«5В050200» – «Филология: қазақ тілі» мамандығы үшін


$$

«5В050200» – «Филология: қазақ тілі» мамандығы үшін

2-007-000.2.7Дәріс №7


бет19/68
Дата07.02.2022
өлшемі241,76 Kb.
#84748
түріЖұмыс бағдарламасы
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   68
Байланысты:
a6dcdf8c-8ca4-11e3-bf6e-f6d299da70eeэтно ГА
Схема 29.12
$$$002-007-000$3.2.7Дәріс №7.
Тақырыбы: Этнолингвистикаға қатысты Е.Жанпейісов, М.Копыленконың пікірлері

  1. Е.Жанпейісов этнолингвистка мен басқа аралық пәндердің байланысы туралы

  2. Этномәдени лексика, тәжірибелік-қолданбалы этнолистика туралы

  3. М.Копыленко этнолингвистикалық мектептер.Этнолингвистиканың салаларалық пәндермен байланысы жөнінде

&&&
$$$002-007-001$3.2.7.1 Е.Жанпейісов этнолингвистка мен басқа аралық пәндердің байланысы туралы


Тіл – әрбір елдің, әрбір ұлттың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін, тіпті сол ұлттың өз болмысын танытатын, оны сақтап қалатын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ұлы қазына ретінде қоғамдағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Сондықтан бүгінгі таңда тілдің құрылымдық, коммуникациялық қызметтерінен басқа да қырларын, қасиеттерін анықтау терең зерттеуді талап етіп отыр.
Атап айтқанда, тіл мен адамның өзара тығыз қатынасына қарай анықталған салаларды былай көрсетуге болады: адамның тілі мен рухани белсенділігі; тіл мен адам физиологиясы; тіл мен ойлау, сана әрекеті; тіл мен мәдениет; тіл және адамның қарым-қатынасы; тіл мен қоғам; тіл мен адам құндылықтары; тіл және таным. Адамның тілге, тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар. Қазіргі тіл білімінде әлеуметтік лингвистика (тіл мен қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы),лингвомәдениеттану (тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, сол тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктері), этнолингвистика (тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен, халықтың менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу) салалары тілді антропологиялық бағытта қарастыруда.
Тілді зерттеудің антропоцентристік бағыты тіл біліміндегі адамның тілдік факторы мәселесін, тілдің адамға қызмет ету мәселесі, тіл арқылы адамның табиғатын мәселесін тану қазақ тіл білімінде алғашқы болып ғалым Ербол Жанпейісовтің де зерттеу еңбектерінің негізгі тағаны, діңгегі болып келді. Ғалымның көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде 1989 жылы «Этнокультурная лексика казахского языка» атты докторлық диссертация қорғалды. ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында қазақ тіл білімінде жаңа бағыт деп танылған этнолингвистикаға қатысты негізгі тұжырымдарды 1994 жылғы 20 қаңтардаға «Ана тілі» газетінің санында берілген «Этнолингвистика» атты ғылыми мақаласында жеткізеді [14]: «Этнолингвистика – психолингвистика мен социолингвистика сияқты тіл біліміндегі жаңа бір бағыт. Бұл үшеуі бір-бірімен байланысты болғанымен, әрқайсысының дара ерекшеліктері де жоқ емес. Этнолингвистика тілді этносқа қатысы тұрғысынан сөз етсе, психолингвистика адам психикасына қатысты жағынан, ал социолингвистика тілді қоғам дамуына қатысы тұрғысынан алып зерттейді. Этнолингвистика мен социолингвистика белгілі дәрежеде тіл біліміндегі тұтас бір саланың құрамды екі компоненті деп қарауға болады. Біріншісі этностың ұлттық, халықтық, тайпалық ерекшелктерін негізге алса, екіншісі оның тілдік процестерге байланысты кейінгі даму сатысындағы әлеуметтік құрылымына табан тірейді. Этнолингвистика мен социолингвистика өздерінің хронологиялық сипатына байланысты кейді бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Олай ету бір жағынан орынды сияқты. Себебі бұл екеуінің алдыңғысы негізінен тарихи мәнді деректерін пайдаланады, яғни әр түрлі тіл материалын тарихи тұрғыдан жүйелеуге келетіндерін ғана іріктеп тауып алып, оларды тек сол ыңғайда зерделеуге ұмтылады. Екіншісі таза бүгінгі күннің тілдік материалына арқа сүйейді. Мұндай талдау үлгісі сондай-ақ этнолингвистикаға да тән. Өйткені ол «көнелікті» айғақтайтын деректермен шектеліп қалмайды, «бүгінгіні» нышандайтын деректермен де айналысады». Е. Жанпейісов этнолингвистика саласының негізгі ерекшеліктерін баса көрсетіп, ажыратады, өзіндік қасиеттерін даралайды, сонымен бірге этнолингвистиканың этносты тануға бағытталған негізгі мүддесі мен мұратын айқындайды, тіл мен этностың байланысын ғылыми тұрғыдан зерделейді: «Тіл білімі өзі қаншалықты көне болса, тіл мен этностық ара қатынас мәселесі де соншалықты әріден келе жатқан, ежелден бар құбылыс. Тіл – этностың тұрақты, ең бір басы ашық негізгі көрсеткіші. Ал тұрақтылығы бұған қарағанда осалдау, өзгеруге бейім территориялық бірлік, экономикалық-шаруашылық және мәдениет тұтастығы, т.б. этностың қосалқы белгілеріне жатады. Демек, тіл тағдыры мен этнос тағдыры қашанда бір-бірімен тығыз байланысты».

&&&
$$$002-007-001$3.2.7.2 Этномәдени лексика, тәжірибелік-қолданбалы этнолистика туралы


ХХ ғасырдың соңында айтылған ойлар мен көтерілген мәселелер күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай келеді. Тіл мен ұлтты тұтастықта қарай отырып, халықтың дамуы барысындағы тарихи, әлеуметтік өзгерістердің тілге әсер етпей қоймайтынын есте сақтаған жөн. Осы тұрғыдан тіпті бір территориялық аймақта мекендеген жеке ұлттың, халықтың сөйлейтін тілінде де территориялық ерекшеліктері болады. Бұл іргелі сұрақ – этнолингвистиканың салмақты жүгі. Тілдің дамуы мен тіл иесі халықтың этникалы дамуын, түрлі диалектілерге бөлінуі туралы, бұл мәселенің тәжірибелік, тілдік-қолданбалы жағын Е.Жанпейісов те атап көрсетеді: «Тіл мен этнос арасындағы осы тығыз байланыс лингвистерге, этнографтарға, тарихшыларға, әрине, жақсы мәлім, бірақ түркологияда күні бүгінге дейін тіл тарихы мен мен халықтың этникалық тарихын ұштастыра отырып зерттеген бір-бір арнайы еңбек жоқ. Тіл біліміндегі бұл олқылықты белгілі бір дәрежеде этнолингвистика ғана толтыра алады. Бұл проблемаларды шешуге этнолингвистикалық география көбірек қатыса алады. Ол үшін алдымен этнолингвистикалық атластар жасалуы тиіс. Ал мұндай атластарда лингвистикалық және этнографиялық карталар қатар беріліп отыруы керек. Этнографиялық карта алдыңғыға тұғыр-тірек карта болып саналады, яғни лингвистикалық карта соңғы, этнографиялық картаға сүйенеді. Картаға түсіруде лингвистикалық және этнографиялық бірыңғай материал бір-бірімен дәл, дөп түсіп жатуы шарт. Бұлар – мәселенің «жай» техникалық жақтары. Бірақ қалай дегенмен де этнолингвистиканың міндетіне жатады. Мұның шынында да солай екеніне диалектологиялық атлас жасау тәжірибесі дәлел бола алады». Күні бүгінге дейін этнолингвистикалық зерттеулердің нәтижесін тәжірибеге енгізу, жиналған материалдарды сұрыптап түзу, тізу ісі әлі де болса көптеген этнолингвистикалық, этномәдени, лингвомәдени зерттеулерді қажет етеді.
Десек те ғалым «жаңа сала» атап кеткен этнолингвистика ілімі бүгінде мақсат-міндеті айқындалған, ұстанатын бағыт-бағдары анық, зерттеу әдіс-тәсілдері бірегейленген, толық та дербес тіл білімінің саласы ретінде дамып отыр. Бүгін біз осы этнолингвистиканың аралық пәндерінің жекеленіп, өз алдына қоныс теуіп, бөлінуін байқаймыз. Мысал ретінде лингвомәдениеттану пәнін келтіруге болады. Ғалым тіл менмәдениеттің ажырамас арақатынасы туралы да біршама құнды пікірлер келтіреді: «Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы әр жақты және барынша берік. Тілді мәдениет құралы ретінде және адамның мәдениет құбылыстарының жалпы бәріне ортақ жеке беллгілері арқылы да зерттеуге болады. Екінші жағынан, тіл мен мәдениет құрылымы жөнінен изоморфты болып келген, бір-біріне тәуелсіз, автономды жүйелер ретінде қарастырылуы мүмкін. Этнолингвистика тіл мен мәдениеттегі қостілділікті немесе көптілділікті, қостілділіктегі біртектілік пен әртектілікті, сондай-ақ норма, стиль, тілдік және мәдение субстрат, территориялық және әлеуметтік диалект ұғымы, әсіресе диахрондық зерттеулер үшын маңызды: қай халықтың болсын көне рухани мәдениеті мен лексикалық тіл қорының ең ежелгі байырғы қалпын реконструкциялауда шешуші рөл атқарады. Бірақ ол этнографияда, культурологияда әлі пайдаланылмай келеді».
ХХІ ғасырда салыстырмалы тіл білімі мен құрылымдық-жүйелік тіл білімінің заңды жалғасы болып келген анропоөзектік парадигма бағыты тілдің мифтік-танымдық негіздерін анықтауға ұмтылады. Бұл тектес жұмыстар ХІХ-ХХ ғасырларда да атқарылған еді. Тіл білімі мен мифологияның өзара сыбай, шектес аясы этнолингвистикаға жатады. Тіл мен мифология арасындағы осы тығыз байланысты кезінде А.А.Потебня да атап көрсеткен болатын: «Язык есть главное и первообразное орудие мифического мышления. Мифология создается факторами лингвистическими» [16].
Е.Жанпейісов тіл мен мифтің арақатынасына байланысты төмендегідей ой қорытады: «Этнолингвистика алайда тіл мен мифологияның арақатынасын мифология өз алдына жеке ғылым санатына кірген жағдайда ғана ойдағыдай зерттей алады. Культурология, халықтық психология мен мифология – осы үш ғылым саласының үшеуі де өздеріне ортақ және семиотикаға жататын, сондай-ақ тіл біліміне тән бірқатар әдістер мен қағидаларды пайдаланады. Ал семиотика заңының нақты бір зерттеулерде лингвистикалық және этнологиялық жағрапия, лексикография мен грамматика аясында қолданылуына көп ретте осы этнолингвистика жәрдемдесуі тиіс».
Этнолингвистиканың дербес сала ретінде танылуы үшін ең алдымен оның зерттеу әдіс-тәсілдері, мақсаты мен міндеті айқындалуы, нені зерттеуі тиіс деген сұрақтар шешімін табуы тиіс. Бұл тұрғыда да ғалымның этнолингвистика, этномәдени лексика ұғымдарын анықтаған тұжырымдары салмақты болып табылады: «Этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі, ол этностың қазіргісін емес, көбіне көп өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді. Этномәдени лексикаға сол этнос мекен еткен аймаққа тән табиғат құбылыстарының атауы, заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы (мифологияға, фольклористикаға, этнологияға қатысты, өнер мен білімнің өзге де салаларына қатысты сөздер, туыстық, түрлі қоғамдық қатынас терминдері, т.б.) жатады. Әдетте, мұндай этномәдени контексті зерделеудің бірден-бір ұтымды ғылыми жолы – салыстырмалы тарихи әдіс, этимология. Ал этмологияға әдетте кешенділік тән. Этнолингвистика, демек диалектологиямен, фольклористикамен, этнологиямен, мифологиямен жанас, жапсарлас тұрған, көп жағдайда солардың жетістіктеріне, зерттейтін материалына сүйенетін және кешенді әдісті кеңінен пайдаланатын іргелі ғылым».

&&&
$$$002-007-001$3.2.7.3


Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде өзіндік ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқан, дербес те перспективті ғылым саласы ретінде танылып отыр. Мұны белгілі ғалым проф. М. М. Копыленко өзінің «Этнолингвистиканың негіздері» [17] деп аталатын еңбегінде айқын көрсетіп отыр. Қазақ этнолингвистикасына қатысты мәселелермен шұғылданушылар үшін бұл еңбектің берері мол. Онда, мәселен, қазақ топырағында дүниеге келген этнолингвистика ғылымының төңірегінде ғылыми мектеп қалыптасқандығы және бұл салада көп жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқан ізденістердің нәтижесінде айқындала түскен оның бағыт-бағдары, өзіндік үрдісі, зерттеу объектілері мен тәсіл-әдістері кеңінен сөз болады. Мәселен, оның бұл кітапта жалпы проблема мен қазақ этнолингвистикасының нақтылы мәселелеріне қатысты 1044 еңбектің тізімін (библиографиясын) беруі зерттеудің құндылығын арттырумен қатар, казақ этнолингвистикасымен шұғылданамын деген жас талапкерлер үшін жасалған үлкен қамкорлық.
Бүгінгі таңда жеке дербес ілім болып қалыптасып, теориялық, ғылыми негіздері қалыптаса бастаған этнолингвистика саласында атқарылып жатқан жұмыстарды белгілі бір орталықтармен байланыста қарастыруға болады. Орыс тіл білімінде бұл айқын екі бағытта орындалады: біріншісі – В.В.Топоров пен В.В.Иванов есімдерімен, ал екіншісі – Н.И.Толстой мектептерімен байланысты. Белгілі бір көлемдегі шарттылықпен бұл екі бағытты «этимологиялық» және «диалектологиялық» деп ажыратуға болады. Себебі, алғашқысы мәдени лексикада көрінетін көне онтологиялық, космологиялық, әлеуметтік танымдарды айқындап, қайта құруға, мифтік сипаттағы сөздердің этимологиясын анықтауға, мәдени феномендердің ареалдық ерекшеліктерін, диалектілік сипаттарын ескере отырып, мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрып лексикасының мейлінше толық қалыбын тануға бағытталса, Н.И.Толстой мен көптеген шәкірттері славян халықтарының танымын, мифтері, әдет-ғұрыптары, т.б. дәстүрлі славян мәдениетінің құрамдас бөліктерін зерттеу нысаны етіп алып, славян фразеологизмдерінің этнографиялық сипаттары, славян этнотілдік қауымдастығының лингво және этнографиялық бөліктері қарастырады.
Қазақстан Республикасында қазақ тіл білімінде этнолингвистика ілімінің негізін салушы, теориялық және ғылыми айналымын жасаған ғалым және жоғарыдағы екі бағытқа қоса жеке үшінші бағыт ретінде қарастыруға болатын – Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар және оның ғылыми мектебі. Бұл бағыт тілді халықтың айнасы ретінде таниды, ешбір пәндердің аралығы ретінде емес, тілді жеке нысан ретінде ала отырып, этнология,тарих, мәдениеттану сияқты лингвистикалық емес пәндер қосымша ретінде танылады. Халықтың болмысы, танымы, салты, ділі көрінетін кез келген тілдік мағыналық бірлік зерттеледі, материалдық және рухани мәдениеті, тек қана этномәдени лексикасы мен фразеологиясы ғана емес, ономастика, фоносемантикадағы, аялық білімдегі, паралингвистикалық құбылыстардың барлығы дерлік тілдегі халықтың көрінісі ретінде қарастылырып, зерттелінеді.
Ғалымның теориясы бойынша қазақ тіл біліміндегі этнолингвистикалық зерттеулердің барлығы дерлік «тіл әлемін» түгел қамтып, «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш үлкен салаға жіктеп қарастыру бағытында атқарылуда.Аударма мәтіндерін этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің негізгі міндеттері түпнұсқа тілдің идиоэтникалық табиғатының сақталуының дәрежелері мен деңгейін анықтауға бағытталады. Бұл саладағы зерттеулер этноаударматанудың теорияларын жасамаса да, оны этнолингвистиканың бір саласы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Аударма тілдегі түпнұсқа тілдің өзіндік тілдік ерекшеліктерінің сақталуы әрине, ең алдымен, аударманың түріне байланысты. Сөзбе-сөз, жолма-жол аудармада аудармашы түпнұсқаның ұлттық-стилистикалық және мағыналық ерекшеліктерін сақтауға тырысады. Алайда көп жағдайларда бұл аудармалардың қара дүрсін болатындығын, түпнұсқаны сақтаймын деп, өзіндік қолтаңбасынан айрылған, тым қарапайым болатынын көреміз. Ал көркем еркін аударма түпнұсқаның тек мазмұнын, стильдік белгілерін ғана сақтайды, мағыналық ортақтығы болмаса, аударма мен түпнұсқа мәтін тілінде көп ұқсастық болмайды. Бұл аудармаларды этнолингвистикалық тұрғыдан талдап, зерттеудің еш пайдасы болмайтыны хақ. М.М.Копыленконың пайымдауынша, бұл ретте этнолингвистикалық талдауды қажет ететін, этномәдени, этнолингвистикалық белгілердің сақталып берілетін аударма түрі – балама-еркін аударма (адекватный-художественный перевод) .

$$$002-007-100$Дәріс №7.



  1. Е.Жанпейісовтың этномәдени лексикаға қандай тілдік мағыналық бірліктерді жатқызады?

  2. Е.Жанпейісовтың пікірінше этнолингвистиканың басқа пәндерден ең басты айырмашылығы және ерекшелігі неде?

  3. Орыс тіл біліміндегі жекелеген этнолингвистикалық мектептердің ерекшеліктері сипаттары қандай?

  4. Диалектологиялық этнолингвистиканың ұстанымдары қандай?

  5. Лингвоелтанымдық зерттеулердің практикалық өзектілігі неде?

  6. Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.Копыленконың этнолингвистика терминіне берген анықтамаларын салыстыр

&&&



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   68




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет