар, өйткені ірі буржуазия мен жұмысшылардың көпшілігі ортаңғы тап құрамына енгізілген.
Ортаңғы тап — дүниежүзілік тарихтағы бірегей құбылыс. Ол адамзат баласының бүкіл тарихында бұрын болған емес. Ортаңғы тап XX ғасырда пайда болды. Қоғамда ол ерекшелік қызметін атқарады. Ол — қоғамның тұрақтылығын сақтаушы. Олардың саны көбейген сайын, қоғамдағы революциялық ой-пиғыл ауқымы да соншалықты азаяды, ұлтаралық шиеленістердің, әлеуметтік катаклизмалардың болу мүмкіндігі де мүлде кемиді. Бұл тап өз тағдырын өз қолымен жасап, қалыптастыратындардан, соған орай қоғамдық құрылысты сақтап қалуға ынталы адамдардан құралады. Ортаңғы тап қарама-қарсы тұрған екі тапты — кедейлер мен байларды бір-бірінен аластатып, олардың қақтығысуына жол бермейді. Ортаңғы тап неғұрлым үзілуге таяу тұрса, солқылдақ болса, стратификацияда қарама-қарсы тұрғандар соғұрлым бір-біріне жақындаса түседі, олардың қақтығысқа баруының ықтималдығы артады және керісінше де болады. Ортаңғы тап шағын және орта бизнестің бірден-бір тұтынушы рыногы болып саналады. Бұл тап неғұрлым көп болған сайын шағын бизнесте соғұрлым аяғын тік басып, өркендеп дамиды. Әдетте экономикалық түрғыда басқаларға тәуелділер орта таптың құрамына кіреді. Бұлар қоғамның әлеуметтік жотасы, арқасы.
Буржуазиялық қоғамдағы таптар жөнінде бұлардан басқа да көзқарастар қалыптасқан. Мысалы, АҚШ-тың таптары жөнінде әр түрлі пікірлер айтылып жүр. Біреулер онда жеті тап бар десе, екіншілері — алтау, үшіншілері — бесеу, тағы да сол сияқты сандары әркелкі әлеуметтік таптар бар дейді. АҚШ-тың таптарын XIX ғасырдың 40-шы жылдарында алғаш рет бір үлгіге түсірген американдық әлеуметтанушы Ллойд Уорнер болды. Оның пікірінше, АҚШ қоғамы: жоғарғының-жоғарғы табы болды, «бұған ескі отбасылары» деп аталатындарды жатқызды, өйткені ондай отбасылардың құрамы бизнесмендер мен кәсіби мамандар деп аталғандар еді; материалдық деңгейі жоғарғының-жоғарғы табынан кем түспейтін, бірақ ескі рулық отбасыларының құрамына кірмейтіндерді төменгі-жоғарғы тап деп атады; жоғарғы екі таптан шыққандарға қарағанда материалдық жағдайы төмендеу, алайда қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқан жеке меншік иелері мен кәсіби мамандарды жоғарғы-орта тапқа жатқызды; төменгі орта тапқа дәрежелері төмен қызметкерлер мен білікті жұмысшылар кірді; жоғарғытөменгі тапқа жергілікті фабрикаларда жұмыс істейтін, салыстырмалы түрде ауқатты өмір сүргенімен біліктілігі аз жұмысшылар енді, «Әлеуметтік түп» деп аталатындар — жертөлелерде, шатырдың астында, қаланың лас, шеткері, қараңғы түпкірлерінде, т.б. өмір сүруге қолайсыз жерлерде тұратындар
1.
