С. Мұқановтың шығармалары жасөспірімдерді Отаншылдыққа, патриоттықа тәрбиелеудің маңызы.
СОӨЖ бақылау түрі – конспект
С.Мұқанов «Балуан Шолақ»(1940-41), «Бақташының баласы»(1953) шығармаларын жазды. «Балуан Шолақ» - 20-шы ғасыр басында тіршілік кешкен, өзі көзімен көрген аяулы өнерпаз өмірінен жазылған шығарма. «Бақташының баласы» повесі «Қазаға ұшыраған құнан», «Қақпандағы қасқыр», «Аянышты лақ», «Жаралы құлын», «Бөлтіріктер», «Көк шолақ», «Аңды аң жеңеді» деген жеті бөлімнен тұрады. Повестің бас кейіпкері - он жасар Жандос. Бақташының баласы мал жайын, әр малдағы мінез өзгешеліктерін жақсы біледі. Жазушы бас кейіпкердің мінезін, батылдығы мен адамгершілігін қиын-қыстау қауіпті сәттерде сынайды. С.Мұқанов аударма саласында да еңбектенді. Навтедждің «Балалар»(1953), В.Осееваның «Васек Трубачев және оның жолдастары»(3-кітабы, 1955), шығармаларын қазақ тіліне аударды.
ATTESTATION 2
Task 5
Ұлы отан соғысы жылдарындағы балалар әдебиеті
Тапсырма:Реферат жазыңыз.
Ж.Жабаев өмірі мен шығармашылығы.
Б.Момышұлы жауынгер-жазушы.
Қ.Қайсенов партизан-жазушы.
СОӨЖ бақылау түрі – реферат
Task 6
Ұлы отан соғысы жылдарындағы балалар әдебиеті
Тапсырма: Реферат жазыңыз
Ғ.Мүсірепов өмірі мен қызметі.
Ғабиден Мұстафиннің өмірі.
Баубек Бұлқышев жалынды батыр жазушы.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышев еді.
Ұлы Отан соғысының шындықтары, өмір мұраты мен адам қайраты, Отанды, елді, жерді аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері, елдік пен ерліктің үлгі өнегелері, жастық пен достық, махаббаттың өлшем өрнектері, қысқасы ұлттық дәстүрге адалдықтың, атамекенге, ата анаға, бауыр туысқа, отбасына шынайы берілгендіктің сыр сипаттары Баубек Бұлқышевтың ақындық қуаты бай, жазушылық қарымы кең, журналистік мүмкіндігі мол дарын даралығы мен талант табиғатынан терең танылады.
Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген, жастай кеткен Баубек Бұлқышевтың шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Оның өмірі нағыз кеңес жасының өмірін елестетеді. Ол Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде, қазіргі «Амангелді» кеңшарында 1916 жылы туған. Балалық дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттаған шағында Баубек әуелі шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашады.Бұдан былайғы оқуына жақын туысы Сейтжан Смайлов деген мұғалім көп ықпал жасайды. Баубек жастайынан алғыр, өжет боп өсті. Сейтжан ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақбай заводындағы фабрика завод училищесіне келіп оқуға түседі. ФЗУ–ды бітіргеннен кейін Баубек 1933-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болады. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқиды.
1935 жылы тамыздың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан техникумдардың бірін қалауға тура келеді. Өзімен бірге келген ересек жолдастарымен есеп экономика техникумының даярлық курсына түседі.
Оның оқуға, өмірге деген құштарлығын мына өзі жазған хатарының біреуінен байқауға да болады «Менің он тоғыз жасымда бар ойым оқуда, қызмет жайында және несін жасырайын, атақ жайында болатын. Мен толып жатқан өнер жайын ойлаушы едім Алдымен ақын болғым келетін. Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Гейнені, Байрон мен Шиллерді оқығанда біржола сүңгіп кетуші едім. Бұл ақындар маған қатты ұнайтын да, күні түні басымды көтермей оқитынмын. Мен күйші де болғым келетін. Чайковский мен Глинканы, Бетховен мен Шопенді ерекше құмартып тыңдаушы ем. Мен өзімшіл екем, әрі ақын, әрі күйші болғым келетін.
Жоқ, шынын айтсам, маған ол аз еді. Менен гөрі ересек жолдастарым мен бірге туған ағаларым институт бітіріп, біреуі инженер, біреуі тарихшы болып шыққанда, осы мамандықтар түгелімен менде де болса деуші едім.
Өмір үшін, жас жігіт үшін, әрине бұ да аз...»
Міне осындай ұшқыр қиял, асқақ арман, биік мұрат Баубек бойына дарыған қасиеттер еді.
Майданға аттанған Баубек қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтерілді. Ақтық рет, 1944 жылы ақпан айының ішінде Украинаның Ново - Юльевка деген селосы маңында саперлік міндетін атқарып жүріп, опат болды.
Әдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері болу мамандығынан мүлде суып, оған селсоқ қарайтын болды. Уақытының бәрін әдебиетке арнап, соның қызығына түседі. Қызға арнап өлеңдер шығарады. «Балалық шақ» деген поэма, «Ауылдан Алматыға» деген ұзақ әңгіме жазады. Бірақ бұл екі әңгімесін де «нашар нәрселер» деп жыртып тастаған. Баубек бұл жылдары әлеуметтік тақырыптарға да өлеңдер жазып жүрді. Бұл жазғандарын «Лениншіл жас» газеті, «Қазақ әдебиеті» журналы сияқты баспасөз орындарына ұсынған.
1938 жылы техникумның екінші курсын бітіріп, жазғы каникулда елге бармастан қазақтың мемлекеттік баспасында іс атқарушы болып уақытша қызмет істейді. Осында жүріп «Айсұлу» поэмасын бітіреді. Сол кездегі баспаның директоры Ә.Сәрсенбаевтың ұсынуымен Баубек Қазақстан Жазушылар ұйымының жанынан ашылған жас ақын жазушылардың екі айлық курсына алынады. Бұл курсқа алынған соң, ол техникумнан арыз беріп босанады. Курсты сол жылы аяқтап Жазушылар ұйымының жолдамасымен «Лениншіл жас» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Мұнда біраз істеген соң «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болып жоғарылайды. Газеттің күнделікті тынысына еріп бірде мақала, очерк, рецензия жанрларымен айналысса, бірде әңгіме, новелла, өлең жазды. Алматыға келген күнінен бастап оның өмір жолы - жанталасқан оқу, іздену, үйрену жолы болды. Алматы оған шығармашылық қанат бітірді, «Пай, пай, Алматы ай!..- деп жазды ол, - поэзия қаласысың сен! Жүрегімді мың бұрап, ойлы, әсерлі, әсем қиялға бөлеген ғажап қаласың! Сен туралы, сенің батыр ұлдарың туралы жазбақпын. «Алматылықтар»деп атаймын оны» – деп жазды Баубек.
1940 жылы Баубек өзі тіленіп әскер қатарына алынды. Ол Балтық жағалауындағы елдерді азат етуге қатынасты. Осыдан соң Баубектің жауынгерлік өмірі басталды. Ә дегеннен жақсы солдат, батыр жауынгер болды. «Біз кәрлі кезеңнің, соғысты заманның жандарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де...Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» деп жазды ол «Өмір мен өлім туралы» очеркінде.
Ол шынында да өмірдің өзін творчество деп түсінді. Ол бірде Лермонтовтай офицер ақын болуды арман етсе, бірде Фурмановтай жауынгер жазушы болуды армандайды. «Жазғың келеді, жаза бергің келеді, әттең, шіркін, уақыт болса» деп әр хатында жазып жүрді. Ол шығармашылық арманын орындау үшін жан аямай соғысу керектігін, фашизмді жеңу керектігін өзіне де, өзгеге де ұран етті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарылған газет, журналдардың қай қайсысы болсын дәуір келбетінің толыққанды тынысын, күн тәртібінде тұрған тарихи оқиғаларды мейлінше кең суреттеуді мақсат етті. Қоғамдық пікірдің жаршысы саналатын әрбір қаламгер қоғамдық - әлеуметтік маңызы бар, Отандық мәні, халықтық нәрі бар келелі мәселелерді көтеруге құлшынды. Осы бір асқаралы міндеттерді шешуде жедел дамыған оқиғаларға сарт сұрт қатынасып, найзағай отындай жарқ етіп шыға келетін жауынгер жанры әскери публицистиканың маңызы айтарлықтай болды. Қысталаң кезеңдегі қоғамдық дамудың жеделдігі мен халық энтузиазмының өршіл рухының диалектикалық бірлікте жымдаса өріліп, шынайы шындық бізімен кестеленгендігінде. Баубек өз публицистикалық шығармаларын хат түрінде, елімен, жерімен, дос жарандарымен тілдесу, сырласу түрінде жазған.
Баубек соғыс жылдарында жауынгер публицист ретінде жарқ етіп көзге түсті. Орыс жазушылары И.Эренбург, Б.Горбатов, К.Федин, А.Фадеев, Н.Тихонов, К.Симоновтардың ізімен әскри публицистикаға бой ұрды. «Өмір мен өлім», «Мен өмір сүргім келеді», «Шығыс ұлына хат», «Заман біздікі», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат» деген публицистикалық шығармалары майдан жауынгерлерін ерлікке, патриоттыққа үндеді.
«Жауыздық пен махаббат» шығармасында қан майданда өзімен бірге болған құрдасы жайында, оның үйін іздеп, туған селосына барғанын сөз етеді. Бұл құрдасы қан майданда табысқан, мақсаты бір жанашыр досы еді. Егіздің сыңарындай екі құрдастың бірі бұлбұлы сайраған Курск жерінде, орыс отбасында дүниеге келген де, екіншісі Сарыарқа самалы жанын тербеткен қазақ даласында туған. Одан әрі екеуінің өмірі бір арнаға түсіп, бірлесе ағады. Бұрын соңды бірін бірі етене жақын білмеген екі жас окоп үйдің ішінде тұңғыш рет танысады, ойлары орайлас, мақсаты мығым екі досқа айналады.
Бұл қысқа мерзімнің аясында өмірге келген достық болса, бірақ ғұмырға бергісіз шын жүрекпен жалғасқан аяулы адал достық еді. Окопта жатып екеуі де жараланады, жандарына батқан жараларын кезектесіп таңады. Осындай уақытты Баубектің өзі: «...Екеуміз бір бірімізді сүйемелдеп, кейінірек түсіп жатуға орнымыздан қозғалғанымызда көзіміз өзіміздің жаралы денеден төгілген қанымызға түсті. Жас адамның қаны қып қызыл бола ма, әлде бізге солай көрінді ме, өрттей қып– қызыл қан окоптың екі жақ жаны арқылы ағып келіп ұштасып, бір жерге құйылып жатыр екен. Әлі де тоқталып бітпеген жас дененің қаны тыйылмады. Кейде менің, кейде оның денесінен бинтке сыймай кезекпе кезек тамшылаған жас қан жаңағы жерде көз алдымызда қосылып ақты да тұрды».
«Жауыздық пен махаббатта» Баубек өзінің құрдасынан бөлініп кеткеннен кейін, оның туған селосына келеді. Оның ата анасымен, сүйген қызымен танысу үшін, солардың амандық саулықтарын білу үшін келеді. Құрдасының туған өлкесіне бет аларда оны ерекше қуаныш сезімі билейді. «Мен құрдасымның туған жеріндемін, оның туып өскен жері менен екі шақырымдай ғана жол болып тұр. Жүрек сонша алып ұшып қуанды. Өзім туған Арқада ән салып келе жатқаннан кем емеспін» деп жеткізеді Баубек бұл сапарын.
Баубек публицистиканың нәрі мен дәні өзекті мәселелерді өткірлікпен көтеріп жүрек таразысының өлшемімен өрнектеуі сезім сығындысын, ой асылын ғана тап тұйнақтай шымыр қалпында оқырманға ұсынуы.
«Мен өмір сүргім келеді» туындысы – жанрлық жағынан эпистолярлық сипат – сырлары мол туынды. Майдан даласындағы аз ғана тыныштықта алыс ауыл, жақын – жуық , дос – құрбылар ойға оралады. Балалық жастық кезең көзалдыңнан өтеді. Өмірге құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімі бойды билейді. Жанна қызбен – сүйген сұлумен сырласады. Өмір мұраты, еңбек өнегесі, еркіндік тынысы өзіндік өзгешеліктерімен қиялды қанаттандырып, көңілге түрлі ой салады.
«Мен өмір сүргім келеді» дейтін мақаласында фашистердің бет пердесін әшкерелей отырып, Баубек өз кейіпкерлерінің оларға қарсы күрес үстінде туған кекті мінезін, қайсарлығын, табандылығын былай суреттейді: «Менің өмір сүргім келеді. Бірақ фашистік неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашисі бар дүние тар мен үшін. Адам мен аң бір бөлмеде тұра алмайды. Бір жердің үстінде фашистік неміспен жасай алмаймын мен. Біз Шиллерді, Гетені сүйеміз, біз оларды қазір де жақсы көреміз. Біз қанқұмар емеспіз. Бірақ мен Германия жастарының арасында Вертер сияқты біреуін де таба алмадым. Оларда жүрек жоқ. Немістер тіпті солдат та емес. Суворов: «Солдат талаушы емес» депті. Мен мұны азырақ қана ауыстырып, «талаушы солдат емес» дер едім ».
Міне ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап, халқының рухын көтеріп, отты сөзін өмір өзегінен алған жалынды публицистің жауыздарға деген идеялық нысанасы, жүрекжарды үкімі осындай еді.
«Өмір мен өлім туралы» атты туындысында автор кейіпкер зердесі мен өмір жайлы толғанысын білдіреді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын мәңгілік нұрға бөлер ақ сәуле, ой мұрасынан өшпес із қалдыруды арман етеді.
«Шығыс ұлына хат» ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап ерлікке шақырған, халақ рухын биікке көтерген, қызуы мол публицисттикалық туынды. Жауынгердің Отанға деген зор сүйіспеншілігін, елдің нұрлы келешегін қорғаудағы ерен ерлігін автор тарихи философиялық тұрғыда былай тұжырымдайды: «Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық. Біз Шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан ерлікті бір үйренсек, орыс халқының батырлары Суворов, Кутузовтардан екінші үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің, Абай мен Амангелдінің балаларымыз. Біздің қылышымыз фашистік немістің қанымен суарылуы керек. Серт осы болсын!».
Өмірдің әрбір сәтін қатты бағалап, шексіз сүйген Баубек кейіпкері адам бойындағы гуманистік сезімдерді дамыта отырып, ғажайып ерліктердің тууына жол ашады: «Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзінің сұлу шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Ойлашы, Шығыс ұлы, біз ел сенген ерміз, қалайша туған жерді қолдан береміз? Сен еркіндіктің туын көтерген азат елде өстің. Ортаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең, өлтір жауды, өлтір фашисті! Шығыс ұлы, сенің ауыр минутта өлсем артымда балам бар, атым өшпейді деп мақтанғаның әлі есімде. Екі жастағы кішкене бөбегің саған өлімнің алдында әл, қуат болып еді. Ендеше, сол балаң келешекті болсын десең өлтір жауды, өлтір фашисті!»
«Заман біздікі» - ел – жер жайлы толғаныстарға толы. Перзеттік парыз бен қарыздың, шынайы шындықтарға суарылған сырлы сезімнің қуат – күші жоғары. Азаматтық пен бостандықтың өлшемі, татулық пен туысқандықтың таңбасы айқын. Бейбіт өмірге құштарлық пен балалық шаққа саяхат, жастық пен достық сырлары шындық жайттарды арқау етуімен де мәнді. Ең бастысы, әрине өмір мен өлі өлшемі, соғыс пен бейбітшіліктің бағасы – адам мұраты, арман – аңсары, еңбек тынысы негізінен кең өріс алады.Шығарма мұратынан: ел – жер, тарих пен тағдыр, жастық пен достық жырлары былай беріледі. «Біз жастар, тағдырымыз сенімен байланысты екенін білеміз. Туған жер. Біз сенің топырағыңда ғана бақытқа бөленбекпіз. Өмірдің биік шыңына қол созамыз, адам дүниесінің сан - саласына ой жүгіртеміз. Біз бақытты жастар едік. Сенің үстіңде қуанышқа кенеліп, той тойлаған күндер есте. Бүгін сенің үстіңде өстік, керек болса сенің үстіңде өлеміз де.
Бірақ, жауға беріп қоймаймыз сені. Серт осы. Біз осыған ант етеміз, ізгі ана!..... Біздің заман таласта! Жастық шағымызды қырау шалғалы тұр! Бірақ, біз өз заманымызды ешкімге бере алмаймыз! Заман біздікі! Өз заманымыз үшін жан пида! О, жастар! О, құрбылар!
Бұл тұстардан айқын аңғарылатын жайттар: жастар өмірі мен жастық сырларына ең жоғарғы орын беріледі, ел – жердің қадір – қасиеті мен адам әлемінің мол мүмкіндіктері, еңбек тынысы бар сипат – сырларымен жан жадыратып, көңілді баурайды, дәуір дидары мен заман шындығы, кемел келешек хақындағы толғам – толғаныстар кеше – бүгін байланысын, перзенттік парыз – қарызды терең танытып, Отан, атамекеннің қадір – қасиетін еселеп арттыра түседі.
Бастысы, әрине қаламгер заманға, уақытқа үн қату арқылы адамзаттық маңызы бар мәселе: бостандық пен бейбітшіліктің мәңгілігін сақтау, тұрақтылық пен туысқандықтың терең тамырлары жіті танылады».
Міне мұның бәрі майдан қаһармандарына мықты рух берген көркем публицистикалық сөздің кереметі еді.
Енді Баубектің жарияланбаған жырларына келейік.
Баубек жазушылықты өлеңнен бастайды. Өлең жазудың соңына түсе бастаған алғашқы кездері 1936 – 1937 жылдар болды. Бұл кезде ол Алматыдағы есеп – экономика техникумында оқушы еді. Жас Баубек сабақпен айналыса жүріп, көркем әдебиет оқумен де қатты шұғылданады. Тіпті, кей күндері кітаптың қызығына беріліп, ертеңгі сабаққа ұйықтамай да барып жүреді.
Әдебиетке құлай берілген ол оқи жүріп, өзі де жазады. Бұл жазғандары көркемдік жағы кем, балалық – жастық әсерімен туған, еркін пісіп, жетілмеген нәрселер болды. Алайда, сол қарпуы жетпеген, жастық өлеңдерін өзінен ойлампаз, аңғарымпаз, алдына нақты мақсат қойған жасты көреміз. Мұны 1936 жылы жазылған «Пушкиннен қиялымда ұялғаным» деген, бір кішкентай өлеңінен көруге болады. Өлеңнің қысқаша мазмұны мынадай: Койка үстінде шалқамнан жатырмын. Сабаққа дайындалу деген ойда жоқ. Өзім нашар оқимын. Есі – дертім ойын – сауық. Тұсымда Пушкиннің суреті ілулі тұр. Кенет есік қағып біреу кірді, ауылдағы досым екен, стахановшылар слетіне келіпті. Әңгімелесе отырып, ол менен Пушкиннің суретін көрсетіп кім деп сұрады. Бос даурықпаны сүймейтін мен, әркімнен естігенімді айтып, білгіш адамша, судырата жөнелдім. Артынан, досым кеткен соң, құлағыма «Әй, бала» деген дауыс шалынғанда қабырғаға қарасам, Пушкиннің суреті екен сөйлеп тұрған.
Сен мені оқымай – білмей жаңа досыңа өтірік соқтың. Ал шынында, сенен ол жақсы біледі, өйткені, оқиды ол мені. Есіңде болсын, әр адамға еңбегін оқып барып, біліп барып , баға беру керек, - дегені ғой. Сөйтіп, Пушкиннен қиялымда жаман ұялдым. Содан бастап шындап оқуға кірістім, – дейді.
Осы қысқа өлеңде жас талапкер жап – жақсы пікір айтады. Жас өспірімдерге ой тастайды. Лайықты қорытынды жасайды. Сөйтіп, аңғалдау ойына, өлеңнің көркемдік жағының жетіспей жатуына қарамастан, бас – аяғы жинақы, ойы аяқталған өлеңді аңғарамыз.
Сол жылы өзінің балалық өмірінен алып бір поэма жазады. Бірақ, бұл еңбегі қазір жоқ. «Нашар нәрсе» деп жүруші еді, өзі кейін, тегінде, жыртып тастауы да мүмкін. Анығы бізге белгісіз.
Баубектің көбіне шұғылданғаны қыздарға арнап, лирикалық өлеңдер жазу болыпты. Бұл салада 1940 жылы армия қатарына кеткенше үзбей жазып жүрген дейді. Бұл өлеңдерінің көбі орыс, Батыс Еуропа классик ақындарына еліктеу түрінде келген.Шат өмірдің жыршысы болу, өлеңде заманымызыдың кескін, бет алысын суреттеу, жастықты мадақтау – Баубек марқұмның өзекті арманы болған. Шуу деп өлең жазумен айналыса бастағаннан күнбе – күнгі өмір, саясат мәселесіне арнап үзбей жазып отырған. Кейбір өлеңдерін «Лениншіл жас» газетіне, «Әдебиет майданы» журналына апарып көргені де бар екен. Бірақ басылмаған. Осы техникумды қоймасам болмас деймін. Бір редакцияға өлең апарсам, аяғындағы адресімді көріп, бетіме тесіле қарайды. Бухалтер мен ақындық бір жерег ауыл – үй –қонбайды ғой дегендей болады бұл қарасы! – дейген екен әзілдеп, әрі ренжіп.
Баубектің 1939 шы жылы жазылған тағы бір қысқа «Кәдір түні» атты поэмасы бар. Бұл поэмада ислам дініндегі қасиетті Рамазан айының киелі бір түні туралы айтылады. Бұл түні барша халықтың таңға дейін кірпік ілмей Тәңірден тілек тілейтіні жайында ақын:
Сол түні көрмек ақпейіл
Тілеген адам шын адам.
Тілегін құдай береді,
Бас имек оған бар ғалам – дейді.
1936 – 1940 жылдардағы қазақ поэзиясының тұрғысынан қарағанда, сол кездерде жазылған поэмалардың ешқайысынан кем түспейді. Ал қазір, әрине, бірқатар өңдеуді керек етеді. Баубек марқұм армияға кетер алдындағы жылдары балалар әдебиетімен көбірек шұғылданады. Бұл игілікті шығармашылықпен шұғылдануына «Октябрь балалары» ( Қазіргі «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері») газеті үлкен себепші болды. 1936 – 1940 жылдары осы газеттің балалар шығармашылығы бөлімін басқар отырып, көп өлең, әңгімелер жазған. Бұл кездегі жазғандарының көпшілігі осы «Октябрь балары», «Пионер», «Лениншіл жас» газетінде басылып жүрді. «Ұялдым», «Паровоз туралы ертегі» сияқты балаларға арналған қысқа әңгімелері, түрлі мақалалары, көп өлеңдері, Маяковскийден, Крыловтан аударған шығармалары, міне, осы кездерде жарияланған.
Ұлы Отан соғысы – жас жазушының шығармашылығына тың серпіліс жасап, бүтіндей жаңа бағыт берді. Жігерлі, талапты, алғыр жас ел басына күн туған қиын кезеңдерде құрыштай шыңдалып, ширай түсті. Оның келешекке зор сенімен қарап, Отанды қанды балақ жаудан қорғауда отты сөздері кең байтақ Кеңес Одағының түпкір – түпкіріне тарап жатты. Еліміздің Отаншыл жастары оған үн қосты, оны өздерінің жаршысы деп таныды.
Бірінші жарияланған «Өмір мен өлім туралы» әңгімесіне өзі былай деп жазады: «Комсомольская правда» – арқылы патриоттардан статьям жөнінде көп хат алам. Әсіресе, Украина мен Беларусиядан қыздар көп жазады. Редакцияда құттықтап, материал сұрап 4 – 5 рет хат жазды. Мен бұл кішкентай статьямен жастардың жүрегіне қобыз ойнатсам керек. Қайтсін бишара жастар!».
1943 жылғы 20 мартта жазған бір хатында: « Мені хат деген басып кетті...Совет Одағының бұрыш – бұрышынан 200 – ден астам хат алдым, «өмір сүргім келеді», – дейді.
Баубектің соғыс кезінде жазылып жарияланбаған шығармаларынан (көп өлеңдері бар) екі нәрсеге қысқаша тоқтап өту керек болады. Оның бірі – «Алматылықтар» атты бітпеген роман. Бұл роман автордың жоспарлауы бойынша төрт бөлім болмақ екен. Алғашқы бөлімде соғыстың бұрынғы бейбіт күндері баяндалады да, қалғандарына Ұлы Отан соғысындағы совет одағының отаншыларының, оның ішінде алматылықтардың ерлік қимылдары суреттеледі.Романның толық жоспары жасалғанмен, Баубек марқұм ойын жүзеге асыра алмай кетті. Тек бірінші бөлімін және екінші бөлімінің бас жағын ғана жазып үлгерген. Бұлардың өзіде ат үсті асығыс жазылған. Бұл жөнінде өзі былай деп жазады. «Мен мына «Алматылықтардың» бірінші бөлімін Мұқанжан саған жіберіп отырмын. Әйтеурі жазып шықтым. Қайтып оқып та шыққаным жоқ. Сенде жоғалмайды ғой деп жіберіп отырмын. Тілін де қарағам жоқ, өмір болса кейін жөндеп жатармыз деп, соңғы жағында асығып кеттім, тез бітірдім, солай да болу дұрыс па деп өзімше ойладым. Бірақ, тым тез...».
«Алматы қалам» менің» романы екі бөлім, бірнеше бөліктерден тұрады. Туынды табиғатын Гетенің: «Адам өмірінің биік шыңы – жастық» деген даналық мәйегіне толы қанатты сөзі эпиграф міндетін атқарып тұрып – ақ ап – айқын ашқан ақиқат жайттардың бірі дер едік. Романның бастапқы бөліктерінде, тақырыптық – құрылымдық өзгешеліктерінде – адам мен оның өміріне, арман – мұраттарына зор маңыз беріледі. Адам өмірінің қызық та қимас сәттері – жастық кезеңі, достық пен жолдастық, сыйластық иірімдері, қыз бен жігіттің қарым – қатынастары, отбасылық өмір мен тұрмыс – тірліктің тынысы, тақырып табиғатына, оқиғаның шындық сипатында кең өріс алуына тәп – тәуір қызмет еткенін байқауға болады. Мәселен, «Көшедегі бір оқиға» - Абыз бен Шәңгерейдің қарым – қатынасымен қатар кездейсоқ қызды кезіктіруін, оның Абыз соңына түсіп, аяғында көз жазып қалуын сөз етеді. Абыз кездесіп, жүздеспесе де достарымен бірге «сол сұлу» үшін рюмка көтереді.
Абыз бұдан кейін өмір – тұрмыстың ауыртпалығынан институттан шығып еңбек етеді. Пәтерге ауысып, онда Терохин, Лида, Ольга сынды жастармен еңбек етеді. Достық қарым – қатынаста болады. Әсіресе Абыз бен Лида арсындағы қарым – қатынас, өмір, уақыт, кітап төңірегінде.
Қазіргі қолжазбасы 200 бетке жуық, оқиғасы мол әрі қызықты. Әрбір бөлімшеге қойған аттары да жақсы. Мәселен, бірінші бөлімдегі тарулардың аттары мынадай: «Көкшедегі бір оқиға», «Қош алгебра», «Үй №139|9», «Ананың көңілі- балада...», «Бірінші кеш», «Қайғылы хабар», «Кітаптың әсері», «Жеңілдім», «Аяқсыз қалған драма», «Көршілер», «Періште», «Естен шықпас оқиға», «Іэдегенге - сұраған», «Учитель», «Намыстан табыс», «Кім жауапты?» Басқа жазылмаған таруларға да бөліп, осындай ат қойған. Әр қайысының қысқаша мазмұндары айтылған.
Автордың негізгі ойы – армиядағы қазақ жауынгерінің өсу жолдары, тәрбиеленуі, зор ерлікке көтерілуін баяндау, ұлттар достығын, оның ұрыстағы тамаша жемісін айту, кеңестік патротизмнің сарқылмас күшін көрсету, жоғарғы идеялы жаңа адамдардың – социализм күресшілерінің жарқын бейнесін жасау.
Баубектің жарияланбаған екінші көрнекті еңбегі – «Алтын сағат» деген әңгімесі . бұл шығармасы біздің қолымызда жоқ. «Комсомолская правдаға» жіберілген. Баубектің өзі жазуына қарағанда, көлемі үлкен болғандықтан (27бет ) басылмай қалғанға ұқсайды. Әңгіменің мазмұны тек өзі жазған хаттардан ған белгілі.
Мұқан Иманжановқа: «Алтын сағат» деген сапер қазақ жігітінің өмірінен алып бір әңгіме жазып жатырмын. Қазақшасын сендерге жіберем. «Алматылықтардың» үшінші бөлімінен бір үзінді сияқты. Қазіргі майдандағы өмір. Жақсы болып шығатына сөз жоқ, қара сөзбен жазылған поэма десең болар, ретімен сөз төгіліп жатыр – ақ, (қазақшалаған да әрине құйыладығой). Гогольдің «Майская ночьна» ұқсатып желпіне жазып жатырмын» десе 1942 жылғы 1 қыркүйкектегі бір хатында, сол жылғы 7 қарашадағы бір хатында былай дейді: «Алтын сағат» деген орысша әңгіме жазып едім, 27 бет. Әжептәуір көлемді, жап жақсы. Карамзиннің «Бишара Лизасы» сияқты. Әрине күйректіктен батырлық, патриоттылығымен айырылады одан, «Алтын сағатты» аударатын уақыт жоқ. Әсіресе, соғыс туралы жазып жүрген қазақ шығармасының ішіндегі басымдысының болуына талас болмас еді мақтанып айтқанда»... дейді 1943 жылы 1 қаңтарда жазған бір хатында.
Басқа хаттарында да осы әңгімесі туралы жиі айтады. Әсіресе, аударуға қолы тимегендігін сөз етеді. 1943 жылы 19 тамызда жазған хатында «...Өзін(«Алтын сағатты» айтады), асылы, қазақшалау керек қылатын шығарма және өзім қазақшалауым керек», - дейді.
«Алтын сағат» атты әңгімесінен бізге мәлімі тек осы ғана.
Қаза боларынан бірнеше ай бұрын: «Ұрланған жастық» деген әңгіме жазамын. Бұл әңгіме «Жауыздық пен махаббат» атты әңгіменің жалғасы болады», - деп хат жазған еді. Бұл әңгімесін жазды ма, жазбады ма, ол жөнінде ешбір дерек жоқ.
1938 жылдын басында ол «Айсұлу» атты үлкен поэма жазуға әзірленді. Бұл шығармасын жазуға ол көп дайындық жасады. Талай нәрселер оқыды. Әсіресе, Пушкиннің, Лермонтовтың, Байронның шығармаларынан үйренді. Поэманы жазу үстінде классиктерді оқуды мүлдем күшейтті. Кейде әдебиет жөнінде әңгімелесіп отырып: Шіркін десеңші, керемет – ау Лермонтов! - дейтін көзін жұмып, ойға батып. Әдетте, өзі сәншіл, сері жігіт еді. Сауық – сайранды, билеуді көбірек қалайтын. Ал, ол 1939-1940 жылдары мүлдем өзгеріп кетті. Қызметтен шығысмен, басқаға мойын бұрмастан, оқуға не жазуға отырды. Ұзақ отырды – деп есіне алады.
«Айсұлуды» 1940 жылға дейін жазды. Бұл уақыттардың ішінде бірнеше рет өзгертіп, қайта жазып, ылғи өңдеумен болды. Осы поэмасына сіңген еңбегін армия қатарында, ұрыс майданында жүріп те аузынан тастамады. «Жақсы – жаман болсын «Айсұлу» көрнекті тұғыш еңбегім еді. Тым болмаса, журналда бір үзінді де басылмады – ау» деген сияқты сөздерді жиі жазатын –ды.
1940 жылы Қазақ ССР-ның 20 жылдығына арнап шығарылған «Тарту» деген жинаққа «Айсұлудан» бір үзінді дайындаласа да, кейбір жолдастардың ұйғаруымен берілмеді. Сонымен, бұл поэма қолжазба күйінде қала берді.
«Айсұлу» поэмасы – Кеңес Одағы жасының, қазақ қызының өмірне арналып жазылған. Мұнда кеңес үкіметі тұсындағы қазақ қызының өмірі, білім алып, өсу жолы, осы жолда астыртын бөгет болған, халық жауларының әрекетіне қарсы күресі суреттеледі. Біз поэмадан әсем өмірді, бақытты жастықты, осы бақытты жастықтың құшағына кіре, беріле, қуана, сүйсіне жырланған, патриот жас ақынды көреміз. Жоғарғы мектепті бітіріп, үлкен сеніммен алға басқан Айсұлу, Айман сияқты бақытты қазақ қыздарын көреміз.
Поэмада жақсы – жақсы лирикалы құлашын кең жая шабытпен сілтеген ақындық толғаулар көп. Сюжеті қызықты.
Поэмадағы басты оқиға – кедей қызы Айсұлудың қарапайым халыққа қоқан – лоқы көрсетіп, қырғидай тиген қарақшы Қаленнің қолына түсіп, ауыр азап, зорлық – зомбылықтың алуан түрін көргенін, бостандыққа құштарлығы мен ұмтылысын кең көлемде көрсетеді. Ауылдың қарапайым өмірі, тұрмыс – тірліктің өзіндік үлгі - өрнектері поэманың этнографиялық көріністерін көрсетсе, Айсұлудың қапияда қарақшы Қаленнің қолына түсуі – қазақ қызының аянышты халін, дәрменсіз әрекетін еске салады. Әупірімдеп жүріп, қапастан жол тауып, жарық дүниеге үміт – сенімін артқан Айсұлу ауылдың аңшы – мергеншілерінің көмегімен елге келеді.Айсұлу бейнесі – қазақ қызының бостандыққа ұмтылған, сол жолда көптеген кедергі – қайшылықтарға кездескен тауқыметті тағдыр иесі, тұрлаулы тұлғалардың бірі.
Поэмада тарих пен таным тоғысын еске салатын түйінді тұстар, Ұлытау өңірі мен сайын дала көріністері, салқын ауа мен сұлу кештің бойыңды, жаныңды рахатқа бөлейтін өзгеше суреттері, аң – құс, шың – құз, өзен – көлдердің бедерлі белгілері табиғи көріністермен жан – жүректі жадыратып, көңілді асқақтата түседі. Поэманың бастапқы бөлігіндегі көрініс – суреттер көңілді баурайды:
Ұлытау, бір көркем тау, көзді тартқан,
Зеңгірлі, зерлі – тасты меруерт таққан.
Түстікте ақ шағала отау тігіп,
Маңқиып солтүстікте сұлап жатқан.
Күлімдеп, күміс шыңы ұлпаланып,
Оранып қызыл гүлге шешек атқан.
Төбесін төңкере кеп сұлу аспан,
Күміс түс алтын нұрлы буын шашқан.
Бұл көрініс – суреттер қоршаған ортаның тұтас табиғаты мен болмысын айқын аңғартумен бірге сайын дала мен заңғар таудың, зеңгір аспан мен ақша бұлттардың, күміс шың мен айдын көлдің жарасым – үйлесімін, оның адамға әсер – ықпалын қанатты қиялдың, шабытты шақтың мол мүмкіндіктері негізінде нанымды ашады. Поэмадағы қоршаған орта, табиғат көріністерін өмір оқиғаларының жүйелі де шынайы өріс алуына, басты тұлға болмысын, бедерлі бейнелеуге елеулі үлес қосқанын айту абзал. Шығарма шуағын мазмұндық – идеялық ізденістер, көркемдік – эстетикалық сипаттар, сюжеттік желілер байытып, толықтыра түскенін байқау да қиын емес.
Сондай – ақ басты тұлға – Айсұлудың өмір тағдыры XX ғасыр басындағы әдебиеттегі – Ақбілек пен Күнекей (Ж.Аймауытұлы), Ғазиза мен Қарагөз (М.Әуезов), Жамал мен Балқия (М.Дулатов), Шолпан (М.Жұмабаев), Жәмилә мен Жаңыл (С.Торайғыров), Күлпәш пен Шұға (Б.Майлин) ұқсас та үндес.
Айсұлу бейнесінен – азаттыққа ұмтылыс, күрескерлік қасиеттер айқын байқала бермейді. Негізінен, «Айсұлу» поэмасы басты тұлғаның өмірін, тағдырын суреттеумен қатар, ел – жердің табиғаты мен тарихын, халық өмірі мен олардың азттық пен бостандық жолындағы іс - әркеттерін жан – жақты суреттейтін реалистік туынды. Баубек Бұлқышев сияқты аз жасап, көп мұра қалдырған нағыз жалынды патриот жазушының жарияланған, жарияланбаған шығармаларын, оның жазғандарына үн қосқан еліміздің жас патриоттарының хат, пікірлерін жеке кітап етіп шығару игілікті жұмыс болар еді. Баубек Бұлқышев очерк, хаттармен қоса бірнеше өлең, аудармалардың авторы. Атап айтатын болсақ, оның алғашқы олең – жырлары: «Ана қабірінің басында», «Ғашығым», «Пушкиннен қиялымда ұлялғаным», «Көсем сөзін тыңдаймыз», «Май көркі», «Правда анам», «Пионер , алға» (әні бар), «Оқушы жыры», «Ер жеткенде», «Батыр», «Орындалған арман», «Жауынгер», «Су сұлуы», «Алтын бұлақ»; 1940 – 1943 жылдар аралығында жазған өлеңдері «Досыма», «Балтық жағасында», «Жолаушы сыры», «Еврей қызы», «Жаңа дүние», «Өмір», «Мұқанға», «Жүріп келе жатырмын», «О, ерлер – ау, ерлер – ау!» , «Көз алдымда» ; Ұлы тұлғаларға арнап жазған «Пушкинге», «Абайға», «Жамбылға»; «Құтты қонақ» атты толғауы бар. Ал аудармаларына келер болсақ, В.В.Маяковскийден «Жолдас құстар, күттік сізді, сіздер үшін ұшпасқа не?», А.Бортодан «Лагерьде» деген өлеңдерін аударған. Асылы, Баубек Бұлқышевтың өмірі мен шығармашылығынан айқын аңғарылатын жайттардың бірі – адам факторына зор маңыз беріліп, ел – жерге сағыныш пен құрмет, өмірге құштарлық шексіз деуге әбден болады. Мұның өзі әдебиетші Р. Ыдырысов атап көрсеткендей: «Баубек өмірі – біздің аға буынның, аға ұрпақтың өмірі, бізге сәулетті өмір, бақытты дәуір орнатып берген күрескер әкелеріміздің, Павел Корчагиндер өмірінің жалғасы» –дейді.
Адамзатқа, Отанға қауіп төнген тұста Б.Бұлқышев жан – жүрегін жалау етіп, қалам қуаты арқылы адам қайратын, оның өмірге, еңбекке қабілет – мүмкіндіктерін, елдік пен ерлік ұлағатын, соғыс пен бейбітшілік сыр – сыйпаттарын кең көлемде ашты.
Өмірді, адамды аялау мен бағалау арқылы Отанға, елге – жерге деген сағыныш, сүйіспеншілігін әр алуан жанрда (мысалы, әңгіме, мақала, очерк, хат, т.б) жедел де өткір, шебер де шешен, шынайы сипатта суреттеді.
Б.Бұлқышев шығармашылығындағы басты тақырып: адам әлемі мен оның өмірі,елге – жерге сағынышы, Отан қорғау ісіндегі елдік пен ерлік мұраттары,ана мен балаға, дос пен бауырға қатысты сыр – сезімдері,жақын – жуық, туысқа құрметі мен мейірімі,достық пен махаббаттың мәңгілігінде болып табылады.Б.Бұлқышевтың әскери тақырыптағы туындылары, негізінен, орыс тілінде жазылып, олар – «Комсомольская правда» газетінде жарияланды.
Б.Бұлқышевтың шығармашылық мұрасының айрықша бөлігін эпистолярлық жанрдағы туындылары алатынын айту орынды. Бұл ретте, әсіресе майданнан жолдаған – хаттардың айтары да, танымдық – тағлымдық тұстары да мол.
СОӨЖ бақылау түрі – реферат
Достарыңызбен бөлісу: |