Ағымдық бақылау тапсырмалары (3 кредит 8 тапсырма)



бет1/5
Дата21.03.2020
өлшемі98,55 Kb.
#60628
  1   2   3   4   5
Байланысты:
5, тапсырма, тапсырма, тапсырма, 5, 5, Листовка для водителей, Конвенция ООН о правах ребенка, Конвенция ООН о правах ребенка
Ағымдық бақылау тапсырмалары

(3 кредит - 8 тапсырма)
ATTESTATION 1
Балалар ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің алтын қоры
Тапсырма:берілген сұрақтарға жауап беріңіз:

  1. Балалар әдебиетін оқыту әдістемесі –ғылыми пән

Мақсаты: Балалар әдебиеті туралы түсінік беру ,теориялық негіздері туралы мағлұмат беру. Балалар әдебиетінің тарихи қалыптасу, даму жолдарын меңгерту. Әдістемелік мұра және оны талдау әдістері туралы түсінік беру

Балалар әдебиеті жайында әңгіме қозғағанда, біздің есімізге ХХ ғасырдағы орыс әдебиеті дәстүрі түседі. Қазан төңкерісі жеңіске жеткен алғашқы күндерден бастап-ақ М.Горький балалар әдебиетін дамыту жөнінде пікір айтып, практикалық шараларды жүзеге асыра бастаған. Санкт-Петербургте балалар журналын ұйымдастырған, балаларға арналған сериялық кітапхана жасау керектігін айтып, бағдар сілтеген. Ойлап қарасақ, ұлы жазушының осы іс-әрекетінде көрегендік жатады екен. Өйткені, балалар әдебиеті – жалпы әдебиеттің дамуы үшін баспалдақ болады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым бола қойған жоқ. Оған қарап, қазақта балаларға арналған рухани қазына жасалмаған екен деп ойлауға болмайды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, халық әдебиеті, жыраулар поэзиясы – тұнып тұрған балалар әдебиеті. Қазақ балалар әдебиетінің түп атасы – Ыбырай Алтынсарин. Негізі ХІХ ғасырда қаланған балалар әдебиеті ХХ ғасырда С.Дөнентаев, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, Т.Жомартбаев шығармалары арқылы дамып, өрістеді. Жиырмасыншы жылдардың аяғында І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов секілді қаламгерлердің тікелей балалар әдебиетімен шұғылдануы, өздерімен бірге қаламдастарын тартып, көптеген мәселелерді ортаға салып, ойласып шешуі - әдебиеттің бұл саласына ерте назар салына бастағанын аңғартады.

М.Әуезовтің “Көксерек” философиялық әңгімесі, Ө.Тұрманжановтың “Құмырсқалар, аралар – қиыспас дос, құдалар” мысал-поэмасы, Б.Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” повесі қазақ балалар әдебиетінің табысына айналды. Қазақ ақын-жазушылары аталған шығармаларымен әлемдік балалар әдебиетінің образдық галлереясын жаңалады, жанрлық байлығын толықтырды дей аламыз.

С.Мұқанов, Ө.Тұрманжанов, С.Бегалин, С.Омаров секілді аға буын шығармаларынан ХХ ғасыр басындағы, сол жылдардағы балалар тағдырын табамыз. Бертінде Б.Соқпақбаев, С.Бақбергенов, Н.Серәлиев, О.Сәрсенбаев, М.Мағауин, М.Қаназов Отан соғысы жылдарындағы балалар өмірін бейнеледі. Әдебиетке жаңа буын келді. Олар әдебиеттегі кейіпкерді жаңалады. Әрбір жаңа буын өз өмірбаянын әкеледі әдебиетке. Демек, біз қазақ әдебиетінің жас буын шығармашылығымен таныссақ – жаңа буын өмірбаянымен табысуға, сырласуға тиісті екенбіз. Егер ол шығармалар балалар әдебиеті туындысы болса, міндет екі есе ауырлайды деген сөз. Өйткені, авторлардың бала шақта түйсінген өмір сыры, талғамы басқа, көркемөнер жөнінде байламы бөлек, ғылыми-техникалық прогресс қойнауында тіршілік кешіп отырған бүгінгі бала оқырманды шығарма ретінде сүйсіндіруі, түйсіндіруі, шарапатымен қозғауы керек қой.

Өкінішке қарай, қазақ балалар әдебиетіне деген ынта-ықылас кейін келе түрлі себептермен бәсеңдеді де, көкейкесті көп проблемаларын ортаға салып шешу үрдісінен жаңылып қалды. Балалар әдебиетінің ендігі халі жекелеген таланттар еркінде қалған еді. Сондықтан, қазақ балалар әдебиеті әдебиетке жігерлі, білімді таланттар келген сәттерде ғана ілгерілеп, көп ретте іркілумен келді. Солай дей тұрсақ та, қазақ балалар әдебиетінің өзіндік қызықты тағдыры, сан алуан проблемалары бар. Қазіргі қазақ балалар әдебиеті - орыс тіліне, орыс тілі арқылы әлем халықтары тіліне жүйелі аударылып, жұрт назарын жете аударып жатпағанымен, өз тілінде недәуір ілгеріліп өскен әдебиет.

Қазақ балалар әдебиеті – қазақ қоғамымен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан рухани іргелі сала. Жас балалар өздерінің алғашқы кішкентай ойындарынан бастап-ақ үлкен кісілердің істеріне еліктейді. Жас баланың ой-арманы асқақ келеді. Олар да ұшқыш болып аспанда шарықтасам, суда жүзсем, түрлі машиналар ойлап шығаратын ірі конструктор болсам, мұғалім, ғалым болсам, космонавтар қатарына қосылып, солардай жер жүзін таң-тамаша етсем деп қиялданады. Қалай да тез өсіп үлкендер қатарына қосылуды, даңқты адамдардың қатарында болуды аңсайды.

Жасөспірімді дұрыс бағытқа сілтеп, сол үшін ат салысатынның бірі - балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті - жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл дамытатын, оларды адамгершілікке тәрбиелейтін өмір оқулығы. Оның мақсаты - мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған жоғарғы идеялық қызықты шығармаларды беру. Осының барлығы жас буынды саналы өмір сүруге талпынтады. Оның келешегіне жол ашады, бағыт сілтейді. Өмірге жанасымды, икемді, төзімді күрескер етеді.

Жазушы М.Пришвин қаламынан шығып, кейін қанаттанып кеткен “Балалар әдебиеті – кішкентайлардың үлкен әдебиеті” деген пікірде көп мән-мағына бар. Табиғатпен іргесін ашпай, гармониялық бірлікте қалам тербеп өткен ойшыл айтып отырған “кішкентайлар”, тереңірек ой жіберіп қарасақ, адамзат болашағы болып шығады. Ендеше, балалар әдебиеті сол болашақ, келешекті тәрбиелейтін рухани үлкен күш қой.

Жете үңіліп қарағанда, бүгінгі балалар әдебиеті уақыт талабынан кенжелеп келе жатыр. Кенжеліктің ең басты себебі балалар әдебиетінің профессионалдық талабынан, өзіндік ерекшелігінен туындайды. Соның көбісі қазіргі бала табиғатының күрделілігінен туындап отыр. Әрине, бала табиғатының күрделілігі – ұлы Л.Толстойдан бері сан рет қайталанып, айтылып, жазылып келеді. Зерттеуші Акимованың пікірімен айтсақ: “бүгінгі бала табиғатының күрделілігі сонша – ол ғылым үшін жаңа пәнге, өнер үшін бұрын-соңды болып көрмеген материалға айналып отыр”. Бұл күрделілік уақыт күрделілігінен туындайды.

Ғалымдар зерттеуіне қарағанда, әр бір он жылдықта дүниеге келген сәби, бала психологиясы бір-бірінен көп алшақ жатады екен. Қазіргі таңда Халықаралық балалар әдебиетін зерттеу қоғамы(МОИДЛ) құрылу сыры да осында жатса керек. Міне, осындай сәтте, адамзат болашағы үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін еңбек ететін патриот болмаса, кімнің балалар жанын зерттеп, шығарма жазуға тәуекелі бара қойсын? Оның үстіне біздің балалар әдебиетіне назардың төмендігі, бар жұпарын балаларға арнайтын таланттардың еңбегі бағалана бермейтіні де әдебиеттің бұл саласының өркендеуіне кедергі болмай тұрмайды.


  1. Балалар әдебиетін оқыту әдістемесінің негізгі мәндет мақсаты, басқа пәндермен ықпалдастығы туралы жасаңыз.

СОӨЖ бақылау түрі – конспект
Балалар әдебиетінің жіктелуі, салаланып дамуы, сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан басталды. 1927 жылы “Өтірік” деген жинаққа жазған алғысөзінде І.Жансүгіров “Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады”- деп өтірік өлеңге бірінші рет анықтама береді. 1931 жылы жазған “Мен қалай жаздым?” мақаласында “Бізде балалар әдебиеті жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің бізде жасалуына көмектесу еді” – деген. М.Әуезов “Әр жылдар ойлары”, “Ертегілер” деген еңбектерінде “Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады” деп көрсетеді. С.Ерубаев “Балалар әдебиетін жасайық” деген мақаласында(1930) мектепте оқитын жүз мыңдаған оқушылардың балалар әдебиетіне шөліркеп отырғандығын айтады. Б.Бұлқышевтің Қазақстан Жазушыларының ІІ съезі қарсаңында жазылған “Балаларға жақсы кітаптар керек” мақаласында балалар әдебиетіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқандығы айтылады.

С.Ерубаев қазақ балалар әдебиеті жайында. Горькийдің 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басында жарыққа шыққан “Тағы да сауаттылық туралы”, “Балалар әдебиеті туралы”, “Балаларға -әдебиет”, “Тақырыптар туралы”, “Балалар кітаптары мен ойындары туралы жазбалар” мақалаларында да болашақ балалар жазушыларын тәрбиелеу мәселесі басты орынға қойылды. Саттар мақаласының нысанасы да осыған саяды: “… нақтылы міндеттемелер алыңыздар, балалар көркем әдебиетін жасауда өздеріңізді жауапты деп санаңыздар. Болайын деп отырған жазушылар съезінде мәселе көтеріңіздер. Өздерінің тілегендерінен қызғылықты, түсінікті кітап, әңгіме, өлеңдер жазып беріңдер, балалар өміріне жақын келіңдер. Балалар өмірінің өзгешелігімен танысыңыздар, балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер”. Ендеше, қандай тақырыпта жазылмасын, балалар шығармаларының басты кейіпкері баланың өзі болуға тиіс. Балалар әдебиетінің осынау басты ерекшелігін Саттар ақын-жазушыларға “…балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер” деу арқылы аңғартып өтеді. Сөйтіп, С.Ерубаевтың аталған мақаласынан балалар әдебиетін ересектер әдебиетінен дараландырып тұратын сипаттарға сол тұстағы қазақ қаламгерлерінің назарын аудармақ болған мақсатын байқағандаймыз.

Саттар хат иелері – кішкентай оқырмандар жөнінде былай дейді: “Бұл оқушылар – кітапқа, қызғылықты өмірге, күреске құмар оқушылар. Бұлардың бәрі де “қызғылықты кітап жоқ, ал болса аз” дейді” /273 б./. Бұл санамаланған қасиеттердің бала психологиясына тән екендігін және қызықты кітапқа деген зәруліктің қазақ балалар әдебиетінде әлі күнге орын алып отырғандығын ескерсек, Саттар ой-пікірі, ескертуінің сол кезең үшін ғана елеулі болып қоймай, қазір де үлкен мәнге ие екендігін айрықша атап айтамыз. “Лениншіл жас” газетінің 1934 жылғы 29 майда шыққан санында бұрынғы Әулиеата қаласының бір мектебі оқушыларының “Бізге көркем жазылған жақсы, қызық балалар кітабы мен ойын, өлең, әңгімелер керек” деген ашық хаты басылады. Саттардың жоғарыдағы “Осы уақытқа дейін біздің қазақ жазушылары балалармен сөйлесуді, өмірімен танысуды, балалардың пікірін білген емес. Бірақ қазақ пионерлері жазушылар бастамаса өздері бастады. Ендігі міндет – пионер қойған тілекті орындауда” деуі осы себепті.

Балалар хатына Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев және тағы басқа ақын-жазушылар жауап береді. Мұқтар Жанғалин екеуі бірігіп жазған орта мектептің 10 сыныбына арналған оқу құралында “…жас жазушылардың қатарынан көрнекті жазушылардың қатарына еркін қосылған талантты жазушы” атанған Ғ.Мүсіреповке де және тағы басқа қазақтың көрнекті ақын-жазушыларына да өзінің “қоғамдық борышым” деп есептеген талап-тілегін інілік ізетпен жеткізе білуін өжет жастың ерлігі деп бағалауға болады.

Б.Бұлқышевтің 30-жылдар аяғында Қазақстан жазушыларының ІІ съезі қарсаңында “Жазушылардың ішінде балалар әдебиетіне ептеп көңіл аударған Қалмақан еді. Ол да соңғы рет балаларға өмір бойы азық қылыңдар деп “Тәтті қауынын” тарту етті де, соңғы уақытта балалардан ол да қол үзіп кетті” дегеніндегі өкпе-назға ұқсас сезім Саттар емеуірінімен 30-жылдардың басында жазушылардың І съезі қарсаңында-ақ “Қалмақанның колхозға жетуі” болып жеткен дей аламыз. Бұл жерде жазушыларды балалар әдебиетін жасауға шақырған Саттардың өзі жас оқырмандарға арнап арнайы шығарма жазды ма деген сауал туады. “Өз сөзіне лайық Саттар Ерубаев (1914-1937) “Терек пен гүл” дейтін әңгіме мен “Мәңгілік өмір туралы” жас ұрпақтың еліктеуіне тұратын өлмейтін де өшпейтін, әрқашан айтып жүретін жыр жазып берді” – делінген 1976 жылы жарық көрген “Қазақ кеңес балалар әдебиеті” оқу құралында /3, 77 б./. 1972 жылы өз алдына жеке суретті кітапша болып шықса да, бұл жырды балаларға тікелей арналып жазылды дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Себебі, ересектер үшін жазылған шығармаларды да балалар оқуына ұсынуға болатынын өмірдің өзі дәлелдеді. Мәселен, Горькийдің өзі көзі тірісінде “Дауылпаз туралы жыр”, “Италия жайындағы ертегілер”, “Изергиль кемпір”, “Челкаш” және тағы басқа көптеген шығармаларын жас жеткіншектер назарына ұсынған болатын.

Саттардың балаларға арнайы шығарма жазбауының бір кілтипаны – кішкентайлар үшін шығарма жазудың қиындығын сезінуінде және бұл жауапты іске кірісуге өзінің даяр еместігін түйсінуінде деп топшылаймыз. “Ойлап, түпкі маңызына жете түсініп алмай, кешігіп қаламыз деп шалағай жазсақ, әрине, қарқын мен сапаны бір-біріне қарсы қойған боламыз. […] Құрылыстан қалмау үшін, құр қалмады деген атақ алам деп жылдам қосылу (бұл бәрібір қалғандық) жақсылыққа жеткізбейді, қарқынмен қабат мәселені жете түсініп, ойланып, маңызды қылып жазу керек” /1, 361 б./. Міне, осындай ойлардың иесі жас Саттардың еш дайындықсыз сыншыл да сезімтал, талғампаз қауым – балаларға шығарма жазуға міндеттеме алуы мүмкін де емес еді. Денсаулығының дімкәстігіне қарамастан “көркем шығарма жазумен қатар, әлеумет тіршілігінің бәріне араласып, пікірін айтып отырған” Саттардың көрнекті ақын-жазушы ағаларына сыпайы тілмен “балалар әдебиетін жасайық!” деуі олардың даярлығына кәміл сенгендігі деп ұққанымыз жөн.

Б.Бұлқышев балалар әдебиеті жайында. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі қарсаңында С.Ерубаев “Балалар әдебиетін жасайық” деген мақаласымен былай деп ұран тастаған еді: “Болайын деп отырған жазушылар съезінде мәселе көтеріңдер. Өздерінің тілегендерінен қызғылықты, түсінікті кітап, әңгіме, өлеңдер жазып беріңдер, балалар өміріне жақын келіңдер. Балалар өмірінің өзгешелігімен танысыңыздар, балалардың өз тілімен өз өмірлерінен де жазып беріңдер”/3, 375-б./. Баубек те Қазақстан жазушыларының ІІ съезі қарсаңында жазылған “Балаларға жақсы кітаптар керек” мақаласында балалар әдебиетіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келе жатқандығын айтады. Мақаладан Баубектің бала психологиясын жетік білетіндігі байқалады. Олардың әр нәрсеге әуестенгіш, әсерленгіш, жылт еткен құбылысқа ынтық көңілдерін тап басып көрсетеді. Балалар үшін үлкен тәрбие құралы – көркем әдебиет екендігін жұртшылық есіне салады. “Жазушылардың ішінде балалар әдебиетіне ептеп көңіл аударған Қалмақан еді. Ол да ең соңғы рет балаларға өмір бойы азық қылыңдар деп “Тәтті қауынын” тарту етті де, соңғы уақытта балалардан ол да қол үзіп кетті. Мүмкін, Қалмақан балаларға “Тәтті қауын” есейіп, ер жеткенше қорек етуге жетеді деп жүрген болар. Бірақ балалар бірнеше “Тәтті қауын” сияқты тәтті әдебиет жемістерін күтіп отыр. Қалмақанның мұнысына да рахмет. Басқа ақын-жазушылар “Тәтті қауын” түгіл балалардың әдебиет қорына бір уыс бүлдірген де қосқан жоқ” деп/1, 378-б./ жазады Б.Бұлқышев.

Баубек сынына іліккен Қ.Әбдіқадыров 1930 жылдары балаларға арнап екі кітапша шығарған болатын. Қалмақанның “Тәтті қауын” әңгімесі 1933 жылы жазылып, 1936 жылы осы атпен аталған әңгімелер жинағына енгізілді. Ал Баубектің мақаласы 1939 жылы “Октябрь балаларының” 29 мамыр, №40-шы нөмірінде жарияланды. Қалмақанның балаларға арналған шығармаларынан қалам қабілеті қарымын таныған Баубек оның үш жыл бойы үнсіз жатқандығына қынжылады. Дегенмен басқа жазушылармен салыстырғанда оның бүлдіршінге ұсынылған дүниелері бар екендігіне шүкіршілік етеді. Демек, Баубекті қынжылтатын жайт – сыншылар сынайтын балалар әдебиетінің жоқ екендігі. “…біздің ақын-жазушыларымыз балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалардың тілегіне сай жақсы, қызықты шығармалар бере алмай келеді”- дейді /1, 379-б./ Баубек. Әдебиетке, әсіресе балалар әдебиетіне қатысты жоқ-барды қанағат еткен дұрыс емес. Мәуелі ағаштан жылдан-жылға мол жеміс күту – қандай заңды болса, әдебиеттен де жақсы туынды талап ету сондай табиғи, қажетті, заңды.

“Балаларға жақсы кітаптар керек” деген мақаласы Қазқстан жазушыларының ІІ съезі қарсаңында жазылса, “Жазушылармен әңгіме” съезд өткен соң жазылды. 1939 жылы “Октябрь балалары” газетінің 12 шілде №50-ші нөмірінде жарық көрді. “…Қазақстан жазушыларының екінші съезі(1939) әдебиеттің рухани жүдеушілігі жағдайында өтті. Онда жаңа әдебиеттің табыстары сөз болмады”- дейді /2, 74-б./С.Қирабаев съезд жайында. “Октябрь балалары” газетінің ұжымы ұйымдастырған әңгімеге Қазақстан жазушылары ІІ съезінің делегаттары мен облыстардан келген ақын-жазушылар қатысады. А.Тоқмағамбетов, Ә.Әбішев, Ж.Тілеков, С.Машақов және тағы басқалары балалар әдебиетін жандандыруға қатысты өз ұсыныстарын айтады. Сөйтіп бұл жиында “Октябрь балалары” газетінің коллективі пионерлер мен мектеп оқушыларының тілегіне сәйкес көркем тілді, терең сюжетті әңгімелер, қызық поэмалар, ертегілер, сапта жүргенде әнге қосып айтатын жақсы өлеңдер жазуды ақын-жазушыларға ұсыныс етіп қойды.”/1, 385-б./. Бұның өзі Баубектің тікелей қатысуымен өткен шара, балалар әдебиетін дамытуға арналған игілікті істердің бірі еді.

Қазақ балалар әдебиетінің сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың 30-жылдарында басталса, Баубектің балалар әдебиеті мәселелеріне арнаған мақалалары сол тұстағы зерттеулер сапында балалар әдебиетінің даму ерекшелігінен қалың жұртшылықты хабардар етті. Сонымен Баубек ізденісі өткеннен бастау алған және өзге ел мәдениеті мен әдебиеті дәстүрінен үлгі алған сапада ғана емес, жаңашылдыққа бой алдырған сапада да жемісті болды.

Балалар әдебиеті жайында жазылған сын-мақалалар, әсіресе, Отан соғысы жылдарынан кейін кең қанат жайды. М.Ғабдуллин өзінің оқу құралында халық ауыз әдебиетінің кейбір жанрларында балалар фольклорына жататын мұралар барын атап өткен. Қазақ балалар әдебиетінің әр түрлі жанрлары жайында С.Қирабаевтың, Ә.Тәжібаевтың, А.Нұрқатовтың, С.Сейітовтің, Ә.Дербісәлиннің, С.Ордалиевтің, Б.Сахариевтің, Н.Ғабдуллиннің мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды. Аталмыш салада ойлы пікір айтқан ғалымдар мен қаламгерлер қатарын кейінірек Б.Ысқақов, Қ.Мырзаәлі, Ә.Табылдиев, З.Серікқалиев, Е.Елубаев, С.Қалиев, Қ.Ергөбек, Б.Сарбалаев, Б.Ыбырайым, Ә.Бөпежанова және т.б. құрады. 60-70 жылдар аралығында Ш.Ахметовтің қазақ кеңес балалар әдебиетін зерттеген еңбектері жарық көрді.

С.Қирабаевтың «Қазақ совет балалар әдебиетінің кейбір мәселелері»(Әдебиет және искусство. 1954. №2.), Ә.Тәжібаевтың «Жас ұрпаққа жақсы әдебиет әдебиет жасайық»(Жұлдыз, 1961. №6), А.Нұрқатовтың «Балаларға арналған шығармалар туралы»(Халық мұғалімі, 1954. №2), С.Сейітовтің «Ілияс Жансүгіровтің балаларға арналған шығармалары»(Қазақ тілі мен әдебиеті, 1958. №1), Ә.Дербісәлиннің «Қазақ балалар әдебиеті жайында бірер сөз»(Қазақ тілі мен әдебиеті, 1959. №2), С.Ордалиевтің «Балалар драматургиясының кейбір мәселелері»(Халық мұғалімі, 1954. №11), Б.Сахариевтің «Балалар әдебиетінің тәрбиелік мәні»(Халық мұғалімі, 1950.№7), Н.Ғабдуллиннің «Орынсыз сөз ойландырар болар»(Қазақ әдебиеті, 1960.) деп аталатын мақалалары баспасөз беттерінде жарияланды.

Ақын Қ.Мырзаәлінің «Сөз сиқыры» сын кітабы, К.Матыжанның қазақ балалар фольклоры, Б.Ыбырайымның қазақ балалар әдебиеті жайында жазған еңбегі, Қ.Ергөбек құрастырған және жазған «Мейірім шуағы», «Сөзстан», «Қазақ совет балалар әдебиеті», «Арыстар мен ағыстар»(1-том) кітаптарын айтуға болады. Бұл саладағы айтулы еңбектер санының саусақпен санарлықтай аз болуы қазақ балалар әдебиетінің зер сала зерттейтін мәселелері әлі де болса жетерлік екендігін байқатады.

Балалар әдебиеті жайында балалар ақыны Қ.Баянбай былай дейді: “Балалар әдебиеті барша әдебиеттің бастауы болуы керек. Балалар әдебиетіне қатынаспаған жазушылар жақсы дүниелер тудыруы мүмкін. Бірақ балалар әдебиетін парақтамаған жазушының бір кемшілігі сезіліп тұрады. Горькийдің балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек дейтін сөзі бар. Шынында әдебиеттің қайнар бастауы, әрі балаларды әдебиетке әкелетін шығармалардың сапасыз болуға хақысы жоқ”. “Балалар әдебиеті меніңше, барлық әдеби, мәдени ой-санамыздың қалыптасуына тұңғыш ықпал ететін бастау дер едім. Әдебиеттің бастауы фольклор десек, осы фольклордың негізі бесік жырынан басталады. Тақпақ, санамақ, өтірік өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш мұның бәрі үлкен әдебиетке жол салатын балалар әдебиетіне жатады.”- дейді Е.Өтетілеуұлы.


Task 2

Халық ауыз әдебиеті-балалар әдебиетінің бастауы
Тапсырма:

  1. Эпостық жырлардың ерекшелігін атап көрсетіңіз.

  2. Сюжеті мен композициясындағы ерекшеліктерін айқындаңыз.

  3. Ертегілердің тілінде, көркемдігіне талдау жасаңыз.

СОӨЖ бақылау түрі – конспект
Эпостық жырлар. Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі кезеңде кеңестік көркем өнерді жаңа идеялық творчестволық белестерге көтереміз, әлемге социалистік мәдениеттің артықшылығын танытамыз деген даурықпаның желі көтерілді. Қазақстн Коммунистік партиясының Орталық Комитеті 1947 жылы 21 ақпанда «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының саяси өрескел қателері туралы» қаулы алып, әдебиеттану саласында көрініс берген кейбір кемшіліктерді қатты сынға алды, мәдени-әдеби мұраны тапшылдық тұрғыдан зерттеу қажеттігін нығарлап көрсетті.

«Бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ әдебиеті мен тілі бойынша оқулықтардағы өрескел қателіктер туралы» 1951 жылғы 28 тамыздағы қаулы тағы да қазақ тарихын, әдебиетін жүдеушілікке ұшыратты. Осы талқандау процесі 1953 жылы ауыз әдебиетінің халықтығы деген проблемаға ұласып, өзінің шырқау биігіне жетті. Осының нәтижесінде қазақтың ауыз әдебиеті тарихының көп шығармалары ескішіл деп жарияланып, оларды оқуға тыйым салынды. Батырлар мен эпос кейіпкерлері шыққан тегіне қарай жіктелді. Қобыланды, Алпамыс – байдың балалары, байларды қорғаған батырлар, Төлеген – бай баласы, Қыз Жібек – хан қызы ретінде бағаланды. Қазақтың бай эпосынан кедейдің ішінен шыққан Қамбар батыр халықтық деп танылды. Үш жүзге тарта батырлар жырынан тек төрт-бесеуін ғана зерттеу нысанасына алынды.



Қазақ халық поэзиясының ең бір көркем, ең көлемді саласы - эпостық жырлар. Тақырыптық жағынан қазақ эпосы үлкен он салаға жіктеледі. Жанрлық жағынан эпостық мұраларымыз төмендегіше бөлінеді:көне эпос, батырлық эпос, лиро-эпос, тарихи жырлар. Қазақтың жалпы эпостық мұраларының жиналуы мен зерттелу тарихы бар. Бұған қатысты көл-көсір әдебиеттер жазылды. Қазақ батырлық жырларын жазып алуда Ш.Ш.Уәлиханов, Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.В.Васильев, И.Н.Березин, Ә.Диваев, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Ж.Көпеевтер айтарлықтай үлес қосты. Ғылыми тұрғыда зерттеу ісінде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов. С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.О.Әуезов, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, О.Нұрмағамбетов және т.б. құнды еңбектер қалдырды. Бүгінгі фольклортану ғылымында қазақ эпосына қатысты Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев т.б. жаңаша зерттеулерімен танылды.

Көне эпостың қалыптасуы ерте замандарды меңзейді. Ертегі, миф, аңыз желілері арқылы қалыптасып, шытырман оқиғаларға құрылатын және негізгі арқауы ерлікке жауап беретін жырларды көне эпос дейміз. Сюжеттің негізгі түзілісі батырдың ғажайып тууы, ерлкпен үйленіп, өліп-тірілуі және ақырында дию, пері, дәу, аждаһа, мыстан кемпір т.б. бәрін жеңіп мұратына жетуі жүйелі баяндалады. Мұнда көне дәуірге тән нанаым-сенімдерге кеңінен орын беріледі. Себебі жырдың туған дәуірі сол өткен өмірдің ісі мен тынысы екендігі анық. Бұған біздің «Құламерген – Жаямерген», «Мұңлық - Зарлық», «Дотан батыр» т.б. жырлар дәлел. Ертегі, миф, аңыз желілері арқылы қалыптасып, шытырман оқиғаларға құрылатын және негізгі арқауы ерлікке жауап беретін жырларды көне эпос дейміз. Сюжеттің негізгі түзілісі батырдың ғажайып тууы, ерлікпен үйленіп, өліп-тірілуі және ақырында дию, пері, дәу, аждаһа, мыстан кемпір т.б. бәрін жеңіп мұратына жетуі жүйелі баяндалады.

Лиро –эпос. Батырлық эпосты жинаушылар лиро-эпос мұраларын жарыққа шығаруға ат салысқан. Батырлық эпостағы негізгі тақырып – ерлік болса, лиро-эпос – махаббат, сүйіспеншілік мәселесін дәріптеуге құрылады. Қай жырдың айтары махаббат еркіндігі болып отырды. Эпикалық шығарма әдеп-ғұрып, салт-сананы барынша аша алуымен ерекшеленеді. Жырда таптық қайшылықтар қалыс қалмайды. Басты трагедияның өзі осыдан келіп шығады. Бұған сандаған ғасырлар белесінен сүрінбей өтіп, бізге жеткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман - Шолпан» жырлары жауып береді. Осымен қатар көшпелі тұрмыс-тіршілік арқылы ауысып, шығыс сюжетіне құрылған қазақ дастандары ертедегі шығыспен қаншалықты байланыстарымыздың болғандығын дәлелдей түседі. Бұның жарқын дәлелі ретінде «Бозжігіт», «Таһир - Зуһра», «Жүсіп-Зылиха», «Сейфулмәлік», «Иранғайып шаһ Ғаббас», «Шәкір-Шәкірат» т.б. эпикалық мұраларымызды атаймыз. Бұлардың жасалуында да көркем жағынан поэтикалық тіл өрнегі теңеу, эпитет, өлең құрылысы қазақ эпосының дәстүріне сай туғандығын көрсете алады

Тарихи жырлар. Тарихи жырлар қазақ хандығы дәуірінен бастап, одан кейінгі ел басына төнген қауып пен қактерді сап- сабымен баяндайды. Тәуелсіздік жолындағы күрестегі қаһармандардың ерлік ісін дәріптеу тарихи жырдағы өлең, тарихи аңыздар айырықша ықпал еткен. Батырлық жырларда эпосқа ертегі, мифтер араласса, тарихи жыр аңыз бен тарихи өлеңдерді бойына сіңіріп, шын мәнін де өмірде болған тарихи адамдардың ерлігін баян етеді. Тақырыптың жағынан тарихи жырлар былайша бөлінеді.1)Қазақ хандығының құрылып, оны нығайту жолындағы оқиғаларға қатысты туған тарихи жырлар.(Есім хан, Сәтбек батыр, Олғыам батыр, Әз тәуке т.б. 2)ХҮІІІ ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты туған жырлар: (Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Олжабай, Батыр баян, Өтеген, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Өтеген, Малайсары, Сырым т.б. 3)ХІХ ғасырдағы отарлауға қарсылықты білдіретін тарихи жырлар.(Исатай – Махамбет, Кенесары – Наурызбай, Ерназар – Бекет, Досан, Жанқожа, Ағыбай т.б. 4)1916 жылғыұлт-азаттық көтеріліске қатысты туған тарихи өлең, жырлар:(Аманкелді; Бекболат т.б.). Бұл тарихи жырлардың тақырыптық бөлінісі болса, жанрлық жағынан тарихи жырлар былайша жіктеледі.1) Тарихи жырлар (ХҮ – ХҮІІІ ғ.ғ.) 2)Реальды – тарихи эпос (ХІХ –ХХ ғ.б.).Тарихи жырлар батырлық эпос дәстүрінде жасалса да, сюжеттік жағынан көптеген ерекшеліктер бар. Бұл мәселе эпостың тіл көркемдігінен де көрінеді

Сонымен, жанрлық жағынан эпостық мұра көне эпос, батырлық эпос, лиро эпос, тарихи жырлар болып бөлінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет