Әлеуметтану


Ресей әлеуметтануындағы негізгі бағыттар мен ағымдар (XIX ғасырдың екінші жартысы)



бет15/82
Дата07.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#87528
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   82
Байланысты:
ӘЛЕУМЕТТАНУ. ОҚУЛЫҚ (1) (2)

1. Ресей әлеуметтануындағы негізгі бағыттар мен ағымдар (XIX ғасырдың екінші жартысы)


Ресейдегі әлеуметтану ойының қалыптасуы мен дамуы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың үлесіне тиді. Ресейде әлеуметтану ғылымы саласында зерттеулер жүргізген көптеген ойшылдар шықты. Олар әр түрлі әлеуметтану бағыттары мен ағымдарын қалыптастырды. Географиялық идеядағы бағыт географ-ғалым әрі әлеуметтанушы Лев Ильич Мечниковтың (1838-1888) еңбектерінде анық байқалды. Л. И. Мечниковтың әлеуметтану теориясы тұрғысынан қарастырған мәселелері оның «Өркениет және ұлы тарихи өзендер» деген ірі еңбегінде баяндалды. Социал-дарвинизмнің әлеуметтік заңдылықтарды механикалық тіршілік үшін күрес заңына ұқсастыру тұжырымдамасын жоққа шығарып, зерттеуші әлеуметтануды нақты ғылыми пәнге айналдыруды көздеді. Ол үшін, оның пікірі бойынша, қоғамдық өмірдің шынайы ерекшелікті заңдарын тұжырымдау, сонымен қатар әлеуметтік прогресс белгі-өлшемдерін барынша мұқияттылықпен анықтау қажет болды. Бірнеше тіршілік иелері ортақ, мақсатқа бірлесе күш жұмсап жету үшін қай жерде жиналса, қоғам сол жерден басталады деп ойлап, Л. И. Мечников қоғамда кооперациялар, ынтымақтастық құруға тырысу анықтаушы болатынын атап көрсетті.
Биологияның зерттейтін құбылысы жан-жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету жағдайынан тұратын болса, әлеуметтануды тек ынтымақтастық және күштерді біріктірудің көрінісі, яғни табиғаттағы кооперация факторлары қызықтырады.
Әлеуметтануды дүниедегі бір клеткалыдан бастап, адамдардың өндірістік кооперацияларына дейінгі ынтымақтастықтың бүкіл кұбылыстарын қамтыған ғылым ретінде анықтап, Л. И. Мечников қоғам мен биологиялық организм арасындағы өнімдер ұқсастығын пайдалануға бағыт ұстады, сонымен қатар ол қарапайым биологиялық редукционизмді жоққа шығарды.
Қоғамдық прогресс идеясы Л.И. Мечниковтың әлеуметтану тұжырымдамаларында маңызды орынға ие болды. Оның пікірінше, прогресс идеясы болмайынша адамзат тарихы тек оқиғалардың мағынасыз қоймасы болып қалады. Бұл тұрғыдан алғанда әлеуметтану міндеттеріне прогресс неден тұрады, қоғамның алға қарай дамуын қандай нақты белгі- өлшемдермен анықтап білуге болады деген мәселелерді қойды. Әлеуметтік прогресс жолындағы қоғамның эволюция дәрежесінің сандық индикаторы ретінде Л.И. Мечников адамдардың қол жеткізген ынтымақтастық деңгейіне көңіл аударды. Өйткені ол табиғатта болатын тіршілік үшін күресті ығыстырды. Ынтымақтастықтың адамдар арасындағы қарымқатынас ретінде ерікті түрде және күштеу арқылы айқындалғанына көңіл аударып, әлеуметтанушы бұл процестегі индивидтердің еркіндік дәрежесі сол өркениеттің прогрессивтілігінің басты өлшемі бола алады деп ойлады. Адамдардың ынтымақтастығы жүзеге асатын кооперациялардың тарихи типтері адамның ынтымақтастықтың қаншалықты қажеттілігін түсінуімен негізделеді. Тарих, Л.И. Мечниковтың пікірінше, кооперацияның еріксіз типінің (сырттан күш көрсетудің есебінен) бағынышты индивидтердің одағы арқылы, коғамдық еңбек бөлінісі себеп болған, «мүдделерінің ортақтығының, өзінің бейімділігі және ынтымақтастыққа саналы тырысуының» арқасында қалыптасатын адамдардың ерікті ассоциацияларына бірте-бірте трансформациялану процесі. Әлеуметтік прогресс қоғамдық өмірде көрінетін күштеу, зорлау немесе билікке кері келетін болса, керісінше, еркіндік пен өзіндік сананың даму деңгейіне тікелей байланысты болатынын айта келіп, ойшыл бұл процестің механизмдерін, тарих кезеңдерінің ауысу кезеңдерін анықтауға тырысты.
Географиялық мектептерге тән тұжырымдама тұрғысынан қарастыруды басшылыққа алған Л. И. Мечников сыртқы орта мен сол ортаны мекендеген адамдардың кооперация және ынтымақтастыққа жеткізетін қабілетінің арасынан өркениет эволюциясының қайнар көзін іздестірді. Орта, Л. И. Мечниковтың пікірі бойынша, тек жәй қоршаған табиғат қана емес, ол адам еңбегі процесіне түскен және соның ықпалымен өзгеріске түскен оның бір бөлігі. Географиялық ортаның басты компоненті гидрологиялық фактор (адамдар қызметіне су ресурстарының ықпалы) болуы ықтимал деп түсінген орыс әлеуметтанушысы дүниежүзілік тарихтан өзендік, теңіздік және мұхиттық (немесе жалпы тарихтық) үш негізгі дәуірді немесе өркениетті бөліп көрсетті. Бұл факторды зерттеуші халықтың өндірістік қызмет барысында сыртқы жағдайға бейімделу қабілеті ретінде зерделеумен қатар, тарихтың қозғаушы күші ретінде де қарастырған немесе өркениетті бөліп көрсетті. Бұл факторды зерттеуші халықтың өндірістік қызмет барысында сыртқы жағдайға бейімделу қабілеті ретінде зерделеумен қатар, тарихтың қозғаушы күші ретінде де қарастырған.
Натурализмнің қалыптасуына және әлеуметтік процесс пен оның қайнар көздерін түсіндіруде біржақтылықтың орын алғанына қарамастан, Л И Мечников географиялық детерминизмнің дәстүрлі көзқарастарына тән ойпікірлердің анық шектеулігін жеңіп қана қойған жоқ, сонымен қатар әлеуметтану зерттеулері үшін бірнеше проблемаларды белгілеп берді (әлеуметтік даму механизмінің элементтері ретіндегі халықтардың әлеуметтік психологиясының ерекшеліктері, еңбек дағдыларының социомәдени трансляциялары мен қоғамдық ұстанымдардың формалары және т.б.).
Ресей әлеуметтану дәстүрінде органикалық деп аталған бағыттың өкілдері Александр Иванович Стронин (1826-1889) және Павел Федорович Лилиенфельд (1829-1903) қызықты ережелерді қалыптастырды.
А. И. Стронин әлеуметтік білімді жаратылыстану ғылымына, ең алдымен биологияға ұқсас үлгіде қарау қажет деп есептеді. Ол қоғамды біртұтас организм ретінде қарастыра отырып, қоғамдық институттарды оның жекелеген фрагменттері деп есептеді. Сондықтан оның «әлеуметтану физиологияға ұқсас болуы қажет» деп түйіндеуі түсінікті еді. Өзі өмір сүрген қоғамды пирамида тәріздес бейнелеу арқылы А. И. Стронин адамгершілік және интеллектуалды құндылықтарды жасайтын қоғамдағы жоғарғы құрылым тек саясатпен айналысу қажет деген ой қорытады. Онын пікірінше, әрбір социум кез келген биологиялық организм сияқты, белгілі бір жинақталған күш қорына сәйкес өмір сүруі шектеулі болады. Ол күш ерте ме, кеш пе бітеді. Адамгершіліктің құлдырауы мен әлеуметтік идеалдардың күйреу процесін биологиялық азу құбылыстарымен салыстыра келіп, А. И. Стронин Батыс Еуропаның «революциялық дәндері» Ресей шындығына жат және қауіпті деген сенімде болды.
А. И. Строниннің биологиялық редукционизмі механицизммен бірігіп, оның әлеуметтану тұжырымдамасының эвристік шектеулігін негіздеді. Соған қарамастан оның бірнеше теориялары Ресейдің интеллектуалдық ой-пікірінде белсенді пікір тартыстарын оятты, одан әрі әлеуметтанулық теориялардың дамуына әсер етті.
Әлеуметтануда органикалық бағытты пән ретінде жақтаушы «Болашақтың әлеуметтік ғылымы туралы ойлар» атты кітаптың авторы П. Ф. Лилиенфельд болды. Қоғамды табиғаттың барлық организмдері сияқты өмір сүретін шынайы организм іспетті қарастыра отырып, П. Ф. Лилиенфельд әлеуметтік заңдар әлеуметтік күштердің және табиғаттағы органикалық күштердің арасындағы әрекеттерді ұқсастыру жолымен шығарылуы мүмкін деген қорытынды жасады. Қоғамдық процестердің өздері, зерттеушінің пікірі бойынша, теориялық тұрғыдан механикалық қозғалыстың көрінуіне алып барады. П. Ф. Лилиенфельдтің пікірі бойынша, барлық организмнің клеткалардан тұратыны іспетті қоғам да клеткалардан түзіледі. Бұл жерде зерттеушінің қоғамдық организмнің клеткалары деп отырғаны жекелеген адамдар.
П. Ф. Лилиенфельд қайсыбір жекелеген процестер (туу, өсу, өлім) мен жекелеген органдарды (ми үкімет ретінде, т.б.) баяндай келіп, биологиялық организм мен қоғамдық организмде дәлме-дәл келетін ұқсастық бар деп есептейді.
Экономикалық, саяси және заң қызметін орыс ойшылы физиологиялық, морфологиялық және тұтас организм ипостасиясымен теңестіреді. Сөйтіп, қоғамның басты институттарының мәңгіліктігі және өзгеріске түспейтіндігі туралы тезисті негіздеді, оларды күшпен трансформациялауды П. Ф. Лилиенфельд патология ретінде қарастырады.
Ресейде әлеуметтанулық ойдың дамуында субъективтік бағыт маңыздылардың бірі болды. Оның көрнекті өкілдері Петр Лаврович Лавров (1823-1900) және Николай Константинович Михайловский (1842-1904) еді. П. Л. Лавров «Тарихи хаттар» деп аталатын еңбегінде субъективизм туралы өз көзқарасын баяндады. Ол әлеуметтану ғылымына бірінші болып «антропологизм», «субъективтік әдіс», «субъективтік көзқарас» ұғымдарын енгізді. Оның пікірінше, басқа ғылымдардағы сияқты әлеуметтану мен тарихта өзгермейтін және абсолютті заттар бар. Олар объективті, белгілі бір дәуірде жұрт оны білмеуі мүмкін, бірақ олар басқа бір дәуірде анықталады. Әлеуметтану мен тарих белгілі бір сәтке дейін анықталынбайтын ақиқаттарды құрайды. Олардың анықталынбау себебіне қоғамның мәселені түсінуге және оған жауап қайтаруына субъективті дайын болмауы жатады.
П. Л. Лавров әлеуметтануды нормативті ғылым деп есептеді. Оның көзқарасы бойынша, қоғамның бір ғана нақты қозғаушы күші тұлға бола алады. Оның мүддесін мойындамау деген сөз аса маңызды әлеуметтік құбылысты байқамаумен бірдей. Тарихтың барысы объективтік заңдармен анықталса да, тұлға тарихи процесті өзінше түсініп, өз алдына мақсаттар қояды және оған жетудің құралдарын таңдайды.
П. Л. Лавров әлеуметтануға анықтама беруге талпыныс жасады. Оның түсінігінде әлеуметтану өз бетінше өмір сүрушілердің арасындағы ынтымақтастықтың көріну, күшею және әлсіреу формаларын зерттейтін саналы органикалық ғылым. Сондықтан бұл ғылым өзінде дара сананы барынша қалыптастырған даралығы бар бүкіл жанды қоғамды, адам жүзеге асырсамау деген қоғамдық идеалдарды, сонымен қатар тұлғаның өзіндік қоғамдық идеалдарды жүзеге асыруға жақындатсам деген талпынысынан туындайтын практикалық міндеттерді қамтиды.
Қоғам өмірін және ондағы процестердің негізгі мазмұнын ашудың өзіндік жолын айта келіп, П. Л. Лавров тұлғаның жеке адамгершілік идеалдарына сәйкес өмірдегі формаларды өзгертуге, сонымен қатар ол нені прогресс деп санаса сол үшін күресуге құқылы әрі міндетті екенін атап көрсетті. Сондықтан тұлға қоғамдық күштерге зор ықпал жасайды. Қоғамның дамуына күшті әсер еткен тұлғаны П. Л. Лавров алға шыққан тұлғалардың қатарына жатқызады. Мұндай тұлғалар қоғамдық құбылыстарға сын көзбен қарайды, оларды түзетуге ат салысады.
Н. К. Михайловскийдің пікірінше, адамның адаммен қарым-қатынасы секілді, оның табиғатпен қарым-қатынасының арасында бір-бірімен жанаспайтын қарама-қарсы айырмашылық бар. Бірінші жағдайда бір жәй ғана құбылыс деген ой тумауы керек. Өйткені бұл құбылыстың алдына қойылатын нақты мақсаты бар. Екіншісінде мұндай мақсат болған емес. Бұл өзгешеліктер аса маңызды болғандықтан адамзат танымының екі ірі саласында әр түрлі әдістерді қолдану қажеттігін талап етеді. Қоғамдық құбылыстарды тек субъективтік деп бағалауымыз керек. Бұл жерде жоғары бақылауды субъективті әдіс жүзеге асыруы тиіс.
Н. К. Михайловский әлеуметтану басқа қоғамдық ғылымдармен байланыста болуы керек деп есептейді. Ол қоғамдық өмір фактілеріне әділ қарауға болады деген тұжырымды ұстайды. Тұлғаның әлеуметтік байланыстарына қарап, оның дүниеге көзқарасын анықтауға болатынын жазды. Н. К. Михайловский, Ч. Дарвин мен Г. Спенсердің эволюциялық теориясын мойындамады, керісінше, тұлғаны әлеуметтік бақылаудың бүлдіргіш ықпалынан құтқару қажеттігі теориясын басшылыққа алды. Оның пікірінше, тұлға мен қоғам арасында үздіксіз соғыс жүріп жатады. Оның дәлелі ретінде Ресей тағдырын алға тартты. Әлеуметтік мінез-құлыққа, жүріс-тұрысқа еліктеудің, өзін-өзі сендірудің, беделдің қаншалықты ықпал ететініне көңіл аударып, Н. К. Михайловский, 3. Фрейд пен В. Адлердің психосараптамасына жоғары баға берді.
Анархизмнің теориялық мазмұны мен практикалық, бағыты орыс ойшылдары және революционерлері Михаил Бакунин (1814-1876) мен Петр Кропоткин (1842-1921) шығармаларында жан-жақты дәлелденді. Олар Батыс Еуропа анархизмінің теоретиктері Ш. Фурье, М. Штирнер және П. Прудон еңбектеріне арқа сүйеді. М. Бакунин анархизмінің мәні - заттарды өздерінің табиғи ағымына жібергенмен бірдей... Осыдан келіп анархизмнің басты идеясы - ешбір мемлекеттік институттар бұза алмайтын тұлғаның еріктілік идеясы, табиғи күй ретіндегі оның еркіндік идеясы қалыптасты дейді.
Тұлға еркін болуы керек, оған ештеңені тануға болмайды дей келіп, Бакунин еркіндіктің әлеуметтік сипатта болатынын жазды. Өйткені еркіндік тек қоғам арқылы жүзеге асуы мүмкін және еркіндік барлық адамдармен қатаң теңдікте және ынтымақтастыққа болуымен іске асады. Қоғам әр адамның толыққанды дамуы үшін жағдай жасауы тиіс, тек сол ғана оның әлеуметтік еркіндігінің нақты мүмкіндіктерін анықтайды. Адам еркіндігінің бұдан да басқа да көріністері бар, кез келген өкімет билігі, ол мейлі құдайдікі болса да, адамдікі болса да, егер ол тұлғаны қанаса, оның еркіндігі бүлікке соқтырады және содан көрініс табады.
М. Бакуниннің пікірі бойынша, адам өз еркін шектейтін қоғамдық институттармен қарама-қайшылыққа түседі. Ол әсіресе халықты басып жаншитын және халықты қанау есебінен күнін көретін чиновниктер ретіндегі мемлекетпен күреседі.
Мемлекет - қашан болмасын елдің күш-қуатына қарсы тұрған азшылықтың өкімет билігі. Ол адамдардың еркін заң жолымен зорлаушы, олардың еркін тұрақты түрде жоққа шығарушы болып отыр. Түптеп келгенде, мемлекет қайсыбір азшылықтың жеңілдіктерін нығайтады және көпшіліктің нақтылы қаналуын бекітеді. Адамдар бұқарасы өздерінің надандығынан бұны түсінбейді. Шындығында олардың мүдделері өздерін қанап отырған мемлекетті жою болып табылады. Осыған
:
олардың әділ саналатын еркіндік бүлігі бағытталуы қажет.
Прудонның біраз социалистік идеяларын қабылдаған М.Бакунин оларды өзінің социализм және федерализм теорияларында дамытты. Осы идеяларының арасында ең негізгілеріне жататыны - социализм қоғамдық құбылыс ретінде өзіндік және ұжымдық еркіндікпен, еркін ассоциялардың қызметімен құрылуы тиіс деген пікірлері. Онда адамдар қызметіне ешқандай үкімет шектеуі болмауы керек және мемлекет жағы ешқандай қамқорлық болмауы тиіс, мемлекет қалай дегенмен де жойылуы керек. Бәрі де тұлғаның, өнеркәсіп ұжымдарының және өзге де ассоциациялардың қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағындырылуы керек. Сөйтіп, қоғам ерікті адамдардың жиынтығына айналды. Қоғамның бүкіл субъектілерінің арасындағы қатынастар федерализмді орнатады, яғни ерікті және тең құқықты принциптер негізінде олар одағы құрылады.
Социалист-анархист өзі үшін де өмір сүруі керек, сонымен бірге бүкіл қоғамға да қызмет етуі қажет. Ол шын мәніндегі нақты патриот, әрдайым адамгершілігі аса мол социалист-анархист болуы тиіс.
М. Бакунин қоғам дамуының бүкіл экономикалық, саяси, рухани процестерін мемлекет реттейтін «мемлекеттік социализмді» сынға алды. Оның пікірі бойынша, мұндай социализм өзінің негізсіздігін толығымен көрсетті. «Реттеушілік» және «деспоттық» болғандықтан социализм көпшілік халықтың қажеттерін және заңды талаптарын қанағаттандыру мұратынан шалғайда тұрды. Мемлекет социализм алдында өзінің банкрот болғанын көрсетті, ол социализмнің оған деген сенімін жойды. Бірақ социализм өлмейді. Социализм жекеше экономикалық ассоциациялар арқылы өзін көрсетеді және әр адамның еркін де жан-жақты дамуы үшін оларды материалдық және рухани игіліктермен қамтамасыз ете алатын болады.
Анархизм идеясын өз еңбектерінде П. Кропоткин одан әрі дамытып, мемлекет пен «мемлекеттік социализмге» үзілді-кесілді қарсы шықты, Жеке және ұжымдық еркіндікке негізделген қоғамдық құрылысты қалыптастыруға еңбекшілердің өздерінің мүмкіндігі бар, анархияның теоретигі ауылшаруашылық қауымдастықтар одағы, өндірістік артельдер және адамдар мүддесіне орай құрылған ассоциациялар негізінде «мемлекетсіз коммунизм»1 құруға болады деп санады.
Осы адамдардың өзара тең дәрежелі қоғамы ретіндегі ерікшіл «анархиялық коммунизмнің» мемлекеттік авторитарлық коммунизмнен өзгешелігі оның толығымен өзін-өзі басқаруға негізделгендігінде. Ол өнеркәсіп, жер шаруашылығы, ой еңбегі сияқты тағы басқа да алуан түрлі 2. Практикада өндірістер үшін құрылған көптеген одақтардан тұруы керек социалистік анархизм осындай болуы тиіс. Бұл жерде ең өзекті әңгіме адамдардың ерікті ассоциацияларының өзін-өзі басқару жөніндегі федеративтік одағын құру болып отыр. Олардың арасындағы қатынастар ынтымақтастық әділеттілік және басшысыздық, принциптері негізінде құрылады және негізінен моральдық нормалармен реттеледі.
Адамдар арасындағы қатынастарды адамгершілік жолымен реттеу проблемасына маңыз бере отырып, П. Кропоткин адамгершілік сезімдер адамдардың биологиялық табиғатында деп санады. Қоғамдық тіршілік, әрекет ету процесінде олардың бұл сезімдері одан әрі дамиды және артады, әлеуметтік мән мен мазмұнға ие болады. Негізі мораль болып саналатын өзара бірін-бірі қолдау мен ынтымақтастықтың бастапқы адамгершілік сезімдері осындай. Кропоткин әділеттілікке ден қойып, оған адами қызметі мен мінез-құлқының бағытын анықтаушы ретінде қарады. Әділеттілік идеясынан еріктілік пен теңдік үғымдарын туындатты. Теңдік принципі - тұлғаға құрметпен қарау, деп түсіндірілді. Тұлғаға адамгершіліктік ықпал жасай отырып, қандай да болмасын адамгершілік идеалы үшін адамдардың табиғатын бұзуға болмайды. Анархистер бұл құқықтың ешкімде болуын мойындамайды, өздері үшін де мұндай құқық болуын қаламайды.
Олар тұлғаның толыққанды еріктілігін қалайды, оның және толық жүзеге асуын, бүкіл қабілетінің даму еркіндігін қалайды. Анархизмнің теориялық және практикалық негіздері осылар. Тұлғаға толық еркіндік беру және мемлекет атаулыны жою идеялары дерексіздігін толық көрсеткенімен, анархизмнің тұлға әділеттігі, теңдігі және еркіндігі, өзін-өзі басқару идеялары, әр түрлі әлеуметтік ұйымдар мен одақтардың өзара қатынастарының федералдық сипаты туралы ой-пікірлері, оның жақсы жақтары екені дау тудырмайды. Сондықтан анархизм қазір де өзінің жақтаушылары мен ізбасарларын тауып отыр.
Ресей әлеуметтануындағы психологиялық бағыт 1890 жылы қалыптасты. Сол тұста осы бағыттың көрнекті өкілдері Е. В. Де-Роберти мен Н. И. Кареевтің іргелі еңбектері жарық көрді. Е. В. Де-Роберти (1843-1915) мен Н. И. Кареевтің (1850-1931) басты шығармалары қоғамдық дамудың келесі проблемаларына, атап айтқанда, оның қалыптасу себептері мен қозғаушы күштері, қоғам дамуының негізгі мазмұны мен бағыттары, прогресс пен регресс, бұқаралық пен тұлғаның тарихтағы рөлі және т.б. арналды. Бүкіл


  1. Кропоткин П.А. Этика. М.: Политиздат, 1997. С. 14.

  2. Кропоткин П.А. Записки революционера. М.: Мысль, 1990. С. 378.

осындай проблемаларды шешуде олар адамдардың мінез-құлқы мен қызметінде индивидуалдық және ұжымдық психологияның негізгі рөл атқаратынын атап көрсетті.
Де-Роберти қоғамдық құбылыстарды теориялық және методологиялық тұрғыдан зерттеуді өзінің «Социология», «Әлеуметтік психика», «Әлеуметтанудың негізгі мәселелерін жаңаша қою», «Философия және оның XX ғасырдағы міндеттері», т.б. еңбектерінде дамытып жазды. Оның теориялық әлеуметтану тақырыбына арналған туындылары әлеуметтік психологиямен және философиямен тығыз байланысып жатты.
Ол өзінің «Психологиялық әлеуметтануында» бүкіл қоғамдық құбылыстардың адамдар әрекетінің нәтижесі екендігін айта келіп, олардың өздеріне тән психологиялық алғышарттары болатынын, ең алдымен адамдардың ықыласы, көңіл-күйі, құмарлығы, ойлауы, еркі және т.б. осыған бағытталатынын жазды. Сөйтіп, қоғамдық құбылыстардың бәрі белгілі бір мөлшерде өзіндік психологиялық құбылыстармен сайма-сай келеді. Сондықтан қоғамдық ғылым ретіндегі әлеуметтану психологиямен тығыз байланысты болуы керек. Осы орайда оның пәні адамдардың әлеуметтік әрекетін анықтайтын психикалық әсер болуы қажет. Де-Роберти адамдардың психикалық әрекетін биологиялық алғышарттардың және адамдардың әлеуметтік әрекеттерінің ықпалы арқылы түсіндірді. Алайда, осы өзара әрекеттегі адамдардың психикалық әрекетін жетекші буын деп есептеді. Әлеуметтанудың негізгі мақсаты - психикалық өзара әрекет заңдарын танып білу, әлеуметтану өзінің қорытындыларын психологиялық әрекеттер мен адамдардың мінез-құлықтары механизмдерін және олардың психикалық өзара әрекет заңдарын түсіну негізінде қалыптастырады, деп тұжырымдады.
Де-Роберти адамдардың психикалық өзара әрекеті жөнінде тұжырым жасағанда индивидуалдық және ұжымдық психиканың маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, ұжымдық психика қайсыбір әлеуметтік топтардың, белгілі бір адамдар бұқарасының және ұлттық қауымдастықтардың ұжымдық таным, сезім, ойлау кейпі көңіл-күйінің жиынтығы болып саналады. Батыс Еуропада ұжымдық психология проблемасын бірнеше ғалым зерттеген еді. Олардың көпшілігі ұжымдық психологияны халықтардың және бұқараның психологиясы ретінде сипаттаса, Де-Роберти адамдардың ұжымдық психикасының әр түрлі әлеуметтік топтар мен жіктердің, соның ішінде отбасының, тайпаның, кастаның, таптың, ұлттың және т.б. мінез-құлқы мен әрекетіне ықпал етуін терең сараптаудан өткізді. Оның пікірі бойынша, әлеуметтану өзінің мазмұны жағынан әлеуметтік психологияға дәл келеді. Де-Роберти адамдардың мінез-құлқынан байқалатын ұжымдық психика олардың моралінде іске асады, адамдардың тіршілік әрекетінің адамгершілік нормалары мен принциптерін анықтайды, сонымен қатар ұжымдық және индивидуалдық психика, олардың психикалық құрылымы адамдардың бүкіл рухани және материалдық мәдениетінен, қоғамның өмір сүруінің негізі болып саналатын экономикалық, саяси және басқа да институттар жүйесінен көрініс табады, деп тұжырымдады.
Н. И. Кареев қоғам дамуындағы психологиялық факторлардың рөлі мен маңызын дәлелдеуге үлкен үлес қосты. Осыған байланысты белгілі ғалым «Философия тарихының негізгі мәселелері», «Тарихи процестің мәні және тарихтағы тұлғаның рөлі», «Тарихи-философиялық және әлеуметтанулық этюдтер», «Әлеуметтанудың жалпы негіздері» деген еңбектер жазды. Әлеуметтанудағы психологиялық бағыттың өзге де өкілдері сияқты қоғамдық құбылыстарды түсіндіруде психологияның өте маңыздылығын атап көрсетіп, қоғамдық құбылыстардың әрдайым психологиялық негізі болатынын дәлелдеді. Қоғамдық құбылыстар адамдар әрекетінің жемісі ретінде қалыптасады да, соның нәтижесінде олардың сезімі, еркі, қайсыбір түсініктері, инстинктері, интуициялары және ойлау кейпі іске асады.
Адамның психологиялық өмірі, Кареевтің пікірінше, оның «психикалық табиғатынан» туындайды. Осы тәуелділік адамдардың әрекетінен және олардың өзара қарым-қатынасынан көрінеді. Психологиялық түсіндіру олардың пайдалы және зиянды мінез-құлықтарын пайымдауды талап етеді, сонымен қатар қоғамдық құбылыстардың «әділетті» және «әділетсізін» айқындайды. Де-Роберти сияқты Н. Кареев адамдардың психологиялық өзара әрекеті олардың қоғамдық дамуының негізінде жатыр деп санайды, өйткені олардың экономикалық, саяси және басқа да өзара әрекеттерін қамтамасыз етеді, соның нәтижесі болып қоғамдық өмірдің бүкіл саласының және оның әлеуметтік институттарының дамуы көрініс табады.
Адамдардың, өзара психикалық әрекетінде олардың индивидуалдық және ұжымдық психикасы ерекше рөл атқарады. Бұл мәселеде Н. Кареевтің көзқарасы да Де-Робертидің тұжырымдамасымен бірдей болды. Белгілі бір психикалық негіз болмайынша, адамдар арасында практикалық қатынастардың да болуы мүмкін емес. Бұл жекелеген адамдар және әлеуметтік топтар арасында пайда болатын экономикалық, саяси, т.б. практикалық қатынастарға қатысты. Осы қатынастардың бәрі адамдардың индивидуалдық және ұжымдық өзара әрекетінен құрылған қатынастар.
Аталмыш ережелердің негізінде Н. И. Кареев қоғам теориясын жасады. Қоғам, оның ұғымында, адамдар арасындағы психологиялық жүйелер мен практикалық өзара әрекеттер ретінде көрініс табады. Осыны ескере отырып, тұлға мен қоғамның өзара қатынастарын пайымдау керек, сонымен қатар қоғамдық өмірдің басқа да проблемаларын, атап айтқанда, еңбек бөлінісін, адам әрекетінің жемістерін, айырбас, таптар күресін, саяси билік жүйесін ой елегінен өткізу керек, қоғамның бұл бөліктері осының тұтастығын құрайды. Осы және басқа да проблемаларды түсіну үшін психологиялық факторлардың адамдардың әрекеті мен мінез-құлқына әсер етуін және қоғам дамуындағы маңызын тереңірек пайымдауымыз керек. Орыстың психологиялық бағытты зерделеп, зерттеген өкілдерінің негізгі тұжырымдамалары осылар. Бұл көзқарастар Ресейде қоғамдық ойдың дамуына үлкен ықпал жасады.
Орыс социологиялық ойының дамуына үлес қосқандардың бірі Максим Максимович Ковалевский (1851-1916) болды. Оның әлеуметтанымдық көзқарасының қалыптасуына Батыс Еуропа социологтарының және орыс ойшылдарының шығармалары зор әсер етті. Ол өзінің «Социология» атты еңбегінде әлеуметтанудың қоғамды зерттейтін ғылым екенін айта келіп, әлеуметтануды екі негізге: қоғамды ұйымдастыру және оның эволюциясы бөлімдеріне бөледі. Конттың қоғам тұтас әлеуметтік организм деп тұжырымдаған және оның даму заңдылықтарының сипаттары жөніндегі ілімдерін қабылдап, қоғамдық. құбылыстардың зандылықтары туралы ілім болмайынша, қоғам жөнінде ғылымның пайда болуы тіптен неғайбыл, деп жазады.
Қоғам дамуының заңдылықтары туралы түсінікті тарихи процестің ілгерілеуі мен әлеуметтік сабақтастық жөніндегі түсінікпен органикалык байланыста қарастырады, себебі адамзаттың білімі, тәжірибесі, мәдениеті бір тарихи дәуірден келесісіне беріледі, дамиды. Қоғамның даму заңдылықтары, тарихи процестің ілгерілеу сипаты және әлеуметтік сабақтастық идеялары М. М. Ковалевскийдің қоғам эволюциясы жөніндегі тұжырымдамасының маңыздысы болып саналады. Бұл концепция бойынша қоғамның бір күйден екінші күйге өтуі бір қалыпты жүреді. Соның нәтижесінде қоғамдық өмірдің жекелеген салалары мен әр түрлі әлеуметтік институттары дамиды.
Қоғам дамуындағы экономикалық, демографиялық, саяси, психологиялық, адамгершілік, діни және т.б. көптеген факторлардың рөлін көрсеткенімен, бұл факторлардың бірде-біреуіне оларды тұрақты түрдегі шешуші алғышарт деп атап, оған жете маңыз берген емес. Әр алуан жағдайларға байланысты оларға әр түрлі рөл береді, осыдан барып, олардың кез келгені алдыңғы орынға шығуы мүмкін. М. Ковалевскийдің плюралистік әлеуметтануының дүниетанымдық және методологиялық мәнісі осында. Өзінің плюрализмі тұрғысынан ой түйіндей отырып, Спенсер, Дюркгейм, Тард сияқты басқа да әлеуметтанушылардың қоғам дамуындағы біржақты факторлар жөніндегі көзқарастарын сынады. Методологиялық тұрғыда маңызды факторлар деген болмайды, олардың әрқайсысы қоғамдағы жағдайға байланысты басты алғышарт рөлін атқара алады, деп жазды.
Әлеуметтанулық плюрализмді басшылыққа алған М. Ковалевский, соның негізінде қоғамдық прогресс теориясын жасады. Бұл теорияны оның әлеуметтануының өзегі деп санайды. Ол, әлеуметтанудың негізгі заңы дегеніміз — прогресс заңы деп тұжырым жасады. Әлеуметтанудың міндеті — прогресті туындатқан қоғамдық және саяси укладтағы өзгерістерді ашу және олардың пайда болу себептерін көрсету, деп санады.
Адамзат қоғамының дамуы заңды және прогрессивті құбылыс екенін дәлелдеумен қатар, М. Ковалевский қоғамда тоқыраудың, бір орында тұралап қалу немесе кері қозғалудың болуын жоққа шығармады. Бұлардың тарихта болатынын мойындады. Қалай дегенмен де, әлеуметтанудың жалпы заңының - прогресс заңының жеңетініне сенді.
Қоғамдық прогресс теориясында барлық халықтардың дамуы қоғамдық сатылаулардан өтеді, бірақ бір мезгілде емес, ол даму деңгейіне байланысты болады. Бұл М.М.Ковалевскийді салыстырмалы-тарихи әдісті қолдануға итермеледі. Осы әдісті тиімді қолдану нәтижесінде ол әлеуметтік құбылыстардың пайда болу себептері мен өзгешеліктерін белгіледі, қоғам дамуының әр кезеңіне сәйкес сипаты жағынан бірдей немесе қосарлана өмір
1. Әрқилы елдердегі сүретін алуан түрлі құбылыстардың болуына көз жеткізді
және дәуірдегі халықтардың дамуын салыстырып, олардың тарихи эволюциясының кейбір жалпы заңдылықтарын табуға болады, деп тұжырым жасады.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы орыс әлеуметтанулық ойының дамуында жария түрдегі марксизм өзіндік орын алды. Бұл теориялық және идеологиялық ағым либералдық буржуазияның ой-санасының көрінісіне айналған еді. Либералдық буржуазия жария марксизм арқылы марксизмнің көптеген идеяларын пайдаланды, әсіресе капитализмнің дамуының тарихи қажеттіліктен туындағанын Маркстің экономикалық теорияларын Ресейде дәлелдеу үшін қолданды. Халықшылдардың идеологиясына қарсы күресте жария марксистер Ресейдегі капиталистік өндіріс тәсілдерінің дамуының осыларға байланыстылығын техникалық, экономикалық және рухани мәдениеттегі өркендеуді объективтік және заңды сипаты арқылы дәлелдеді. Бұлардың бәрін олар прогрессивтік процесс деп қарастырды, ал оны дәлелдеу үшін маркстік тарихи процесс теориясына және маркстік терминологияға әрдайым жүгініп отырды.
Жария марксизмнің көрнекті өкілдері П. Струве (1870-1944), М. Туган-
Барановский (1865-1919), сондай-ақ Н. Бердяев (1874-1948), С. Булгаков (18711944) болды, олардың көзқарастары негізінде кейінірек идеалистік және діни бағыттар дами бастады.
П. Струве «Россиядағы экономикалық даму жөніндегі мәселелерге сын заметкалар» еңбегінде және М. Туган-Барановский «Орыс фабрикасының өткені мен бүгінгісі» шығармасында экономикалық заңдардың объективтік әрекетінің іргелілік сипаты туралы ережені дәлелдеді. Осымен байланысты капитализм дамуының дүние жүзінде, соның ішінде Ресейде сөзсіз жүзеге асатыны баяндалды. Ресейдегі капитализмнің дамуы жөнінде сөз еткенде, нарық бәсеке, өнеркәсіпті техникалық қайта құру, жаңа әлеуметтік топтардың, соның ішінде таптардың, әсіресе буржуазия мен жұмысшы табының қоғамдағы рөлдері әңгімеге арқау болды. Маркстік әдістемелік негізінде аса мол фактілерді қамтыған материалдар талданып, қорытындыланды. Осы қос әлеуметтанушы әрі экономистер сол тұста әлеуметтанудағы субъективтік әдіске қарсы шығып, «объективтік ғылымды» қолдады.

1 Медушевский А.Н. История русской социологии. М.: Высшая школа, 1993. С. 147-148.
П. Струве мен М. Туган-Барановскийдің бұдан кейінгі еңбектерінде капитализмді ақтау бағыты анық көрінді. Олар бұған дейін өздерінің қолдап келген марксизмнің капитализмнен социализмге өтудің сөзсіздігі туралы ережесінен бас тартты. Ғылыми көзқарастардың ұлы және бай мазмұнды жүйесі марксизм деген байламынан ат тондарын ала қашты. Керісінше енді олар марксизмге, соның ішінде оның тарихты материалистік тұрғыдан түсіну іліміне және экономикалық теориясына сын көзбен қарайтын болды.
Олар философиялық-социологиялық көзқарастарын идеалистік тұжырымдамалардың көмегімен дәлелдеуге бағыт ұстанды. Сол кездегі жаңа қантшылдықтың адам өмірінің негізін қалаушы тарихтан бұрынғы рухани құндылықтар, ең алдымен моральдық мұралар деген пікірін мойындаған П.Струве мен М.Туган-Барановский қоғамдық прогресс толығымен адамзаттың мәдени құндылықтарының дамуымен анықталатынына сендірді.
Маркстің «экономикалық материализмін», әсіресе оның қоғам дамуындағы өндіріс тәсілінің шешуші рөлі туралы ілімін және адамдардың өндіріс қатынастарының, олардың өндіргіш күштерінің даму сипаты мен деңгейіне сәйкес келу жөніндегі заңын теріске шығарып, жария марксшілдер таптар күресі мен әлеуметтік революция туралы ілімдерін «лақтырып» тастады. Олар капитализмді бірте-бірте жетілдіретін эволюциялық көзқарасты қолданды. Капитализмнің дамуынан әлеуметтік қайта құрудың үздіксіз процесін көрді. Дамудың басқа жолдарын олар көргісі де келмеді. Сондықтан жария марксшілдер капитализмнің доктринерлары атанды.
Струве таптар мен саяси партиялардың өзара қатынастары проблемасын буржуазиялык эволюционизм тұрғысынан қарастырды. Олардың арасындағы қарама-қайшылықты шешудің әмбебап формасына компромисті жатқызды. Демократияның дамуы, - деп жазды ол, - компромистің жоғары мектебі болады. Конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бірден-бір лидері бола отырып, Струве бұл партияны «таптығы жоқ» партия ретінде сипаттады. Бұл жерде ол таптарды және таптар мүддесін жоққа шығармайды, партияның бағдарламасында, керісінше, оның қызметінде жалпы ұлттық және жалпы адамзаттық мүдделерге басымырақ орын береді. Ол буржуазиялық мемлекеттің қызметіне ерекше маңыздылықпен қарады. Оның пікірінше, бұл мемлекет экономикалық және саяси өмірін дұрыс жөнге қоюға және әлеуметтік шиеленістерді шешуге қабілетті.
М.И. Туган-Барановский де социализм теориясы бойынша капиталистік өндірістің және әлеуметтік-саяси қатынастардың дамуына арналған бірнеше келелі еңбектер жазды. Оның «Қазіргі социализм өзінің тарихи дамуында», «Жаңа дүниені іздеуде», «Социализм жалпы ілім ретінде» және т.б. шығармаларында әр түрлі социалистік және коммунистік ілімдерге терең сараптау жасалып, олар топтастырыла берілді. «Мемлекеттік социализм» (Сен-Симон), «Синдикалды социализм» (Луи Блан, Лассаль), «Коммуникалдық» немесе «кооперативтік» социализм (Оуэн, Фурье), «Анархиялык социализм» (Прудон, Кропоткин) ілімдерін зерттеп, ТуганБарановский олардың ең құнды сипаттарын ашады, солардың негізінде құрылатын қоғамдық құрылыстың жағымды және ұнамсыз жақтары туралы терең ой-пікірлер айтты. Ол мемлекеттік және коммуналды социализм туралы ілімдегі тұлғанын әрекетіне артық реттеушілік орнату мен оның еркіне шек қоюшылықты теріске шығара отырып, бұл ілімдегі: жекеше және топтық (кооперативтік) кәсіпкерлік; ірі және ұсақ өндірісті біріктіру; мемлекеттің шектен тыс қамқорлығынан өндірісті босату; еңбек ассоциацияларында, қауымдастықтарында, фалангаларында қоғамдық өзін-өзі басқару; «әркімнің қабілетіне қарай және әр қабілеттің еңбегіне қарай» өнімді бөлу сияқты жағымды идеяларына ерекше тоқталды.
Өзінің көптеген шығармаларында ол капиталистік құрылысқа объективті талдау жасауға тырысып бақты. Туган-Барановский адамды адамның капиталистік қанауына қарсы шықты. Өйткені мұндай қанау адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті қалыптастырып, нығайтады және мүдделер қайшылықтарын күшейтеді. Ол қанауды тек экономикалық кұбылыс, басқа адамдардың еңбегін қанау ғана деп қарамады. Тұлғаны әркімнің пайдалануы оның мүддесіне нұқсан келтіреді деп санады. Сонымен бірге ТуганБарановский капитализмнің даму мүмкіндігінің аса зор екендігін айта келіп, ондағы өндіріс құралдарына жеке меншіктілік, еркін кәсіпкерлік және орынды бәсекелестік адамдарды өндіріс техникасы мен технологиясын жаңалауға және оны ұйымдастыруды жетілдіруге талаптандыратынын айтты. Бұл капиталистік өндірістің экономикалық тиімділігін арттыруға апарады да, қоғамның көптеген мүшелерінің, сонымен бірге еңбекші таптардың материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігін ұлғайтады. Бұлардың бәрі әлеуметтік топтардың экономикалық және әлеуметтік мүдделерін сәйкестендіру негізінде қоғамдағы әлеуметтік топтардың арасында үйлесімді қатынастарды орнатуға ықпал етеді. Түптеп келгенде, Туган-Барановский капиталистік қоғамның жан-жақты дамуы мен жетілдірілуін қолдап, соның негізінде адамдар өміріндегі бүкіл әлеуметтік және саяси проблемаларды шешуді ұсынады.
Осы көзқарастарын дәлелдей келіп, ол марксизмнің көптеген ережелерін сынға алды. Ең алдымен қоғам өмірінде материалдық өндірістің шешуші рөл атқаратындығы туралы ережеге өзінің келіспейтінін білдірді. Шындығында бастапқы кезде шаруашылық қоғам өміріне үстемдік етті, бірақ қоғам өмірі келекеле басқа да факторларға, әсіресе, ғылымға тәуелді болып қалды. Бұдан мынандай қорытынды жасайды: тарих барысында шаруашылықтың әлеуметтік басымдығы құлдырайды, алдыңғы орынға ғылым мен рухани мәдениет шығады.
Адамдардың барлық мұқтаждықтары және мүдделерінің мән-мазмұнын кең көлемде түсіндірмекші болған таптық күрес ілімін теріске шығарды. Оның түсінігінде таптар бұл тек экономика саласында қолданылатын ұғым ғана. Бұл ұғым - экономикалық мүдделері арқылы ортақтасқан адамдардың топтарын білдіреді, қоғамдық өмірдің басқа салаларындағы, әсіресе ғылым, мәдениет, рухани өмірдегі процестерді түсіндіруге жарамайды.
Туган-Барановский Маркстің жұмысшы табының қайыршылануы тенденциясы туралы тұжырымдамасына өзінің келіспейтінін білдірген болатын. Ол нақты фактілерге сүйене отырып, алдыңғы қатарлы капиталистік елдердегі жұмысшы табының өмір деңгейлері барған сайын артып келе жатқанын дәлелдеді. Еңбек өнімділігінің артуы жұмысшылардың әл-ауқатының өсуіне апаратынын жазды.
Туган-Барановскийдің ой-пікірлері мен тұжырымдары әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Оның ілімдерінің соншалықты құнды болғандығына орай қолдаушылары әлі де баршылық, және соларды өмірде жүзеге асырмақшы болып жүргендер де жеткілікті.
XIX ғасырдың соңында маркстік бағыт Ресей әлеуметтануында кеңінен тарады. Оның көрнекті өкілдері Георгий Валентинович Плеханов (18561918) және Владимир Ильич Ленин (1870-1924) болды.
Г. В. Плеханов реформаға дейінгі Ресейдің қоғамдық дамуына баға берудегі орыс халықшылдарының субъективтік көзқарастарын сынға алды, марксизмнің тарихты материалистік тұрғыда түсіндіру идеясын дамытты, тұлға мен халық бұқарасының тарихтағы рөлінің арасалмағы туралы мәселені көтерді.
Ол халықшыл-субъективистердің Ресей дамуының өзіндік жолымен жүруі керек, капитализм сырттан таңылған, ол орыстың өзіндік экономикалық құрылысындағы кездейсоқ құбылыс, түбінде регреске соқтырады деген пікірлерін, капитализмнің дамуын тоқтатуды, орыс өмірінің ғасырлар бойы қалыптасқан бастауларын капитализмнің қиратуына жол бермеуге шақырған көзқарастарын сынады. Г. В. Плеханов Батыс пен Ресейде капитализмнің пайда болу жағдайларын және тарихи рөлін салыстырды, әр түрлі елдерде капитализм дамуының алғышарттарын анықтап, одан Ресейді Батыс елдеріне қарсы қоюдың қате екендігі туралы қорытынды шығарды. Ол капиталистік қатынастардың қалада да, деревняда да өзіне жол салып, қалыптасуда екенін дәлелдеді.
Г. Плеханов маркстік детерминизмді табанды қорғай отырып, тарихтағы волюнтаризмге қарсы шықты. Ол адамзат қоғамының тарихын қажетті заңды процесс ретінде және адамдардың қызметінің жемісі ретінде қарастырды. Ол қоғамдық өмірдің объективтік және субъективтік жақтарының арасында өзара тығыз байланыс бар, деп есептеді. Ол Лавров, Ткачев, Михайловскийдің әлеуметтанулық теорияларын және т.б. тарих-тағы «геройлардың» рөлі туралы мәселені барынша сынады. Плехановтың пікірі бойынша, тарихи дамуда шешуші рөлді жеке адам емес, керісінше, бұқара халық «ойнайды». Бірақ ол тұлғаның тарихтағы рөлін біржола жоққа шығарудан алыс тұрды. Бұқара халықпен байланысқан, оның мұң-мұқтажын қолдайтын көрнекті тұлға белгілі бір тарихи жағдайда үлкен қоғамдық рөл атқарады және өзінің прогрессивті қызметімен қоғамдық қозғалысты жеделдетеді, көрнекті тұлғаның қоғамдық қызметінің маңыздығы оның қоғамның даму жағдайын дұрыс түсіне білуіне байланысты, бірақ бірде-бір ұлы адам қоғамға күні өткен өндіріс қатынастарын таңа алмайды, — деп қорытады ол. Г. Плеханов идеалистік тұлғаның жеке басқа табынуын қатты сынады. Әлеуметтанушы ретіндегі оның аса көлемді еңбегі осы еді.
В. И. Ленин де ертеректе жазған еңбектерінде халықшылдардың әлеуметтанулық көзқарастарына қарсы шықты. Буржуазиялық және халықшыл-әлеуметтанушылармен пікір таластыра отырып, маркстік қоғамдык формация жөніндегі ережені дамытты. Бұл ереже бойынша қоғам белгілі бір тарихи даму сатысында өмір сүріп, дамитын тірі организм. Плехановтан кейін Ленин де тұлғаның тарихтағы рөлі жөніндегі субъективтік методологияның әлсіздігін көрсетеді. Плеханов халықшыл-әлеуметтанушылармен пікірталас, тартыстарда негізінен тұлғаның тарихтағы рөлі туралы мәселені алға тартса, Ленин таптардың, бұқара халықтың рөліне баса көніл аударды. Ол өзіне дейінгі әлеуметтанушылардың бұқара халықтың тарихтағы рөлін жете түсінбеуі олардың басты кемшілігі, деп санады.
В. И. Ленин: «... мен шын қоғамдық қатынастарды және олардың шын дамуын зерттей келіп, нақ сол жігерлі адамдардың істерінің нәтижесін
1, - деп атап көрсетті. зерттеймін»
В. И. Ленин өз еңбектерінде маркстік әлеуметтанудың басты ұстанымдарын тұжырымдап берді: нақты жағдайға нақты сараптама жасау; әлеуметтік құбылыстарды жан-жақты қарастыру; зерттеу объектісінде жанама және барлық, байланыстарды есепке алу; зерттелетін байланыстардағы ең бастысын, жетекшісін бөліп алу; дамудың козғаушы күштері мен тенденцияларын түсіндіру үшін қоғамдық процестердің терең механизмдерін тану. Қоғамдық қозғалыстың бұқаралық үрдісін зерттей келіп, В. И. Ленин, Маркстің тарихи іс-әрекеттің негізділігінін шарты - бұқараның көлемінің өсуінде деген ойын жалғастыра отырып, өзінің еңбектерінде адамдардың тарихи шығармашылығының кеңеюі мен тереңдеуіне орай саналы тарихи қайраткер болып табылатын бұқара 2 деген мәнді түсініктемесін жазды. халықтың мөлшері де артуы тиіс
В. И. Лениннің қызметінде теория мен саясат тығыз ұштасып жатты, сондықтан оның еңбектері Ресейдегі ұлттық қатынастарға, саяси партиялардың, қызметтеріне, мемлекеттік ұйымдардың жұмысына, жұмысшы қозғалысының формаларына және т.б. қатысты бай материалдар мен қорытындылардан тұрады.
Марксизмнің теоретигі және практигі ретінде ол таза әлеуметтанулық мазмұндағы еңбек қалдырмады. Бірақ оның көптеген еңбектері және сөйлеген сөздері мазмұны жағынан әлеуметтану мәселелерімен байланысқан және Ресей тарихының жаңа кезеңіндегі әлеуметтанудың пәні мен міндеттерін түсіндіруде үлкен қызығушылық тудырады. В. И. Лениннің еңбектерінде фабрика-заводтардың статистикалық материалдарына, жаппай халық санағының қорытындысына,

1 Ленин В.И. Шығ. толық жинағы. 1-т. Алматы: Қазақстан, 1973. 452-б. 2 Сонда. 427-б.
басқа да әр түрлі құбылыстардың нақты сараптамаларының нәтижелеріне зор көңіл бөлінеді. Бұл материалдарды ол өзінің монографияларында, мақалаларында, баяндамаларында қолданды, олар қайсыбір процестердің берілген бағалардың, болжамдардың
1.
бағыттарын анықтау, қорытындылау үшін түйінді қызмет атқарды
В.И.Ленин еңбектерінде төңкеріске дейінгі Ресей қоғамының әлеуметтік құрылымы; нарық және қоғамдық еңбек бөлінісі; биліктің әлеуметтік құрылымы (оның саяси және экономикалық мәселелері, ішкі құрылымы); дәуір ұғымы; бұқараның революциялық үрдістегі рөлі; әлеуметтік динамика мәселелері, әлеуметтік білім деңгейлері және т.б. мәселелері әлеуметтанулық білімнің көріністері ретінде қарастырылды. Қоғамды зерттегенде оны мәңгі қозғалыстағы, үздіксіз дамудағы тұтас түзілім ретінде қарастырып, қоғамның жекелеген элементтеріне өз бетінше еркін комбинация жасауға жол бермеу керек екенін атап көрсетеді.
В. И. Ленинді әлеуметтік көрегендік сипат ерекшелейді. Өзі өмір сүрген тұстағы Ресейдің күрделі әлеуметтік-экономикалық үрдістеріне (әсіресе оның ішкі рыногына) сараптама жасай отырып, оларды бүкіл жүйені құрайтын байланыстар ретінде (техника, жұртшылық, тұрмыс, отбасы, халықтың жекелеген жіктерінің әлеуметтік жағдайы, олардың саяси рөлі) өмір сүру тұрғысынан қарастырады немесе жүйенің өзін-өзі реттеушілік мүмкіндігі тұрғысынан зерделейді. Оның әлеуметтану жөніндегі түсінігі позитивистердің әлеуметтануды «таптан жоғары» тұрған ғылым деп түсіндіруіне толығымен қарама-қайшы еді. Осы орайда: «материализм өз мағынасына, былайша айтқанда, партиялықты енгізді, оқиғаға қандай да болса баға бергенде белгілі бір қоғамдық топтың көзқарасын тікелей әрі ашық жақтауды міндеттейді»2 - деп жазды.
Ресейде ғасырлар тоғысында үстемдік еткен әлеуметтануды түсіндіруді ол консервативтік деп есептеді, сондықтан бұл ғылымның өзіне сенімсіздікпен қарады. Ол орыстың ірі әлеуметтанушылары М. М.Ковалевский, П.Н. Милюков және басқалары жасаған қорытындылар Ресей ақиқатында болып жаткан маңызды өзгерістерді көрсете алмайды деп есептеді. В. И. Ленин батыс әлеуметтанушылары О. Конт, Г. Спенсер, М. Вебердің де көзқарастарын қабылдамады, ең алдымен әлеуметтік танымның құндылығын жоққа шығарғаны үшін, ғылыми ұсыныстар негізінде қоғамдық процестерді реттеудің құралы ретінде ұтымдылықты сциентистік тұрғыда түсіндіруді мойындамады. В. И. Ленин үшін қоғамның ұтымдылығы деген, ең алдымен бұқараның өз қызметінің нәтижесі. Ол әлеуметтанудың абстрактілі схемалар жиынтығына

1 Кукушкина Е.И. Русская социология XIX - начала ХХ века. М.: Изд-во МГУ, 1993. С. 64. 2 Ленин В.И. Шығ. толық жинағы. 1-т. Алматы; Қазақстан, 1973. 443-444 б.
айналдырылуына қарсы болды; рухани өмірдің күрделі құбылыстарын сараптауда қауіпті жалаң сөздерден сақтандырды.
Әлеуметтану зерттеулеріне ол өзінің қоятын талаптарын «Статистика және әлеуметтану» деген мақаласында баяндады. Қоғам туралы ғылымда ойша жорытушылыққа, дерексіздікке жол бермеудің қажеттілігін атап көрсетті: «дәлме-дәл және талассыз фактілерден туатын негізді - оған сүйенуге болатын, біздің заманымызда кейбір елдерде шектен асқан қиянатпен қолданылып жүрген, «жалпы» немесе «шамамен алынған» пайымдаулардың кез келгенін онымен салыстыруға болатын негізді белгілеуге тырысу керек»4.
XIX ғасырдағы Ресей әлеуметтануындағы тұжырымдамалар мен көзқарастарды XX ғасыр әлеуметтанушылары одан әрі сабақтастықпен байытуы керек еді. Алайда, бұл елде болған Қазан төңкерісі әлеуметтік ойдың дамуына түбегейлі өзгерістер жасады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет