Әміров Әбдібек Жетпісұлы Қазақ терминологиясы


XIX ғасырдың екінші жартысынан 1990 жылдарға дейінгі кезеңдегі қоғамдық - саяси, мәдени өзгерістердің баспасөз құралдарына тигізген ықпалы



бет2/25
Дата10.03.2023
өлшемі212,85 Kb.
#171684
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
treatise64286

XIX ғасырдың екінші жартысынан 1990 жылдарға дейінгі кезеңдегі қоғамдық - саяси, мәдени өзгерістердің баспасөз құралдарына тигізген ықпалы

XIX ғасырдың екінші жартысы қазақ даласының саяси-экономикалық, мәдени өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Бұл кезде Қазақстан Ресей мемлекетіне толықтай қосылған болатын. Қазақ халқы енді бұрынғы көшпелі тұрмыстан арылып, бірте-бірте отырықшы елге айнала бастайды. Өнеркәсіп орындары ашылып, сауда-саттық та одан әрі ұлғая түсті. Сонымен қатар қазақ жерінде аз да болса білім көздері пайда болды.


Таза қазақ тілінде тұңғыш баспасөз орындары мен кітап шығару ісі де осы кезеңде пайда болды. Қазақ тіліндегі тұңғыш газет 1870 жылы сәуірдің 28 - інде Ташкент қаласында «Түркістан уәлаяты газеті» деген атпен басылып шықты.
Бұл газеттің қазақ тілінде шыққан тұңғыш газет екендігін көрсетіп, оны халыққа жеткізген Ү.Субханбердина болатын: Ол өз еңбегінде «Қазақ төңкерісінен бұрын қазақ тілінде шыққан басылымдар» «Түркістан уәлаяты газетінен басталды» - дейді [6,4].
«Түкістан уәлаяты газетінен» кейін қазақ тілінде шығарылған газет «Дала уәлаяты газеті» болды. Бұл газет Омбы қаласында 1888 жылы 1 қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін шығып тұрған.
Газет екі бөлімнен (ресми және ресми емес) тұрды. Ресми бөлімінде негізінен патша үкіметінің жергілікті әкімдерінің қазақтарға қатысты бұйрық-жарлығы жарияланып отырған болса, ал ресми емес бөлімінде негізінен көтерілген мәселелер: ел басқару жайлы,егіншілікті өркендету немесе отырықшылыққа көшу, сауда хабары, мәдениетке ұмтылу т.б. болды[7, 13-14].
Ұлттық баспасөзіміздің алғашқы қарлығаштары – «Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты газеттерінің» шығуы қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды.
Ұлт тілінде баспасөздің шығуы ең алдымен қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына аса зор ықпал жасады, қазақ тілінде бұрын болмаған қоғамдық-публицистикалық, ғылыми-көпшілік әдебиеттер стильдерінің негізі қаланып, ресми іс-қағаздары стилі одан әрі жетілді. Аударма тәжірибесінің бастапқы қадамы жасалынды [8,56].
Осы аталған газет беттерінен біз терминдердің алғашқы қалыптаса бастаған кезеңін көреміз. Газет беттерінде әр түрлі ғылыми, пиблицистикалык материалдардың көп болуымен байланысты ғылымның белгілі салаларына қатысты терминдік мағынадағы орыс сөздерінің ұғымын халыққа жеткізу қажеттілігі туа бастады. Бұл жағдайда газет редакциясы көбіне оны қазақ ұғымында бұрыннан бар сөздер арқылы түсіндірме жолымен аударып беруге тырысқан [7,93]-дей келе Б.Әбілқасымов алғашқы газеттерде қалыптасқан терминдерді үш топқа бөліп қарастырады.

  1. Жалпы ғылымға, оқу ағартуға байланысты терминдер: ғылым (наука), ағаш су ғылымы (ботаника), тау-тас ғылымы (горное дело), ғұлама (профессор), шәкірт (ученик), мадрис (предподаватель) т.б.

Лингвистикалық терминдер: лұғат (тіл), әуез (дыбыс), хәріф (әріп), әліфби (алфавит), қағда (ереже) т.б.
Заң ісімен байланысты терминдер: суд, жаза (наказание), абақты (тюрма), жазакер, жауапкер (обвиняемый), іс (дело), куә (свидетель), ыхтияр (право) т.б.
Бұл аударма терминдердің кейбірі сәтті балама ретінде тілімізге еніп, қазіргі күнде белсенді түрде қолданылып (іс-дело, куә-свидетель т.б) жүрген болса, ал бірқатар терминдер аударған сөздің мағынасын дәл бере алмай қолданыстан шығып қалғаны байқалады. Бұны заңды деп те қарауға болатын шығар, оның бір себебі ретінде терминдерді аудару мәселесінің енді ғана қолға алына бастағанын, ал ендігі бір себебі ретінде бұл кезде әрбір ғылым саласына қатысты білгір мамандардың да аз болғанын айтар едік.
«Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты газеттерінен» кейін жарық көрген «Қазақ газеті» (1907), «Серке» (1907), «Дала», «Айқап» (1911 - 1915), «Қазақстан» (1911 - 1913), «Қазақ» (1913 - 1918), «Алаш» (1916 - 1917), «Тіршілік» (1917 - 1918), «Ұран» (1917) т.б газет, журналдар қазақтың әдеби тілін, халықтық тілдің кейбір стильдік тармақтарын қалыптастыруда ерекше қызмет атқарғанын айту қажет. Кейінгі кездегі баспасөз беттерінде қолданылып жүрген терминдердің бірқатары ең алғаш осы газет беттерінде қолданыла бастағанын да айта кеткен жөн.
XIX ғасырдың екінші жартысын сөз еткенде Абай, Ыбырай, Шоқан есімдерін атамау мүмкін емес. Өйткені олар өз кезеңінде ұлттық тіліміздің, мәдениетіміздің дамуына барынша өз үлестерін қосқан ұлы тұлғалар.
Абай өз шығармалары арқылы қазақтың поэтикалық тілін бұрын болмаған шыңға көтеріп, бұрын тілде қолданылып жүрген сөздерге жаңа өң беріп, қарапайым сөздерді образды ой берудің материалына айналдыра білсе, Ыбырай алғашқы көркем проза тілін қалыптастырды [9,145].
Жалпы айтқанда бұл кезеңде ұлттық терминология жасала қойды деп айта алмаймыз, тек қана оның жасалуына алғышарттар ғана жасалған болатын.
Термин жасау мен қалыптастыру ісі әсіресе 1920 жылдар аралығындағы баспасөз беттерінде жандана түсті. Бұл жерде неге осы жылдарға дейін болмаған тілдік өзгерістер белең ала бастады? -деген заңды сұрақ туады. Себебі, 1917 жылғы Қазан төңкерісі қазақ жеріне жаңа қоғамдық өзгерістер әкелді, жаңа басқару формасы енді, қазақ тіліне орыс тілі күн санап өз ықпалын тигізе бастады.
Б.Н.Головин “Қазан төңкерісі елдің энономикалық және мәдени-әлеуметтік өмірін өзгертті.Терминологияның дамуына халық шаруашылығын индустрияландыру, мәдени төңкеріс сияқты әлеуметтік жағдайлар әсер етті” -деп көрсетеді [10,27].
Бұл жылдары қазақ халқының ғылымға, мәдениетке қолы жетті. Түрлі мекемелер, өндіріс орындары ашылды, ауыл шаруашылығы жаңа техникамен жабдықталған мәдениетті шаруашылыққа айналды.
Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында елді жаппай сауаттандыру жұмысы қолға алынып, соның негізінде көптеген оқу орындары ашылды, 1920 жылы 26 шілдеде сауатсыздықты жою туралы арнайы қаулы қабылданып, нақты шаралар белгіленді. 1920-21 жылдары Қазақстанда 2412 сауатсыздықты жою орындары ашылып, онда 72232 адам оқыды.
Жыл өткен сайын жұмыс жандана түсті. Егер 1923 жылы 3000 адам сауаттанып 90270 адам оқытатын 1003 пункт ашу көзделсе, 1924-25 оқу жылында мұндай орындардың саны 6677 болған екен [11,78].
Аталмыш жылдары баспа жұмысы да дамыды. Қазақ тілінде шығып тұрған газет, журналдар бұрынғыға қарағанда сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. «Ауыл», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Еңбекші жас», «Кедей», «Кедей сөзі», «Қызыл әскер», «Қызыл Қазақстан», «Қызыл ту», «Жас қайрат», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет», «Шолпан» және т.б. газет, журналдар шығып тұрды.
Қоғамда болып отырған бұл сияқты өзгерістер өзімен бірге көптеген терминдер мен терминдік тіркестер ала келді. Алайда бұл кезеңде термин жасаудың белгілі бір қалыптасқан қағидат бола қойған жоқ еді. Әркім орыс тілі не орыс тілі арқылы келген шет тілі терминдерін мағынасы сай келсін, келмесін өз бетінше аударумен айналысып бақты. Осыдан келіп термин жасау мәселесі төңірегінде ала-құлалықтар пайда болып отырды. Мәселен 1920-30 жылдардағы баспасөз беттерінде бір ұғымды білдіру үшін бірнеше сөздің жарыса қолданылуы кездесіп отырды. Мысалы, председатель – бастық – төраға, жоба – жол – проект, балалар үйі – жетімхана т.б.
Термин саласында осындай жарыспалықтың болуы тіліміздің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіретіні сөзсіз. Бірақ уақыт өте келе тіліміз жарыспа сөздерден арыла бастады, яғни көптеген сөздер мен сөз тіркестері қолданыстан шығып қалып отырды. Дегенмен сол кездері жасалып, кейіннен қолданыстан шығып қалған кейбір терминдердің қазіргі кезде мағынасы қайта жаңғырып отырғаны байқалады. Мәселен, қазіргі кезде белсенді түрде қолданылып жүрген кеңсе, кесене, жарғы, жарлық, кеден, төраға т.б. атаулар 1920-30 жылдар жемісі.
Бұл кездері баспасөз беттерінде жарыспа сөздердің орын алуының өзіндік себептері болған еді. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты еніп жататын жаңа атаулар қай тілде болсын бірден қалыптасып, сіңісіп кете бермейтіні мәлім. Бұған қоса бұл кезеңде жасалған терминдерді сүзгіден өткізіп, белгілі бір жүйеге түсіріп, біріздендіріп отыратын арнаулы терминологиялық комиссияның да болмағаны белгілі жайт.
Ал енді 1920-30 жылдары тіл құрылысы майданында пуристік бағыт болды ма, жоқ па деген мәселеге келер болсақ, бұл жөнінде Ш.Ш.Сарыбаев: «Бұл дәуірде қазақ тілінде пуризм зор әрекет, үлкен бір ағым дәрежесінде болды деп айта аламыз» - дейді [12,16].
Біз де осы пікірді қолдаймыз, себебі бұл жылдары белгілі бір саясат ретінде жүргізілген пуристік ағым болды дей алмаймыз, мұнда тек шет тілі сөздерін сол қалпында қолдана беруге болмайтынын, оларды мүмкіндігінше қазақша аударып қолдануға деген ұмтылыстың орын алғанын байқаймыз.
Егемендігімізді алып, тәуелсіз ел ретінде танылып отырған қазіргі уақытта да дәл осындай құбылыс байқалады. Бұл арадағы айырмашылық авторлардың шет тілінен енген сөздерді сол дәуірдегі жалпы оқушы қауымға түсінікті етіп беру мақсатында түсіндірме жолмен қазақша аударып беруге ұмтылуында болса, ал қазіргі кезде тілімізде шамадан тыс көбейіп кеткен орыс тілі не орыс тілі арқылы енген шет тілі сөздерінен тілімізді тазарту әрекетінің көзделуінде болса керек.
Жалпы осы сөз болып отырған кезеңде қазақ терминологиясын қалыптастыру ісінде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдерин, Н.Төреқұлов, Т.Шонанов, М.Жұмабайұлы және т.б. қазақ зиялыларының, олардың ішінде әсіресе А.Байтұрсынұлының орны ерекше болды деп айтуға болды. Ол 1912 жылы «Оқу құралы» деген атпен қазақша әліппе шығарды. Бұдан кейін «Тіл құрал» деп аталатын оқулық жазды. Бұл оқулық 1914-1916 жылдары жарық көріп, кейін бірнеше дүркін қайта басылған болатын.
А.Байтұрсынұлы 1920 жылы қазақ тілін оқыту әдістемесіне арнап, «Баяншы» дейтін еңбегін, 1928 жылы дұрыс жұмсай білу тәртібіне арнап, «Тіл жұмсар» атты еңбегін жазды. Бұлардың қай-қайсысы болсын осы аталған салаларға байланысты ана тілінде жазылған алғашқы оқулық, оқу құралдары болуымен бірге, «қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық (морфологиялық синтаксистік)» тіліндегі тұңғыш ғылыми жұмыстың басы [13.33].
А.Байтұрсынұлына дейінгі қазақ тілінің құрылысы туралы орыс түркітанушыларының еңбектерінде қазақ тілі ғылыми негізінде алғаш зерттелгенімен, бірақ олар орыс тілінде жазылып, түркі тілдерін зерттеушілерге арналған. Оларды мектепке, қалың көпшілікке арналған оқулық деуге болмайды, оларда қазақша тіл терминдері жасалған жоқ. Сол себепті А.Байтұрсынұлы XX ғасыр басында ана тілінде ұлттық тіл білімінің негізін қалаған қазақтың тұңғыш ғалымы ретінде танылады [14,51].
Оның қазіргі қазақ тілінде бүгінгі күнге дейін қолданылып жүрген дыбыс, дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс, сөз, түбір сөз, туынды сөз, етістік, шылау, одағай, сөйлем, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, жалаң сөйлем, жайылма сөйлем, құрмалас сөйлем т.б. толып жатқан терминдерді жасауы терминология ғылымына қосқан үлкен үлесі болып табылады. Ал ол жасаған осындай терминдердің күні бүгінге дейін өзгеріссіз, тұрақты түрде қолданылып келуінің өзіндік себебі бар және оның ең басты себебі ретінде ол жасаған терминдердің терминологияға қойылатын талаптарға сай жасалғандығын айтар едік.
А.Байтұрсынұлы термин жасау ісінде тіл білімі саласы ғана емес, әдебиеттанудың да көптеген терминдерін, сондай-ақ жалпы мәдениетке, әдістемеге және т.б. ғылым салаларына қатысты терминдерді жасаған.
Зерттеуші Ш.Мәжітаева бұл кезеңде көптеген ғылым салаларының терминдері жасалғанын айта келе, сонымен қатар бұл кезең өте қиын, қайшылықты кезең,-дейді. Өйткені, бір жағынан тіліміз орыс тілімен қатар мемлекеттік мәртебе алды, сондықтан тіл өзінің еркін дамуына бағыт-бағдар алды, екінші жағынан жеке басқа табыну дәуіріндегі халық басына түскен қуғын-сүргін 1920 жылдардың аяғы мен 30 жылдардың бас кезінде басталып, партия белсенділігінің шолақ саясатына сай ана тілімізідің дыбыс үндестігін, таза қалпын сақтап қаламыз деушілерге нақақтан «ұлтшыл», «алаш ордашыл» деген жала жабылып, ана тіліміздің дұрыс дамуына зор кедергі жасады. Тіліміздегі шеттен кірген термин сөздердің шамадан тыс көбеюінен, олардың сол тілдердегі тұрғысын бұзбай алуымыздың салдарынан тіліміздің фонетикалық құрылымы, сингорманизм заңы бұзылды. Тілді өзінің ішкі мүмкіндігімен, заңдылығымен дамыту дегендерге кедергі жасалды [15,10].
Баспасөз беттерінде дұрыс алынбаған не жарыспалы терминдердің қолданылып отыруына немесе үндестік заңының бұзылуына қарамастан бұл кездегі газет, журналдар ұлттық терминологиямыздың негізін салуға белсене қатысты дей аламыз.
1930 жылдардан кейін термин сөздерді нақты принциптерге негіздей отырып қабылдау ісі қолға алына бастады.
Бұл тұрғыда 1935 жылы болған Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің Құрылтайы үлкен рөл атқарды. Құрылтайда профессор Қ.Жұбановтың 11 принциптен тұратын жобасы ұсынылып, негізінен қабылданды.
Осының негізінде бұдан былай қарай термин жасау ісі белгілі бір ғылыми жүйеге, тіл заңдылығына сәйкес қабылданған принциптер негізінде жүргізілетін болды. Яғни термин жасаудың ортақ принципі түзіліп, оның басқа мәселелері шешім тапты [16,60].
Бұл ұсынылған принциптердің кейбірі қазақ терминологиясының қазіргі даму тұрғысынан қарағанда сын көтере қоймаймайды, алайда терминжасам үдерісінде сол кез үшін жаңа бағыт болған еді.
Қ.Жұбанов жасаған принциптердің негізгі идеясы мынандай екі басты бағытқа негізделген болатын. Оның бірі – халықаралық сипаттағы сөздерді қазақшаға аудармай, яғни сол қалпында қолдану болса, екіншісі – қазақ тілінің өз ішкі мүмкіншілігін дұрыс пайдалану болып табылады. Ол термин жасау үдерісінде осы екі принциптің қатаң сақталуын талап етеді.
Ғалым терминология мәселесінің ғылыми проблемаларын қарастырумен бірге термин жасау ісімен де шұғылданған. Оның дара етістік, қаратпа, қыстырма, кіріккен сөз, кіріккен түбір, сөз бен ой, жетек сөз, жетекші сөз, түп мүше, тұйықша, сүйеншек, есімше, қосар сөз, қосалқы сөз, қиюлы сөз, жалғауыш сияқты лингвистикалық терминдерді жасауы сөзіміздің дәлелі.
Қ.Жұбанов термин жасауда олардың мағынаға сай келуіне, әрі жүйелі болуына айрықша мән береді. Сонымен қатар ол сөздің қысқалығына да көңіл бөлген. Хабарлы сазды сөйлем дегеннің орнына хабарлы сөйлем деген терминді дұрыс қолданады.
Сондай-ақ ол бұрын жасалған терминдерді одан әрі нақтылай түсу бағытында да біршама жұмыс атқарады. «Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан» (1937) деп аталатын еңбегінде анықтауыш пен толықтауыш деген терминді нақтылап түсіндіргісі келеді, жұрнақ орнына үстеу дегенді, жалғаулық орнына жалғауыш дегенді қолдануды ұсынады. Бірақ ғалымның термин жасау үдерісіндегі мұндай ұсыныстары барлық жағдайда сәтті бола бермегені анық.
Автор қазақ емлесін әрі қарай жақсартып, тиянақталуы барысында да біршама нақты ұсыныстар жасайды. Орыс және орыс тілі арқылы енген шет тілі терминдерін жазуда бой көрсетіп жүрген өрескелдіктердің орын алу себептерін қарастырады. Мәселен, ол рәпetijke, revolutsija, gijmija тәрізді терминдердің дұрыс жазылмауының себебі қазақ орфографиясында кейбір қажетті әріптердің болмауынан дей келе мұндай сөздердің дұрыс жазылмауы Ф (f) мен Х (x) әріптерінің жетіспей тұрғандығынан деп түсіндіріледі. Сондай-ақ өзінің 1935 жылы жазған «Қосар ма дара ма?» деп аталатын мақаласында бір ғана у, и дыбысының орнына ұу, үу, ый, ій қосарлы дыбыстарының қолданылғанын және бұлардың терминдерді жазуға үлкен кедергі келтіретінін сынға алады.
Бұл айтылғандар 1930 жылдары термин жасау, қалыптастыру ісінде Қ.Жұбановтың рөлінің айрықша болғандығын көрсетсе керек.
Термин жасау жұмысы Ұлы Отан соғысы жылдарында да тоқтаған жоқ. Отан қорғау мақсатында соғысқа аттанған қазақ ұлтының өкілдері миллиондарды құрағаны белгілі. Олар оралған кезде әскери лексиканы, яғни әскери терминдерді өздерінің меңгергенінше туған жерге ала келді және де майдан мен тыл аралығында тығыз байланыс орын алғандығы мәлім. Міне осындай екі жақты себептердің арқасында тілдік қорымыздың жаңа терминдермен толығуына жол ашылды. Ондай терминдер тобына мыналар жатады: жертөле, барлаушы т.б.
Бұл жөнінде 1942 жылы Алматы қаласында басылып шыққан, редакциясын С.Аманжолов басқарған «Орысша-қазақша әскери сөздік» мол мағлұмат бере алады.
Терминология жұмысы 1940-50 жылдар аралығында едәуір саябыр тартқан болатын, ал 1950 жылдардан кейін бұл жұмыс қайта жанданды.
1948-50 жылдары екі томдық орысша-қазақша терминология сөздігі басылып шықты. Бұл сөздікте әлеуметтік-экономика, лингвистика, тарих, заң ғылымы, медицина, тау-кен істері, металлургия т.б. салаларда қиындық туғызып жүрген бірқатар терминдер қаралып, жүйеге түсірілді. Сөздікті шығару ісіне Н.Т.Сауранбаев, С.Б.Бәйішев сияқты ғалымдар араласып, өз үлестерін қосты.
Сөз болып отырған уақыт аралығында халық шаруашылығы мен мәдениетіміз одан әрі өркендеді, ғылым мен техника жан-жақты дамыды, адамзат ғарышқа сапар шеге бастады.
Ал бұл кездегі баспасөз жұмысының қарқын ала бастағанын төменде берілген газеттер арқылы көрсете аламыз. Яғни бұл кезеңде шығып тұрған газеттер мыналар еді: Ақтөбе комсомолы (1934-35), Алға (1938-49), Алға жауға қарсы (1938-39), Түрксиб (1936-41), Қызыл Түркістан (1931-45), Оңтүстік Қазақстан (1932 жылдан шыға бастады), Социалистік Қазақстан (1932-90), Жаңа ауыл (1932-49), Қызылту (1938-89), Сауатты болуға көмекші (1939-41), Үлгілі жұмысшы (1936-41), Екпінді (1939-62), Екпінді Алтай (1937-56), Қарағанды комсомолы (1937-41), Балқаш балықшысы (1937-55), Отан үшін (1942-53), Отан үшін ұрысқа (1944), Сталин туы (1943-44), Дабыл (1943), Қазақстан пионері (1946-89), Қазақстан мұғалімі (1952 жылдан шыға бастады), Көмірші магистраль (1955-57), Алғабас (1957-59), Лениншіл (1957-90), Қазақстан баспасөзі (1957-60), Тың шұғыласы (1962-90), Жаршы (196-63), Батыс Қазақстан (1962-65), Село жаңалығы (1962-90), Коммунизм жолы (1963-90), Коммунистік еңбек (1963-90), Ертіс (1963-66), Жетісу шұғыласы (1962-93), Арқа еңбеккері (1963-93), Қызыл құм (1963-90), Малды өңір (1963-80), Жаңа дария (1965-90), Эмба (1965-74), Шамшырақ (1966-99), Шұғыла (1966 жылдан шыға бастады), Алатау жұлдызы (1966-90), Тоқымашы (1967-90), Мақташы (1970-88), Балқаш өңірі (1973-91), Алматы ақшамы (1988 жылдан шыға бастады) т.б.
Терминдерді ұлт тілі негізінде қалыптастыруда бұл кезеңнің өзіндік үлесі бар екені дау туғызбаса керек.
Ұлт тілінде жасалған тың игеруші, ғарышкер, аялдама, саяжай, бәсеке, құрылғы, шығарма, хабарлама т.б.толып жатқан терминдер осы кезеңге тән, осы кезеңнің тілдік сипатын танытатын белгілер.
Бұл сияқты жаңа терминдер 1959-63 жылдар аралығында мемлекеттік терминология комиссиясының бекітуімен басылып шыққан 12 томдық орысша-қазақша терминологиялық сөздікте түгелдей берілген.
Жалпы алғанда бұл кезеңнің термин қалыптастыру барысында өзіндік ерекшелігі болды. Бұл кезеңде термин жасаудың принциптері ұсынылды және соның негізінде терминологияда жүйелілік орын ала бастады. Алайда бұл кезеңде терминдерді ұлт тілінде жасап, қалыптастырудан гөрі, орыс тілі не болмаса орыс тілі арқылы еніп жатқан шет тілі терминдерін қолдану басты назарда болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет