Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы үлгілі кітапхана
Елі сүйген, елін сүйген Елбасы!
/Әдеби-музыкалық кештің сценарийі/
Дайындаған: Жұмасейітова Г.
Атасу 2013ж.
Мақсаты: Елбасының өмір жолы, ерекше қадір – қасиеті, тұлғалық тұғыры, ерен еңбегі туралы түсінік беру, Елбасының өмірі мен еңбегін үлгі тұту, елжандылыққа, отансүйгіштікке, азаматтыққа баулу; ел болашағын ойлайтын, халқы үшін қызмет ететін, ұлттық сана - сезімі жоғары, саяси – құқықтық мәдениеті қалыптасқан тұлға тәрбиелеу; көпшілік ортада еркін сөйлеу, өз ойларын ашық айта алу дағдысын, болашаққа деген оң көзқарасын қалыптастыру.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, Елбасы кітаптары, кітап көрмесі.
Қазақстан – егеменді ел, тәуелсіз ел,
Болашаққа нық басып буынған бел.
Көкке өрлеген, байрақты желбіретіп
Қуаныш пен шаттыққа қадам басты ел.
Шартарапта шаттығыңдай азат күн,
Ғасыр сүйіп тұрғандайын ғажап күн!
Көк байрағы, Елтаңбасы, бірлігі,
Шалқи берсін Әнұраны қазақтың!
(Әнұран орындалады)
1 – жүргізуші: Құрметті қонақтар мен оқушылар бүгінгі Елбасына арналған «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты әдеби музыкалық кешке қош келдіңіздер!
2 – жүргізуші: Тұңғыш Президент күні Құтты болсын!
1 – жүргізуші: Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз! Ата – бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт аңсап өткен киелі сөз! Осы тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтарымыз қаншама?! Олар елдің қамы, жердің қамы үшін қан төгіп, ақыр соңында солар төккен қызыл қанның арқасында «Тәуелсіздік» атты бақытты қолымызға қондыра білдік, осы киелі сөздің мағынасын ұғына білдік. Сондай оқиғаның соңғысы – «Желтоқсан оқиғасы». «Елім, жерім» деп қыршынынан қиылып, құрбан болған боздақтарымыздың есімдері сан ғасырлық тарихы бар еліміздің тарихынан, санасынан ұмытылмақ емес. Міне осындай ұлтжанды, батыр азаматтарымыздың арқасында 22 жылдан бері тәуелсіз, бейбіт елміз.
2 – жүргізуші: Тәуелсіз ел болған соң сол елдің тізгінін ұстар, болашаққа бастар басшысы болуы керек. Біздің бүгінгі шарамыз елдің елдігін, халқының қамын ойлаған еліміздің алғашқы президенті, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады.
1 – жүргізуші: Президент күні – әлемде бар мереке. Мәселен, АҚШ – та ақпан айының әрбір үшінші дүйсенбісі «Президенттер күні» ретінде тойланады. Бұл күн АҚШ – тың алғашқы президенті Джордж Вашингтонның туған күніне орайластырылған. Исландияда 14 – мамыр Президент күні болып саналады. Бұл күн Исландияның Президенті Олавур Рагнар Гримссон туған. Сол күні Исландияда мемлекеттік ту көтеріледі. 2011жылы Қазақстан Республикасы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «1 – желтоқсан – Қазақстан Республикасы бірінші Президент күні» болып мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.
2 – жүргізуші: Жанашырлық, қолдау бар жерде әрқашан жеңіс бар. Қазақстанның ЭКСПО – 2017 көрмесін жеңіп алуы Назарбаевтың зор еңбегі дер едім мен. Ал Астана – Қазақстан Президентінің жобасы. Президенттің қолдауы жақсы. Қазақстан Президенті болған жерде жеңіс те қатар жүреді.
1 – жүргізуші: Бүгінгі шарамызға кіріспес бұрын тәуелсіз еліміздің 22 жыл ішінде жүріп өткен шежірелі жылдарын бәріміз еске түсіріп, бір тоқталып өтейік.
2 – жүргізуші: 1991 жыл 1 – желтоқсан. Тұңғыш Республика президентіне жалпыхалықтық сайлау болды. Қазақ КСР – нің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
1 – жүргізуші: 1991 жыл 16 – желтоқсан. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл күн тәуелсіздік күні болып белгіленді.
2 – жүргізуші: 1992 жыл 3 – наурыз. Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болып қабылданды.
1 – жүргізуші: 1992 жыл 4 – маусым. Мемлекеттік рәміздер туралы заң қабылданды.
2 – жүргізуші: 1993 жыл 15 – қараша. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңге айналымға енді.
1 – жүргізуші: 1995 жыл 30 – тамыз. Қазақстан Республикасының Ата заңы қабылданды.
2 – жүргізуші: 1998 жыл 6 – мамыр. Ақмола қаласының атауы Астана болып жарияланды.
1 – жүргізуші: 1998 жыл 10 – маусым. Астананың тұсаукесері болды.
2 – жүргізуші: 2006 жыл 7 – қаңтар. «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік Әнұран ретінде қабылданды.
2 – жүргізуші: Осылайша еліміз 1991 жылы 16 – желтоқсанда тәуелсіздік алды. Тәуелсіз ел болғанымызға биыл 22 жыл толып отыр.
1 – жүргізуші: Елбасымыздың өмірі мен еңбек жолына арналған слайдпен таныстырамыз.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 1 – беті «Ғибратқа толы ғұмыр» айдары. Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 – шілдеде Алматы облысының Қаскелең ауданына қарасты Шамалған ауылында Әбіш пен Әлжанның отбасында дүниеге келген. 1960 жылы Днепродзержинск техникалық училищесін, 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинатына қарасты техникалық оқу орнын, 1976 жылы Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық комитетіне қарасты Жоғарға партия мектебін бітірген. Еңбек жолын 1960 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында қатардағы жұмысшы болып бастап, домна пешінің аға газдаушылығына дейінгі жолдан өтті. 1995 жылы сәуірдің 29 – ында жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 2005 жылы желтоқсанның 4 – інде сайлаушылардың 91,5% дауысын алып Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
Енді, Мәдениет үйінің әншісі Қамиев Қасиеттің орындауында Қапиездің әні «Дүние - ай» әнін қабыл алыңыздар.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 2 – беті «Халқының бағына туған бала» Әбіш пен Әлжан отау құрғандарына бес жыл толса да нәресте үнін ести алмай жүреді. Бір күні анасы Мырзабала «Сендер киелі Назарбайдың ұрпағысыңдар Әруақтар сендерден бірдеңе дәметіп жүрген болар. Райымбек бабаның басына барып түнеп зиярат етіп қайтыңдар!» деп жібереді. Әулиенің басына барғасын екеуі ұйықтамай бала тілемекші болады. Бірақ қалғып кетеді. Сол кезде Әлжан анаға әруақ дауысы естіледі. «Оян, қарағым, қолыңды жай, шын ниетіңмен келген екенсің, батамды берейін! Жаратқан ием сендерге екі ұл береді, бірақ есімдерін ұқсатып қоймаңдар!» деп ақ сақалды, желбірегенқудай ақ шашты қарияға айналып ғайып болады. Көрген түсін шырақшыға жорытады. Шырақшы: Жасаған ием жарылқады, сендерге аян берген Баба Түкті Шашты Әзиздің өзі. Екі ұл сүйесіңдер. Алла тілеулеріңді береді! – деп жақсыға жориды. Ауылына келгесін Әлжан ана тағы түс көреді. Түсінде үлкен теңіз көреді. Буырқанып, дөңбекшіп жатқан теңізді бірінші көруі. Түсуге жүрексінеді, бірақ бір күш суға қарай сүйрей жөнеледі. Жүрегі өрекпіп суға түседі. Суға түскен соң су тізесінен келеді, белінен келеді, мойнынан келеді. Бір кезде көрінбей кетеді. «Тұншығамын - ау» деп қорқады. Бір ғажабы еркін тыныстап келеді. Аяғы теңіз түбіне бір тиіп, бір тимей келе жатып су түбінен мылтық тауып алады. Кәдімгі аңшының ұзын мылтығы. «Жақсы болды ғой, Әбішке апарып беріп қуантайын» деп мылтықты иығына асынып алады. Мылтықтың екі ұшы мен дүмі иіліп жерге тиеді, сонда да Әлжан ана мылтықты тастамай, аршындай басып теңіздің екінші жағына шыға келді. Түсін туысқандарына жорытқанда «Түсін жақсы екен. Құдай сендерге ұл береді!» дейді. Көп ұзамай Әлжан ана жүкті болады. Сөйтіп Алматы облысы Қаскелең ауданында Шамалған ауылында 1940 жылы 6 – шілдеде болашақ елбасы дүниеге келеді. Ал енді осы оқиғаға байланысты Сұлтан мен Әлжан ана шағын көрінісімізді тамашалаңыздар.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 3 – бетіне назар аударайық. «Отбасым – алтын діңгегім». Әбіштің отбасында Сұлтаннан кейін Айсұлтан атты бала дүниеге келеді. Ол бала кішкене кезінде шетінеп кетеді де, одан кейін Сатыбалды дүниеге келеді. Балалары тұрмағасын ырымдап кіндік шешесіне қырқынан шыққанша еміздіріп, сатып алған есеппен Әбіш пен Әлжан ақша төлеп өздері алады. Сол себепті есімін ырымдап «Сатыбалды» деп қояды. Одан кейінгі бауырлары – Болат пен Әлипа.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 4 – беті. «Қамқор әке, мейірімді ата» Елбасының жары Сара Алпысқызы- «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы. «Өзіңді өзің таны»атты балаларға рухани – адамгершілік білім беру және тәрбие беру идеясының авторы. Бүгінгі таңда - 3 қыз, 7 немере, 2 шөбере сүйіп отырған қамқор әке, мейірімді ата.
Осыған орай Мәдениет үйінің әншісі Қамиев Қасиеттің орындауында Манарбек Ержановтың әні «Паравоз» әнін қабыл алыңыздар.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 5 – беті. «Металлургтен басталған еңбек жолы». Елбасы еңбек жолы 1960 жылы Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында қатардағы жұмысшы болып бастайды. Әке – шешесі мұндай ауыр жұмыс істеуіне қарсы болды. Әкесі барып балқыған темірдің маңындағы баласын көріп, еліне қайтармақ болады. Бірақ 20 жастағы жас жігіт табандылығының, еңбекқорлығының арқасында жұмысын жалғастырып, домна пешінің аға газдаушылығына дейінгі жолдан өтті. Осылайша еліміздің басшысы металлург болып еңбек жолын бастаған еді.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 6 – беті «Халқының сайлап алған қалаулысы». 1991 жылы желтоқсанның 1 – інде Қазақстан Республикасы Президенті үшін жалпыхалықтық сайлау өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетті. Бүгінде еліміздің тұңғыш президенті, халқының сайлап алған қалаулысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елімізді басқарғанына 22 жыл толып отыр. Бүгінгі күні «1 желтоқсан – Елбасы күні» мерекесі болып саналады.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 7 – беті. «Кемеңгер көшбасышымен татулық кемесінде». Еліміз тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктеріміз бен көрген жақсылығымыз, еліміздің қуаттануы мен гүлденуі Елбасының еңбегі мен сарабдал саясатының арқасы деп білеміз. Елбасы еліміздің өркендеп, өзге елдермен тереземіздің тең болып, иық тіресе биікке қарай өрлеуімізді кемеңгерлікпен ұйымдастыра білді. Ол бүгінде 130 – дан астам ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жиып, татулық пен бірліктің тізгінін ұстаған кемеңгер көшбасшы.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 8–беті. «Елбасы – халықаралық наградалар мен құрметті атақтарға ие тұлға». Біздің Елбасы – Экономика ғылымының докторы, Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдыр академиясының академигі, Әбунасыр әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Қазақстан қарулы күштерінің бас қолбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасы.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 9 – беті. «Елбасы жолдауын тыңдау – басты міндетіміз». Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын халыққа жолдау арнайды. Жолдау дегеніміз – Қазақстан Республикасының әлеуметтік – экономикалық даму деңгейін арттыруға, ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ұзақ және қысқа мерзімді бағдарламалар жобасы. 1997 жылдан 2012 жылға дейін Елбасымыз халыққа 16 жолдау жолдапты. Біз, жас ұрпақ еліміздің болашағы болғандықтан Елбасы жолдауын жауапкершілікпен тыңдап, есімізде сақтауымыз керек. Сонда ғана бізден елін, Отанын қастерлейтін азаматтар шығады. Ю.А.Гагарин атындағы 8 – сынып оқушысы Исмағұл Айгерімнің тақпағын қабыл алыңыздар.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 10 – беті. «Елбасы – жазушы, ақын». Нұрсұлтан Назарбаев – бірқатар ғылыми еңбектердің, ғылыми қоғамдық, саяси тақырыптағы кітаптардың авторы. Демек елбасы – жазушы. Сонымен қатар Әнұранның, «Үшқоңыр», «Сарыарқа», «Елім менің» әндері сөзінің авторы, яғни ақын. «Жан шуағы» атты шағын жыр жинағында Елбасы ең ыстық сезімдерін, перзенттік тілегін халқына былайша жеткізген. Ол туралы бізге Ю.А.Гагарин атындағы 8 – сынып оқушысы Рахимова Анида мәнерлеп, жатқа айтып жеткізеді.
Тәуелсізбін! Бар ма мұң?
Тәләйлі болсын талғамым!
Өркені өссін қазақтың,
Осы – менің арманым.
Күн тұрғанда тұратын,
Жұрты сайран құратын
Қала болсын Астана,
Осы - менің мұратым.
О, Ақорда, Ақ шатыр,
Ұлысыма бақ шатыр
Баянды болсын Азаттық
Осы – менің мақсатым.
Халқым – менің тірегім,
Құрбан жаным, жүрегім
Атымыз озсын бәйгеде,
Осы – менің тілегім.
«Үшқоңыр» әні орындалады.
«Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты кітап көрмемізді осы кітапхананың кітапханашысы Жаншораева Айгерім таныстырып өтеді.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 11 – беті. «Астана – қазағымның бас қаласы». Бүгінде Елбасы десек Астана, Астана десек Елбасы ойымызға оралады. Елбасының бастамасымен астанамыз болып 1998 жылы Астана қаласы бекітілді. Қаланың бүгінгідей көрсе көз тоймайтын сұлу келбеті, әлемді сүйсіндірген керемет көріністері- елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізген жетістігіміз.
Астана – қазағымның бас қаласы,
Арқада бой көтерген жас қаласы
Көшірген Астананы орталыққа,
Елбасы Нұрсұлтанның бастамасы.
Ю.А.Гагарин атындағы 8 – сынып оқушысы Құмархан Салтанат мәнерлеп тақпақ айтады.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 12 – беті. «Елбасы атындағы мұражайға саяхат». Астана қаласында Елбасы атындағы мұражай бар. Онда елбасының жұмысшы болған кеде киген киімдері, оқушы кезінде отырған партасы, ұстаған қаламы, шетел саясаткерлерінің берген сыйлықтары, ел азаматтарының жазған хаттары, қаламгерлердің қолтаңбасы бар кітаптар сақталған.
2 – жүргізуші. Слайдымыздың 13 – бет. «Елбасы атындағы білім ордалары». Білімді бәрінен жоғары қойған Елбасы өз атын білім және ғылыммен байланыстыруды дұрыс санап өз атына университет пен мектептердің ашылуына келісім берді. Нұрсұлтан Назарбаев университеті – нарық сұранысына бағдарланған жаңа оқу орны. Оқуға түсу емтихандары ағылшын тілінде жүргізіледі.
1 – жүргізуші: Слайдымыздың 14 – бет. «Елбасының өзекжарды ойлары». Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қастерлеуіміз, қадірлеуіміз керек. Дана халқымыз қателіктерді түсінеді, оларды кешіре де біледі. Халық кешірмейтін бір – ақ нәрсе бар; ол елдің қолына зарықтырып барып қонған Бақыт құсынан, Тәуелсіздіктен айырылып қалуды кешірмейді.
2 – жүргізуші: Слайдымыздың 15 – бет. «Әлем елдері басшылары мен саясаткерлерінің Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірлері». Ресей Федерациясының президенті В.Путин: «Сіздің Қазақстан халқына Жолдауыңыз – елдің он жылдан астам уақыт аралығына жасалған терең әрі жан – жақты талдау Қазақстан тәжірибесі барынша зейін қоя зерделеуге лайық» деген. Германия канцлері Ангела Меркелль: «Қазақстан бұдан былай да Германия тарапынан болатын қолдауға сенім арта алатын болады» деген. Ю.А.Гагарин атындағы 8 – сынып оқушысы Есенбаев Әлішердің «Нүрекеңе» атты тақпағын қабыл алыңыздар.
1 – жүргізуші:
Тәуелсіздік, тәуелсіздік – жыр – әнім,
Көк Байрағым, Елтаңба, Әнұраным.
Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік
Қолда елімді қасиетті Құраным!
Ғасырлардан жаһұттай жиған қылық
Жасасын тәелсіздік, бейбітшілік.
Ел болып көтерілген шаңыраққа.
Тілейміз бақыттылық, баяндылық!
2- жүргізуші:
Ауыр күнді артымызға тастауы
Қиын сәтте қиындықтан қашпауы
Тілім, дінім, ұлтым қайта көгерген
Елбасымыз Нұрағаның батауы
Туды ұстап тура жолға түсіріп,
Жасотанның өмірінде түсініп
«Елім, жерім» деп ұрандап тайсалмай
Бір керемет жасады-ау кісілік
1-жүргізуші
Аллаға жалғыз сыйынып
Алдында хақтың иіліп
Қолға алдық ізгі бір істі
Намазды қыздар жиылып
Қазақта тұңғыш Елбасы
Пана боп Алла қолдашы!
Тілменен дінді сақтаған
Бар қазақ сіздей болсашы – деп Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық, елі аман, жұрты тыныш болсын, ел басқарған Елбасымыз аман болсын! Еліміздің болашағы, жас ұрпақ, сендердің қолдарында. Сондықтан елдің, халықтың қамын ойлайтын азамат болыңдар дегім келеді. Бүгінгі шарамызды Елбасының мынадай сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе шын жаның ашыса, азаматтық намысын болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет, елдің де жердің де иесі екеніңді ұмытпа» - дей отырып, бүгінгі шарамызды «Елім менің» әнімен аяқтаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |