4. Әлеуметтанудың атқаратын қызметтері және оның қоғамдық ғылымдар жүйесінде алатын орны. Әлеуметтану әлеуметтік бөлімнің әртүрлі саласы туралы жаңа білімнің артуын қамтамасыз ететін қоғамның әлеуметтік дамуының заңдылықтары мен перспективасын ашатын ғылым. Бұнымен оның іргелі теориялық зерттеулеріде және қоғамдық өмірдің әртүрлі саласы туралы ақпарат жеткізетін эмпирикалық зерттеулеріде айналысады. Осыдан шыға отырып басқа да қоғамдық ғылымдар сияқты әлеуметтану ғылымының қоғам алдында орындайтын, атқаратын міндеттері бар. Оның танымдық қызметі – әлеуметтік құбылыстарды зерттеу арқылы олардың мәні мен мазмұны жөніндегі тұжырымдардан, басқа құбылыстармен байланысынан, даму заңдары мен олардың сипаты жөнінде жаңа ғылыми түсінік алуға талпыну мақсатынан тұрады. Әлеуметтану әртүрлі субъектілер арасында қалыптасатын қоғамдық қатынастарға, олардың қызметінің объективті және субъективті жақтарын талдауға, сонымен қатар әлеуметтік институттардың өмір сүруін сараптауға басқаларға қарағанда аса жоғары маңыз береді. Әлеуметтанудың осы функциясы адамның танымдық қатынастарының түп тамырын ашады, табиғатын және мәнін ашуға бағыт-бағдар ұстайды, адамдарды әлеуметтік қатынастар туралы, адам туралы біліммен қаруландырады, қоғамдық сананың әрбір формасына ықпал етеді. Сонымен олардың әрқайсысының өз саласында ақиқатты түсінуі әлеуметтік қатынастар арқылы қажеттігі детерминдіріледі, сонымен қатар адамның әлеуметтік ақиқатты тану қатынасының қатынасын оның адам табиғаты мен мәнін түсінуден шығуы тиіс. Олардың болмысының негізінде адамның өз әлеуметтік статусын түсінуі, өзі өмір сүріп отырған жүйеде әлеуметтік қатынастардың жалпы құрылымын түсінуіне көз жеткізеді.
Жоғарыда аталған әлеуметтану білімі деңгейлерінде әлеуметтік процестер жөніндегі түсініктер мен ұғымдар жүйесі белгіленіп, қалыптасады. Олардың әрқайсысында бұл процестер әрқилы деңгейлер дәрежесінде байқалады. Арнайы әлеуметтанулық теориялармен салытырғанда, жалпы әлеуметтану теориялары деңгейінде ауқымы кең ғылыми қорытындылар жасалады. Нақты әлеуметтанулық зерттеулер функциясына адамдардың күнделікті практикасын сипаттайтын бастапқы мәліметтерді жинау және оларға эмпирикалық талдау жасау жатады. Жалпы әлеуметтану ғылымы
1 Накипбеков Т.Ж. Основы общей социологии. Алматы: Білім, 1996. С. 36-38.
теория мен практиканың бірлігін ұстай отырып, өзінің зерттеулерін практикалық мәселелерді жүзеге асыруға бағыттайды.
Әлеуметтанудың танымдық қызметі, сонымен қатар әлеуметтік процестерді талдау негізінде қоғам өмірінің материалдық, саяси немесе рухани салаларында олардың одан әрі дамуына ғылыми болжам жасауды қамтиды. Мұндай болжамдар ұзақ мерзімдік немесе ағымдық сипатта болады: мұндағы мақсат – жалпы әлеуметтанулық теориялар деңгейінде таяу және алыс болашақтағы қоғам дамуының тенденцияларын терең көре білу десек те, арнайы әлеуметтанулық теориялар шеңберінде пайдалы болжамдар жасалатын болады.
Қорыта айтқанда, әлеуметтанудың танымдық функциясы қоғамның мәні, оның құрылымы, өмір сүруі мен дамуының заңдылықтары, негізгі бағыттары мен тенденциялары, жолдары, формалары мен механизмдері туралы нақтылы және кең көлемді білім берумен анықталады.
Әлеуметтік құбылыстар мен процестерге эмпирикалық және теориялық талдау жасау негізінде, айталық, материалдық өндіріс саласында адамдардың қызметін ынталандыру мен тиімділігін арттыруды күшейту, экономикалық және саяси қатынастарды, әлеуметтік институттардың қызметтерін жетілдіруге бағытталған практикалық ұсыныстар әзірлеу әлеуметтанудың практикалық қызметіне жатады.
Түптеп келгенде, бұл ұсыныстар әлеуметтік басқару механизмін жақсартуға, оның тиімділігін ұтымды басқарудан бастап, қоғамдық істерді басқаруға дейінгі барлық деңгейде жетекшілік етудің сапасын арттыруға бағытталған. Бұны үлкенді-кішілі дәрежеде қазіргі бүкіл қоғам, әсіресе өркениетті елдер қолданады. Олардың бірде-біреуі экономиканың, әлеуметтік таптардың және ұлт қатынастарының, қоғамның саяси жүйесінің дамуын басқарусыз қалдырып, өз бетінше жалғасуына жол бермейді. Олардың дамуы белгілі бір басқару құрылымының ықпалымен жүзеге асады. Ол құрылымның қызметі ғылыммен тығыз байланысып, соны жүзеге асырады. Қоғамның күрделенуі және олардың экономикалық, экологиялық, саяси және тағы басқа да дамуы, қазіргі таңдағы жағдайларды әлеуметтік процестерге мақсатты, бағытты түрде ықпал жасау қажеттілігін талап етеді. Дәл осы тұста әлеуметтану өзінің алдындағы міндеттерін ғылыми негізге сүйене отырып орындауы тиіс. Әлеуметтану қоғамның өмір сүруін жанжақты саралап өлшейді және бастапқы әлеуметтанулық ақпарат алғаннан бастап, ғылыми дәлелденген қорытындылар мен ұсыныстар жасауға дейінгі ауқымда сан қилы жұмыстар атқарады.
Қоғамның таяудағы және алыс болашағына қатысты әлеуметтанулық болжам жасаудың, қоғамның экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани салаларының дамуын ғылыми тұрғыда алдын ала көре білудің мейлінше практикалық маңызы зор.
Әлеуметтанудың келесі бір атқаратын қызметі - идеологиялық міндеттер болып табылады. Өйткені әлеуметтану қайсыбір формада болмасын, белгілі бір әлеуметтік топтардың, таптардың, саяси партиялар мен қозғалыстардың мүдделерін білдіреді. Бұдан айналып өту тіптен де мүмкін емес. Нақты әлеуметтанулық зерттеулер мен арнайы әлеуметтанулық және жалпыәлеуметтанулық теориялардан туындаған ережелерді идеологиялық тұрғыдан талдауға ұшыратпай алып қалу өте қиын. Себебі әлеуметтанушының өзі белгілі бір әлеуметтік-таптықтың құрамында, яғни көбінесе қайсыбір саяси партияға мүше де болады. Ол өзі зерттейтін әлеуметтік процестерді, қоғамдық қатынастарды және әртүрлі субъектілердің қызметін белгілі бір дүниетаным ұстанымымен пайымдайды. Ал, оның дүние танымының қалыптасуы әлеуметтанушының шыққан ортасымен, әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты.
Қоғамдық өмірдің қайсыбір жақтарына қатысты әлеуметтанушы жасайтын қорытындылар тек өзі жататын әлеуметтік топтың мүддесіне тиесілі болып қана қоймай, басқа да әлеуметтік топтардың, соның ішінде таптардың мүдделерін қамтитыны рас. Сөйтіп, осы қорытындылар қалыптаса келе идеологиялық мазмұнға, өзіндік реңге ие болады.
Сөз болып отырған мәселелерге ғылыми тұрғыдан қараудың идеологиямен алмастырылуы әрине дұрыс емес. Оған ешбір күмән жоқ. Қоғамдық құбылыстарға объективті талдау жасау зерттеуші үшін қашан да маңызды. Алайда, оның әлеуметтік статусы - сол талдаудың көрінісі, бұл жағдай зерттелетін қоғамдық процестер мен құбылыстарға орай жасайтын оның қорытындыларына сөзсіз әсер етеді. Бұл тұрғыдан алғанда әлеуметтану кез келген кезеңде де идеологиялық бағыт ұстайды. Ал, идеологиялық бұрмалаушылыққа жол бермеу үшін әлеуметтанулық зерттеудің барысын, сондай-ақ одан туындайтын қорытындыларды шектен тыс идеологияландыру мен саясаттандыруға болмайды. Керісінше оларды жалпы адамзаттық құндылықтармен сәйкестендірген пайдалы.
К. Маркс «Фейербах туралы тезистерінде»: «философтар дүниені әр түрлі деңгейде түсіндіріп қана қоймайды, ал істің мәні оны өзгертуде жатыр»2,- деген еді. Ақиқатында дүниені өзгерту оны түсіндіру негізінде ғана жүзеге асуы тиіс. Алайда, мұндай өзгертулер қара бастың қамы үшін жасалмауы керек. Адамдардың өмір жағдайын жақсарту, мұқтаждықтар мен құндылықтарға орай қалыптасу көрініс тапса, міне, сонда ғана ол қажеттілікті өтейді. Сөйтіп, мұндай әлеуметтанудан маңызды әлеуметтік қызмет - сыншылдық пайда болады. Бұл жерде әңгіме дүниеге жеке тұлғаның көзқарасымен баға берудің өзара байланыстылығында болып отыр. Осы қызметті жүзеге асыруда әлеуметтану ақиқатқа дифференциялық тұрғыдан қарайды. Бір жағынан ол сақтаудың, нығайтудың, дамытудың қажеттігін немесе бәрін өзгертудің, қайта құрудың, т.б. керек еместігін көрсетеді. Ал екінші жағынан - шындығына көшсек, түбегейлі өзгертулерді керек ететіндерін анықтайды.
Қоғамдық өмірдің алуан түрлі салалары дамуының стратегиялық жоспарын жасау үшін әлеуметтану зерттеулерін пайдалану қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады.
Әлеуметтану қолданбалық функциясында атқарады. Бұл әлеуметтану зерттеулерінің әлеуметтік үрдістерге шынайы әлеуметтік бақылауды жүзеге асыру үшін нақты ақпарат беруден көрінеді.
Әлеуметтану әлеуметтік бақылау функциясын іске асырады. Бұл жерде атқарушы және өкілетті билік органдарының, саяси партиялар мен бірлестіктердің қоғамдық өмірдің барлық саласында мақсатқа бағытталған саясатты жүзеге асыру үшін әлеуметанудың мүмкіншілігін кеңінен пайдаланатынын айтуымыз қажет.
Әлеуметтанудың қайта құру функциясының мәніне белгілі бір шешім қабылдау үшін берген әлеуметтанушының қорытындылары, ұсыныстары әлеуметтік субъектінің жағдайына оның бағасы негіздік қызмет атқаруы жатады. Сол тарихи кезеңде оқиғаға қатысушылардың алдына тұрған болашақ үрдістердің балама сценарилерін көрсетуге, әрбір таңдап алынған шешімге байланысты және әрбір балама варианттар бойынша ықтимал шығындарды, соның ішінде жанама эффектлерді есептеуге әлеуметтанудың мүмкіншіліктер, ықтималдар диапазонын анықтауға қабілетін практика дәлелдеді.
Әлеуметтану ақпараттық функцияны атқарған және атқарып та келеді. Зерттеу нәтижелерін, олардың жиындысын әлеуметтік топтар өздерінің әлеуметтік мақсатарына жету үшін қолма-қол пайдалана алады. Әлеуметтанулық ақпарат белгілі бір мінез-құлық стереотиптерін қалыптастыру, құндылықтар және әлеуметтік жоғары бағалаулар жүйесін жасау т.б. құралы қызметін атқарады.
Сонымен қатар әлеуметтану адамдар арасында өзара түсіністікті жақсарту құралы қызметін, оларда бір-бірін жақындылық сезімін, қарымқатынас мәдениетін қалыптастыру құралы қызметін атқара алады. Осылайша әлеуметтану қоғамдық қатынастарды жетілдіруге ықпал жасайды. Осы тұрғыдан келгенде әлеуметтанудың гуманистік функция атқаратынын айтуымыз керек.
Әлеуметтанудың дүниеге көзқарас функциясы оның қоғамның әлеуметтік-саяси өміріне объективті қатысуына және өзінің зерттеулерімен әлеуметтік қатынастарды өзгертуге ықпал етуіне саяды. Дүниеге көзқарасты адамдар санасында әлеуметтік ақиқаттың бейнеленуінің нәтижесі ретінде қарастыру жеткіліксіз, қоғам туралы және адам туралы білімінің әлеуметтік субъектісімен өзара байланысы тұрғысынан қарастыру қажет. Осы білімге негізделген, оның әлеуметтік үрдістерге қатынасын зерттеу керек. Осындай амалда адамның тыныс-тіршілігі жөніндегі білімнің маңыздылығы алдыңғы қатарға қойылады. Әлеуметтанудың дүниеге көзқарастық функциясы адамдарды әлеуметтік байланыстар жөнінде және адам туралы, оның қоғамдағы орны туралы және оның тану және қайта құру мүмкіндіктері туралы біліммен қаруландыра отырып, өмірлік мақсаттарды қалыптастыруға, әлеуметтік субъектілердің өмірдің мақсаттары мен мәнін түсінуге ықпал етеді. Дүниеге көзқарасты құру үшін әлеуметтану бастапқы, негізгі қағидаттарды береді, оларды қолдану адамның өз өмірлік мақсаттарын жасауға мүмкіндік береді. Осы мақсаттар әлеуметтік байланыстар мен және қатынастардың бағыт-бағдары болып қалады. Зерттеуді талдау жазбасы түрінде жүйелеу, әртүрлі ғылыми есеп беру түрінде, мақалалар, кітаптар және т.б. түрінде әлеуметтанудың жазба (суреттеу) функциясынан көрінеді. Әлеуметтану методологиялықта функция атқарады, өйткені әлеуметтану әлеуметтік таным үрдісінде ерекше орын алады. Әлеметтанудың әрбір саласы, белгілі бір қызмет саласына адамның тыныс тіршілігін тәуелсіздігін түсіну ретінде көрініп, ол адам болмысның осы белгілі бір жағын бейнелеуді айқындайды. Әлеуметтік құбылыстарға, танымдық және практикалық қызметтерге талдау жасаудың және бағалаудың тәсілдерін анықтайтын бастапқы, негізігі қағидаттар жүйесін түсіну керек. Бұл қағидаттар әлеуметтік топтардың және адамның өзара әрекетінің мәні туралы, олардың болмысының негізделуі туралы, адамның қоғамға және өзіне қатынасы жөніндегі түсініктерді жалпы формада өзіне қосып алған. Десекте әртүрлі әлеуметтану жүйелерінде осы бастапқы қағидаттарды түсіндіру алуан түрлі. Соған қарамастан бұл түсіндірмелерде әлеуметтік ақиқатты және ондағы адамның орнын әлеуметтанулық пайымдаудың ерекшеліктерін анықтауға тырысу байқалады.
Осылайша әлеуметтанудың бұл функциясы адамның теориялық және практикалық қызметі үшін бастапқы және негізгі қағидаттарды береді, бұларды жүзеге асыру әлеуметтік ақиқатты пайымдау амалдарының жалпы бағыттарын анықтайды.
Әлеуметтану ғылымының қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар арасында алатын өзіндік орны бар. Ол осы ғылымның қоғамда атқаратын қызметімен және әлеуметтану білімінің құрылымымен айқындалады. Қоғамның әлеуметтік құрылымын, оның даму заңдылықтарын ашатын, тарихи процесте объективтік және субъективтік факторлардың өзара әрекетін көрсететін жалпыәлеуметтанулық теориялар, мысалы, тарих, саясаттану, құқықтану, әлеуметтік психология, этика және басқа да ғылымдардың проблемаларын түсіндіруде маңызды дүниетанымдық және методологиялық рөл атқарады. Жалпытеориялық әлеуметтану аталмыш ғылымдардың проблемаларын кең көлемдегі әлеуметтік контексте қарастыруға, олардың зерттейтін құбылыстарының қоғамдағы және тарихи процестегі орны мен рөлін анықтауға мүмкіндік туғызады. Сөйтіп, сол құбылыстарды ғылыми тұрғыда талдау мен түсіндірудің жалпытеориялық бағытта қарастырылуы мен методологиясын жасайды.
Бірқатар ғылымдар үшін арнайы әлеуметтану теориялары деңгейінде қалыптасқан ережелер мен қорытындылар да маңызды болып саналады. Олар еңбек, тұрмыс, адамдардың қызмет түрлерінің проблемаларына қатысты болуы мүмкін. Бұл мәселелерді басқа да ғылымдар, соның ішінде экономика, экология, педагогика және тағы басқалар қарастырады. Бірақ ,арнайы әлеуметтанулық теориялардың бұл мәселелерді қарастыруда өзіндік ракурсы бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда олар басқа ғылымдардың мәліметтерін толықтырады, өз қорытындыларымен қаруландырады жан-жақты зерттеуге мүмкіндік жасайды.
Арнайы әлеуметтанулық теориялар адамдардың еңбек, саяси және өзге де қызметінің әлеуметтік аспектілерін ашады, олардың әлеуметтік жағдайларын (айталық, қалалық немесе селолық), отбасылық және жеке басының тұрмыстық жағдайларын ашып көрсетеді. Олар экономикалық , саяси, құқықтық және басқа да қоғамдық қатынастар жүйесінде жеке тұлғаның және әртүрлі әлеуметтік топтардың өзін-өзі әлеуметтік жағынан көрсету мүмкіндіктерін бейнелейді. Бұл жердегі әңгіме - осы қатынастардың ерекшеліктері туралы, әсіресе ондағы адамдардың өмірі мен қызметінің мүмкіндіктері, олардың елеулі қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру дәрежесі жөнінде болып отыр. Арнайы әлеуметтану теориялары деңгейінде жасалған дәлелді қорытындылардың әр түрлі қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар үшін маңыздылығы да әрқилы.
Нақты әлеуметтанулық зерттеулер көптеген қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар шеңберінде қоғамдық өмірдің қайсыбір процестері туралы жедел мәліметтер алу немесе адамдардың бұл процестерге қатынасын анықтау мақсаттарында жүргізіледі. Соның арқасында бұл зерттеулер, қай ғылымның саласына сәйкестендіріле жүргізілсе де, зерттелген құбылыстар мен процестер жөнінде мейлінше дәл мәліметтер алуға мүмкіндік тудырады. Осы жедел ақпараттарды пайдалана отырып, қоғамдық өмірдің жекелеген құбылыстарын жан-жақты қарастырумен қатар, құбылыстардың қайсыбір әлеуметтік жүйедегі және жалпы қоғамдағы орны мен рөлін нақты ашуға мүмкіндік жасайды, қоғам өміріндегі макро және микро процестердің өзара әрекеттерін анықтайды.
Сайып келгенде, әлеуметтану - қоғамның өмір сүруінің және дамуының заңдылықтарының қалыптасуы жөніндегі ғылым. Ол әлеуметтік (тәсілдерді), фактілерді үрдістерді, қатынастарды, жеке адамдар мен әлеуметтік топтардың қызметін, олардың рөлін, статусын, және әлеуметтік мінезқұлқын, бұлардың институттық формада ұйымдастырылуын зерттеумен айналысады. Әлеуметтанудың өз алдына жеке ғылым болып қалыптасуына О. Конт, Г. Спенсер, т.б. көрнекті әлеуметтанушылардың тұжырымдамалары мен ілімдері зор ықпал етті.