Әлеуметтану теориялық және практикалық тұрғыдан алғанда аса қызықты да пайдалы ғылым. Ол маңызды әрі күрделі объектіні, яғни адамзат
қоғамын, оның құрылымы мен даму заңдарын, адамдардың қауымдастықтарда және әлеуметтік топтарында қандай әлеуметтік өзгерістердің жүріп жатқанын, әлеуметтік өмірдің әр түрлі бағытта өзгерістерге ұшырауының мазмұнын және нәтижесін түсіндіреді.
Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, өзінің кәсіби кызметіне орай адамдармен, әлеуметтік топтармен жұмыс істейтіндердің бәрі әлеуметтану білімін қорытындыламай және ұсыныстар енгізбей қоғамдық қатынастарға ықпал жасай алмайды.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында әлеуметтану курсы оқу бағдарламасына енгізілді. Білім беру саласындағы реформаға сәйкес, әлеуметтану пәні сапалы әрі білікті мамандар даярлауға, оқудың тиімділігін арттыруға, студент жастарға жан-жақты тәрбие беруге, олардың тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп келеді.
Бұл курс бойынша студенттер әлеуметтану ғылымы классиктерінің теориялары мен қазіргі әлеуметтанушылардың көзқарастарын, қоғамда орын алып отырған құбылыстар мен процестерді, солардан туындайтын зандарды және олардын әрекет ету денгейін, т.б. күрделі мәселелерді оқып біледі, өмірде оларды басшылыққа алып, жүзеге асыру жолдарын үйренеді.
Аталмыш міндеттерді іске асыруда оқулықтардың атқаратын рөлі зор. Олар ең алдымен білім берудің көзі саналады. Білім - әлеуметтану мазмұнының басты элементі. Сондықтан әлеуметтану жөніндегі оқулықтар анық та түсінікті үлгіде жазылуы тиіс. Бұл ретте адамдар жинақтаған әлеуметтік тәжірибені, ілімдерді, қолданбалы және басқа да үрдістерді мақсат етуіміз керек.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында пайдаланып жүрген әлеуметтану оқулықтары мен оқу құралдары негізінен Ресей ғалымдарының еңбегі еді және оның санын орыс тілінде жазылған отандық авторлардың оқу құралдары көбейте түсті. Орыс тілінде шыққан әлеуметтану оқу құралдары болғанымен, қазақ тілінде басылған мұндай оқулықтар саны өте аз және олардың кейбіреулері мемлекеттік білім беру қалыбына сәйкес келмейді десек, бұл артық айтқандық емес. Ол - объективті себептерге байланысты. Осы оқу құралдарының кейбіреуі Қазақстан Республикасында әлеуметтанудың бір үлгідегі курстық бағдарламасы дайындалғанға дейін басылып шықса, екіншілері қаражат, тағы да басқа тапшылықтарға байланысты баспаханаларды бірнеше жылдар бойы жатып қалып, ескі материалдар негізінде аталмыш бағдарламадан кейін шықты. Оқулықтардың саны неғұрлым көбейген сайын, студенттердің өз бетінше оларды таңдап оқуына соғұрлым мүмкіндік туады.
Осы себептерге орай бүгінгі талап - ана тілімізде әлеуметтану оқулығын әлі де болса жазуды, оларды жетілдіруді қажет етеді. Біз оқулықты жазуда курстық бағдарлама негізінде құрылған жұмыс бағдарламасының 15 тақырыбын таңдадық және ұзақ жылғы лекция мен семинар сабақтарындағы тәжірибені де басшылыққа алдық, атап айтқанда, студенттердің ұғынуына ауыр тиетін тақырыптарды т.б. анықтап, олардың түсінікке жеңіл жолдарын қарастырдық. Соның негізінде студенттерге теориялық біліммен қатар қолданбалы құралдардың, тәсілдердің тиімділігін арттыратын, әдетдағдыларды және іскерлікті қалыптастыратын әдістерді ұсынуды жөн көрдік.