Этнос, этникалық қауымдастық (грек - тайпа, халық) - бір халықты екіншісінен ажыратуға мүмкіндік беретін ортақ белгілері бар қауымдастық.
"Этнос" ұғымы әлі күнге бірыңғай түсіндірілмейді. Кең мағынада, "этнос" ұғымын көпшілік зерттеушілер барлық дәрежедегі этникалық жүйелер жиынтығы ретінде түсіндіру қалыптасқан (тайпа, халық, ұлт және т.б.). Алайда, кейбіреулер (Л. Н. Гумилевтан кейін) оны негізгі жүйе ретінде қарастырады (субэтностар, суперэтностармен қатар және т.б.).
Этникалық топ - кең мағынада, нақтылы этникаға негізделген адамдар тобы, яғни, әрбір жеке адам туғаннан иемденетін әлеуметтік және мәдени бірегейлік. "Этникалық топ" ұғымы 1950-1960-шы жж. пайда болды. Ол "тайпа" ұғымының орнын басты.
Қазіргі кезде "этникалық топ" ұғымы қоғамдық ғылымдарда екі негізгі мәнге ие:
Біріншісі, этникалық топқа барлық осы этносты құрайтын адамдар тобын жатқызу.
Екіншісі, этиникалық топ пен ұлтты қарсы қою.
Соңғысында ұлт пен этникалық топ арасындағы айырмашылық бірнеше факторлармен байланыстырылады:
Біріншіден, ұлттық дербестікке немесе ұлттық мемлекеттілікке үмтылатын ұлттың саяси бағдарламасына негізделген ұлтшылдыққа ие. Ал, этникалық топтың ондай бағдарламасы жоқ;
Екіншіден, ұлтшылдық ұлтқа өз мүдделерін жалпыұлттық деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы этникалық белгілер этникалық топқа әлеуметтік мәдени ұйысу береді, бірақ олардың кейде өзге топтардың немесе өз этникалық тобының мүдделеріне қайшы келетін өз мүдделерін көрсетуіне тыйым сала алмайды;
Үшіншіден, ұлт жағдайында этникалық топтың этникалық шекарасы саяси шекарамен, ақыр соңында ұлттық мемлекеттің географиялық шекарасы белгіленеді;
Төртіншіден, ұлттық этникалықты жасау осы ұлттың ұлтшылдығымен, ұлттық мемлекеттің институттарымен бақыланады;
Бесіншіден, ұлттың этникалығы этникалық құрамдас бөліктері арқылы да, азаматтық арқылы да анықталуы мүмкін.