Патогенезі БГА кезінде альдостеронның артық мөлшері нефронның дистальды бөлігіне әсер етіп, натрийдің ағзада ұсталып, калийдің жоғалуына әкеледі. Нәтижесінде ағзада сұйықтық жиналып, айналымдағы қан көлемі (АҚК) ұлғайып, артериялық гипертензия дамиды. АҚК-нің ұлғаюы бүйрекпен ренин өндірілуінің тежелуіне әкеледі. Айқын және ұзаққа созылған гипокалиемия бүйрек түтікшелерінің дистрофиялық өзгерістерін туындатады (калипениялық бүйрек). БГА-мен сырқаттанған науқастарда артериялық гипертензиямен байланысты туындайтын асқынулардан басқа, гиперальдостеронизмнің спецификалық асқынуы- альдостерониндуцирлеген миокард гипертрофиясы дамиды.
4.15 кесте. Біріншілік гиперальдостеронизм
Этиологиясы
Альдостерома — 70%, бүйрек үсті безі қыртысының шумақты аймағының екі жақты гиперплазиясы (идиопатиялық гиперальдостеронизм) — 30 %
Патогенезі
Альдостронның артық мөлшерінің бүйрекке әсер етуі нәтижесінде ағзада натрий мөлшері артып, калий көп шығады. Нәтижесінде артериялық гипертензия мен гипокалиемия дамиды
Эпидемиологиясы
Барлық артериялық гипертензиялардың 1–2%-ы; 1 % жағдайда барлық көлемді бүйрек үсті бездері түзілістері—альдостерома; әйел адамдарда екі есе жиі кездеседі
Ренин↓, альдостерон↑, альдостерон/рениннің жоғары қарым-қатынасы, ортостатикалық сынама, бүйрек үсті безінің КТ (МРТ-сі), бүйрек үсті безі көктамырларының селективті катетеризациясы
Салыстырмалы диагностикасы
Унилатеральды (альдострома) және екі жақты (идиопатиялық гиперальдостеронизм) үрдіс, эссенциальды гипертензия, екіншілік гиперальдостеронизм (ренин↑, альдостерон ↑)
Емі
Альдостеромада— адреналэктомия, идиопатиялық гиперальдостеронизмде – басқа гипотензивті дәрілермен бірге верошпирон
Болжамы
Альдостеромаға байланысты орындалған адреналэктомиядан кейін артериялық қысым мен калий деңгейі 70–80% жағдайда қайта қалыптасады
ЕГА кезінде альдостерон өндірілуінің жоғарылауы, генезі әртүрлі бүйрек қанайналымының төмендеуіне жауап ретінде, екіншілік және компенсаторлық өзгеруі болып табылады. Бұл бүйрек артериясының стенозы кезінде, жүрек жеткіліксіздігінде үлкен қанайналым шеңберінде бұзылыстар дамығанда (іркілісті бүйрек), зәр айдағыш дәрілер қабылдағанда АҚК-нің төмендеуі мен көптеген басқа жағдайларда көрініс береді.