Ритуал – әлеуметтік реттелген, рәмізделген жүріс-тұрыстың тарихи қалыптасқан бітімі. «Әдет-ғұрып», «салт-дәстүр» ұғымдары ритуал түсінігімен тығыз байланысты. Ритуалды, оның мәнін анықтау күрделі мәселе болып табылады. Оның көптеген анықтамалары бар. Зерттеушілердің басым көпшілігі ритуалға анықтама бергенде, оны діни жүріс-тұрысты білдіретін категория ретінде түсінуден бастайды. Мысалы, Э. Дюркгейм ритуалды «адам өзін қасиетті объектілермен қатынаста қалай ұстау керек екендігін айқындайтын жүріс-тұрыс ережелері» деп санайды. Дюркгейм ритуалды тыйым салынған объектілермен байланыстарын негативті, ал құрбандық шалу, ата-баба аруағына табыну, күнәсін өтеу сияқтылармен байланыстыларын позитивті деп бөлген. Ритуалдың сұрыптамасын жасады. Ол ритуалды әлеуметтік қызметі ұжымдық сезімді күшейту, әлеуметтік бірлікті қолдау деп санады. Осындай анықтамалар ритуалды адам әрекетінің сакральды (құпия) аймағына (күнделікті тұрмыстан бөлек) жатқызады. Малиновский ритуалдың қатарына тек діни тәжірибені ғана емес, мистикалық түсініктермен байланысқан магиялық тәжірибені де жатқызды. 19-20 ғғ. бірінші жартысында ритуалды зерттеуде ритуал мен миф арақатынасы мәселесі үлкен орын алды. Антропологтардың қайсыбіреулері ритуал алғашқы, алмифоныңтұрақтануы, онытүсіндіру, рационализациялануы деп санаса (Фрейзер, Лич, Робертсон-Смит), ал басқалары миф алғашқы деп санайды (Тайлор, Малиновский, Гуди). Қазір ритуал мен мифті бір рәміздің көрініс табуының екі түрлі бітімі деп қарастырады. Олар бір уақытта және өзара байланыста болады. Ритуал рәмізін француз әлеуметтану мектебінің структуралистік бағытының өкілдері зерттеді. Мысалы, Леви-Строс структуралық лингвистика тәсілдерін қолдана отырып, ритуалды «тіл» немесе таңбалық жүйе ретінде зерттеді. Лич ритуалды «сакральдылық» (құпиялылық) аймағына шығу ретінде қарастырды. Онда күнделікті тұрмыс нормалары өз маңызын жоғалтады. Ол ритуалдық актілер мен әдеттегі іс-қимылдардың аражігін ашу өте қиын, өйткені әр қимылдың практикалық, аспаптық және ритуалдық аспектілері бар деп санайды. Яғни әрбір іс-қимылдың ритуалдық өлшемі бар. Э. Гоффман қазіргі кездегі ритуалды қарастырып, олардан діни табынушылықпен байланысқан өткен уақыттағы ритуалды сакральдандыру адам тұлғасына да таралғанын, себебі қазір адам тұлғасының өзі қасиетті объектіге айналғанын көреді. Оларды «табиғи ритуалдар» – сәлемдесу, этикет, әңгімелесу, сөйлесу ритуалдары деп атайды. К. Лоренц ритуалды жүріс-тұрыс үлгілері ретінде қарастырады. Олар, негізінен, коммуникативтік қызмет, сондай-ақ бақылау, топты біріктіру, мәдени рәміздерді қалыптастыру қызметтерін атқарады. Қазіргі заманғы орыс ғалымы В. Топоров архаикалық ритуал табиғатын талдап: «ритуал - бұл ұжымдық іс-қимыл. Ол әу бастан табиғат ырғағының заңдылықтарына бағынып, кейіннен адамдардың алғашқы әлеуметтік топтарының әлеуметтік ырғағын қалыптастырды» деген қорытындыға келеді. Ритуал барлық ұжымдық және қоғамдық жүріс-тұрысты реттейді, оған мән-мағына және мақсаттық сипат береді. Ритуал әртүрлі қызметтер: діни-құқықтық (мораль, заң, тәртіп), қорғаныс (қауіпсіздік, әскери) және шаруашылық-экономикалық (еңбек) қызметтерін атқарады [2].
Зигмунд Фрейд, діннің басқа да қызметін көрсеткен. Оның пікірі бойынша, дін – адамдарды бала кезінен бойынан өткізіп келген қорғансыздық қорқынышынан сақтайды. Осындай қорқыныштан сақтанудың жолын бала атаанасынан тапса, сол сияқты үлкендер оның жауабын сүйікті жаратушыдан табуға тырысады. Оның ойынша, діни түсінік – ол әлеуметтік иллюзиялар. Адамдар материалдық табиғатқа қарамақайшы өздерінің психологиялық қажеттіліктерге бағытталып өмір сүріп жатқандығын түсінсе, бұл иллюзиялар сейілер еді дейді.
Діннің әлеуметтік қызметтері, негізінен алты салаға, бағытқа бөлінеді. Бірінші бағыт – дүниеге көзқарастық қызмет. Дүниеге көзқарас адамдардың, олардың қауымдастықтарының құдай туралы, дүние туралы және ол дүниеден алатын адамдардың орны туралы жүйеге келтірілген білімдердің жиынтығы. Дін, құдай дүниені де, адамды да жаратқан алып күш, теңдесі жоқ құдірет, яғни абсолютті күш деп түсіндіреді.