болды. Бұлар ең төменгі тап деп аталды
«Жоғарғы-жоғарғы тап» ұғымы — жоғарғы таптың жоғарғы қабаты деген мағынаны берді. Ал қалған екі құрамды сөздің біріншісі — қабатты немесе жікті білдірді, екіншісі — сол жіктің енген табын көрсетті. «Жоғарғытөменгі тап» ұғымын кейде сол қалпында да айта береді, ал кейде осы ұғым арқылы жұмысшы табын белгілейді. Орталық таптың өзіне қатысты жіктері мен қабаттарына орай жұмысшы табынан бірқатар айырмашылықтары да болады. Алайда, жұмысшы табының да жұмыс істемейтіндер, жұмыссыздар, үйлері жоқтар, қайыршылар және т.б. секілді төменгі тапқа қарағанда өзіндік өзгешеліктері бар. Әдетте біліктілігі жоғары жұмысшыларды қатардағы жұмысшы табына жатқызбай, орталық таптың санатына енгізеді, бірақ олар біліктілігі мардымсыз ой еңбегінің қызметкерлері мен орта таптың төменгі қабатына жатады. Басқа да варианттары болуы мүмкін: мәселен, жұмысшыларды орта тапқа қоспайды, бірақ оның екі жігін де жалпы жұмысшы табының қатарында қалдырады. Ал маман болса орта таптың келесі кабатына енеді, «маман» ұғымының өзі – кем дегенде адамның колледж көлемінде білімінің болуын талап етеді. Орта таптың жоғарғы қабатын негізінен «кәсібилер» (профессионалдар) толтырады. Шет елдерде әдетте университеттік білімі және үлкен практикалық тәжірибесі бар, өз саласында үлкен шеберлігімен ерекшеленетін, шығармашылық еңбекпен айналысатын және өзінің ісі бар адамдарды кәсібилер деп айтады. Бұлар заңгерлер, дәрігерлер, ғалымдар, окытушылар және т.б. Олардың кәсіби деген атаққа ие болуының өзі өте құрмет болып саналады. Бұл түсіндірмелер буржуазиялық қоғамның таптарын олардың қоғамдық еңбек бөлінісі мен өндіріс құралдарына жеке меншіктік қатынастар жүйесіндегі алатын орнына сай бағалайды.
Капиталистік қоғамның экономикасы мен әлеуметтік-саяси саласында монополистік буржуазия жетекші рөлді атқарады, соның ішінде тек өз елдерінде ғана емес, басқа, бөтен елдерде де экономиканың негізгі салаларын монополиялап, ірі трансұлттық корпорациялар құрған ірі өнеркәсіпшілер, бизнесмендер, банкирлер көптеп кездеседі. Буржуазия мен жұмысшы табының арасындағы қатынас бұрынғысынша капиталистік қоғамның әлеуметтік құрылымының басты буыны болып қалды. Сонымен қатар, онда ірі жер иелері – латифундистер мен шаруадар таптары, соның ішінде фермерлер де бар. Өздері пайдаланатын жалдамалы жұмысшы күштерінің санына және табыс деңгейіне байланысты фермерлер біршама ауқатты өмір сүретін шаруалар ретінде немесе ұсақ және орташа дәулет иесінің өкілі ретінде ғана емес, кейде тіпті ірі ауыл шаруашылык буржуазиясы ретінде де алға шықты. Қалай дегенмен де, интеллигенция аса маңызды рөл атқарады. Соның ішінде ғылыми-техникалық, гуманитарлық (мұғалімдер, дәрігерлер,

1 Кравченко А.И. Социология. - Екатеринбург: Деловая книга, 1998. С. 224.
заңгерлер, т.б.), шығармашылық (жазушылар, суретшілер, сазгерлер және басқалары), солармен қатар мемлекеттік қызмет сатысында еңбек етуші интеллигенция ерекше мәртебеге ие болады.
Орталық, Шығыс Еуропа мен Азия елдерінің социалистік қоғам құру жөніндегі тәжірибесі олардың әлеуметтік құрылымын дамытудың негізгі бағыттарын, оң немесе теріс жақтарын көрсетіп берді. Жұмысшы табы, кооперативтелген шаруалар, интеллигенция, осы елдердің кейбіреулерінде, дәлірек айтсақ, Польша мен Қытайда әлі де сақталып калған жеке кәсіпкерлер жігі, сонымен қатар кәсіби және демографиялық топтар және ұлттық қауымдастықтар осылардың негізгі элементтеріне жатады. Әлеуметтік-экономикалық қатынастардың бұрмалануына байланысты қоғамның әлеуметтік құрылымы да бұрмалауға ұшырады. Бұл әсіресе, ең алдымен қала мен ауылдың әлеуметтік топтарының арасындағы қатынастарға қатысты болды, соның ішінде өнеркәсіптің жұмысшы табы мен шаруалардың арасындағы қатынастар бұрмаланды.
Күштеп ұжымдастыру, сайып келгенде, шаруалардың іскер топтары мен өнім өндірушілердің үлкен бөлігін құртып жіберді, ал өнеркәсіп өнімдерін ауыл шаруашылық өнімдеріне эквивалентсіз айырбастау село халқынын, соның ішінде колхозшылардың, совхоз жұмысшылары мен қызметкерлерінің және ауыл интеллигенциясының өмірі мен тұрмыс жағдайын нашарлатуға әкеп соқты. Сол елдерде орнығып қалыптасқан тоталитарлық жүйе негізінен алғанда интеллигенцияға білікті, білімді топ емес, керісінше, жұмысшылар мен колхозшылардың мүддесіне сай қызмет атқаратын жік ретінде қарады, олардың жеке мүдделерімен шамалап қана санасты, кейде интеллигенцияға ашық түрде құрмет көрсетілгенімен, оның озық ойлы өкілдерін өз мақсаттарын жүзеге асыру құралы ретінде пайдаланды, соған мәжбүр етті. Осының бәрі интеллигенцияның өркендеп, дамуын тежеді, оған зор кедергі келтірді. Жоғарғы сатыдағы басқарушы орындарда отырған бюрократиялық топ жұмысшылардың атынан өз диктатурасын жүзеге асырғандықтан осыған байланысты жұмысшы табы да жағдайдың қожасы бола алмады.
Бүкіл қоғам сол кезде қалыптасқан әкімшілік-бюрократиялық жүйеге және чиновниктердің үлкен аппаратына бағындырылды, бұл дегеніміз қоғамның барлық әлеуметтік жіктерін өздерінің экономикалық және саяси мүдделеріне қызмет етуге мәжбүр еткізуі еді. 80-ші жылдардың ортасында бірнеше социалистік елдерде басталған қоғамдық катынастарды қайта құру жөніндегі қозғалысты алғашқыда қоғамның көптеген жіктері бар ынтажігерлерімен қолдады, өйткені қоғамдық қатынастарды қайта құру – әлеуметтік құрылымның дамуында орын алып келген бұрмалауды барлық әлеуметтік топтар арасында үйлесімділік қатынастар орнату жолымен, олардың қажеттіліктері мен мүдделерін толық және әділ канағаттандыру арқылы жоюды өзінің мақсаты деп жариялады.
Жоғарыда айтылғандай, кез-келген қоғамның әлеуметтік құрылымы аса күрделі түзілім болып саналады. Қазіргі ғылыми-техникалық төңкеріс дәуірінде және бірнеше рет күрделеніп, жаңарған қоғамдық өмірде әр түрлі таптар, сословиелер, интеллигенциялар секілді, олардан өзге де топтардың – жастар мен әйелдердің, басқа да демографиялық топтардың рөлі үнемі арта бастады, бұлар да қоғамдағы өздерінің жағдайын жақсартуға, мүдделерін толық қанағаттандырып, жүзеге асыруға тырысуда. Қазіргі кезде ұлттық қатынастардың өткір мәселеге айналып отырғаны белгілі. Қоғамды жаңалау жағдайында әрбір ұлт пен ұлыс өзінің экономикалық, саяси және рухани мүдделерін іске асыруға тырысады.
Қоғамның әлеуметтік құрылымын оның келесі бір қырынан талдауға да болады. Бұл жерде негізгі әңгіме, біріншіден, қоғамның әлеуметтік құрылымында объективті түрде қалыптасатын, яғни, түптеп келгенде, адамдардың санасы мен еркінен тәуелсіз түрде орнығатын; екіншіден, тарихи процеске қатысушылардың өздерінің саналы және ұйымдастырушылық қызметтерінің барысында қалыптасатын үлкен және кіші (шағын) әлеуметтік топтардың бөлінуі жөнінде болып отыр. Оның біріншісіне жоғарыда сипатталған әлеуметтік топтарды, соның ішінде таптарды, сословиелерді, кәсіби, демографиялық, сондай-ақ ұлттық қауымдастықтарды жатқызуға болады. Екіншісіне саяси партиялар, кәсіподақтар мен жастар ұйымдары, ғылыми қоғамдар, өздерінің мүдделеріне орай клубтар, тіпті жоражолдастардан құралатын топтар жатады. Осы әлеуметтік топтар мен ұйымдардың арасынан формальды емес ұйымдарды бөле-жара атап өтуге болады. Формальды ұйымдар көбіне-көп өздері қабылдаған жарғылар мен бағдарламалар (айтарлық, саяси партиялардың) негізінде әрекет етеді, бұлардың өздерінің тұрақты бағыттаушы және жетекші органдары бар. Формальды емес ұйымдарда бұлардың бірде-біреуі болмайды және олардың әрекеті негізінен жеке қарым-қатынастар мен жиналыстар, конференциялар, митингтер, бұқаралық қозғалыстар ұйымдастыру әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. Формальды емес ұйымдар белгілі-бір мақсаттарға – ағымдағы және ұзақ мерзімдік мақсаттарға жету үшін құрылады.
Батыс әлеуметтануында өздерінің атқаратын қызметтері мен әлеуметтік рөлдеріне байланысты бір-бірімен ортақтасқан функционалдық топтар ерекше дараланып, бөлек қарастырылады. Бұл жерде саясат, экономика және рухани қызмет саласындағы кәсіби топтар, әр түрлі білікті адамдар құрайтын топтар, өздері тіршілік ететін ортада белгілі бір әлеуметтік мән-мағынаға ие болып отырған кәсіпкерлер, жұмысшылар, қызметкерлер, интеллигенция өкілдерінің топтары, қала мен село тұрғындарының топтары, сонымен қатар әлеуметтік-демографиялық топтар әңгіме арқауына айналып отыр. Әр түрлі әлеуметтік топтардың функционалдық қызметін оған әлеуметтану тұрғысынан зор мән беріп, зерттеуді алғаш бастаған Э. Дюркгейм еді, бұл жұмысты кейін оның Еуропа мен АҚШ-тағы ізбасарлары одан әрі жалғастырды. Әсіресе Америка әлеуметтанушылары Т. Парсонстың, Р. Мертонның және қазіргі әлеуметтанудың құрылымдық-функционалдық талдауларын жасаған басқа да өкілдерінің енбектерін ерекше атап өтуге болады.
Көптеген әлеуметтанушылар өздерінің білімдері мен күш-жігерлерін кіші (шағын) топтар деп аталатын топтарды зерттеуте бағыттаған еді. Кіші топтар азын-аулақ адамдар арасында тығыз қарым-қатынастар орнату негізінде біршама тұрақталып қалыптасады немесе қайсыбір үлкен әлеуметтік топтың ыдырау салдарынан пайда болады. Көбінесе, осы екі процесс бір мезгілде жүреді. Кейде қайсыбір үлкен әлеуметгік топ шеңберінде бірнеше кіші топтар пайда болып, әрекет етуі мүмкін. Кіші топтардағы адамдардың саны екіден онға дейін жетеді, одан артық болуы сирек кездеседі. Әлеуметтанушылар кіші топтардың оптималды көлемін жеті адаммен өлшейді немесе одан екі адам артық, яки сонша адам аз болады дейді. Мұндай топтарда оған енген адамдардың әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастары жақсы сақталады, мұндай қарым-қатынастар олардың өмірі мен қызметінің мәнді сәттерінің көп болуына ықпал етеді. Кіші топтарды жора-жолдастардын, таныстардың, кәсіби мүдделері арқылы байланыскан, заводта, ғылыми мекемеде, театрда, т.б. жұмыс істейтін адамдардың топтары құра алады. Өндірістік қызметтерін атқара отырып, олар психологиялық жағынан үйлесімділікке қол жеткізеді және қайсыбір мәселеде ортақ мүдделіктері арқылы ерекшеленетін бір-бірімен өзара тұлғалық тұрғыда қарым-қатынастар орнатады.
Мұндай топтар құнды бағыт-бағдарларды қалыптастыруда, өз өкілдерінің жүріс-тұрыс тәртібін сақтауы мен қызметтерінің дұрыс арнаға бағытталуын анықтауда үлкен рөл атқарады. Мұндағы олардың рөлі үлкен әлеуметтік топтардың немесе бұқаралык ақпарат құралдарының рөлдерінен әлдеқайда зор болады. Сөйтіп, олар тұлғаға ықпал ете алатын, әлеуметтанушылардың назарынан тыс қалуға тиісті емес ерекшелікті әлеуметтік ортаны құрайды. Кіші топтардағы адамдардың өзара әрекетін зерттеу арқылы, әлеуметтанушы олардың жүріс-тұрыс тәртібінің және қызметінің көптеген нақты себептерін анықтайды.
Кіші әлеуметтік топтарды зерттеуде Американың әлеуметтанушылары Э. Мэйо, Дж. Хоманс, Дж. Морено және басқалары үлкен рөл атқарып, елеулі жұмыстар тындырды. Орыстың көрнекті педагогі А.С. Макаренко жасөспірімдер мен бозбалалардан құралған кіші топтардың өз құрбықұрдастарын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарғандығын атап көрсетті. Соңғы жылдары кіші топтарды саралап, сараптауға әлеуметтанушылар көбірек көңіл аударып келеді. Стратификация теориясының құрамды бөлігі — әлеуметтік мобильдік. Енді соған тоқталайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет